(Әңгіме)
Біздің ауылдың жоғарғы жағында жарқыраған, еңсесі биік ақбоз үй тұратын. Оны елдің бәрі Шәріп ағаның үйі дейтін. Шәкеңді мен бала кезімде көрдім, мұнтаздай таза киініп, тік жүретін сырбаз адам еді. Біздің ауыл, деп отырғаным мына іргедегі кеншілер кенті. Шәріп аға кеніш басқармасында, шамасы есепші, бәлкім инженер ме екен, әйтеуір, бір маңызды қызмет істейтін-ді. Ондайға онша мән бермейтін жастау кезіміз ғой, әйтеуір, Шәкеңді елдің қатты құрметтейтіні есімде. Ол кісінің бәйбішесі Рәуіш тәтейді де көрдік, бастауыш сыныпқа сабақ беретін, кереметтей биязы адамтын. Үлкендер айтып отыратын «нағыз құдай беретін адамдар» деп. Ол кезде әңгіме төркінін қай бір ұғатындаймыз, дегенмен, мүсіркей сөйлеген сөз емеурінін бала болсақ та, әлде бір жұмбақ сырдың нобайын сезетіндей едік. Кейін өсе келе білдік Рәуіш тәтей екі құрсақ көтерген екен, екеуі де жастай шетінеп кеткен. Әсіресе, екіншісі әпі-тәпі қаз басып жүргенде мұрттай ұшыпты. Рәуішке де соның қайғысы ауыр тиіп, уайымнан жатып қалған деседі. Әйелінің күннен күнге солып, жүдеген қалпына шыдамаған Шәкең бірде:
- Рәужан, қарағым, құлақ сап тыңдашы, мені. Болған іске болаттай деген,.. Бәрі бір Алланың құзырында ғой, Аллаһ бізден қорқама, өзі берді өзі алды, осыған тәуба қылайық-та. Өзіңді аяшы, мені аяшы, бірімізге біріміз сүйеу болып тіршілік қылғанымыз дұрыс, бұлайша күйзеле бергенің болмас, Рәужан, басыңды көтер, өлмектің артынан өлмек жоқ, - деп күйзеле, күңірене сөйлейді.
Рәуіш те, есті әйел ғой азаматының күйзеліп айтқан әлгі сөздерінен кейін басын көтеріп, көз жасын сүртіп:
- Құдайға тәуба, тәуба қылдым, басым жерге жеткенше мені сенен, сені менен айырмаса екен, - деп ағыл-тегіл жылап, көз жасын әзер тиған. Екеуінің қайғысына ел болып күйзелген дейді, бірақ кімнің қолынан не келгендей. Алланың бермесіне не шара, сонан кейін Рәуіш бала көтермепті.
«Бәріне уақыт емші» ғой арада талай жылдар өткен кез. Бір күні сәуір айының іші болуы керек Рәуіштің елде тұратын Сақи деген бірге туған бауыры болатын, алты баласы бар, ақарлы-шақарлы отбасы. Солар қалаға кетіп бара жатып, апа-жездесінің үйіне ат басын бұрмайма. Шәкең де сирек қатынайтын балдызының келгеніне қуанып, мал сойып, қонақ қылып, арқа-жарқа отырады. Сол жолы Сақидың әйелі Күләннің аяғы жетінші балаға ауыр екен. Рәуіш тәте келінінің мына әйбат қалпын көріп:
- Күланжан-ау, мезгілің жақын-ау деймін,.. осы тентегің, тегі, бізге бала болар ма? - деп бұдан бұрынғы тілегін тағы да еске салғандай болды. Жүзі жарқырап, риясыз күлген Күлән:
- Оныңыз рас, тәте, жүрегіңіз сезіп тұр ғой бұл сіздердің, жездем екеуіңіздің балаңыз, осы хабарды сіздерге айтайық деп арнайы келдік, - дейді. Мына хабарды естіген Рәуіш тәтеде ес қалған жоқ, Күләнді құшақтап екі бетінен алма кезек сүйіп:
- Шәкесі қайдасың деп, қуанғаннан абдырап, Күләнді қолтықтаған қалпы қонақ бөлмеге ұмтылды. Шәкеңде жақсылық хабардың шетін сезгендей өңі жадырап, жанары ұшқындап, әйелімен Күләннің жүзіне алма-кезек қарап қалған.
- Шәкесі-ау, саған сүйінші дейінші! Құдай қаласа, кішкентайлы боламыз! Алла ұзағынан берегей, - деп даусы бір түрлі толқиды. Ертеңінде Сақи мен Күлән жол жүріп кетті. Арада көп уақыт өткен жоқ Күлән босанып аяқ қолын аман-есен баурына алды деген хабар жетісімен, Шәкең мен Рәуіш қалжаға деп бір ту қойды салып алып, Сақидың аулына барып, аптаға жуық жатып келді. Онан кейін де дегбірі қалған жоқ, жердің шалғайлығына қармай сан мәрте қатынады. Әйтеуір алты айлығында осы Шәкімұратты етегіне орағандай алып келді.
Шәкең екеуі кішкентай ат ұстарының шілдеханасын жасады, алыс-жақындағы ағайын туысты, жекжат-жұрғатты түгел шақырып, аста-төк той жасап, балаға Шәкімұрат деп ат қойды. Содан бастап Шәкең мен Рәуіштің тілеуі Шәкімұраттың үстінде болды алақанға салып аялап, басынан құс ұшырмай, әлпештеп өсірді. Бірақ кішкентай Шәкімұрат жасында өте аурушаң болып, ата-анасына аз бейнет болмады. Рәуіш тәте де баласымен айлап ауруханада жатып, «Шәкіжаным тәуір болса екен» деп соның тілеуін тілеумен болды. Әйтеуір, Алла жар болып баласы екі жастан аса аурудан оңалды. «Апа» деп, «әке» деп былдырлап тілі шыға бастады. Сол кездегі әке-шешесінің қуанышында шек жоқ. Ол бір бақытты күндер екен ғой. Рәуіш тәте тәубәшіл жан еді, Жаратқанға күніне жалбарынып, «осы қуанышымызды көпсінбеші» деп Аллаға мінәжат ететін. Кім біледі ана тілегі қабыл болғандай баласы ержетті, мектеп бітіріп, әскерге барып отан алдындағы парызын абыройлы атқарып оралды. Баласы әскерден оралған соң көп ұзамай әкесі дүниеден озды. Көптен бері жүрегі сыр беріп жүретін ақыры содан көз жұмды. «Алла оңғарса, Шәкімұратты аяқтандырамыз» деп жүруші еді оған жетпеді. Бұ жалғанда пенде шіркіннің ойға алғанының бәрі бірдей орындала бермес.
Ақсақалы дүниеден озған соң Рәуіш бәйбіше мүлде жетімсіреп, қорғансыз, дәрменсіз күйге түскен. Күнұзын заңғарадай үйдің бір бөлмесіне қамалып алып, қайдағы-жайдағыны ойлап есеңгіреген жандай мүлгіп отырғаны. Қазірде солай алдақашан суып қалған түскі шайдың дастарханы да жиналмаған. Осы кезде көрші үйдегі Шайгүл келін:
-Апа, аман-саусыз ба?- деп үйге сөйлей кіріп, табалдырықтан аттар-аттамастан Рәуіш тәтенің мүлде жүдеп отырған қалпын көрген ол:
- Апа, сізге не болды, ауырып қалғаннан саусыз ба?- деп мазасыздана бастаған-ды. Үй иесі сонда ғана өзінің меңірейіп босқа отырған қалпын аңғарғандай, бойын тез тіктеп алды.
- Айналайын, Шайгүлжан, сенбісің, рахмет саған кіріп жағдайымды біліп жатқаныңа. Ауырған ештеңем жоқ, осындай уақытта Шәкең түскі асқа келуші еді... Е... қарағым-ай, көрген түстей бәрі өте шықты ғой. Шәкеңді айтам да, біраз жүре тұрмай,.. –деп даусы кемсеңдеп көзіне жас алды. Шайгүл де Рәуіш тәтені аялай құшақтап:
-Апатай –ау, оныңыз не, қайғыра бермеңіз, Шәкімұратыңыз бар емес пе, енді келін түсіріп, немере сүйіп, соның қызығын көруге жазсын, - деп жаны елжіреп уатқан болып жатыр.
Сырттан ит үріп, машинаның гүрілдеген дыбысы естілді. Іле-шала сыртқы есік сықырлап ашылып, үйге Шәкімұрат кіріп келді. Қасына ерген өзіндей екі-үш жігіт бар. Баласын көрген Рәуіш апайдың жүзі ілезде жадырап:
- Шәкіжан, балам-ау, сенбісің, аман-есенбісің?! - деп орнынан жеңіл көтерілді.
- Қалаға көшеміз, апа, көшіріп әкетуге келдім, - деді сырт киімдерін шешіп жатқан баласы.Соны айтты да қасындағы жолдастарына:
- Сендер шешініп жайғаса беріңдер,- деді өзі әлде неге апыл-ғұпыл асығыс. Шешесінің де амандығын сұрап жарытқан жоқ.
Мына сөзді естіген Рәуіш тәтенің өңі жуған шүберектей оңып, бір сәт абдырап қалды. Жасынан бетін қақпай еркелетіп өсіргеннен бе, кім білсін, әйтеуір, Шәкімұрат кішкентайынан солай - бірдеңені сұраса, бірдемені жасаймын десе сонысына жетпей тынбайтын. Жылауы бар, неше күн нәр сызбай жатып алуы бар, әйтеуір ойға алғанын жасататын.
Шәкең ақсақал баласының бұл «қасиетін» кейде құптап отыратын, «алған бетінен қайтпайтын, қайсарым менің» деп баласын кейде қолпаштап алып, артынша «бұл мінездің жақсы жағы да, теріс тұсы да жоқ емес, бәрін ақылға жеңгізсең опық жемейсің» дейтін. Әке сөзінің басын ұқса да соңғысын бала неме парықтаған емес. Содан келіп ол өзімшіл, айтқанын істетпей қоймайтын өркөкірек болып өсті. Кішкентай күнінде оның бәрі сыйымды болғанымен есейе келе нағыз жексұрын мінез болып шықты.
Баласы әскерден келген соң Шәріп ақсақал шағын ауылдың үлкен кішісін түгел шақырып, екі күн дуылдатып той жасап, елді де масайратып өзі де арқа – жарқа болып, бір түлеп қалған. Той тараған соң баласын қасына алып, шүйіркелесе сөйлесіп отырып:
- Мына біздің басқармада бір жұмыс бар, жолдастарға айтып сені соған іліктіргелі отырмын, сонсоң сырттай оқуға түсіп алсаң болды, осыған қалай қарайсың,- деп баласының жүзіне барлай қараған. Өз айтқаны болмаса кісі сөзіне құлақ аспайтын шолжың неменің мінезінен қауіптенсе де, келісетін шығар деп үміттенген еді.
- Әке, - деді баласы, әкесінің аялы жанарына көзін түйістірмей бұрып әкеткен қалпы,- мен енді кішкентай емеспін ғой, ананы іш, мынаны ки деп өбектей берудің қажеті қанша. Жұмысқа тұрам, бірақ мұнда емес, қалаға кетемін, сіздерді сонда көшіріп аламын. От жағып, сиыр сауып, мал ұстап, итшілеудің керегі не? - деді.
«Әке - балаға сыншы» деген Шәкең жаңылмаған екен. Тағы бірдеңе айтайын деп оқталып еді, ұлы:
- Әке мен бұл «шаңы шыққан шаңқайда» тұрмаймын, ел секілді қалада, сәулетті үйде тұратын боламыз,- деп орнынан тұрып кетті.
Күн батып бара жатқан кез еді, Шәкең ұзақ отырып қалды. Ойы шашырап тұрақ табар емес, мүмкін баланың сөзі де дұрыс шыған, жастар қазір мұндай жерге тұрақтар ма. Біз өз өмірімізді осы, жаңа баласы айтқандай, «шаңы шыққан шаңқайда» өткіздік. Кіндік қанымыз осында тамды, туған топырағымыз осы, әкеміз бен анамыз да осында жатыр, солардың жанынан топырақ бұйырса, ендігі арман сол секілді. Ал, қазіргі баланың жөні басқа дедік, ненің жақсы, ненің жаман екенін өзі пайымдар деп бетінен қақпадық. Енді азамат болғанда қақпалағанның жөні бар ма? Ынтасы солай ауып тұрса жолы болсын дегеннен басқа лажың қайсы. Кемпірімен екеуі әзірге тұғырдан тайған жоқ өз күндерін өздері көрер, қайта баласының аяғынан тұрып кетуіне тірек болар. Алла дендеріне қуат берсе болды.
Бұл уақытта күн де көкжиектен әрі асып, төңірек қараңғылық құшағына ене бастаған. Ол орнынан тұрып сыртқы шарбақтың қақпасын жауып үйге беттеді. Шәкең өзін осылайша қаншалықты жұбатқанымен көңілі әлденеге алаң, әлденеге күпті. Ең ауыры соны ешкімге айта алмайтыны, сырын біреуге ақтарса бәлкім жүрегіне батқан жүк жеңілдер ме?..Гәп, сонда, оны айта алмайды, айтамын деп аузын ашса-ақ, санасына сыймайтын бір қорқыныш бас салатын секілді.
Ол кезде Шәкімұрат он жасқа келген еді.Ойда жоқта Сахи балдызының келе қалмасы бар ма, қасына осы Шәкімұраттан екі жастай үлкендігі бар әне бір сотанақ ұлын ерткен. Қонақ бала келісімен ақ Шәкімұратпен шүйіркелесіп ойнап кетті. Балалардың бірін бірі жатсынбағанына үлкендерде разы болып, өткен-кеткенді әңгіме етіп отырған. Сөйткенше дастарқанға үлкен ас келіп, қонақ қол шайып қайта жайғасқаны сол еді, үйге Шәкімұрат алқын-жұлқын кіріп келді. Келе сала шешесіне:
- Апа! - деді.
- Не құлыным, байқа мына сорпаға түсіп кетпе, өзің,- деп баласының жүзіне аса зер сала қоймаған. Онысын тыңдап жатқан бала жоқ.
- Апа, маған, Сейіт айтты сен менен кейінгі баласың, сені Рәу тәтелер асырап алған, дейді. Мына сөз Рәуіштің төбесінен біреу суық су құйып жібергендей болды. Табан астында не істеп отырғанын білмей есінен адасып қалды. Мұны Шәріпте Сахидың өзі де естіді. Үшеуі де төбелерінен жай түскендей меңірейіп қалған. Кенет Сахи орнынан жалма-жан ұшып тұрып, далаға ата жөнелді. Ізінше баласын жетектеп үйге қайта кірген ол:
- Қане, айтшы не дедің, Шәкімұратқа, - деді баласына, өңі түтігіп, зеки сөйлеп. Бала да сасқалақтап:
- Мен жай айтқам оған, сенің ағаларың жоқ мен саған аға боламын, сен менің інімсің дегенмін.
- Иә, айттың, сенде менің апам Күләннан туғансың дедің.
- Мына сөзді естіген Сахи мүлде түтігіп кеттіп, ұлын жаққа тартып жіберді:
- Оңбаған, қара мұның істеп жүргенін, - деп тағыда ұрып жібергісі келіп қолын көтергенде Сейіт есіктен лып беріп сыртқа ата жөнелді. Бұл әңгіме осымен аяқталып, қонақтар үнсіз отырып тамақтарын ішіп, аттанып кеткен еді. Сахи аттанар алдында апа-жездесіне:
- Баланың сөзіне ренжімеңдер, балалықпен ойнағаны шығар, - деп баласы үшін жуып- шайған болып кешірім өтінген-ді.
Бірақ мұны балалық десе де «айтылған сөз атылған оқ» секілді, Шәкеңнің де Рәуіш апайдың да жүрегіне шөңгедей қадалып, талайға дейін мазаң күйге түсірді. Бәріне уақыт емдейді демекші, одан бері қаншама жылдар өтті. Ата-ананың қартайып баланың ержеткен шағы. Сейіттің сөзі де уақыт тозаңына көміліп, санадан ұмыт болды. Солайы солай-ау, бірақ қанша ұмытылса да күндердің күнінде әлгі сөз, алдарынан сопаң етіп шыға келетін. Осындай оймен олар өмір сүрді.
Сол сөз қазір де Рәуіштің қарсы алдынан шыққандай. Олай ойламаса да болар еді, бірақ ойламасқа шамасы жоқ.
Күлән келіні Шәкімұратқа дейін алты құрсақ көтерді, төрт- ұл, екі -қыз. Бәрі де дін аман, алды үйлі жанды азамат болған. Соның үшеуі қалада тұрады, солар Шәкімұратты желіктіріп, бауырларына тартып жүрген секілді. Рәуіш содан күдіктенеді. Марқұм отағасы Шәріп ақсақал бірде:
- Рәужан, ренжімей тыңдасаң бір әңгіме айтайын ба? - деді. Сөзді алыстан орағытып әйелінің қабағын бағып тұрғандай. Сондағы айтқаны, сен осы Шәкімұратты ана Сахидың балаларынан қызғанасың ба, алты айлығынан бастап бауырыңа салдың, ақ сүтіңді ембесе де, аналық шуағыңа бөленіп өсті емес пе. Тым қақпайламайық, енді ержеткен де соларға кетіп қалар деймісің. Әйтеуір, аман болсын де, аман ердің аты шығады деген, - деп байыппен ой тастаған еді. Рәуіш отағасының сөзіне дау айтпады, келіскен рай танытқан болды.
Ал мына жағдайда не істеу керек. Әкесінің қырқын бермей жатып, қалаға көшкені қалай. Кеше ғана дүниеден озды, әке топырағы құрғамай жатып,.. Астапыралла, атай көрме. Өзіне салса ешқайда қозғалғысы жоқ.
Келген қонақ балалар тамақтанып болған соң жатар алдында далаға шықты. Осы кезде Рәуіш ұлымен оңаша отырып, биыл көшудің реті болмайды. Әкеңнің қырқын, жылын өткізбей ешқайда кете алмаймын. Ал саған тоқтау қоймаймын, бара ғой, келіп тұрасың, -деді.
- Ой, Апа...ай, тағы да бастадың ба? Мен қалада жалғыз тұра алмаймын, сен мұнда жалғыз өзің қалай тұрасың. Ағаш жарып, от жағып тоңып-сеңіп жүресің бе? Әкейдің қырқын жиналып келіп осында береміз. Соған не таусылатыны бар, - одан да жүкті жинастырып көшуге дайындалыңыз, - деп орнынан тұрып кетті. Сөз тыңдаса қане?.. Сөз тыңдаған адамның құлы болады екенсің ғой.
Мынадан соң Рәуіштің ойы астан-кестен болды, бар айтқаны:
- Шәкіжан-ау мұның не?-деп бір түрлі кейіп, үнсіз отырып қалған. Осылайша әрі-сәрі күйде жүріп дастарқанды жинап, жатын бөлмесіне кірді. Көңілі күңгірт тартып, әлде не еңсесін езіп тұрғандай. Күнде жарқырап тұратын бөлменің ішін де көңілсіздік жайлап, тұнжырап, түнеріп алған. Рәуіш болса бөлменің ортасындағы үлкен төсектің шетіне шешінбестен қисая кетті. Ақсақалының артын өткерместен балаға еріп, қалаға көшкісі жоқ. Жаны оған күйзеліп жатқан жоқ. Құрсағын жарып шықпаса да алты айлығында баурына басып, жүрегінің жылуын төгіп өсірген баласының анасына соншалық суығы қалай. Кішкентай кезінде мұндай еместін «апалап» мойнынан құшақтап, етегіне оралып соңынан қалмайтын сәби қылығын қалай ұмытсын. Жүрегі еріп, тілеуі соның жолында болды емес пе. Осылайша, ой кеміріп жатқан ол таң алдында ұйықтап кетіпті. Әлдененің тасыл-гүрсілінен оянды. Сөйтсе баласы үйдегі жүктің бәрін машинаға тиеп жатыр. Кеше ғана салтанаты жарасып тұрған бөлмелер босап қалған. Рәуіш бейшара жағдайдың мұншалықты шұғыл болатынын ойламаса керек, тіпті есінен танғандай өңі бозарып, ағарған самай шаштары бұрқырап, әжімді жүзі күйзеліп, сілейген қалпында тұрып қалды. Кенет бойын ашу кернегендей:
- Балам, менің төсек орныма тиме, қалғанын алда жүре бер!- деді. Өңі бір түрлі өзгеріп, ашулы жүзін баласына тіктеп қадаған ол:
- Неге сөз ұқпайсың, мен биыл көшпеймін дедім саған, - деп ұлына дауыс көтере сөйледі. Бұл Рәуіш ананың баласына ең алғаш рет дауыс көтеріп, қатты ренжіп айтқан сөзі осы еді.
- Жарайды, жарайды, көшпесең,.. ашуыңды басшы, апа,- деді Шәкімұратта шешесінің суық жүзін бірінші рет байқап,- мына көрші үйден барып шай-пай ішейік, жаңа шай жасап қойдым деген, жүріңіз сонда баралық, - деп, анасын алдаусырата бастаған.
- Жоқ онда бара алмаспын өздерің бара беріңдер. Өзімде де шай бар,- деді әлі де ашуы қайта қоймаған, Рәуіш сол бетте далаға шықты. Осы кезде көрші үйдің қақпасынан шығып келе жатқан Мұнар қария:
- Бәйібше, бұл қалай болды? Сіздер көшеді деген тіпті ойымызға келсейші. Өмір бойы іргеміз суымаған жандар едік, көшетіндеріңізді біз қалай білмей қалдық, дұрыстап дәм татыңыздар енді,- деп Рәуіштің көңілсіз жүзіне бажайлай қарады.
-Алла разы болсын, менің ешқайда кетейін деген ойым жоқ. Мына Шәкімұрат, қарағым, қалаға жұмысқа тұрған соң керек жарағын алып кеткелі келген ғой,-деді. Бәйбішенің сөзін онша ұқпаған қария:
- Жүріңіздер, тамақ дайын тұр, үйге кіріңіздер, - деп көршілерін үйге бастап жүрді. Мұнар ақсақалдың жасы Шәріппен шамалас еді, екеуі де кішкентайынан бірге өсті, бірге жүрді. Осы кеңшардың көшелерін шаңдатып жалаңаяқ жарысқан бала кездерінен бастап, есейгенде де жұптары жызылмай өмірдің жақсы –жаманын бірге көрді. Туысқандай болып кеткен тілеулес жан еді. Бізге айтпай көше жөнелгенің қалай деуінің жөні бар. Рәуіш оны сезіп отыр шәй үстінде де көшем деген ойда емес екенін қайталап айтып, ақсақалының жылын өткермей ешқайда кете алмаймын деген. Бұл уақытта Шәкімұрат апыл-ғұпыл тамақ ауыз тиісімен сыртқа ата жөнелгенді.
Шәй ішіп сыртқа шыққанда Рәуіш үйдің сыртында бауры жер сызардай болып қайқая жүк тиелген машинаны көрген де, жүрегі дір ете қалды. Тез - тез басып үйге кірді,..Түнде ғана жатып шыққан бөлмесі қаңырап бос тұр, жиған-терген мүлкі, төсек орны бәрі-бәрі тиеліп кеткен. Бұл кереметті көрген Рәуіш апаның көңілі мүлде құлазып, мына қаңырап қалған бос бөлмелер секілді іші-бауры үңірейіп қалды. Сол-ақ екен буын-буынынан әл кетіп дел-сал болған ол бойын ұстай алмай табалдырыққа сылқ етіп отыра кетті.Онсызда жанының жартысы - өмірлік қосағы Шәріппен бірге кетіп еді, ендігі халі мынау, жұртта қалған жетім күшік секілді. Үлкен бөлменің босағасына сүйенген қалпы көзінен аққан тарам-тарам жасқа ие бола алмай, өксіген қалпы отырып қалған. Осы кезде сыртқы есіктен:
- Апа, қайдасың, жүріңіз енді,-деп үйге кіріп келген баласы бос бөлменің ортасында егіліп жылап тұрған анасын көрді.
- Апа, неге сонша таусыласың, шетелге көшіп барамыз ба? –деп анасына өзінше тоқтау айтқан болды. Рәуіш баласының сөзін әзер естіді, сонсоң көзінің жасын сүртіп, бойын жинаған ол:
–Қарағым, Шәкімұрат, айналайын, -деді көзінің жасын ормалының шетімен сүрте түсіп,- бетіңнен жарылқасын, саған айтарым әкеңнің басына құлыпы тас қюды ұмытпа, құлыным,-деп күйзеле тіл қатты.
- Қоям, әрине, оны уайымдама. Жүріңіз енді бөгелмейік, - деді ол.
- Сен шыға бер, қарағым, мен ішкі есіктерді жауып шығайын, - деп баласы шығып кеткен соң аз-кем бөгеліп қалды. Ауызғы бөлмеде жуан тіреу болатын. Өзі осы үйге келін болып түскенде бар еді. Бірде күйеуіне айтқаны бар: «Шәкесі осы тіреудің керегі қанша, ағаш үйге қазір ешкім де тіреу тіремейді ғой», деп. Шәкең оған жай күмілжіді де қойды. Бірақ тіреуге тиіспеді. Кейін оған Рәуіштің де көзі үйренді. Шәкең мал жайғап келгеннен соң үнемі сырт киімдерін осы тіреудің жоғары жағындағы жуан темір ілгекке ілетін. Сол темір ілгек, әлі де со қалпында, енді қаншама жыл тұрарын бір құдай білер. Рәуіш темір ілгек пен кәрі тіреуді бірінші рет көргендей сүзіле қарады. Өткен күндердің ескі елесі секілді.
Даңғырап бос қалған бөлмелерде шашылған газет-журналдар, төгілген шырпы талдары қобырап жатыр. Пештің үсінде от көсейтін шүмшуір мен пештің алдында тұратын тоқал орындық қана қалыпты. Бұлар қаланың үйіне керек емес. Рәуіш үңірейген бөлменің ішіне бұдан әрі қарауға дәті шыдамағандай, жүзін құбылаға бұрып, тізерлеп отырды да ішінен білетін дұғасын оқып, Алладан кешу сұрады, баяғыда тәуіп атасы айтатын еді: «Адамнан сұрама, Алладан сұра» деп, Алладан сұрарым құдай қосқан қосағыма о дүниеде де серік ете көр мені, деп әжімді жүзі мүлде қуарып:
- Шәке, сен кешір, сені мұнда тастап мен ешқайда кете алмадым, - деді.
Осыны айтқан ол орнынан дереу тұрып, жаулығының бір ұшын тұзақтап, екінші басын әлгі темір ілгекке байлап, жұртта қалған тоқал орындықты аяғының астына қойып соған шықты. Мойнына ілгектеп байлаған жаулығының екінші ұшын іліп жатып соңғы рет үйдің ішіне қарағысы келді. Бірақ қарай алмады. Өзінің от жаққан үйі, талай қызық қуанышты өткерген қасиетті мекені, соның босағасынан ана дүниеге аттанғалы тұр. Құдай қосқан қосағының соңында қалып, қалған ғұмырын жылап өткізгісі жоқ. Сол сәт табанын тіреп тұрған тоқал орындық домалап түсті. Қаңыраған бос бөлмелерді орындықтың «сарт» еткен дыбысы ғана аралап кеткендей болды. Рәуіш денесі бұлқынбады да, қолдары да көтермеді, тікесінен-тік асылған қалпында өмірден озды.
Бұл кезде «Шәкең үйі көшеді екен, баласы келіп Рәуіш тәтені қалаға көшіріп әкеткелі жатыр» дегенді біреуден біреу естіп, есік алдына бір талай адамдар жиналып қалған. Келгендердің бәрі де, Рәуіш тәтені қайда десіп жатты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.