Ең алғаш рет, ол кезде Әбіш Кекілбайұлының нұрлы дидары ортамызда еді, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне әңгімесін жазып алу үшін барғанда осы ой келген. Нұрпейісов замандастары туралы ұзақ, қызықты естеліктер айтқан. Соның арасында Арал теңізіндегі теңіз деңгейінен жоғары, кірер аузы тар бір түбекті Әбілқайыр хан бір қыс паналағанын айтты. «Не үшін ол жерде қыстағанын мен білмеймін. Оны Әбіш біледі», деді. Ал кеп ынтызарым оянсын. Егерде Әбіш ақсақалмен жолықсам, осындай деп айтып еді, сол не оқиға десем, күллі тарихты көтеріп әкеліп, алдыңа қоя салатынына, көзбен көргендей, сол ортада жүргендей, әлгі ордаға кіргендей баяндайтынына қылдай шүбәм болған емес. Бар тілегім, жазушыны көру болды. Кейін Кекілбайұлы 75 жасқа толғанда, жазушылық жолын шола өткен бір кішкентай мақала жаздық. Арада он шақты күн өткенде бас редакторым – Жұмабай Шаштайұлы шақырып, телефонын берді. Арғы жақта – Әбіш аға. Ризашылығын білдірді, жас талаптың бетін қайтармайын деді ме, ешқандай ескертпе айтқан жоқ. «Өзіңізді бір көрсек деген арманымыз бар» деп ем, «Алматыға барам, сонда өзім бір хабарын айтамын» деді. Қуандық. Арадағы әңгімеміз жарасу үшін Әбілқайыр ханның оқиғасын сұрасақ, жетіп жатыр деп ойладық. Бірақ тағдырымызға ол жүздесу жазылмапты. Арада екі ай өткенде кемеңгер жазушы дүниеден озды. Бізге алдағы талай ғасырға сапар шегетін ақыл ескерткіштері – кітаптары қалды. Енді өзімен әңгімелескендей болып, сол ескерткіштерін парақтаймыз. Декарттың сөзі шындыққа айналды.
* * *
«Адамзаттың ең ұлы жаңалығы – жазу» депті Әбіш. Осы жазу болмаса, біз онымен мәңгі «әңгімелеспей» кетер едік. Бірақ осы жазу біреуге – бақыт, біреуге – сор. Жаңалықты ашуын ашып алып, әбден ит сілікпесін де шығардық. Не соншалықты қатырып та жазбаймыз. Ал Әбіш Кекілбайұлы қалай жазды! Жазу адамзаттың жаңалығы болса, Әбіштің жазуы – әдебиетіміздің жаңалығы. Әдебиетіміз не, әлем әдебиетінің. Әріптес ағам Талғат Батырхан: «Әлем әдебиетінің Әбіші» деген тақырып тауып-ақ берді. Ең бірінші ойыма келгені, несін жасырайын, тым жаттанды, көп айтылатын тақырып боп көрінді. Артынан «Неге қазақ әдебиетінің нары, қазақ әдебиетінің Әбіші дей береміз. Ол әлемнің жазушысы. Алдымен солай жазып алайық» дегенде тым үлкен жүк артып тұрғанын түсіндім. Егер мақалаға ондай тақырып қойсам, ол тақырыпты ашып жазуым екіталай. Жазған күннің өзінде екі апта емес, екі айдың өзі едәуір аздық етер еді. Әбіштің жазуы жаңалық болатыны – ол жазу стилімен ғана емес, тақырыбымен де өзгеше боп келді. Аңыз-әфсаналарды бүгінгі реалистік өмірмен астастырып, оның ара жігін аса білдірмейтін баяндау әдісін тапты. «Ханша дария хикаясы» арқылы әрбір зордың түбіне өз әлсіздігі жететінін бізге мессеж ретінде жолдады. Ал оны түсініп, түсінбеу өз еркіңіз. «Аңыздың ақыры» романы арқылы биліктегі адамның психологиясын суреттеді. Кешегі билік, бүгінгі билік – түк айырмашылығы жоқ. Сол тартыс, сол тақ, сол бақ, сол сор. Тіпті сол күдікшіл көңіл. Уақыт пен кеңістік ауысса да, психология түк өзгермек емес. Хронотоп әшейін фон есебінде. Шыңғыс Айтматов «Аңыздың ақыры» жайында: «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап – ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше, бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен» депті. Арттырғанда қандай! Бұл романның жазылуына Ілиястың «Күйші» поэмасы түрткі болған деген гипотезамызды бұрынырақ жазған едік. Оны қайталаудың, тіпті керегі жоқ. Ал «Аңыздың ақыры» – түрімен де, мазмұнымен де төтенше қасиетке ие айырықша құбылыс. Адам жаны сол әуелгі қалпында. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, кеңдік пен кемдік, соғыс пен бейбіт күн, тойымсыздық пен қанағат, рақымсыздық пен мейірім, сатқындық пен адалдық. Таусылмайтын және о бастан бар тақырыптар. Әбіш қаламы осының қай-қайсын да жазды.
Оның портреттік, сыни, теориялық мақалалары өз алдына сала-құлаш еңбек. «Әдебиеттанудың қысқаша энциклопедиясы» деген мақаласы мақала емес, ауқымды монографияның тақырыбы. Ондағы стиль туралы пайымдары жазушының емес, теоретиктің тұжырымдары. Ал Әбіштің қаламы қазақша сөйлеткен Шекспир, Толстой, Моппасан, Бунин, Чехов, Гоцци, Ибсен шығармалары қазақ тіліндегі әлем әдебиетінің ең жатық аударылған үлгілері боп қалды. Былай қарасаңыз, Әбіш Кекілбайұлы қай тақырыпқа қалам сілтесе де, қай қырға шықса да бәрі жарқырап, жайқалып шыға келеді. Оның қаламы ертегідегі сиқырлы таяқ сияқты. Тиген жері гүлденіп, өңі ашыла түседі.
Бір кездері қазақ әдебиетінің сол уақыттағы ақсақалы Әбу Сәрсенбаев жас қаламгерге: «Әбішім менің, ардақтым менің, әдебиеттің балапаны санасақ та, қырандарына қияны меңзер дарынды төреші екендігіңді таныттың. Кеудеңді керней бастаған балаң бұлақтың тасқынға айналуына сенемін. Тасқындай бер. Өрлей бер» деп тілек білдіріпті. Сол кеудесіндегі бұлағы тасқынға айналып, одан мұхитқа ұласып кете барған жоқ па?!
* * *
Келер жылы Әбіш Кекілбайұлының туғанына сексен жыл толады. Ал біз үшін о кісі баяғыда сексенге толған, тіпті жүзден асқан жазушы сияқты. Неге? Оның себебі бар дүниесін, негізгі еңбектерін қырық жасына дейін жазып тастағандығында шығар. Сонау жетпісінші жылдардың ішінде-ақ Әбіш үлкен жазушы болып әдебиетімізге енді. Және сол қалпында қалды. Одан кейінгі жастардың бәрі сол кезеңдегі үлкен (бәлкім жасында солай ойлаған шығар) жазушы деп қабылдады. Ал бүгінгі қырыққа келген жазушы ағаларымызға қарап ойланып қаласың...
* * *
Жазушыны бір көруге іңкәр болған жүректің аңсары Әбіш Кекілбайұлы дүниеден озғанда да басылмаған. Ынтықтық, қойдық. Енді бұл жалғанда кездесе алмайтыныңды сезінген сайын көңілді ауыр мұң басқан. Өмір жолында бір сәт жылы алақанын ұстап, қауышқан, дидарласқан жандардың бақыттан басы айналып жүргендей-ақ көрінетін. Әлде Әбішті көру бақытқа баланушы ма еді? Қалай болғанда да менің санамда жазушы Кекілбайұлы құшағы кең, сөзі жұмсақ, мейрімі көл-көсір, тарихты айтса қиянға, әдебиетті айтса тереңге кететін сөз мұхиты болып елестейтін. Былтыр Әбіш Кекілбайұлын емес, оның қарашаңырағын, кітаптарын көру үшін қастерлі табалдырығын аттадық. Қаламгердің өзі айтқандай оқушы кездерінде-ақ ықыласты, ыстық сезімдерімен табысқан Клара апамыз қарсы алды. Кімдерді күтпеген, кімдерді қарсы алмаған аяулы жан бұл?! Әбіш өз қатарынан бұрын үйлі болғанда, бүкіл жора-жолдастары осы апамыздың дастарқанынан дәм татып, осы үйдің төрінде айран-асыр болып жатады екен. Дәурен өтіпті. Бұл күнде бәрі қартайып, қатары сиреген буын еліміздің әр тарабында оқшау-оқшау естелік айтатын үйге айналыпты. Енді міне, жарты ғасыр өткен уақытта да сөзге, әдебиетке қызығып жүрген немереге татитын жастарды Клара апамыз тап сол замандастарын күткендей құрақ ұшады. Ортаңғы үлкен бөлменің үш қабырғасын ала орналасқан кітап сөресінде әлемнің жауһарлары рет-ретімен, тақырыбымен, жанрымен жайғасыпты. Дүние ісіне, үй тіршілігіне өмірі араласпаған Әбіш бұл жолы кітаптарды өзі реттепті. Тарих, әдебиет, мәдениет, сөз өнері теориясына қатысты еңбектер ұшан-теңіз. Бірін танып, бірін мүлде танымаған қалпы үңілеміз. Жазушының өз еңбектері, әлем тілдерінде жарық көрген кітаптары жеке тұр. «Оқымай қалған кітабы жоқ» дейді апамыз таныстырып жатып. Біз шүбәсіз сеніп, бас изейміз. Осындай бір толқудан ажырай алмаған күйі үйден шыққанбыз. Қабырғадағы Шерқаланың суреті көз алдымыздан кетер емес. Бір кездері Әбіш туып-өскен жерге, маңдайын тосқан желге, алақанына салған елге барып сәлем беру біздің ендігі парызымыздай көңілімізді бүркеп тұр.
* * *
Жұмекеннің Әбішке арнаған өлеңінде жалғыздардан құралған флотпыз дейтіні бар еді. Әкеден – екеуі де жалғыз. Бірақ жалғыз бола тұра, сөз айдынында әдебиетімізді алға сүйреген екеуі де желкен болды. Осы жалғыз тек сөз емес, ұғымға айналған. Семантикалық өрісі де кең. Енді Әбіш жүрген жолды басқа ешкім қайталамайды. Әркім өзінше із салады. Бәлкім, содан кейін де ол – жалғыз. «Желкен – жалғыз, аспан – жалғыз, сен – жалғыз...»
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.