Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Заман Төлеуов: Жып-жылы жұмыртқалар...

16.02.2016 2251

Заман Төлеуов: Жып-жылы жұмыртқалар

Заман Төлеуов: Жып-жылы жұмыртқалар - adebiportal.kz



заман төлеуов.jpg

Мелдібек қайтар уақытынан бір жеті кеш оралды. Ол учаскелік ауруханада тіс дәрігері болып істейді. Екі-үш қара домалағы бар. Ел арасында азды-көпті абырой-беделдері де жоқ емес. Тегі, әркімнің ниет-қалауына сай жолдас-жоралары да қалыптасады ғой. Ит пен мысық жуыспаса, бұлар да ақылы мен өзіндік мінезі бар илеуге келмейтін кісілерден аулақтау жүреді. Содан барып төріне ешкімді отырғызбасада өздері отыратын төрлері бар, ауыздарына қарап суы құритын араластары бар отбасы. Әйелінің есімі Додагүл. Кішкене кезінде торғайдың жұмыртқасын көп жарған сыңайлы - бет-аузы тарының қауызын жапсырғандай бітік секпіл. Сөзге келгенде ешкімге дес бермейді. Бәрін біледі. Қазақтың небір салт-дәстүрін олай да былай деп қалғанда алпыстан асқан апа-атаңның аузы аңқайып қалады. Тіл-жағына ғана сүйенген емес, үйінің шаруасын шыр айналдырып, еркекті атша мініп, көп әйел затына өнеге көрсетіп отырған - пысық әйел.


Сонымен жаздың қайнаған ыстық бір күні Мелдібек те оралды. Ол малшы отарларын аралап қайтуға жайлау үстіне кеткен-ді. Кеңес кезінде еңбек адамының денсаулығы қатты қаперде ұсталды. Балаларына епке жасап, тегін дәрі-дәрмектерін үлестіріп, тағы да басқа алдын алу шараларын жасау қарастырылатын. Ал Мелдібек тегін дәрілермен қатар екі-үш литрлік құтыға 96.3% spiritus vini-ді жанына басып ала кеткен еді.


Додагүл күйеуі жоқта бала-шағаның құрттаған тістерін өзі жұлып тастай салатын өнері бар еді. Кейде Мелдібектен гөрі осы Додагүлдің қолы жеңіл дейді кейбіреулер. Бір жаманы: сиыр сауып отырса да жапа жауып жатса да қолын етегіне сүрте салып: «Менің қолым емес – Бибәтима пірімнің қолы, біссіміллә!» деп әмісе жан қалтасына салып жүретін қысқашты ауызға бір-ақ салады. «Қанаған жерге топырақ басып жазылған қазақпыз.» деп асептика-антисептикаға да аса мән бере бермейді. Қан қақсатқан пәледен құтылған жұртқа одан артық не керек... Додагүлдің «таксасы» бір тауық. Екі жүзден астам тауық жинап алған. Келген тауықтың қанатын қиып, торға жіберген кезде оны көзі қанталған қызыл әтеш тұра қуады...


Мелдібек «Жамантастан» бастап, соноу Алақарлының етегіне дейін созыла қоныстанған малшыларды түгел адақтап шықты. Мелдібек ала кеткен спиртін жүз грамнан үлестіріп, орнына бір-бір сыбаға алып отырған. Таза спирт. Қырық ауруға ем. Тамшылап қана ішу керек. Өзінің көңіл жарасымды шопандары мал сойып, бас тартты. Суқаны жылы еместерден құр шәй ішті. Қысқасы екі-үш күннің шаруасын он шақты күнге созып, екі иығында екі қоржын, арқасында ала қап, қос қолында жек-жеке түйіншекпен елге жетті. Ауылға осылай артынып-тартынып кіре берген оның ұсқынын байқаған ұсақ балалар: «Аю келе жатыр!» деп үйді-үйіне қашады. Жайлаудан әкелген автокөлік оны үйіне жеткізіп салмай, әдейі ауылдың шетіне тастап кетіпті. Сірә, жолай екеуі сөзге келісіп қалса керек. Шопыр одан бірдеме дәм етіп, сұраған сыңайлы. Осынша базарлықпен жеткенде Додагүл бір шәугім шәй беретін шығар, сосын дастарханның көркі деп тағысын тағы... Бірақ Додагүл жарты тауықтың етімен топ қонақты атқара салатынын ол шопыр қайдан білсін. Бір жолы осы Мелдібектің тұстастары әлдебір мерекені сылтау етіп, бұл қатын алғанда ғана бір дәм татқандарын бетіне басып, зорлықпен бара қалады. Қазан көтеріп тамақ асады. Сөйтіп жарты тауықтың етіне жеті жігіт жемей тойып қайтқан-ды. Тіпті, табақтың мұрты бұзылмапты. Опырып жеуге бір-бірінен қымсынып, шетінен ғана шұқылапты. Басталған шөлмекті де түгеспепті...


Үстінде қалың киім. Төбеден қырық градус қайнаған ыстық. Он қадам жүріп, алқынып дем қайтарады. Үйі құрғыры ауылдың екінші басына шығып кеткені де қанын қарайтты. Көшедегі ел-жұрт бұған қайран қалыса қарайды. Сірә, адам көрмегендей. Көбісі «бұ кім?» деп таңырқайды. Танығандары «бетім-ай!» деп теріс айналып жатыр. Мелдібек ештеңеден қымсынар емес. Оның бар арманы - үйіне аман-есен жетіп, үстіндегі мыналардан құтылып, тұншықтырып бара жатқан қалың қиімдерді түймесін сөге-мөге лақтыру ғана.


Додагүл күйеуінің әкелген сарқыттарын ортаңғы кең бөлмеге клеенка дастархан жайып, үстіне қатар-қатар тізе бастады. Сыбағалық жіліктер де бар екен.


- Етін сылып алмай, саудыратып сүйегімен арқалап келгенің не?!» деп күйеуіне бырқылдап қояды. Қабырға, омыртқа сияқты кәдесіз сүйектерді бөлек жиып: - Саған көже-қатыққа, мен келгенше бәрін асып жеп қойма! - деді.


- Қайда жиналдың?


- Е, немене? Мынаның бәрін сасытып алмай тұрғанда бір төркіндеп келмеймін бе! Қыздарын сағынған шығар... Балалар да нағашыларына сәлем беріп келсін.


Мелдібек ләм деген жоқ. Додагүл айтты заң. Расында кейбір түйіншектен мүңкіген иіс те шыға бастапты. Он шақты күн арқалады ғой. Келесі қонған үйіне барып, жеке сөреге жайған сияқты еді, бәрібір жаздың аты жаз. Қу шыбындар жан қоя ма!? Қоң еттердің арасын кеулеп кеткен әппақ құрттарды топ-тобымен пышақпен қырып, жерге топырлатты. Марганцовканың сұйық ерітіндісімен жуып-шәйған соң, манағы күлімсі иіс ұшып кеткендей болды. Додагүл иістенген етті боршалап отырып бір кесегін итке лақтырғандай тастай салса - Мелдібектің сығырайған қысық көздері атыздай болып: - Берекені рәсуа етпе, сен жемесең өзім жеймін! – деп шар етеді.


- Арам ет жеп үйренген сен емеспін! Таста әрі!


- Тастамаймын!..


Додагүл кеткен күні Мелдібек ышқырының қырық қабатына тығып жүрген ақшасын шығарып, күнге жәйіп біраз кептіріп, дүкенге аттанды. Бұл әдісті шпиондар туралы көрген кинодан үлгі етіп алған. Додагүлдің әу бастан оңай-оспақ қалта-салтада ақша қалтырмай тазалап отыратын ғадеті бар-тын. Талай рет сыпырылып барып, ақыры бұл да бір амалын тапты. Мелдібектің қалтасы қашан да таза, әйелден ақша тықпайтын ақжүрекке айналды. Соноу бір жылдары ақшасын қапшық тігіп қолтығына сақтаймын деп шірітіп алған еді. Адамның тері сіңсе жемейтін нәрсе жоқ екен-ау!? Қып-қызыл он сомдықтар күлдіреп, үгілді де қалды. Сонан бері артық-ауысын ышқырдан қалта қабаттап, құрғақ жерге жасыратын болды. Бәрібір дене иісі жұғады екен. Дүкенші әйелдің тұмсығы неткен зерек еді. Бұл келсе ақшасын алуға жеркеніп, алдымен алыстан иіскеп көреді. Орыстар: «Денги не пахнут.» дегені бос сияқты.


Бір емес, екі жартыны қатар алады. Оның сауда жасауға келгенін көрген дүкенші: - Азаттыққа шықтың ба? – деп сұрады мысқылмен. Ананың сығырайған жымысқы көздері бұғына жылтыңдайды.


- Шықтым! Қуанышымды бірге бөліскің келе ме?


- Сорлы неме! Осы сөзіңді қатының келгенде айтып бермесем бе!


- Кетей... әзілім ғой!


- Осы сен әйеліңнің көзіне шөп салып көрдің бе, өміріңде? Сен баяғыда кәдімгідей жігіт сияқты едің, осы қатынды алғалы не боп кеттің? Елден ұялмайсың ба? Бала-шағаңның жаялығын жуғаныңды мін санамай-ақ қояйын, өз балаларың... Сен күллі еркек атаулының атына кір келтіріп болдың ғой! Не зор күн туды, қатынның аяғына тапталардай?!


Ол қып-қызыл боп сырт айналды. Теріс жүріс жасау түгілі ондай ойды ойлауға дәті барды ма екен?! Бірнеше айдың жүзі болды, Додагүлдің көңіл-күйі болмағандықтан көрші бөлмеге түнеп жүргеніне де. Дүкенші әйел бұған дейін де тілін батырып жүретін-ді. Бірақ дәл бүгінгідей қатты шүйлікпеген еді. Көшеге шығып, есеңгіреген адамша жан-жағына қарады. Бұрын алатын затын ала сап, құйрығын жым қысып, ешкімнің көзіне түспеуге тырысып зытушы еді. Осы жолы қасқайып жол ортасында тұр. Аңыратып келе жатқан Зил-130 көлігі серейіп тұрған бұны басып кете жаздап, шиқылдап-қиқылдап барып жол ернеуінен шыға тоқтады. Кабинадан атып шыққан алакөз шопыр ай-шәй жоқ келе сала Мелдібекті іштен бір түйді.


- Ажалыңды маған артып, өле алмай жүрсің бе иттің баласы!?


Соққыдан дем ала алмай тұнышығып қалған анау әрең дегенде тыныс қайтарып: - Өлтіріп кеткенің жақсы болар еді!.. – деді ыңырси күшене.


- Денің дұрыс па өзі? Қатының қуып жіберді ме?


- Қатынды мен қуып жібердім!..


- Атаңның басы!


- Сенбесең үйге жүр...


Кешкісін бір кезде ажырамастай дос болып жүретін жора-жолдастары Мелдібектің үйінде бас қосты. Достарын соншалықты қатты сағынғанынан Мелдібектің қысық көздерінен жас ыршыды. Бұны «Мысық» дейтін-ді мектепте жүргенде.


- Қайран Мысығым сенен тірідей айырылып қалдық па деп ек... Құдай бар екен! Сен, тегі жаман жігіт болмағансың... Есіңдеме?


- Иә-иә... Достар! Бәріңе бүгін бір-бір тауық асып қойдым! Тіршілікте ішіп-жемегенде қай уақытта?


- Аулаңды тауықтың жүнімен ақ айран қыпсың! Сен батырдың тұқымы екеніңді осы жолы дәлелдедің! Анандай айдахар қатынды төркініне айдап жіберу деген - керемет!!!


- Мен енді ешкімді басындырмаймын! Міне, тіс жұлғыш қышқашымды да одан тартып алдым!


- Меке! Жұмыртқалағыш тауықтарыңнан қарайлассаңшы. Не болмаса ұяға басатын тауық отырғызып берші. Елдің бәрі сенің қолың жеңіл дейді. Тіс жұлғаның сияқты...


- Сол да сөз болып па? Қаптаған тауықтан таңдап ала беріңдер. Мен бір күнге мейірімдімін. Үлгерсең алдың...


Отырғандар жапатармағай далаға ұмтылды. Темір торға лап беріп, тауықтарды бажылдатып қуа жөнелді. Тәлтіректеп қалған кейбірі өзімен өзі шалынысып құлап жатыр. Бірін ұстаса, екіншісінен айырылып қалады...


«Еркектердің ішіндегі ең сорлысы мен бе деп едім, мыналардың да жетіскен ештеңесі жоқ екен-ау?!» деп күрсінді Мелдібек, әйелдеріне жақсы көріну үшін арпалысып жатқан достарына сырттан қарап тұрып...


Таңертең бұны бүйірден біреу теуіп оятқандай болды. Сөйтсе ойы екен. «Біссіміллә, сақтай гөр!» деп апыл-ғұпыл бірдеңесін жамылып сыртқа шықты. Бір сұмдықты шығарғаны көкейінің түкпірінен қылаңдайды. Күдігі рас екен. Аула тауықтың жұлынған жүнінен ақ қайың... Темір тордың есігі аңғай-саңғай. Ішінде тірі жан жоқ. Анау бір жақтан қыт-қыттаған дауыс шығады. Қамауда жұмыртқалап үйренген байқұстар қайда отырарын білмей адасып жүрген сыңайлы. Додагүл кетерінде қанша жұмыртқа жиналатынын есептеп, түртіп отыратын күнделікті кестесін қабырғаға іліп кеткен еді. Енді жұмыртқа түгілі тауықтарды жинай алса етті...


Мелдібек ішке кіріп, зырқырап жөнелген басын түзетпекке бірдеме іздеді. Кілең бос құмыра. Ышқырын ақтарды. Дым қалмапты. Көз алдына Додагүл елестеді. Бұның өмір сүру, сүрмесі тек Додагүлге байланысты екені - оны суық желдің өтінде қалған жапырақтай қалтыратты. Бастың зырқыры жайына қалды. Күллі дүние құлазып, өз жаны өзінен түршікті. Шегеде ілулі тұрған шылбырды алып, қораны бетке алды. Аяғы астына жәшік қойып шыға бергенде жоғарыда отырған бір тауық аттандай шошып, бұның басынан аса қарғыды. Отырған жерін сипалап еді, жып-жылы он шақты жұмыртқа жатыр екен. Мелдібектің бойына қайта жан кіріп, іші елжірей, ұяға бір жұмыртқа қалтырды да қалғанын етегіне салып, үйіне қарай бүкеңдей жөнелді... 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар