Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Жарқ еткен сәуле - ғұмыр...

25.03.2021 6302

Жарқ еткен сәуле - ғұмыр 12+

Жарқ еткен сәуле - ғұмыр - adebiportal.kz

Нұр-Сұлтаннан Түркістанға асыққан пойыз Қарағандыны басып өтті. Талай сырды ішіне бүккен кеншілер шаһарына келгенде екі қаланың тел баласы болып, рухани көпір орнатқан қаламгер, жан-жақты білім иесі, тума талант - Саттар Ерубаев ойымызға оралды. Балалығы Түркістанда, Ленинградтан білім алып келіп, еңбекке араласқан шағы Қарағандыда өткен тұлғаның алғашқы махаббатқа ынтыға хаттар жазып, жауапсыз сезімнің отына күйген жері де осы өлке еді ғой. Өзінің болашақ көшесінде жастардың сырласып өтіп бара жатарын сезді ме екен ақын жүрегі?!

Түркістандағы ақын музейіне асыға барғанымызда Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі - Ақсүмбе Бостан ағамыз аңқылдап алдымыздан шықты. Музей күрделі жөндеу жұмыстары үстінде екен. Жаңарған қалаға жарқын шырай беріп тұрды. Жанымызды жылатқан бір дүние ақын жастай солып кете барғанда анасының сене алмай вокзалдарда кездескен жолаушылардан "Ұлымды көрдің бе?" - деп өле-өлгенше іздегені болды. Дүниеде ана махаббатынан құдіретті не бар дейсің. Соңында іздеушісі болып отырған қарашаңыраққа қарап көңіл жұбаттық. Ақсүмбе ағамыздың әңгімесімен Саттар әлеміне еніп кете бардық...

Саттар Ерубаев жастайынан адам жанына терең үңіліп көркем проза мен поэзияны қатар алып шыққан талант. Ол қазақ публицистерінің алдыңғы қатарында болып, заманының өзекті түйткілдерін ашық көтере білді. Аз ғұмыры жастық жалынға толы. Осылайша, аз ғана уақытта көп еңбек етіп, артына жастық жалынға, шығармашылық шабықта, өршіл романтикаға толы еңбектерін тастап, қазақ әдебиетінің қасиеті төрінен жазушы ретінде өзіне тиісті орынды алды. Оның еңбеккерлігінен, табандылығынан үлгі алу – үлкен парыз.

Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» романында көмір өндірісінің қайнаған өміріне терең үніліп, жас қазақ инженерлері мен жұмысшыларының өсу жолын, өмір шындығын, адамдар арасындағы адамгершілікті суреттеген. Бас кейіпкерлер Рақмет пен Лиза арқылы жаны таза, білімді, жігерлі жандардың бейнесін кейнгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынады.

Әдеби ортаға Саттар желмен жарысқан жүйріктей екпіндеп, жұлдыздай жарқырай келді. Алдынан құшақ жайған зиялы қауымды терең білімімен, журналистикадағы жаңаша ізденісімен, өзіндік сыни ойларымен, жаңа сипаттағы өлең, баллада, пародиясымен сүйіндірді. Ленинградтың тарих-лингвистика институтын бітірген жастың ойы замандастарынан оқ бойы озық еді. Тіпті, «Казахстанская правда» газеті оны болашағынан үлкен үміт күттіретін ұлттық кадр деп бағалаған очерк жариялайды. Оның таудай талантымен тынымсыз ізденісі қандай құрметке болса да лайық еді. Оқуын үздік бітірген түлекті ғылымдағы бар мүмкіндігін ашу үшін ұстаздардың – аспирантураға қалдыруға ұсыныс білдіреді. Соған қарамастан қазақ өлкелік комсомол комитеті оны Алматыға алдырады. Сталиндік-голощекиндік ашаршылықтан қырылып, шаруашылығы тұралап тұрған кезеңде басшылығы ауысып, жас республикаға жаңа кадрлерге мұқтаж болып тұрған. Сондықтан бұл қатал тағдыр жүктеген уақыт талабы еді...

Саттар «Ленинская сменадан» бастап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Пионер» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде қызмет атқарды. Қосымша, жоғары ауылшаруашылық мектебінде дәріс оқиды. Бұл қызметтердің барлығы оның талғамын өсіріп, қаламын ұштады. Қоғамдық белсенділігін арттырып, шеберлігін шыңдай түсті.

Ол газет бетіне қызықты мақалалар жариялап, өткір де өзекті тақырыпқа өзі де тіке араласып әдебиет пен өнердің тәрбиемен үйлесе өркендеуіне үлес қосуды өзіне мұрат етті. Кейбір іске өзі қарсы болып, тікелей араласқаны үшін сөгіс жариялай отырып орнынан алды. Бұл сынақтардың ешқайсы да оның сағын сындыра алмады. Қазақ тілін білмейтін қазақтарға қарсы күрес ашты. Ол келер буынға рухани азық боларлық мәңгі өлмес көркем ескерткіш тұрғызды. Тірісінде мұқатқан комсомолдардың, арада ширек ғасыр өткенде, сыйлығының алғашқы лауреаты атанды. Бұл тарихи әділеттілікті көзімен көре алмай кеткені өкінішті-ақ...

Соңында өшпес мұрасы қалды. Оқыған сайын рухани сусындап, ләззат аласың. Шығармашылығының өн бойынан рухани нәр ғана емес, сол заманды, араласқан әдеби ортасын және өзі жайында көптеген мәлімет аласың...

Мына жолдарды қалай тебіренбей оқырсың: «Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім, Туып, өліп кетуді де маған аз ғой деуші едім. Ағаш-екеш ағаш-тағы көп көгеріп, қуарар, Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар