Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жусан иісі» әдеби байқауы. «Апа-ау...»...

21.11.2022 1967

«Жусан иісі» әдеби байқауы. «Апа-ау...» 14+

«Жусан иісі» әдеби байқауы. «Апа-ау...» - adebiportal.kz

Қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің шығармашылығына арнайы ұйымдастырылған  республикаық «Жусан иісі» әдеби байқауы қазан айының басында әлеуметтік желілерде жарияланып,  15 қазаннан 15 қараша ралығында бір ай бойы шығармалар қабылданған  болатын.  Байқауға шығарма қабылдау аяқталғаннан кейін, келіп түскен шығармалар іріктеліп, жүлдеге үмітті деген бір қатарын авторын жасырып реттік номермен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Құрметпен: ұйымдастыру алқасы

№3. «Апа-ау...»

Бүгін таңертең «апа -әу..!»- деп айғайлап ояндым.Түсіме апам кіріпті, жарықтық!   Туған жерде қара шаңырақта отыр екенмін. Қолына бір шыны сүт пе, айран ба ұстап алып апам есіктен кіріп келді де «мынаны ішіп ал»  деді.

Апам бәз-баяғысындай, жүрісі де шыйрақ екенін анық көрдім. Мен қолымды апама созып, апам қолын маған созып жатқанда,  «апалап» оянып кеткенім.

Беу дүние ... Үйдегілер тыныш ұйқы құшағында жатыр. Таң құланиектеп атып келеді екен. Басымды көтеріп білерімді күбірлеп ұзақ оқыдым да жантайдым. Ұйқым шайдай ашылып аунақшып, апамды ойлап есіме өткен-кеткен түсті-ау келіп; азан-қазан ауыл тірлігі, үлкен үйде аға-әпекеммен бірге жүргендегі балғын балалық күндер, шуылдап-шұрқырап отырып әке-шешемізбен бірге тамақ ішкен шақтар ...  Бәрі де көз алдымнан кино сериясындай өтіп жатты.

Есімде қалған ең алғашқы елес - мені тұңғиығына батырды. Мөлшері төрт-бес жастамын. Әйтеу мектеп құшағына бармағанымды анық білем, апамның артынан қалмай жүремін. Біздің үйдің есігінен кіргенде, оң жақ босағадағы меш түбіне отқа жағатын отын үйіп қоятынбыз. Есік алдындағы жаңғырыққа отынды үйдегілер ұсақтаған соң, үйге құшақтап көтеріп апам кіргізетін. Мен де қараңқұраң бір-екеуін көтеріп апамның артында жүретінмін.

Бір күні күндіз түс пе, таңертең бе білмеймін;  апам менің шапанымның етегін қайырып біраз бәренгіні салып,  «көршіміздің үйіне апарып бер» деді. Әйтеу апам екеуіміз ғана үйдеміз. Мен қорқам деймін. Апам:

 - Қорықпа, мен айғайлап тұрам,  сен де маған айғайлап жүре бер, - деген соң, біраз жүріп бара жатып:

 - Апа-ау!- деймінапам «ау»,  дейді.  Екі үйдің ортасындағы қораға жеткенде артыма бұрылып тұрып «апа-ау!» - деймін,  ол «А-ау, ау!» - дейді, апам жарықтық. Мен ұзаған сайын апамның дауысы үзіліп-үзіліп ақырындап естіліп,  мен бар даусыммен апалап жүріп көршінің үйіне жеттім. Есік алдына барғанымда көрші үйдегі тәтеміз алдымнан шығып маңдайымнан сипап бәренгімді алды да жанқалтасынан бір төрт бұрыш ақ, тәтті алып берді.

Артыма бұрылып үйге қарай қайттым,  апалап тағы айғайлай бастадым.

Апам дауысы естілді. Ау,  ау, ау ... Апалап отырып есік алдына келсем, апам үйден шығып тұр екен. Қуанғаным соншалықты апамды жүгіріп келіп бас салдым.

- Қолымдағы тәттіні көріп,  жей ғой, деді.

- Қорықпадың ба? Міне, жігіт болдың. Жігіт ештеңеден қорықпайды!- деп, басымнан сипап бауырына басты.

Апамның құшағында тұрмын. Жаңа ғана көрші үйге барғандағы қорқынышым жүрегімнен жоғалып қуанғанымды-ай! Апам да қуанып тұрғандай. 

Мен ұзақ сапардан келгендей тас қопарып, теңіз қотарғандай ентігіп тұрмын.

Апам болса қорықпаймын. Апамнан үлкен, апамнан алып ештеңе жоқ. Апам бәрінен қорықпайтын сиақты. Апамның жүзіне қарасам, апам үйдің маңайындағы таулардандай биік көрінді. Апамның кеудесі құзар-құзар қатпарлы шыңдарға, жон-жоталарға жазық алып далаға, жөңкіліп аққан өзендермен қалың орманға ұласып көзім жетпей көрінбей кетті...

Жүрегім бүлк-бүлк етіп құлағыма естіліп тұр. Менің сәби жүрегім. 

Маған апамдай қамқор, апамдай асыл, апамдай мейірлі, апамдай жанашыр, мені апамдай жақсы көретін, апамдай қастерлейтін, мен үшін апамдай от пен суға түсетін, апамдай сағынып іздейтін, апамдай алаңдайтын, апамдай жамандыққа қимайтын адам бұл дүниеде жоқ екенін сезді ме екен ..?

Апа-ау..!  Мен сіз білмейтін шалғайдамын. Мен таңертең ішімнен айғайладым. Сіз «ау»  демедіңіз ...

Апа менің өмір жолым құтты сіз көрші үйге жұмсағандағы жолда кетіп бара жатқаным сиақты. Бар бақытым - балаларыммен ашық аспан астында келе жатырмын. Бірақ бұл жолым  өмірімнің,  тағдырымның, заманымның жолы, әр қадамым қауіпке толы,  жолымда бәрібір де бар қорқып келе жатырмын.

Қазір адамдардың тас жүрек болып бара жатқанынан қорқып келем.

Жалмауыз жаһанданудан, салданған санадан, өтірікке өлердей сеніп шындыққа сенбейтін болып қалғанымыздан қорқып барамын. Аққа жақ бола алмаған көр соқырлардан, шен мен шекпенге келгенде иттей ырылдасып тауықша таласқандардан, ақшаға барын сатып алам дейтіндерден қорқып барам. Өтірік күліп өтірік өмір сүргендерден, маскалы ауыздардан, перделі беттерден, майдансыз махабаттан, сатымсақ достардан қорқып барамын.

Талантсыз шатылғандардан, даңғаза бақырғандардан, сарай ақындардан қорқып барамын. Күллі әлемнің тыныштығы бұзылып жауыздықтар, озбырлықтар бас көтергенінен қорқып келем. Мен баламның болашағынан,  ертең кім болып қауашарынан қорқып барам. Құлазыған күннен, қартайған жерден, шыбар ала тілден, дүбара діннен, қоршаған ортадан, ұшқан құстан, ескен желден, жүгірген аңнан қорқып барамын. Ішкен судан, жұтқан ауадан қорқып келемін.

Ысқырған   оқтан ,

Өртеуге  шақ  оттардан қорқып  келем.

Желкені басқан  борыштан, 

Атың  өшкір  соғыстан қорқып келем.

Адамзат жұдырықтай жұмыр жерді қорғап аялап ардақтап береке мен келер ұрпаққа аманаттайықшы.

Адамзат бір-бірімізге тиспей, әркім өз ауламызда тыныш өмір сөрейікші ...

Апа-ау, ... сен болсаң бәрінен қорықпаушы едім. 

Апа маған тағы бір рет алдыңа қарай жүре бер, ештеңеден қорықпа мен бармын деші..!

Апа-ау!

- Ау,- деші...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар