Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жар басындағы алтын тақ (новелла)...

19.10.2016 3470

Жар басындағы алтын тақ (новелла)

Жар басындағы алтын тақ (новелла) - adebiportal.kz

Түс.jpg

Нұрлыбектің қалыңдығы түс көріпті. Түсінде Нұрлыбек биік жар басындағы алтын тақта отыр екен. Таңертең түсін анасына айтқан, бірақ Нұрлыбек деп айтудан ұялып, әкем отыр екен деген. Мақсаты көпті көрген анасына жорытып алу болатын. Анасы: «Жақсы түс, әкеңнің мансабы өсейін деп тұр екен» деп жорыған. Қыз іштей Нұрлыбектің мансабы өседі деп сенді. Кейін телефон арқылы Нұрлыбекке айтқанда ол мәз боп қалды. Биік жар да қазақ ұғымында биік мансапты білдіреді, ал алтын тақ – билік екені айтпай-ақ белгілі. Қызметім жоғарылайтын шығар деп жорыды. Дегенмен қыздың анасына жорытқанда «әкем отыр екен» деп айтқанына аздап налыды, түс дегеннің кімге қаратып жорысаң соған ауып кететінін бір естігені бар еді. «Қап, әттеген-ай, жақсы түстің басқа адамға кетіп қалғанын қарашы» деп ойлады.


Өседі дейтіндей мансабы да жоқ, бір қалалық газеттің қарапайым тілшісі. Оқуды бітіргені кеше, соңғы жылғы практика кезінде аға-көкелеп жүріп осында жұмысқа тұрып қалған. Пәтер жалдап тұрып, айлығына қарап қана қалтылдап өмір сүріп жүрген көп жастың бірі. Ал қалыңдығы болса, оқу бітіре салып өзінің туған ауылына қайтқан. Ауылдағы мектепке мұғалімдік істеп жүр. Екеуі бір жылда оқуға түсті. Бірін бірі білмей, үшінші курстың соңына қарай танысты. Бірден үйленуге жағдай мүмкіндік бермеді де, қыз уақытша ата-анасының жанына кетті. Нұрлыбек болса тезірек үйленудің қамын ойлап, тырысып жүр. Қанша талпынса да оң жамбасқа келмей жатқан тірлігіне кейде налитын.


Қалыңдығының түсінен кейін өмірінде бір жаңалық болатынына сенді. Бұған дейін де, бірнеше түстің айдай анық келгені бар. Әжесі жарықтық та жап-жақсы жорушы еді-ау... Содан болса керек Нұрлыбек әйтеу үмітті. Енді сол жақсылық қай тараптан келетінін ойлап басы қатып жүр. Кейде «Папаң қалай? Не жаңалық бар?» деп қыздан сұрап қояды. Онысы бұған бұйыратын бақ қыздың әкесіне ауып кеткен жоқ па екен дегені. Ол жақта да еш жаңалық жоқ. Өмір сол бұрынғы қалпында тып-тыныш өтіп жатыр. Газеттің жауапты хатшысы жұмыстан кетті, бірақ көп күттірмей жаңа жауапты хатшы жұмысқа келді. Айлық та өскен жоқ, мардымды қаламақы да түскен жоқ.


Түс көрген күннен бір аптадай уақыт өтті. Нұрлыбек енді түсті басқаша жорый бастады. Қыздың өзіне деген құрметінен туындаған түс шығар, оның мені сонша сүйетінінің белгісі болар деген ойға келді. Тағы бір хабарласқанда көп сөздің арасында: «түсіңде сен не істеп жүрдің?» – деп сұрап қалды. Қыз түсінде өзі болмағанын, тек Нұрлыбекті ғана көргенін айтты. «Һмм, қызық екен» деп қойды. Бірақ түс туралы ой бұнымен тыйылмады, қайта өрши түсті. «Биік жартас – егер абайламасаң, ол жартастан құлауың да мүмкін...», «... сонда қалай болды екен, жартас алдыңғы жағымда тұрды ма, артымда ма, әлде айналам түгел биік жар болды ма екен ә?...», «Алтын тақ демекші, дінде ер адамға алтын харам деуші еді...», «Түс жорыйтын кітабым бар еді, қай қуыста жүр екен?...»...


Жұмыстағы жайсыздық, күнделікті тұрмыстың таршылығы Нұрлыбекке «Жар басындағы алтын тақ» туралы ойламауға мүмкіндік бермейтін. Біреуге өкпелесе де, бір қиындық көрсе де, Алла қаласа «Алтын таққа» жетермін, сонда көрермін деп іштей тістеніп қоятын. Мынау бір қалыпты тірліктен жалыққан Нұрлыбек енді «Алтын тақты» жатса-тұрса ойлайтын болды. Күнде дерлік қалыңдығына телефон шалады. Сол кезде әйтеу орайын тауып көрген түсінің ұсақ детальдарын сұрап алып жүрді. Екі апта уақыт өтті, ешбір жаңалық жоқ. «Алтын тақ» өзі келмеген соң, Нұрлыбек оны іздей бастады. Турасын айтқанда, айлығы жоғарырақ жұмыс іздеуге кірісті. Қолы қалт еткенде, біраз мекеменің есігінен сығалап көрді. Бірақ орын жоқ, болса да үмітті адам көп. Әттең бір көкесі болғанда ғой...


Ақыры жаңа жұмыс іздеу де нәтижесіз аяқталғандай көрінді. Бірақ өзінің «жар басындағы алтын тақта» отырғанын елестету көңілін тоғайтып, жанын рахатқа бөлей бастады. Ол енді түсінің өмірде жүзеге асқанын күтпесе де, сол түсті елестетіп ләззат табатын болды. Бірақ өзі көрмеген соң, көргендей елестету қиынға соқты. Мысалы, жартас – қалың бұталы, қарағайлы өзі көрген жайлаудағы жартас па? Әлде жып-жылмағай жалтыр құз ба? Әлде бір құлама жардың шеті ғана ма? ... «Алтын тақтың» бейнесі, өзінің қалай отырғаны, жүзі нұрлы ма, алаңдаулы ма?... неше түрлі сұрақ туындады. Ақыры қызға, батылы барып, сол түстің суретін салып беруін сұрады. Қыз суретті жақсы салатын. «Ту, жан, саған не боп кеткен? Қойшы сол түсті...» деп таңдана күлген. Бірақ Нұрлыбек неше түрлі сылтау айтып, дұрыс жоруға керек деп суретін салғызды да, поштадан алғызып алды.


Нұрлыбек суретке ұзақ қарады. Сурет Нұрлыбек ойлағандай болмай шықты. Жапан далада жерден өсіп шыққандай дара шошайған тіп-тік жалғыз шоқы, оның басындағы аядай ғана текшеде алтын тақ тұр. Сол тақтың үстінде Нұрлыбекке ұқсайтын біреу отыр. Арғы жағы мұнарлы шалқар жазық, көз тоқтатар ештеңе жоқ. Жартас та тікенсіз тақыр. Алтын тақ аздап нұр шашатын секілді. Ал Нұрлыбектің бет-әлпеті бұлыңғыр...


Кенет көңілінде бір жайсыздық орнады, жаны құлазығандай сезініп, өзі жалғыз тұратын шағын бөлмеде отырып ауыр күрсінді. Панасыз сәбидей күй билеп, көзіне мөлтілдеп жас келгенін өзі байқамай қалды. Әуелде суретті төсегінің басына іліп қойып күнде қарап жүргісі келген, енді ол ойынан айнып қалды. Бір сәт қағазды жұмарлап жұдырығын жұма қатты қысты. Терең ойдың соңынан еріп, шалқалап ұзақ жатты...


Есбол Нұрахмет


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар