«Кәдікті» «мүмкіннің» орнына қолдану – сауатсыздық

Бөлісу:

24.07.2018 6632

«Кәдік» сөзі туралы сөйлесек. Осы күнгі кейбір журналистер, тіпті әдебиетшілердің өзі осы сөздің мағынасын ұқпай ма, әлде, ел жазып жатыр ғой деп дүрмекке ілесе ме, «кәдікті» «мүмкін» деген сөздің синонимі ретінде пайдаланып жүр, әрине, бұл – сауатсыздық!

Сөзіміз дәлелді болу үшін сондай сауатсыздыққа жол берген екі-үш мысалды келтірейік:

1) «1927 жылы Семейде түсірілген сурет. Қаумалай кемпірлер мен әйелдердің жиналғанына қарағанда баланың тұсаукесер рәсімі болуы кәдік» (Kazakh.tv).

2) «Бұл төбелеске қатысушылардың студенттер болуы кәдік» (Tengrinews).

3) «Ол еркек әйтпесе әйел болуы кәдік, олар компьютерді пайдалануы мүмкін...» (Мәдениет порталы).

Ал енді «кәдіктің» мағынасы қандай екен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» (Алматы, «Дайк-Пресс», 2008) жүгінелік:

«Кәдік: 1. Күмән, шүбә, күдік. 2. Қауіп-қатер» (370-бет).

Хәкім Абайдың «Күлембайға» деген өлеңінде де осы «кәдік» сөзі кезедеседі, ақын қандай мағынада қолданыпты, оқылық:

«Көрсеттім деймін, ымдаймын,

Кәдік қылар жерімді».

Шәкәрім де «Қазақ» газетінде (18-нөмір):

«Біздің «Қазақ» газеті шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп кәдік көремін» (дерек М.Дулатұлы «Алты томдық шығармалар жинағы», Алматы, «Мектеп», 2013, 161-бет), - деп жазады.

«Кәдік» сөзінің «мүмкін» сөзінің орнына жүрмейтіндігі осы дәлелдерде-ақ көрініп тұрған жоқ па?! Біз келтірген дәлелдер аз да болса, жеткілікті деп ойлаймыз. Ендеше, әр сөзді қалай болса солай емес, өз орнымен қолданайық дегіміз келеді, ағайын.

Бауыржан Берікұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар