Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты республика...

10.01.2020 14173

«Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты республикалық Абай мүшәйрасы жарияланды 12+

«Жүрегімнің түбіне терең бойла...» атты республикалық Абай мүшәйрасы жарияланды - adebiportal.kz

Биыл қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы»,- деген болатын.

Абай – адамзат руханият көгінде жарқыраған ерекше жарық жұлдыз. Абайдың өшпес жырлары мен ғажайып әндері, Абайдың ілімі, Абайдың ақылы, Абайдың кемелдігі, Абайдың кісілігі, Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген бірлікшілдігі, Абайдың адамзаттық ойлары, Абайдың гуманизімі осының барлығы ұлы ойшылдан қалған асыл мұралар. Біз оның қадіріне жетіп, мәңгілік әспеттей біліуіміз керек.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі дәстүрлі Республикалық ақындар мүшәйрасын жариялайды. Мүшәйра тақырыбы – «Жүрегімнің түбіне терең бойла...». Еліміздің арқалы ақындарын аламан жыр бәйгесіне қатысып, өз бақтарын сынауға шақырады.

Өлең — сөздің патшасы,сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы,-деп асыл жырдың қасиетін бір ауыз сөзбен түйіндеген Хәкім Абайға айтар алғыс, арналар жыр ешқашан толастамайтыны анық.

Тақырыпқа шектеу жоқ. Ұлы Абайдың сегіз қырлы, бір сырлы даналығы мен данышпандығын бүгінгі Тәуелсіз елдің мұратымен ұштастыра жырлау ақындардың өз шабытына байланысты.

Ендеше жүйріктерді жыр мәресінде күтеміз!

Бас жүлде – 2250 000 теңге

Бірінші орын – 1150 000 теңге

Екі екінші орын – 650 000 теңге

Үш үшінші орын – 550 000 теңге

Бес ынталандыру сыйлығы – 150 000 теңге

Мүшайраға еш жерде жарық көрмеген толғаулар, топтама өлеңдер 2020 жылдың маусым айының 1-не дейін қабылданады.

Мүшайра қорытындысы Елорда күні қарсаңында жарияланады. Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, төмендегі мекен-жайға жіберу керек немесе astanakalamger@mail.ru электрондық поштаға жолдауға болады. Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы (бар болса) міндетті түрде көрсетілуі керек.

Индекс: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, М.Әуезов көшесі 20/А үй, Сәкен Сейфуллин музейі. Тел. 8(7172)32-84-67, 53-34-03. Жүлдегерлердің келіп-кету шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.

Ұйымдастыру алқасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар