Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанат Жаңқашұлы: "Көзіменен сүйеді олар..."...

16.04.2015 3269

Жанат Жаңқашұлы: "Көзіменен сүйеді олар..."

Жанат Жаңқашұлы: "Көзіменен сүйеді олар..." - adebiportal.kz

Қаһан!
Археологтар қорымнан арғымағы қоса жерленген қаһан мүрдесін тапты. Олар олжаларды сыртқа шығармақ болғанда, қорым ішінен мына бір дауыс шығып, шошытқан еді...
-Тарт қолыңды, түздің тарпаңы,

Атқан ба жерде құзғындар таңы?
Тариқат еткем тарғыл әлемді,
Тыныштығымды бұздыңдар тағы.

Тимеңдер менің арғымағыма,
Тағдырым тұлпар салды бағыма.
Жаяулап емес, құлдардай өңшең,
Тәңірдің атпен бардым алдына.

Қаһанға ғана сай ғұрып қылып,
Жерлеген жұртым қайғырып тұрып.
Қаратабанды соңыма тастап,
Кеткенмін жерден сәйгүлік мініп.

Дәуренім өтті, әттең білемін,
Барлығып қалды-ау, ақ тер күреңім.
Тарт қолыңды, тексіздің ұлы,
Тарихыңа да атпен кіремін!

Тозаңға көміп жаһанамыңды,
Танытам елге ата-қанымды.
Мұражайыңа атыммен барам,
Білсем де бұзық атанарымды.

Дүбірмен жердің түріп етегін,
Шеңгелге түссе бүріп өтемін.
Арғымағымнан айырма мені,
Көрінсін елге Түрік екенім.

Тарт қолыңды!


ТҮНГІ РОМАНС!

Аспанда Ай тұр,
Жібек бұлт перде қылып.
Ұмсынады ғарышқа жердегі үміт.
Жұлдыз болып кетсем ғой деп қоямын,
Өзім үшін еріксіз емге күліп.
Жел жеңгетай үгітке шебер тегі,
Шымылдығың шайқалып мені өртеді.
Жанарыма жарқ етіп шағылысқан,
Жанарың - ай, көңілді көгертеді!
Құдайыма наз айтып дұға қылдым,
Сүйгеніне қосылу жұмағы ұлдың!
Көлеңкең де керім ғой, "паһ, шіркін - ай!"
Қара санға шапалақ бір-ақ ұрдым!
Шымылдықтан отырмын кино көріп,
Мендей осы жан бар ма сүйген өліп?!
Терезеде Ай мен Сен, адастым-ау,
Екеуіңді тоғысқан күйде көріп!

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ АҒАНЫҢ "СЫРТТАН " ƏҢГІМЕСІН ОҚЫҒАННАН КЕЙІН.

Менің де бар еді сырттаным!
Ойлайтын ол да осы жұрт қамын.
Сүліктей қап - қара, ақ бақай,
Күртінен аумайтын құртқаның!
Сырттаным ерекше есті еді,
Қарауыл болатын көштегі.
Ит деген аты бар демесе,
Көкшулан секілді сесті еді!
Адамнан кем бе еді түйсігі?
Ит өмір... Болған жоқ үйшігі.
Менің де балалық шағымның,
Қиыспай қойған-тын қисыны.
Сол еді, сырымды ұғатын,
Егілсем ол да ұлып тұратын.
Біз өстіп күн кештік ауылда,
Сырттан мен жылауық бір ақын!
Адамға бергісіз дос еді,
Шулатып жүруші ек көшені.
Кейбір жан адам боп туғанмен,
Ит құсап қағынып өседі!
Мен оны есіме жиі алдым,
Кісіден көрген соң зиян мың -
Сырттанды ит қой деп ойлаған,
Кездерге кейін көп ұялдым!

04.01.2015 жыл

***

Өткен күннің елесі тұмшап алып,
Қылқындырды тамақтан мұң сағалық.
Қалай ғана ұлы ел ұсақталды,
Тобыр болды қалайша мұнша халық?

Көкте - Құдай, жерде - Мен дескен ел ек,
Кеудемізден күмбір күй көшкен ерек.
Көк Тәңірі алқаған айдарлы ұлды,
Алтын аптап жерлеп ек меске бөлеп.

Қаған туған қағынан жерімейтін,
Қабағына қатқан мұз ерімейтін.
О заманның озығы Бекзадаға,
Тексіз әйел әперіп телімейтін.

"Елім-ай"-лап еңіреп ет жүрегі,
Тастүлек ед, қазақтың тектілері.
Құлдан туған қожаң тұр: "менің бабам,
Қойшы болған ертеде" деп күледі...

ҚОС ҚЫРАН

Қартайғанда қиын екен қыран құс,
Қайтқан кезде тұла бойдан бұлан күш.
Өжет құсың көжек құсап бүкшиіп,
Тұранында мүлгігіш те, сыланғыш.

БөріҚұт-тың құз-қияда жазмышы,
Құсбегі де қастерлі адам, әз кісі:
- Екеумізде қартайдық - деп, күрсінді,
(Бір шың сүйеп тұрғандайын бір шыңды)

- Балақ бауын ағытамын, самғасын,
Томағаға тамшы жасы тамбасын.
Текті құсқа тұғырда өлу қасірет,
Жіберемін, ерлік жолын таңдасын.

Ұзақ жылдар болды менің рас, пірім,
Қанжығамда тұлкі түгіл, қасқырың...
Қартайғанда құлап өлу керек құс,
Бұздырмайын бұған баба дәстүрін!

Қарт күрсініп, қыран құсты босатты,
Көздің жасы жанарынан қоса ақты.
...Сол бір күні кеудесінен әз жанның,
Деп естідік өз жаны да босапты.

Екі қыран өзін жерге қоса атты...

***

Отар бұлт
Кетіп барад өрісіне бұлт өріп,
Жаңбыр бізді аялайды нұр төгіп.
Бұлт арасы жалғыз жұлдыз көрінді,
Қара түнге іліп қойған пілте ғып.

Жел ысқырып қайырады бір шетін,
Үркеді бұлт, ауп-ауп етіп үрсе түн.
Ай көрінді - оттан жаңа суырып,
Біреу тістеп кеткен жарты күлше-тін.

Қырат кезіп шеттегенде ешкі бұлт,
Табиғаттың күркір үні естіліп -
Бишігімен көкті тіліп жасыны,
Найзағайға алды арқасын кестіріп.
(Әй, бастауық ешкі бұлт)

Қозы бұлттар қозғалады баяулап,
Енесіне ерген түрі аяулы-ақ.
Болдырмасын қошақандар дегендей,
Келеді жел аттан түсіп, жаяулап.

Келеді жел, отар бұлтқа "шәй-шәйлап",
Шалғын жетер көкте мейлі, жайса айлап.
Қол көтеріп сәлем бердім ізетпен,
Бұлт қайырған Жел қойшыға айқайлап.

21.05.2014 жыл


«Ауыздан шыға өңі қашатын көңілдегі көрікті ой...» 
АБАЙ

Ей, Тәкаппар, маң таулар,
Тыңдашы мені...
Тыңдашы мені, жүрегім шын ғашық еді.
Суретші болып салғаным, сандалып менің,
Құдайдың сұлу сұлбасы ме еді?

Күллі әлем осы кеткендей бояуға сіңіп,
Картинамды алғанмын ой ауласы ғып.
Мен салып берген Музаның мінсіз суретін,
Шабыт ала қашады бояуға асығып.

Қиял көрмесі,
Суреттерім тұр заманның көш іргесінде,
Өресіз болсам, Құдайым өсірмесін де.
Ойымдағы сурет қой керемет нағыз,
Не құн болушы еді көшірмесінде?

Ұйқасын құрап жазғанмен жан ғазалымды,
Бере алмай келем бойдағы таңғажабымды.
Ойымдағы суреттей нағыз, –
Өлең де қалды,
Өмір де қалды жанға жағымды.

Жолы болмаған жалғанда жандай егілсем,
Ләйлә тағдырға есімнен танбай жеңілсем...
Күнәміз көп-ау жалғанда, Жаратқанның –
Ойындағы Адамзат қандай едің сен?

***

Федерико Гарсиа Лорканың әуенімен

1993-те мен білем,
Онда әлі алтыдағы өндір ем.
Бөрі арығын білдірмейтін о кезде,
Жүретін ел «қоралы қой қоңдымен».

Көңілі тоқ, сырты жүнжіп жүдесе,
Аңызақ жыл, тағы біраз түнесе –
Азып кетер секілденді осы жұрт,
Асып кетер секілденді біресе.

Ол уақытты өлшеу керек дәл немен?
Балалықпен байқамадым әлде мен –
Шаттығы да болған шығар көп көрім,
Өзім бірақ «таусылмайтын зар» дер ем.

Тозған елдің сырты шығар, іші аман,
Ішті дейтін сонда көкем құсадан.
Ішіп жүрді, ұшып жүрді қалықтап,
Төбемізден олай-бұлай құс-адам.

Жоқшылықтың қалып сонда тыртығы,
Түнеріп кеп айғай салған, бұлт үні:
- Адамзаттың тәнін көру үшін деп,
Жейделердің жыртығы.

Қазір елдің сырты бүтін, ал іші...
Суға кеткен жандай болып салысы...
Ер жігітті енді намыс өлтірмес,
Өліп қалған намысы.

Уақыт жамап берді елдің жейдесін,
Құдай алқап, құмбыл етті бейнесін.
...«Жейдесінің ішінде осы тән бар ма?»
Деп сұрайды, қос көзімнен кейде есім...

05.03.2015 ж


ТАС ТҰҒЫРДЫҢ ТҰСЫНДА

Көзімнің алды тұман кіл,
Тас мүсіннің алдына кеп жығылдым.
Бағыштауым керек еді құран бір,
Өлең оқып құбылдым.

Қиялымда тас мүсінге жан бітіп,
Сөйлеп кетті әлі тірі пендеше:
- Ақындарын жіберетін қаңғытып,
Сен де қаңғып келіп тұрсың ендеше.

- Көзім тұман, биігіңе қарадым,
(Тұғыры да осал емес даңқынан).
- Биіктікке құмар болма қарағым,
Ақын биік тұрмау керек халқынан.

- Өкініш бар, жанарыңнан таныдым,
(Асау ойлар тулап кетті тақымда).
- Ескерткішті қойған кезде жарығым,
Ұмытыпты пенделігім хақында.

- Құлша иіліп көрмегенде бас мына,
Көкірегімді көтеріп ем зор қылып.
Белім бір күн құл-құтанның астына,
Тастай салды қайран басты қор қылып.

- Күнәсіз боп өтер едім өмірден,
Асқазаным жасамаса сатқындық.
Өлең үшін өксік болып төгілген,
Әлдекімнен ат міндік.

Сондықтан мен талап етем сендерден,
Жүрегімнен төмен қират, құлат та.
Ақын деген – жүрек пен бас мен көрген,
Қалған тәні пенде оның бірақ та.

Тас тұғырға аң-таң болып қарадым,
Тас тұғырда қатып қапты, ызалы.
- Құлқыныңнан аулақ болғын қарағым,
Беліңді де байқа бала, бұзады.

Нелер сұмдық жасаймыз-ау әлі біз,
Шекемді кеп секемді ойлар ұрады.
Осы біздің тұтас дейтін тәніміз,
Періште мен пенделіктен тұрады.

05.03.2015 ж

***

Әйел деген - әдемі бұлт, ақ мамық,
Ақ үміті жүр ме соның ақталып?
Көңілінен қар жауады ақ ұлпа,
Қалады ол да тапталып!
Бір күні сол қабарсыған қайғы алып,
Кетпесін де қара бұлтқа айналып.
Жанарынан жас жауғанда, басыңды,
Қашар едің қайда алып?
Ақша бұлтың күн өткізбес төбеңнен,
Көрем деме, оны тіпті, төменнен!
Әйел деген әу бастан-ақ жаралған,
Бұлттай жеңіл өлеңнен.
Болмысы оның бұлттай нәзік болғасын,
Көтере алмау ер жігітке ол да сын.
Жеңіл бұлттың көздерінен бұршақтап,
Жаумасын де, ауыр-ауыр қорғасын!
Көзіменен сүйеді олар... Күлімде,
Құлақ үшін – балың бар ғой тіліңде.
Жылауық бұлт жылай берсе, төбеңе –
Найзағайы жарқ етеді түбінде.
Желөкпелеу махаббаттың жолында,
Еркек жел ғой, (бағым ба әлде сорым ба?)
Бұлттан қандай бейне жасайм десе де,
Бәрі соның қолында!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар