Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жүрекке түскен сәуле...

28.05.2015 3250

Жүрекке түскен сәуле

Жүрекке түскен сәуле - adebiportal.kz

                                


                                                                               ED0_5706.JPG



Шегіне көз де, қиял да жетпейтін он сегіз мың ғаламға әуелде сөз киесі қонды. Жаратқан жеті қат көк аспанға тарыдай жұмыр жерді тербетіп, Адам атаның аузына алғашқы сөзді салды. Содан бері адамзаттың көмейінен төгілген тілге тұсау түсіп көрмепті. Бірде шешендікпен шиыршық атып, бірде ақындықпен ад­уынды жырға айналған сөз шіркін мен­мен­сіген талайдың мысын басты.


Азғын ел ақынын іздемейді. Өзегіне жаһан­ның жегі құрты түскен қоғам мәдениетін мансұқ етіп, әдебиетін аяққа таптайды. Бірақ ежелден сөз кені­шін құрметтеп, өлең өрнегімен өмір сүрген қа­зақ рухани уызынан ажыраған емес. Әуелден жа­ралған сөз әдебиетсүйер елмен мәңгі бірге. Жа­қында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет са­ра­йын­да Қазақ­стан Жастар одағының және Халықара­лық «Алаш» әде­би сыйлығының иегері Әділ­бек Ыбы­ра­йым­ұлының «Сөз киесі» атты ли­ри­калық кеші өтті. Сөз кие­сін ұғынған халық сөз ие­сі­нің поэзия бұлағынан қана ішіп, жан сарайын сұ­лу­лыққа бөлеп қайтты.

Жердегілер жейтіндей жасқанамын,

Көрінеді жоқтай-ақ басқада мұң.

Жұлдыздардың арасы адамилау,

Шақырады қол бұлғап аспан-ағын.

 

Ақынның жан тебіренісін жастар кезек-кезек жат­қа оқыды. Жұлдызды аспанның аясында сай­раған бұлбұл үніне елітіп, тамылжыған табиғатта ағаш сәкінің түбінде жыр төккен өрендер Әділбек ақынның өлеңдеріне деген сүйсінісін жасырмады. Жастардың лирикасымен түрілген кеш шы­мыл­дығы көрерменге шалқар шабыт дарытты.


Әділбек Ыбырайымұлы қатыгез қоғамға ая­ныш­пен қарайды. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрт­тың жү­ре­гінен мейірім іздейді. Өкініштісі, адам­затты екі дү­ниеде де шуаққа бөлейтін ізгіліктің ізі қалма­ған­дай. Десе де, ақын жүрегі жалғаннан түңіліп кет­пей­ді. Қараңғылықтың құшағында нә­зік сәулені қар­манады. Шабытты көңіл жұл­дыз­дарға көз тігіп, шегі жоқ ғаламға шарқ ұрады. Бәл­кім, сол жақта адам­гер­шіліктің өлшемі бар тәріз­ді. Шабыт шіркін:

Кетіп жүрген кезі ғой сөзге есенің,

Әлі талай сынға мен кездесемін.

Өлеңінде – азамат, өмірде – арам

Ақындардай емеспін, өзгешемін, –

деп шалқып алады да, ар мен ұяттың салма­ғын та­ра­зы­лайды. Ақын ақ қағазға төккен сырлы сөзін адал ісімен дәлелдеуге талпынады. Бұл жолы өлең­ге ынтық сахнадағы жастардың қатары өсті. Әділ­бек­тің жырына құштар қолаң шашты жас ару кө­рер­меннің ортасынан атып шықты. Манадан бері жұл­дыздан шашу шашқан қою түнді өлеңмен өрнектеп, жыр оқып отырған жастар бейтаныс қыздың поэ­зиясына қызыға қарап қалыпты.


Лирикалық кеште облыс әкімінің орын­ба­сары Бақ­тияр Өнербаев, республикалық «Қазақ әде­биеті» га­зетінің бас редакторы Жұмабай Шаш­тай­ұлы жы­лы лебізін білдірді. Көп­ші­лікті өлең бе­сігінде тер­беткен Әділ­бектің әдеби ке­шіне Же­тісу жерінің қа­ламгерлер қауымы тү­гел қа­тысып, ердің жа­сына жеткен ақынға шы­ғар­ма­шы­лық жаңа табыстар тіледі.


– Құрметті әдебиет жанашырлары! – деді об­лыс әкі­мінің орынбасары. – Жер жаннаты бүгін елу жас­қа толған Әділбек Ыбырайымұлының жыр шу­мақ­та­рымен тербеліп тұр. Қазақ ақынын ар­дақтаған халық қой. Сүйінбай мен Жамбыл, Құрманғазы мен Махамбет, Абай мен Шәкәрім шыққан киелі өлкеде ақындардың легі үзілген жоқ. Сол дара­лар­дың ізін қуып, қазақ поэ­зия­сы­на ешкімге ұқ­са­майтын қолтаңба қалдырған Әділ­бектің шабысы бө­лек. Оның жырларын тың­­дағанда төбе құйқам шы­мырлап, көңілім те­біреніп кетті.


Сөз соңында Бақтияр Әлтайұлы ҚР Прези­дент әкім­шілігі басшысының орынбасары Бағ­лан Май­лыбаевтың, ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыс­танбек Мұхамедиұлының құт­тық­тау хат­тарын оқып берді. Сонымен бірге, об­лыс әкімі Аман­дық Баталовтың да ыстық лебізін ақын­ға жет­кізді.


Әдеби кеште Әділбек Ыбырайымұлына «Ақсу ау­данының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ақын­ның кіндігі кесілген туған өлкесі осындай құрмет көр­сетті. Абыройлы атақты Ақсу аудандық мәс­лихат хатшысы С.Серпербайұлы тапсырды. «Жұл­дыз» журналының бөлім меңгерушісі Жұмабай Құ­лиев замандас ақынына арнап жалынды жыр оқыды. Ал облыстық «Жетісу» газетінің бас ре­дак­торы Әміре Әрін ақ қағазға өлеңнен өрнек салған бір сырлы ақынның композиторлығына тоқталып, қа­ламы жүйрік прозаик екенін де атап өтті. Құт­тықтау сөзінің соңында мерейтой иесіне үлкен құр­метпен шапан жапты.


Әділбекше жырласақ, «қаны судай шашы­лып, құм­ға сіңген бір ұрпақтың өмірі өтті». Дә­лірек айт­қанда, Ауған соғысының зардабы қазақ боз­дақ­тарына ауыр тиді. Ешкімге абырой әпер­меген бей­мәлім соғыста сайдың тасындай жеті жүз жауын­гер жер жастанды. Ақын жүрегін он жыл­ға созыл­ған қанқұйлы соғыс қатты жара­лаған. Кеште «Құм­ға сіңген қан» поэмасының желісі бойынша «Бейбіт күннің бейбақтары» атты қойылым көрсетілді. Бей­біт күннің боздақтары ас­қар таудай әкемен, әлдилеп өсірген анамен қош ай­тысады. Көрші қызбен достығы да кілт үзі­ле­ді. Табиғат аясындағы тыныштық енді жоқ. Ба­ла­лық шақтан бірге өскен бозбалалар сұ­ра­пыл соғысқа аттанады.


Жалмауыз құм жұтып жатыр аққан қанды тамсана,

Тояр емес талайлардың қанын ішіп алса да.

Қаны түгіл, адамды да жұтып алар обыр құм,

Жемсауы үлкен, жалмай берсе, қуанады соғұрлым.

Әділбек жан жарасын сыздатқан соғысқа құм арқылы қарғыс жаудырады.

Кеш соңында ту­ған жерінің төрінде жыр кешін өткізіп, сағынышын лирикалық леппен жеткізген автор қуа­нышымен бөліскен ағайынға алғыс айтты.


... Әу бастан алты құрлыққа құдіретті сөз­бен ажар қосып, әлемді әдемілікпен әл­ди­ле­ген ақындардың көші бүгін де сұйыл­ған жоқ. Ұлы­лар салған сол шабыт көші­нің бел ор­тасында ардың теңін арқалаған ақын, қа­ра өле­ңнің қара нары Әділбек Ыбы­ра­йым­ұлы келеді.





Қазақстан Жастар одағы мен Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының "Сөз киесі" атты әдеби-лирикалы шығармашылық кешінде ақынның өлеңдерін оқып, әнін салған жастар қатары мол болды. Кештен көрініс.


«Құмға сіңген қан» поэмасының желісі бойынша әзірленген «Бейбіт күннің бейбақтары» атты қойылымнан көрініс


Кеш иесін құттықтау сәті


Әділбек Ыбырайымұлының кітап көрмесі


 Қапал өңіріне саяхат. Біржан сал мен Ақын Сараның айтысы өткен «Ешкіөлмес» тауының етегі



Қуаныш Тұнғатар



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар