Момотаро. Хайку. Жапон әлеміне шолу
Бөлісу:
Жапон елінің ертедегі көне астаналарының бірі болған Киото қаласынан батысқа қарай жүрдек пойызбен бір жарым сағаттай жүретін жерде Окаяма қаласы орналасқан. Осы қаладағы теміржол вокзалынан шыға берістегі алаң ортасында жапон халқының ең бір сүйікті ертегісінің бас кейіпкері Момотаро шабдалы баланың ескерткіші тұр. Мұндай ерекше құрметке ие болған Момотаро, балаларға арналған басқа да халықтардың ертегілері сияқты өзіндік бір ерекше моральге жас ұрпақты тәрбиелеуді көздейді. Шабдалы бала Момотаро жапон балалары үшін үлкенге деген инабаттылықтың, ерлік пен қайтпас батырлықтың, өмірде кездесетін қиындықтарға бірігіп қарсы тұратын ұйымшылдықтың жарқын мысалы ретінде өнеге береді.
Міне, осы «Момотаро» ертегісі жапон тілінен тікелей қазақшаға аударылып, баспа бетінде жарық көрген алғашқы талпыныстардың бірі еді («Ақ желкен» журналы, 1997, №3) және бұл аударманың кіріспесінде жапон ертегісінің баяндау ерекшелігін, жапон сөйлемінің реті мен синтаксисін барынша сақтауға тырысқаны айрықша белгіленіп жазылған болатын, әрі осы үрдіс арықарайғы басқа да аудармаларда сақталғаны белгілі. («Ақ желкен» журналы, 1998, №5; 2000, №1).
Жалпы алғанда, жапон тілі алтай тілдері тобына жататындықтан ондағы сөйлем реті қазақ тілімен бірдей, яғни бастауышпен басталып, баяндауышпен аяқталатындықтан мәтіндегі сөз тіркестерін бірінен кейін бірін жалғастыра аудару арқылы аударма дайындауға өте қолайлы болатындығы басты ерекшеліктердің бірі деп көру керек. Ал, мұндай қолайлы ерекшелікті мысалға ағылшын, орыс, словак, чех секілді үнді-еуропа тобына жататын тілдерден аударма жасау кезінде мүлде кездестіре алмаймыз. Осы тұжырымға мысал ретінде жапон тіліндегі «кангае но наи ханаши га сүру ёри ва даманте ирү хо га ии то омоү» деп келетін сөйлемді А.Хахановтың сөзбе-сөз орыс тіліне «размышления нет речь делать от что касается молча быть сторона хорошо что думаю» деп аударуы арқылы көрсетіп дәлелдегенін келтіруге болады. (Все о Японии, составитель Царёва Г.И., 2001, с.147). Бұл сөйлемнің қазақшасын сөз реті бойынша келтіретін болсақ «ойланбай сөйлеген жағдайдан гөрі үндемей құтылған жақсы деп ойлаймын» деген келбетте болып шығар еді. Яғни жапон тілінде келтірілген сөйлемдегі сөз тіркесін бұзбай сөзбе-сөз жалғастыра аударып шыққанның өзінде айтылған ойды бұзбастан қазақша толығынан жеткізуге әбден болады.
Үнді-еуропа тобындағы тілдерде сөйлем реті мүлде басқаша болып келетіндіктен оларға жапон тіліндегі мәтінді оқып-түсіну, оны аудару айтарлықтай қиыншылық туғызары сөзсіз. Бұл ретте, бүкіл өмірін жапон тілі мен әдебиетін зерттеуге арнаған, бүгінде сол елдің азаматтығын алып, Жапонияда өмір сүріп жатқан, осы тілдің бірегей білгірі Дональд Кин (Donald Lawrence Keene, 1922), былай деп жазады: «Бұл тілде жазылған түпнұсқаның тілі өте күрделі, түсінуге қиын болып келеді. Сондықтан аудармашылар түпнұсқаның ой өрісіне тыңнан тыныс беру үшін жаңа сөздер қосып аударуға мәжбүр». Мұндай тыңнан сөз қосатын жағдай қазақ тіліне аудару барысында да кездесуі мүмкін. Мысалға, жоғарыда келтірген Момотаро ертегісінің түпнұсқасында шабдалы баланың адал серіктерінің бірі ретінде қырғауыл құсы айтылады, ал қазақ баласы үшін бұл жерде ертегіні әсерлі болдыру мақсатында оны бүркітпен алмастыруға тура келген, басқаша айтқанда, мұны жапон тілінен аудару барысында кездесетін тағы бір ерекшелік деп қарау жөн. Осы орайда шет тілден жапон тіліне аударып, баспадан шыққан кітаптың бастапқы бетінде түпнұсқа авторының атымен қатар аудармашының атын бірге жазып көрсететіндерін басқа тілдерде кездестірмейміз, яғни олар өз тіліне аударған аудармашыны кітаптың бірлескен авторы ретінде алып көреді деген сөз.
Жапон тілінің көне түрік, сол арқылы қазіргі қазақ тілімен ұқсастығын алғаш рет зерттеп, сонау жас кезінде жариялаған ғалым Э.Әзірбаев болатын («Білім және еңбек» журналы, 1975, №2), алайда, осынау бір тамаша зерттеу жұмысы бізге белгісіз себептермен қолдау таппай, жалғассыз қалғаны өте өкінішті. Тілдердің өзара ұқсастығы олардың ортақ көне бір тілден таралуының дәлелі екенін және оларды салыстыру барысында екі тілдегі жеке дара сөздердің кездейсоқ үндестігі мен ұқсастығын емес, тілдің жалпы құрылымын тұтастай алып қарастыру қажет болатынын алғаш германиялық зерттеуші Франц Бопп (Franz Bopp, 1791-1867) көрсеткен еді. Уақыт өте келе ғылыми-зерттеу жұмысының әдістемелік негізі дамыған сайын жаңа тәсілдер мен соны тұжырымдар қалыптасып отыратыны белгілі. Өткен ғасырда тіл құрамын тарихи белгілі бір мерзімде синхронды жағдайда салыстыра зерттеудің жаңа әдісі глоттохронология тәсілін америкалық ғалым М.Свадеш (Morris Swadesh, 1909-1967) ұсынған болатын. Бұл тәсілдің негізгі арқауы ретінде бір топқа жататын әрбір тілден Свадеш тізімі (Swadesh lists) деп аталатын бірдей мағынадағы 100, 200, не 215 өзектік сөздерді теріп алып, соларды өзара салыстыру арқылы этимологиялық сараптама жасалады. Алтай тілдері тобында Свадеш тізіміне 200-ден аса өзектік сөз қамтылса, соның ішінде түрік тілдері тізіміне 207 сөз теріліп алынған екен. Алайда, мұнда жапон тіліндегі сөздер салыстырмалы тізімге енбей қалғанын көруге болады. Ал, жоғарыда келтірген Э.Әзірбаевтың еңбегінде оның қолында ежелгі жапон тілі мен көне түрік тілдеріне ортақ 200-дің үстінде түбір сөз бары және оның 90%-ы қазіргі қазақ тілінің лексикалық құрамынан табылып отырғаны жайлы келтірілген, бірақ олардың тек 13-і ғана сол басылымда көрсетіліпті, ал басқалары баспа бетінде жарияланбай, белгісіз күйінде қалып қойды.
Сөз реті келгенде айта кететін бір жәй, ғалым Э.Әзірбаевтың бұдан кейінгі өмір жолы, тағдыры қалай болды екен? деген сұраққа жауап іздеп, оның ары қарай жазған еңбектерін іздестіріп көрген едім. Өкінішті жері сол, ғалым бұл тақырыпты мүлде жауып тастаған, оған қайтып жоламай, мүлде безіп кеткен деуге болады. Ол Мәскеудегі энергетика институтын (МЭИ) табысты аяқтағаннан кейін Қазақ ССР-іне аяқ баспастан, сонау қиырдағы Иркутск қаласындағы Халық шаруашылығы институтына ұстаз болып кетіп қалған. Оның сонда жүріп жазған еңбектері мүлде басқа тақырыпта болып кеткенін, тіпті өзінің Эркөлі деген атын өзгертіп Эдуард деген атпен баспаға шығарғанын Мәскеуде Ленин атындағы кітапхананың картотекасынан іздестіру барысында тауып көрген едім. Егер кезінде жас ғалымға өз елінде жылы көзқарас, зерттеу жұмысына шынайы қолдау болғанда ғой, мүмкін, Рои Миллерден бұрын үлкен ғылыми жаңалық ашқан болар ма еді, қайтер еді?
Жапон тілін алтай тілдері тобына жатқызу мәселесі көпке дейін ғалымдар арасында талас туғызып келсе дағы америкалық ғалым Рои Миллер (Roy Andrew Miller, 1924) тоғыз жыл бойына Токио университеттерінде зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде оны ғылыми тұрғыда алғаш рет дәлелдеп шыққан болатын, ал кейіннен мәскеулік полиглот С.А.Старостин (1953-2005) өз еңбектерінде бұл дауға соңғы нүкте қойған еді. (Старостин С.А., АЛТАЙСКАЯ ПРОБЛЕМА И ПРОИСХОЖДЕНИЕ ЯПОНСКОГО ЯЗЫКА, Часть I (фонетические соответствия между алтайскими языками, лексикостатистика) и Часть II (генетическая принадлежность японского языка, японская лексикостатистика).
Тарихи мезгіл ауысып, уақыт өткен сайын қолданыстағы кез келген тіл өзінің фонетикасын, грамматикасын, сөздік құрамының мағынасын өзгертіп, үнемі құбылып тұратындықтан көне тілдерді салыстыра зерттеу кезінде тек қана тарихи бір мезгілде шыққан жазба деректерге жүгініп, соларды қатарластыра сараптама жасау дұрыс болады. Бүгінгі күнде көне түрік тілі де, көне жапон тілі де арнайы лингвист мамандардан басқалар үшін оқып-түсінуге өте қиын, яғни шетел тілімен бірдей деген сөз. Басқаша айтқанда, бұлардың екеуі де «өлі тілдер» болып табылады. Сондықтан қазақ және жапон тілдерінің ұқсастығын зерттеп, қорытынды шығару үшін көне түрік жазбалары арасынан бабаларымыздың бізге жеткен әйгілі мұрасы Білге (білгір, данышпан) қаған деген ат алған Могилян қаған мен оның інісі Күл ханзадаға, яки Күлтегінге және Шығыс түрік қағанатының үш қағанының кеңесшісі болған Тұй-ұқық (Тоныкөк) абызға арналған ескерткіш тастарда сақталған көне түрік бітік жазуларын таңдап алып қарастырса жөн болар еді. (Қаржаубай Сартқожаұлы. «Байырғы түрік жазуының генезисі». Астана. «Арыс», 2007. 302-б.). Ал, ежелгі жапон жазбаларынан Жапонияның Нара дәуірінен бүгінге жеткен әдеби мұра 4516 танка тақпақтары мен ута өлеңдерінің «Манъёшю» (万葉集) жинағы дәл сол VII-VIII ғасырлар аралығын қамтитыны, яғни сақталған осы көне түрік және көне жапон жәдігерлері дәл ортақ бір дәуірге жататындығы басты негіз болуы керек деп ойлаймыз.
Жапон тілінен тікелей қазақшаға аударылған алғашқы поэзиялық шығарма Башёнің әйгілі хайкуы болса керек. («Zaman-Қазақстан» газеті, 1996, №49). Осы аудармаға байланысты өз пікірімді айтпас бұрын жапондық танка, хокку, яғни хайку жайлы қысқаша баяндап, олардың ерекшеліктеріне тоқтала кеткен жөн болады. Жапон үйінің төріндегі құрметті қонағына арнайтын немесе отағасы өзі отыратын, өздері токонома деп атайтын ең сыйлы орынның қабырғасына біздегі құран сүресін жазып, қастерлеп іліп қоятынымыз секілді танка немесе хайку шумағын көркемдеп жазған жайнама іліп, әшекейлейтін дәстүр бар. Мұны былайша айтқанда, жапон халқы үшін поэзияның қандай дәрежеде бағаланатынын көрсететін бір өлшем деп ұғыну қажет. Жапон түсінігі бойынша оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам өлең жазып, тақпақ шығарумен бірге әшекейлеп көркем жазуға да шебер болуы тиіс. Жапонда он миллиондап саналатын қалың көпшіліктің белсене кірісіп жазатын осындай поэзиялық шығармасы көбіне-көп танка немесе хайку келбетінде болады.
Танка (短歌) келбетіндегі өлең 5 жолдан құрылады және осы жолдардағы сөздердің буын санының реті заңды түрде 5-7-5-7-7 болып келуі шарт. Осындай дәл 31 буын танка өлеңі XIV ғасырға дейінгі ақындар шығармасында кеңінен таралған. Ал, Жапониядағы Мурамачи дәуірінде оны жазатын ақындар айтысында олардың бірі бастапқы 3 жол шумағын жазса, қарсыласы қалған 2 жолын жалғастырып, өзара тапқырлықтары мен шешендіктерін сынасып, сайысқа түсетін болған екен. Сол кезден бастап танканың бастапқы 3 жол шумағы хокку (発句) деп аталған және жүре келе хокку өз алдына бөлек тақпақ ретінде қабылданған. Кейін XIX ғасырда белгілі жапон ақыны Масаока Шики (正岡子規) оны хайку деп атауды ұсынып, бүгінде сол атау қолданылады.
Хайку (俳句) келбетіндегі өлең 3 жолдан тұрады және ондағы буын санының реті де заңды түрде 5-7-5 буыннан құралып, бір хайкудағы буын саны дәл 17 болуы керек. Бұл бұзылмайтын негізгі қағида. Жалпы, хайку туралы Сүзүки былай деп жазады: «Оны жазатын ақын шабыты сезімінің ең жоғарғы шегіне жеткен шақта ол үнсіз қалады, себебі, мұндай сәтті бейнелейтіндей сөз жоқ. Тіпті, он жеті буындық шумақтың өзі көптік етеді». Ал, хайку тақпағының белгілі өкілі ретінде жапондардың сүйікті ақыны Мацуо Башё (松尾芭蕉, 1644-1694) ең алдымен аталады. Қазақ халқы үшін Абай, орыстар үшін Пушкин қандай деңгейде бағаланатын болса, жапондар Башёны сол мәнде қабылдайды, басқаша айтқанда, ол өз ұлтының рухы деген сөз.
Енді Башёның ең айтулы хайкуін түпнұсқада келтіре отырып, жапон тіліндегі бойынша қазақ әрпімен жазып көрейік:
古池や
蛙飛び込む
水の音
фү-ру-и-кэ-я (5 буын)
ка-ва-зү-то-би-ко-мү (7 буын)
ми-зү-но-о-то (5 буын).
Осы хайкудың орыс тіліндегі екі түрлі аудармасы бізге белгілі. Олардың бірі:
Старый пруд!
Прыгнула лягушка.
Всплеск воды, –
деп келетін Н.И.Конрадтың аудармасы, ал екіншісі:
Старый пруд.
Прыгнула в воду лягушка.
Всплеск в тишине, –
деген В.Н.Маркованың аудармасы. Меніңше, мазмұны жағынан хайкудың түпнұсқасына екінші аударма жақынырақ тұр, көркемдік жағы да артық, бірақ кемшіліктері де жеткілікті. Ал, осы хайкудың газет бетінде жарияланған қазақшасы:
Көне тоқтау көлшікке,
Бақа секіріп түскенде,
Судың үні шықты, –
деп келген аударма туралы Окауа Хироши былай деп жазады: «Ақеділ Тойшанұлының бұл өлеңді мейлінше дұрыс аударуына студенттермен бірге отырып жәрдемдестім». («Zaman Қазақстан» газеті, 1997, №5). Алайда, осы келтірілген аудармаларға қарап жапоннан басқа тілде жоғарыда айтылған хайкудың негізгі қағидасын орындау тіпті мүмкін емес екенін көруге болады. Яғни бұл хайкудың формасы жағынан айтылған тұжырым. Ал, бұның арғы жағында маңызы одан әлдеқайда жоғары мағыналық қағидасы барын баса айту қажет.
Хайкудің мағыналық жағынан алғанда оның құрамында жылдың төрт мезгілінің қайбіріне меңзейтін бір көркем бейне болуға тиіс. Мұндай мезгілдік сипаттағы сөзді киго дейді және осы хайкуда бұл көктемді бейнелейтін бақа. Екіншіден, сол бейне арқылы адамның көңіл-күйіне әсер ететін жасырын ой-сана болуы шарт. Бұл – судың үні естілетіндей мамыражай табиғат. Міне, осыдан кейінгісін қаншалықты алысқа апаруды әр оқырманның жүйрік көңілі шама-шарқына қарай өзі біледі, яғни бұл жерде ешқандай «шеңбер» жоқ. Басқаша айтсақ, хайкудың негізгі мән-мағынасы оның соңғы нүктесі қойылған жерден басталып, ары қарай сол бағытта оқырманның өз көкірегінде шексіз жалғаса береді деу керек. Хайкудың ең маңызды өзіндік ерекшелігі, міне осы. Бұған бір ғана мысал етіп Башёнің жоғарыда келтірілген хайкуы туралы Ямагүчи Моичи (山口茂市) былай деп жазғанын келтірсек әбден жеткілікті: «Жапондар бұдан қандай әсемдік тауып көретінін, тіпті одан нендей мән-мағына табатындарын еуропалық мүлде түсіне алмай дал болумен қатар осындай дүниеге олардың соншалық масаттана алатынына да таң-тамаша болып, қайран қалар еді. Алайда, бұл тақпақты естіген сәтте жапонның көз алдына қаладағы тұрғындардың айқай шуы мүлде естілмейтіндей сонау алыстағы атам заманғы ағаштардың арасында орналасқан көне будда шіркеуі елестей кетер еді. Әрине, ондай шіркеудің маңында кішкентай көлшік те болары сөзсіз, ал өз кезегінде осы көлшікке қатысты әлдебір аңыздың болуы да ғажап емес. Сонымен, жазғы тымық кештің бірінде көз байлана қасиетті кітаптан басын жаңа көтерген буддалық тақуа терең ойға батқан қалпы сол көлшіктің жағасына қарай жақындайды. Айнала құлаққа ұрған танадай, тіпті бақаның суға қалай секіріп түскені естілердей мамыражай тыныштық...».
Сонымен, хайку жайлы ойымды қорытындылай келе өз басым, поэзияны ешқашан да аударуға келмейді дейтіндердің қатарына қосылатынымды айтқым келеді. Бұған дәлелді алыстан іздеп әуре-сарсаң болмай-ақ, Ұлы Абайдың бір ғана «Сегіз аяқ» өлеңін басқа бір тілге аударды делікші, сонда одан не қалар еді? Міне, сондықтан поэзияны шын мәнінде оқып-білгісі келген, оның кәусар нәрінен сусындағысы келген адам оны жазған ақынның тек төл тілінде ғана оқуы жөн деп білемін. Әйтпесе, қайбір тамаша мән-мағыналы өлең «бақа жайлы хабарлама, информация ғана» болады да қалады.
Шабдалыы бала Момотаро ескерткіші тұрған Окаяма вокзалына жақын маңдағы дүкендер мен қонақ үйлердің арасында Момотароның бүгінгі нұсқасы деп қарауға тұрарлық биохимиялық «Хаяшибара» компаниясы орналасқан. Екінші дүниежүзілік соғыста әуе бомбасынан тас-талқаны шығып күйреп, күлі көкке ұшқан сол кездегі елдің айтулы өндірістерінің бірі осы компания болатын-ды. Ел ішін кеңінен жайлаған жұмыссыздық пен аштық-жалаңаштық кесірінен күйзелген сол бір сәтте жапон жастары қиындыққа одан бетер қайралып, шыңдалып шыққандай еді. Өз халқының ертегілерін тыңдап, содан нәр алып өскен олардың самурай рухы елінің экономикасын санаулы жылдар ішінде әлемнің алдыңғы қатарына алып шықты. Осындай қайратты жастардың бірі Кен Хаяшибара өз компаниясын ХХІ ғасырдағы ғылым мен технологияның ең алдыңғы шебіне шығарып қана қоймай, бүгінде Окаяма қаласын Жапония мемлекетінің дамуын айқындайтын әйгілі 19 технополистің біріне айналдыра алды. Жоғарыдан мұрнын шүйіріп, кемсіте қарайтын менмен еуропалықтардың көзқарасына тойтарыс беріп, әлем алдында біздің азиялықтардың мәртебесін көтерген осылар болатын. Қазақ та жапонмен бірдей шығыс халқы болғандықтан тіліміздегі ұқсастықпен бірге көне наным-сенім, салт-сана, дүниетанымымыздағы ұқсастықтарға негізделген жапон әдебиетін қазақшаға тікелей аударуға басты зейін қойылатын болса, әлі талай ерекшеліктер сонда айқын болар еді.
Кани КАБДИ
Астана қаласы
Бөлісу: