Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Деректі проза – алаш мұрасын танудың кілті...

15.04.2025 568

Деректі проза – алаш мұрасын танудың кілті 6+

Деректі проза – алаш мұрасын танудың кілті - adebiportal.kz

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен алаштанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аталмыш орталықтың бас ғылыми қызметкері Заңғар Тілеуғазыұлы Кәрімханның «Қазақ әдебиетінің деректі проза бастаулары» атты ғылыми семинары өтті.

Ғылыми мазмұны бай, тарихи әрі әдеби негізі терең бұл семинар үш негізгі бөлімнен тұрды:

1. Қазақ әдебиетіндегі көне қолжазбалармен, сирек кітаптармен танысу;

2. «Алаш кезеңі әдебиетіндегі деректі проза: бастаулары, қалыптасуы және ерекшелігі» тақырыбында ғылыми баяндама;

3. Деректі проза жанрында жазудағы автордың шеберлік сағаты.

Семинардың алғашқы бөлімі еліміздің жазба мұраларына арналды. Мұндағы көне әдеби-тарихи жәдігерлерді таныстырған ғылыми орталықтың басшысы, профессор Данагүл Махат қордың жұмысы туралы баяндап берді. ХХ ғасырдағы деректі әдебиеттің көрнекті бір өкілі Сапарғали Бегалиннің түпнұсқадағы (төте жазудағы) еңбектері, сондай-ақ 1980-жылдары Алаш арыстарын ақтау кезеңінде жарық көрген газет мақалаларының түпнұсқа нұсқалары таныстырылды. Бұл тарихи құжаттар – өткеннің үнін бүгінге жеткізетін баға жетпес мұра. Сол арқылы семинар қатысушылары қазақ әдебиетінің деректі арнасындағы алғашқы ізденістер мен әдеби тәсілдердің бастау көздерін тануға мүмкіндік алды.

Семинардың екінші бөлімінде ұлттық прозаның, соның ішінде деректі прозаның бастаулары, даму арналары мен қалыптасу жолдары, деректі жанрды жазу барысында автор алдынан шығатын негізгі талаптар, шығармашылық процестің кезеңдері және уақыт межесі кеңінен қозғалды. Спикер З. Кәрімхан алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жиенғали Тілепбергенұлы сынды тұлғалардың ХХ ғасырдың басындағы жанрлық ізденістерін, олардың көркемдік пен деректілік арасындағы нәзік шекараларды шебер игеріп, ұлттық әдебиетке тың тыныс әкелгенін нақты деректермен баяндады. Бұл бөлімде Алаш зиялыларының елінің көзін ашу, халқын ояту жолындағы жанкешті еңбегі, тарихи жауапкершілікті терең сезінуі және отансүйгіштік рухы ерекше әсермен жеткізілді.

Семинардың үшінші бөлімінде деректі проза жанрында жазылған «Отыншыдай ер қайда?» кітабының жазылу барысы туралы автордың шеберлік сағаты өтті. Бұл туынды ұмытылып бара жатқан Алаш қайраткерлерінің бірі, әскери қолбасшы, көрнекті ағартушы Отыншы Әлжанұлының күреске толы тағдырына арналған. Баяндамашы Отыншының өмір жолын, ерлікке толы күресін, ел болашағы жолында жанын пида еткен қайсар рухын жазу үшін мол деректерді жинағанын, қандай орындарда, архивтерде жұмыс істегенін кеңінен таныстырып берді. Кітапты қызық етіп жазудың формасын көрсетіп, биографиялық (ғұмырнамалық) жазудың үлгілерімен таныстырды. 

Спикер З.Кәрімханның әдеби-ғылыми пәндер байланысқан рухани әсері мол бұл дәрісі әдебиет әлемімен қатар ел тарихының көмескі беттерін парақтап, ұлттық жадымызды жаңғыртуға жол ашты. Әдебиет пен тарихтың түйісер тұсында тұрған деректі проза жанрының болашағы үшін бұл семинардың маңызы зор деп білеміз. 

Сейфуллин Насихатұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар