Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Жамбыл мен көкшелік халық ақындары...

28.02.2021 6761

Жамбыл мен көкшелік халық ақындары 14+

Жамбыл мен көкшелік халық ақындары - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесі – отандық әдебиеттанушы ғалымдардың атқарып келген және атқарып жатқан шаруасы. Әдебиеттанушы ғалым мамандардың зерттеп, екшеп сұрыптаған әдебиет тарихына қатысты материалдары әдебиет теориясымен салмақтанып, білімгерлерге ұсынылады. Әрине, мұнда уақыт, дәуірдің ғаламдық ауаны мен саяси, идеологиялық, тарихи факторлардың әсері болатыны анық. Қазан төңкерісінен бергі әдебиет қазіргі қазақ әдебиеті деп аталады. Өз кезегінде қазіргі дәуір әдебиеті де түрлі кезеңдерге, мектептерге бөлінеді. Осы дәуірге жататын «халық ақындары» аталатын ерекше дәуірлік мектеп бар. Жүз жасаған қарт жырау Жамбыл бастаған бұл мектептің өкілдерін дәстүрлі фольклор мен жазба әдебиеттің ара жігін жалғастырушылар деуге болады. Жамбыл мен өзге барша халық ақындарының туындылары – екі дәуірдің куәсі. Яғни, олардың шығармашылығын әдетте Патшалық Ресей және Советтер Одағы кезеңіндегі деп қарастырамыз.

 

Жыр алыбы Жамбыл өміріндегі ұлыс өзгеріс жылдары

Қазан төңкерісінен кейін Ресей патшалығының билігін қолға алған коммунистер Кеңестер Одағы атты жаңа мемлекетті құрып нығайтуға кірісті. Халық-бұқараны коммунистік мұраттар жолындағы түрлі науқандар мен өзгерістерге жаппай жұмылдыру үшін олар шығармашылық адамдарының қоғамдағы ықпалы мен әлеуетін пайдалануға кірісті. Және бұл жолда аз табысқа жеткен жоқ. Ақындар мен жазушылар, суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылық қабілетін барынша пайдалану көзделді. 1925 жылы 10 маусымда Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясы (ҚазААП) құрылуы осы кешенді шараның Қазақстандағы жүзеге асырылу үлгісі еді. Шығармашылық әлемінде қашан да көзқарастар айырмашылығы, идеялар қайшылығы бар. Коммунистік билік тұсында шетелге шығып кеткен шығармашылық иелерін қайтаруға мән берлді. 1932 жылы орыстың көрнекті жазушысы Максим Горький Совет Одағына оралды. Бұл кезеңде советтік әдебиеттің дамуына тың серпіліс жасау күн тәртібінде тұрған еді.

Совет билігі бұл маңызды іс-шараны кешіктірген жоқ. 1934 жылы 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Мәскеуде Совет жазушыларының бірінші съезі өтеді. 590 делегат қатысқан бұл жиында социалистік реализм – совет жазушыларының ұстанатын бірден бір бағыты деп белгіленді. Совет елінде коммунистік қоғам орнату, советтік адамдарды коммунистік мұраттар жолына тәрбиелеу, социалистік интернационализм мен патриотизмге тәрбиелеу қатарлы басты ұстанымдар нақтыланды.

Аталған съезде көтерілген мәселенің бірі ұлттық әдебиеттерді дамыту және олардың орыс мәдениетімен өзара ықпалдастықты арттыру болатын. Бұл маңызды мәселеге бас көсем В.И.Сталиннің өзі араласып, пәрмен бергеннен кейін ұлттық ақын-жазушылар шығармалары орыс тіліне, орыс қаламгерлерінің туындылары өзге ұлттар тіліне аударыла бастаған. Әр ұлттан шыққан халық ақындарын дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттап, бастыру ісі жолға қойылған. Дағыстандық әйгілі ашуг Сүлеймен Стальскийді (Сүлеймен Ғасанбеков) пролетариаттың бас жазушысы Максим Горькийдің өзі «ХХ ғасырдың Гомері» деп бағалауы – аз ұлттардан шыққан халық импровизаторларына деген зор назар еді. Бұл назар аударудан қазақ халық ақындары да тыс қалған жоқ. Жамбыл шығармашылығының одақтық деңгейде таныла бастаған тұсы осы.

Бұған қарап, әрине, Жамбыл шығармашылығы 1930 жылдардан кейін басталды деген ұғым тумайды. Жамбыл – жастайынан өлең-сөзге бейім болып өскен, өз дәуірінің әйгілі ақындары Сүйімбай мен Майкөттен бата алған өнер иесі. Сонымен қатар ол ақындықпен қатар терме-дастандар орындаушы жыршылықты қатар алып жүрген суырыпсалма әрі орасан еске сақтау қабілетіне ие шығармашылық иесі. Жамбылдың ерекше бір қыры – қырғыздың ұлы эпосы «Манасты» жырлауы. Жамбылдың өмір жолы мен шығармашылығы туралы Әбділда Тәжібаев Сұлтанғали Садырбайұлы, т.б. зерттеушілердің еңбектерінен біз Жамбылдың өткен ғасырдың бас-аяғында елге танымал ақын-жыршылар қатарында болғаны туралы деректерді табамыз.

Жыр алыбы Жамбылдың дәуірлермен астасқан бір ғасырға жуық жасаған өмір жолын жамбылтанушы ғалымдар бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыратынын білеміз. Бұл – ақынның отызға дейінгі шағы, отыздан жетпіске дейінгі кезең және жетпіс жастан өмірінің ақырына дейінгі жылдар. Бұл – Жамбыл шығармашылығының өсу, есею жылдары. Жамбылдың шығармашылық ғұмырнамасының ең жарқын кезеңі, ерекше серпінге ие болған тұсы – өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Жамбылдың айтыстары мен өлеңдері ел аузынан және өзінің айтуы бойынша жинақталып, басылым беттерінде жарық көрді, оқулықтарға енгізілді, шығармаларының толық жинақтары әзірленіп шығарыла бастады.

 

Жамбыл және халық ақындары

Жамбыл шығармашылығынан өзге, Қазақстанның әр өңірлеріндегі халық ақындарына да кеңінен назар аударылды. Олардың өлеңдері мен поэмалары жергілікті және орталық басылымдарда жарық көріп жатты. Әр аудан, облыстарда жергілікті халық ақындарының жиындары, әсіресе айтыстар өткізіліп, олардың үздік шыққаны ел астанасы Алматыға жолдама алатын еді. Советтік пропоганда ақындар айтысының идеологиялық әлеуетіне зор мәін берді. Бұл жөнінде академик Мұхтар Әуезовтің мынадай пікірін келтіре кеткен жөн болмақ: «Ақындар айтыс үстінде колхоз бен совхоз аудан мен облыс, республика көлемімен ғана шектеліп қалмай, Одақтық шақыру-ұрандарға үн қосып, партия, Кеңес басшылығын мадақтап көтере жырлауды да қажеттілік санады. Осындай қоғамдық, саяси мүддені жоғары қою талабын ұстанған айтыс ақындары бұрыннан қалыптасқан жеңу, жеңілу дәстүрін де басты шарт деп ұстанбады, көбінесе, социалистік құрылыстағы еңбек табыстарын мақтан тұтып, сол жолдағы кедергі болар кемшіліктерді сын сарабына салуға айрықша күш жұмсады». Иә, халық ақындары бұл үдеден шыға білді және қалай болғанда да сол кезеңде халық ақындарына лайықты мән беріліп, олардың шығармашылық мәртебесі асқақтаған кезең болды.

Жамбыл Жабаев бастаған халық ақындарының үлкен тобы санатына кіретін, сол кезеңде республикалық айтыстарға қатысып жүрген белгілі шығармашылық иелерінің аты-жөнін тізіп жаза кетуді жөн көрдік. Жастайынан айтыс өнеріне машықтанған, ХХ ғасырдың бірінші жартысының соңын ала айтыс өнеріне атсалысқан, Жамбыл үрдісіндегі халық ақындарына Нұрпейіс Байғанин, Омар Шипин, Кенен Әзірбаев, Жақсыбай Жантөбетов, Қалихан Алтынбаев, Естай Беркімбайұлы, Саяділ Керімбеков, Болман Қожабайұлы, Айманкүл Тәжібаева, Қайып Айнабеков, Көшен Елеуов, Маясары Жапақов, Нұрлыбек Баймұратов, Нұрхан Ахметбеков, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Үмбетәлі Кәрібаев, Сәт Есенбаев, Төлеу Көбдіков, Ғабдыман Игенсартов, Доскей Әлімбаев, Нартай Бекежанов, Шашубай Қошқарбаев, Қазанғап Байболов, Орынбай Тайманов, Әлібек Байкенов, Қалқа Жапсарбаев, Иманжан Жылқайдаров, Есдәулет Қандеков, Рахмет Мәзқожаев, Әбділда Жүргенбаев, Құлжабай Төлеуов, Өмірзақ Қарғабаев т.б. жатқызуға болады. Бұл тізімді әлі де толықтыруға болады және олардың көбінің айтыс ақындығынан өзге жазба ақындығы, жыршылығы, термешілігі, сырнайшылығы т.б. өнерлері бар тума таланттар. Біз осы ақындар қатарына жататын көкшетаулық Молдахмет Тырбиұлы, Шәкен Отызбайұлы, Қалия Жұбандықұлы шығармашылығы және олардың Жамбыл жыраумен рухани-шығармашылық байланысы туралы шолу жасайтын боламыз.

Көкше өңірі қай заманда да аузымен құс тістеген дүлдүл ақындарға кенде болмаған. Бертағының баласы Орынбай ақын, қарсылас болған ақынның бәрін сөзбен тұсаған Тезекбай ақын сияқты жүйріктердің дабысы қазақ даласының әр түкпіріне белгілі болған. Біз мақаламызға Жамбыл Жабаев бастаған халық ақындары мектебінің көкшетаулық белгілі өкілдері Қалия Жұбандықұлы, Әміре Сұлтанмұратұлы, Молдахмет Тырбиұлы, Шәкен Отызбайұлы шығармашылығын өзек ететін боламыз.

 

Қарымды Қалия ақын

Қалия Жұбандықұлы – Қазақстанның халық ақыны, айтыскер, әнші, термеші, шежіреші. Қалия Жұбандықұлы 1872 жылы бұрынғы Ақмола облысы Көкшетау уезінің Қотыркөл болысы, Қызылағаш аулында (қазіргі облысы Бурабай ауданы Абылайхан ауылы) дүниеге келеді. Әкесі Жұбандық қарапайым шаруа адам болыпты. Ақынның он жасында әкесі дүние салып, Қалия жұмысқа ерте араласады. Мал бағады, шахтаға түсіп кен қазады. Ержете келе той-жиындарда домбырамен ән салып, ақындығымен аты шыға бастайды. Қалия ақынның да өмір жолын советтік дәуірге дейін және кейін деп екі бөліп қарастыруға болады. Совет өкіметі жеңгеннен кейін Қалия ақынның да партиялық үгіт-насихаттарға араласқаны оның өлеңдерінен аңғарылады. Отызыншы жылдардан қолға алына бастаған облыстық, аймақтық ақындар айтысына қатыса бастайды. Қазақстанның әдебиеті мен өнеріне қосқан көп жылдық еңбегі үшін 1939 жылдың 19 қарашасында Қалия Жұбандықұлына «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген құрметті атақ беріледі.

Қалия Жұбандықұлы Алматыға барған сапарында Жамбыл Жабаевпен кездесіп, дидарласқан. Оның өмірін өнеге тұтып, өзіне өмірлік ұстаз санаған. Тек Қалия ғана емес, Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылығы сол кездегі өмір сүрген барша халық ақындарына үлгі-өнеге болды деуге болады. Жамбылдың өнегелік даңқы әуелеген тұс – Ұлы Отан соғысы жылдары.

...Ленинградтық өренім!

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді!

Бұлағымдай көремін.

Жауда қалып Ленинград,

Жаралған жоқ көнгелі! –

Жасағамын өмірді

Жау біткенді жеңгелі, -

дейтін, жау қоршауындағы қаланың халқын ерлік рухқа үндеген әйгілі толғау жырдың әсер-қуаты ғаламат болғаны туралы естеліктер қаншама! Жамбылдың жырына үн қосқан халық ақындары да өз өлеңдері арқылы майдан мен тылдағы елге өлеңімен күш-қайрат беруге ұмтылды. Қалия ақынның мына бір жыры да осы үрдістен туғаны анық:

Біз – ақиық, жау – торғай,

Тұяқпенен ілеміз.

Желкесінен фашистің,

Шоқ түсіріп мінерміз.

Фашистердің үстіне,

Жеңіс туын тігерміз.

Жамбылмен Алматыда жолығып, сұхбаттасқаннан кейін Қалия ақын былай деп пікір білдірген екен: «Менің кәрілікте алған атағым бақытты атақ, халық туғызды, партия туғызды мен Қазақстанның жүрегі Алматыны көрдім. Менің жолым халықтас талантты поэзиясын туғызған Жамбылдың жолы, үлгіні Жамбылдан аламын».

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қалия Жұбандықұлы халық ақындары көшін бастаушы Жамбыл Жабаевпен бір емес, бірнеше рет кездескен. Соның ішінде алғаш 1937 жылы Алматыда өткен халық ақындарының республикалық слетіне барғанда танысады. Сонда алпыс бестегі Қалия ақын Жамбыл жырауға жырменен былай деп сәлемдескен екен:

Жырменен думан қылған жүрген жерін,

Армысың, ақиығым, ардагерім.

Қарт Жамбыл, өзіңізді іздеп келіп,

Алдыңызға иіліп сәлем бердім.

Жырдың сен ағып жатқан бұлағысың,

Жүйткіген тілдің жүйрік пырағысың.

Жолыңды қуған іні, жасы кіші,

Өнерін Қалияның көріңізші,

Ақыным орындалсын талабың деп,

Қол жайып батаңызды беріңізші.

Тоқсан бір жасқа шығып отырған қарт жырау Жамбыл сонда Көкшетаудан жеткен Қалия ақынның өзіне арнаған ілтипатты жырын тыңдаған соң былай деп баталы жырын арнаған екен:

Жеріңді жүрген базар ғып,

Жұрт көңілін ашып жүр.

Өткір сөзбен дұшпанға,

Азуыңды басып жүр.

Күшеншектік дегеннен,

Әрдайым аулақ қашып жүр.

Көкшетаудың Қалиясы,

Тезекбайдың жиені

Тең құрбыңнан асып жүр.

Бұл бата беруден біз Жамбылдың қазақ даласының әр өңіріндегі халық ақындары туралы үлкен мағлұматты болғанын аңғарамыз. Қалия ақынның туған нағашысы Тезекбай Шоқтыбайұлы өз заманының әйгілі айтыскер ақыны болыпты. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы жерінде 1827 жылы дүниеге келіп, 1912 жылы сонда дүниеден өткен Тезекбай ақын Арқаға атағы жайылған Шөже, Балта, Кемпірбай т.б. ақындарды жеңген екен. Мұндай ақынның даңқына Жетісудағы Жамбыл да қанық болса керек. Қалия ақын бұдан кейін де Жамбыл Жабаевпен бірнеше рет кездессе керек. 1945 жылы Жамбыл жырау өмірден өткенде Қалия Жұбандықұлы оған былай деп жыр арнайды:

Уа, Жәке, атың шыққан қандай едің,

Ағарып атқан бейне, таңдай едің.

Асыл сөз, ұшқыр қиял, тілге шешен,

Қазақтың ақынының маңдайы едің.

Сөзді сен шаршы топта бастап едің,

Өлеңді түйдегімен тастап едің.

Жеріңді жүрген дәйім базар қылып,

Айтыссаң, мүдірем деп саспап едің...

Жамбыл дәстүріндегі көкшелік халық ақыны Қалия Жұбандықұлы – өз өңіріндегі айтыскер әріптестері Молдахмет Тырбиұлы, Шәкен Отызбайұлы қатарлы жерлестерімен бірге айтыс сахнасының көрігін қыздырады. Бір қызығы, сол кезеңдерде айтысқа қатысушылардың жас шамасы кемінде елуді еңсерген адамдар болғанын көреміз. Бұған мүмкін, қарт ақын Жамбылдың тоқсанда тұғырынан таймаған қалпы да ықпал еткен болар. Көкшетаулық халық ақыны Қалия Жұбандықұлы 1950 жылы 6 наурызда 78 жасында өзінің туып-өскен мекені Қызылағашта (қазіргі Абылай хан) өмірден өтеді.

Әміре ақын Сұлтанмұратұлы

Көкшетау өңірінен шыққан халық ақындарының бірі – Әміре Сұлтанмұратұлы. Өз дәуірінде тек Көкшетау ғана емес, Арқаның көп аумағына танылған ақын болған. Әміре Сұлтанмұратұлы өзінің жерлес, тұрғыластары Молдахмет Тырбиұлы, Қалия Жұбандықұлы, Шәкен Отызбайұлы қатарлы ақындармен үзеңгілес жүріп өнер жарыстырады. Әміре Сұлтанмұратұлы 1870 жылы Айыртау өңірінің Қамысақты өзені бойында дүниеге келеді. Бұл жер қазірде Қантай-Бірлестік ауылы аталады. Ақынның әкесі Сұлтанмұрат Құдасұлы – атақты әнші, Ақан серінің жолын қуып, қасына ерген сенімді серігінің бірі болады. Ол жастайынан әкесіне ере жүріп, сал-серілердің өнерін тамашалап өседі. Көкшетау мен Ұлытау аралығындағы елдерде ақындығымен танылып, әйгілі сардар Амангелді Имановтың шапағатын көреді. Қазан төңкерісінен кейін ел ішіндегі түрлі саяси науқандар жайында көптеген өлеңдер мен дастандар шығарады. Алматыға екі дәптер шығармасын жолдағанымен, дерексіз кетеді.

Сұлтанмұрат Әміреұлы 1934 жылы жоғалған еңбектерін іздестіруге Алматыға келеді. Жолдаған адамдардың қолынан «Білмес» деген поэмасын тауып алады. Сол жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдық тойы өтіп, аталған іс-шараға қатысады және осы жылы Қазақстан ақын-жазушыларының І съезіне қатысады. Халық ақындары Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Нұрхан Ахметбеков, Нұрлыбек Баймұратов және басқаларымен жүздесіп, сұхбаттасады. Аталған съезд құрметіне өткізілген ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанады.

Әміре Сұлтанмұратұлы 1937-жылы өткен Қазақстан ақындарының ІІ слетіне де қатысады. Бұл жайында ұрпақтары құрастырған кітапқа енгізілген естелікте ақын былай деп жазған екен: «...Сол жерде Қарағанды облысына қараған 30 адам келді. Слетке баратын екі облыстан 60 адам болдық. Екі облыста менен басқа ақын жоқ болып, 200 теңге премия алдым. Екі күн тынықтырып, үшінші күні клубқа халықты жинап, көп халықпен бірге отырғанда, құрылған шымылдықты ашып жібергенде қанша азаматтардың ортасында бір ақсақал отыр екен. Білгендер Жамбыл деген ақсақал осы екендігін айтты. Сөйтіп-үйтіп отырғанда ІІ облыстық слетке шақырған адамдар тегіс келдіңіздер ме? - деді. «Келдік» - деп шуласты. Оның артынан «Солтүстік Қазақстан облысынан Айыртау ауданындағы халық ақыны Әміре Сұлтанмұратұлы бар ма?» - деді. «Бармын», - дедім. «Бар болсаң, бері келіңіз» - деді. Өзімнен өзім ұялдым, халыққа бетімнің терісі сойылып түскен аурудан, дәрменім азырақ тәлтіректеп бара жатқанымда күлгендер де болды. Мені апарып Жамбыл ақсақалдың жанына отырғызды. Алдымен кезекті маған берді». Осылайша алғашқы кезекте өз өнерін көрсетуге мүмкіндік алған көкшетаулық ақын Әміре Сұлтанмұратұлы қарт Жамбылдың жанына отырып, өзінің жазған өлеңін оқып береді:

Кем ұлт болған қазақ ек,

Қыла алмас енді ешкім жем.

Пайдасы басқа болмады-ау,

Бұрынғы өткен өмірдің.

Білімім жастан жай кеткен,

Бармақты шайнап кемірдім.

Өнерге теңдік күн туып,

Жасарып қайта семірдім.

Жасасын басшы көсемдер,

Болат құйса партия,

Ескіні бүктеп, жемірдің.

Аталған жиынға қатысқан ақындарға белгілі бір тақырыптар берілгенге ұқсайды. Сұлтанмұрат ақынның оқыған өлеңі Сталин және партия туралы болыпты. Жамбыл бастаған сарапшылар өлеңді жақсы, ал орындаушылық сарыны кемшіндеу деп бағалайды. Бұған қарап біз өлеңді белгілі бір мақаммен, әуенмен оқу керек деген талап болған болуы керек деп топшылаймыз.

Әміре Сұлтанмұратұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ІІ съезіне қатысады. ауданнан жасақталған озаттар құрамына еніп, Совет Одағының астанасы Мәскеу қаласына барып келеді. Соғыстың қызып жатқан уақытында халық ақындары тылдағы елді аралап, өздерінің отты жырларымен оларды жігерлендіріп, әзіл-сықақ өлеңдерімен жұртты күлдіріп, жадыратуға тырысқан. Майданға аттанып бара жатқан жауынгерлерге қайрат берерліктей жыр арнап шығарып салатын болған.

Атаңнан бата ал, балам,

Алшайып атқа мін, балам.

Ақ сақалым желбіреп

Артыңнан қарап мен қалам, -

деп Жамбыл ақын жырлағанындай, Әміре ақын да осы сарында көптеген жырлар жазады. Әміре ақын 1945 жылы Жамбылдың 100 жылдық тойына Алматыға арнайы шақырылады. Халық ақыны Әміре Сұлтанмұратұлы 1950 жылы туған өлкесі Айыртау ауданының Қантай-Бірлестік аулында өмірден өткен.

Әнші ақын Молдахмет Тырбиұлы

Көкше өңірінен туып шыққан халық ақындарының бірі – Молдахмет Тырбиұлы. Ол – суырыпсалма айтыскер, арқалы әнші, Үкілі Ыбырайдың шығармаларын аманаттап сақтап, бүгінгі күнге жеткізуші. Молдахмет Тырбиұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы жерінде 1881 жылы өмірге келеді. Молдахмет Тырбиұлының халықтық дәстүрдегі төкпе ақындардың бірі болғандығы оның «Бақытқа халқы кенелген» атты толғау жырынан танылғандай:

Ақын деп несін айтайын,

Топ көргенде қозбаса.

Түптеп тартып іштегі,

Өлеңмен сынды қозғаса.

Жыршыдан қандай қасиет,

Жұрт тыңдар ғып созбаса, -

дейді ақын. Молдахмет Тырбиұлы да Жамбыл Жабаевпен кезігіп, қарт жыраудың алдында айтысқа түскен ақындардың бірі. Бұл турасында ақынның немере інісі, ҚР Халық жазушысы Кәкімбек Салықтың мына бір естелігінен аңғарамыз: «Əкеміздің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиев 1942 жылдан айтысқа түсіп жүрген кездерінде Жамбылмен кездескенін қандай жыр етсе, Қаныш Сəтбаевтың үйінде болып, бір топ ақындар ғалымға таңғалғанын айтқанда, жас бала біздердің басымызды сан алуан арман-қиял билеп алатын». Молдахмет ақынның айтыстары толықтай сақталмаған. Қазіргі қолда бары қостанайлық белгілі ақын Нұрхан Ахметбековпен айтысынан үзінді:

Уа, Нұрхан!

Сарыарқадай белің бар ма?

Ақандайын серің бар ма?

Құлагердей керің бар ма?

Көкшетаудай жерің бар ма? –

деп Молдахмет ақын өзінің Көкшетауының әйгілі перзенті Ақан мен оның үш жүзге даңқы кеткен Құлагер тұлпарын тілге тиек ете жырлайды. Нұрхан ақын да сөзден тосылып отырмайды. Ол да өзінің Қостанайының егіншілікпен даңқы асып отырғанын табанға тіреу етеді:

Көтерсем, қос айғаймен Қостанайды,

Қандай жан рас сөзімді қостамайды.

Әдеті Қостанайдың сіздер емес,

Егінін қарға былғап тастамайды.

Ол заманда саясат, тарих т.б. тақырыптан гөрі социалистік еңбек жарысы майданы барысындағы жетістіктер мен кемшіліктер басты назарда болып, осыған қатысты мәселелер айтыстың өзегі болып отырған. Атйыскер қарсылас жақтың осал тұсын осыдан іздеген. Сондықтан да Нұрхан Ахметбеков Молдахмет Тырбиұлына осындай мазмұндағы кемшілікті айтып бетіне баса жырлайды:

Нұрханым, мақтан етпе құмдарыңды,

Құс қонбас құба жонды шыңдарыңды.

Екі етек егініңнен бидай алмай,

Жібердің желге ұшырып қырманыңды.

Айтыс өнерінде өлең сөзбен өрнек құрған Молдахмет ақын әншілігімен қатар, өз жанынан ән де шығарғандығы айтылады. Молдахмет Тырбиұлының Жамбылға арнаған мынадай жыр жолдары белгілі.

Жүз жасаған Жамбыл қарт,

Сөзіңіз бар еді алтындай.

Тау суындай тасқындап,

Сейледің топта тартынбай.

Күміс кемер дария,

Аққан жырың сарқылмай, -

деп жырлайды. Жамбыл Жабаевтың құрметіне жазылған «Қарт ақынға», «Жәкеңе» атты өлеңдерінде ақын жыр алыбын өзіне ұстаз тұта отырып, оның алдында өзінің үйренуші шәкірт екендігін айтады:

Оқысаң өнер табамыз,

Қолбасшы біздің данамыз...

...Жамбылдайын бабамыз,

Балаңыз етті бір талап,

Лебізге сіздің сусамақ,

Тәрбие-тәлім алуға,

Құмармын сондай ынталап.

Молдахмет Тырбиұлы шығармашылығында да қоғамдағы келеңсіздіктерді сынауға молынан орын берілген. Ол дәуірде социалистік меншік деп аталатын ортақ мал-мүлікті талан-тараж жасаушылармен қатаң күрес жүргізіліп, мұны әшкерелеуге ақындар мен жазушылар, журналистер де жеткілікті деңгейде үлес қосатын еді. Осындай бір жемқор колхоз басшысы туралы Молдахмет ақын былай деп жырлайды:

Қашан да асыра сілтейді,

Жамандықты тіркейді.

Колхозды сорып борсықтай,

Жұрттан оны бүркейді.

Әркімге жала жабады,

«Қылмыс» ізін табады,

Ел айтады: «Бұл пысық –

деп - колхоздың тажалы».

Молдахмет Тырбиұлының шығармашылық ғұмыры – қазақ айтыс және ән өнерінің көрнекті тұлғасы ретінде тарихта таңбаланып қалды. Жамбыл үлгісіндегі ақындық мектептің өкілі Молдахмет Тырбиұлы 1957 жылы туған өлкесінде өмірден өтеді.

 

Шағалалыдан шыққан Шәкен ақын

Көкше өңірінен туып шыққан халық ақындарының бірі – Шәкен Отызбаев. Ол ақын, термеші, айтыскер адам болыпты. Ақынның шығармалары өзі көзі тірісінде жарық көрмегенімен, 1164 жолдан тұратын біршама мол мұраларын жеткізуші – баласы Темірбай Қабділмәжитов. Халық ақыны Шәкен Отызбаев 1887 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданы, Шағалалы аулында дүниеге келген (бұрынғы Көкшетау уезіне қараған бұл өңір советтік дәуірде Көкшетау облысының Чистополье ауданына қараған). Ақынның азан шақырып қойған нақты аты – Шәймерден екен. Шәкен – ата-анасының еркелетіп қойған есімі екен. Шәкен Отызбаев – жасынан өлең-жырға бейім болып, Көкшетау өңіріндегі сал-серілердің өнеріне сусындап өседі. Кейінірек өзі де ән айтып, жыр шығарып, терме төге бастайды. Шәкен Отызбаев – өз дәуірінде даңқы ел көлемінде танылған белгілі халық ақындарының бірі. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов 2005 жылы жарық көрген «Қазақтың сал-серілері» атты ғылыми эсселер жинағында былай деп атап көрсетеді: «Елдігіміздің, ерлігіміздің, киелі қасиеттеріміздің жыршысы, топырағымыздың, табиғатымыздың дара туған жарық жұлдызы, дәулетті, бейнетті, жарқын күндеріміздің шынайы шежірешісі, тұйыққа тірелгенде көптің көш бастайтын марқасқасы, ай мүйізді айбарлы серкесі – сылдыр көмей ақын-жыраулар ғой. Бұл орайда Біржан сал мектебінен сабақ алған, үлгі алған, көрнекті әнші-ақындармен халық композиторлары Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың сұлу да кербез әндерін нәшіне, кемеліне келтіре шырқаған Һәм «Бөгембай батыр», «Қабанбай батыр», «Ағыбай батыр», «Кенесары-Наурызбай», «Қарға батыр» жырларын жатқа сайратқан ардақты өнерпаздың бірі – Шәкен Отызбайұлы еді».

Айтысқа 17-18 жасынан бастап араласа бастаған Шәкен ақын өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтып, елге таныла бастайды. Совет билігі жеңгеннен кейінгі жылдары Шәкен ақынның да жаңа өмір салтын, қазақ даласында болып жатқан өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды жырлау жолында еңбектенгені байқалады:

Жастар ашып ұмтылды

Мамандар сонда жиылды,

Тоқсан сегіз үй канцеляр

Мың үш жүз үй пәтерді

Салдырып қойды үйіңді.

Қос та жүре түзелер

Тегіс болу қиын-ды.

Бұл – ақынның жаңа астана Қызылорда туралы жырынан үзінді. Шәкен ақынның өлеңдері мен көлемді туындыларының көбі өмір шындығының өзі деуге болады. Шәкен ақын 1939 жылы Алматыда өткен ақындар айтысына қатысады. Көкше өңірінен барған әріптес, тұрғыластары Әміре, Қалия ақындармен бірге жыр додасына түседі. Қазақ халық ақындарының төбе биі Жамбыл Жабаевпен танысып, жыр алыбы тарапынан жақсы бағаға ие болады. Осы жолы Шәкен Отызбайұлына «Қазақстанның халық ақыны» деген атақ беріледі. Ақын 1945 жылы болған Абайдың жүз жылдық тойына арнайы шақырылады. Осы сапарында өнертанушы журналист Борис Ерзакович Шәкен ақынның аузынан бірнеше өлеңдерін хатқа түсіріп алады.

Шәкен Отызбайұлының біршама жырлары Ұлы Отан соғысына қатысты болып келеді. Барша адамзатқа, оның ішінде совет халқына зор қайғы әкелген сұм соғыс Шәкен ақын отабсын да айналып өтпейді. Туған інісі мен екі ұлын майданға аттандырған ақынның «Алтын жас» атты көлемді туындысы – реалистігімен құнды:

...Кеткендер келер ме екен тұрсам зарлап,

Ағады жас шұбалып көзден парлап.

Бауырым әскердегі – Алтын жастар,

Кішкене сөз сөйлейін соларға арнап.

Жаңадан көзін ашқан сәулелерім,

Алысқа елден шығып кеттің аулақ, -

деп алтын жастардың амандығын тілейді. Алтын жастардың соғыстан аман-есен оралып, солардың қызығын қызықтап, тойлататын күн болғай деп армандайды:

Көрсет деп есендікпен ел тілейді,

Алтын жас елден кеткен қарақтарым.

Қызық күн, шілдехана той болар ма?

Жылауым баламды айтып мін болар ма?

Зарығып ел-жұртың зарыққандар,

Қосылып келетұғын күн болар ма?

Шәкен ақынның майдандағы ұлына жазған жырлары мен Жамбыл Жабаевтың Алғадай ұлына арнаған өлеңдерімен сарындас. Майданға кеткен ұлы Қоңқаға деген сағынышын былай деп жырлаған екен:

Қағазды жазып отырмын,

Сағынышты жүрекпен.

Сағындым деген сөздердің

Тәтеңді мына жүдеткен.

Қарағым менің Қоңқажан,

Айналайын өзіңнен,

Құрмалдық болып өлейін.

Көкшетау өңірінен шыққан халық ақыны Шәкен Отызбайұлы – өзіне лайықты ізбасар дайындаған шығармашылық иесі. Қазақстан ақындар одағының тұңғыш президенті, белгілі айтыс ақыны Көкен Шәкеев – Шәкен ақынның төл шәкірті. Өлеңімен, өнерімен туған халқын думанға бөлеген Шәкен ақын алпыс жасқа келгенде денсаулығы сыр беріп, дерті ауырлай бастаған кезін былай деп өлеңмен өрген екен:

...Денсаулығым жастығым,

Екеуің бойда бірдей тұрғанда,

Аспандадым шарықтап.

Төбе көрсем айналдым,

Қыран құстай қалықтап.

Денсаулық сенен айрылып,

Қарға адым жер мұң болды.

Қара арғымақ арықтап.

Бұл – осынау өмірдің баянсыздығын еріксіз мойындаған шарасыз жан күйзелісі еді. Жамбыл Жабаевтың ізінен ерген шәкірті, көкшетаулық халық ақыны Шәкен Отызбаев 1947 жылы алпыс жасында туған жері Шағалалыда өмірден өтеді.

Біз жоғарыда Жамбыл шығармашылығының шырқау шыңы – ғасырлық ғұмырдың соңғы он жылы ауқымындағы әдеби өмірін оның тұтастас, қанаттастары – халық ақындарымен тұтастыра көрсетуді мақсат еттік. Екі дәуірдің куәсі болған халық ақындарына, оның ішінде Жамбылға да тән қасиет – суырыпсалмалық екені белгілі. Академик жазушы Мұхтар Әуезов айтыс ақындары туралы былай деген екен: «Айтыс дәстүрі – ақын мектебі, шеберлікті шыңдайтын ең қатал да қатаң сын тезі. Талай тарлан ақындар осы сыннан мүдірмей өткенде ғана шын ақын атағын алатын. Бүгінгі айтыста қолданылып жүрген алдын-ала жазып айтысу тәсілі ақынды қиынды жеңуге бейімдемей, қайта ақын болудың оңай жолын іздеуге бейімдейтін сияқты.» Бұл – айтыс өнері қайтадан тоқырай бастаған өткен ғасырдың елуінші жылдары соңы, алпысыншы жылдардың басындағы жағдай туралы. Қазіргі күнгі айтыстың сипаты басқа, әрине. Мақаламыздың басында тізбелеген, Жамбыл жыраудың заманында өлең шығарып, айтыс сахнасының сәнін келтірген отыздан астам адамның ішінде көкшетаулық төрт ақынға тоқталып, олардың өмір жолы мен шығармашылығы, Жамбыл Жабаевпен кездескендігі, оның алдында жыр толғағандығы туралы қысқаша тоқталдық. Жамбыл Жабаев және оның ақын тұстастары, шәкірттері туралы алуан түрлі еңбектер жазылған және жазылып та жатыр. Жүз жасаған Жамбыл жыраудың өнегелі өмірі, шығармаларының тәрбиелік мәні әрқашан туған халқының жадында жаңғыра берері сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар