Ежелден дін мен дәстүр қатар өмір сүріп келе жатыр. Бұрынғы дәстүр сілемдері дінмен орайласып, жаңа түр, жаңа өң алып, кірігіп кеткен. Немесе кейінгі діни атрибуттан дәстүр қазанында қайнап, мүлде тұтасып, жымдасып, жаңа мазмұн, реңкке ие болып жатады. Діни кейбір ұғымдар, символ нышандар, сюжеттер тіпті сол халықтардың фольклорына айналып кететін мысалдар жетерлік. Рамазан айын мадақтайтын арабтың «иа шавгри рамазан» деп аталатын жырын қазақтар өздерінің әуеніне салып «жарапазан» атандырып жіберетін. Оны ел аралап айтушыларды «жарапазаншы» дейді. Жырдың арабша мазмұнына байламаған жарапазаншылар:
Мінгені пайғамбардың жирен дейді,
Бес намаз шамаң келсе үйрен дейді.
Бес намаз шамаң келмей үйренбесең,
Тіліңді темір істіккен түйрер дейді, –
деп мүлде қазақы қалпыңа түсіріп, төл фольклорға айналдырып жіберген. Тамаша фольклор!
Мұндай мысалдар жетерлік. Енді көршілес орыс фольклорындағы осындай бір діни мотивке назар салайық. Ол – «Георгий Победоносец» аталатын діни әулие жайындағы аңыз. Ол барлық христиан әлемінде ең бір әулие санатындағы жан. Бірақ солардың ішінде ежелгі Русьте ала бөтен сүйіспеншілікке ие болған. Әулие Георгийдің канондық өмірбаянына үңілсек, Рим империясының Кіші Азиялық провинциясы Каппадокийде III ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген текті әулеттен шыққан ол әскери қызметке тұрып, ол жерде өзін өжет жауынгер ретінде көрсетіп, өзінің жастығына қарамай әскери трибун деген жоғары шенге ие болады.
Бірде ол ғайыптан, Христос іліміне бой ұрып, әскери қызметін тастап, байлығын кедей-кепшікке үлестіріп, христиан сенімін уағыздаушы болады. Христиан дінін қатаң қудалаушы Рим императоры Диоклетианның бұйрығы бойынша Георгийді тұтқындап, христиан сенімінен қайтару үшін, азапқа салады. Бірақ Георгий өз сенімінен қайтпайды. Сондықтан жазаға ұшырайды. Христиан шіркеуі оны әулиелердің қатарына қосады. Әулие Георгий туралы діни сюжет осындай.
Патшалық Ресейде әулие Георгий есімі орыс жауынгерлерінің символы ретінде әспеттеледі. ІІ Екатеринаның жарлығымен 1769 жылы Ресейде Отан үшін жауынгерлік үлкен ерлік көрсеткен әскерлерге арнайы «Әулие Георгий» ордені бекітілді. Орыс әскери жүйесі, әскери рухы әулие Георгий есімін рух беруші символ, қуатты тірек, күш санайды.
Ал орыс фольклорында осындай діни канондық сюжетпен қатар әулие Георгий туралы халықтық діни-рухани жырлар да бар. Бұл жырларда ол табиғи күштерге иелік етуші пұт құдайлармен төркіндес мифологиялық персонаждар немесе ертегілік қаһармандар сипатын иеленеді.
Бұл жырларда Әулие Георгий табиғаттың өндіргіш күштерін туғызушы славяндар құдайы Ярилаға, енді бірде орман аңдарының билеушісі әрі үй жануарларының қорғаушысы Велеске теңестіріліп жатады. Әулие Георгийге арналған шіркеу мейрамдарының бірі 23-сәуір (6-мамыр) күніне келеді. Русьте дәстүр бойынша қыстан кейін бірінші рет осы күні малдарды жайылымға шығаратын болған. Шаруалар тұрмысындағы бұл маңызды оқиға кезінде бақташы үй жануарларын жыртқыш аңдардан қорғау үшін, қолына әулие Георгийдің иконасын алып, оны жануарларды айналдыра магиялық рәсімдер жасайтын болған.
Халық сенімі бойынша әулие Георгий бұл күні өзінің төңірегіне қасқырлар мен аюларды жинап алып, Георгийдің ерекше рұқсатынсыз үй жануарларына аса бір қажеттілік болмаған жағдайда тиіспеуін өтініп олардан уәде сөз алған. Бұл сенім «Что у волка в зубах – то Егорий дал» – деген халық мәтелінде көрініс тапқан. Георгийге ерекше табынып былай деген:
Егорий ты наш Храбрый!
Ты спаси нашу скотинку
От волка, от хищного,
От медведя лютого,
От зверя лукавого .
Әулие Георгийдің тұрақты эпитеті «қаһарман» сөзі оның қорғаушы – жауынгер рөлімен байланысты. Орыс жырларында Георгий атауы халықтық, қарапайым үлгіде – Егориймен алмастырылады. Көбіне әулиенің жат жерлік төркіні ұмтылып, оның туған жері Чернигов қаласы делінеді.
Орыс жеріне «басурмандар» патшасы Демьянище шабуыл жасап, қалалар мен селоларды өртейді. Егорийді христиан дінінен бас тартқызу үшін, азапқа салады. Сонда Егорий:
«Злодей царище Демьянище,
Безбожный пес басурманище!
Я умру за веру христианскую!» –
дейді. Орыс фольклорының мұндағы Демьянище деп отырғаны Диаклетианище. Рим императоры Диоклетиан «басурмандар» патшасы Демьянға өзгерген. Ал енді ІІІ ғасырда өмір сүрген Диоклетиан мен әулие Георгийдің тұсында қайдағы «басурмандар» (орыстар мұсылмандарды бұрмалап «басурмандар» дейді).
Ислам діні VІІ ғасырда пайда болған. Сондықтан да мұсылмандар VІІ ғасырдан бастап тарихтан белгілі. Мұндай анахронизмдер ежелгі Русьпен жауласқан көршілес түркі тайпалары қыпшақ, печенег, хазар т.б. қатысты кездеседі. Орыстармен жауласқан осы түркі тайпалары ол кездерде ислам дініне енген жоқ еді. Көбіне тәңірлік, кейбір жағдайларда христиандық сенімде болды (Қыпшақ ханы Юрий Кончаковичтің есімін еске алып көрейік). Кейінгі православиелік шіркеу авторлары әйтеуір орысқа жау болғандардың қандай сенімде болғанына қарамастан «басурман» деп атай берген. Рим императоры Диоклетианның да орыстың діни жырларында «басурмандар» патшасы Демьянище аталып кетуі де осыдан. Ешбір тарихи анахронизмге қарамайтын фольклордың заңдылығы осындай!
Сәбит Жәмбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.