Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №16 шығарма...

30.04.2023 2448

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №16 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №16 шығарма - adebiportal.kz

Алтын бала

(ертегі-хикаят)

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №16 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Белый мальчик станет 

новый Майкл Джексоном!».

(Аққұба бала жаңа 

Майкл Джексонға айналады).

Ванга, 

болгариялық атақты көріпкел

I

Мұңлық-Зарлық күйі

Алтын баланың үні алты мың жыл бұрын қалай жаралды?

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызылда, құйрық жүні ұзында, бәлкім сірә ерте де емес, кеш те емес, дәл уақытында Көк Тәңірі жер бетіне алқара көк аспаннан Алтын бала жіберді. Ол баланың алтын екенін жан баласы білмейтін. Оның тұла бойы, болмысы, он екі мүшесі һәм үні сом алтыннан құйып қойғандай ғажайып жаратылыс еді. Оның үнінен тек інжу-маржан төгілетін. Бірақ, Алтын баланың алтын екеніне әке-шешесі де, ата-әжесі да сенбеді. Оны жер бетіндегі дәл өзге балалардай көріп, бағып-қақты. Бірақ, сиқырдың сырын ашар, тылсымның мәнін елден бұрын ұғар бір кейіпкер болуы керек қой. Тәңір Ие адамзаттың бағына осындай бір тосын жаратылысты жібергенін ұшқан құстың қанаты талатын айшылық алыс жердегі, мүлдем басқа бір патшалықтағы, басқа бір тілде сөйлейтін Майкл Джексон деген әншіге сездіртті. 

Майкл Джексон деген кәдімгі біздің өмірдегі, әлемді әнге бөлеген әйгілі әнші ме, жоқ әлде жай ғана осы ертегінің кейіпкері ме, ол арасы оқырманға маңызды болмас деп ойлаймын. Маңыздысы Алтын бала бұ дүниеге келер алдында әйгілі әншінің мазасы кеткені ғана болса керек. 

Бұл оқиға қалай болды? Қалай өрбіді? Баланың алтыннан сызған жаратылыс екенін Майкл Джексон қалай сезді? Бұл сұрақтарға жауап беру өте қиын. Қиын да болса айтайын, Майкл Джексон түс көретін. Түсінде ылғи да бір Алтын дауысты бала өзінің орнында ән айтып тұратын. 

Түсіне Алтын дауысты бала кіре берген соң жер бетінің қиыр шетіндегі әйгілі әншіден ұйқы безген. Ол күндіз болсын, түнде болсын ұйықтай алмайтын. Ұйқысы келмегеннен емес, ұйықтаудан қорыққандықтан көзін ілмеуге бар күшін салатын. 

Бір қызығы сол, ол түсінде әлгі баламен бірге өмір сүре бастады. «Neverland» атты ғажайыптар әлемін салып, «адамзат баласы мәңгілік қартаймайтын ертегінің ішінде өмір сүрсе ғой» деп аңсаған Майкл сол арманына жеткендей еді. Бірақ, бұл түс оны қорқытатын. 

Әйтеуір сол бір күндері оның жан дүниесін үрей билеп алғандай еді. Неге қорқады? Не себепті ұйықтағысы келмейді? Оны алқымдаған қандай үрей? Белгісіз. Жоқ, белгісіз емес-ау! Шаршаған. Қажыған. Қос жанарына ұйқы тығылған. Сонда да көз шырымын алмауға жанын салып тырысар еді. Жанарын жұмса болды, мұның орнына Алтын бала ән айтып, ал бұл болса түбі жоқ тұңғиық бір тереңге құлап бара жатады, құлдырап бара жатады. 

Құлау – қорқыныш. Құлдырау – үрей. 

Ғұмыр бойы тек биікке самғаған, жер шарын өнеріне табынтқан әнші үшін құлау мен құлдыраудан өткен қайғы да, қасірет те жоқ. 

Аузына бір түйір дәрі салады. Сол дәрі жанын жегідей кемірген дертті бір сәтке болсын жеңілдетер деп ойлайды. Бірақ, соңғы кездері дәрі әсер етуден қалған. Уыстап жұтса да, қорқыныш пен үрейден, тұла-бойын жаншып тұрған ауыр жүктен құтыла алмай қойған. Баяғы құлдық дәуірде бабаларының жотасын жауыр қылған ауыр жүк… Азапты жүк… Соның барлығы дерлік әншінің арқасын жаншып, жерге тығып жіберердей қажытып еді.

Майклдың қарақан басына батпандай бақ қоныпты. Сол қонған бақтың ұшып кетер шағы жақындап қалды ма деп қорыққан. «Жоқ, ол бақ өзіме ғана тиесілі. Одан ешбір жанға енші беру ойымда жоқ. Маған бұйырған қошемет, маған бұйырған құрмет, маған бұйырған атақ, маған бұйырған абырой тек өзімдікі ғана болуға тиіс» дейтін іштей күбірлеп.

Өзіңіз ойлаңызшы, бала күнінен тыным таппай еңбек етіпті. Жанын жұлып жеп, ән айтыпты. Елдің, халықтың, адамзаттың көңілінен шығу үшін қара терге малшыныпты. Жатса да, тұрса да жақсы ән табу, оны айтуға машықтану, жай ғана айтып қоймай, тыңдаушының жүрегіне жеткізу үшін жанын аямапты. Бір сәтке болсын, тыным алмапты. 

Ол әнім адамдардың жүрегінен ойып тұрып орын алуы үшін оның әуезі де һәм мәтіні де найзағайдай санада ойнақ салуы керек деп біліпті.  

Найзағай! Иә, үніңмен һәм сол үнмен қосыла айтылатын өлең сөзімен адам санасына найзағайдай жай түсіре алмасаң, сахнаға шыққаныңда мән бар ма? Әніңмен көптің тұла бойын ток соққандай дір еткізе алмасаң, қасиетті сахнаның төріне озғаннан не қайыр, не үміт?

Ән айтқанда адамзаттың жан-дүниесінде құйынды дауыл тұрғыз! Қарлы-боран соққыз! Нөсерлетіп жаңбыр жауғыз! Шуақты күннің нұрына шомылдыр! Сөйт! Әйтпесе, құр айғай – ән емес. Әнге биің де үйлесе кетсін! Тыңдаушы сенің әніңе ұйып, биіңмен бірге қозғалсын! 

Әлем дегенің үздіксіз қозғалыс. Сол қозғалыс ән туғызады. Ескен самал да, соққан жел де – әуез. Сыңсыған ағаш та, сыбдыр қаққан жапырақ та сол ұлы симфонияға өз үнін қосып жатады. Тіпті шегірткенің шырылы мен бақалардың құрылы да жер бетілік симфонияның әсем дауысына әр береді. Жаңбырдың үздіксіз тамған тамшыларынан да ән үзіліп түспей ме? Оны тыңдай білетін құлақ керек, сезіне алар жүрек керек. 

Майкл Алтын дауысты бала өмірге келгенше осыны ғана білуші еді. Алтын бала түсіне ене бастағалы бұ ғаламда өзі естімеген, өзі ғана емес, барша адамзат баласы әлі білмейтін талай сырлы қиял-ғажайып дүниелердің бар екеніне көзі жетті. 

Майкл түсінде осыдан алты мың жыл бұрынғы, тіпті одан да ерте дәуірге саяхаттай барып еді. Дәл сол алты мың жыл бұрын, яки одан да ертеректе Тәңір Ие Алтын баланы жаратуды бастаған екен. Иә, Алтын баланы бір-ақ күнде қашап шығу Тәңір Иеге сондайлық қиын шаруа емес-ті. Бірақ, көзді ашып жұмғанша алтыннан бір сәбиді домбайлап, оған үрлеп жан беріп, оны ертегілерде айтылатын Толағайдай әп сәтте алып кейіпкерге айналдыра салса алтынның да, Алтын баланың да қадірі болмас па еді? Оны біз білмейміз. Тәңір Ие біздің білмейтінімізді – білуші. Біздің көрмейтінімізді – көруші. Оған алты мың жыл дегенің алты күннен, тіпті алты сағаттан да аз уақыт емес пе?

Содан да болар, Тәңір Ие алдымен баланың алтын дауысын қалай жасасам екен деп бас қатырыпты. 

Сөйтіп, алты мың жыл бұрынғы «ер етігімен су кешкен» келете заманды жаратты. Келте заман дейтініміз сол, ол заманнан ауыздан ауызға тарап, құлақтан құлаққа құйылып, осы бір оқиға ғана бізге жеткен. Біз де оны тасқа қашап, кейінгіге аманаттап кетуіміз керек қой. Одан басқа оқиғалардың бәрін жел жұтқан, жаңбыр тамшылары топыраққа сіңіріп жіберген. Тіпті, қарт тарихтың өзі сол дәуірде болған қан-құйлы оқиғалардың жылы мен мезгілін, айы мен күнін жадында сақтамаған. 

Біздің білетініміз бұл оқиғаның алты мың жыл бұрын болғаны ғана.    Сол заманда қылышынан қан тамған қаhарлы бір хан өмір сүріп еді. Адамзат баласы жаралғалы қаншама хан, қаншама патша өткен. Солардың бірі де есте қалмай, қылышынан қан тамған сол бір ханның санадан өшпей қалуы тіпті таң қаларлық дүние еді. 

Ханның жан дегенде жалғыз бойжеткен қызы бар еді. Ол қызды көрші хандықтардың біріне ұзатып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасасам ғой деп арман ететін. Сосын қызы мен күйеу баласынан туған жиенге хандығымды қалдырсам деген игі арманы бар еді. 

Ол арманмен Тәңір Ие санаспады. Күндердің бір күнінде ханның еркетотай қызына қарадан шыққан бір жігіт ғашық болып қалды. Қара деп – қарапайым халықты айтады. Алтын сарайдың ішінде өмір сүретін ханның қызы қарапайым халықтың арасынан шыққан жігітке қарай ма, оған ғашық бола ма? Құдай Тағала мұның да орайын келтіріп еді. 

Жігіттің әкесі ерте өліп, шешесі жесір қалған болатын. Кемпірдің жалғыз ұлы жүз шақты ешкісін бағып жүретін. Жігіт күндердің бір күнінде ешкілерін далада жайып жүріп, бір топ киікті көреді, оның ішінде бір алтын мүйізді киік жүр екен. 

Тәңір Ие Майкл Джексонның түсінде көретін Алтын баланы жарату үшін алдымен киіктің мүйізін алтыннан жаратып, оны адамзат баласы қалай қабылдайтынын көрмек болған. 

Бала бұл киіктерді күнде көріп жүріп, бір күні шешесіне келіп:

– Далада бір топ киік көрдім, ішінде алтын мүйізді бір шұбар киік бар. Осы шұбар киікті ұстап алып, тарту қылсам, хан маған қызын берер ме еді? – дейді. Шешесі:

– Ұстай алсаң, алып бар, хан қызын бермесе де, сыйлық берер, – дейді анасы.

Бір күндері бала далада ешкілерін жайып жүріп, алтын мүйізді шұбар киікті тағы да көреді. Сол арада әлгі алтын мүйізді шұбар киікке шалма тастап, ұстап алады. Ханға алып жүреді. Ханға апара жатқанда, хан ордасының жанынан патшаның уәзірі кезігеді.

– Мұныңды ханға апармай-ақ, маған сыйлап кет, – дейді уәзір қулана. Бала:

– Жоқ, саған әкеле жатқаным жоқ, ханның өзіне апарам, – деп уәзірге бермейді. Бала алтын мүйізді шұбар киікті ханға тарту қылады. Хан уәзірін шақырып алып:

– Бұл баланың тартуына не сыйлық берсем екен? – дейді.     

Сонда уәзір:

– Жоқ, бұған сыйлық беруге болмайды. Бұл киіктің астына қоятын бір тақ болады, оның екі қанаты болады; бірі алтын, бірі күміс. Бірі алтын суына малынған, бірі күміс суына малынған. Киік сол алтын тақтың үстінде тұрып құйқылжыта күй шертіп билегенде дүниенің қызығын көріп, жұмақта жүргендей боласыз. Сіздің салтанатыңыз сонда келіседі. Бала соны тауып әкелсін, сонда сыйлық орнына қызыңызды тарту етсеңіз де олқы болмас, – дейді.   

Сонда хан балаға:

– Бұл киіктің астына қоятын тағы болады, оның екі жағында екі қанаты болады. Екі қанатының бірі алтын, екіншісі күміс суына малынған. Соны тауып кел. Сонда қызымды беремін, ал таба алмасаң, басыңды аламын, – дейді. Бала мұны естіп, жылап шешесіне келеді. Шешесі:

– Ойбай, балам! Бұған бола жыламай-ақ қой, өзім іздеп тауып әкелейін, – деп, жолға шығады. Бір жерлерге келсе, бір топ киік далада жайылып жүреді. Сол топ киіктің арғы жағында жердің кіндігі жыртылып кеткен екен, соның жарығын жамап бір кемпір отыр екен, бұған келіп, жұмысының мәнін айтады.

Сонда жер жамап отырған кемпір:

– Мертік шаһарының бергі жағында бір шаһар бар. Киіктің тағын істесе, сонда істейді, баланың қолына мың ділдә беріп, соған жібер, – дейді.

Содан баланың шешесі үйіне қайтып келіп, барлық дүние-мүлкін беріп, ешкілерінің барлығын сатып, оның үстіне өзі неше жыл мал бағуға бір байға жалданып, баласына мың ділдә құрастырып береді. Бала мың ділдәні алып, киік астына қоятын тақты жасайтын Мертік шаһарының бергі жағындағы қалаға шеберге жүреді. Бірнеше күн, бірнеше ай, бірнеше жыл жүріп шеберге келеді. Бала шеберге жетіп, осындай киік астына сахна болар тақты істетуге келгенін айтады.

Сонда шебер:

– Мың ділдә берсеңіз, істей аламын, – дейді. 

Бала мың ділдәсін шеберге беріп, киік астына қоятын тақты істетіп алып, кері қайтады. 

Алтын баланы жаратуды ойлаған Тәңір Ие баланың жолына алып бәйтерек өсіріп, оның түбіне екі құдық жаратып қойған еді.  Біріншісінде алтын су, екіншісінде күміс су бар еді. Бала сол арада алып келе жатқан тақтың бір қанатын алтын құдыққа, екінші қанатын күміс құдыққа малып-малып алады. Бала тақты алып, ханға келеді. Айтқанындай тақты баяғы алтын мүйізді шұбар киіктің астына қойғанда, киік ойнап, әлдебір сазды әуен төгіліп, ән шырқап, сән-салтанатын келтіріп билей жөнеледі. Хан уәзірін шақырып алып, ақылдасады. 

Сонда уәзір:

– Жоқ, тақсыр. Мұнысына да әлі сыйлық беруге болмайды. Енді жеті қат жер астында өскен бір сұлу алтын ағаш бар, соны әкеліп сіздің есік алдына орнатса, сән-салтанатыңыз мұнан әрі келісер еді. Бала соны тауып әкеліп, есік алдына орнатсын. Сол уақытта қызыңды беруге болады, – дейді.

Сонда хан:

– Жеті қат жердің астында өскен алтын ағашты әкеліп, менің есігімнің алдына орнат, сонда саған қызымды ұзатып, тағыма мұрагер етемін, – дейді. Бала тағы да алтын ағашты іздеп кетеді. Бірнеше күн, бірнеше ай, бірнеше жыл жол жүріп, жеті қат жердің астына түсер жолды таппайды. Бір жерлерге келсе, алдынан бір ақ сақалды ата шығады. Бұл атаны да Алтын баланы жаратуды ойға алған Тәңір Ие жіберіп еді. Бала өзінің іздеп келе жатқан алтын ағаштың мән-жайын әлгі атаға айтады.

Ақ сақалды ата:

– Осы бетіңмен жүре бер. Бір жерлерге барғанда биік тауларға кездесесің. Таудың бауырынан бір қоян қашар, сен сол қоянды қуа бер, ол қоян барып бір үңгірге кірер. Ол үңгір кіре берістен екіге айрылады. Ол сол жақтағы үңгірге кірер, сен оң жақтағы үңгірге кір. Сонда қырық ұрыға кездесерсің, олар сені «өлтіреміз» дер, сонда сен: «Мен әп-сәттің ішінде ет пісіре аламын», – деп айт. Сол уақытта қырық ұры саған ет пісіртіп, қарап тұрар. Сен етті қазанға салып, мына кездікпен түртіп қалсаң, ет өзінен-өзі пісіп шығады, – деп балаға бір күміс сапты кездік береді.

– Сонымен бірнеше күнге дейін сонда ет пісіруші болып жүресің. Қырық ұры сені үңгірге тастап, өздері сыртқа шығады. Сол уақытта түкпірдегі бір ақ сандыққа көзің түсер. Сол ақ сандықты ашсаң, ішінде бір көк сандық бар, соны ашсаң, ішінде қағазға ораулы дәріні көрерсің. Сол дәріні ал да пісулі тұрған етке сал. Сол уақытта қырық ұры кезек-кезек келіп, есік алдында өле береді. Сонан кейін сол үңгірдің ішін аралап жүрсең, іздеген алтын ағашың сонда тұрар. Сен сол арада алтын ағаштың бұтағынан қысып, қолыңмен ұстарсың. Екі аяғыңмен ағаштың түпкі тамырын басып, екі көзіңді жұмсаң, сонда таң ата ханның есігінің алдына ағаш өзі келіп орнар, – дейді. 

Бала шалдың айтуымен жүріп келе жатса, таудың үңгірінен бір қоян қашады. Бала қашқан қоянды қуа береді. Қоян бір жердің үңгіріне кіреді, бала да кіріп кетеді. Айтқанындай, үңгірде екі тесік кездесіп, қоян сол жақтағы үңгірге кіріп кетеді, бала оң жақтағы үңгірге кіріп кетеді. Үңгірдің ішіне кіріп келсе, балаға қырық ұры кездеседі. Бұлар баланы өлтірмекші болады. Сол арада бала лезде ет пісіре алатынын айтады. Бала етті қазанға салып, баяғы шал берген күміс сапты кездікпен етті түртіп қалғанда, ет өзінен-өзі пісіп, дайын болады. Сонымен олар баланы өлтірмейтін болып, ет пісіруге қояды. Бала бірсыпыра уақыт сол қырық ұрыға ет пісіріп жүреді. 

Бір күндерде бала ұйықтап жатса, бүйірінен баяғы ақ сақалды ата түртіп:

«Етке тойған соң ұмыттың ба?» – дейді. Бала оянса, түсі екен. Сол арада ойлап тұрса, баяғы ақсақалдың айтқандары есіне түседі, жан-жағына қарайды. Шал айтқанындай, бір бұрышта ақ сандық тұр екен. Жалма-жан кілтті іздеп тауып алып, ақ сандықты ашса, ішінде көк сандық бар екен. Оның ішін қараса, қағазға ораулы дәріге көзі түседі. Бала дәріні алып, ұрылардың сыртқа шығуын аңдиды. Бір күндері қырық ұры үңгірден сыртқа шығады. Бала жалма-жан етті пісіреді де дәріні етке шашып жібереді. Сол етті жеген қырық ұры бірінен соң бірі, кезек-кезек есік алдына келіп, топырлап өле береді. Бала жан-жағына қарап, үңгірдің ішін еркіндікпен аралап жүрсе, жер астында жалғыз өсіп тұрған ағашты көреді. Сол арада алтын ағашты қолымен мықтап ұстайды да екі аяғымен түпкі тамырын басып, екі көзін жұмады. Бала көзін ашып қараса, таң сарғайып атқанын, алтын ағаштың хан есігінің алдында тұрғанын бір-ақ көреді.

Таңертең хан да, уәзірлері де алтын ағашты тамашалайды. Бұрынғы бұрынғы ма, ханның салтанаты тіпті артып кетеді. 

Тәңір Ие Алтын баланы жарату үшін алдымен алтын мүйізді киік жаратқан. Ол адамзатқа аздық ететінін көрді. Оған сахна болар алтын қанатты тақ қажет болды. Оны да жарата салып еді, адамзат баласы алтын ағашты аңсады.

Алтын ағашты көріп хан балаға риза болып, қызын беру үшін барлық уәзірлерін шақырып алып ақылдасады. Баланың бүйтіп бақыты артқанын көре алмай, уәзірлер күндейді. 

– Кәні, балаға қызымды берейін бе? – дейді хан. Сонда баяғы уәзір тұрып:

– Тақсыр, сіз өзіңіз болсаңыз қартайдыңыз. Сізде қызыңыздан басқа перзент жоқ. Біздің ойымызша, қартайған шағыңызда сізге серікке жарайтын алқара көк аспандағы күн астында Күнікей деген қыз бар. Сол Күнекей қыз сіздің тағыңызға ие болар ұл туып береді. Бұл бала сол қызды тауып әкелсін, содан кейін-ақ қызыңызды ұзатсаңыз кеш болмас, – дейді. Хан тағы да балаға:

– Сол күн астындағы Күнікей қызды тауып әкел, сыйлықты сонда беремін, – дейді. Бала Күнікей қызды іздеп кетеді. Бірнеше күн бірнеше ай, бірнеше жыл жүріп келе жатса, Тәңір Ие баланың алдынан екі алақанына екі тауды салып жүрген бір дәу кездестіреді. Бала бұл дәуден жөн сұрайды, сонда дәу Таусоғар:

– Күн астындағы Күнікей сұлуды іздеп бара жатқан бала сен болсаң, Тәңір Ие маған сол балаға жолдас бол деп әмір еткен, – дейді. Бала:

– Сол бала мен боламын, – дейді. Сонымен екеуі жолдас болып келе жатып жерге жата қалып, тың тыңдап жүрген Саққұлаққа кез болады. Бұл да балаға жолдас болып ереді. Тағы да жүріп келе жатса, алдынан екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген тағы бір дәу кез болады. Бала жөн сұрайды. Екі көлдің суын екі ұртына ұрттаушы Көлтауысар:

– Тәңір Иенің бұйыруымен Күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүрген балаға жолдас болғалы жүрмін, – дейді. Сонда бала:

– Ендеше, мен сол боламын, – дейді. Сонымен бұл да үшеуіне қосылып, төртеуі жолдас болып жүре береді.

Келе жатса, екі аяғына екі батпан тас байлап алып, ой мен қырда тыным таппай жүгіріп жүрген желаяққа кез болады. Бала жөн сұрайды. Желаяқ:

– Мен де күн астындағы Күнікей қызды іздеп бара жатқан балаға жолдас болғалы жүрмін, – дейді. Бала:

– Ендеше, мен сол баламын, – деп, бесеуі жолдас болып жүріп келе жатса, бір шұқанақтан көп балаларымен тырмысып шыға алмай жатқан бір құмырсқаны көреді. Бала құмырсқаны балаларымен шұқырдан шығарып жібереді. Сонда құмырсқа балаға риза болып:

– Сендер мені шұқырдан шығарып жібердіңдер. Осы жақсылықтарыңды мен де алдарыңызға тіріде бір келтірермін. Мен мына бір қанатымды жұлып берейін, керек болған кезде тұтатсаң, дайын боламын, – деп бір қанатын жұлып береді. 

Бұлар күн астындағы Күнікей қызды іздеп жүріп кетеді. Күн астындағы Күнікей қыз От тауының (күннің) ар жағында тұратын бір ханның қызы екен. Ол ханның бір үлкен көк төбет иті бар екен. Сол ит күн астындағы Күнікей қызға келе жатқан адам болса, соның дыбысын сезіп, айшылық алыс жерден алдынан шығады екен. Қандай батыр, мықты адамдар болса да көк төбет ит барлығын да жалғыз өзі қиратып салады екен. Қызды іздеп барған адам сау қайтпайтын болған. Мұны білген көп адамдар көк төбеттен қорқып, Күнекейге жете алмайды екен. Баланың жолдастарымен келе жатқанын ит айшылық алыс жерден біліп алдарынан шығады. Бір мезгілде көк төбет арсылдап, жер дүниенің шаңын боратып келе жатыр екен. Баяғы тау көтерген дәу қолындағы бір тауын итке жіберіп қалғанда, төбет иттің төбесінен жай түскендей болып, ит таудың астында шыға алмай қалады. Бұлар тағы жүріп кетеді. Бір уақытта олар күн астындағы Күнікей қыздың үйіне жетеді. Хан бұлардан жөн сұрайды.

Сонда бұлар:

– Осы жақтағы күн астындағы Күнікей қызды іздеп келеміз. Іздеп келуші мына отырған бала, біз жанына ерген жолдастарымыз, – дейді.

Сонда хан:

– Жолдарыңда бір көк төбет ит кездеспеді ме? – деп сұрайды.

Бұлар:

– Жолда бір күшікке кездесіп едік, біздің лақтырған кесегіміздің астынан шыға алмай қалды, – дейді. Хан бұлардың күшіне қайран қалып отырады. Хан ертеңіне, ел-жұртын жиып, балуан күрестіреді.

– Осы топта кімде-кім күресіп жығып, күші асса, қызымды соған беремін, – дейді. Ханның елі жағынан ешқашан да жауырыны жерге тимеген Өгіз балуан шығады. Бала жағынан екі қолына екі тау ұстап жүретін Таусоғар шығады. Екі балуан күресіп, Таусоғар дәу Өгіз палуанды жығып кетеді. Бірақ, хан сөзінен танып, бұл жолы қызын бермей:

– Енді қызымды жаяу бәйгеден озып келгенге беремін, – дейді. Жаяу бәйгеге ханның елінен бір жүйрік Мыстан кемпір шығады. Мыстан кемпір қолына екі шыны шарап ала шығады да жолда Желаяққа ішкізіп, мас қылып, өзі жүгіріп кетеді. Бала Саққұлаққа:

– Кім келе жатыр екен, соны тыңдашы, – дейді. Саққұлақ жерге құлағын төсей қойып тыңдап: «Кемпірдің дыбысы білінеді, Желаяқтың дыбысы білінбейді», – дейді. Бала сол арада баяғы ақсақалды қария берген қолындағы күміс сапты кездікті ұстап еді, ұйықтап жатқан желаяққа дыбыс беріп оянады, сол арада жалмажан жүгіріп отырып, кемпірге жетеді. Қолына бір уыс топырақты алады да, кемпірдің алдынан өте беріп, топырақты көзіне шашып жібереді. Мыстан кемпір көзін уқалап аша алмай жатқанда, Желаяқ озып келеді. Хан сонда да қызын бермейді. Қызын жасырып тығып қояды да:

– Кімде-кім қызымның қай жерде екенін тапса, соған беремін, – дейді. Бір мезгілде Саққұлақ тыңдап жүрсе, хан қызын жер астындағы бір үйге жасырып қойған екен. Қыз сол үйде кесте тігіп отырып, қолындағы инесін жерге түсіріп алады. Саққұлақ иненің құлаған дыбысын тыңдап біліп, қызды тауып алады. 

Хан бұларды темірден салынған үйге жатқызады. Қонақтар жатқан үйді сыртынан от қойып өртейді. Бұлар түн ортасында оянып кетсе, үй өртеніп бара жатыр екен. Бәрі де сасады. Сол жерде Көлтауысар дәу ұртындағы бір көлдің суын бүркіп тастап, өртті сөндіреді. Бұлар тып-тыныш ұйқыда жата береді. Хан бұларды өртеніп өлді ғой деп, күлін қарайын деп келсе, бәрі де тып-тыныш ұйықтап жатыр екен. Сарай тіпті өртенбеген де… Хан тағы ойлап, бір амал табады. Ертеңінде:

– Қырық қызбен қызымды қатар тұрғызамын, солардың ішінен танып алсаңдар қызымды беремін, – дейді. Ертеңіне қырық қызды бір түсті киіндіріп, қатарлап қояды. Қараса, бәрінің киген киімінің түсі бір, ешкім таба алмайды. Бала сол уақытта баяғы құмырсқаның қанатын түтетіп жібергенде, құмырсқа келіп, қырық қыз ішіндегі күн астындағы Күнікей қызды көрсетіп береді. Бала күн астындағы Күнікей қызды осылай таниды. 

Сонымен ханның басқа істейтін амалы болмайды. Хан амалы таусылып, ақыры күн астындағы Күнікей қызды балаға береді. Күн астындағы Күнікей қызды алып, бұлар еліне қайтады. Баяғы ерген жолдастары баламен қоштасып, жолда қалып отырады. Бір жерлерге келгенде, Саққұлақ қалады. Тағы бір тауға келгенде, Таусоғар дәу қалады. Бір көлдің жанына келгенде, Көлтауысар қоштасады. Бір жерлерге келгенде, Желаяқ қалады. Бала келе жатып, бастан-аяқ өзінің басынан кешірген уақиғаларын Күнекей қызға түгелінен баян етеді, оны ханға апаратынын айтады. 

Қыз жігіттің сөзін тыңдап болып, «хан саған бәрібір қызын бермейді. Осы жолы мені ханға апарып бергеннен кейін ханның қызын алып қашып, көз көрмес, құлақ естімес жерге кет» деп ақыл айтады. Ол ақылды бала тыңдай қоймайды.

Күнекей қызды қалыңдық еткен хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Бала ханның қызын сыйлар сәттін күтіп жүргенде бұл оқиғалардың бәрін естіген ханның қызы өзі келіп, жігітпен көңіл қосады. Хан Күнекей қыздың қызығына тоймай жатқанда, қарадан шыққан бала мен ханның қызы бақытты бал күндерді бірге өткізіп жатты.

Майкл Джексонның «Neverland» ғажайыптар әлемінде де мұндай қызық ертегінің саны аз еді. Ол жерде кейіпкердің бәрі бақытты өмір сүретін. Ол әлемде ешбір жан қартаймайтын Тіпті, ол жақта дәл мұндай қым-қиғаш оқиғалы хикаят жоққа тән-ді. Әнші бұл ертегінің соңы не болар екен деп ұмсына түсті.

Күн астынан келген Күнекей қызға көңілі толған хан уәзірлерін және шақыртады. 

Уәзірлері: 

– Хан ием, Құдай қаласа, Күнекей қыз ұл туады. Ол ұл патшалығыңызға мұрагер болады. Қарадан шыққан бұл сиқыршы балаға қызыңызды берсеңіз, ол дүниеге келетін ұлыңызға қатер келтірмей ме? Бұл баланың ойлағаны сіздің тағыңыз ғана. Мұны дарға асып өлтіріңіз, –  дейді. 

Уәзірлерінің сөзіне сенген хан қарадан шыққан кедей жігітке қызын бермей, дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін ханның қызы ай күні толып, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, уәзірлерін шақыртады. Уәзірлері тағы да қос бүлдіршіннің көзін жоюға кеңес береді. 

Қылышынан қан тамған хан егіздердің көзін құртуды Жалмауыз кемпірге тапсырды.

Жалмауыз кемпір өмірге жаңа келген егіздерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып байлап тастайды. 

Егіз ұл мен қыз күн жылайды, түн жылайды. Нәрестелердің көз-жасы тама-тама ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Ақыры сәбилердің соңғы демі бітіп, көз жұмады. Тәңір Иенің құдіретімен қос сәбидің шырылдаған дауысы көз жасымен әлгі ағаштың бойына сіңіп қалған еді. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. 

Патшаның қызы сәбилерін іздеп жолға шығады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Табанынан тозып, қатты шаршап діңкесі қатқан келіншек әбден қуарып, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Бұл баяғы өзінің ұлы мен қызын Жалмауыз кемпір байлап кеткен ағаш еді. 

Шаршап, шалдығып келген келіншек ұйықтап кеткен еді, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса ән салып тұрған қасындағы биік ағаш екен. Келіншек күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған келіншек ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. 

Қыз оның құпиясын білмек болып қараса ағаштың жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Балаларының ішектері… Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылып қалыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ ана енді ағаш неге ән салатынынын түсінеді де, сол ағаштан аспап жасап, күй тартып, қайғы-шерін сыртқа шығаратын болыпты.

Өмір болғасын қайғы мен қуаныш қатар жүреді. Бірте-бірте аспаптың дауысы қуанышты күйді де шертетін болды.

Ханның қызы аспабын шерткен сайын жүрегіне жағып, жаны жай табады. Келіншек байғұс бостау тартылған ішектің үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы үн шығаратын қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй тартып, ел кезіп, егізіне жоқтау айтатын-ды. Кейде егізімен осы өмірде бақытты өмір сүріп жүргендей қуанышты әуендерді әуелетіп, соған балаша мәз болатын.

Рас, бұл оқиғаны Майкл тұрмақ, сол аспапты дүниеге әкелген ұлттың өзі білмейді. Білсе де, ұмытылып қалған. Бірақ, Майкл түсіндегі Алтын баланың әні мен осы ертегідегі ағаш аспаптың арасында ұқсастық бар екенін бірден сезген. Өйткені домбыраның да, әнші баланың да көмейінде қос үн барын анық естіген. Алтын баланың көмейіндегі ұл Мұңлықтың, қыз Зарлықтың дауысы бірігіп кеткен кезде алпыс алты тамырыңды идіріп, көзіңе жас тығылады. Ол шаттықты күйді төккенде қуаныштан басың айналады. 

Майклдың түсіндегі Алтын баланың көмейінен бірде ер жігіттің, бірде қыздың дауысы үздіге шығып жатар еді. Бірақ, Майкл ол үннің алты мың жылдан да бұрын дүниеге келіп, қалақтай ғана ағаштың қуысына жасырынғанын, ол үн содан бері өмір сүріп келе жатқанын білмейтін. 

Майкл Тәңір Иенің Алтын бала дауысын осылай жаратқанын енді білді. Түсінде…

Тәңір Ие бұл ертегі-хикаятқа сан мыңдаған жылдардан кейін адамзат баласы сенбей жүрер деп, «Таңбалы тас» деген жерге тас қашаушы пенделерін жіберген. Олар әлгі тасқа алдымен домыраның бейнесін, сосын сол домыраны айнала билеп жүрген ханның қызын, ұл Мұңлық пен қыз Зарлықтың суреттерін қашады. Шеткерілеу жерге Күн астындағы Күнекей қызды ханға тарту етіп, ақыры дарға асылған әкелерінің де бейнесін қашады. Оның басын Күн кейпінде бейнеледі. Бұл оның әруақтар әлемінде жүргенін білдіруші еді.

Бұл ертегі тарих осылай тас-домбыраға айналып, бүгінгі күнге жетті.

(1986 жылы домбыра-тасты ғалымдар тауып алып зерттеп, осыдан алты мың жыл бұрынғы адамдардың қолымен салынған өнер туындысы екенін дәлелдеген.

Ол домбыра-тастың 1993 жылы Алматы қаласындағы Ықылас мұражайынан жоғалып кеткені айдай әлемге жария болды. Алтын баланың дауысын қуысына сақтап келген, алты мың жыл бұрын тасқа қашалған сол домбыраны 2009 жылдың қазан айында осы хикаят-ертегінің авторы қайта тауып мұражайға өткізді. 

Дәл осы ертегідегідей ол тастың қайда тұрғанын да түсінде көріп еді. Қазір ортасынан қақ бөлініп қалған сол домбыра-тас Ықылас мұражайының бір бұрышында елеусіз ғана жерде тұр). 

ІІ

Ванга әжейдің болжамы

Майклдың тағы да мазасы кетті. Бұл дүние – ән дүние…

«Ің-гә, ің-гә!»

Осы құдіретті екі ауыз дыбыс, екі ауыз үн, екі ауыз әнінің алғашқы әуезін айтып қаншама бала өмір есігін ашып жатыр екен десеңізші. Солардың бірі Майклдың орнын басар. Солардың бірі «ің-гә, ің-гә!» әнін дәл қазір өзгеше бір сарында құйқылжытып шырқап жатқан болар. 

Одан қорқар, одан жүрексінер не бар? Өнерімен биікке өрлеген адам ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ылдиға түседі. Оған бола ұйқыдан безуге бола ма? Жоқ! Өнердің шыңына шыққан адам ешқашан да құламайды. Ол сол орнында мәңгілікке қалады. Ол шыққан биікке біреулер жетер, одан тіпті біреулер асар. Бар болғаны сол. 

Майкл осыны ойлап еді, сәл жеңілдеп қалғандай болды. Сосын өзі іргетасын қалаған «Neverland» ғажайыптар әлемін ойлады. Ол әлемдегі ешқашан қартаймайтын кейіпкерлерді көз алдына келтірді. Сол ғажайып дүниенің өзі де кейіпкері болғысы келіп кетті. Сөйтті де шотланд ертегісінде айтылатын ешқашан қартаймайтын өмірге қарай қиялымен самғап бара жатты. 

Кенет жас сәбимен құшақтасып түскен суреті үшін істі болғаны ойына оралып еді жүрегі шым етіп шаншып түсті. Жүйкесін тоздырып, жан-дүниесінде дауыл тұрғызып, қажытқан, шаршатқан, бұл өмірден түңілдірген сол бір оқиғаны біржола ұмытқысы, санасынан сылып алып тастағысы келеді. Бірақ, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап кеткен. Мұның балаларға деген шексіз махаббаты адамзаттың жүрегіне күмән болып енді. Бүлдіршіндерді дәл Майклдай сүйе алмайтындар оның жанын қалай түсінсін. Түсінбеді. Түсінгісі келмеді. 

Бұл өнерімен, сол өнерді ұштаған еңбегімен әлемнің сүйікті әншісіне айналыпты. Тапқан ақшасының көп бөлігін балалардың қуанышы үшін жұмсапты. Өзінің жоғалған балалығын іздеп «бүлдіршіндердің езуіне күлкі үйіре алсам, бұл ғаламдағы ең бақытты адам боламын» деп ойлапты. Сөйтіп «Neverland» ғажайыптар әлемін тұрғызыпты. Сол ертегі әлемде бүлдіршіндермен бірге бақытты сәттерін өткізіпті. Шынайы өмірде болмаса да, жүздеген балаға ертегі әлеміне саяхат жасап қайтатын жағдай туғызыпты. Ертегі мен аңыздың қиялда ғана өмір сүретіні, мынау ақ пен қара арпалысып, мейірім мен зұлымдық жаға жыртысып, ақиқат пен жалғандық күреске түскен өмірде оған орын жоқтығын білмепті. 

Баяғыда өзі түсінде көретін Алтын баланың арғы бабасы Асан Қайғы желмаяға мініп алып, жер бетінен жұмақ іздегенін Майкл білмейтін. Асан Қайғы ел мен жердің уайымын жеп, барша адамзат баласын қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған дәуірге жеткіземін деп аласұрыпты. Асан Қайғы бүкіл елдің, бүкіл халықтың мұң-мұқтажын әніне қосып зарлады. Оның үні жер бетін шарлап кетті. Асанның қайғысы – адамзаттың қайғысы еді. Оның азалы үні – адамзаттың азалы үні еді. 

Бірақ, желмаяға мініп, ел кезіп, жер кезіп зарлаған, жер бетіндегі жұмақты іздеген сол бір өнерлі адамды халық тез ұмытты. Өйткені, жердің бетінде жұмақ болмайтынын бәрі білетін. 

Майкл сол Асан Қайғыдай өзі тұратын штаттан, өзі тұратын үйдің ауласынан жұмақ тұрғызбақ болды. 

Ал, адамдар… Ал, адамдар Майклды түсінген жоқ. Оны «жас қыздарды зорламақ болды, зорлады» деп айыптап қара күйе жақты. Сол қара күйеден тазаланудың құны миллиондаған долларға бағаланды.

Өзіңіз ойлаңызшы, еш кінәсі жоқ адамның мойнына айып ілінеді. Оны шешіп тастау үшін көп, өте көп ақша төлеуіңіз керек… Бұл жерде қандай әділеттілік бар?

Бұл өмір сондай лас, сондай әділетсіз. Кім күшті болса, соның айы оңынан туады. Кімнің жүрегі жұмсақ, соның азабы да ауыр. Майкл мәңгі бала болып қалатын «Neverland» ғажайыптар әлеміне көшіп кетпек еді. Тағы да түсіндегі Алтын баланың арғы бабаларының мысалын айтайық. Мәңгілік бала болып қалу идеясының астарында «адам ешқашан да өлмесе ғой» деген қиял жатыр. Түсіндегі баланың Қорқыт атты атасы өлімнен қашқан. Қолына қобызын алып, өлімнен біржола азат болуды ойлап, сол бір сәтін күйге айналдырған. Қорқыт қайда барса да, қазылып жатқан көрге жолығатын. 

«Бұл кімнің көрі?» деп сұрайды. 

«Қорқыттың көрі» дейді көршілер. 

Майкл де Қорқыт секілді өлімнен қашады. Ол «Neverland» ғажайыптар әлемін тұрғызып, жер бетіндегі өз тұрғызған жұмаққа әділдік орнатпақшы еді. Бірақ, әнші ол жақтан да әділдік таппады. Ел сол ертегі әлемінен мұны суырып алып, сот залына апарды. Жер ғаламшарының барлық газет-журналдары, теле-радиолары Майклдың айуандығы туралы сарнайтын болды. Бұл әлгі жаңбыр тамшыларындай төпелеп жауған ақпарат нөсерінен құрғақ шыға алмай аласұрды. 

Кеш бата өзі туралы тарап жатқан жаңалықтарға құлақ түретін. Журналистер сарнап, мұны қаралап, қараламаса да, жерден жеті қоян тапқандай бұған күйе жаққандардың пікірін таратып жатады. Олар Майклдың мәңгілік қартаймайтын таңғажайып әлемін, рухани таза дүниесін осылай өмірдің қоқысына толтырып тастайды. Әрине, әншінің жүрегі ауырады. Жан-дүниесі сыздап, «жоқ, олай емес» деп айғай салғысы келеді. Бірақ, айтылған сөз – атылған оқ. Оны қайтара адырнасына салар қауқары жоқ-ты.

Майкл тағы да сондай ақпараттарды тыңдамақ үшін теледидар қосқан. Жаңалықтар әлі бастала қоймапты. Теледидарда әлемге әйгілі экстрасенстердің, көріпкелдердің болжамы жайлы бағдарлама беріліп жатыр екен. 

Бақсы-құшнаш тылсым әлемнен ақпарат жеткізеді. Неге екенін қайдам, Майкл іштей олардың бойында тылсым күштің барлығына сенетін. Баяғыда өз өмірін, өз болашағын болжаған көріпкелдер де болған. Соның бәрі болмаса да, біразы уақыт өте келе ақиқатқа айналған. 

Адамзат баласы өте қызық жаратылыс. Болашақта, жүз жылдан, тіпті мың жылдан кейін не болатынын білгісі келіп тұрады. Содан болар «Құдайдың ісіне араласпа» деп дін қанша шектеу қойса да бақсы-құшнаш, емші-көріпкелдердің аузын бағады. Олардың аузынан жақсы сөз шықса, шындап қуанады. Қатерлі әңгіме айтылса, соны санасынан шығара алмай, жүйкесі тозады. 

Әлемдегі барлық дін адамның тағдыры рухтар әлемінде-ақ маңдайға жазылып қоятынын айтады. Туатын күні, оған қойылатын есімі, жұмаққа, яки тозаққа баратыны, өлетін күні әу бастан-ақ белгілі дейді. Қамшының сабындай ғана сол сызылып берген өмірді сүресің де, о дүниеге аттанып кете барасың. Болды, бітті… Мұның бәрі белгілі болса, өзіңді қинап өмір сүргеннен не қайыр? 

Рас, рухты тыныштандырудың түрлі амал-айласы ойлап табылған. Бұл ұғымдарды адам ойлап тапты ма, Құдай аспаннан түсірді ме, маңыздысы ол емес. Бұл өмірдің бар азабын тартқан адам о дүниенің жұмағынан үмітті болып жанын тыныштандырады. Адамзат баласы әлсіз ғана жылтылдап жанып тұрған сол үміт шырағына алданып, тауқыметті тағдырына шүкір етуді үйренеді.

Адам жанының, адам рухының бір сәтке болсын тыныштықты сезінуі – шынайы бақыттың бастауы. Пенденің бақытты болуы да, бақытсыз болуы да, рухтың тыншуына тікелей байланысты. 

Рухты кейде көріпкелдер де тыныштандыра алады. Көріпкел оны алда қуаныш күтіп тұрғанын айтсыншы, сол шаттыққа жеткенше жанын шүберекке түйіп елегізи түседі. 

Күту – қуаныш! Күту – игілік. 

Әр адам сол жақсылықты күтумен жүріп, жамандыққа кез болады екен. Жақсы сөз естуге талпынып жүріп, жамандық та естиді екен. Кейде жамандықты емес, сананы төңкеріп түсер тылсым бір әңгімелерді де құлағы шалып, өз жанын қоярға жер таппай тыпыршиды екен.

Майкл телебағдарламаның ішіне кіріп кете жаздады. 

Ванга, баяғы өзіңіз білетін Ванганың болжамдары айтылып жатыр. 

Болгарияның кішкене ғана қалашығында отырып, бүкіл әлемнің патшаларын аузына қаратқан көріпкел соқыр кемпір сөйлеп жатыр. 

Аңыздар бұ кемпірді бала кезінде құйын көтеріп кеткенін айтады. Сол құйынның ішінде қалған кішкентай ғана қыз қос жанары суалып көрмей қалған. 

Майклдың түсінде көретін Алтын баланың ажалдан қашқан Қорқыт атасы сол құйынды көтеретін Албасты деген ұсқынсыз әзәзіл періні өлтірмеуші ме еді? Сол шашы мен омырауы аяғына дейін жететін Албасты болашақ өмірге өтіп Ванга қызды көтеріп бара жатқанда қолынан сусып түсіп кетпеуші ме еді? Сол сәтте   ол соқыр болып қалмаушы ма еді? Бірақ, басқа бір әңгімелерде Ванганы біреулер зорламақ болып, көзін ағызып жіберген дейді. Зорлық көрсеткендердің кім екенін жас қыз білмей қалсын десе керек. 

Бір-біріне кереғар, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы екі аңыздың ақиқаты қайсы? Мұның ақиқаты мынау: қалай болса да Ванганың көзі соқыр еді, ол сол соқыр көзімен тылсымды көре білетін.

Ванга әжей 2018 жылы Қытай әлемдегі «бірінші держава» болатыны айтып жатыр. Сосын Венера планетасынан «энергияның жаңа баламасы» табылады деді. 

 «Сұмдық! Америкалық бауырлар темір құстың шабуылы салдарынан құлайтын болады. Қасқырлар бұта түбінде ұлитын болады және жазықсыз қан төгіледі. (Осылай Нью-Йорктегі қос мұнараға жасалған шабуылды болжады). 

Көзі жұмулы кемпір тағы не айтар екен деп ұмсына түсті Майкл! Кенет көріпкел ұзын-сонар әңгімесінің арасында «Аққұба бала Майкл Джексонға айналады» деп қалды. 

Майклдың тұла бойы дір етті. Қос тізесі қалтырап, әлі кетіп барады. 

Ванга, бақсы Ванга, көріпкел Ванга не деп кетті?

Аққұба бала дей ме? Майкл сол аққұба Алтын баланы түсінде көретін болғалы алты-жеті жыл өтті. Алты-жеті жылдан бері жанын қоярға жер таппай түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылыпты. Енді міне, жер шарының қиыр шетінде отырған көріпкел сол түсті шындыққа айналдырып жіберді. 

«Аққұба бала Майкл Джексонға айналады»…

«Аққұба бала Майкл Джексонға айналады»…

«Аққұба бала Майкл Джексонға айналады»…

Құлағында осы бір сөйлем жаңғырып естіледі. Мүмкін емес, бұлай болуы мүмкін емес.  Мұндай оқиға ертегіде ғана болады. Ол баланың ұлты не? Ол өмірге келді ме, келмеді ме? Келсе, қайда өмір сүріп жатыр?

Майкл дәрісін іздеді. Бір уыс дәріні қылғытып салды да, көзін жұмды. 

«Аққұба бала Майкл Джексонға айналады» деп күбірледі. 

ІІІ

«Шыңырау» күйі

Алтын балаға Жерұйық мекен іздеген Асан Қайғы жайында…

Майклды ұйқы жеңді. 

Соқыр апа ұйқы ғаламшарына өзін қай уақытта жетелеп әкеткенін де сезбей қалды. Түбі жоқ тұңғиық бір әлемге тағы да шым батып бара жатты. 

Тағы да сол Алтын бала мұның орнына сахнаға шықты. Тағы да сол бала әуелете ән шырқады. Сосын қолына домбыра алып, құйқылжыта күй шертті. Қалақтай ғана ағаш! Сол ағаштың көмейінен қайғы мен мұңның, шаттық пен қуаныштың үні төгіліп жатты. Арындап шапқан аттың дүбірі, халықтың шаттықты үні, қайғысы қабаттаса әуелеп айнала күйге бөленді. Бұл әлем тек сол күйдің терең тұңғиығына батып кеткендей еді. Күй теңіз болып толқыды. Сол толқынның күші Майклдың жанын әлдебір беймәлім қайыққа мінгізіп алды да, тылсым бір әлемге сүйреп әкетті. Жаны қайықта, ал қайықты басқарар ескегі жоқ. Сонда да су бетінде үздіксіз жүзіп келеді. 

Майкл бұған дейін мұндай саз аспабы бар екенін естімеген. Ол саз аспабының қашан, қалай пайда болғанынан да хабары жоқ-ты. 

Алты мың жыл бұрын Алтын баланың үні жаралып, ол дауысты осы бір аспап бойына сақтағаны анық болды. Тәңір Ие енді ол дауыстың иесіне мекен іздеуге Асан Қайғы деген жырауды (әнші-ақын) жер бетіне жіберді. Майкл Джексон ұйықтап жатып оны да көрді.

Асан Қайғы желмаяға мініп алып, алты құрлықты түгел аралады. Ол теңіздерді кешіп өтіп, тау шыңдарын асып өтіп, ғасырлар бойы Алтын дауысты балаға жер бетінен жәннат боларлық Жерұйық мекен іздеді. Жүріп өткен жолын, көрген жерін жырына қосты. 

Асан Қайғы Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен іздеп, табанынан тозып жүріп, Шыңырау деген самұрық құспен кездесті.

Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бәйтерекке ұя салады екен. Сол ұясында жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарады-мыс. Балапаны қара қанат болып, жетіле бастағанда төңіректің аң-құсы жанынан безіп жоғалып кетеді екен де, самұрық құс қомағай балапанына айшылық алыс жерлерден шеңгелдеп жем тасиды екен. Бірақ, амал қанша, айшылық алыс жерлерден таңын созып, топшысын талдырып, өліп-өшіп жеткенде балапаны ылғи ұяда жоқ болып шығады. Сөйтсе, сол төңіректі мекен еткен бір әбжылан Шыңырау жем іздеп кетісімен бәйтерекке өрмелеп шығып, балапанды лебімен тартып, жұтып кетіп жүріпті.

Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан, Шыңырау әбден зәрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды екен. Сонда, Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады дейді. Енді бірде, туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады екен. Ондайда, жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді.

Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып қартаяды. Бұл өмірден енді ұрпақсыз өтем-ау деп, уайымдап жүргенде тағы да бір жұмыртқа көріп, балапан басып шығарады. Кешікпей-ақ, балапаны басы бақырдай қара қанат құс болып, өсіп жетіледі. Көзіне көрінгенді алмап-жалмап, қақшып жұтып, төңіректің ұсақ-түйек аң-құсына тоймайтын болады. Сол кезде Шыңырау жалғыз балапанына жем іздеп, қинала-қинала тағы да алыс сапарға ұшып кетеді.

Сол заманда елдің шетінде, желдің өтінде, Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен іздеп жүрген Асан Қайғы елсіз-күнсіз қиян шөлге шығып кетіп еді. Ай жүріп, жыл жүріп, ғасыр жүріп астындағы Желмаясы да шаршап, өзегі талып, көзі қарауытып келе жатса, мидай далада бір алып бәйтерек өсіп тұр екен. Асан Қайғы сол бәйтеректің көлеңкесін саялап, дем алуға тізе бүгеді. Дем алып отырса, бәйтеректің ұшар басынан шырылдаған балапан дауысы естіледі. «Бұл неғылған балапан?» деп қараса, бәйтеректі бірнеше сақина етіп ораған бір әбжылан ұядағы балапанды арбап, жұтуға оқталып тұрғанын көреді. Сол жерде, Асан Қайғы қылышын қынынан суырып алып, әбжыланның басын шауып тастайды. Балапан болса, адамша сөйлеп, Асан Қайғыға алғысын айтады.

Осы кезде, аяқ астынан дауыл тұрып, алып бәйтеректі сықырлата ырғайды. Бұған балапан қуанып, Асан Қайғыға бұл дауыл шешесі Шыңыраудың қанатынан ескен желдің екпіні екенін айтады. Әлден уақытта шүмектеп жаңбыр жауады. Балапан одан сайын қуанып, мына жаңбыр жақындап қалған шешесінің көз жасы екенін айтады. Сонан соң Асан Қайғыға: «Менің шешем алыс жолдан шаршап, уайым шегіп, ашуланып келе жатыр. Келген бетте көзіне түссең, жазым етуі мүмкін. Ашуын басқанша менің қанатымның астына жасырына тұр», – дейді Асан Қайғы балапанның айтқанын істейді.

Айтқанындай, кешікпей-ақ самұрық құс та жетеді. Сықырлатып ағаш басына қонады. Cамұрық құс балапанының амандығын көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына қысып мауқын басады. Сол кезде ғана секем алып, балапанынан: «Адам иісі шығады ғой!» – деп сұрайды. Балапан шындықты жасырмай, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Сонда самұрық құс балапанның қанатын көтеріп: «Ей, адам баласы, аспан астында менен күшті жоқ қой деуші едім. Қателеседі екенмін. Жер бетінде сенен ақылды, сенен күшті, сенен бақытты тіршілік иесі жоқ екен. Құдіретіңе құлдық, қолымнан келген жақсылығымды аямайын, қалауыңды айт», – дейді. 

Асан Қайғы қолына домбырасын алып, сонау ерте заманда қылышынан қан тамған хан болғанын, ол өзіне Күнекей қызды әкеп берген жігітті уәзірлерінің сөзіне сеніп, дарға асқанын, сол жігіттің Мұңлық-Зарлық атты ұл-қызын Жалмауыз кемпір ағаштың басына байлап қойып өлтіргенін, содан ағаштың діңіне егіз сәбидің жылаған зарлы дауысы сіңіп, Алтын баланың үні жаралғанын, сол Алтын бала көп ұзамай өмірге келетінін, соған Жерұйық мекен іздеп жүргенін, сөйтіп жүріп, алып бір бәйтерек көргенін, оның ұшар басындағы балапанды әбжылан арбап тұрғанын, Асан Қайғы қылышымен оны шауып тастағанын күй қылып тартты. (Содан бері бұл күйдің аты «Шыңырау» күйі деп аталды).

Шыңырау құс күйді тыңдап болған соң: 

– Тәңір Ие жаратпақ болған Алтын дауысты баланың Жерұйық мекені жердің кіндігінде болуы керек. Сенің жақсылығыңа қайтарым болсын! Сол жердің кіндігін балапаным үшеуіміз бірге іздейік, – деді. 

Шыңырау құс арқасына Асан-Қайғының желмаясын, балапаны Асан Қайғыны мінгізіп алып, жердің кіндігін іздеді. Олар ай ұшты, жыл ұшты, ғасыр ұшты, жердің кіндігін таба алмай шаршады.

Сөйтіп, бәрі ұшып келе жатып, жолай шет-шегі жоқ дарияға тап болды. Алған бетінен қайтпай ұша берді, бірақ жағалау оңайлықпен жете алмады. Ақыры Асан Қайғыны арқасына мінгізген балапанның қанаты талып, титықтайды. Қанат бүгіп тыныс алар бұдыр болмай қалжырап, шыбын жанын қоярға жер таппай шырылдайды.

Балапанға түпсіз дария өзін жұтатын ажалдай болып көрінді. Содан, дәрмені бітіп, енді суға құлаймын-ау деп келе жатқанда дарияның бетінен жоны шығып жүзіп бара жатқан алып балықты көрді. Сол жерде балапан қанатын бүгіп, балықтың жонына қонып, тыныс алды. 

Асан Қайғы балыққа Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен болар, жердің кіндігін іздеп жүргенін айтты. 

Балық жердің кіндігінде қазір өтірікке құмар бір хан патшалық құрғанын, ол елде шындық сөзді айтатын адамға орын жоқ екенін, егер қаласа Асан Қайғыны өтірікті судай сапыратын Тазша балаға айналдыра алатынын айтты.

Кенет балық теңіз суын желбезегімен бір ескенде Асан Қайғы суға бір батып шығып, кіп-кішкентай Тазша балаға айналып кетті. 

Қанаты талған балапанның жүгі жеңілдеп, бір-ақ ғасырда жер шетіне ұшып жетті. Жердің шетіне табаны тиген Тазша бала бір шалды көреді. Бұл елде Шыңырау құс пен балапаны қажет болмас деп «Мен Шыңырау күйін шерткенде, Желмаям тыпыршып билеп кетер, сол кезде келіп, мені әкетерсіңдер» деп оларды босатты.

Шал: 

– Не қылып жүрген баласың? – деп сұрайды. 

Сонда Тазшаға айналған Асан Қайғы өтірік айтып: 

– Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін, – дейді. 

Шал: 

– Ендеше, балам жоқ еді, маған бала бола ғой! – деп, Тазшаны ертіп, үйіне алып келді.

Бір күні шал Тазшаға: 

– Анау көрінген ағаштың басында ақ сары деген құстың ұясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы бар. Сен барып құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші, – дейді. 

Тазша: 

– Жарайды, – деп, жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығады да, кұсқа білдірместен бір жұмыртқасын алып келіп, шал әкесіне береді. 

Сонда шал: 

– Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұясына салып келе қойшы, – деді. 

Тазша: 
– Жарайды, – деп жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұяға салып келіпті. 

Сонда шал: 

– Жарайсың, балам! Өтірікшілер елінде сен секілді қолынан іс келетін епті адамдар ғана өмір сүреді, – деді. 

Бір күні Тазшаға өгей әке-шешесі: 

– Анау көрінген үйде өздері бай және өлгенше сараң бір шал мен кемпір бар. Үйіндегі мол тамақтан өздері де жарып жемейді, кісіге де нәр татырмайды және түнде жатқанда екеуі қаптағы құртын басына жастанып, қарындағы сары майын қойнына алып жатады. Солардың жұмысын табаным тесіліп, талай істесем де, жарытып ақы бермеді, ауыз толарлық тамақ та бермеді. Сонда көп ақым кетіп барады. Мені әке десең, оған кеткен ақым үшін сол қу, сараң шалдың қойнына тығып жатқан сары майын алып келші, – дейді. 

– Жарайды, – дейді де, Тазша түнде жұрт ұйықтаған уақытта барып, кемпір мен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына жата қалып, кемпірдің даусына салып: «Әрі жат!» – деп, шалды шынтағымен бір түртіп, бір уақытта шалдың даусына салып: «Әрі жат!» – деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында сары майын алып жөнеліпті. Артынша, ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында бір қу болған екен: «Пәленше шалдың асырап алған бір Тазша баласы бар еді, сол алып кеткен шығар», – деп, орнынан тұра сала жүгіріп, Тазшаға көрінбей, бір жағыменен оның үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, Тазша үйіне кіре бергенде, кемпірдің даусына салып, шелекті Тазшаның қолына ұстата береді де: 

– Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле ғой! – дейді. Аңқау Тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала сала жүгіріп, суға кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне: 

– Мә, су! – деп, берсе, шешесі: 

– Мен саған су әкел дегенім жоқ! Май әкел демедім бе? – дейді. 

Тазша алданғанын біліп: «Майдың иесі қу неме екен, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетейін! Қайсымыз басым екенбіз?» – деп жүгіріп кете береді. 

Шалдың көзіне түспей, төтелеп барып, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салады: 

– Тілеуің құрғыр, шал, қайда кетіп едің?.. Қоралы қойыңды қасқыр қуып кетті. Жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел! Болмаса, қасқыр қырып кетеді! – дейді. Тазшаның кемпір даусына салып, сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды:   

– Ал, мынаны! – деп, лақтырып тастап, қойларын іздеп жүре беріпті. Тазша бала шалды алдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті. 

Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, қойдан дерек таба алмай, шаршап, сандалып, қайтып үйіне келіп қараса, қойлары ап-аман қорасында жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп: «Қап! Өзім де жас уағымда осындай қулықты көп істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой!» – деп Тазшаның қулығын мойындайды. 

Бұл патшалықта өтірік осылай салтанат құрып тұр еді. Ол өтірікке патша ғана емес, қара халық та құмар болғаны сонша хан:

– Кім де кім алдыма келіп кідірмей, мүдірмей, қырық өтірік әңгіме құрастырып айтып берсе, сол адамның бар тілегін орындаймын! – деп жарлық салды.

Ханның бұл хабары ел арасына тарап, жұрттың құлағына тегіс тиген соң, «үмітсіз шайтан» әркімнің-ақ арқасы қозып, иегі қышиды. Не аузы аузына жұқпаған сәйгүлік шешендер, не ақындар ханның алтынынан үміттеніп: «ой, айтпай несі бар?» деп, хан алдына барып, қиыстырып айта алмай, келістіріп сөйлей алмай, талайлар күнәсіз дарға тартылды.

Кейбіреулер даладан «айтамын-ақ» деп құлшынып келсе де, қаһарлы ханды, қанға боялған дар ағашын көргенде ақылынан адасып, есінен танып, үрейі ұшып, түк шығара алмай, сырттан қайтып кететін.

Сертін орындай алмай күнәсізден-күнәсіз ханның ойыншығы болып дарға тартылып өлгендерден ханның сарайы қан сасыды.

Жұрттың ең соңынан, Тазша бала да жетті. Есік алдында отырған жұрт:

– Жаным-ай! Жауқазындай жас бала көрінесің, сенен естияр не шешендер, не ділмарлар өтірікті суша сапырамын деп келіп, айта алмай, босқа өлгендердің есебі жоқ. Жарқыным, тумай жатып өмірден орын таппай, өлуге асығып жүрген не қылған баласың? Ізінше еліңе қайт! Тілімізді ала ғой, – десті. Бірақ, бала көнбеді. Хан сарайына кіріп, ханның алдына келіп, алдиярлап бас иіп, тізе бүгеді. Сонда хан:

– Е, не арызың бар? – деп сұрайды.

– Тақсыр! Жарлығыңызды естіп, өтірік әңгіме айтқалы келіп тұрмын, – деді.

Хан миығынан күліп, мысқылдап, баланы көзіне ілмей:

– Үлкендердің қолынан келмеген, сенің қолыңнан қалай келсін, – дейді.

– Тақсыр! Сол көптен менің жаным ардақты ма? Айта алмасам, өз обалым өзіме, рұқсат етіңіз, – деді.

– Ал, ендеше, сөйлей ғой, – дейді хан. 

Тазша бала сөйлеп ала жөнеледі.

– Тақсыр! Әкемнің белінде, шешемнің құрсағында жүрген кезімде, әкемнің әкесінің жылқыларын он бес жыл бағыппын. Алған ақыма өзіме қалың беріп, қатын алыппын, бес-алты бала сүйіппін, сол қатынымнан туған балаларымның қолымдағы кенжесі, осы уақытта жиырманың бесеуінде; өзімнен он жас үлкен.

Жаздың сарша тамызында, бір қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп, құрық үстіне құрық салып жау тигендей қуалап жөнелдім. Айдын шалқар бір құдыққа келсем, тақсыр-ай, күннің ыстығын сонан білерсіз, құдықтың суы қалыңдығы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып қатып қалыпты. Жалма-жан суат оя қояйын деп ат үстінде тұрып балтамен олай шапқыладым – ойылмады, бұлай шапқыладым – ойылмады, балтамның жүзі жапырылып қалды; балтамды қойныма салып қойып, сүйменімді қолыма алып, олай түйгіштедім, бұлай түйгіштедім, болмады – сүйменім майысып қалды.

Енді не қыламын деп дағдарып тұр едім, бір амал ойыма түсе қалды: дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, шекеммен ақырын ғана мұзды бір нұқып қойып едім, тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын, мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды!

Онан соң, жылқыларымды көк мұзды жарып шыққан сары балауса мен көк жоңышқаға матап салып, санамай, түстемей түгендегенінде, алты құлаш ала биеден туған, жеті құлаш жирен құлыным жылқының ішінде де, сыртында да жоқ болып шықты; ұры алғанын да білмедім, пері алғанын да білмедім, әрі-бері қарап тауып ала қояйын деп жалма-жан құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып, төңірекке көз жіберіп едім, көрінбеді. Құрығым аласа болған шығар деп, құрықтың басына пышағымды шаншып, оған шығып қарап едім, тағы көрінбеді. Пышағымның басына қынымды шаншып, оған шығып қарап едім, онда да көрінбеді, көңілім әлі де биіктетуде болып, қамшымды шаншып, тағы биіктеттім, оған да шығып қарап едім, жау алғыр тағы көрінбеді. «Енді не жалғаймын?» деп көзімді жұмып, ойға қалып тұрғанымда қалт есіме түсе қалды. Тілімнің астына салып жүрген тебен инем бар екен, қуанғанымнан соны ала салып, қамшымның басына шаншып және шығып, көзімді адырайтып қарап едім – тағы көре алмадым. Әбден дағдарған соң құрығымнан «апырмай, енді не жалғайын, ақылың болса айтшы» деп ақыл сұрадым. 

Ол ант ұрғанның жатып тұрып өзімді сөккені ғой, сөккенде не дейді? «Ит болмасаң, айналып жерге қарай бергенше, көзіңді шарт жұмып, аспан жаққа қарасаң болмас па еді?» деген ғой. «Ойбай-ау, аспанды бұлт басып тұрғанын көрмейсің бе?» деп едім, онан жаман балағаттап: «Ант ұрған-ау, қолың жоқ па еді? Бұлттың әрісін әрі, берісін бері серпіп берсең болмас па еді?» деді.

Ойлап тұрсам, оның сөзі де жөн екен, дереу қолымды созып жіберіп бұлттың былайғысын былай, олайғысын олай сыпырып жібергенімде, күннің көзі жарқырап шайдай ашылды да қалды. 

Әбден мән беріп, көзімді шарт жұмып, аспанға қарағанымда: тамаша, мұнан артық не болсын? Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында, Қап тауының етегінде манадан бері қарап таба алмай жүрген жирен құлыным, бір бәйтеректің бұлағына шығып құлындап, құлынын емізіп тұрғаны көзіме жарқ ете түсті. Қатыным ұл тапқандай қуанып, құрығымның басында тұрып секіре беріппін. Бірақ екі арамыз теңіз екен, жалма-жан құрығымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып сол теңізге түсе қалып едім, шым батып барамын, дереу пышағымды қайық қылып, құрығымды ескек қылып түсе қалғанымда, кірпік қаққанша сыр етіп теңізден өте шықтым.

Жирен құлынға міне салып, жас құлынды алдыма өңгеріп қайтадан теңізге түсе қалғанымда, шым батып барамын; дереу жас құлынға мініп, енесін алдыма өңгеріп, түсе қалғанымда: жануардың сушылы-ай, көзді ашып жұмғанша теңіздің бетімен де емес, түбімен де емес, ортасымен де емес, сыр етіп өте шықтым.

Жылқыға келген соң, жүріс алған неме тағы бошалап кетіп әуре қылып жүре ме деп енесін құлынына, құлынды айғырдың құйрығына байлап, жылқыға қоспай далаға айдап қоя бердім.

Бір уақытта айдын мұздың үстіне қарап тұрсам, бітпеген қу тобылғының түбінде тумаған бір ту қоян жатыр екен; жалма-жан садағымды алып, оғымның масақ жағымен атып едім, өтпеді; масақ жағын кіріске қойып, кер жағымен тартқанымда, жұлдыздай ағып өтті де кетті.

Асығып-үсігіп атымды бір қу қазыққа байлай салып, етегіме тезек тере бердім. Бір уақытта қарасам, атым өз-өзінен ер-тоқымын бауырына алып, тас-талқан болып үркіп, тулап жүр екен, етегімдегі тезегімді төге салып, атыма қарай жүрейін десем, сұмдық-ай, манадан бері тезек деп тергенімнің бәрі бөдене екен, пыр-пыр етіп, алды-алдына ұшты да кетті!

Манағы қу қазық деп атымды байлағаным аққудың мойыны екен; соның серіпкен қанатынан үркіп атымның тулап жүргені де сол екен. Атымды ұстап алып, манағы тебен инемді қазық қылып жерге қағып жіберіп, атымды соған байлап қойып «уһ» деп демімді алдым. Атып алған қоянымды сояйын десем, қынымда пышағым жоқ. «Апырым-ау, қайда қалды?» деп, ойға қалып тұрғанымда, үш күн, үш түнде барып есіме түсе қалды. Баяғы құрығымның басына шанышқан бойымен сонда ұмытылып қалған екен. Соған қайта баруға еріндім де, күрек тісімнің біреуін суырып алып, сонымен соя бердім. Қашаннан өзімнің мал сойғыштығыма салып жеде-қабылдап, қоянды үш күнде сойып болдым; оның етін қақтап, тұздап, енді майын ерітіп алайын деп бір бүтін қазанға салып, еріткенімде менің сорыма май ағып тұрмады. Бүтін қазанды тастай салып, бір тесік қазанға салып едім, тақсыр-ай, мұндай қызықты көріп пе едіңіз, бір тамшы тамбай тұра қалды!

Еріген майды ыдысқа қотарғанымда бір түйе қарнына, бір өгіз қарнына, бір борсық қарнына әрең-әрең сыйғыздым.

«Бұл титтей май менің қай күніме жарайды? Онан да етігімді майлап алғаным олжа шығар» деп, бас салып майлағанымда, бір етігімнің жұлығына зорға жетті. Қонышына жетпеді. Анау етігім мүлдем ауыз тиместен қалды. «Ер еңбегіне бір тойсын» деген сөз бар еді-ау деп, қоянның бір кесек етін қолыммен әрі-бері күн көзіне ұстап пісіріп, аузыма салайын деп апарғанымда, сұмдық-ай, аузым орнында жоқ, жүрегім мұздай болып, «апырым-ай, аузым қайда?» деп, қайта-қайта бетімді сипаласам: аузым жоқ дегенім ойыншық екен, солайымен басым да жоқ екен. Тақсыр-ай, сондағы қорыққаным өлі күнге дейін есімнен кетпейді.

«Апырым-ай, бассыз қалай күн керемін?» деп, алақанымды маңдайыма қойып, ойға батып тұрғанымда, біреу иығымнан тартып: «Әке, мынау басты танисың ба?» деді. Байқап қарасам, басымды тауып әкеліп тұрған өзімнің балам. «Шырағым, мұны қайдан таптың?» деп сұрағанымда: «Суат ойған жерінде жатыр екен, сенің басың екенін танып әкелдім» деді. Тақсыр-ай, сондағы қуанғаным әлі есімнен кеткен жоқ! «Кеп жаса! Бай бол! Үбірлі-шүбірлі бол!» деп, балама бата беріп алғыс айттым.

Көптен ұйқы көрмей, сергелдең болып жүрген байғұс басым, сол мезгілде ұйқы қыстап қалғандаймын ба? Мұздан төсек, қардан жамылғы қылып жата қалсам, төсектің жылылығына бұйығып өлген адамдай ұйықтаппын да қалыппын. 

Түн ортасы болған кезде бір нәрсенің сарт-сұрт еткен дыбысынан шошып ояндым, қарасам, екі етігім жұдырықтасып, қызыл ала қан болып төбелесіп жатыр. 

«Батыр-ау, бұларың қалай?» деп сұрағанымда, май жағылмаған етігім жыламсырап: «Қайтейін, май біткеннің бәрін анау жалмауызың ішіп қойды, маған ауыз да тигізген жоқ» деді. Екінші етігім анау етігіме тап беріп: «Өзіңнің кем несібелілігіңнен көрмей, майдың жетпегенін менен көргенің сасқаның ба?» деді. Ашуымның әбден келгені емес пе? Маңдайларынан бір-бір шертіп, екеуін екі жағыма қойып жата бердім.

Таң атқан соң, қарасам, көзін ашпағыр, май жағылмаған етігім өкпелеп түнде қашыпты да кетіпті. «Алда жүгірмек-ай!» деп, екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсіп қуа бердім.

Айдан айлар жүрдім; зорығып астымдағы атым өлді, жылдан жылдар жүрдім; етігімнің күйігінен іші жанып, үйімде қатыным өлді. Бір күндерде өгіздің желкесіндегі жауырына қауын егіп, пісіріп отырған бір егіншіге кез келдім. Егінші бишара бір піскен қауынды алдыма қойып: «Жарқыным, пышағың бар екен, өзің жарып жей ғой» деді. Кездігімді суырып алып, қауынға салып қалғанымда, шіркіннің жетесі босап жүр екен, теміртегі суырылып, қауынның ішіне түсті де кетті... «Қап, жолым қырсығып жүрген бейбақ едім, бұ да соның салдары ғой» дедім де, «бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған замандасым еді, қалай көзім қиып тастап кетейін» деп, қауынның ішіне сүңгіп кірдім де кеттім. 

Ал, іздемеген тау да қалмады, тас та қалмады, тоғай да қалмады, апта болды-ау дегенде маған ұқсап жоқ қарап, сандалып жүрген бір жоқшыға кез болдым. Жоғымның түсін-түгін, ен-таңбасын айтып сұрап едім, құдай соққан неменің «тіпу» деп былш еткізіп бетіме түкіріп жібергені. «Ау! Жының бар ма? Heге түкіресің? Мен жоқ сұрап тұрмын ғой!» дедім. О да бір шытынаған неме екен, менен қалыспады; ақырында «жынды демей не дейін, мен бір айдан бері бұл қауынның ішінен әлденеше атымды зорықтырып, бір үйір қысырағымды таба алмай жүргенімде, сен төрт еліге толмайтын теміртекті іздейсің» дегені. Мұның бұл сөзіне шыдай алмай, сол жерде жаттым да төбелестім, қан болмаған жеріміз, жұлынбаған сақалымыз қалмады, ақырында оның да, менің де сілеміз құрып, шаршаған соң екеуміз де төбелесті қойдық, бір-бірімізден насыбай атысып, жөн-жөнімізге кете бердік.

Бір күндерде ұлы жиын ас беріп жатқан қалың елдің үстінен шықтым. «Жақсы болды ғой, осы жиыннан етігіме де, кездігіме де сұрау салайыншы» деп, жер ошақты жағалап келе жатқанда, аста табақ тартып жүрген бозбалалардың арасында табақ көтеріп, баяғы қашқан етігім жүр. Анадайдан көзіме оттай басылды, өлген қатыным бөпе тапқандай қуанып секіре беріппін. Етігімнің де көзі мені шалып қалып, ұялғанынан қып-қызыл болып, қолындағы көтерген әйдік табақ қазы-қарта, жал-жаяны әкеліп: «Кешегі маған жағуға қимаған майың осы ма еді?» деп, алдыма сарт еткізіп қоя салды.

Пай, пай! Тақсыр-ай! Сондағы ұялғаным өмірімде есімнен кетер емес. Мінекей, тақсыр! Туғаннан бергі жердегі басымнан өткен істер осы, – деп Тазша бала әңгімесін бітірді.

Тазша баланың қиыннан қиыстырып, бір ауыз да рас сөз араластырмай өтірік айтқанына хан таң қалып: 

– Ал, Тазша балам! Хан екі сөйлемейді. Енді сенің бар тілегіңді орындаймын. Тілеуіңді айт, – деді.

Тазша бала қолына домбырасын алып, сонау ерте заманда қылышынан қан тамған хан болғанын, ол өзіне Күнекей қызды әкеп берген сиқыршы жігітті уәзірлерінің сөзіне сеніп, дарға асқанын, сол жігіттің Мұңлық-Зарлық атты ұл-қызын Жалмауыз кемпір ағаштың басына байлап қойып өлтіргенін, содан ағаштың діңіне егіз сәбидің жылаған зарлы дауысы сіңіп, Алтын баланың үні жаралғанын, сол Алтын бала көп ұзамай өмірге келетінін, соған Жерұйық мекен іздеп жүргенін, сөйтіп жүріп, алып бір бәйтерек көргенін, оның ұшар басындағы балапанды әбжылан арбап тұрғанын, қылышымен оны шауып тастағанын, содан кейін Шыңырау құс пен балапаны үшеуі Алтын дауысты баланың мекені болар Жерұйықты, жердің кіндігін іздегенін, өзінің Тазша бала емес, Асан Қайғы екенін, балықтың айтуымен жердің кіндігінде өтірікке құмар патшалық құрылғанын білгенін, мұндай өтірік пен жалғандық салтанат құрған жерге Тәңір Ие Алтын баланы жібере алмайтынын күй қылып тартты. 

Алтын баланың домбыраға жасырынған дауысы Патшаның жүрегін жібітті ме, жоқ басқадай себебі болды ма, ол сол күні әмір етіп, «Жердің кіндігіндегі патшалықта енді кім өтірік айтса, соның басын аламын» деп жарлық шығарды. 

Шыңырау күйі тартыла бастағанда Шыңырау құс пен балапаны көзді ашып-жұмғанша ұшып жетіп еді, Тазша бала да лезде Асан Қайғыға айналып шыға келді.

Асан Қайғы желмаясына мініп алып, жер кіндігін аралап көрмекке аттанды. 

Жердің кіндігі деген не өзені, не көлі, не сыңсыған ну орманы, не шыңы көк тіреген тауы, не аң құстың табанын тасырқатар тасы жоқ қу мекиен дала екен. Ол мекенге тіпті сан ғасырлар бойы жаңбыр да жаумай, шөл далаға айналыпты. 

Асан Қайғы мынау шөл дала Алтын дауысты балаға қалай мекен болады деп қайғырып келе жатып, баяғы жер кіндігінің жыртылып қалған жыртығын жамап отырған кемпірмен жолықты. 

Сөйтті де, өзінің жайын айтты. 

Ол кемпір бірден:

– Баяғыда, топ киіктің арғы жағында жердің кіндігін жамай бастағанымда бір әйел жылап келіп, алтын киікке бір қанаты алтын, бір қанаты күміс тақ істейтін шебер іздеп жүргенін айтып еді. Мен оның ұлын Мертік шаһарының бергі жағындағы шеберге жіберіп едім. Сенің айтқан Мұңлық-Зарлығың сол кемпірдің немерелері екен ғой, – деді күрсініп. 

– Енді сен, мынаны тыңда деді кемпір сөзін жалғап. – Бір кездері уәзірлерінің сөзіне еріп, Мұңлық-Зарлықтың әкесін дарға асып өлтірген ханды уақыт теңізі өз тереңіне батырып әкеткен. Ондай қылышынан қан тамған ханның өмірде болғаны туралы ел де ұмытты. Бірақ, сол ханға әйел болған күн астынан келген Күнекей қыз ұлды болған еді. Ол ұлға әкесінің тағы бұйырмады. Сенің қырық өтірікті қиыстырып айтып, енді өтірік айтпауға жарлық шығартқан хан баяғы жігітті дарға астырған уәзірдің баласы еді. Оны жеңіп келген екенсің. Енді сол Күнекей қыздың ұлы Толағайға барыңдар. Сол Толағай мынау шөл даланы жұмақ мекенге айналдыра алады, – деді. 

– Ол Толағайды қайдан тапсам болады?, – деді Асан Қайғы 

– Күнекей қыз Толағайды туа сала уәзірлер айдалаға апартып тастаған. Оны сол жерден Мұңлық-Зарлықтың әжесі тауып алып, бағып-қақты. Ол Уәзірдің хан баласы бұл елде өтірікшілер патшалығын құрғаннан кейін «өтірікшілер патшалығында өмір сүре алмаймын» деп шешесін алып, алты қырдан ары асып, көшіп кеткен, – деді жердің жыртығын жамап отырған кемпір. 

Асан Қайғы Желмаясына мініп, алты қыр асып, Толағайдың үйіне келді. 

Толағай деген алтын айдарлы ұл екен. Алтын мүйізді киікті, сол киік ән айтып, би билейтін бір қанаты алтын, бір қанаты күміс тақты, жеті қат жердің астынан шыққан алтын ағашты жаратқан Тәңір Ие Толағайдың айдарын да алтындап дүниеге жіберіп еді. Ол туғанда қолына алтын сақа да болған. Сол сақасымен қоса, алтын айдарлы Толағайды уәзірлер айдалаға апарып тастап еді. Ол баланы баяғы Күнекей қызды ханға әкеліп берген жігіттің шешесі тауып алып, өз ұлындай бағып-қақты. Ол жыл санап емес, күн санап ержете бастады.

Толағай бірде бір тауды ырғап-ырғап көтеріп қалғанда астынан баяғы Таусоғар тауға бастырып тастаған төбет ит атып шықты. Ол ит күн астындағы патшалыққа бармақ еді, бірақ тас астында бірнеше ғасыр жатқан себепті ол жаққа барар жолды таппай, ақыры Толағайға жолдас болды. Толағай бұл кезде үйір-үйір жылқылы байға айналып еді, ол қолы босай қалса, кейде алтын сақасымен ойнайтын, кейде тау көтеріп ойнайтын.  

Күнекей қыздың Толағай атты ұл туғанын, оны уәзірлер айдалаға апарып тастағанын, оны Мұңлық-Зарлықтың әжесі бағып алғанын Жалмауыз кемпір де естіп еді. 

Мұңлық-Зарлықтың дауысы әлемге жауыздық пен айуандықтың бар екенін  әйгілеп, бірде зар жылап, бірде шаттана күліп, күй болып төгіліп, Жалмауыз кемпірдің қара ниетін ұрпақ санасына сіңіріп жатты. Бұған ашуланған Жалмауыз кемпір Толағай түбі Тәңір Ие жерге жібермек болып отырған Алтын балаға жәрдем берер деп күдіктеніп, оған қастандық жасауды ойлай бастады. 

Толағай өтірікшілер патшалығынан көшіп кетпек болып, үйін жығып жатқан. Әжесі жылқыларды суарып келе қояйын деп, өзен жағасына келсе, өзен ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп жүр екен. Оның айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп, суға жуымайды. Әлгі жерде әжесі жылқыларын қанша айдаса да суға жаба алмайды. Сол кезде әжесі тұрып, судағы жүзіп жүрген өкпені құрықпен түртіп көреді. Өкпе суға батып кетіп, әлден уақыттан соң Жалмауыз кемпір болып судан шығады да, Толағайдың әжесінің жағасынан ала кетеді. Әжесінің көзі алақандай болып, қорқып кетеді. 

Әжесі Жалмауыз кемпірге: 

– Мына жылқыларымның бәрін берейін, қоя бер, – дейді. Жалмауыз кемпір оған көнбей:

– Толағайды берсең ғана жіберемін,– дейді. Жаны үшін әжесі Толағайды бермекке келіседі. 

– Ертең көшеміз, сонда Толағайдың алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырарсың, – дейді.

Сонымен әжесі жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап, кетіп қалады. Ертеңінде көшеді. Толағайдың алтын сақасын ұмыттырып, жұртқа тастап кетеді. Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Толағай ермек етіп, тау қопарып болып, асық ойнайын десе, сақасы жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, әжесіне келеді.

Сонда әжесі:

– Кеше көшіп жүргенде, жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой, – дейді.

Бала бармақшы болады да әжесінен:

– Әже, қандай тайға мініп барайын? – деп сұрайды.

– Құрығыңды құлдыратып, жүгеніңді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай бетіңе қараса, соны мін, – дейді. Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. 

Толағай сол қотыр тайды ұстайды да жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді. Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Толағай кемпірге:

– Шеше, анау жатқан сақамды алып берші! – дейді.

Сонда кемпір:

– Шырағым, өзің түсіп ал. Кәріліктен отырсам – тұра алмаймын, тұрсам – отыра алмаймын, – дейді.

Сонда бала:

– Мен жастықтан түссем – міне алмаймын, мінсем – түсе алмаймын, – дейді.

Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Толғай қашып келеді. 

Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң, кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде, тайдың бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады. Тай әлсірейін дейді. 

Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір бәйтеректің түбін кешке дейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де кемпірге:

– Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап демал, – дейді. Кемпір жатады. Түлкі тісті суға атады да қазған шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады. Кемпір тұра келсе, тісі де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып, бәйтеректі қаза береді. Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп:

– Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын, – дейді. Сонда жалмауыз кемпір:

– Сен кетпенімді алып, қашып кетесің, – дейді.

Сонда түлкі:

– Ол қырдың қызыл түлкісі, мен сайдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл бала бір тауды лақтырып жібергенде, соның астында құйрығым қалып еді. Сондықтан бұл балада менің кегім бар, – дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін суға лақтырып жібереді де шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ. 

«Алда, ойбай-ай, бұл әлемдегінің бәрі Алтын балаға болысатын болғаны ма, мына түлкі де алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі қалыпты. Жалмауыз кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындайды. Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарға өтеді.

Бала қарғаға:

– Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Менің төбетіме хабар айт, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, – дейді.

Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді, Толағай оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен әрлі-берлі ұшып жүреді де баланың төбесіне келіп қонады. Толағай жылап тұрып, бұған да тапсырады. Бұрын бала қыстауындағы ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан Толағай қарлығашпен дос екен. Сонымен, қарлығаш баланың төбетіне тапсырғанын айтып барады. «Осындай пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлатуға таяу тұр», – дейді, қарлығаш Толағайдың төбетіне. 

Мұны естіген соң төбет шапқаннан шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге құлайды. Баланың төбеті жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт қылып, жүн-жүнін шығарып, талап тастайды.

Бала төбетіне мініп, үйіне аман-сау жетеді. Толағайдың Жалмауыздан аман-сау құтылып келгеніне әжесі қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады. 

Бұдан былай неше күндер өткен соң, баяғы Жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің жүн-жүні шығып, өліп қалғанын көреді. Кім өлтіргенін білу үшін сол жерде қарап жүрсе, иттің ізі көрінеді. Мұнан соң қыз төбеттің ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. 

Енді ауыл жақын екенін біліп, тағы алға жылжиды. Иттің ізі тұп-тура Толағайдың үйіне бастап апарады. Қыз төте Толағайға келуге қорқып, орайы келгенде кегімді алармын деп кері қайтты. 

Толағай Жалмауыз кемпірді жеңіп келген беті еді. Желмаясына мініп келген Асан Қайғыдан жөн сұрады. Асан Қайғы Шыңырау күйін тартты. Бұл күйді оның Төбеті де ұйып тыңдады. 

Толғайдың қылышынан қан тамған хан әкесінің болғанын, әкесіне анасын, яғни Күнекей қызды әкеп берген жігітті уәзірлерінің сөзіне сеніп дарға асқанын, сол жігіттің Мұңлық-Зарлық атты ұл-қызын Жалмауыз кемпір ағаштың басына байлап қойып өлтіргенін, содан ағаштың діңіне егіз сәбидің жылаған зарлы дауысы сіңіп, Алтын баланың үні жаралғанын, сол Алтын бала көп ұзамай өмірге келетінін, соған Асан Қайғының Жерұйық мекен іздеп жүріп, алып бір бәйтерек көргенін, оның ұшар басындағы балапанды әбжылан арбап тұрғанын, қылышымен оны шауып тастағанын, содан кейін Шыңырау құс пен балапаны үшеуі Алтын дауысты баланың мекені болар Жерұйықты, жердің кіндігін іздегенін, сөйтіп Асан Қайғы Тазша айналып,  жердің кіндігіндегі өтірікке құмар патшалықта болып, ақиқаттың туын желбіреткенін, бірақ жердің кіндігі деген не өзені, не көлі, не сыңсыған ну орманы, не шыңы көк тіреген тауы, не аң құстың табанын тасырқатар тасы жоқ қу мекиен дала екенін, енді Алтын бала өмірге келетін даланы Жерұйық мекенге айналдыру үшін Толағайға келгенін күй қылып тартты. 

Толағай Мұңлық-Зарлықты ағаштың басына байлап қойып кеткен Жалмауыз кемпірді Төбет талап өлтіргенін, кектің қайтқанын айтты. Содан соң:

– Тәңір Ие жерге жіберетін Алтын дауысты баланың еліне қанша жер қажет! Қаншама жерді Жерұйық-Жұмаққа айналдырамыз? – деп сұрады. 

– Оны мен білемін, – деді Төбет. – Баяғы Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақтарды көмекке шақырайық, – деді. 

Енді Асан Қайғы Желмаясына мініп алып, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақтарды іздеп кетті. 

Бір жерлерге келгенде, Саққұлақты, тағы бір тауға келгенде Таусоғар дәуді, бір көлдің жанына келгенде, Көлтауысарды, қайтып келе жатып Желаяқты табады. Асан Қайғы оларға баяғы күйін шертіп береді. Бәрі де Тәңір Иенің бұйыруымен Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен тұрғызамыз деп, білектерін сыбанып жүр екен. Олар Асан Қайғыға жолдас болып, ай жүріп, жыл жүріп, ғасыр жүріп, Жердің кіндігіне келді. 

Бұлардың алдынан дәл баяғындай айшылық алыс жерден Төбет күтіп алуға шыға келіп еді. Таусоғар қолындағы бір таумен ұрып жібермек болғанда оны Саққұлақ тоқтатты. «Бірде жерге құлағымды төсей қойып, тың тыңдап жатсам, осы Төбеттің тау астынан шыққанын естідім. Баяғы жауым еді деп, содан бері тың тыңдап келемін. Бұл қазір Толағайдың досы, біздің де досымыз болған» деді. 

Достар Толағайға келіп ақылдасты.

Асан Қайғы осыған дейін болған оқиғаларды баяндап, Алтын баланың даусы жасырынған домбырамен күй тартты. Желаяқ арқасына Саққұлақты мінгізіп алып, тың тыңдайды. Күйдің дауысы қай жерге дейін жетсе, Алтын баланың Жерұйық мекенін сол жерге дейін тұрғызамыз деп жолға шықты. Желаяқ түн жүрді, күн жүрді, арада ай өтті, жылжып жыл өтті, Саққұлақтың құлағынан күй үзілгенше безек қақты. Ақыры бір жерлерге жеткенде Саққұлақтың құлағы Асанның күйін естімей қалып, Алтын бала мекенінің шекарасы белгілі болды. 

Ол мекенге Толағай мен Таусоғар тау тасыды. Көлтауысар ұртына ұртап келген көлін лақ еткізіп бір төккенде Азар (Каспий), екінші рет төккенде Арал көлі пайда болды. Үшінші рет алыстау жерге түкіріп еді, Балқаш көлі ұзыннан ұзақ болып, үзіліп түсті. 

Көлтауысардың аузынан шашыраған сулар ұсақ көлдерге, сосын Сырдария, Жем, Жайық, Ертіс, Есіл, Іле секілді сансыз өзенге айналып кетті. 

Бірақ, бұрын шөл далада болған мекенге аспаннан бір тамшы жаңбыр жаумай, Толағай мен Таусоғар көтеріп әкелген Алтай, Тарбағатай, Алатау, Қаратау секілді сансыз тауларының бауырындағы аң-құс шөлдеп, жап-жасыл алқап қурай бастады. 

Жерге бір тамшы жаңбыр жаумай, қуаңшылық тартып, ел күйзеліске ұшырады. Халықтың басына түскен мұндай ауыртпалықты қалай жеңеміз деп, Асан қайғы мен Толағайлар бас қатырды. Ақыры баяғы жердің астына түсер үңгірді көрсетіп берген ақсақалды қарияға барып ақыл сұрады. Сонда қарт: «Қарағым, бұл жер жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ еді. Жаңбырдың болмауы сол себептен» болатын. Сендер бұл жаққа тау көтеріп келгенде ырғап, ырғап жіберіп, арқаларыңа салып алғанда, тау басындағы бұлт сейіліп кете берген. Сол себепті де жаңбыр жаумайды, – деді. Бұған Толағай: «Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып бір жерден тауды бұлтымен бірге арқалап алып келсем болмай ма?» – деп тіл қатты. Сонда қарт: «Шырағым, Толағай, Алтын балаға мекен болар жеріңді, сол балаға отан болар еліңді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тауды ауыр бұлтымен қоса арқалап әкелу оңай болмас, дегенмен, ондай талабың болса, қарт Алатауды қайдан алсаң, сонда барып, бір тауды тағы арқалап кел, – деп батасын береді.

Сөйтіп, Толағай тағы да сапарға шығып, арада ай, жыл, ғасыр өткенде Алатауды көтеріп әкеткен тауға келіп, «Ассалаумағалейкум!» деп таудың атасына сәлем беріп, өзінің талап-тілегін айтты. Маңғаз тау атасы талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан, басыннан бұлт айрылмайтын Бурабай атты бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Ол алғашқыда аяғын ширақ басқанымен, иығына түскен бұлттың салмағы еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастады. Арада жылжып ай өтті, жыл өтті, ғасыр өтті. Арқасындағы таудың бұлтын сейілтіп алмайын деп, Толағай демалған да жоқ. Бурабайды Алтын дауысты бала мекенінің қақ жүрегіне, ортасына апарып қойса, бүкіл мекен Жерұйық-Жұмаққа айналады деп ойлады. Толағай мекеннің жүрегіне іліге бере, қатты шаршап еді, оны аңдып жүрген баяғы Жалмауыз кемпірдің қызы осы орайды пайдаланып, тауды қояйын деп, тізесі бүгіле бергенде  аяғынан шалып кеп жіберді. Арқалаған тауы Толағайдың үстінен басып қалды. Ел Толағай батыр күні бүгінге дейін сол тау астында ұйықтап жатыр екен деседі.  

Осылай Асан Қайғы Тәңір Иенің бұйрығын орындап, Алтын дауысты балаға дүниеге келер Жерұйық-Жұмақ мекенді орнатты. 

(Осы ертегі-хикаяттың авторына Жағда Бабалық атты этнограф ғалым көне бір карталардан «Шыңырау» деп аталатын жерді көргенін, сол жерден археолог ғалымдар бұрын-соңды ешбір жерде болмаған алып әбжыланның сүйегі тапқанын айтып еді. Сол кісі: «Біз қазір Ықыластың күйі деп тартып жүрген «Шыңырау күйі» сол алты мың жылдан бұрын пайда болған сарын» деген қадап тұрып. 

Қазір Алтын дауысты баланың елі Шыңырау атты самұрық құстың күн астында ұшып бара жатқан бейнесін мемлекеттің жалауына белгі етті. Тамыры жер асты, діңі адамзат әлемі, басы рухтар мекені саналатын, оған Шыңырау құс қана ұя салатын осы ертегі-хикаяттағы Бәйтеректі елдің астанасының басты белгісі (символы) етіп, алып ескерткіш тұрғызды. Ол Бәйтеректі Астана  қаласына барып көре аласыз. Бәйтеректің басына Шыңыраудың әлі де балапанын шығармаған жұмыртқасы тұр). 

ІV

Алғашқы қошамет

Майкл Джексонның тасы өрге домалады. Жер шарында бір рет болсын оның әнін естімеген, биін тамашаламаған адам қалмады. Сонау бақытсыз балалық шағы есіне түссе болды, қатал әкесінің кейпі көз алдына елестей кететін. Әкесі Джозеф бала Майклды ылғи да таяқтап тастаушы еді. Одан таяқ жеген сайын іштей булығатын. Сол таяқтың дәмі баяғы ата-бабасының көрген азабын еске салғандай тұла бойына тұнған шерді қозғап жіберетін. 

Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады… 

Ой түбінде жатқан халықтың арман-тілегін шер толқытқан… Ол шерді барша адамзат баласы Майклдың үнінен естіді. 

Елдің дәл Майклдай балалары бәтеңкесінің бауын байлай алмай жатқан тұста ол сахнада ойнақ салып жүрді. Бар болғаны бес жасында киелі сахнаның төріне озды. Осылай Майклдың әні қара нәсілді адамдардың қандай дарынды екенін әлемге әйгілей бастады. 

Бір халық ғылым мен ілімді игеріп, әлемді жаулайды. Ал, екіншілері қарудың күшімен қарсыластарын тізе бүктіреді. Ғылым мен ілімнің құдіреті игі мақсатқа жұмсалса, адамзаттың көзі ашылып, қайғы сейілер еді. Өмір сүруі жеңілдеп, игіліктерге жол ашылар еді. Бірақ, кейде ғылымның да қаскөйлердің қаруына айналып кететін кезі көп. 

Ал, бейбітшіліктің жырымен, өнерімен, дарынымен әлемді жаулайтын халық һәм тұлға жоққа тән. Адамдардың жүрегіне мейірім ұялатып, соғыс атаулыға лағынет айтар Майкл Джексон секілді әншілер көп болса қайғы мен мұңға орын қалмас еді. 

Әрине, мұны Майклдың әкесі Джозеф білген жоқ. Ол ақша, көп ақша табу үшін балаларының басын қосып, топ құрды. Олардың дарынын ақшаға сатпақ болды. Көп ақша тауып, жоқшылықтан құтылмақ еді.

Бұл оқиға қалай болып еді? Майкл дастарқан басында тыныш отырмаған. Оның ойыны әкесінің ашуын келтірді. Әкесі Майклды тыныштандыру үшін жұдырықпен салып қалды. Баланың мұрнынан қан сау ете түсті. 

Бар болғаны осы. Бұған дейін де таяқ жеген. Бұдан кейін де таяқ жейді. Әкесінің балаларын ұруы қалыпты жағдай еді. Мұрны шиедей қан болған бала әкесінің көңілін көтергісі келді. 

Қатал әкенің мінезінен қаймықса да: 

«Әке, әкетай! Джеки екеуміз сенің көңіліңді көтеретін ән айтып берсек қалай қарайсың? Көршілердің бәрі біздің әнімізді мақтайды» дейді батылдана. 

Джозеф қанша қатал болса да баласының өтінішін жерде қалдырмады. Майкл, бес жасар сәби, қазір ғана әкесінің жұдырығы мұрнын бұзған бүлдіршін жанын сала ән айтты. Балаларының өнерін тамашалаған әкенің жүрегі жібіді. 

«Балаларым, көресіңдер, мен сендерден «супер-топ» жасаймын. Әлі-ақ атақты, бай боласыңдар» деді сосын.

Джозеф осылай «Джексон-5» атты топ құруға шешім етті. Осы «Джексон-5» тобы Майклдың бақытты балалық шағын ұрлады. Ел кезді, жер кезді. Сансыз сахнаның төсін тоздырды. Майклдың бұл қадамы оған абырой мен атақ әперетін алғашқы баспалдақ болды. Өнер әлеміне даңғыл жол салды. Ол жолда бірде шалынып, бірде тұрып, бірде сүрініп, бірде жүріп алға талпынды. 

Еңбек… Еңбек бәрін де жеңеді. Шыр етіп дүние есігін ашқан әр бала талантты. Құдай баланың бәрін бірдей етіп жаратады. Бірақ, олардың тағдыры әр қиырдан соқпақ тауып, әр кәсіптің тізгініне жармасады. Майкл әнші болуды таңдаған жоқ. Өнер жолын Құдайдан сұрап та алмады. Әкесі айтты, бітті. Бұл ән айтуға, әнді жақсы айтуға ғана тиіс еді.

Ата бабалары айтқан көне сарын, көне үнді енді қара нәсілділер ғана емес, барша адамзат баласы тыңдайтын болды. Барша адамзатты әніңе ұйыту үшін еңбектену, тер төгу керек. Майкл аз тер төкпеді. Күн, түн демей өз-өзін дамытты. Талантын шыңдады. 

Майкл атақ пен абыройға мастанған жоқ. Ол қай кезде болмасын қарапайым қалпын сақтап қалуға тырысты. Қолы қалт етсе болды, балалармен ойнайтын.

Майкл жоғалған балалық шағын іздейтін. Көзін жұмып, ұйықтап кетсе болды, Ванга әжей айтқан Аққұба Алтын баланың әжесі мен атасының ортасында ойнап отырғанын көретін болды. 

Бұл әкесін әке демей, аға дейтін бала екен. Анасын ана демей, жеңге дейтін бала екен… 

Бұ өмірде тұңғыш немересін өз баласы етіп бағатын халық аз. Балам – балым, немерем – жаным» дейтін жұрттың ұғымындағы пәлсапаны түсіну де оңай болмаса керек. Немеренің жаннан ыстық болуы сан ғасырлар бойы санаға мықтап сіңген. Оны бұзар ешкімде де қауқар жоқ-ты.

Майклдың түсіндегі Алтын бала атасын – әке, әжесінін – ана деп таныды.  Туған әкесін өзінің ағасы деп ойлады, туған шешесін жеңгем деп білді. Ол осыған имандай сенетін. Оның өзінің туған әке-шешесі де шал мен кемпірдің алдын кесіп өте алмады.

Өз балаларын балам дей алмау, қартаң ата-ананың көңіліне бола тұла бойындағы махаббатын жасырып қалу осы бір ұлттың қанына сіңген қасиет-ті. Бұл дәстүр атам заманнан жалғасып келе жатыр. Әлі де жалғаса береді.

Бұ халықта өткен ғасырларда жетім де, жесір де болмапты. Жары өлген келіншекті әмеңгерлік жолмен күйеуінің бауырларының біріне әйелдікке беретін. Туған бауыры болмағанның өзінде туысы ақы иесі ретінде одан қалған жетім мен жесірге ие болып қалушы еді. Ағасынан қалған балаларды жетімдік көрсетпей өз баласындай өсіретін. «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген пәлсапалық ұғым санаға мықтап бекіген.

Күйеуі өлген әйелдің әмеңгерлік жолмен кімге әйелдікке берілетінін ауыл ақсақалдары мен билер шешетін. Олар бұл әйелдің бөтен еркекпен көңіл қосса, одан қалған балалардың жетімдік көріп, таяқтан көз ашпайтынын ескеріп, «Жеті жарғы» заңында «ерден кеткен әйел елден кетпейді» деп қашап жазып қалдырған еді. Салт-сана, дәстүрге мығым елде әмеңгерлікті қабыл алмайтын әйел баласы аз еді. 

Қазір әлемде шаңырағы шайқалған отбасы аз ба? Жылап, еңіреген жетімек аз ба? Балалар үйінде әке-шешенің махаббатына сусаған сәбилер аз ба? Соның бірі де бұл халықта болмаушы еді, жетім мен жесірін жылатпаушы еді. Қазір ол әмеңгерлік салт келмеске кетті. 

Бұ халық он үшке толған баланы шаңырақ иесі санайтын. Он бес, он алты жасқа толмай жатып, балаларын ерте үйлендіретін. Арасы жеті атаға толмаған туыстардың үйленуіне тиым салынатын. Үйленетін бозбала мен бойжеткеннің туыс болмауы, жеті ата бойы бір емшектен сүт ембеуі шарт болатын. 

Майклдың түсіне кіретін Алтын баланың ұлты бұл салтты әлі де берік ұстап келеді. Қанның тазалығы үшін, ауру-сырқау ұрпақ өмірге келмеуі үшін жеті атаға толмай ешкім де үйлене алмайды (Бұл жерде Алтын баланың қаны да сондайлық таза қан екенін түсінерсіз деп ойлаймын).

Рас, ел болған соң, бұл дәстүрді бұзғандар болыпты. Ертеде Қалқаман деген жігіт Мамыр деген қызға ғашық болып, әлгі қызды алып қашады. Бұған назаланған ел оларды ұстап алып, дарға аспақ болады. 

Бұл мұсылмандық салтанат құрып тұрған заман еді. Мұсылман шариғаты немерені әйелдікке алуға рұқсат береді. Сол себепті діндарлар шариғатты алға тартып, қос ғашықтың қосылғанын құптайды. Салтқа берік ел оған көнсін бе? 

Ақыры Әнет баба мұсылманның шариғат заңына да қарамай Қалқаманды оққа байлаған. 

Жігіт қалың халықтың алдынан атпен шауып өтеді. Оны мерген садақпен атып тастауы керек. Егер оғы дарып, ажал құсса Қалқаманның сұрауы жоқ. Оқ дарымай аман қалса, құлақ естімес, көз көрмес жерге жер аударылады.

Қалқаманды құралайды көзге атқан Көкенай мерген атқан еді. Мерген өмірдің әлі де ащы-тұщысын татпаған жас жігітті аяды ма, кім білсін, Қалқаманның аяғын ғана жаралап, аман қалдырды. Қалқаман жер аударылып кете барды.

Содан кейінгі дәуірде жеті атаға толмай қыз алған, қыз берген оқиға болмапты. Осындай салты бар елдің шал-кемпірі жас отбасының дүниеге келген тұңғышын бауырына басып алуы, оны өз балам деп өсіруі қалыпты жағдай болса керек.

Қазір заман өзгерді. Заман өзгерсе де, жеті атаға толмай қыз алмау салты өзгермейді. Тек бүгінде ешкім де он бес-он алты жасар баласын, он бес-он алты жасар қызын үйлендірмейтін болған. Сонда да тұңғыш немерені өз баласы деп басынан құс ұшырмай бағу дәстүрі әлі де санадан өше қойған жоқ. 

Майклдың түсіне кіретін Алтын баланы да ата-әжесі өз ұлы есебінде бағып жатты. 

Түнде сәби қарны ашып жылайды. Оны уата алмаған әжесі баланы көтеріп алып, әке-шешесі жатқан бөлменің есігін қағады. 

– Келіншырақ, баламды емізіп бересің бе? – дейді әжесі.

Балаңды демейді, баламды дейді. 

Баланың анасы омырауын сәбидің аузына тосады. Өз баласын емес, күйеуінің інісін емізіп отырғандай күйге түседі. Жоқ, олай емес, оның аналық сезімі осы емізу сәтінде тасқындай толқитын. Көне дәуірлерден Мұңлық-Зарлықтың дауысы құлағына талып естілгендей… Алқара көк аспанда Асан Қайғының мұңымен қабаттаса Шыңырау күйі тартылып жатқандай! Құлынын қорғамақ болып, Жошыға қарсы шапқан Ақсақ құланның күйі күмбірлеп жатқандай, Ертөстіктің әкесі Ерназар тартқан Бозінген күйі боздап тұрғандай… Бұл ана махаббатының үндігіне Шыңғысханның қорғасынын құйсаң да аналық жүректен үздіге шыққан аналық күйдің сарынын үзіп тастау мүмкін емес-ті.

Жан-дүниесінде алапат дауыл тұрып, баласын құшақтап жатуды арман ететін. Омырауын жыбырлатып, ақ сүттің жұпар иісіне ұмсынған ерін денесіне тиген кезде тұла бойы дір ете түсуші еді. 

Алтын дауысты сәбиін құшырлана сүйіп алайын десе, енесі қарап тұр. Енесінің баласын сүюге, еркелетуге, оған аналық мейірімін төгуге жүрексінер еді. Бір үйде, бір шаңырақтың астында тұрып, баласын балам дей алмау қандай ауыр еді десеңізші. 

Бірақ, ұлттық тәрбиенің, ұлттық түсінікті бұзуға хақы жоқтай көрінетін. 

«Кейін осы балам ержетіп балалы болсын, немеремді мен де өз балам есебінде бағып-қағармын» дейтін өз-өзіне…

Ата-әжесі баққан баланың әлсіз болған кезі жоқ. 

Ата-әженің мейіріміне тойып өскен немере әрдайым қарт кісілерді қуанту үшін барын салатын. Содан болар, Майклдың түсіндегі Алтын бала қылығымен қарт кісілерді қуанта білетін. Ол кісілер қуанған сайын тағы қылық шығарып, әуреге түсетін.

Майкл сол Алтын баламен ойнап кеткісі келуші еді, түсінде…

– Мен Майкл Джексонмын! – десе ғой, шіркін…

Ол бала да атын айтса…

Сосын екеуі асыр салып ойнаса…

Бала кезінде ойнай алмады. Енді міне, түсінде әлгі бүлдіршін сурет салып отырады. 

Алты мың жыл бұрын жаралған, өзінің үні жасырынған домбыраны салады, микрофон салады, әкесі мен шешесі ән жаздыртатын студияны салады, сосын сахна…

Кішкене балалар машинаға қызықпаушы ма еді?! Өзге балалар машинаның суретін шимайлап жатқанда бұл музыкалық аспаптардың бейнесін қашап отыратын. 

Алтын бала мұрнын тартып қойып, микрофон салғанда бұ дүниеде тіпті өзінің бар екенін де ұмытатын. 

Әлгі сызған микрофонның суретін қолына алып, миллиондаған адамдардың алдында ән айтып жатқанын елестететін.

Студия, қиялындағы студиясын сурет етіп сызып, соның ішінде күн-түн демей отырып ән жазса ғой, шіркін!

Ақан Сері… 

Бәйгеге қосқан Құлагер аты Батыраш деген кісі қолынан өліп зарлап қалған Ақан Серінің әнін ыңылдап айтып отырар еді. 

Құлагер, айналайын шабысыңнан,

Атағы елге шыққан дабысыңнан.

Біліп ем өлеріңді, Құлагерім,

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан.

Өткен ғасырлардан жеткен зарлы үн тілі жаңадан шыққан сәбидің көмейінен бүлкілдеп құйылып жатады. Құлагер жай ғана ат емес, Құлагер – таңдаулы ат. Бұл өмірдің бәйгесіне әр адам өз Құлагерін қосады. Ол Құлагер әрдайым бәйгілі бола ма, жоқ па? Белгісіз. Белгілісі нағыз жүйріктің өзгелерден қара үзіп келетіні анық. Бірақ, сол қара үзіп келген талантты қай дәуір болмасын аяғынан шалу болған. Бола да береді.

Ақан сері ат үшін емес, аттың аяғынан шалып, өлтірген арамдық үшін зар жылаған. 

Майклдың түсіндегі Алтын бала да Ақан Серідей талантты әнші еді. Оның бәйгеге қосқан Құлагері – дауысы мен таланты болатын. Ол бала әлі-ақ сол талантын Құлагердей баптап бұ өмірдің талай бәйгесіне қосады. 

Батыраштар қаншама Құлагердің жолын кесті.  Ол жол кесудің талайын Майклдың түсіне кіретін Алтын бала әлі-ақ көреді. 

Құлагердің жолы кесілген сайын ширығады. Құлагер-талант әр өлген сайын күшейе, шыңдала түседі.

Алтын бала сахнаның суретін сызды. Сөйтті де тағы бір әнді бастайды. 

Қаратаудың басынан көш келеді,       

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Қарындастан айрылған жаман екен,

Қара көзге мөлтілдеп жас келеді,

Жау шапқан, әкеден – ұл, шешеден – қыз айрылған. Қарындасын жау әйелдікке тартып алған. Қарындасы мінетін тайлаққа ешкім мінбеген. Қыз атының бос келе жатуы іштегі шерді қозғайды. Көзден саулап жас тамады. Бұл әннің мәнін сахнаның суретін сызып отырған Алтын бала түсінбейді. Түсінбесе де бозторғайдай шырылдап, сол әнді әуелете шырқап отыр. 

Майкл бала сурет салып, сол суреттері арқылы бар арманын Тәңір Иеге жолдап отырғанын сезді. Ол Тәңір Иеге жолданған арман сөзсіз орындалатындай көрінді. Түсінде көретін Алтын бала осы қылығымен Тәңір Иеге жағатынын білді. Өзі де бала болды. Өзі де сурет салды. Өзі де Тәңір Иеге арманын айтып медет тіледі. Соның бәрі де орындалды. Демек, бұ баланың да жайылған қолы бос қайтпайды.

Майкл ата-әжесін қуантуға барын салатын сол сәбидің қылығын түсінде емес, өңінде көрді. Бұл адам сенгісіз оқиға еді. Рас, адам сенгісіз. Мұндай жайдың болуы мүмкін емес дейтін шығарсыз! Бірақ, сізге өтірік болса да бұл оқиғаның болғаны рас. 

Майкл миллиондаған халықтың алдында маңдайынан тер бұршақтап ән айтты. Ат шаптырым алып алаңға тола халық Майклмен бірге зікір салып, жынданып кетуге шақ қалған. Дәл осындай қошаметті аңсағалы да біраз уақыт өтіп еді. Майкл тұла бойындағы барлық өнерін төкті. 

Майкл халықтың қошаметіне алғыс жаудырып, басын иіп, тағзым етпекке алдыға қарай қадам басты. 

Кенет қараса, өзінің орнына екі-үш жастағы Алтын бала халықтың қошаметін қабыл алып, басын иіп тұр екен. Бала басын иіп, тағзым еткен сайын алаң тола халық қол шапалақтап, ысқырып, айқайлап шу-шу етеді. Оны сахнадан жібергісі келмей аттандап жатыр. 

Майкл бұл да түсім бе деп шошып кетті. Сөйтті де, есін жимаққа тырысып, алға қадам басып еді, айналдырған екі жүз, үш жүз адамдық тар залда тұрғанын байқады. Бұл залда да концерт болғанға ұқсайды. 

Сахнада әлгі түсінде көретін Алтын баланың әкесі, шешесі тұр. Залдағы алдыңғы қатарда сол баланың ата-әжесі отыр. Ал, аяғын енді ғана тәй-тәй басқан сәби ата-әжесінің қолынан сытылып шығып, сахнаға бір-ақ көтеріліпті. 

Айнала қыран-топан күлкі. Қол шапалақтаған халық. Сол халықтың қошаметін өзіне қабылдап алып, басын иіп сәби тұр. 

Майкл сілкініп қалып, көзін уқалады. Сосын, тез есін жиып және қарады. Мыңдаған адам жиналған алаң бұған қошамет көрсетіп жатыр. 

Бағанағы Алтын балақай жоқ. Екі жүз, үш жүз адамдық тар зал да ізім-ғайым жоғалыпты. 

Бүкіл әлем бәз-баяғыдай «Майкл Джексон, Майкл Джексон» деп зікір салып жатты. 

V

Ақсақ құлан күйі

Қорқыт атаның ажалсыз әлемді іздеу оқиғасы

«Neverland» ертегілер әлемінде өмір сүретін Майкл Джексон оянды. Оянды да өзінің ертегідей өміріне ойша саяхат жасады. 

Майкл Джексон бауырларымен бірге аласұрып сахнаға шықты. Баяғы бабалары бастан кешкен азапты күндер туралы ән айтпағанымен,  сол азапты дәуірде көмейге кептелген үн шартарапқа жайылды. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек еді. Тау қозғалғаны жай ғана дүние… Әншінің үні миллиондаған жылдар бұрын бөлшектеліп кеткен құрлықтардың арасын қосып жібергендей болды.

Жер әлем дәл осы әншінің әніне елітіп, соның биін билеп аласұрды. Ақсүйектердің өзі пірге қол беруге құштар сопыдай оған қарай анталай ұмтылатын. Олар бірақ ата-бабаларының айуандығына ашынған, азаланған, қайғы-мұң жұтқан, сосын ғана булығып барып, үздіге шыққан, бірте-бірте дауылды күшке айналған әнге құмартып тұрғанын сезінбесе керек-ті…

Иә, әнші абыройдың биік шыңына шықты. Ол шыққан шыңды әл-әзірге ешбір пенде баласы бағындыра алмады. Сөйткен әншіден маза кетті. Жүйкесі тозды. Ұйқыдан безді. 

Ұйықтаса болды, түс көреді. Түсінде жайсыз іс көреді. 

Бұл не құдірет? Бұл не түс?

Кеше түсінде… Кеше емес, оның алдында да Алтын бала туралы ертегіні ғана көретін. Өзіңіз ойлаңызшы, ұйықтаған сайын бір кеп. Түсіне кіретін адам – біреу. Сондайлық қорқатын, үрейленетін құбыжық емес – жай ғана адам. Адам болғанда да сұлу кейіпті жас жігіт. Алтын дауысты жігіт. Көзін жұмса болды, қайдан сап ете түсетіні шынашақтай ғана сол бала жетіп келеді. Бұ баланы бұрын-соңды көрмеген-ді. Бұ баланы танымайды да… Бірақ, Алтын баланы ғана түсінде көре беру әншіні үрейлендіріп бітті. 

Үрлейленетіні сол, түсінде өзі емес, сол бала ән айтатын. Бұған құрмет көрсетуі тиіс қалың халық Алтын баланың алдында қоғадай жапырылып жататын. 

Әнші өмірге ән айту үшін келмей ме? Әнімен адамзаттың темірдей қатты жүрегін жібітіп, рухына мейірім шуағын сіңірмей ме? Соғыс, қақтығыс, айуандық, азғындыққа тек құдіретті үн ғана қарсы тұра алады. Сол үннің алдында хан да, қара да бас иеді. Сол ханды да, қараны да әнімен тізгіндеп еді-ау! Мұның өнеріне барша халық бас иіп, бір өзі жетінші құрлыққа айналып еді-ау. Ол құрлықта мұның жанкүйерлері ғана ғұмыр кешуші еді-ау!

Бұл шығуға тиіс сахнаға – ол шығады. Мұның айтуы тиіс әнді – ол айтады. Бұған сыйлануы керек гүлдер – оған сыйланады. Халық өзінен емес, Алтын дауысты баладан қолтаңба алуға таласып жатады. 

Әнге еліткен сұлулардың көздерінен жас парлайды. Бұл сырттан бақылап тұр. Иә, өмір бойы құрмет пен қошаметтің қазанында қыз-қыз қайнаған әншінің елеусіз қалуы, сол күйді өңінде емес, түсінде көруі мұның мазасын қашырған. Сол үшін де ұйықтамауы керек…  Бірақ, пенде баласына мәңгілікке ұйықтамай қою бұйырған ба?

Аспанға созған қолы – қол емес қанатқа айналыпты. Сол қанатымен Шыңырау құстай қай қиырға ұшып бармады?! Алты құрлықтың үстін шиырлап ұзақ ұшты. Ұзақ емес-ау! Өмірге келген отыз алты жылдың кемі отызы биікке ұмтылумен өтіпті. 

Ертеректе түс көретін. Түсінде де тек аспанға қарай самғап бара жататын. 

Тілі бөлек, діні бөлек, салты да, санасы да бір-біріне кереғар ақ, сары, қара адамдардың арасын тек өзінің дауысы ғана біріктіріп тұрғанын сезетін. Осы сезу оның жан-дүниесін жұмақта жүргендей күйге бөлейтін. 

Сан ғасыр бойы ата-бабасының тартқан азабы мұның үнімен мұң мен шер болып төгілді. 

Сол мұңды, сол шерді барша адамзат тыңдады. Оның дауысымен қуанды, оның дауысымен қайғырды. Көзіне жас алды. Езуіне күлкі үйірілді. Тіпті, әлемдік қозғалыс күш әншінің биінен қуат алатындай көрінетін. Бұл билеген кезде жер күнді айналатын. Жоқ, ол билемесе де, жер өз жолымен жүйіткіп бара жатады. Бірақ, оны Сіз бен Біз сезе қоймайтынбыз. Ол билеп кетсе болды, жердің шарқ ұрып, бізді әлдебір сансыз ғасырға қарай сүйреп әкетіп бара жатқанын түйсінер едік. 

Өнердің құдіреттілігі сол, Сіз бен Бізді алып бір бесікке бөлеп, тербетіп тұрғандай көрінеді. Сосын бесік жырындай әуен әуелейді. 

«Әлди, әлди, әлди-ай»…

Үн мен дауыс, би мен қозғалыс. Сосын не бар еді?...

Иә… Миллиондар, жо-жоқ миллиардтар мұның аузын бақты. «Басым сәл ауырып тұр» десе болды, адамзат баласы аһ ұрып, уайым жейтін. Мұнымен бірге қайғыратын, мұнымен бірге күлетін. Бұл біреуді құлай сүйсе де, біреуді жек көрсе де барша адамзат баласы соны ғана сөз етуші еді. Аузынан шыққан әр сөзді іліп әкететін. 

Ең қиыны сол, бұл сөйлесе сол миллиондардың ойынан шығатын ғана ой айтуы керек-ті. Өзіңіз ойлаңызшы, ақ, сары, қара адамдардың бәрінің көңілінен шығарлық ойды қайдан таппақ? Қараның қамын жесе, ақ ренжиді. Ақтың сөзін айтса, сары сырт айналады. Бәріне де ортақ адам «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» жол табуы керек. Ол жолды табу оңай емес-ті. 

Сосын қасиетті сахнада өз жанын өзі жейтін. Алысып, арпалысып, қара терге малшынып ән айтатын. Сол ән айту сәтінде ғана барша адамзаттың… ақ, сары, қараның көңілін жай етуші еді. 

Шаршады. Ол тез шаршап қалды. Еткен еңбегі, төккен тері, әуезді әні, әдемі биінен емес, сол баршаға бірдей періште болып көрінуден шаршады. 

Бұрын түсінде тек аспанға самғап ұшса, енді түбі жоқ құрдымға құлап барады. Оның орнына ән айту үшін Алтын бала сахнаға беттеп келеді. Балалық шағындай алқара көк аспанға самғар түс көрер болса, өз-өзін қинамай-ақ жастыққа бас қояр еді. Сосын, сосын тәтті ұйқыға батар еді. «Майкл, Майкл Джексон» деп зікір салған қара нөпір халықтың арасында құшақ-құшақ гүл құшып, шаттанар еді… 

Майкл тағы бір күнді осындай ойлармен өткізді. Тағы да қанша дәрі ішсе де, ұйқыға бас қойды. Ұйықтап бара жатып, ертегі әлемге еніп кетті.

Тәңір Ие Алтын дауысты баланың Жерұйық мекеніне Қорқыт атты абызды жіберіп, оған мәңгілік өлмейтін өмірді іздеуді тапсырды. Майкл да мәңгі қартаймай бала болып қалатын «Neverland» ғажайыптар әлеміне көшіп кетпек еді ғой. Дәл сол күйімен Қорқыт абыздың ажалмен күресуі үйлесе кеткендей!

Мәңгілік бала болып қалу идеясының астарында «адам ешқашан да өлмесе ғой» деген қиял жатыр. Түсіндегі Алтын баланың Қорқыт атты атасы өлімнен қашқан. Өлім әкелер жауыз күштермен күрескен. Қолына қобызын алып, өлімнен біржола азат болуды ойлап, сол бір сәтін күйге айналдырған. 

Қорқыт анасының құрсағында үш ғасыр жатты. Әр жыл сайын шешесі толғатқанымен, сәбиді туа алмай қиналады. Бұл өмірге келген адам сөзсіз өледі. Қорқыт сол өлетін өмірге келгісі келмей қиғылықты салды.

Ақыры шыр етіп дүние есігін ашқан кезде үш күн, үш түн жер бетін қараңғылық басып тұрыпты. Ай тұтылып, күн түрілгендіктен ел қатты шошынған. Сұрапыл дауыл көтеріліп, толассыз жаңбыр жауған. Әлемді су басып, жұрт қыр кезіп кеткен. Сол үшін де оның атын Қорқыт деп қойды. Қорқыт – елді қорқыт деген сөз. Ол осылай тумай жатып, өлімнен қашып, елді қорқытты.

Қорқыттың атасы Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында тұратын Қазанқап деген кісі еді. Ол Қазанғап ақсақалды қария еді. Бір кездері Күнекей қызды іздейтін жігіт жер астындағы алтын ағашты іздеп бара жатқан кезде ет пісіретін күміс сапты кездік беретін ақ сақалды қария бар еді ғой. Қазанқап дәл сол қария болатын. Ол құс атып күн көреді екен, әйелі ау тоқып, жердің жыртығын жамайды екен. Иә, баяғы жердің жыртығын жамап отыратын кемпір бар еді ғой, сол кемпір үш ғасыр толғатып, жер бетін қараңғылық басқанда жер кіндігінің жыртығын жамап болып, аман-есен бауырын қолына алған. 

Қорқыт ай сайын емес, күн сайын өсті, алты күнде күлді, алпыс күнде жүрді, алты жылда жігіт болды. Сондай күшті болды, алысқанын алып ұра берді, күрескенін жыға берді, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара берді. Аң аулап, әкесіне жәрдемдесті, бара-бара құлан алды, құралайдың көзінен тигізген мерген болды, арқар мен киікті құлан мен маралды мая-мая үйіп тастады. Қарасудың бойындағы аштықтан бұратылып, ажалмен арпалысып жатқан қара үйлі кедейлер қарқ болып қалды. 

Бірақ, қанша арпалысса да, аурудан, апаттан, кәріліктен адамдар өліп қала беретін. 

Күндердің бір күн Қорқыт ажалмен арпалысып, аң аулап жүрсе, Қаратаудың ойында, терең құздың бойында арыстандай көкжал бөрі бір буаз биені жаңа ғана жарып, жегелі жатыр екен. Қорқыт жүгіріп барып, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберді. Қасқыр арс етіп, аузын қисаңдатып, өлді де қалды. 

Қорқыт қасқырдың терісін сойып алып, биенің қасына келсе, бие жанталасып, өлгелі жатыр екен. Алмас қанжарымен биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын суырып алып, оны да ажалдан құтқарды. Арыстай еркек құлын екен. Қорқыт құлынды үйіне алып қайтып, оны құланның сүтімен асырады. Құлын сағат сайын емес, минут сайын өсті. Алты айдың ішінде алты кез ат болып шықты. Аттың түсі керқұла болыпты. 

Қорқыт Керқұланы үйретіп мініп, түн қатып жүріп, ажал әкелетін Әзірейілмен күресті. 

Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік болды. Қорқыт Керқұланы құстай ұшырып, алты қырдың ар жағынан қаша жөнелген сәтте ажалдың өзі жете алмай қалатын. Құланды көзді ашып-жұмғанша қуып жетіп, құйрығынан ұстай алатын. Қорқыт осылай елді өлімнен құтқармақ болып, ажалмен арпалысып жүре берді. Ол мейлінше қайырымды болып, жылағанды жұбатты, жатсынуды сүймеді, оның табысына бүкіл ел ортақ болды. 

Баяғыда Тәңір ие Адам мен Хауа ананы жаратпақ болып, Адам Ата ұрығын құмыраға, Хауа ананың ұрығын мақтаға салып қойған еді. Құмырада Адам Ата жалғыз өзі пайда болды. Ал мақтадағы ұрықтан   Хауа ана ғана емес, Дию, Албасты, Жезтырнақ секілді ажалды жетелеп жүретін жаратылыстар қатар өсіп-өніпті. Содан да болар, ұрпақ тарату ісі ұрғашыларға тән қасиет болып еді. 

Адам өлгеннен кейін аруаққа, тәнсіз рухқа, Құдайдың қызметшісіне айналып, өзімен туыстас ру мен тайпаның желеп-жебеушісіне айналады. Аруақ деп о дүниеге аттанып кеткен туыс, бабаларды айтады. Қасиет тұтылатын аруақтар – атақты адамдардың, данагөйлердің, билер мен батырлардың аруақтары. Олар ұрпағын Дию, Албасты, жын, пері секілді ажалды жетелеп жүретін жаратылыстардан қорғайды. 

Қорқыт сол Дию, Албасты, Жезтырнақты жеңіп, Алтын дауысты баланың мекенін ажалсыз ел етпек еді. 

Бір күні Қорқыт Диюды іздеп, жолға шықты. Кетіп бара жатып, қозысын бағып жүрген бір балаға кездеседі. Бала еңіреп жылап жүр екен. Қорқыт жетіп келіп:

– Көзің жасты, көкірегің қайғылы не еткен жансың? – деп сұрады.

Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.

– Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың. Асқар таудай әкеңді алса, көрген күнің құрысын! – деп зарлап қоя беріпті бала.

– Не болды? Жөндеп айтшы? – деп сұрапты Қорқыт. Бала көзінің жасын көл қылып, ауыр бір күрсініп алып, былай деп жауап беріпті:

– Атым Ерназар, Таусоғар деген дәудің жалғыз баласы едім. Қазір алтыға толдым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Әкем алып ұйқылы Таусоғар деген дәу еді. Алтын дауысты баланың Жерұйық мекенін тұрғызамын деп қатты шаршап, алты ғасырлық ұйқысына кеткен. Осы ұйқыдан оянуға алты ай уақыт қалғанда әкемді жау әскері темір зынданға сап тастады. Қолында тауы жоқ алып әкем, енді оянса да әлгі темір зынданды бұза алмайды. Әкемді арашаламақшы болып жетіп барған шешемді қайырымсыз жау алдына өңгеріп жөнеп берді. Мен жетім қалдым. Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы.

– Олай болса, жылама. Мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін, – дейді Қорқыт.

Бала қуанып кетеді.

– Қорқыт абыз, онда біздің қойшылардың қасына екі-үш күн жатып тынығыңыз, содан кейін жүрерсіз, – деп өтінеді. 

Қорқыт «мақұл» деп, қойшылардың касына барып түседі. Атып алған құландарын асып, тамақ пісіреді. Кешке басқа қойшылар келеді де, манағы бала қозышы келмейді, әрі күтеді, бері күтеді. Қорқытдың көзі ұйқыға бара бергенде уһілеп-аһылап қозышы келеді.

– Неге кешіктің? – деп сұрайды Қорқыт.

– Жәй, ішім ауырып қалды, – дейді Ерназар. 

Ерназар таңертең ойнап-күліп қозысын өріске айдап кетеді. Кешке басқа қойшылар келгенде, манағы қозышы тағы да келмейді. Қорқыт іздеп барып, талып жатқан Ерназарды тауып алады. Бала есін жинағаннан кейін Қорқыт мән-жайды сұрайды. Ерназар жөнін айтпайды. Содан кейін Қорқыт балаға ашуланады. Сонда қозышы бала айтады:

– Кешеден бері күн батқан кезде алты аққу төбемнен айналып ұшады да:

Қорқыт сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?

Бауда нұры балқи ма?

Балақ жүні шалқи ма?

деп сұрайды. Мен тұрып:

Қорқыт сал мен едім,

Керқұла атым қолда еді.

Бауда нұрым балқиды,

Балақ жүнім шалқиды, – деп жауап беремін. 

Олар мені қанаттарымен қағып, жығып кетеді. Мен талып түсем, – деп жауап береді. Үшінші күні Ерназардың киімін киіп, қозыны бағуға Қорқыт өзі шығады. Күн батып, қас қарайған кезде баяғы алты аққу Қорқытдың төбесінен алты айналып ұшып, жақындап келеді де:

Қорқыт сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?

Бауда нұры балқи ма?

Балақ жүні шалқи ма? – деп сұрайды.

Қорқыт қозышы Ерназар болып:

Бауда нұрым балқиды,

Балақ жүнім шалқиды, – деп жауап береді.

Сонда аққулар ашуланып, Қорқытды қанаттарымен қағып, сабай бастайды. Қорқыт біреуінің аяғынан шап беріп ұстай алады. Аққулар ұша жөнеледі. Қорқытдың қолында біреуінің алтын кебісі (аяқ киімі) қалып қояды. Байқап қараса, кебістің бетінде «бұл Алтын дауысты баланың алтын кебісі» деген жазу бар екен. Қорқыт басқа аққуларды бірнеше күн күтеді. Бірақ олар келмейді. 

Содан кейін Қорқыт қойшылармен қоштасып, үйіне қайтады. Күміс кездігін сыйлап жіберген әкесі Қазанғап пен жердің жыртығын жамап қартайған шешесі екеуіне бір ғасырға жететін азық дайындап беріп, сауыт-сайманын киініп, жау-жарағын асынып, азығына алпыс құлынның қазысын алып, баяғы жетім баланың әке-шешесін іздеуге шығады. 

Керқұла ат құстай ұшып, құйғытып барады, айлық жерді алты-ақ аттайды. Көз ұшындағы құс қанатын жазып, жерден көтерілгенше Керқұла ат үстінен аттап өтіп кетеді. Теңізді көл, дарияны шалшық, тауды қырат құрлы көрмейді. Сонымен, Қорқыт күн жүреді, түн жүреді, ай жүреді, апта жүреді, бір жерлерге келгенде аспанмен тірескен бір биік тауды көрінеді. 

Таудың етегіне келгенде Керқұла атқа тіл бітіп сөйлейді: «Достым Қорқыт, іздеген жоғың алыста емес. Біреуі емес, екеуі де осыдан табылады. Мына таудан әрі ассаң, ағып жатқан өзенді көресің. Өзеннің ортасында бір арал бар. Ол аралда адам перісінің ханы тұрады. Баяғы қойшы баланың әкесі Таусоғар да, шешесі де осы ханның қолында. Олар терең зынданда жатыр. Зынданның аузы құлыпты. Оның кілті қолға түспейді. Ол кілт алпыс өзен құйылған терең дарияның түбінде жатыр. Адам баласы оның түбіне жете алмайды. Таудың арғы беткейінде сиыр бағып жүрген зор денелі бір адам бар. Ол жорықта қолға түскен адам, қазір ханның құлы. Сен сол адамға бар да жолына жетерлік пұл бер. Оның киімін өзің ки де, өзіңнің киіміңді оған кигіз. Сөйтіп, әлгі адамды азат етіп, ажалды өмірден құтқар да, өзің сиырды бағып қал. Қазір құйрығымнан бір тал қыл ал да, мені қоя бер, сауыт-сайман, құрал-жабдықтарыңды менің үстіме сал. Әзірге саған менің де, құралдың да керегі жоқ. Егер керек бола қалсам, құйрығымнан алған қылды тұтат. Сонда мен дайын боламын. Ендігі әңгімені барған соң көрерсің», – дейді. 

Қорқыт Керқұла аттың құйрығынан бір тал қыл жұлып алды да, қоя берді. Оның айтқанының барлығын істеді. Малшыны азат етеді. Жолына пұл береді. Оның киімін киіп, сиырды өзі бағып қалады. 

Кешке жақын өзеннен айдап өткізейін десе, сиырлар суға түспейді. Қорқыт, ашуланып кетіп, сиырларды сирағынан ұстап алып, бір-бірлеп лақтыра бастайды. Лақтырған сиырлар өзеннің ортасындағы аралға томпылдап  түсіп жатады. Сол кезде ханның кіші қызы судың арғы жиегінде көріп тұр екен.

– Ой, оңбаған-ау, қырасың ғой малды. Неге күндегідей: «Айрылғырдың суы айрыл!» деп айтпайсың? – деп айғай салады. Қорқыт: «Айырылғырдың суы айырыл» – деп еді, өзеннің суы екіге айырылып, ортадан жол ашылады. Сөйтіп, Қорқыт мал бағып жүре береді. Күндерде бір күн хан өзінің екі баласын шақырып алып:

– Бүгін қара бие құлындайды. Бұл тоғызыншы құлындауы. Құлындаған күні түнде құлын жоқ боп кетеді. Бүгін осы биені өздерің күзетіңдер. Не болғанын көздеріңмен көріңдер, – дейді. Мұны Қорқыт естіп тұрады. Кешке ханның екі баласы биені күзетуге барғанда, Қорқыт та жасырынып барып отырады. Біраздан кейін ханның екі баласы қорылдап ұйықтап қалады. Қорқыт ұйықтамай отыра береді. Таң біліне берген кезде, бие алтын құйрықты, құндыз жүнді арғымақ құлын туады.

Алтын мүйізді киік, оған бір қанаты алтын, бір қанаты күміс тақ, алтын ағаш, алтын айдарлы Толағай мен алтын сақаны, алтын кебісті жаратқан Тәңір Ие енді алтын құйрықты құлын жаратып еді. Бұл баяғы Асан қайғы Тазша балаға айналып кеткенде басын жұлып алып, мұзды ойып болып, іздейтін жирен құлын бар еді ғой. Сол жирен құлын бұл уақытта бие болып, жылда алтын құйрықты құлын туатын болған. 

Бір кезде аспаннан бір бұлт түйіліп келеді де, құлынды көтеріп ап жөнеледі. Қорқыт шап беріп құйрықтан ала түседі. Қорқытдың қолында алтын құйрық жұлынып қала береді. Қорқыт алтын құйрықты қойнына тығып, ұйықтап қалады. Ертеңіне таңсәріден хан екі баласын шақырып алып, не көргендерін сұрады. Балалары тұрып:

– Бие құлындаған да жоқ, ешнәрсе болған да жоқ, – деп жауап береді.

Хан тағы да таңқалып отырғанда, Қорқыт есіктен кіріп келіп:

– Дат, тақсыр! – дейді.

– Датың болса, айт! – дейді хан ақырып.

– Мен айтсам, бұлардың айтып отырғаны өтірік. Бұларға көрінбей мен де күзеттім. Түн ортасы кезінде екі балаңыз ұйықтап қалды. Таң алдында жирен бие бір алтын құйрықты, құндыз жүнді құлын туды. Аспаннан бір бұлт түйіліп келді де, оны көтеріп ала жөнелді. Мен құйрықтан шап беріп ұстай алдым. Бұлтпен араласқан үлкен құс құлынды алып кетті де, құйрық менің қолымда қала берді, – дегенде, сөздің аяғын күтпей:

– Құйрық қайда? – деді хан.

– Тақсыр, сабыр етіңіз. Мен алтын құйрықты пайда қылғым келсе, сізге айтпаймын ғой, міне, құйрық, – деп Қорқыт құйрықты қойнынан суырып алғанда, үйдің іші жап-жарық болып кетеді. Ханның балалары ұялып жерге қарайды.

– Қазір үшеуің іздеп шығып, алтын құйрықты құлынды да тауып келіңдер. Таба алмасаңдар, менің маңымды көрмеңдер! – дейді хан. Қорқыт өзеннен өтіп алып, атының құйрық қылын тұтатқан кезде Керқұла ат жетіп келеді. Құла атты мініп алып, қару-жарақты іліп алып, сауыт-саймандарды киіп алып, Қорқыт жөнеп береді. Бір жерлерге келгенде ат тағы тоқтайды да, Қорқытқа: «Анау жалыны аспанға шығып жатқан От тауы (күн). Сенің баратын жерің сол От тауының ар жағында. Қазір көзіңді жұм. Мен аш дегенше ашпа. Көзіңді ашсаң, екеуміз де өртеніп өлеміз», – дейді. Қорқыт көзін жұмады. Сонымен ұша береді, ұша береді. Бір кезде ең әуелі ыстық лепті, одан кейін ысылдаған желді сезді. Талай уақыт өткеннен кейін: «Аш көзіңді!» – дейді Керқұла ат. 

Қорқыт көзін ашып жіберсе, үлкен От тауының ортасындағы аралға келіп түскен екен. Аралда алтын құйрықты сегіз құлын, құйрығы жоқ бір құлын алтын науадан су ішіп тұр екен. Керқұла атқа тағы да тіл бітіп: «Аспанмен тірескен анау бәйтеректің басында Шыңырау құстың ұясы бар. Бұл Шыңырау баяғы Асан Қайғы әбжыланнан құтқарған балапан. Ол алты айда бір рет азық іздеп кетеді де, кері оралады. Ол бұл жерге ешбір адам баласын жолатпайды. Өйткені, баяғыда анасының әбжыланнан көрген қорлығын бұл адамзат баласынан көріп еді. Адамзат баласы Шыңыраудың балапанын қолға үйретіп, аңға салатын болған. Шыңырау он бес күнде кері оралады. Біз оның қолына түспес үшін алты сағатта алты айлық жол алуымыз керек. Менің үстіме мін де, алтын науаны алдыңа өңгер. Құлындар, алтын науадан қалмай, біздің соңымызға ереді де отырады. Біз құлындарды соңымыздан ертіп отырып манағы от дариясынан тікелей өте алмаймыз, айналып жүруіміз керек. Біздің келердегі қысқа жолымыздың кетерде алыс болып отырғаны да сол. Бұл жолымызда үш бөгет бар. Ең әуелі жеті басты Дию кездеседі, ақырған Албастыға жолығамыз, содан кейін жәдігөй Жезтырнақпен байланысамыз. Ал, уақыт оздырмай жүрейік», – дейді. 

Қорқыт алтын науаны Керқұла атқа өңгеріп алып, жөнеліп береді. Барлық құлын оның соңынан ереді. 

Бір уақытта алдарынан бір үлкен тау көрінеді. Тау теңселіп, қозғалып бұларға қарай жақындап келеді. Бұл жеті басты, жалғыз көзді Дию дәу еді. Баяғы Хауа ананы жаратқанда бұл да мақтадан шыққан болатын. Ол алып денелі, жалғыз көзді, үсті түкті құбыжық кейпіндегі жаратылыс еді. Ол жер бетіндегі әйелдерді, әйелдерден туған жас балаларды ұрлап кетіп, етін азық ететін. Содан да болар, соңғы ғасырларда Диюдың кесірінен бұ мекендегі адамзат баласы азайып кетіп еді. 

Қорқыт алтын науаны жерге қояды. Құлындар науаға иіріліп тұра қалады. Қорқыт қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың барлық шабысымен Диюға қарсы шаба жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша ағып өтіп бара жатып, салып кетеді. Диюдың бір басы ұшып түседі. Кейін қарай шауып, тағы соғып өткенде, екінші басы ұшып кетеді. Осылай ерсілі-қарсылы жеті өтіп, жеті рет соққанда жеті басы бірдей ұшып кетіп, Дию төңкеріле құлайды. Қорқыт Диюдың көзін ойып, қоржынға салып алады. Содан бері адамзаттың жаңадан туған сәбиі жоғалып кететін оқиғалар тиылды.

Қорқыт қайтып келіп, алтын науаны өңгеріп, құлындарын ертіп, жүріп кетеді. Екпініне шаң ілеспей, әйт дегенде, алты қырдан бір-ақ асып, Керқұла ат зымырап келеді. Бір кезде алыстан Албастының аңыраған дауысы естіледі. Қорқыт бұл жолы Керқұла атты құлындардың қасына қаңтарып тастап, дауыс шыққан жаққа жаяу жүре береді. Ілгері екі-үш аттағанда, бір леп Қорқытды тартып ала жөнеледі. Бір уақытта Қорқыт Албастының апандай аузын көреді. 

Албасты деген су маңын мекендейтін әзәзіл пері еді. Ол өзен-көлдердің маңайында, ақ шашын жалбыратып, салбыраған емшегін арқасына асып алып жүретін. Оның емшегін арқасына асып алмаса, шашымен бірге жерге сүйретіліп, аяғына оратылатын. Сол Албасты әзір ғана мыңдаған ғасырлардан кейін келетін бүгінгі өмірге сапарлап қайтқан. Албасты жүрген жерде құйын көтерілетін. Сол құйынның ортасында ойнақ салып жүріп, адам баласын іліп әкетіп, жындандырып өлтіретін. Бұл сапарында ол Ванга деген қызды құйынмен іліп әкеткен. Кенет Тәңір Иеден пәрмен болды ма, кім білсін, әлгі қыз сусып қолынан түсіп кеткені. Ол сусып бара жатқан қызды қолымен серпіп ұрып қалғаны сол еді, қыздың екі көзі бірдей ағып түсті. Албасты ол қыздың әлемге әйгілі көріпкелге айналатынын білген жоқ. Бұрын-соңды болмаған тосын оқиғадан шошып кетіп, өз заманына қарай құйындай ұшқан.  

Қорқытды тартып жатқан соның лебі екен. Қорқыт алты құлаш алмас қылышын көлденең ұстай қояды. Алмас қылыш Албастыны екі бөліп, Қорқытты ар жағына бір-ақ түсіреді. 

Қорқыт Албастының сала құлаш омырауын кесіп алып, тағы жүріп кетеді. Талай белестер, талай таулар бұлдырап артта қалып барады. Бір кезде жер дүниені қап-қара тұман басып кетеді. Тек алтын құйрықтар құлындардың сәулесі ғана бұлардың жолын жарық қылып көрсетіп тұрады. Сол екі арада қараңғылық серпіліп жүре бергенде, сылаңдаған бір сұлу қыз шыға келеді. Қорқыт атынан түсіп қызға қарсы жүреді. 

Қараса бұл қыз алаулатып от жағып, қазан асып отыр екен.

Қыз мұның бетіне қарайды да:

– Ұзақ жүріп шаршаған шығарсыз, ордама жүріп, тынығып кетіңіз, – дейді. Қорқытқа Керқұла ат Жезтырнақтың қыз болып қарсы алатынын, оның ордасына кірген кісі кері шықпайтынын айтқан болатын.

Жезтырнақ деген имек жез мұрынды, үлкен жез тырнақты, сұлу жас әйел кейпіндегі жын-пері еді. Ол ғаламат зор қара күш иесі, ащы даусы жер жаңғырықтырады. Өзінің айқайымен ол адамдарды өлтіріп тастайтын.  

– Шаршағаным рас. Демалуға қарсы емеспін, бастаңыз, – дейді Қорқыт. Қыз алға түсіп аяңдай бергенде, Қорқыт алмасын сермеп кеп қалады, алмас қылыштан от жарқ ете түседі де, дүниені тағы да тұман басып кеп кетеді. Тұман ашылғанда қыздың орнында екі бөлінген Жезтырнақ жатады. Ол қылыштан қорғанамын деп бір қолымен өсіп тұрған қарағайды ұстай алған екен, тырнағы әлгі ағашқа бойлай кіріп кетіпті. Қорқыт Жезтырнақтың екінші қолының саусақтарын тырнағымен қоса кесіп алып, қоржынға салды. 

«Жезтырнақтың қарамағындағы жерден ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын. Жезтырнақтың өлгенін қазір ешкім білмейді. Сондықтан бұл жерге Шыңырау құс келмейді. Осы жерде бір үш-төрт күн демалайық», – дейді Керқұла ат. Қорқыт сол арада үш-төрт күн тынығып, Жезтырнақтың асыл казынасын жинап алып, Керқұла аттың алдына алтын науаны өңгеріп, алтын құйрықты құлындарды ертіп, аман-есен ханның үйіне жетеді.

Хан қуанып үлкен той жасайды. Той үстінде түк таба алмай, сандалып мойындары ырғайдай, сирақтары шидей болып, азып-тозып, ханның екі баласы келеді. Хан Қорқытды төрге отырғызып, оның аты-жөнін сұрайды.

– Қорқыт қолына домбырасын алып, сонау ерте заманда қылышынан қан тамған хан болғанын, ол өзіне Күнекей қызды әкеп берген сиқыршы жігітті уәзірлерінің сөзіне сеніп, дарға асқанын, сол жігіттің Мұңлық-Зарлық атты ұл-қызын Жалмауыз кемпір ағаштың басына байлап қойып өлтіргенін, содан ағаштың діңіне егіз сәбидің жылаған зарлы дауысы сіңіп, Алтын баланың үні жаралғанын, сол Алтын бала көп ұзамай өмірге келетінін, соған Асан Қайғы деген жырау Жерұйық мекен іздегенін, сөйтіп жүріп, алып бір бәйтерек көргенін, оның ұшар басындағы балапанды әбжылан арбап тұрғанын, қылышымен оны шауып тастағанын, содан кейін Шыңырау құс пен балапаны үшеуі Алтын дауысты баланың мекені болар Жерұйықты, жердің кіндігін іздегенін, балықтың айтуымен жердің кіндігінде өтірікке құмар патшалық құрылғанын білгенін, мұндай өтірік пен жалғандық салтанат құрған жерге Тәңір Ие Алтын баланы жібере алмайтынын біліп, Асан Қайғы Тазша балаға айналып, қырық өтірік құрастырып айтып, ханды жеңгенін, содан кейін Толағай, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ бәрі бірігіп, жер бетінен Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен тұрғызғанын, Тәңір Ие енді ол мекенді ажалсыз өлке етуге Қорқыт абызды жібергенін, өзінің сол Қорқыт екенін күй қылып тартты.

– Мен Тәңір Иенің бұйрығымен келдім. Өз атым – Қорқыт, ел мені ажалдан қашқан Қорқыт деп атайды. Сіздің еліңізге ерігіп келгенім жоқ, жұмыспен келдім. Екі бірдей жоқ іздеп жүрмін... Намыс іздеп жүрмін, рұқсат болса айтайын, – дейді Қорқыт.

– Айт, айт, балам! – дейді хан.

– Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің жорықшыларыңыз елімізді шауып кетіпті, малымызды айдап, Таусоғар деген дәуімізді байлап алып кетіпті. Міне, сол Таусоғарды босатып әкетпек болып келдім. Бұл – бірінші. Екінші жоғым мынау: бір күні малда жүргенімде аспандап ұшқан алты аққудың алтын кебісі менің қолымда қалды. Сол алтын кебіс сіздің елдікі дейді. Соны табыс еткелі келдім, – деп, Қорқыт алтын кебісті ханға ұсынады.

Хан: – Дұрыс, балам! Сіздің елдің малын айдатып, Таусоғарын байлатып алдырғаным рас. Таусоғар мен әйелі екеуі біздің қолда. Зынданда жатқан Таусоғарға: «Маған қызмет етсең босатам», – деп елші жіберіп едім, ол: «Мен Тәңір Ие жерге жіберетін Алтын дауысты балаға ғана қызмет етемін», – деп, қарысып жатып алды. Босатуға корықтық. Ондағы мақсат: сені қолға түсіру еді. Сенің атағың бізге де мәлім еді. Сені алдыртып, ертерек Алтын дауысты баланың өмірге келер жолын ашсақ, Дию, Албасты, Жезтырнақтардың көзін құртсақ деп едім. Өзім іздеп таба алмаған соң, намысы болса, іздеп келер деп еліңді шаптырып, Таусоғарды байлатып алдыртқан едім. Бірақ, сен келмедің, содан соң алты қызым сені іздеп барған болатын. Бұл менің кіші қызымның кебісі емес, ол Алтын балаға тиесілі бұйым. Енді сенің алдыңа қоятын тағы бір шартым бар. Ол мынау: дүниеде жеті басты Дию бар, аңыраған Албасты бар, Жезтырнақ әйел бар. Осы үшеуін тезірек өлтіріп, Алтын дауысты баланың жолын ашайық. Осыны орындасаң, Таусоғарыңды босатып, беремін, малыңды өзіңе қайтарамын, – деді. Қорқыт Керқұла аттың қанжығасындағы қоржынын алып келіп, Диюдың жалғыз көзін, Албастының омырауын, Жезтырнақтың саусақтары мен тырнақтарын көрсетті. 

Хан разы болып, зынданда жатқан Таусоғарды, оның әйелін, қолға түскен басқа адамдарды азат етті. Шауып алған малын қайтарып береді. Қорқыт елдің малын айдап келіп, иелеріне табыс етеді. Ата-анасына қосылып, Ерназар қуанады. Баласына қосылып, ата-ана қуанады. Ұлы думан, үлкен той істейді. 

Қорқыт Керқұла атына мініп алып, жүріп кетті. Ол Алтын дауысты бала өмірге келетін өлкедегі ажал біткенді жеңемін деп, жүре жүре Азар (Каспий) теңізіне келді. Бұл теңізде адамзат баласын күлдіріп өлтіретін Күлдіргіш деген пері бар еді. Ол су түбінде жасырынып жатып, адам көрсе атып шығып, жармаса кетіп, ұзын қолдарымен оны құшақтай алып, қытықтап жан-тәсілім ететін. Қорқыт Азар бойынан сол Күлдіргішті тауып, өзін қытықтап өлтірді. 

Қорқыт Кереку мен Қызылжардың ит мұрыны өтпес ормандардағы көнерген көне соқпақтардан, адам аяғы сирек басатын ми батпақтар арасында жауыз орман перісін тапты. Оны ел Көнаяқ деп атайтын. Көнаяқтың аяқтарының орнында қайыс белбеу болады. Өздері адам ұшырасқанша тырп етпей күтіп жатады да, жолаушыны жақындағанда алдынан атып шығып, оны қайыс аяғымен буындырып о дүниеге аттандырып жіберетін. Қорқыт Көнаяқты да тауып, дәл өзінің амалымен буындырып жан-тәсілім етті.

Қорқыт іздеп жүріп, баяғы Желаяқты мас қылып, озып кетпек болған Мыстан кемпірді тапты. Ол бұл уақытта жер асты (өлілер) патшалығының қақпасын күзетіп жүреді екен. Дию, Албасты, Жезтырнақ, Күлдіргіш, Көнаяқтар алып келген адамдарды ойланбастан өлілер патшалығына өткізіп жіберетін. Қорқыт Желаяқты тауып, Мыстан кемпірді қуалап өлтіртті.

Сөйтсе де, жер бетіндегі ажал атаулыны жеңіп болмады. Қорқыт арып-ашып, күн жүрді, ай жүрді, жыл жүрді, ғасыр жүрді. Бірақ, өлім атаулы таусылып болмады. Сөйтіп, жүре-жүре ол кейінгі бір дәуірге жетіп, Шыңғысханның заманынан бір-ақ шықты. 

Кейінгі бір заманда Шыңғысханның алып империя құрғанын адамзат баласы жақсы біледі. Бірде Шыңғысханның тұңғыш ұлы Жошы аңға шығар алдында әкесі жаман түс көріп, ұлын жолдан қалдырғысы келеді. Ұлы әке сөзіне мән бермей, нөкерлерін ертіп, саятшылық құруға жолға шығады.

Біршама уақыт өткен соң, жазық далада бір топ құланның жайылып жүргенін көреді. Жошы құланды қуып жүріп, нөкерлерінен алысқа ұзап кеткенін байқамай қалады. Хан баласының атқан оғы құланның аяғына тиеді. Құлан балаға қарсы шауып, майдан ашады. Құлан хан баласы мінген атты кеудесімен қағып құлатып, баланы теуіп өлтіреді. Сосын, оның оң қолын шайнап, жұлып әкетеді.

Арада біраз уақыт өтеді. Хан нөкерлері баланың қазасын әкесіне қалай естіртуді білмейді. Шыңғысхан жүрегі сезгендей, «Кімде-кім баламның ажал құшқанын естірте келсе, сол кісінің көмейіне қорғасын құйдыртам» – деп жар салады. 

Халық ханның баласын құлан теуіп өлтіргенін біледі, бірақ әкесіне айтуға батылдары бармайды. Күндердің күнінде ажалмен арпалысып жүріп, Шыңғысхан ордасына Қорқыт та жетіп еді. Бірақ күзетшілері оны ханға жібермей, ордаға кіре алмай далада, қақпа алдында отырып, домбырасынан бір күйді күңіренте тарта берді. Кешкіғұрым саңқылдап шыққан Алтын баланың даусы сақталған домбыра үні сол маңайды тегіс шарлап, орда ішіндегі ханның да құлағына шалынады. Тақта мүлгіп отырған Шыңғысхан сәл басын көтеріп:

– Мынау зарлаған ненің үні? Барып біліңдерші? Егер менде шаруасы бар адам болса осында алып келіңдер! – деп уәзірлерінің біріне әмір етеді.

Уәзір Қорқытты ханның алдына алып келеді. Хан оған:

– Қайдан жүрген адамсың мұнда келу мақсатыңды айт! – дегенде Қорқыт:

– Тақсыр! Көптен көңілімде жүрген бір күйім бар еді, соны сізге сынатқалы келіп едім, – депті.

– Е, олай болса домбыраңды тарт! – депті хан.

Бұл сөзді естуі сол-ақ екен, Қорқыт домбырасының бұрауын қоңыр дауысқа келтіріп, әрбір қығысын салмақпен қағып, баяғы Күнекей қыздың оқиғасынан бастап тарта беріп еді, хан «тоқетерін тарт» деп Қорқытты тоқтатып тастады. 

Домбыраның көмейінен:

Ақсақ құлан шошыған,

Қырда еркін жосыған.

Тынышын бұзып құланның,

Оқ атқан сіздің ұлыңыз,

Опат болды осыдан.

Хабарын соның айтуға,

Арып-ашып алыстан,

Келіп тұр мынау домбыра,

Болған істің барлығын,

Қалдырмай түгел баяндар.

Үніне оның құлақ сал,

Қаумалаған, халайық,

Хан бастаған жарандар, – деген қайғылы үн күңіреніп естіледі. Әсіресе домбыраның әрбір буынында: «опат болды», – деген сөздер адам айтқандай ап-анық естіліп, қайталанып тұрды. Мұны естігенде төрде отырған хан егіліп жылайды. Ханның шешесі мен әйелі, қызы қатты қапаланып зарлайды. Домбыраның «сиқырлы сазы» мен қайғылы үнінен есі кетіп әлсіреген хан:

– Ұстаңдар мына күйшіні! – деп, уәзірлеріне әмір етіпті. Сонда Қорқыт ханға қарап:

– Уа, тақсыр! Мен аузымды ашып, ештеме де айтқаным жоқ едім ғой, жазығым өзіңіздің ұлықсатыңызбен күй тартқаным ба? Барлық сырды ашып, айтып берген мынау домбыра емес пе? – деді өз басына төнген ажалдан сытылып кетіп. Хан осы жерде сөзден жеңіліп, берген жарлығын орындау үшін «кім болса да бәрі бір, қаралы хабар әкелгеннің үні өшіп, жазасын алсын» – деп, бұйырып, домбыраның қақпағынан көмей тесігін жасап қорғасын ерітіп құйғызды.

Домыраның үндігіндегі тесік сол кезде пайда болыпты. Ыстық қорғасын құйып жатқанда оның табы домбыраның ішегіне тиіп, дың етіп, бір ішегі үзіліп кетті. Ол үзілген ішекпен оның дауысы да құмығып шығатын болды. Осылай Тәңір Ие жаратқан Алтын баланың дауысына зарар келді. Қорқыт ажалды жеңе алмады. 

Алтын баланың үнін аңсап, Қорқыт абыз зар жылайтын. Сөйтіп, ол өзіне қобыз жасап алып, сол қобызымен қайғыра күй төгетін. Қайда барса да, қазылып жатқан көрге жолығатын. 

«Бұл кімнің көрі?» деп сұрайды. 

«Қорқыттың көрі» дейді көршілер. 

Қайда барса да көр қазылып жатады. Сол көрден безіп, қобызын тартатын. Қобызы да тек өлім күйін боздайтын еді. Баяғы Диюдан бастап, Мыстан кемпірге дейінгі ажал әкелетін әзірейілдердің бәрінің көзін жойғанын әуен тілімен жер бетіне таратты. Қорқыт әбден қартайып, қалжырағанша Әзірейілден қашып, ажалға жеткізбей жүрді. 

Ол өлместің күйін тартып, елді қорқытты. Ол ақыры қобызымен күңірентіп күй шертіп, отырып өлмеудің жолын тапты. Оның күйін Ақсақ құлан да естіп, ақсақ қызға айналып, Қорқыт қобызын тартып отырған Сыр бойына әрең жетіп еді. Сол жерде ажалы келіп, Ақсақ қыз мәңгілік өмірге сапар шекті. 

Бұл өмірде өлмеудің жалғыз жолы бар екен. Ол – өнер. Өнерлі адамның аты мәңгілік ел есінде қалады. Қорқыт осыны күй қылып тартып, Тәңір Иеге жеткізді. Қорқыттың зарын естіп, Тәңір Ие Алтын баланы бұл дүниеге өнерлі етіп жіберуге шешім етті. 

Шын талантқа ажал жоқ. Сан ғасыр бойы Қорқыттың өнері өлмей дәл бүгінге дейін жетуі соның дәлелі болса керек. 

(Ажалдан қашып, Алтын дауысты баланың елі үшін мәңгілік өлмейтін өмір іздеген Қорқыттың мазары қазір Қармақшы деген ауылдың маңында тұр. Осы ертегі-хикаяттың авторы күйші мазарына жиі зиярат етеді. Жел гуілдеп соққан сайын, ол мазардан Қорқыттың күйі ойнап тұрады. Оны барып, кез-келген адам тыңдай алады. 

Ал, Ақсақ қыздың мазары да алыста емес. Бәлкім Ақсақ құлан қызға айналмаған да болар. Бір ақиқаты ғалымдар Ұлытаудағы (ол мазар қазір де бар) Шыңғысханның ұлы Жошының мазарын ашып зерттегенде хан баласының бір қолы иығынан жұлынғанын, мүрдеде бір қолдың жоқ екенін көрген. 

Майклдың түсінде көретін Алтын баланың елі қазір «Ерте ме, кеш пе, Қорқыттың көріне бәріміз де түсеміз» дегенді жиі айтады. Олар «өзекті жанға бір өлім» деген ойға нық бекіп, жанның әйтеуір Қорқыттың көріне бір кіріп, ажалдың дәмін тататынын, тек өнер ғана өлмейтінін жақсы біледі. Содан да шығар, бұл халық әлі күнге «Ақсақ құлан» күйін күңірене шертіп келеді). 

VІ

Майкл Джексонның аманаты

Майклдың тағы да көзі ілініп кеткен. Ұйқылы-ояу жатып, қалың көрермен тек соған ғана қол шапалақтап жатқанын, Алтын баланың «Мен Майкл Джексонды жақсы көремін» деп айғайлап, құшағындағы гүлді көрермендерге қарай лақтырып жібергенін, сосын отыра қалып, қолына домбыра алып, күй тартқанын көрді. 

Бұл беймәлім баланы түсінде көрмеу үшін ұйықтағысы келмейтін еді ғой. Ал, ол бала «Мен Майкл Джексонды жақсы көремін» дейді ме?. Құдай-ау, бұл не? Мұның орнына ән айтады, сөйтеді де, мұны пір тұтады…

Майкл ояна салып, құлағын бітей қойды. Түсінде бала шерткен саз аспабынан шыққан үн сонда да масадай ызыңдап құлағынан кетер емес. 

«Мынау үнді біржола өшірер Құдірет бар ма?». Майкл осыны ойлап, әуезді үннен азат болу үшін ыңылдап ән айта бастады. Сөйтсе де, домбыраның шанағынан күй төгіліп жатыр. Көп ішкен дәрінің әсерінен бе, құлағында белгісіз бір әуен ұйып қалғандай. Түсінде тыңдаған күйді өңінде де естіп тұр. 

Бұл не құдірет? Бұл не тылсым?

Майкл екі қолының сұқ саусағын құлағына тығындады. Сөйтсе де әлгі үн алыстан талып естіліп тұрып алды. 

Бала – домбыра. Домбыра – бала! 

Бағзы замандағы халық бастан кешкен зардап пен соғыстың, қан мен тердің, қиындық пен қуаныштың куәгері сол аспап. Содан болар, бұ аспаптың иесі болған халық екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұрап келеді. Ол халық үшін домбырадан асқан шежіре де, домбырадан асқан дана да жоқ. Ақиқатты ауызбен айта алмаған кезде домбыраға тіл бітетін. Қанша қорғасын құйса да ол үнді өшіру мүмкін емес еді. 

Қай дәуір болмасын, ақиқатты ашына айтқан адамның басы алынады. Басың домалап әр сайда бір қалмасын десең, тіліңді тістеуге тиіссің. Бірақ, домбыраның тілін тартып қалған кезі жоқ. Шындық деп шыбын жаны шырылдаған домбыраның басын алу әсте мүмкін болмаса керек. 

Домбыраның басын дінмен кесіп алуды көксегендер де аз болмады. «Бұл аспаптан жын-шайтанның үні шығады, адамды жадылап тастайды» деп молда-сопылар зар қақты. Сонда да оның үнін ешкім өшіре алмады. Сол зар Майклдың түсіндегі Алтын баланың қанында аласұрып сыртқа шықпаққа талпынған.

Алты мың жылдан бері бір ішегінде биіктік, екінші ішегінде тереңдік сіңген бұл аспап мылқауды сөйлетіп, кереңді естіртіп, тас жүректі жібітіп келеді. Сол аспаптың үні адамның көмейінде ойнауы тіпті таң қаларлық дүние емес пе? 

Майклдың түсіндегі Алтын бала домбыраға айналып кетті. Баланың әні – домбыраның үні. Мұндай адам аспап бұрын-соңды тарихта болды ма, болмады ма, белгісіз… Белгілісі Майкл түс көреді. Түсінде сол Алтын баланың домбыра үнін естиді. «Ол сол бір қасиетті аспапты шертер күн туар ма екен» деп ойлайды. 

Баяғы ескі заманда қара нәсілді адамдардың үнін өшіру үшін крэкерлер де (ақтүстілер) дінді пайдаланушы еді. Оларды Құдайды ұлықтап ән айтуға мәжбүрлейтін. Содан шығар, ақ нәсілділер аң секілді аулап, құлдыққа салған қараларды жуасыту үшін дін көмекке келетін. Ақ нәсілділердің арам ойы Інжіл сөзімен бекіп, Құдайдың кітабынан қорыққан қара нәсілділер мәңгілік құл болуға көндіккен еді. 

Бірақ, мәңгілікке құл болу әсте мүмкін емес. Қорлық пен зорлық, азап пен айуандықтың арнасын дінмен бітеп тастау әсте ешкімнің қолынан келмесе керек. Қорлық пен зорлықтан қиналған халықтың үні ерте ме, кеш пе, булыға шығары, ызаға толы кектің зарға айналып, ән болып шартарапқа тарайтыны ақиқат-ты. 

Ақ нәсілділер Американың тарихи тұрғындары үндістерді қырып-жойып, оның орнына Африка құрлығының адамдарын әкелді. Американың байырғы тұрғындары аман қалса ерте ме, кеш пе, азаттыққа ұмтылары сөзсіз болатын. Өз жері, өз Отаны олардың рухын оятса, сырттан келген жаулаушыларға апат төнері анық-ты. Содан қорқып, Африкадан құл тасыды. Африкадан келген қара адамдар азаттыққа ұмтылмасына сенді. 

Орталық Азияда құл ретінде сатылып, бүкіл мұсылмандар әлемінің халифына айналған Бейбарыс сұлтан секілді оғланның қара нәсілділерден де туарын ешкім де болжай алмады. Хан болмаса да, хан тағынан тұрып басын иетін оғланға айналды, Майкл! 

Ол баяғы өткен тарихтың… ақ түстілерге бағынышты құл болуға ғана тиіс тарихтың соңғы нүктесін қойды. Ал Алтын бала ше? Алтын баланы Тәңір Ие өз халқының отарлаушы Ресей империясынан көрген қорлығының, тартқан азабының нүктесін қоюға жіберген болар…

Ақ па, сары ма, қара ма, адамның бәрі бірдей жаратылыс… Олардың ішкі сезімі, бір-біріне деген махаббаты, мейірімі, бәрі-бәрі ұқсас. Тек түр, тек тіл, тек дін бөлек… Олардың арасын біріктіретін күш – музыка. Сол музыканың корольіне айналды, Майкл!

Ән – әлемінің патшасы… Сол патша тағында мәңгілікке мызғымай отырғысы келеді, оның. Бірақ, домбыралы Алтын бала түсіне кіретін болғалы астындағы тақтың теңселіп тұрғанын түйсінді. Оның қолындағы қалақтай ғана ағаштан қорқады. Ол ағаштың Алтын баланың көмейіне қонған үні құдіреті тас емшекті жібітіп, сүт саулататынын да іштей сезді. 

Майкл қысымы көтеріліп үйіне дәрігер шақыртқан. Майклды қарауға келген медбикенің аты Сильвия Сандовал еді. Бұл ойды Тәңір Ие жіберді ме белгісіз, әйтеуір Майкл Джексон Сильвия Сандовал арқылы Алтын балаға аманат етіп, сыйлық қалдырғысы келді. Майклдың жиегі әдемі ағашпен әрленген үлкен суреті бар еді. Сол суретке қолтаңбасын қоймақ болып, ағаш жиегін шешпек болғанда, суреттің шетін жыртып алды. 

Майкл күлді. Іштей «менің өз қолыммен жыртылған сыйлықтың құнын Алтын бала түсінер ме екен?» деп күбірледі. Сөйтті де, қолтаңбасын қойып, қасына аманатты қай күні қалдырғанын жазбақ болып: 

– Бүгін қай күн, – деді медбикеге. 

Сильвия Сандовал: 

– 24 мамыр, 1994 жыл.

Майкл тағы да күлді. Сөйтті де, күнтізбедегі күнді сүйкеп жаза салды. 

– Бәсе, біліп едім, –  деді сосын әнші. 

– Нені біліп едіңіз? –  деді медбике. 

– Күндердің күнінде бұл сыйлықты біреуге бергіңіз келсе, мені қатты жақсы көретін адамға ғана тарту етерсіз…

Ән әлемінің патшасы осыны айтты да, енді іс бітті дегендей теріс айналып кетті. 

Сильвия Сандавал сол қолтаңба қойылған суретті жиырма төрт жыл сақтады. Уақыт өте келе қағаз да біраз сарғайды. 

Бір күні Сильвия Сандавал Қытайда өткен «I AM SINGER» байқауында әлемді аузына қаратқан Алтын баланың әнін тыңдаған. Сол-ақ екен, Алтын бала мен Майкл Джексонның бір-біріне қатты ұқсайтынын байқады. Сосын, Алтын баланың сұқбаттарын көріп шықты. Құдай-ау, тіпті сөйлеу мәнерінде де ұқсастық бар екен. Алтын бала да Майкл Джексон секілді адамға биязы үнмен тіл қатып, асықпай сөйлейтін көрінеді. Ол, ол ма, Алтын бала Майкл Джексонның шығармашылығын да аса қатты құрметтейді екен. 

Сильвия Сандавал Майкл Джексонның сыйлығын кімге аманаттаймын деп ойға шоматын. Ол достарымен ақылдасып, бұл сыйлықты Алтын балаға сыйласам деген ойын айтты. Олар да бірауыздан қолдай кетті. Осылай шешім қабылдаған күні Алтын бала көктен түсті ме, жер астынан шықты ма, кім білсін, дәл ертегідегідей Сильвия Сандавалмен Колифорнияға штатындағы Галивуд саяжолында ұшырасып қалды. 

Бұл кезде Сильвия жасы жетпіс төрттен асып, ақ шашты кейуанаға айналып еді. Аяғы ауыратындықтан, қатты жүруге де шамасы жоқ-ты. Галивуд саяжолындағы көп кафелердің бірінде отырып, өтіп бара жатқан Алтын баланы көріп, құрбысына: 

– Әне, Алтын бала кетіп барады. Бол тез, жүгір, қалайда қуып жет, менің сәлемімді жеткіз, –  дейді. Құрбысы осы ертегі-хикаятта айтылатын Желаяқтай зыр жүгіріп, Алтын баланы қуып жетті. 

Қуып жетіп, Сильвия Сандавалдың жайын айтты. 

– Ана жерде сіздің бір жанкүйеріңіз отыр. Аяғы ауырады. Сондықтан өзі келе алмады. Сізге берер сыйлығы бар, – дей жүріп, Алтын балаға мән жайды түсіндіреді.

Алтын бала Сильвия Сандавалға келіп, біраз сөйлесті. 

Сильвия Сандавал: 

– Алтын бала мен саған Майкл Джексонның өз қолымен берілген сыйын сыйға тартайын деп едім. Әуежайға апарып берсем, қабыл аласың ба? – деді. 

Алтын бала: 

– Жоқ жоқ, тап қазір алуға бола ма? – деді тек осыны ғана күткендей. 

– Ол сыйлық сурет. Сол суретті Майкл маған қалдырғанда шетін жыртып алып еді. Соны желімдеп, дайындап қояйын.

– Жоқ, Майкл Джексонның өз қолымен жыртылса, оны желімдеудің қажеті жоқ, – деді Алтын бала жұлып алғандай. Сосын: – Ол сыйлықты бұған дейін неге басқа адамға сыйламадыңыз? – деді. 

– Сен қаласаң, сатып-ақ жіберейін, – деді Сильвия әжей әзілдеп. 

Алтын бала мен Сильвия ертесі күні тағы кездесті. Алтын бала сыйлықты алмаққа келіп еді. 

Сильвия суретті беріп жатқанда екеуінің де көзі Майклдың өз қолымен жазылған датаға түсті. 

Сенесіздер ме, ол дата Алтын баланың туған күні екен. Алтын бала өз көзіне өзі сенбей, біреу үстінен суық су құйып жібергендей қалшиып тұрып қалды. 

VІІ

«Бозінген» күйі

Ертөстіктің жер асты патшасы Бапы ханның еліне сапары

Майкл Джексонның түсінде көретін Алтын бала туралы ертегі таусылып болмады. Бастапқыда бұл ертегі-түстен қорқатын еді, енді оның жалғасын көруді асыға түсетінді шығарды. Алты мың жыл бұрын пайда болып, Алтын баланың дауысы сақталған домбыраның ішегінің қайта жалғанар уағын асыға күтті, Майкл!

Ән әлемінің патшасы атанған Майкл тағы да ұйқыға бас қойған. 

Бұл жолы Тәңір Ие жер бетіне Ертөстік атты Алтын адамды жіберіп еді. Оған жер астындағы Бапы ханның патшалығына сапарлап барып, Алтын бала өмірге келетін Жерұйық жұмақ мекеннің астын таусылмас, түгесілмес қазынаға толтыру тапсырылды. Тәңір Ие осылай Алтын баланың елі күндердің бір күнінде сол қазынаны тауып алып, уайымсыз-қайғысыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды бастан кешсін деген. 

Баяғыда Қорқыт ажалмен күресіп, Диюды іздеп, жолға шыққанда қозы бағып жүрген Ерназар деген Таусоғардың ұлына кездесуші еді ғой. Сол бала ержетіп, бай болып, көгені қойға, матауы түйеге, өрісі жылқыға толып еді. Ерназардың сегіз ұлы болған. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа айдап кетіпті. Ерназардың сегіз ұлы соның ішінде кетіп еді. Бір қыстық азығын алып, Ерназар үйінде қалған. Ерназардың сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді – келмейді, жылдар өтеді – келмейді. Ерназардың азығы таусылады, ашықты, жейтін тамақ таппай қиналады. 

Ерназардың мекеніндегі бар адамына ортақ жалғыз інген ғана қалған. Ол өңірдің барша адамы сол інгенін сауып ішіп, шұбатын азық қылатын. 

Күндердің бір күні інгеннің ботасы да аштықтан өліп тынады. 

Ботасы өлгеннен кейін бозінген иімей суалып кетеді. Жалғыз інгеннің шұбатымен жан сақтап отырған халық қатты сасады. Ел ақсақалдары осы інгенді иітіп, емшегінен сүт шығарар адам болса, ауылдағы ең сұлу бойжеткенді сыйға тартамыз» деп жар салады. Содан соң, Ерназар күйініп баяғы Алтын баланың даусы сақталған, бірақ Қорқыт абыз кейінгі дәуірлерге өтіп кеткен кезде Шыңғысханның қорғасынының табынан бір ішегі үзіліп кетіп, сыңар ішекпен қалған домбыраны қолына алады. 

Ерназар домбырасын күйлеп, ағыза күй тарта жөнеледі. Күйде бозінгеннің ботасынан айырылған зары естіледі. Аштықтан бұратылған бота енесін құлдыраңдап іздеп жүргені, шөлдеп, шөліркеп қарны ашқаны күй болып төгіледі. Күйге құлақ салған бозінгеннің жанарынан жас тамшылап, тас емшегі жібіп, иіп қоя береді. Жасы келіп, қартаң тартқан Ерназарға жар болғысы келмеген сұлу қыз түйенің сүт тама бастаған емшегін ұстай алыпты.

Сонда да сүт саулап, ел ақсақалдары әлгі бойжеткенді Ерназарға қосады. Сыңар ішек домбыраның өзі сөйтіп, зарымен Алтын бала мекенінде тұратын елді аштықтан құтқарып қалады. 

Ерназар сұлу бойжеткенмен шаңырақ көтергеннен кейін бір күні таңертең үйдің түндігін ашып, шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түседі. Ерназардың қуанып, есі шығады:

– Сұлуым, сүйінші! Керулі тұрған кер биенің төстігі майлы көрінеді, бол, жылдам асып жіберші, – дейді.

Сөйтіп, бұлар төстікті қазанға салады. Төстікті асып жеп, Ерназар мен сұлу бойжеткен әлденеді. Ұзамай бойжеткен жүкті болады. 

Ерназардың әйелі жер асты патшалығында өмір сүретін айдаһардың етіне жерік болыпты. Ерназар шал айдаһарды іздеп келе жатса, бір шаң көрінеді. Жақындаса, қара айдаһар мен сары айдаһар арбасып-алысып жатыр екен. Қара айдаһар сары айдаһарды өлтіреді. Шал өлген айдаһардың сан етінен кесіп алып үйіне келсе, кемпірі жерігі асып, ауырып жатыр екен. Шал келіп: «Ау, сұлуым, сүйінші бер! Жерік асың табылды!» – депті. Аңсап жатқан сұлу келіншек орнынан ұшып тұрып, Ерназардың әкелген етін шикілей жей беріпті. 

Жерігі қанған келіншек тоғыз ай, тоғыз күнде аман-есен босанған екен. Бірақ бала жыланға ұқсап туған еді. Әкесі мен шешесі ол балаға «төстік жегеннен кейін өмірге келді ғой» деп Төстік деген ат қойып, не де болса, ішінен шыққан шұбар жылан ғой деп, ел көзіне көрсетпей асырай беріпті. Алтын баланың елі айтатын баласына қарата айтатын «Іштен шыққан шұбар жылан» деген нақыл содан қалыпты. 

Бір күні Төстік әкесін қасына шақырып алып: «Әке, менің үйленетін уақытым болды. Маған жер асты елінің патшасы Бапы ханның жұрттан асқан сұлу қызы бар, соны әпер», – дейді. Әкесі айтады: «Ей, балам, малым да жоқ, жаным да жоқ маған жер асты елінің патшасы Бапы қызын бере ме?» дейді. 

Төстік Бапы ханның қызын алып, күйеу болып, өзі жер асты елінің ханына айналып, Алтын дауысты бала өмірге келетін мекеннің астын қазынаға толтырмақ еді. 

Баласы осыны айтып қоймағансын, баяғы Қорқыт абыздың жақсылығы да есіне түсіп, «көп болса хан мені өлтірер, не де болса барайын» деп жер астына түссе, ханның бір жендеті шығыпты. Жендет Ерназар шалға: «Нағып жүрсің?» – депті.

Сонда шал айтыпты: «Менің жалғыз балам бар еді. Сол маған «Бапы ханның қызын алып бермесең болмайды, басқа адамның қызын пері болса да алмаймын» деп мазамды алған соң, тәуекел деп, Бапыға келе жатырмын», – депті. 

Ерназарға жендет айтады: «Сенің балаң жоқ еді ғой, күні кеше ғана аштан бұратылып, «Бозінген» күйін шертіп інген идіріп жүрмеп пе едің. Ол бала саған қайдан пайда болды?» – депті де, тағы да: «Егер балаң бар болса, балаңның аты кім?» – дейді.

Ерназар: «Баламның аты Төстік», – деп жауап береді. Сонда жендет: «Бапыға беретін малың жоқ. Ханға қызыңды бер десең, ол саған ашуланып басыңды алады. Онан да басың аманында осы жерден тіке үйіңе қайт», – деп ақыл береді. 

Ерназар не болса да көрейін деп, Бапы ханның ордасына келеді. 

Ерназар ханменен амандасып болған соң, шалға хан: «Не жұмыспен жүрген адамсың?» –  депті. Сонда Ерназар айтады:

– Тақсыр, менің Төстік деген жалғыз ұлым бар еді. Ол бала маған Бапы ханның қызын алып бер деп мазамды алып, үйімде отырғызбады. Соған бола, тақсыр, сіздің алдыңызға келіп отырмын, – деді. 

Бұған ханның ашуы келіп, жендеттерді шақыртып: «Шалды өлтіріп, тең ортасынан екі бөліп, бір атқа теңдеп үйіне қарай айдап жіберіңдер», – деп әмір етті. Қасапшыдай жалаңдаған жендеттер Ерназарды ортаға алып, буындырып өлтіріп, ортасынан екі бөліп, қапқа салып, атқа теңдеп жіберіпті. Ат басқа жаққа бұрылмастан тура жер бетіндегі Ерназардың үйіне оралады. Төстік аттың үстінде теңдеулі тұрған екі қапты көріпті. Сонда оның сұлу әйелі: «Құдай маған кәрі шалды да көпсіндің бе?» – деп жылай беріпті.

Төстік шешесіне: «Шеше, сен жылама, маған әкемнің өлігін әкеп бер», – дейді. Өлікті алдырған бала үш рет дем салып, тірілтеді. Таң атқан соң: «Әке, сен Бапыға қайта бар, ол саған білгенін істер, сен қорқушы болма», – дейді. Шал ханға қайта барып, қызын екінші рет сұраған екен, «Мына тамағын асырай алмай жүрген шалдың ызасын-ай!» – деп, жендеттерін тағы шақырып, шалды мүше-мүшеге бөліп, атқа тағы да теңдеп жіберіпті. Баласы әкесін дем салып, қайта тірілтіп алды. 

Үшінші рет тағы жібереді.

Хан ашуланып: «Бұл шалға, сірә, өлім жоқ шығар және бір көрейін», – деп шалды айналып тұрған жел диірменге салып майдалатады да атқа теңдеп үйіне жібереді. Баласы күндегі әдеті бойынша әкесін тағы тірілтіп, төртінші рет ханға жіберіпті. Енді хан қорқып: «Бұл шалдың баласы менің түбіме жететін бәле шығар, қызымды бермеймін демейін, шалдан көп мал сұрайын», – деген ақылға келіпті.

– Қызымды шын сұратсаң, менің қаламның үстінен көп жылқы айдап өтесің, сонда жылқының көптігінен қала халқы таңданатын болсын. Егер оны таба алмасаң, енді қайтып менің алдыма келме! – депті хан. 

Шал үйіне келіп, Төстікпен ақылдасады. Сонда баласы айтады: «Азанда менің ізіме еріп жүріп отыр. Екеуіміз бір жерге барамыз», – депті. Бір жерге келгенсін баласы әкесіне өткір алмас қылыш беріпті. «Қазір біз бір іннің аузына барамыз, сол іннен ұзын қара жылан шығады, соны өзінен бұрын көріп, басын қағып алмасаң, онда ол сені өлтіреді, одан соң қайта тірілте алмаймын», – дейді. Осыны айтып болып, бала інге кіріп кетеді. Көптен кейін ұзын қара жылан іннен шығады. Аңдып тұрған Ерназар жыланның басын шауып түсіреді. Содан кейін іннен қаптаған қалың жылқы шұбырып шығып, Бапы ханның қаласының үстін басады. Ханның әмірі бойынша көптігінен қала көрінбей қалады. Бұл істі көзі көрген хан қатты қорқып: «Бұл бала емес, пәле шығар, не болса да бұған қызымды беріп құтылмай болмас», – деп, хан еріксіз қызын Ерназардың баласына беретін болады.

Уәделі күн біткесін шал сұлу келіншегін алып, баласын ертіп, ханның ауылына құда түсе келіпті. «Күйеу келді» деп, қыз-келіншектер алдынан шықса, аттың мойнына оралған сары жыланды көріп: «Ау, Ерназардың баласы қайда?» – депті.

Ерназар: «Баламыз міне» – деп аттың мойнына оралған адам басты сары жыланды көрсетіпті. Бұл сөзді естіген хан да, оның әйелі де, қызы да қатты қорқады. Ханның жалғыз қызының күйеуі келеді деп, оңаша жерге ақ отау тіктіріп қойған екен. Не де болса, соған апарып күйеуді кіргізеді. Күйеу төсектің үстінде үйіндегі жатысындай домаланып жатпай, ұзынынан жатады. Кеш болғанда халықтың әдеті бойынша қызды күйеуге күйеулетіп қасына апарады да өздері бұл жылан не қылар екен деп, сыртта жасырынып тұрады. Қыздың аты Жерсұлу еді. Қыз үйге келсе де Төстіктің қасына баруға қорқып, жақындамай қояды.  

Сонда Төстік жігіт айтады: «Сен менен қорықпа, қасыма келіп басымнан аяғыма дейін сипа», – дейді. Қорқып тұрған қыз амалсыз жыланды басынан аяғына дейін сипайды. Сол уақытта Төстіктің сыртындағы жылан қабығы сыпырылып түсіп, дүниеде жоқ, бір сұлу жігітке айналады.

Жерсұлу Төстіктің сұлулығына қызығып кетіп, есі ауады, сонда Төстік қызға айтады: «Мынау жылан қабық – менің екінші жаным. Соны адамға сездірме және адамға көрсетпе, өзің де жоғалта көрме! Егер бұл киімнен айырылсақ, мен саған жоқпын!» – дейді. Жерсұлу Төстіктің жылан қабығын орамалына орап, көйлегінің ішкі тысына, қолтығының астына тігіп қояды. Бірақ сыртта аңдып жүргендер бұл сырды білмек болып қыздан сұраса, қыз не екенін айтпайды. Сонан соң, аңдып тұрған адамдар қыздан оны тартып алуға айналғанда, жігіт қыздың қолтығының астындағы өзінің жылан қабығын қағып алып, тауқұдірет деген құс болып ұшып, шаңыраққа бір қонып: «Енді саған мен жоқпын. Мені іздей қойсаң, Мертік деген қаладан табасың», – деп, Жерсұлуға «көргенше, қош бол» деп, тауқұдірет ұшып кетеді. Тауқұдірет деген жалғыз қанатты құс еді. Сол жалғыз қанатымен-ақ көзден ғайып болды. Қыздың жігітке есі ауғаны сонша, үш күнге дейін ас-су ішпестен, шаңыраққа қарауменен отырады.

Мұны естіген Бапы Ерназар мен әйелін шақыртып алып былай дейді: «Менің жалғыз қызым да, сенің жалғыз балаң да енді бізге жоқ екен. Күйеу балама хандық тағымды берем бе деп едім, басымнан хандық таятын болды», – дейді.

Жылай-жылай Ерназар мен әйелі үйіне қайтады. Жерсұлу хан әкесіне келіп: «Әке, енді мені басқа бір адамға беремін деген үміттен күдер үзіңіз. Енді менің қалған өмірім сол жылан қабықты Ертөстіктің жолына құрбан болады. Сондықтан соны өлгенімше іздеуге рұқсат етіңіз», – деді.

Хан қызына күйеуін іздеуіне рұқсат береді. Кетерінде Жерсұлу туған елге, ата-анаға, жасынан көрген қызық дәуреніне қош айтып, жолға шығады.

Екі ғасыр жол жүріп, табаны тілініп, жүруге дәрмені болмай, зарығып келе жатып, бір үлкен бәйтеректің түбіне келіп, демалып алып, бәйтеректің биік басына шығып қараса, айдалада көз ұшында тігулі тұрған жалғыз ақ отауды көріпті. «Не де болса осы отауға барып, ұшқан құс, көрген жан бар ма екен, бір хабарын білейін», – деп жүре беріпті. Отауға келсе, ішінде бір сұлу келіншек отыр екен. Ол келіншек қызды көріп орнынан ұшып тұрып, тас қылып құшақтап, қызға жылап көріседі.

Содан кейін қыз айтады: «Неғып отырған жансың бір өзің?» – дейді. Келіншек айтады: «Мен Аспан асты патшасының қызы едім, атым Күнсұлу еді. Менің атағымды жер астының Қарадәуі естіп, өзінің бес дәуін жіберіп, менің әкемнің әскерін қиратып, мені тартып алып осы жерге әкелгеніне міне, бес ғасыр өтті болды. Содан бері әйел затын көрген емеспін. Соның үшін сені көргенде, ел-жұртымды тегіс көргендей болып, мұңымды шағып жатқаным ғой», – дейді. Сонда Жерсұлу да өзінің басынан өткен оқиғаны түгел баяндап, енді сол тауқұдірет болып ұшып кеткен сүйген жігіттін іздеп жүргенін айтып, екеуі мұңдасады. Сол уақытта келіншектің күйеуі Қарадәудің келетін уақыты жақындаған. Сосын келіншек айтады: «Менің күйеуімнің келетін уақыты болды. Сені мен жасырайын, мынау үлкен қазанның астына кір», – деп қызды жасырады. Бір уақыттары бүркіттерін шаңқылдатып, тазысын ертіп келіп, Қарадәу үйіне түседі. Аттан түскен бойда Қарадәу келіншектен: «Бұл жерге әйел заты келді ме, әйелдің иісі шықты?» – деп сұрайды.

Сонда келіншек байын сендіру үшін былай дейді: «Менің сеніменен өмірлік жолдас болғаныма бес ғасыр өтті. Сен үйден кетсең, қашан қайтып келгенше шыдамым болмай, мен біресе далаға, біресе үйге кіріп, кеземін де жүремін. Сен ойыңның бөлектігін білдіріп, менің иісімді басқа әйелдің иісі деп сенбейсің. Өйтетін болсаң, жалғыз сүйгенім де сен, көргенім де сен, олай десең маған өмірдің керегі жоқ, өзімді өзім өлтіріп, бұл дүниеден күдер үземін», – депті. 

Мұны естіген Қарадәу Күнсұлуды аяп: «Саған ойнап айтамын», – дейді. Сонда отырып, Күнсұлу Қарадәуден сұрайды: «Бұл жақта ұшқан құс, жүгірген аң болмай ма? Менің саған қосылып серік болғаныма бес ғасыр өтті, содан бері даладан келсең көрдім, білдім деп еш нәрсе айтпайсың. Маған ең болмаса тауқұдірет көрсең де айтып келсең, менің көңілім қош болып қалар еді», – депті. Күнсұлудың бұл сөзіне елжіреген Қарадәу: «Осыдан төрт ай бұрын аң аулап жүрсем, бір қара сыңарқанат тауқұдірет күн шығыстан күн батысқа қарай ұшып бара жатыр екен. Соны саған атып әкеп берейін деп садақ тарттым, бірақ оғым жетпеді. Оны қуа алмадым», – дейді.

Бұл сөзді есіткен Күнсұлу: «Ол тауқұдіреттің қайда бара жатқанын білмедің бе, жақын жерде ел бар ма, болмаса көл бар ма?» – деп сұрады. Сонда дәу айтты: «Осы арадан үш күндік жерде ескіден келе жатқан бір Мертік деген қала бар, оны бір кезде осы мен ханын өлтіріп, халқын тоздырып жібергенмін. Содан кейін ол Мертік қаласы жын-шайтан мен перілердің ордасына айналып кеткен. Ол тауқұдірет сол жерге барып тоқтауы мүмкін. Болмаса, бұл маңайда одан басқа адам түгіл құс айналатын жер жоқ», – деп Қарадәу сөзін аяқтады. 

Мұны қазан астында жасырынып жатқан Жерсұлу да естіп, жата береді. Сол жерде жатып: «Қайда әлсіз жан болса, қайдағы күшті жауыздардың тырнағының ұшында жүреді екен ғой. Әрбір мақұлық әрбір жәндік және өсімдіктер өзінің негізіне тартпай қалмайды екен. Соның үшін Төстігімді табар болсам, мына дәудің өмірлік жолдасым деп алған Күнсұлуын Қарадәуден құтқарып, өз нәсіліне қосуға серт етер едім», – деп ойлады. Сөйтіп отырғанда дәу күндегі әдеті бойынша құсын қолына қондырып, тазысын ертіп, атына мініп, аңға шығып кетті. 

Дәу кеткен соң, Жерсұлу да қазан астынан шығып, Күнсұлумен қоштасып жолға шығады. Қарадәудің айтқан шамасымен осы жерден үш күндік жол деген Мертік қаласын іздейді. Сол жүріспен іздеп, Мертік қаласын қырық төрт жылда зорға табады. Түн ішінде ескі бір қаланың үстінен түседі. Қаланы аралап, ол жерден қыбырлаған бір жан таба алмайды. Тек домбыраның үні естіледі. Сол үннің шыққан жағына қарай жүріп отырса, түн ортасы ауған уақта бір үлкен сарайдың ішінен жарық көрінеді. Соған келсе, ол сарай алтыннан салынған, ішіне гауһар мен жақұттан жарық беріп қойыпты. Қыз келіп, сарайдың әйнегінің сыртынан сығалап қараса, домбыра тартып отырған баяғы өзінің тауқұдірет болып көз алдынан ғайып болған сүйген жігіті Төстігі екен. Ол алтын тақтың үстінде отырып түрлі қайғылы күйлерді тартып отыр екен. Қыз тыңдап тұрса, домбыра мына жайды күй қылып тартып жатыр екен.  

Сонау ерте заманда қылышынан қан тамған хан болыпты, ол өзіне Күнекей қызды әкеп берген жігітті уәзірлерінің сөзіне сеніп, дарға асып, сол жігіттің Мұңлық-Зарлық атты ұл-қызын Жалмауыз кемпір ағаштың басына байлап қойып өлтіріпті, содан ағаштың діңіне егіз сәбидің жылаған зарлы дауысы сіңіп, Алтын баланың үні жаралыпты, сол Алтын бала көп ұзамай өмірге келетін болған соң, Асан Қайғы деген жырау сол балаға Жерұйық мекен іздепті, сөйтіп жүріп, алып бір бәйтерек көріпті, оның ұшар басындағы балапанды әбжылан арбап тұрған соң, қылышымен оны шауып тастапты, содан кейін Шыңырау құс пен балапаны үшеуі Алтын дауысты баланың мекені болар Жерұйықты, жердің кіндігін іздепті, балықтың айтуымен жердің кіндігінде өтірікке құмар патшалық құрылғанын біліпті, мұндай өтірік пен жалғандық салтанат құрған жерге Тәңір Ие Алтын баланы жібере алмайтынын ұғып, Асан Қайғы Тазша балаға айналып, қырық өтірік құрастырып айтып, ханды жеңіпті, содан кейін Толағай, Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ бәрі бірігіп, жер бетінен Алтын дауысты балаға Жерұйық мекен тұрғызыпты. 

Шыңырау күй бітер болмады. Жерсұлу ары қарай не болар екен деп, үнсіз күйді тыңдай берді. 

Тәңір Ие Алтын баланың елін ажалсыз өлке етуге Қорқыт абызды жіберіпті, Қорқыт абыз Төстіктің әкесі Ерназарды қой бағып жүрген жерінен тауып алып, оның атасы Таусоғарды зынданнан босатыпты, сосын Алтын құйрықты құлындарды құтқаруға барып, жолай жалғыз көзді Диюды, емшегі салбыраған Албастыны, тырнағы сояудай Жезтырнақты өлтіріпті, Қорқыт «Алтын баланың мекенінде ажалды жетелеп жүретін жаратылыс болмауы керек» деп Азар теңізіндегі Күлдіргішті, Кереку мен Қызылжардың ормандарындағы Көнаяқты, жер патшалығының қақпасын күзеткен Мыстан кемпірді жер жастандырып, жүре-жүре ол болашақ кейінгі бір дәуірге жетіп, Шыңғысханның заманынан бір-ақ шығыпты, сол жерде хан баласының өлімін естіртемін деп Алтын дауысты баланың үні сақталған домбыраның ішегін үзіп алғанын күй тілі сарнап жатты. 

Сосын Төстіктің күйі Ерназардың ержетіп, сегіз ұлды болғанын, жұт келіп, сегізі бірдей жайлы мекен іздеп кеткенін, аштықтан бұратылған ел жалғыз бозінгеннің шұбатын талғажау еткенін, інгеннің ботасы өліп, суалғанын, сосын Ерназар Алтын баланың үні сақталған домбыраны қолына алып, Бозінген күйді шертіп, інгеннің иігенін, ел-жұрт Ерназарға сұлу бойжеткенді үйлендіргенін, Тәңір Ие шаңыраққа төстік іліп кетіп, соны әке-шешесі жеп Төстіктің ана құрсағына біткенін, шешесі айдаһардың етіне жерік болып, өзінің жылан болып туғанын, жер асты патшасы Бапы ханның қызын алып, Алтын бала мекенінің астын қазынаға толтырмақ болғанын, сөйтіп жүріп, Жерсұлудың білместігімен тауқұдірет құсқа айналып кеткенін зарлана жырлап отыр еді. 

Зарығып күй тартып отырған Төстік ойламаған жерден секем алып, орнынан тұрып, үстіне жылан қабығын киіп, тауқұдірет болып ұшып, әйнектен шығып кетеді. Бұны көрген қыз жасырынып қалып, Төстік кеткесін сарайға кіріп, оның жататын төсегінің астына тығылып жатады. Мұнан хабарсыз тауқұдірет қайтып келіп, үстіндегі жылан қабық киімін шешіп, баяғы қайғылы күйлерді тарта беріпті. Қыз тыққан жерінен Төстіктің жылан қабықты қасиетті киімін ұрлап алып, төсектің астынан шыға келіпті. Сонда жігіт не істерін білмей сасып қалады. Содан соң екеуі бастарынан өткен өмірін сыр ғып шертеді. 

Екеуі айырылысқаннан бері бірнеше ғасыр уақыт өткен екен. Табысқанына разы болған Төстік: «Жерсұлужан, мен саған енді шын сендім, менің өмірлік жолдасым сенсің», – депті. Дүниеге келгелі біріне-бірі ғашық болған екеуі қосылып, өздерінің туған еліне қайтпақ болыпты.

Сонда тұрып Жерсұлу айтады: «Менің сені тауып алуыма себепші болған бір жан бар. Сол жаннан сенің дерегіңді білгеніме де біраз уақыт өтті. Ол осыдан алыс емес, сол жанды темір тордан құтқарып ала кетейік», – депті. Сонда жігіт: «Ол қандай жан?» – дейді. Жерсұлу айтады: «Күн асты елінің патшасының Қарадәу тартып әкеткен қызы – Күнсұлу. Соны қалай болса да босатып еліне жіберейік», – деп өтініпті. Бұған Төстік қарсы болмайды. 

Сол кезде тауқұдірет баяғы «Шыңырау» күйін шертіп еді, атасы Таусоғар қасына баяғыда келмеске кеткен Толағай, Саққұлақ, Желаяқ, Көлтауысарларды ертіп жетіп келді (Жер асты патшалығы – өлілер патшалығы. Бұлар сол өлілер патшалығында өмір сүріп жатқан). Сарайдағы барлық алтын, гауһар, жақұт, темір, мыс ескілді асыл бұйымдарды тау-тау қылып, Толағай мен Таусоғар Алтын бала мекенінің астына тасыды. Көлтауысар жер асты майын екі ұртына толтырып алып, Алтын бала мекенінің астын толтырды. Бұл жұмыс бірнеше ғасырға созылып, әрең бітті. Төстік жұмыс біткеннен соң, Алтын бала мекенінің астын қазынаға толтырған өзі екенін кейінгі ұрпаққа дәлелдемек болып, үстіндегі жылан қабатын шешіп тастап, Жерсұлуға тек алтыннан сауыт-сайман киім тіккізіп киіп алды.

Барлық іс біткенен кейін бір күні Төстік тауқұдірет құс болып, қызды үстіне мінгізіп жер бетін бетке алып ұшты.  

Ұшарда қызға айтады: «Өзің жолын білесің, Күнсұлудың үйінің үстіне барғанда, желке жағымнан бір тал түгімді тарт, сонда жерге қонамын», – дейді. Тауқұдіреттің үстінде келе жатқан Жерсұлу бір жерге келгенде, бір тал қанатын тартып, жерге қондырса, баяғы Қарадәудің мекенінің үстінен шығыпты, баяғы отау орнында әлі тұр екен. Жерсұлу отауға келсе, Қарадәу жоқ. Күнсұлу ғана отыр екен.

Екі мұңлы құшақтасып көрісіп болғансын, Жерсұлу Күнсұлуға: «Кетеміз бе?» – депті. Сонда Күнсұлуға: «Мені қалай алып жүресіңдер, екеуміз бір құстың үстіне міне аламыз ба?» – депті. «Егер кеткің келсе, екеуіңді де алып кете аламын», – депті жігіт. Сөйтіп, жігіт сиқырын жасап, екі қызды тауқұдірет құсқа айналдырып жіберді. 

Жолда сыңар қанат құстар шаршағанда бір-бірімен құшақтасып ұшатын. Олар құшақтасып самғағанда жылдам жүретін. Осыны білген Төстік Қорқыт домбыраның үзіп алған ішегін қайта жалғап, тартып еді Алтын баланың дауысы күмбірлеп сала берді. 

Төстіктің екі қызды алып, жер асты патшалығынан қашқанын білген Қарадәу бұлардың алдын орап, патшалықтың қақпасының алдында күтіп жүр еді. 

Аспандап ұшып келе жатқан үшеуі жер бетіне шығар қақпаға жақындағанда Қарадәуді көрді. Сонда Күнсұлу тұрып: 

«Төстік, менің қолымнан келген жалғыз жақсылығым осы, Қарадәуге сенің әлің келмейді. Себебі, оның жаны өзінде болмайды, жанын ол ешкімге білдірмей, өзінен бөлек бір жерде сақтайды. Оның жаны алыста, Борықты бұлақтың басында қырық киік жүреді, соның ішінде алтын мүйізді киік бар, сол киіктің ішінде жеті қара сандық бар, сол сандықтың ең кішісінің ішінде тоғыз балапан бар, сол тоғыз балапанның жаны шықпай, Қарадәу өлмейді. Осыны біліп қой, – деді.

Төстік ұшып отырып, Борықты бұлақтың басына келеді. Киіктердің су ішетін суатын аңдып, жасырынып жатады. Күн шаңқай түс болған мезгілде, қырық киік Борықты бұлақ қайдасың деп суатқа жақындаған кезде, осқырынып тұра қалып қайта жөнеледі. Күн ысыған сайын киіктер суға беттеп келеді де жақындаған мезгілде осқырып, тұра қалып, жалт беріп, қайта жөнеледі. Ұзап кетеді де шөлге шыдамай суға қайта ойысады, бірақ суатқа жақындамайды, үркіп осқырынып тұра қалады.

Әлден уақытта киіктер бір-бірімен сөйлесе бастайды.

Біреуі: «Су басында бөтен бір иіс бар», – дейді.

Енді біреуі: «Адам иісі секілді», – дейді.

«Қарадәуге қастық ойлаған біреу шығар?» – дейді үшіншісі.

Әсіресе, алтын мүйізді киік өзгесінен оқшау артында жүреді. Киіктер әлгідей сөзге келгенде, ол қаша жөнеледі.

Сонда Төстік қолына домбырасын алып, күй тартып, мынаны айтады:

Жан серігім, қырық киік,

Жаным сенде, қырық киік,

Жан сақтаған Алтын мүйіз,

Шошытқан сені кім келіп?

Суың тұнық былғанбаған,

Қашасыңдар неден жеріп?

Төстік ерді олжаладым,

Жерсұлуын құшып, атын мініп.

Шошытып алдым сендерді,

Адам иісі содан сіңді.

Қайтуға көріп жанымды.

Жаңа келдім қолым тиіп.

Шөптен таңдап соны же,

Адам иісі шығады деп,

Менен үркіп жеріме.

Өзім аман тұрғанда,

Кім келмекші жеріме, – дейді. Киіктер сонда да сенбей, осқырып, одырайып біраз тұрды да, суды жағалай бастайды. Қарадәудің бойын көрмеген соң, бұрынғыларындай етене болып, жақындамайды. Төстік те оларға бойын көрсете алмайды. Киіктер сенерін де білмей, сенбесін де білмей, байқай-байқай келіп, суаттан жапырласып су ішуге бас қояды.

Арт жағынан алтын мүйізді киік те суға бас қояды. Киіктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып, қайқайып шыға береді. Әсіресе, Алтын мүйізді киіктің жер сызып, суаттан бұрыла берген кезде, Төстік қарнынан дәл көздеп садақты тартып қалады, қарны ақтарылып, жеті қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстап алып, Тестік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз балапан екен. Сегізінің мойнын жұлып алып: «Қарадәуді шалажансарында бір көрейін», – деп сақтап қойып, басқа сандықтарды аша бастады. Бір сандықтан бір қанаты алтын, екінші қанаты күміс алтын тақты, екінші сандықтан, Алтын ағашты, үшінші сандықтан Толағайдың Алтын айдары мен Алтын сақасын, төртінші сандықтан алтын кебісті, бесінші сандықтан баяғы құлындардың алтын құйрықтары мен алтын науаны, алтыншы сандықтан Жошының жұлынған қолын тапты. Жошының қолы да алтынға айналып кетіпті. Жетінші ең кішкентай сандықтағы балапандар баяғы Шыңырау құстың әбжылан жұтқан балапандары екен. Ол әбжыланды Асан қайғы қылышымен шауып өлтіріп еді ғой. Қарадәу сол жыланның ішін ақтарып, оның жұтқан балапандарына жан беріп, олардың ішіне өз жанын жасырған екен. Сегіз балапанның басын жұлғанда, олар сегіз Шыңырау құс болып ұшып кетті. 

Төстік жер бетіне шығар қақпаға келсе, Қарадәу әлсіреп, кірпігін зорға қимылдатып, болар-болмас қана демін алып жатыр екен. «Е, батыр, қалайсың?» – деп, Төстік мазақтап жақындай бергенде, Қарадәудің қолы Төстіктің жағасына сап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: «Оп-оңай-ақ жерге жаншып тастаймын ғой», – деп ойлап еді, Қарадәу әл бермейді. Енді біраз алысқан соң, Қарадәудің күшейіп бара жатқаны байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп, әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай, денесін темір тор шырмағандай болып көрінеді. Сол мезгілде Күнсұлу Төстік әкелген сандықтардың ішіндегі ең кішкентайын ашып жіберсе, балапандар жыбырлап, тағы да көбейіп кетіпті. Күнсұлу мен Жерсұлу екеуі жабылып, олардың мойындарын жұлып-жұлып алғанда, Қарадәу сылқ етіп құлай кетеді. Бұл балапандар да Шыңырау құс болып жер бетіне ұшып кетті. 

Төстіктің сандыққа салып әкелген бір балапаны сегіз балапан болып қалған екен. Енді тағы біреуі тірілсе, Қарадәу мүлдем әл бермей кетпек екен. Балапандардың мойыны түгел жұлынған соң Қарадәу бұл өмірмен қоштасты. Қарадәудің жаны салынған сандыққа киіктің алтын мүйізін салып, қалған жеті сандықты алтындарымен қоса алып, Төстік Жерсұлу тігіп берген Алтын киімімен аман-есен жер бетіне шықты.

 «Алтын бала мекенінің астын қазынаға толтыр» деген бұйрығын орындағаны үшін Тәңір Ие оны Сақ дәуіріне дейін жер бетінің патшасы етті. Алтын бала елі оны құрметтеп, Ер-Төстік деп атап, әлі күнге ертегілерінің басты кейіпкері етіп келеді. Ер-Төстік бақытты ғұмыр кешіп, ол-дағы Қорқыттың көріне аттанды. Оның жер астынан киіп келген сауыт-сайман киімі де, жеті сандық тола алтын бұйымдары да денесімен бірге жерленді. 

Сөйтіп Тәңір Ие Алтын дауысты баланың жерін Жерұйық-Жұмақ мекенге айналдырып, асты-үстін қазынаға толтырып, алты мың жылдан бері сол баланың дауысы сақталған домбыраның үнімен күй төгіп тербетіп тұр деседі.

(1970 жылы Алтын бала елінің археологы Бекмұхамбет Нұрмұханбетұлы Есік қорғандарын қазып жатып, алтын киімді адамның мүрдесін тапты. Дәл сол кезде қазба жұмыстарына жақын жүрген жергілікті тұрғындар мемлекет адамдары келгенше археологтарға күш бермей, алтын жеңді қолдың бірін жұлып әкеткен. Ол бәлкім осы ертегі-хикаятта айтылған кейіпкер Жошының қолы да болуы мүмкін ғой. Бірақ, cақтар дәуіріне тиесілі мүрдеге бергі замандардағы Жошының қолы бірге жерленгеніне ешкімді де сендіре алмаймыз.

2013 жылы сол Алтын адам табылған қорғандардың айналасын тұрғындар жекеменшікке алып, егін егу мақсатында ол жерлерді соқа салып, бүлдіре бастаған-ды. Артынша Алтын киімді Ер-Төстіктің мүрдесін тапқан археолог Бекмұхамбет атамен (ол кісінің өмірінің соңында) осы ертегі-хикаяттың авторы бірлесе дабыл көтеріп, ол қорғандар біржола мемлекет қорғауына алынды. Қазір ол жерде осы ертегі-тарихтың сырын ішіне бүккен Алтын адамның мұражайы тұр).

VІІ

Майклдың Алтын балаға айналуы… 

Майкл Джексон тағы да ұйқысыз түнмен арпалысты. Бұрын көзін ілмеуге жанын салса, енді ұйықтай алмай аласұрды. Әлі де құлағында Ванганың бір ауыз сөзі жаңғырып тұр. Сол бір ауыз сөз Майклдың осы уақытқа дейінгі арпалысты өмірінің нүктесін қойып тастағандай.

Иә, әлі есінде… Майкл тері ауруына шалдықты. Ата-бабасы сан ғасыр бойы түрінің қаралығынан азап көріп еді. Сол қара терісі дертті болып, ала-құла бола бастаған. «Витилиго» деп аталатын дерт әншінің сұрына әлем-жәлем сурет салып тастады. 

Миллиондаған адамның алдында өнер көрсететін әнші үшін бұдан асқан қайғы бола ма? Ақыры Майкл пластикалық операция жасатуға мәжбүр болды.

Құдай-ау! Сол сансыз операциядан тұрып, айнаға қараған сайын Майклдың жүрегі тілім-тілім болатын. Ол қара нәсілділерді жақсы көрді. Адамзатқа солардың азаттыққа ұмтылған үнін жеткізді. Енді, Құдай-Тағала оның түсін аққа айналдырмақ па?

Мұнда қандай әділдік бар? Інжілде «қара түсті адамдар ақ түстілердің құлы болуы керек» деп жазылғаны рас болса, құл болмаған, құл болуға көнбеген Майклдің ақ адамға айналуы Құдай ісі ме?

Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Майкл ақ таңылтақ болған терісін қараға бояп әуре болатын. Кейін терісінің ағы көбейіп кеткен соң, қара жерлерін аққа бояй бастады. Не де болса, жүзінде адам айтса сенгісіз өзгеріс болып жатты. Ол аз болғандай түсінде көретін Алтын бала мұның орнына сахнаға шығып ән айтады. Мұның орнына би билейді. Мұның орнына халықтың қошаметін қабыл алып жатады. 

Бұл әнші үшін жығылған үстіне жұдырық болып көрінді. Жоқ, биікке ұмтылған адам әйтеуір бір ылдиға түседі. Майкл өзінің ылдиға түсер, өзінің абыройлы орнын кейінгі ұрпаққа босатып берер уақыты жақындап қалғанын сезді. 

Алғашқы ота, алғашқы түсінің ағарған сәті ойына оралғаны сол еді, Майклдың жүрегі атқақтап кетті. Майкл операция төсегінен әрең оянған. Ояна сала айна алдырды. Дәрігер жүрексіне айнаны әкеп алдына тоса қойғаны сол еді, Майкл шыңғырып жіберді. 

Айна алдында өзі емес, түсінде көретін Алтын бала тұр. 

Дәрігер Майклдың айғайынан шошып кетіп, айнаны жалма-жан теріс айналдыра қойды. Майкл жылап жіберді. Бұл өмірде көрейін деген деген көресесі осы ма еді? 

Сосын көзін ашпай ұзақ жатқан. Бүкіл әлем Майклға емес, сол түсіндегі Алтын балаға қол соғып жатқандай… Бүкіл әлем Майклға емес, сол түсіндегі Алтын балаға жәрдем қолын созатындай. Иә, бар болғаны он сегіз миллион халқы бар, жері үлкен болғанымен халқы аз елден бір әнші шығады екен де, барлық қошаметті сол қабыл алады-мыс. 

Ол бала қазір қайда? Өмірде бар ма, жоқ па? 

Ол баланы туғызған халық – әнші халық. Ол халық сәби дүниеге келе сала шілдехана той жасайды. Әйелі ұл туса да, қыз туса да, бір қойды сойып, «қалжа» атайды. «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр» болады деп, сол қойдың сорпасымен жас босанған әйелді сорпалайды. Қалжаны жеген әйелдің  сүті нәрлі, құнарлы болады. Құнарлы сүт – батыр ұлға, батыл қызға азық емес пе? Ол бала бәлкім дәл қазір сол қалжа жеген ананың ақ сүтін құшырлана еміп жатқан болар…

Салт бойынша жаңа туған шақалақ қырық күн бойы адам санатына қосылмайды. Сәби дүниеге келгеннен кейінгі қырық күн өткен соң, оны қырқынан шығарып, тырнақ-шашын алып, бесікке бөлеп, Бесік тойын тойлайды. Сол тал бесікке бөленген сәби қартайып жер бесікке түскенге дейін өмірі тек әнмен өріледі. Бәлкім Майклдың түсіне кіретін бала қазір тал бесікте тербеліп жатқан шығар. 

Оның әжесі ыңылдап: 

«Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Байқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін.

Әлди-әлди, аппағым,

Қойдың жүні қалпағым,

Жұртқа жаман болса да,

Өзім сүйген аппағым!» – деп бесік жырын жырлап жатқан болар. 

Жоқ, әлде Алтын бала бес жасқа толып, сүндетке отырғызылып, сүндет тойы тойланып жатыр ма екен? Яки, Алтын баланың әке-шешесі енді ғана үйленіп жатқан шығар. Қыз ұзату тойы болып, баланың анасы сыңсу жырын жырлап жатуы да мүмкін ғой. 

Ол халық қызды ұзатқанда да той жасайды. Жат шаңыраққа келін болып бара жатқан бойжеткен сыңсу айтады. Сыңсу – бойжеткеннің өскен ортасымен, әке-шешесінің шаңырағымен қоштасу жыры. Осы қоштасу әнін естіген адамның еріксіз көзіне жас тығылады. Сосын ұлдың үйіне келін түсіп, жеке отау болады. Ол жерде ау-жар әні шырқалып отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізеді. 

Бұл халық сәбиі дүниеге келіп, өсіп, қартайып, қайтыс болғанға дейін тек ән шырқайды. Қайтыс болған адамның өзіне жоқтау айтылып, дауыс салады. Дауыс салудың өзі – ән. Қайтыс болған адамға арнап, қайғылы ән айтып, жоқтау өлеңмен о дүниеге шығарып салады.

Майклдың түсіне кіретін Алтын бала осындай әнші жұрттың оғланы еді. 

Майкл сансыз ойымен арпалысып жатып, ұйықтап кеткен. Түсінде сол Ванга айтқан аққұба Алтын бала кірді. 

Ол ән айтып жүр. Қызық болғанда, оның концертіне келетін адам тым аз екен. Қай қалаға бармасын, отыз-қырық адамнан артық тыңдарманы жоқ.

Аққұба баланың қасындағы жолдасы мектептің директорына жалынып тұр. 

– Бұл бала мықты әнші. Әлі-ақ еліміздің таңдаулы әншісі болады. Мұғалімдер мен оқушылар жібересіз бе? Тегін концерт көрсін!

Директор оның жолдасының сөзін тыңдағысы да келмейді. 

– Мен ешкімді де мәжбүрлей алмаймын. Қазір не көп, әнші көп. Майкл Джексон келсе де, мұғалімдер мен әншілерді мәжбүрлеп концертке жіберуге хақым жоқ. 

Алтын баланың жыларман болған жолдасы сол қаладағы әскери мекеменің бастығының алдына барды. 

– Бұл әнші патриоттық әндерді шырқайды. Әскерилердің Отанды сүюі керектігі жайында Елбасының өзі айтты емес пе? Мемлекетіміздің «рухани жаңғыруы» үшін осындай әншілерді тыңдауымыз керек.

Әскер басшысы Елбасының аты аталғаннан кейін ғана жібіді. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатына қырын келіп қалмайын деген оймен ғана әнші баланың тамашасына сарбаздарды босатты. 

«Жарайды төртінші ротаны бір сағатқа алыңдар. Бірақ бір сағаттан кеш қалса, басыңмен жауап бересің»…

Алтын баланың жолдасы қуанып кетті. Бір рота сарбаздарды қаланың концерт залына қарай дедектете қуып келеді. Зал толды. Алтын бала сахнаға шықты. 

Майкл күлді. Сонда мынау тыңдарман таппай жүрген балақай Майкл Джексонға айналмақ па? Мүмкін емес… Майкл мұндай күнінде мыңдаған тыңдарманы бар әнші болатын. Майкл мұндай күнінде Американы аузына қарататын. 

Майклдың көзі ілініп кетті. Түсіне тағы Алтын бала енді.

– Мен Майкл Джексон секілді әнші болғым келеді, – деді бұған. 

– Мендей әнші болуың үшін әлемге танылуың керек, – деді Майкл. 

Ертегі-хикаяттың соңы

Иә, осыдан дәл жиырма төрт жыл бұрын Алтын бала шыр етіп, жерге түсті. Баланы медбикелер қолына алып жатқан тұста мыңдаған шақырым алыс бір мекендегі Майкл Джексон сол балаға деген сыйлығын тағы бір медбике Сильвия Сандавалға аманаттап тұр еді.

Алтын бала осылай «ің-гә, ің-гә, ің-гәләп!» анасының тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп, ән айтып дүние есігін ашты. 

«Ің-гә, ің-гә!»

Осы құдіретті екі ауыз дыбыс, екі ауыз үн, екі ауыз ән барша әнінің алғашқы әуезі іспетті! Осы алғашқы әуездің бүкіл адамзатқа ортақтығы сізді таң қалдырмай ма? Сол «ің-гә, ің-гә!» әні біздің бәріміздің бір-бірімізден артық та, кем де емес, бірдей жаратылыс екенімізді білдірмей ме? Ақсүйек бол, жарлы бол, патша бол, қара бол жер бетіне келе сала осы әнді айтасың! Осы ән біздің Тәңір Иенің алдында, Тәңір Иені былай қойып, мынау жалған дүниенің алдында бәріміздің артық-кемі жоқ жай ғана пенде екенімізді ұқтырмай ма? Бірақ, сол Тәңір Иенің біздің өмірге қандай сый дайындап қойғанын біле аламыз ба?

Біз – пендеміз. «Ің-гә, ің-гә!» әні – таразы. Сол таразының басы бір жаққа басып кеткен кезі жоқ. Қай ғасыр болмасын, қай дәуір келмесін таразының басы тең тұрарына имандай сенеміз! Адамзатқа ортақ осы бір үн болмаса, біз айуанға айналар едік. 

Әйгілі Зұлқарнай патша әлемді жаулағанын білесіз. Көзі қызылды-жасылды жақұт дүниеге бір тоймағанын да естідіңіз, білем. Бір білгір сол Зұлқарнай патшаға адамның бас сүйегін әкелмеуші ме еді. Сосын сол қу бастың үңірейген көзіне топырақ құйған. Сөйткен де, Патшаның жиған алтын-күмісін таразының бір басына, әлгі көзіне топырақ құйған қу басты екінші басына салған. Патшаның бар байлығынан бір уыс топырақ ауыр тартқан. Осыны көрген жұрт «адамның көзі топыраққа ғана тояды» деген тәмсілге нық сенген. Әлі де сол күй… Адамзат баласының ашқарақ көзі бұ дүниеге жақұт пен алтынға тоймағанымен бір уыс топыраққа қанағат етері заңдылыққа айналған.

Сол сияқты «ің-гә, ің-гә!» әні де жер бетіндегі барлық музыка атаулынының атасы деп білуіміз, онда тылсым бір құдірет бар екеніне сенуге тиіспіз. Біздің көзіміз топыраққа ғана тоятыны секілді, құлағымыз да «ің-гә, ің-гә!» әніне тоюы қажет. Бір уыс топырақ сияқты екі ауыз әуез де құдіретті. 

Бірақ, сол екі ауыз әннің өзін әркім өз әлінше айтады. Біреу ашына, біреу шаттана жырлайды. Біреу жылап, біреу күліп келеді, өмірге. 

Жылап келген адам күлуге құмар. Күліп келген адам жылауға бейілді. Сосын, өмірдің әнін шырқайды. Өзеннің гүрілі мен құстардың шырылына адамзаттың үні де қосылады. 

Ал, одан кейінгі әндер…

Алтын дауысты баланың елі азаттық алғанға дейін үш жүз жыл торда қамалып тұрды. Ол халықтың әнін, күйін, ертегі-аңызын тыңдар құлақ болмады. Егер де, оларды тыңдағанда не айтар еді? Осыны ойландыңыз ба?

Әлемге «Ің-гә, ің-гә!» әні ғана ортақ. Дыбыс, үн ортақ! Ал, сол дауыстардың құралуы сан-алуан! Әр ұлт әр түрлі сөйлейді. Үн бір болғанмен, сөз бөлек. Ұғым бір болғанымен, атау әртүрлі. 

Соңғы үш жүз жылдағы бодандық қамыт, құлдық қамыт Алтын дауысты баланың бабаларының мойнын қажады. Арқасында қан жоса дүренің ізі қалды. Аналары, әжелері зұлым күштің қорлауын көрді. Көз алдында қызы зорланған әкелер тағдырға лағынет айтты. Әркімнің қолжаулығы болған аналар емшектегі сүтін көкке сауды. Егер де олардың зар-запыранын адамзат баласы естісе, біржола ай тұтылып, күн түрілген болар еді. Жер бетінде төтенше апат жайлап, жәбірлеушілер түк қалмай қырылып кетер еді. Жоқ, ол ғасырлардан азалы үн ғана қалды. Ол үннің жаңғырығы жартастарға жасырынған. Ол үннің жаңғырығы өзен суының гүріліне жұтылып кеткен. Ол үннің жаңғырығы таңғы шықпен бірге көк шөптің сабағына сіңген. 

Бірақ, сынаптай шашылып кеткен сол әуезді дыбыстардың басын бір арнаға тоғыстырып, бір өзенмен ағызарлық құдірет болуы керек қой. 

Ол үн қан арқылы ұрпақтардың бойына дарып, буырқанған өзендей тамырларда бүлкілдеп жатты. 

Содан болар Алтын дауысты баланың «ің-гә, ің-гә!» деген әнінің өзі ыза мен кектің сүзгісінен өтіп, булыға шыққан. Анасының емшегіне ернін тигізгені сол еді, сан ғасырлар бойы азап пен тозақты бастан кешкен ұрпақтың үні ақ сүт болып төгілді. Уылжыған анардан әппақ үн сорғалайды. Ол үн қандағы үнмен қосылған соң тіпті басу бермей кетті. 

Толағай шөлді даланың адамдарының аңсарынан туған аңыз-тұлға еді. Дәл сол сияқты отарлаудың шөлінде қалған Алтын дауысты баланың елі тау қопарып, тасты шайнар бір ұлға зәру болды. Толағайға зәру еді. Сол азалы жұрттың үнін адамзатқа тыңдату үшін де Толағайдың күшіндей күш керек-тұғын! Қара күш емес, дауыс күші… Бұл күнде біз үшін алты мың жыл бұрын жаралған алтын дауыс иесі алтын мүйізді киікті алтын тағында билетіп, Алтын ағаштың саясында Алтын айдарынан жел есіп, Алтын Адам қорғанынан табылған Алтын киімдерді киіп алып, Алтын құйрықты құлынына мініп алып, алты қырдан ары асар үнімен алты құрлыққа да әуезді әнін шырқап жатқандай көрінеді. Сол бір үн Толағай дауыс әншінің тұла бойынан буырқана шығып, үздіксіз ағып жатыр. 

Әлі де аға берсе ғой, бұл ертегі-хикаят таусылмаса ғой деп тілейміз!

2021 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар