Төлен ТІЛЕУБАЙ: Танымал болсам, журналист болғаным деген түсініктен арылу керек
Бөлісу:
Өткен аптаның бейсенбісінде Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист Төлен Тілеубайдың оқырмандармен кездесуі өтті. Кездесу «Тәуелсіздік – тұмарым» атты кітабының таныстырылымына арналды. Назарларыңызға кеш иесімен болған сұхбатты ұсынамыз.
- Иә, қазақ әдебиетінің алыбы Ғабиден Мұстафиннің: «Мұралардың ең қымбаты – сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады, күн жылытпас суық көңілді жылытады, асылы адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды» деген қанатты сөзі бар. «Тәуелсіздік – тұмарым» атты кітабымды шығарарда осы сөзді басшылыққа алдым. Себебі жақсы, өткір айтылған сөз ешқашан да ескірмейді. Біріншіден, бұл жинағымда тәуелсіздік жылдарында қазақ баспасөзінде жарық көрген ең өзекті, сүбелі сұхбаттарымды, сараптама мақалаларымды, публицистикалық шығармаларымды топтастырып, оқырманға ұсындым. Ондағы ойым – қазақ қоғамында айтылған өткір пікір, тұшымды ой, парасатты сынды таспаға бастырып, тарихтың парағында қалдыру.
Бұл кітап АЛАШ, ЖЕЛТОҚСАН, ТӘУЕЛСІЗДІК деген үштаған тұғырдан тұрады. Өйткені «Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстарының мұраты десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Себебі азаттықтың бастауында Алаш тұр. Ұлтына қызмет етемін деген әр қазақ баласы Алаштың идеясын жан-жүрегімен түсініп, санасына сіңіріп өсуі тиіс. Ұлық оқырман Алаш мұраты мен Тәуелсіздік талабының үйлесімін осы кітаптан таба алады. «Желтоқсанның шындығы неге айтылмайды?» деген сауалға 30 жыл бойы жауап іздеп келеміз. Кеңес одағы түгілі Еуропаның кейбір елдеріне тәуелсіздік алуға жол ашқан ұлт-азаттық көтеріліске халықаралық деңгейде баға берілуде. Сөйтсе де Желтоқсанның шырқыраған шындығы жазылған жалғыз түпқайнар, ақпараттар көмбесі – 350 томдық қылмыстық істердің тағдыры әлі күнге дейін жұмбақ. Осы жұмбақтың шешуін іздеп көрдім. Азаттық туын желбіреткенімізге ширек ғасыр өтсе де, ана тіліміздің шынайы мемлекеттік мәртебе алмауы бар қазақтың жан-жүрегін сыздатады. «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қашан қабылданады және біз не үшін күресуіміз керек? Бұл сауалдың жауабын ұлт зиялыларымен сұхбат арқылы бірге іздедім. Жиырма бес жылда біздің санамызда отарсыздандыру процесі жүрмегендіктен кеңестік санадан тәуелсіз санаға өте алмай, соның әсерінен бостандықты Алланың берген бақыты деп қабылдамай отырмыз. Бұған кім кінәлі, не кедергі? Мұның да жауабын ұлық оқырман «Тәуелсіздік - тұмарым» кітабымнан табады.
- Журналистика саласында жиырма жылдан астам уақыт қызмет жасап келесіз. Қаншалықты азатсыз?
- Мен тәуелсіз журналиспін. Бұған 18 жылдық кәсіби тәжірибемде үнемі тәуелсіз басылымдарда қызмет істеуім де әсер етті. Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика бөлімін үздік дипломмен тәмамдап, 4 ай аула сыпырушы болып жұмыс істеп, мал таптым. Арланған жоқпын. 1999 жылы Қарағандыда «Сана» деп аталатын екі тілдегі тәуелсіз жаңа газет шыға бастады. Елімізге танымал тәуелсіз журналистердің бірі – Жұмабике Жүнісова бас редакторы болды. Менің алғашқы тәжірибелік мектебім осы басылым. Азат ойлы журналист ретінде қалыптасып, ұстанымымды айқындадым. Себебі «Сана» сол кезде Қарағандыдағы еркін ойдың, парасатты пікірдің ордасы болды. Бұл сөзімді қарағандылық зиялылар, ғалымдар, ақын-жазушылар, еркін ойлы жастар және т.б. растайды. Жас кезімнен қалыптасқан ұстанымымның арқасында әр жылдары еліміздегі «Алтын орда», «Ақжол Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Жас қазақ» сияқты ерікті басылымдарда қызмет еттім. Менің ойымша, азат журналист ең алдымен қараша халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Өз мамандығына, журналистік миссиясына адал болады. Асыра айтқаным емес, қолыма қару-қаламымды ұстап ұлттық мұрат пен мүддеге қал-қадерімше қолқабыс қылдым. Не жазсам да, қадірлі оқырманға ақиқатты білу, азат ойды жеткізу құқығын қастер тұттым. Бұл сөзіме дәлелді «Тәуелсіздік - тұмарым» кітабымнан таба аласыздар.
- Қазір журналистерге сын көп айтылады. Сіздер осы салаға келгендегі кезең мен осы кезеңді салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба?
- Сын айтылатын себебі, журналистерге кәсібилік жетіспей жатады. Менің мақалаларым студент кезімде Қарағандыдағы «Орталық Қазақстан», «Азия-Транзит», «Қарағанды университеті», «Шипагер» газеттерінде шыға бастады. Тіпті, екінші курста оқып жүріп, республикалық «ДАТ» газетіне де екі-үш мақалам басылды. Мұны айтып отырғаным, ол кездегі басылымдарда сыни, өткір мақалалар көп жарияланатын. Ақын Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың әр жазған мақаласын «Орталық Қазақстаннан» іздеп жүріп оқитынбыз. Қазіргі басылымдарда да сондай мақалалар басылады. Бірақ аз. Менің ойымша, Қазақстандағы ең тәуелсіз басылымдар 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-ыншы жылдардың басында көптеп шықты. Мысалы, сол кезде Алматыдан шығатын «Ақжол Қазақстан», Ақтөбеде шығатын «Алтын орда» және т.б. газеттерді жұрт іздеп жүретін-ді. Ондай басылымдарға кәсіби деңгейі жоғары, өткір жазатын журналистерді шақыратын. Қазір ондай үрдіс жоқ. Журналистикаға (әсіресе тележурналистикаға) білімі таяз, кәсіби шеберлігі жоқ жандар келе бастады. Олардың ойы – тезірек халыққа танымал болу. Танымал болсам, журналист болғаным деп есептейді. Осы түсініктен арылу керек.
- Журналистердің кәсіби деңгейі төмендеп кетуінің нақты себебі бар шығар?
- Мұның бірден-бір себебі, жалқаулық па деп ойлаймын. Журналист күн сайын емес, тіпті сағат сайын кәсіби біліктілігін көтеруге ұмтылып отыруы тиіс.
- Сіздің негізгі жанрыңыз сұхбат екені белгілі. Еліміздегі талай беделді саясаткерлерден, дәурені жүріп тұрған аға буынмен жиі сұхбаттасып жүресіз. Аңдамай айтып қалып, материал жарияланып кеткен соң ренішін білдіретіндер де көп шығар?
- Сұхбат – ең күрделі, ең уытты, ең жауынгер жанр. Оны «өте оңай жанр» дейтіндер қатты қателеседі. Өзімнің журналистік қызметімде еліміздегі ғана емес, әлемдік саясаттағы беделді тұлғалармен сұхбаттастым. Бір айырмашылығы, кейбір біздің саясаткерлер, депутаттар, жоғары лауазымды тұлғалар сұхбат алғаннан кейін өзіне оқуға жіберуді талап етеді. Маған реніш білдірген жандар есімде жоқ. Бірақ дайындаған сұхбатымды газет басшыларына хабарласып, «қырқып» тастаған жағдайлар болған.
- Бір кезде Мәскеу төрінде Сергей Лавровқа қазақша сұрақ қойыпсыз. Осы оқиғаның соңы немен аяқталды?
- Ол оқиға Марат Тәжин ағамыздың Сыртқы істер министрі кезінде болған. Ресейге барғанда Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа Байқоңырдың тағдыры туралы сұрақ қойдым. Алғашында сұрағымды қазақша қойып, соңынан орысшаға аударып бердім. Ресейлік министр орыс тілінде жауап қайырды. Бірақ ресейлік журналистердің қазақша сөйлегенімді қатты жақтырмағанын байқадым. Оқиғаның соңында ешқандай шиеленісті жағдай болған жоқ. Осы жерде тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 2004 жылы бір топ қазақ журналистері АҚШ-қа бардық. Мемлекеттік департамент ұйымдастырған көп кездесулердің бірінде маған да сөз кезегі тиді. Сонда орнымнан тұрып, қазақша саңқылдап сөйледім. Маған дейінгі адамдарға жәй құлақ қойған америкалықтар қазақ тілін естігенде дуылдатып қол соқты. Ана тіліме деген зор құрметті көріп, қатты тебірендім.
- Адам саудасы туралы жазып жүрген журналистердің бірісіз ғой. Бұл мәселені жазу тек еліміздің ішіндегі жағдаймен шектелмейтіні белгілі. Өзге елдердегі журналистермен пікір алмасып тұрасыз ба?
- Адам саудасы туралы жазатын әріптестерім аз емес. Өйткені, қазір бұл мәселе біздің қоғамда ашық айтылады. Мәселен, 2002 жылы «Ақжол Қазақстан» газетінде «Қазіргі заманғы құлдық» деген сараптамалық мақалам басылды. Ол уақытта адам саудасы дегенді мемлекет әлі мойындамаған еді. Бұл тақырыпты қазір де зерттеп жүрмін. Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп, біраз мақала жарияладым. Шетелдегі әріптестеріммен хат-хабар жазысып, ақпарат алмасып тұрамын. ҚХР, Даниядағы әріптестерім осы тақырыптағы халықаралық жиындар болғанда шақырады. Бірақ барудың сәті түспей жүр.
- Бір жылдары Әбіш Кекілбайұлына: «Туған ұлтыңа қызмет ету дегенді қалай түсінесіз? Қазіргі қазақ қандай зиялыға зәру? Қара тобырдан қара үзіп шыққан бүгін ойлылардың қасіреті неде? «Қазақ қоғамында қазір антиинтеллектуализмнің айы оңынан туып тұр» деген пікірмен келісесіз бе?» деген сұрақ қойыпсыз. Осы сұрағыңызды бүгін өзіңізге қойғым келіп отыр.
- Саясаттанушы Ерлан Қаринның: «Қазақ» газетінен бастау алған бүгінгі қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарып келеді» деген сөзі бар. Мен көп жылдар бойы қазақ баспасөзінде еңбек етіп келемін. Туған ұлтына адал қызмет ету дегенді – таңдаған мамандығыма, өмірлік ұстанымыма адал болу деп түсінемін. Менің негізгі ұстанымым – адалдық, арлылық, имандылық. Әрбір жазған мақаламда, сұхбатымда ұлттық, елдік, мемлекеттік мүдделерді бірінші орынға қоямын. Меніңше, кәсібіңе адалдық – ұлтыңа деген адалдық. Журналистік кәсіби шеберліктің жоғары деңгейіне көтерілсем, оны ісіммен дәлелдеуім керек. Менің әрбір жазған шығармамда ұлттық мінезім, намысым ап-анық көрініп тұрғанын қалаймын.
Қазақ қазір Алаш арыстары сияқты ұлттық зиялыға зәру. «Кез-келген чекист қаруының қарсы алдында тұрсаңыз да ұлттық рухты өшіріп алмай, жас ұрпақты сол рухта тәрбиелей білген, ей, менің намысты жерлестерім, сендерге өмір бойы қызмет етуден басқа біздің ешқандай да бір ойымыз жоқ екенін білгейсіздер»,- деп жазды заманында Мұстафа Шоқай. Қазаққа осындай зиялы қажет. Сол заманда Алаш қайраткерлерінің санының аздығына қарамай, халықты тұтастай соңынан ете білгеніне таң қаламын.
- Жуырда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке ерекше ұсыныс айтыпсыз?..
- Иә, Фейсбук арқылы қала әкімі Ә. Исекешевке «Ұлыстың Ұлы күніне екі ай бұрын дайындалайық» деген ұсыныс айттым. Оған құлақ асу не аспау әкімнің өз еркінде. Бірақ көп ұзамай көшелердегі Жаңа жылды жарнамалаған жазулар алынып тасталды. Бәлкім, ол да ұсыныстың әсерінен шығар. Бірақ әлі күнге дейін Ұлыстың Ұлы күнін жатсынатынымыз рас. Сол үшін бізге саясаттанушы Берік Әбдіғали ағам айтқандай, «ұлттық намыс, ұлттық арман керек».
- Журналист ретінде қандай бір мәселенің шешілуіне ықпал еткен кезіңіз болды ма?
- «Жас қазақ» газетінде қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтың әруағын қорлағандар туралы бірнеше мақала («Айбергеновтың аруағын қорлағандар», «Министр Ж. Түймебаев әлі үнсіз» және т.б.) жаздым. Ақынның қызы Айнар апайдың тағдырына араша түстім. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың өзі мақалаға жауап берді. Астана қалалық білім басқармасы мектептегі оқиғаға (ақынның бюстін лақтыру) орай, директорды қызметінен босатып, ақынның балаларымен бірге еске алу кешін өткізді. Бұдан басқа да адамдардың тағдырына араша түскен кездерім жетерлік. Бірде Қарақалпақ елінен атамекеніне қашып келген өрімдей жас жігіттің тағдыры туралы мақала жаздым. Кейіннен Арқалықта тұратын белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев әлгі жігітке тұрағын, құжатын реттеуге көмек беріпті. Тіпті бұрынғы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қазақша сөйлеймін деп уәде беріп, онысын орындамағаны туралы өткір мақала жаздым. Қазақ баспасөзінде осындай сыни мақала көбейген кезде Кәрім Қажымқанұлының Үкіметтің жиындарын таза қазақша өткізген кездері болды. Бұл – баспасөздің күші зор екенін көрсетеді.
- Әңгімеңізге рақмет!
Бөлісу: