Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жастар жылының мүшәйрасы мәреге жетті...

21.06.2019 5567

Жастар жылының мүшәйрасы мәреге жетті

Жастар жылының мүшәйрасы мәреге жетті - adebiportal.kz

Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі жыл сайын өткізіп келе жатқан дәстүрлі жыр мүшәйрасы мәреге жетті. Биылғы жыр бәйгесі тұңғыш Президент – Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялануына орай, жастарға арналған болатын. «Жастықтың оты жалындап» деген айдармен жарияланған мүшәйраға отыз бес жасқа дейінгі жүзге жуық жас ақын үміт артқан жырларын үкілеп қосты.

Республикамыздың әр түпкірінен түскен өлең-жырларды «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің» басқарма төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі Дархан Қыдырәлі төбе билік еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе, тақырып аясынан табылып, төгілте, тебірене жырлай білген жас ақындардың өрнекті де өрелі өлеңдерін төмендегі жүлделерге лайық деп тапты. Сонымен Бас бәйгені республикалық жыр додасында көптен көрініп жүрген нұр-сұлтандық жас ақын Біржан Ахмер қанжығасына байлады. «Жастық жалыны» атты өлеңімен топ жарған жас ақынның аяқ алысы қазылар алқасының көңілінен шықты.

Алаштың атқан таңымын,

Тани біл, халқым, мені де.

Жастықтың ыстық жалынын

Сыйлаймын туған еліме! –деп ағынан жарылады Біржан.

Биылғы мүшәйраның жаңалығы «Мен - жастықпын!» атты жырымен Бірінші орынды олжалаған нұр-сұлтандық жас ақын Алаш Тұрсынәлі болды. Алаштың жастыққа тән ақындық арыны келешегінен мол үміт күттіреді.

Екі екінші орынды белгілі жас ақындар маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбай «Мәңгілікке ұласу», нұр-сұлтандық Ұмтыл Зарыққан «Рухым Хан Кенемен бірге менің» топтама өлеңдерімен бөлісті. Бұл екі ақынның да жырларындағы бөлек бітім, сырлы сарын көңілге қуаныш ұялатты.

Үшінші үш орынды нұр-сұлтандық ақындар Шерхан Талап «Тараз», Мұқият Қойшыбайұлы «Жүрегім менің сөйлеп тұр», Алматы облысы Текелі қаласынан Әділет Серікұлы «Ұлы дала төсінде» өлеңдерімен иеленді.

Бес ынталандыру сыйлығы қарағандылық Жәнібек Әлиманға «Мендік ғұмыр отпен тең», алматылық Құрманғазы Жұмағұлға «Смағұлдың Мәскеуге аттануы», Алматы облысынан Мұхтар Күмісбекке «Оң құлағы шыңылдайды Отанның», өскемендік Оразай Жеңісұлына «Алтай Жаңбыры», Нұр-Сұлтан қаласының №67 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Ернар Дулатұлына «Мен - болашақпын» атты өлеңдері үшін берілді.

Бәйгеге түскен өлеңдердің көбінің көркемдік кестесі айшықты болғанымен мүшәйраның нақты тақырыбының аясынан көріне алмандығын айта кеткіміз келеді. Қазылар алқасы негізінен осы жағына назар аударғандығын ескертеміз. Жыр бәйгесінің бас-аяғы бұл емес. Ел-жұрт, Отан аман болса, алда әлі талай аламан бар. Биылғы «Жастар жылына» арналған жыр додасынан қазақ жырының келешегі жарқын екендігіне көзіміз жетті. Қазақы қара өлеңнің мәйекті тілі төгіліп тұрған таланттарды көріп сүйсіндік. Мүшәйраға қатысқан авторлардың барлығына ризашылығымызды білдіре отырып, жұлдызы жанған жүлдегерлерді құттықтаймыз. Жалынды, дарынды, намысты қазақ жастары өркен жайып, қазақ жырының көсегесі көгере берсін!..

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі шілденің 2-сі күні Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар театрында» 17:00 сағатта өтеді.

Сәкен Сейфуллин музейі,

Ұйымдастыру алқасы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар