Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанарбек Ақыби: Жаңжұң аңшы...

30.11.2016 4045

Жанарбек Ақыби: Жаңжұң аңшы

Жанарбек Ақыби: Жаңжұң аңшы - adebiportal.kz

Мейрімді аңшы 

Қазақ ырымшыл халық қой. Бұлғынның бойын мекендеген Базарқұл Қолдының үйіне Қобдадағы шүршіттің үлкен ұлығы келіп қонақ болады. Бекерде қонақжай қазақ мәртебелі ұлықтан несін аясын, қысырдың тайы сойылып, ән-күй тартылып, думан басталады. 


 

Жа4ж94.jpg  
 

Жаңжұң мерген


 

Дәл сол түні Қолдының баласы Қожабердінің көптен күткен тілеуі қабыл болып, әйелі дүниеге шекесі торсықтай ұлды әкеледі. Алдында бірнеше немересі шетінеп тоқтамай жүрген Қолды атасы әдейі ырымдап, сәбиге ұлықтың атын беруді ұйғарады. Осылайша, нәрестеге қытайша «қолбасшы» деген мағына беретін Жаңжұң есімі қойылады. Разы болған қытай әскери шендісі сол жолы Бұлғын бойындағы жұртқа салық салмай, рақымшылық білдірген екен.
 

 Жылдар өтіп, артынан ерген Мәлғажы,Түкей қатарлы бауырларымен бірге жастайынан тұзақпен тараққұйрық, шіл ұстауды үйренсе, есейе келе қақпанмен суыр ұстап, ауылдағы бүркітші шалдардың «Өркенің өссін» батасын алып өседі. Бәлкім осыдан қанаттанды ма, жастай аңкөс болып өскен Жаңжұң мерген Бұлғын өлкесіндегі нағыз сұрмерген аңшы атанады. 

 

Жаңжұңның қолы ашықтығын білетін қоңырқалта, қараша үйлілер аңшыны өздеріне пана тұтып, бір қотан ауыл болып бірге жайлап-қыстайды екен. Ертегінің Керқұла атты Кендебайындай немесе Ертөстігіндей, Жаңжұң аңшы да ауыл тұрғындарын аңның еті мен терісінен тарықтырмапты. Таң сөгіле аңға кетіп, сам жамырай олжалы қайтатын аңшы жігіт аң аулауды күнделікті әдетіне айналдырмаса да, өзіне қарап отырған бір қора ауылды көріп еріксіз қарап отыра алмапты. Міне, аңшы Жаңжұң осындай мейрімді аңшылығымен өлкеге танылған азамат болыпты. 
 

Ілбіс атқан аңшы  

Бір жылы Қобда бетте қыс қатты болып, қар қалың түседі. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, жұтпен бірге бір ілбіс елдің жон сағалаған сарлық сиырына қырғидай тиіп маза бермейді. Үш Нәріннің басында сиырын қыстатып жатқан ұраңқай жұрты әбден тарығады. Ақыры арнайы кісі жіберіп, Жаңжұң мергенді шақыртып алдырады. 
 

Мән-жайға әбден қанып түсінген Жаңжұң сиыр жатқан жонға қалың карда омбылай жүріп, бір күн жарым дегенде әзер жетеді. Қағырға жайылған сиырлар кешке таман теріскейдегі қорым жартастың арасына келіп түнейтінін білген аңшы жыртқышты осы жерде күтіп алуға бел байлайды. Таудың жотасына шығып, ілбіс талап өлтірген сиырлардың жемтігін барлап, қасат қардың бетінде түйенің табанындай болып жатқан олай ілбістің ізінен оның жалғыз екен ішке түйеді. Ауылдың үлкендерінен естуінше, ілбіс құрбандығын биіктен төмен қарай секіріп келіп ұстайтынын ескеріп, жартастан төменірек жату дұрыс деп шешеді. Жан жағына оңтайлы деп қорымнан орын таңдап, әуелі қарды қуыстап, өзі сыятындай қуыс жасап, қарсы алдын касат қармен мұқият қалкалайды. Дорбасынан бірнеше құртты малтап талғажау жасау үшін аладыда, астына тері салып, жемтігін нысанаға алып тырп етпей екі күн бойы жатып, ақыры жемтікке келген ілбісті берданка мылтығымен атып түсіреді.
 

 Малмен жан сақтаған ұранқай жұрты қатты қуанады. Ілбістің терісін сыпырып қанжығасына байлап, ақы-пұлын қоса беріп, разы қош болып қайтарған екен. Артынан бұл жайлы әңгімелегенде: - Екі күн жүріп бардық. Алғашқы күні тырып етпей ұйықтадым. Ал келесі күні қозғалмағандықтан аздап тоңа бастадым, еңбегім еш кетепсін деп шыдадым. Мазамды алған – түлкілер болды. Өлексеге тойып алып тіміскіленіп, маған неше келіп неше кетті, сезік тудырмас үшін оларды атпадым - деген екен әкі аңшы. 

 

Тау ешкіні мүйізден атқан  

1974 жыл екен. Аңға шыққан Жаңжұңға ештеңе кезіге қоймайды. Ақыры кері қайтуға бекініп тар қысаңмен құлдап келе жатқанда қия бетте тауешкі үйірін байқайды. 
 

Ешкілер далдаға түсіп кетті. Тек түйетастар арасынан таутекенің басы ғана көрініп тұр. Қозғалып кетсе, ытырылып қаша жөнелетіндей. Бұдан айрылса, бүгінгі олжа жоғын сезінген әккі аңшы мойнындағы мылтығын алып, кәнігі әдісімен жылдам көздей бере, шүріппені басып қалады. Ешкілер дүр етіп, жотадан асып кете барады. 

 

Текені атқан орынға барса, еш жерінде оқ ізі жоқ, тек мүйзінің түбінен сәл-пәл қан шыққан екен. «Балам, таудың қоңыр аңын мүйіздің түбінен осылай атып құлатқам» -деп баласы Кәкейге әңгімелеп берген екен қарт аңшы. 


 

Қасқырдың қулығы  

Бірде аңда жүріп Үлкен Жырғылтының басындағы белеңді асып шыға келгенде Жаңжұңның алдынан қасқыр кезігеді. Атқа қамшыны басып, қасқарды қуып береді ғой. Мойнынан мылтығын алып оқтап болғанша, қасқыр да алдыңғы белегірден асып үлгереді. 

Атқа қайта қамшы басып белегірге шыға келсе, үркіп жан-жаққа қашып бір топ сарлық сиыр жүр. Қасқыр жер жұтқандай жым-жылас, жоқ.  

«Не болса да алға кеткен шығар» деп шауып бара жатып, сиырлардың өкірген дауысына секемденген мерген ат басын тартып, мылтығын ыңғайлай, абалай қараса, қасқыр ала сарлықтың бауырында жабысып тұр дейді. Кәнігі аңшы қойсын ба? «Бір-ақ атып қасқырды омақа асырып құлаттым», - деп қасқырдың қулығын әңгімелеп берген екен. 

 

Аңның киесі атты ма?  

Бірде құрдасы Бұғыбайды аңға ертіп шығады. Жолай қарсы беттен қайқайып бара жатқан қоңыр аңды көреді. Құрдасы калжындап: 

 

- Ал Жәке, мерген болсаң үйірді бастап бара жатқан анау маралды ат! - дейді. Кәнігі әдісмен атқы қамшыны басып-басып жіберіп, атар шамасына жақындап келіп ат үстінен шүріппені басады. Оқ қос өкпеден оқ тиген марал омақаса құлайды. Екеуі барып көрсе бір жақ беті ақ, бір жақ беті қара марал екен -дейді. 

 

Бұрын ештеңені ырым етпейтін аңшы «бекер аттым, бекер аттым, киелі жануар екен ау»- деп өкініпті. Көп өтпей аңшының көзінің көру қуаты нашарлай бастаған екен. Кейін көзінің көрмей қалғанын осыдан көріп, өкініп өтіпті.

 

 Өмірінің соңғы 23 жылын зағиыптықта өткізіп, 73 жасында өмірден өтіпті. Аңышының қабірі Бұлғын сұмынында. Аңышының құрал-жабдығы кенже ұлы Тиянақта. Ал аңшының шаңырағы немересі Жанботада. Алтай тауының күншығыс қиырында жатқан алаш жұртының аңшылық хикаясынан бір парасы осындай. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар