Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...»...

22.01.2025 404

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...»

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» - adebiportal.kz

Шәкәрімнің бір шумақ өлеңі хақында...

Ойдың қысқалығы, мәтіннің тығыздығы өнердің ең басты мұраты десек те болады. Осыны ескере отырып, мақаламыздың бас-аяғын барынша қырнап, қысқартып беруге талаптанып бақтық.

Ең ұлы ақиқаттар адамның қасында жүреді. Тек соны пенде баласы аңғармайды немесе нарқына бойлап, шын назар қоймайтын болса керек. Өлеңге қатысты өзіміз көп естіп, тіпті ән қылып әуендетіп жүрсек те,  астарын аңғармаған дүниенің бірі – Шәкәрімнің төмендегі өлеңі.

Мен мұны өнерге байланысты түмен жылдар өтіне шыдас беріп, еш құнын жоймайтын ғажайып сөздің бірі деп білемін.

 Бұл ән
бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған
ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы.
Денең
жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең
әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.

Ән – өлшеуіш,
өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу,
не кем салу,
Қапы қалу жарамас...

Бұл қос шумақ ғазал өнердің өзгерісі мен жаңалығына қатысты айтылған кәсіби анықтама болса керек-ті. Ілгеріде жазғанбыз. Әр заманның тамырын тап басатын өзіне тән бейнелеуші тілі болады деп. Себебі тіл дегеніміз үнемі қозғалыстағы дүние десек, жаңа ойды бұрынғы ескі тәсіл, көне сөзбен жеткізуге болмайды. Мұқағалиша айтсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын» жасампаздығы қажет. Әрине, жаңа ойға жаңаша сөзжасам керек. 

Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзерек» деп отырғаны тек әуенге ғана қатысты айтылған сөз емес, өнер атаулының барлық ортақ мұратына қатысты анықтама. Замананың соққан лебін аңғарып, оған бейімделе алмаған  өнер түбі жоғалып тынады. 

Айталық, музыкада Шәкәрімнің алдында халықтың сан ғасырлық мол мұрасын айтпағанда Ақан мен Біржан әндеріндегі  сайын даланың кеңдігі мен нәзік ирімдері жатты. Ақын мирас ретінде сол дәстүрді неге ары қарай жалғастырып байырғы жолға түспеді?  Шынымен-ақ Шәкәрімге келген де бұл әннің  әуезі мен сөзі мүлде басқаша сипат алады.

Енді аяқ астынан «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп жар шашып, жаңалық ашуының себебі не? 

Мұның жауабы дайын. Бақсақ, ақынның айтпағы басқа екен. Бұл өзге уақыт. Енді өзге уақыттың өз әмірі мінберге шығып сөз алуы керек. 

Оған кесе-көлденең тұру – кері кетудің ісі.  Кері кету деген осы неден шығады?

Жалпы адамның қартаю мәселесі  тек пендеге ғана тән пешене емес, өнерге де қатысты дүние. Ең жаманы өнердің өз уақытынан кешігіп ойдың баршын тартқаны қиын. Ойдың қартаюына қатысты ойлағанда қаперіме мына дүние түседі.  Кезінде сценарийін Таласбек Әсемқұлов жазған «Біржан сал» фильміндегі бас кейіпкердің: «...Қазақ қартайған екен, Алаш қартайған екен! Бәрі пәс! Бәрі ұсақ!» деген қамырық халді  мен осы пайым  тұрғысынан қабылдаймын. 

«Қазақ қартайған екен...». Расымен де өте ауыр сөз. Ойланатын, енді сол ойдан оң нәтиже шығаратын пайым.

Шәкәрімнің  бұдан кейінгі өлең жолдары өнердегі түрлі тәжірибелерге (эксперименттерге) қатысты. Су жаңа форма,  дара стиль, ғажайып өлшемдер мен пішіндік ерекшеліктер хақында. Шәкәрімнің түсінігінде әр сөз өз орынында тұруға тиіс. Әр сөздің шашауын шығарып алу – шалағайлықтың белгісі. Мұны «күміске мыс қоспаған» кәсіби шеберлік десек те болады. Ақынның «...Артық алу, не кем салу, Қапы қалу жарамас...» деп отырғаны  сол. Осы жерде айтпай қоймайтын тағы бір үлкен дүние бар.  

Бұл осы он шумақ өлеңнің ең биік шоқысы десек те болады. 

«ДЕНЕҢ ЖАН НҰРЛЫ БОЛСА ЖӨНДЕЛМЕК». 

Сөз жоқ, ғажайып таным. Бұл  бір ұйқас үшін алына салған жай ғана жол емес, бүкіл өлеңнің өн бойына мағына таратып тұрған жоғары ұғым. Маған осы бір он шумақ өлең аталған бір-ақ жол танымның діңінен қуат алып, сол ұғымға қалтқысыз қызмет жасап тұрғандай көрінеді. Мінекей, өнердің ең негізгі асыл мұраты да осы болса керек.

Шәкәрімнің пайымынша, «Жан нұрлы болмай ешқашан өнер жасалмақ емес. Өнер – ең әуелі жанның ішкі шұғыласы мен рухани қоры. Жан нұрлы болмай, өнер де, өнерпаз да жоқ» дегенді меңзейді. Сайып келгенде адамның жан тазалығы өнердің ең басты шарты десек те болады.

Сонымен жан дедік, жазу дедік...

Осы орайда мына бір дүниені де қаперлеріңізге сала кетейін. Қағаз шимайлаған қаламгер атаулының бәрі әулие емес. Әлгі қаламгеріңіз жазудың артына жасырынған, осылайша рухани рөл сомдаған нағыз алаяқтың өзі  болуы да мүмкін.  Иә, олардың заты ақын-жазушы болғанымен жаны қылмыскер есебінде.

Ең қасіреті сол – олардың әр сөзіне оқырмандары пайғамбардай сеніп, құдайдай табынып жатады. 

Рас, жазуда ұлы мінәжат есебінде. Мінәжәтті  әркім өз өресінде түсінеді десек, ендеше кірлеген кісіліктен өнер іздеудің де қажеті бола қоймас.

«ДЕНЕҢ ЖАН НҰРЛЫ БОЛСА ЖӨНДЕЛМЕК» девизі өмірдің басты қағидасы. 

Аз ғұмырда адам болып қалудың жетілген тұжырымы. Бұл адамияттың ғана емес, одан тараған шығармашылықтың да жоғары мінәжаты. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар