Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СЫН
/
Жанның сәулесін сөзбен салған сурет (Алтынбек Ибра...

Жанның сәулесін сөзбен салған сурет (Алтынбек Ибрагимнің «Көрінбейтін бояулар» кітабы туралы)

20.10.2025

4010

Жанның сәулесін сөзбен салған сурет (Алтынбек Ибрагимнің «Көрінбейтін бояулар» кітабы туралы) - adebiportal.kz

Бұрын Алтынбек Ибрагимді айтыскер ақын ретінде танитын едім. Сырттай сыйлайтын бауырым-тын. 

Жуырда сол сыйлас бауырым маған «Көрінбейтін бояулар» деген кітабын сыйлады (Алматы: «Принт плюс», 2025. – 60 б. ). Пышақтың қырындай ғана кітап екен. Демалыс күндерінің бірінде шолып шыға қояйын деген ниетпен алғашқы сөйлемін оқымақ болып, соңына қалай жеткенімді аңғармай да қалыппын. Міне, мұны «жаны бар» шығарма десек болады. 

Сонымен, Алтынбек Ибрагимнің «Көрінбейтін бояулар» деген алғашқы кітабы – шағын әңгімелерден бас құраған, әр шығарманың өзіндік ерекшелігі бар нәзік дүние екен. Бұл жинақта жазушы көркем мәтінді сурет сияқты салыпты, яки әрбір сөйлемінде бояу бар, әрбір эпизодында жарық пен көлеңкенің өз ойы бар.

Алғашқы әңгіме – «Балалық арман» – баланың рухани ояну сәтін бейнелейді. Мұғалімнің «Кім боласың?» деген сұрағына сыныптағы басқа балаларша емес, «Леонардо да Винчи боламын» деп жауап беретін кейіпкер – болашақ өнер иесінің алғашқы бейнесі. Мұндағы ерекше жауап күлкі мен таңданыс тудырғанымен, ол баланың ішкі әлеміндегі ерекшелік пен дербестік ұмтылысының көрінісі. 

Автор бұл эпизод арқылы қазақ баласының қиялы шектеулі ортадан биікке ұмтылатынын, өз орнын табуға талпынатынын көрсетеді. Осы тұста Алтынбек Ибрагимнің стилі – нәзік психологиялық бақылау мен сабырлы баяндаудың үйлесімі.

«Ерекшеленудің қаупі» деген әңгіме жинақтың философиялық өзегін құрайды. Мұнда ауыл тұрмысындағы бір қарапайым көрініс – бала мен тауық балапандарының оқиғасы – ерекшеліктің құнын ашатын символдық деңгейге көтеріледі. Қызыл жіп – өзгешеліктің нышаны. Ол бір жағынан ауру балапанға белгі болса, екінші жағынан қоғамнан бөлектенудің, жалғыз қалудың белгісі. Бұл көрініс кейін кейіпкердің өмірлік тәжірибесіне айналып, оның өнер мен өмірге деген көзқарасын анықтайды. Жазушының шеберлігі сол – кішкентай деталь арқылы үлкен философияны ашуы.

Кітаптың ең әсерлі бөлігі – «Сурет көрмесі». Мұнда суретші өз арманындағы көрмені өткізеді, бірақ жаңа әдіспен салған картиналары отқа оранады. Бұл көрініс – шығармашылық пен шындықтың қақтығысын, өнердің өтпелілігі мен мәңгілігін бейнелейтін терең метафора. Өрт – физикалық апат қана емес, рухани тазару сәті. Ал қарғаның қауырсынына жазылған «Ешкім шындықтан қашып құтыла алмайды» деген сөйлем – шығарманың түйіні әрі жазушының философиялық ұстанымының көрінісі.

Алтынбектің әңгімелері – жоғары мәдениетті, нәзік ирониясы бар, бейнелі тілге құрылған. Ол оқырманды оқиғамен емес, оймен жетелейді. Әр әңгіменің астарында бейнелеу өнері мен әдебиеттің ортақ табиғаты сезіледі. Көркемдік стиль тұрғысынан автор қазақ әдебиетіне суреткерлік проза дәстүрін өзінше жаңғыртқан. Мәселен, шығармада бояулар көрінбейді, бірақ сезіледі, кейіпкерлер сөйлемейді, бірақ ішкі үні естіледі. 

Қысқаша айтқанда, «Көрінбейтін бояулар» – шығармашылықтың табиғаты мен адамның өзін іздеу жолы туралы терең ойға жетелейтін жинақ. Бұл кітап – заманауи қазақ прозасындағы көркем ойдың, рухани тазалықтың және өнер философиясының жаңа қадамы. 

Алтынбек Ибрагим сөзбен сурет салған суретші іспетті. Оның бояулары көзге көрінбесе де, оқырман жүрегінде жарқырайды. Шындығында, әр әңгімесіне иллюстрация салып, бояумен әрлеген автордың өзі екен. Ендеше, ақын Алтынбекке сөзбен сурет салуда, қылқаламмен сурет сызуда оң жамбасына келетін-ақ өнер екен. Қаламдас бауырымыздың шығармалық жолына сәттілік тілейміз! 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы 

Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan