«25 ЖЫЛ - 25 ПЬЕСА!» ( драматургия жанрының жанашырларына арнаусөз). Ол-оқырман үшінші рет келген сәтте оны сөйлетпестен, алдын орап, өзім-ақ әңгіме бастағам. Ойымды ұға қойыпты. Бәрібір дес бермеді. Айтты: «Тап сен ойлағанды мен де айтуға келіп ем, қарашы, ойымыз орайласа кеткенін! Қазақ көркем әдебиетінің ежелден келе жатқан үш қасиетті бұтағы бар, оларды еш бөліп қарауға болмайды. Прозаның өз орны бар, поэзия да ерекше ықыласқа ие. Ал, енді драма жанрын өгейсітуге бола ма? Керек десең, соңғы уақытта шын өгейдің күйін кешіп жүрген бір жанр болса, ол осы драматургия! Өзі асау жанр, қиын жанр! Екінің бірі білек сыбанып қалам тарта бермейтіні айдан анық! Тәуекел етіп, қалам тербеп, жазыла қалған жағдайда, дереу сахнаға жол тартып кетуі де екіталай дүние! Сөйтіп, драматург-қаламгер тартпасында сүрленіп жатып алар қиын жағдайы бар жанр бұл!. Солай бола тұрса да, қазақ драматургиясы тәуелсіздік алған 25 жылда тоқтап-тоқырап қалған жоқ, дамыды, өсті, өркендеді деуге толық хақылымыз! Қазақ пьесасы, керек десеңіз, тек қазақ топырағында сахналанып қойған жоқ, алыс-жақын шетелдерге де осы кезең ішінде жол тартқанын атап айтуға болады. Жетістіктер бар, алайда санамалай бастасақ, соншалық көп те емес сияқты! Неге? Неліктен қазақ драмасы қатты өркендеп, қанат жайып кете алмай отыр? Осының жайын білесің бе?» Тағы да сұрақ! Тағы да сынақ! Бәріне мен жауап беруім керек сияқты, сол дұрыс па? Жо-жоқ, ол әділдік болмайды, келіңіз, көптің ортасына тасталық осы сауалды! Халық айтса, қалып айтпайды! Халықтан биік шың да жоқ! Ендеше, сол көптің өзіне иек арталық! Көп болып, 25 жыл ішіндегі драматургиялық туындыларымызды (әрине, сәттілері мен жақсыларын) түгендеп байқалық! Пікір алаңына келіңіз, ойлы қазақ! («Роман-өмір»)
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.