Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жолтай Жұмат Әлмашұлы: Пікір айту мәдениетін меңге...

08.09.2016 3143

Жолтай Жұмат Әлмашұлы: Пікір айту мәдениетін меңгердік пе?

Жолтай Жұмат Әлмашұлы: Пікір айту мәдениетін меңгердік пе? - adebiportal.kz
жолтай ага.jpg

Қай кезде де ойда жүрген жайтты мейлінше ашық, мөлдірете айтпасаң, сөз-пікірге сүрініп, шатаса бастауың бесенеден белгілі қағида. Менімен жасы қатарлас қаламгер Рахымжан Отарбайдың бір сұхбаты айналасында екі-үш күннен бері гу-гу сөз өрбіп ала жөнелді. Әуелде біз де екі-үш ауыз пікір қоса қалып ек, бірнеше кісі маған «оны несіне жақтадыңыз, оның айтқан пікірлері түгелімен теріс» деп кеу-кеуледі. Алдымен айтарым – мен Рахымжанды қос қолымды көтере қостап, бәрі де дұрыс, керемет деп, көкке көтере, аспандата мақтағам жоқ. Сөз басында оның соңғы жылдардағы көркемдік-тілдік ізденістері хақында бірер сөз айттым, ал аяқ жағында «алдымыздағы аға буын қаламгерлерді оңды-солды сын садағына іліп, «америка» ашудың қандай қажеттігі бар еді» дегем. Сол айтқаным –айтқан! Бірақ біздің қазіргі айтайын дегеніміз мүлде басқа мәселе! Осы, қазақтар, біз пікір айту мәдениетін қашан өз деңгейінде меңгеріп, өнердей әлдилеп, биікке көтерер екенбіз? Неге біреуді мақтасақ, аспандатып, шыңға шығарып жібереміз де, ал қараласақ қашан қара жерге тығып жібергенше тыным таппаймыз? Бұл, әсіресе, әдебиет үшін, әдебиет өкілдері үшін аса қауіпті дерт! Мансап –дәреже мен сыйлық -атақ үшін бет жыртысып, қан-жоса болу мәдениеттілік белгісі ме? Айтайын демейсің, амалсыз есіңе салады, осыдан бес-алты жыл бұрын мемсыйлыққа осы пақырларыңыздың «Күлкі мен көз жасы» атты роман-дилогиясы да ұсынылған болатын. «Мен ылайықпын» деп омыраулаған жоқпыз, тіпті Қажықұмар ағаның бес томдық «Қылмыс» романы да ұсынылғанын ести сала, кандидатурамызды қайтып алуды да құп көргенбіз, алайда сан жағынан керек болды ма, бірінші турға дейін ұстап тұрды кітабымызды! Бірақ сол кітап сыйлық алмағандықтан бағасы төмендеп кетті деп ойламаймын, бірнеше пікірлер жазылды, тіпті мен танымайтын-білмейтін оқырмандар да жылы-жылы сөздер айтып жатқаны құлағымызға жетті. Меніңше, шығарманың мықтылығы ешқашан да сыйлық алумен өлшенбесе керек. Бұл- бір жағы! Екінші айтпақ болғанымыз – әр қаламгер туралы, оның шығармалары хақында пікір білдіргенде салмақтап-саралап сөйлеп, ақ-қарасын ажырата әңгіме қозғасақ дейміз! Ондай пікір тек қаламгер үшін емес, жалпы оқырман қауым үшін ауадай қажет дереккөз! Оқырманды адастырып – шатастырып, ойын басқа жаққа бұрып, белгілі бір туынды төңірегінде екіұшты сезімдерге тікелей бастамашы болу – үлкен рухани қылмыс! Енді Рахымжан замандасыма оралайын. Берген сұхбатында нені көкседі? Не айтпақ болды? Маған сол жағы түсініксіз болып қалып отыр. Сыйлық жайын айтпақ болса, сол төңіректен әріге ұзамау керек еді- айтатын жағдаяттар жетерлік! Ал, аға буын шығармалары туралы тосын «ойлары» бар болса, оны да «тіс қайрап» айтпай-ақ, жеке пікір деңгейінде жеткізуге болатын еді ғой! Қысқасы, бұл қазаққа әлі де пікір білдіру, ой айту және көркем шығарманы бағалау бағытында мықтап ойлау қажет-ақ сияқты! Әу баста көсем де шешен, ойы кесек, айтары салмақты, діттегеніне дөп тигізіп жататын бабалар ұрпағы емеспіз бе? Соны ұмытпасақ етті! 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар