Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Халықтың ұлына ұрыспау керек»...

04.05.2015 2978

«Халықтың ұлына ұрыспау керек»

«Халықтың ұлына ұрыспау керек» - adebiportal.kz


43-294x300.jpg«ТАМАШАНЫҢ» КІНДІК ӘКЕСІ»

Аталарыңмен Консерваторияда бірге оқыдық. Ол актерлікті, мен әншілікті бітірдік. Сол студент шағы-мызда отау құрдық. Алты жылдай баспанасыз жүрдік. Осекең Консерваторияны жақсы бағаға аяқтағанымен, актер болмады. Біраз жылдай Қазақ филармониясында Халық әртісі Жамал Омарованың концерттерінің жүргізушісі болды. Сосын біржола жазушылыққа бет бұрды. «Ара» журналында қызмет етті. Оны жолдастары «Тамашаның» кіндік атасы» деп атаушы еді. Алғашқы әзіл-сықақ театрының атын өзі қойды, себебі. Тұңғыш немересінің есімін де Тамаша деп өзі қойған.


«КҮЛУДЕН БАСҚА УАЙЫМЫ ЖОҚ ЕДІ»


Құдайға шүкір, үш перзент сүйдік. Өкініштісі, тұңғыш ұлымыз Азамат қырыққа жетпей өмірден өтті. Тамаша – осы тұңғышымыздың жалғыз қызы. Қазір балалы-шағалы. Мұхтар мен Бедел есімді ұлдарымыз да өз алдына шаңырақ көтерді. Осекеңмен отыз жылға жуық отасыппын. Күлуден басқа уайымы жоқ жан еді, жарықтық! Қолы қалт етсе, туған жері – Үшбұлаққа, (Алматы облысы, Жамбыл ауданы – Қ.Д.) Жамбыл жәкем ауылына қарай тартып кететін. Қазір Дегерес ауылында Оспанхан Әубәкіров атындағы мектеп бар.


«ЕШКІМГЕ РЕНЖІМЕҢДЕР, ЕШКІМДІ РЕНЖІТПЕҢДЕР»


Жерлестері өзіне сыйға берген көлікті «баласы көп, жағдайы нашарлау екен» деп, жаңа таныс шопырға беріп кеткенін «ұландық» балалар оқыған шығар. Ол шопыр жігіт аталарыңа дән риза болып, бір баласының есімін «Оспанхан» қойыпты. Иә, аталарың сондай қолы ашық азамат еді. Мәрт еді. Алматыға келген талай ақын-жазушылар жұмысы біткенше, біздің үйде жататын. Тіпті, талай мәрте пойызда жолшыбай танысқан адамдарды үйге ертіп әкелген. «Алматыда жұмыстары бар екен, біздің үйде тұра тұрсын» дейтін. Ешкімнің көңілін қайтарып, кеудесінен қақпайтын. Үнемі айналасына күлкі сыйлап, өзі де күліп жүретін. «Ешкімге ренжіме, ешкімді ренжітпе» дейтін сөзі бар еді. Сендер де сондай жайсаң азамат болыңдар, балаларым.


«ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫНА ҰРЫСПАУ КЕРЕК»


Жас отбасымыз ғой, ол кезде басы артық ақша қайдан болсын. Сонда да жұрт қатарлы киініп жүргіміз келеді, әрине. Осекеңнің Лаура есімді қарындасы дүкенде істейтін. Осекең сол қарындасына: «Сені төрт жыл оқытқан еңбегім бар ғой, енді ағаңа бір қыстық пальто алып бермейсің бе?», − деп базынасын айтты. Обалы не керек, қарындасы көп күттірмей әдемі атлас пальто алып берді. Аталарың балаша мәз боп, қуанып қалды. Содан бір күні өңшең ақын-жазушылар бір мейрамханаға банкетке кеткен. Бір кезде аталарың үйге костюмшең келіп тұр. «Бәрінің киімі тұр, менікін жаман пальтомен алмастырып кетіпті» дейді ақталып. Киім ілетін жердегі қарауыл да «ештеңе білмеймін» депті. «Қарындасың көзге көрінетін бір жақсы дүние кигізіп еді, оны да жоқ қылдың» деп ұрсып жүрмін. Ренішімді естігісі келмей, жуынатын бөлмеге кіріп алып, суды барынша сарқыратып ағызып қойып, «құтылды». Содан Лаураға қайта хабарласып: «Мына ағаңның енді киерге тоны жоқ, тіпті жұмысқа шыға алмай отыр. Бір жақсы дүние түссе, алып қойшы?» − дедік. Ол: «Шопандарға арналған әдемі қара тон түсті. Қымбаттау, менде ондай ақша болмай тұр», − деді. Барымызды жиып-теріп, бір қыста екінші рет тон алдық. Арада біраз күн өткен соң, жолдастарымен моншаға жиналды. «Моншаға ескі пальтоңды-ақ киіп бара салшы» деп едім, тыңдамады. Кешке Осекең өткендегідей тағы да сырт киімсіз келіп тұр. Басқаның емес, тағы да оның әдемі қара тонын іліп кетіпті бәзбіреулер. Мен ренжіп, ұрса бастап едім: «Мен – халықтың баласымын, маған ұрыса берме!» − дегені.


«ШЫҒАРМАЛАРЫН ТАҢДА ЖАЗАТЫН»


Ақын-жазушының жары болу оңай емес. Аталарыңның бар еркелік мінезін көтеруге тырыстым. Халқына еңбек етіп жүрген азамат ретінде бағаладым. Әлі күнге әр шығармасын көзімнің қарашығындай сақтап келем. Аз ұйықтап, көп еңбектенетін. Қайран, Осекең, әр шығармасын рахаттана күліп отырып жазушы еді… Бір қызығы, таңғы уақытта жазатын. Сиясы кеппеген туындысын жаза сала, ең алдымен маған оқып беретін. Ұйқылы-ояу тыңдаймын. Әрбір шығармасының алғашқы тыңдаушысы да, сыншысы да өзім болдым.


ҚАМШЫНЫҢ ОРЫСШАСЫ


Үшбұлақ ауылында бастауыш мектепті бітірген соң, он шақырымдай жердегі Қарақастекте онжылдықтыжаяу барып оқыпты. Ұзақ жолда балалар әңгіме айтып, ойнап барады ғой. Бір күні жанындағы досы: «Оспанхан, сенің орысшаң бізден гөрі тәуір ғой. Осы қамшының орысшасы қалай болады?», − деп сұрапты. Сөйтсе, Осекең «Атти-и-н жанин шыгаргыш» депті.


«БІР НЕМЕРЕМ САТИРА ЖАЗЫП ЖҮР»


Ата-енеміз сөзге шешен жандар еді. Енеміз ауыл-аймаққа айтыскер ақын ретінде танылған екен. Атамыз қарапайым малшы болғанымен, ән-күйге біртабан жақын болды. Өз ортасында беделді қария болды. Олардан туған Осекең қайдан жаман болсын.  Ұлдарымыздың ешқайсысы әке жолын қумады. Көбіне техникалық кәсіптің иелері. Бәлкім, немерелеріміздің біреуі атасына тартып, қаламгер болар. Ортаншы ұлымыздың баласы Тұрсынәлінің аздап жазуға ебі бар. Атасы сияқты сатираға үйір. Бірақ, техникалық оқуды бітірді. Орысша жазады. 4-сыныпқа дейін өз қолымда тәрбиелеп, қазақ мектебінде оқытып едім. Одан кейін әке-шешесінің қолына ауысып, орыс мектебін бітірді. Ал қолымдағы кенжемнің балаларын қазақ мектебінде оқытып, қазақ балабақшасына бердім.


ОСАҒАҢНЫҢ ӨСИЕТІ


Осекең елу екі жасында көз жұмды. Ауыр дертке шалдыққанын кештеу біліппіз. Өзі де білдіртпеді. Емханада бір күн жатпай, шығып алды. Жазылмасын сезді ме екен?.. Соңғы сәті есімде. Балаларының бәрін шақырып алып, беттерінен сүйді. «Ақтық сағатым екенін сезіп жатырмын. Аяқ-қолым суып барады. Бәріңнен кешірім сұраймын. Нұрсұлу, осы бала-шағаға өзің ие бол. Шығармаларыма да өзің ие бол. Әсіресе, Беделіме бас-көз бол. Әлі жас бала ғой», − деп бетін құбылаға бұрды. Міне, содан бері 27 жыл өтіпті. Сол кездегі 13 жасар Бедел де ер жетіп, әке болды. Немере-шөбере де сүйіп отырмын. Мына кішкентайлар аталарын көрмеді ғой. Осекең тек тұңғыш немересі Тамашаны көріп кетті. Балажан еді-ау өзі!.. Осағаңның өзі айтқан естеліктерінен…


БІР МҰҢЛЫҒЫМ


Балалар, сендер маған күлмеңдер. Аталарыңның кішкентай «мұңлығы» бар. Балалық шағым соғыстың тұсына қабат келді. Көп ұйықтай алмадым, көп ойнай алмадым. Қаршадай басыммен үлкен адамдардың жұмысын істедім, шалғы ұстадым, шөп шаптым, масақ тердім. «Қағаз қалпақ» атты шығармам − соның бір куәлігі.


НЕГЕ АКТЕР БОЛМАДЫМ?


«Консерваторияда оқығаным рас. Оған куә – ақын Жұмекен Нәжімеденов, жазушы Сайын Мұратбеков, композитор Шәмші Қалдаяқов, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов. Осылардың бәрі менімен бірге оқыған. «Кино және драма актері»деген қарағайдай дипломым бар, бірақ әртіс бола алмадым. Әртіске керегі бой екен, бойым болды. Ой екен, ойым болды. Ажар, көрік, шырай екен, онысы да болды. Сөйлеген сөз мірдің оғындай болу керек екен… Мұғалімдерім де байқамапты, өзім де байқамаппын, бұ не болды деп қарасақ, мен сөзімді адам түсінбейтін быдық екенмін. Төрт жыл оқыған оқу зая кетті де, мен сол быдық қалпымда қалып қойдым. Дипломдық спектакльде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасындағы Жантықты ойнап едім, көрген достар «қатырдың» дейді. Меніңше, сол Жантық мені қатырып кеткен шығар…».


БАЛАЛАРҒА КЕҢЕСІ


2-300x272 (1).jpg

Оспанхан аталарың көзі тірісінде кішкентай балаларға үнемі былай деп кеңес беретін болған екен, сендер де құлақ асып жүріңдер:


1. Бала көп сөйлемей, көп тыңдау керек;

2. Тілалғыш болу керек;

3. Көп ұйықтамау керек;

4. Қантты көп жемеу керек.


– Ол кітаптарды қайтесің, шашпа, тиме! – дейді әжесі төрт жасар немересіне.

– Атамның кітабы! Оқимын! – деп, бір кітапты қолына тас қып ұстаған Ілияс келесі бөлмеге қаша жөнелді. Қалың кітаптың ішінен дәл атасының кітабын тауып алғанын айтсаңшы! Әжесі кішкентай тентегі кітаптарды жыртып қоя ма дейді ғой. Ал мен балабақша жасындағы Ілиястың «Ол – менің атамның кітабы» деген сөздеріне қуанып қалдым. Төрдегі атасының суретін балақай мақтанышпен көрсетеді. «Менің атам» дейді жымиып. Мүмкін, осы сәби атасынан өте туған бала болар ма екен?! Ілиястың сегіз жасар ағасы Абдуләзиз болса, атасының шығармаларын жатқа оқиды. Өзі салмақты бала екен. Нұрсұлу апамыз үйден шығарып салып тұрып: «Аталарың бүгін орнынан бір аунап түскен шығар, айналайын. Оспанхан атаңдай сөзге шешен бол, қызым!», − деп батасын беріп, маңдайымнан сүйді. Ал мен Осағаңның ошағының оты ешқашан сөнбеуін тіледім.


БАТЫР БАЛА


(Поэмадан үзінді)


Біздің бейбас Мәдиді,

Бүкіл ауыл таниды.

Ондай сотқар таппайсың,

Қыдырсаң да бар үйді.

Төбеті бар қабаған,

(Талай итті талаған).

Қарсы келсе кісіні,

Алады кеп жағадан.

Оның аты Майтабан,

Танадай деп айта алам.

Бірталай ит көрдік қой,

Мұндайды кім байқаған.

Қасқырменен қағысқан,

Жолбарыспен алысқан.

Майтабаннан әуелі,

Таяқ жейді арыстан.

Мәди мен бұл бір өскен,

Белдесіп те күрескен.

«Итжығыс» боп екеуі

Талай-талай тірескен.

Мәди де өжет тас табан

Қулығы асқан басқадан.

Майтабанды сан рет,

Жатаберіс тастаған.

Кейде Мәди төбетін

Жайдақ мініп көретін.

Атша желіп Майтабан,

Бұған-дағы көнетін.

Салпылдап қос құлағы

Өзі сондай қырағы.

Қысқасы, бұл Майтабан

Бүкіл жұртқа ұнады.

Мың тоғыз жүз қырық бір

Азан айтып ұлып тұр.

Менің бейбіт елімнің,

Төбе шашын жұлып тұр.

Бәле шықты батыстан,

Аяқ асты қапыстан,

Бір-бірімен адамдар

Жаман-ақ қой атысқан.

Алды бірдің әкесін,

Алды бірдің шешесін.

«Шырқыратты сәбиді

«Соғыс» дейтін зат есім.

Мәди үйде жас қалды

Хасірет күн басталды.

Жастайынан жаншылып,

Жанарынан жас тамды.

Жетім, жесір бар ауыл,

Неткен үлкен шара бұл?!

Тоқсандағы кемік шал

Комбайнға қарауыл.

Төбемізден оқ қарғып,

Қалды еркелік, сотқарлық.

Кек қайнатты сұм соғыс

Әкемізді көкпар қып.

Бұғанасы қатпаған

Өмір дәмін татпаған.

Жұмыскері колхоздың

Кілең бала қаптаған.

Мәди де жүр қатарда

Меншігінде ат арба.

Қайтады үйге қалжырап,

Кеш түсіп, күн батарда.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар