Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жұлдыз Молдағалиева. Қазір адамзатқа ортақ тақырып...

30.03.2021 5078

Жұлдыз Молдағалиева. Қазір адамзатқа ортақ тақырыпта жазатын уақыт 12+

Жұлдыз Молдағалиева. Қазір адамзатқа ортақ тақырыпта жазатын уақыт - adebiportal.kz

Кенет, әлеуметтік желіде Жұлдыз деген ақын жарық ете қалды. Басында көп өлеңшінің бірі екен деп аса мән бермедік(м). Кейін үсті-үстіне нөсерлете бастады. Оқымайын десең лента көзіңнің алдын кес-кестеп қоймайды. Еріксіз көз тоқтатасың. Сосын бір күні амалсыз оқисың. Иә, оқисың... Оның алғаш «Ертең махаббаттың жаназасын шығарамыз...» деп басталатын өлеңін оқыдым. Жұлдыздың өзі айтқандай «қаңғырып жүрген тағдырым өзі қоңырау шалғандай» құлазып қалдым. Менің де ішімде қалғып кеткен сұрақтарым бас көтере бастады. «Мен осы ғаламға, өзімді тануға келдім бе? Өзімді табуға келдім бе?..». Қияли қыздың қияңқы сұрақтары деуге келмейді. Өйткені өлеңнің тұтас картинасы сұлу. Асқақ. Ауыр да емес, жеңіл де емес, адам жанын әрі-сәрі күйге түсірер құмығыңқы, нәзік бір назым екен. Нәзиралы жыр екен. Сыбызғылы саз екен. Содан бері үзбей оқып келемін. Оның өлеңдерін оқығанда құдды бетіңді жібек желдің жұпары өпкендей күй кешесің. Оның өлеңі алдамайтынын жан жүйеңмен сезінесің. «Өмірдің әжесі айтқан ертегідей емесін ерте сезген» қаршығадай қызды сөзге тартып, жан әлеміне үңілгім келді? Сонымен екеміздің ақжарма әңгімеміз осылай басталып кетті...

- Жақсы өлең жазуды қалай ерте «меңгеріп» алғансың? Оған уақыттың, заманның, тағысын тағы ескі-құсқы дүниенің әсері бар ма?

- Өлең дегенің шынайылық қой. Дүниені қалай бар – солай көру. Жасандылыққа жаны қас адаммын. Меніңше, ақын өмірге екі түрлі жолмен келеді. Бірі тумысынан. Екіншісі қандай да бір сыртқы фактордың әсерінен. Өйткені біреу кітап оқып жүріп «ақын» болып кетуі мүмкін, бірі ақындарға еліктеп жүріп «өлең» жазып кетуі мүмкін, ал енді бірі техникасын меңгеру арқылы, яғни іздену арқылы саналы түрде кәдімгі өлең жазып кетуі мүмкін. Ақын жақсы өлең жазуы үшін ақын болып тууы керек деген пікірдемін. Мен үшін шынайылық та – сол! Және ол мұңды әрі қасіретті өлең жазғаны үшін бақытсыз емес. Соны жаза алғаны үшін бақытты шығар?! Меніңше, шынайы ақынның алдындағы ең үлкен міндет – қатардағы адамдардың сезімдерін дәл жеткізу, айта алмайтынын жазу, кейбір сәттегі көңіл күйіне дөп келу. Шынайы жазатындар қаншама уақыт өтсе де өзін жоғалтып алмайды. Негізі, өлеңді бұрыннан жазып жүрсем де әлеуметтік желілерге жүктеуге, көпке оқытуға жүрексіндім. Уақыт керек екенін ұқтым. Және дәл уақытында оқырманға жеткіздім деп ойлаймын. Өйткені әдебиет – адамды ең биік сана дәрежесінде ойлантуға қабілетті күш. Біз ескішілдіктен жалықтық. Отан, Ана, Жер, Махаббат, Тіл, Дін, Табиғат, Ауыл туралы жаза беруден және оны оқи беруден де... Бұл қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың еңбегін жоққа шығару емес. Қазір бәрі өзгерді. Өмір. Әлем. Бізге жаңаша ойлау, жаңаша жазу, жаңаша іздену қажет. Қазір тек Жер ғана бар. Және біз ғана бармыз. Соны біле тұра, жоғарыдағы айтылған тақырыптарға қалам тербей беру, меніңше, қиындау. Адамзатқа ортақ тақырыптар туралы жазатын уақыт. Ақын оқырманның ырқына жығылып, баршаға мәлім нәрсені айта бермей, жаңа дүние жасау арқылы оны жаңа бір әлемге шақырып отыруы керек. Сол кезде алға жылжу болатын шығар?! Және оған шынайылықты да қосайық.

- Өз өлеңіңдегі ескен желдей еркіндік, бейғамдық, тазалықтың табиғатына үңіліп көрсең?

- Мен әлі күнге дейін адамның бәрін адал деп ойлаймын. Адамның бәрі жақсы деп. Өте сенгіштігім де содан. Сыртқа байқата бермегенмен, сәл ауыр сөзге жүрегім ауырып қалатыны бар. Көшеде кетіп бара жатып сәл көңілі түсіңкі адам көрсем – соны ұзақ уақыт есімнен шығара алмай жүремін. Жылағанды жұбата алмау, жақын адамдарыңа жай ғана «жақсы көремін», «сағындым» деп айта алмау, ішкі ойларыңды жан баласымен бөлісе алмау, салқынқандылық танытқың келгенімен, айналаңнан, ортаңнан мейірім, жылулық іздеп тұру және оны ала алмау өте ауыр... Ал еркіндікке келетін болсақ, еркін болуды өзіме-өзім үйреттім, өзімді-өзім тәрбиеледім, ережелерді өзім жаздым. Адам болмысынан ешқашан қаша алмайды және оны өзгерте алмайды. Одан әрісі еркіндік дегенің жаның нені қаласа соны жасау ғана емес... Еркіндік дегенің – өзің қойған сұрақтарға өзің жауап беру, және өзің қалағандай ой ойлау. Бізде бәрі еркіндік туралы біржақты пікірде сияқты. Менің өлеңдегі еркіндігім – шынайылығым. Шын мәнінде, өлеңдегі сезімнің бәрін сіз де, мен де, ол да сезініп жүр. Ал менің өлеңдерімдегі сұрақтардың бәрі – өз тарапымнан жауабын тапқан сұрақтар. Тек оқырманды жай ғана еркін болуға шақырамын...

- Балалық шағың туралы білгім келеді. Осы бір риәсіз сөз естілгенде көз алдыңа келетін көрініс қандай? Кеңірек айтып берсең?

- Мен өзімді әлі бала сезінемін. Өйткені ештеңе өзгерген жоқ. Сол сезім, сол ой... Балалық шақ туралы ойланғанда көз алдыма келетін бірден-бір көрініс – жалғыздық және аспан. Басқа ештеңе. Маған өзімнің жалғыздығым ұнайтын. Және көзіме аспанды сыйдырғым келетін. Аспан дегенің шексіздік қой...

- Нені армандайсың? Неден қорқасың?

- Адамдардың бір-біріне мейірімді болғанын, бірі-бірі тыңдай алуын және түсіне алуын шығар. Жылай алмай қалудан аздап үрейленем. Ал қорқатын ештеңе жоқ. Өйткені Жер бетінде қия алмайтын ештеңе де қалмады...

- Құдай туралы ойларың неге қырық құбылады? Өлімнен шынымен қорықпайсың ба? Өлімді жеңіу мүмкін бе?

- Біреу үшін Құдайды Көкте, біреу үшін Жердің астында... Мүмкін, ол осы Планетада шығар?! Енді біреудің жүрегінде шығар Құдай?! Біреу үшін ол жай ғана елес шығар. Біреу үшін Тылсым күш. Ал, шын мәнінде, Құдай – Көкте, Жердің астында, Планетада, жүрегімізде... Ол, шын мәнінде, жай ғана елес, жай ғана Тылсым күш... Ең бастысы, ол бар ғой. Құдай бізді өзінен қорқу үшін жаратқан жоқ. Адам не үшін өлімнен қорқуы керек?! Және өлу үшін қандай дайындық керек?! Өмір сүрудің өзі өлімді жеңу емес пе?! Біреу үшін өзін таппау өлім десек, ол өзін тапқан сәтте не болады?! Өлімнің бар екенін мойындау оны жеңу шығар?! Меніңше, одан қорқу қисынсыз және ақылға қонбайды. Неге өмір туралы ойласақ қызыл-жасыл әлем елестейді де, өлім туралы ойласақ үрей мен қорқыныш?! Мұның өзі дұрыс емес...

- Бұрынғы өмірімде кім болдым деп ойлайсың? Қандай түс көресің? Қандай дұғаны жиі қайталайсың?

- Ақын. Түс көрмеймін, өйткені аз ұйықтаймын. Егер түс көретін болсам, Құдайдан Күзде аспаннан кімнің су шашатынын, қыста аспаннан ақ қағазды қиқымдап жерге кімнің тастайтынын, жүректі неге сол жақ тұсқа орнатқанын және қойындәптерге жазылған дүниенің бәрін кімге оқытуға болатыны туралы көретін едім. Біздің өзіміз қайталайтын дұғамыз және тек сол дұғамызды еститін құдайымыз бар. Әлемді жанарыма сыйдыра алмаудан, қиялымды жоғалтып алудан, жылағым келген сәттерде мұңсыз қалудан, шынайылығымды былғап алудан, жалғыздығымды жалғыз қалдырудан сақта.

- Қаражат пен уақыт жеткілікті делік. Алдымен қайсы елге сапарлар едің? Сосын қайсы ақынның басына гүл қояр едің?

- Егер сондай мүмкіндік туса, алдымен Грекияға сосын Испанияға сапарлайтын едім. Өлеңді кез келген ақын жаза береді. Ал жақсы өлеңді бәрі жаза алмайды. Жақсы өлең жазған кез келген ақын барлық құрметке лайық. Дегенмен бір тал шоқ гүлін алып жазушы Альбер Камюдің зиратына баратын едім.

- Саған енді өлең жазбай өмір сүру мүмкін бе? Бәрінен жалыққан да не істейсің?

- Ақын ештеңеге міндетті емес. Мысалы, туған ауылына өлең арнауға... Оқырман соны түсінуі керек деп ойлаймын. Біз ол кезеңнен өттік. Өлеңнен өзімді бөліп қарастыра алмаймын. Ол болуы мүмкін емес нәрсе. Менің қолымнан тек жазу ғана келеді. Мен әлеуметтік желіге өлеңдерімді оқырманның қошеметіне бөлену үшін жарияламаймын. Егер сол қошемет қажет болса, мен онымен сәл ертелеу айналысатын едім деп ойлаймын. Және ондағы өлеңдердің бәрі бір мезетте жазыла салған дүниелер емес. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Тек сол уақыт келді... Әлі іздену керек, оқу керек, жақсы жазуға талпыну керек. Жақсы ақын болу керек. Ештеңеден жалықпаймын, өйткені мен үнемі жалғызбын. Ондай сәттерде ұзақ жолдарда жаяу жүріп, әуен тыңдауға тырысамын.

- Егер өлеңді «құрал» ретінде пайдалануға болса, одан қандай құрал жасар едің?

- Мұңсалғыш жасайтын едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар