Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жеңіс Қанен. Жарық жұлдыз жарқырайды санамда...

07.11.2023 2284

Жеңіс Қанен. Жарық жұлдыз жарқырайды санамда 14+

Жеңіс Қанен. Жарық жұлдыз жарқырайды санамда - adebiportal.kz

Бір тал қауырсын

Қайта-қайта жуып-шайып ішімді ақ арман,

Сағынышымды қалғып кеткен қырқам жамылсын.

Үп еткен жел лебіне ұшып жоғалған,

Көңілім менің, ағайын, бір тал қауырсын!

 

Көңілім менің, ағайын, бір тал қауырсын,

Үлбіреп үміт аспанына тағы ұшып шықты.

Өткенді ұмытып, мәңгіріп тұрсам, дәм ұрсын,

Нар мойынынан асып түсіп, намысым бітті…

 

Ауаны құр қармап өмір жетімек қолы,

Арманым – теріс тепкен доптай қаңғырды.

Кернеп алған махаббатым көкірек толы,

Ішімді өртеп, көздерімді оттай жандырды.

 

Сергіп алам, есеңгіреп бара жатамын да,

Жұлдыз жанды неше өшкіндеп, неше нұрланып.

Жаным жатыр мейірім алақанында,

Тұңғиық мұңға шұбалған етегін малып.

 

Қоңыр тірлік ем, үйренген құлағы шуға,

Шығып алып шың басына күнім ұшты кеп!

Ағайын, жұрт қарсы алып құрақ ұшуда,

Шаштым шаттықты ортаға бір уыс тілек…

 

Елік үркіп шығып бір сәт қырқамда аңырсын,

Құмырсқа – ойым қаз-қатар тізіліп барған.

Көңілім менің, ағайын, бір тал қауырсын,

Ұшқан құс қанатынан үзіліп қалған…

Сен

Сергелдең өмірім сенделесің бе?

Қиялыңды қағар қанат қыласың.

...Ақырын аяңдап СЕН келесің де, 

Көңіл есігінен қарап тұрасың.

 

Өзендер жоғалып, көлдер өшуде, 

Тілек қып айтамыз нені Құдайға?

Қасыма жақын СЕН келесің де, 

Қалдырасың ауыр мені бір ойға...

 

Жүрегім кейде тіл қатып қалады, 

Кешегіні ұмыту бүгін оңай ма?

Қарашы, әне, күн батып барады, 

Әлемді бөктіріп қызыл арайға.

 

Сезімім тасып аласың көпіріп, 

(Білініп бейуақыт ақ түн дерегі.)

Күн мен түннің арасында тұрып, 

Бірдеңе маған айтқың келеді ...

 

Айтқың келеді айта алмайсың да, 

Сырын дәл сендей қалар бүгіп кім?

Қара түнге енесің байқалмайсың да, 

Ішіне жұтылып қараңғылықтың.

 

Түнде жоғалып, ақ таңда пайда боп, 

Күнменен бірге өртеніп тұрасың.

Істер осыған менде айла жоқ, 

Сен неге өмірге еркелік қыласың?!

 

Жүресің, әйтеуір, сенделесің де, 

Қиялыңды қағар қанат қыласың.

Ақырын аяңдап СЕН келесің де, 

Көңіл есігінен қарап тұрасың… 

Қара тауда, түн ішінде 

Қара тауда, 

Түн ішінде шығып бітік тоғайдан, 

Қарыс азу тағы қабан тімтініп,

Шөп тамырын түртіп жейді маңайдан, 

Жатады оған біздің ауыл иті үріп... 

 

Жалғыздыққа жаны үйренген тораңғы, 

Боран тұрып, айтып болмай түнгі әнін. 

Тәтті ұйқымнан оянамын таң алды, 

Жас жаныма маза бермей "жындарым"... 

 

Күз бейнесі айқындалды даламда, 

Талдың жасыл жапырағы сарғайды. 

Жарық жұлдыз жарқырайды санамда, 

Ерке сұлу, айтам өлең сен жайлы

 

Қыстың күнгі ернеуіндей құдықтың, 

Қалыңдады өткен күнге сағыныш, 

Сенімімнің "саусақтарын қырықтым", 

Тәуекелім, мені биік алып үш! 

 

Достарыма дастарқан боп жайыла, 

Қастарыма тарылтпадым ындынды. 

Келем күйіп, 

өлеңімнің бойына – 

Сіңіре алмай тәтті, нәзік бір мұңды... 

 

Шөкім бұлттан сырғып өтіп барады Ай, 

Жетім қозым, маңырадың сен неге? 

Жарау аттай тықыршимын қарадай, 

Бауыр жазып түсе алмаған бәйгеге... 

Қызғыш ой

Әдемі дидарыңды нұр аймалап, 

Сен маған тұрып едің сынай қарап.

Табаныңның астында жер таңырқап, 

Қыр асып келе жатып күн ойланад(ы)?!

 

Жел ынтық сенің жүріс-тұрысыңа, 

Тілегін ту қып іледі түн ұшына...

Ынтызарлық көңілмен мен де жеттім, 

Тұлпарым тұяғынан жыр ұшыра...

 

Сәл ғана езу тартып жымиысың, 

Жете ме ғұмыр бойы сүю үшін?

Аспан да мөлдіретеді тұнық көзін, 

Жандағы жасыра алмай сүйінішін.

 

Бір маған бақталас боп барлық ғалам, 

Секілді-ау қадамымды мандытпаған.

Айналдым сендегі пәк сұлулықтан, 

Ешқашан қарашығын қалғытпаған!

 

Ұзатып түнді алысқа, таңды қарсы ап, 

Күзетіп, қандай ыстық, қалғыған шақ. 

Жөңкілген бұлақ, тынбай аққан өзен, 

Тұрғандай бір сен үшін барлығы ән сап.

 

Табылмай жан лебізің тұрған емге, 

Алғым бар сені құйып тура өлеңге.

Бір жұтым жұтып сенің жұпарыңнан, 

Жүре бергім келеді Нұрлы Әлемде…

Күннің оты

Таң келіп "алғанынша" түн жағасын, 

Несіне қараңғылық бұлданасың?

Лаплдап тұрады өшпей күннің оты, 

От екен, ол маздатып кім жағатын?

 

Жететін миллион шақырым жүріп өтіп, 

Сезінем мен сәуленің құдіретін.

Сансыз нұр шаншлар жер көкірегіне, 

Әйнегін көк аспанның тіліп өтіп.

 

Отырам ойда болып бір күпті өзім, 

Кеңістік жайнатты ғой нұр қып көзін.

Жатады терлеп-тепшіп жер бусанып, 

Оянып тәніндегі тірлік - сезім.

 

Ұшқан құс қасиет байлап қанатына, 

Үзеді қауырсынын көз ақыма.

Жер ғой бұл, тереңіне жасырынған, 

Өртеніп жататұғын өзі отына.

 

Жауса да қапалақ қар, нөсер мейлі, 

Ыстық күн махаббаты еш өлмейді.

Ақырын маңдайымнан өткен жылу, 

Түбіне жүрегімнің мекендейді.

 

Пенде болып, көңілінде көп алаң жоқ, 

Көзімнен күндей күліп төге алам ба от?

Жырлаймын жер мен көктің мейірімін, 

Тік тұрып орынымнан, мен адам боп!

Жезқоңырау

Адалдықтың әнін айта бастасам, 

Шықырлатып тас басам. 

Арамдықтың дәмін тата бастасам, 

Аярлармен астасам...

 

Тірлік – қайық, су үстінде ырғалған, 

Дауылдарда бол аман! 

Суық қолды сұмырай ғой – бұл Жалған, 

Адамдардың мейірімін тонаған... 

 

Жаңғырықтар – дауыстардың жалғасы, 

Жаламада жоқ ізі...

Біреулердің сынғалы тұр арбасы, 

Біреулердің өлгелі тұр өгізі!

 

Өңештері жыртылады әркімнің, 

Айғайы тән өзіне. 

Бірін-бірі жұтып қуған толқынның, 

Не көрінер көзіне?!

 

Ошағыңда от лаулдайды үрлесең, 

Келмес мүлде сөндіргің. 

"Заманыңа лайық бөрік ки!"- десең, 

Соның қамын жеп жүрмін. 

 

Тәуекелін беріп қылдай көпірге, 

Тіршілікте оған ынтық, бұған зар; 

Мынау байтақ қара жердің бетінде, 

Аман болсын адамдар! 

 

Адалдықтың әнін айта бастасам, 

Шықырлатып тас басам. 

Арамдықтың дәмін тата бастасам, 

Аярлармен астасам. 

 

Қой мойнына жезқоңырау тағулы, 

Барлығын да аңғардым... 

Алаң еткен менің қоңыр жанымды, 

Қылдай жүзі қанжардың!    

Томаға тартарда

Ұятты қойшы, өлімнен болсада күшті!

Ақ сұңқар еркіндік аспанын аңсап-ақ ұшты.

Кірпігі сынған қайғыдан қара жер – ананы,

Сұлу Ай еңіреп келіп қаншама құшты...

 

Қар қалың жауар, қарқылдап тәмәм жұт - қарға...

Күн кетті бекініп алар қамал қып тауға...

Аңсап ел құлшынып ерді есіл сенімге,

Қаншама ер тұншығып өлді адалдықтарға?!

 

Бітеді

тастақта тағасыз тұяқ та желініп,

Сайда сандалсаң, шығасың қыратқа жерініп.

Алтын ер көп мінсең қажиды тақымың,

Шыдай алмайсың дәйім шуаққа көміліп!?

 

Қажыр сыйлаған қайтпас қараңғы түн маған,

Қанша дәмелер қиыс қадамды бұрмаған...

Тек өзім ұнатып сүйген ақ махаббатым-ау,

Мыжылып қалардай табанға, мазамды ұрлаған.

 

Ақ уыз омырау алдымда, ашып емгем жоқ,

Қол-аяғы байлансада ердің,

басы көнген жоқ!

«Тағы тарихыңды дұрстап мен жазғам!»- деп,

(«Кен қазғам» деп,)

Өктем кеуделер жатыр өңмеңдеп.

 

Жазған жоқ ат айағындағы арқан шиырықтарын,

Тірлік күйбеңі басты еңсемді жиылып қалың.

Ер тағдырымды еңіретіп есіме салды-ау,

Бұлаңдатып бұралқы ит құйырықтарын...

 

Жер жарықшағын көміп жатыр мұңлықтарменен,

Қалақай, тікен бірге өніп жатыр сұмдықтарменен...

Жүрегінде оты бар өшпес лапылдап жанған,

Есыл ерлер бірге өліп жатыр шындықтарменен!

 

Жүз қайталап айтып әлемнің асқақ ұранын,

Тауға да ұрамын басымды, тасқа да ұрамын.

Тастап кетемін сүрдек қып сары ізімді мен,

Бастап кетемін ғұмырдың басқа бір әнін…

Түнгі күй

Ақырын төніп келді түн төбемнен,

(Атымнан секем алдым үрке берген.)

Жазира жан әлемі мәңгі жарық,

Жер бетін қараңғылық бүркегенмен.

 

Саусағын білдіртпестен созар саған,

Кірпігі айқаспаған ояу санам.

Бөгде бір дүниені кезіп келіп,

Қызық қой бәз күйіне оралса адам.

 

Бұл бір күй ХХ ғасырдағы,

Қайнатқан тіршілігін басындағы.

Ойлаймын қараңғылық қызы ғой деп,

Сұлудың шашын сипап қасымдағы…

 

Қиялым оралар шақ менің кезіп,

Шырақ боп жанып тұрар сенім көзі.

Орнымда айдаһардай аунақшимын,

Ып-ыстық түн қызының демін сезіп…

 

Көз алдым қараңғылық шыпырлаған,

Бояуын шәшіп жатыр бүкіл маған.

…Түбіме жетер болды-ау осы бір күй,

Қай жаққа барсам дағы құтылмаған…

Қоламта

Қоламтаға айналып өмір шоқтары, 

Шуыл жалмады махаббат үнін. 

Бұзылып кетті-ау көңіл соқпағы, 

Жүрекке бастап апаратұғын...

 

Қайғының алдым қалап ұшпағын, 

Күйретер мүлде аяу сананы. 

Тамырымда ағылған қан ағстарым, 

Жар қабақтарын баяу соғады. 

 

Оралып келіп хал сұрамайды, 

Байыз таппастан басқан қырларым. 

Кеудеме келіп тамшыламайды, 

Жанардан аққан жас жаңбырларың. 

 

Мазақтап бізді күлер қайыңдар, 

Сындырып алдық сезім кесесін. 

Ойланам қайта түзеу жайында, 

Қоқыстар толған көңіл көшесін...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар