Биылғы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай редакциямызға келіп түскен белгілі Абайтанушы ғалым Асан Омаровтың Абайтануға байланысты жазылған желілес мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
АБАЙДЫҢ ШЫҒЫСЫ
Бас абайтанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Мұсылмандық Шығыс – Абай нәр алған үш арнаның бірі» деген болатын. Бұл хакімнің пәлсапалық қырына сілтегені еді. Асыл мұраны пәлсапалық қырынан терең танып-білу маңызды мәселе. Бұл жағдайда қазақтың ой-сана биігін өзге халықтарға танытуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, Абайдың көзқарастары мен ілімдері бүкіл түркілік әлем бірлігіне қызмет ететін болады.
Абайдың Шығысын екшеп, барлауды ойшылдық эволюциясын саты-сатылап қарастырудан бастамақпыз. Аталмыш тәсіл бойынша кемеңгердің шығармашылық ғұмыры үш сатылы: ойшыл (философ), ғұлама ойшыл (теолог) һәм әлемдік ойдың алыбы (хакім). Төменде осынау үш сатыны (кезеңді) жеке-жеке сарапқа салмақпыз.
Нақлия және ғалия терминдері жайлы бірер сөз
Абайдың ойшылдық эволюциясын саты-сатылап анықтаудан бұрын нақлия және ғақлия терминдерін екшеп, байыптап алу маңызды. Екеуінің де түбірі «ақыл» сөзі. Арабтілді фалсафада ғақлия – ішкі ғылым (ғылым батини), ал нақлия – сыртқы ғылым (ғылым заһири). Екінші түрде ғақлия – теориялық, нақлия – тәжірибелік фалсафа. Дүниенің көрінетін және көрінбейтін сыры болғандықтан екеуі қосылып бір бүтінді құрайды.
Нақлия – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, аксиома. Оны Абай да осы мағынада қолданып, 38-ші сөзінде: «Бұл сөзіме нақлия дәлелім – жоғарыдағы жазылмыш Алла тағаланың есімдері» десе, енді бір тұста: «Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады» – дейді. Сондай-ақ: «(Дін) Ғалымдарының нақлиясыменен мұсылман иман тақлиди кесіп қылады» деп тұжырады.
Батыс әлемі «этика», «мораль», ал мұсылман жұрты «ахлақ» дейтін адам мен адамның қарым-қатынасын реттейтін өмір сүру ережелері нақлия іліміне жатады. Сол сияқты қазақ халқының сан ғасырлар қордаланған тәрбиелік сөздері, мақал-мәтелдері, сонымен қатар, аят-хадистер де нақлия болып табылады.
Ғақлия деген – терең ой ойлау, сол арқылы түпкі себепті іздеу, Алланың хикметін, адамның болмысын танып-білу. Мысалға Абай: «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан» (38-сөз) дейді. Ғақлия және нақлия ұғымдары жайлы сөзіміз осымен тәмам. Енді үш кезеңді қарастырайық.
Ойшыл-философ болған кезеңі (1884-1893)
Тұрағұлдың сөзінше, әкесі Абай ақындық қызметіне 1884-1885 жылдары шындап кіріскен (бұл ақындығына ғалымдығы қосылған шақ). «Халық туралы» делінетін сыншылдық өлеңдері соның айғағы. Абай 12 жалалы іс бойынша бес жыл тергелген болатын. Осы жылдары (1879-1883 жж.) Семейдің қалалық кітапханасы қорындағы батыс, орыс әдебиетін, оған қоса, мешіт-медресе сөрелерінде иін тірескен Қазан қаласы баспасынан шыққан мұсылман ойшылдары кітаптарын індете оқып, тауысты. Бұл – ақиқат. Ойшыл оқымысты болуы Абай иығына зор жүк артты. Халқының жүрегіне «қайтсем сәуле түсірем» деп түн ұйқысын төрт бөлуі, яғни ағартушылық қызметі, міне, осылай басталған болатын.
Сонымен, Абай жедел даму, шапшаң жетілу жолына шықты. Оның айшықты куәсі – алғашқы он жылдық шығармашылық өмірі. Осы кезеңдегі поэзиясына талдау жасаған Мұхтар Әуезов Абай мұраты мынау дейді: «Өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді. Өсиет, өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп біледі. Ал Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен халықшыл, тазалық жолдар болғандықтан, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура жолдағы жақсы өлең-өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады. Басқаша айтқанда, адамгершілік, ар, ақтық деген сияқты қасиеттерді тәрбиемен көпке жайса, өмір де, қоғам да, халық тағдыры да өзгеріп, түзеліп кететіндей көрінеді» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -126-бет).
Үзіндіден ұғылатыны – Абай поэзиясы ә баста нақлия жүгін арқалаған. Халыққа ішкі ғылым-білімді (ғақлияны) үйретуді емес, мінезін түзетуді, тәлім-тәрбие беруді мақсат тұтқан. Өлең-өсиетпен мораль, ахлақты жеткізіп, эстетикалық сезімді өсіруге ұмтылған.
Сондықтан 1894 жылға дейінгі поэзиясының мазмұны «Ғылым таппай мақтанба», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол», «Пайда ойлама, ар ойла», «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат», «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды», «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек», «Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген секілді дидактикалық нақылға (аксиология) толы.
Тоқ етері, Абай бастапқыда Батыстан көп үйренді, еліктеді, сөйтіп, мәдени-ағартушылық бағытты ұстанды. Философиялық тұрғыдан оны – нақлиялық поэзия, тәжірибелік (моралдік) пәлсапа деуге керек. Оның алдағы поэзиясынан принциптік өзгешелігі осы арада.
Шүбәсіз, 1891 жылға дейін-ақ Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик биігіне шықты. Ойшыл нақыл поэзиясы күшімен ұлттың сана-сезімін оятып, түнерген надандық бұлтын сейілтті. Халқын ғылым-білімге шақырып, өркениет өріне өрлеуге үндеді. Қазақты мінеп, сынауының астары – отарлықты, оның 1868 жылғы сойқанды заңын әшкерелеу болды. Қазақтың бас ақыны аталуға Абай не істеді деген сауалдың жауабы міне осылар.
Абай философ болған ба? Бүгінгі ұрпақтың осы сұрақты қоюы заңдылық. Себебі, қылышынан қан тамған кеңестік цензура Абайды хакім түгіл, ойшыл деуге ауызды аштырмады. Айталық, Мұхаң: «Абай философ емес» деп көрсеткен болатын (Аталған монография, 173-бет). Төменде риторикалық сұрақтың жауабын іздестірейік.
Абай ақындығына ғалымдығы қосылған шағында (1884-1885 жж.) екі өлеңінде «Қартайдық, қайғы ойладық» десе, бағдарламалық «Қалың елім, қазағым...» өлеңінде «өздеріңді түзелер дей алмаймын» деп дерттенген. Қайғы ойлау, ұйқы сергек болу қашанда – ойшыл философ нышаны. Келесі жылғы «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» өлеңінде мынадай басы ашық жолдар бар:
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
«Ойшылмын» деу «философпын» деу тепе-тең, мағыналас. Жылма-жыл Абайдың жан қуаты артып, рухы гүлдене түскен. Оған білуге, ізденіске құштарлығы себепкер. 1889 жылғы әйгілі «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім, -
деп батыстың ғылымы, шығыстың даналығы қызықтырған хәлінен сыр ашады. Батыста ғылым күшті, бірақ философиясы нақлия деңгейінде. Сол себептен Абай бұл жағалаудан қол үзеді. «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында (1934 ж.) Мұхтар Әуезов: «Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ» десе, монографиялық еңбегінде 40 жастан асқан ақынды «оқымысты Абай» және «ақын-данышпан болуға айналды» деп сипаттап өтеді.
Келтірілген дерек-дәйектер Абай философ болған (1884-1893) деп тұжыруға жеткілікті сияқты. Биік асулар әлі алда. Бір сатыдан екіншісіне басқыштау бір демде болмайды. Сондықтан кейінгі үш жыл (1891-1893 жж.) өтпелі кезең есепті. Рух әлеміне талпынған Абай көңілі шарқ ұрған хәлін әлденеше жырына өзек етеді. Ғақлия сөзіне кірісуі де соның куәсі. Олай болса, енді кемеңгердің келесі сатысын сарапқа салайық.
Ғұлама ойшыл – теолог болған кезеңі (1894-1898)
Абай алғашқы прозасы, қырық сөзі топталған қолжазба кітабын «Ғақлия» атаған. Неге? Өйткені, бұл еңбегі бұрыннан белгілі, дағдылы нақылдар емес, қазақта бұрын-соңды айтылмаған соны пайым, жаңаша көзқарастар екенін аңдатқан. Ойшылдың мақсаты – әрненің түпкі себебін, тіршіліктің сырын, адамның мінезі мен болмысын түсіндіру болғаны осыдан-ақ ұғынықты.
Нақлия басы ашық, айқын шындықтар. Демек, олар түсіндіруді қажет емес. Ахаң (А. Байтұрсынов): «Абайдың кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі», – дегенде ғақлиатты игеруді айтқан. Абай жұмбағы да осы арада.
Сөйтіп, Абай 1893-1894 жылдан анық Шығыс ойшылы. Осы кездері «Ескендір» поэмасы және жан құмары, иман, ғибадат, Құдайды тану, пендешілік пен кісілік хақында толғаған қара сөздері қағаз бетіне түсті. «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде Абай: «Ақыл менен білімнен, Әбден үміт үзіппін» деп қамығады. Ғылымға қайыра аңсары ауады. Ендігі тірлігі – Құран бастатқан киелі кітаптарды парақтау, ислам ойшылдары еңбектерін оқып-тоқу болды. Семейдегі Ахмет Риза медресесі шәкірті кезінде жатталған сопылық ілім сырына ден қойып, терең барады. Мысалға 1895 жылғы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің соңғы шумағында Абай:
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас, –
дейді. Иман түгел болу мәнісі – дүниеден суыну, тариқатқа кіру. Бұл, әрине, сопылық шарты. Ізденгіш Абайды мұсылмандық Шығыстың хәл ілімі мен кәміл адам (әл-инсан әл-камил) теориясы қатты қызықтырған ғой. Абай машығы – нені де болса, өз ой қазанында қорытып, електен өткізу. Қай идеяға болмасын, қазақтың шапанын жауып, бөркін кигізеді. Мәселен, сопылық хәл ілімінен Абайдың жүрек культі өзгерек. Сол сияқты кәміл адам мен толық адам танымдары бір емес (оларда қандай принциптік өзгешелік барына кезегі келгенде тоқталамыз).
Алла тағаланы тану – адамдықтың тірегі, сонымен бірге, «Ол – күллі ғылымның шыңы» (Әл-Фараби). Демек, теология шыңы – тек генийдің еншісі. Оған жатпай-тұрмай ой ойласаң ғана жетесің. Алтын уақытын Абай кітап оқу, жазумен қатар терең ойға жұмсаған. «Лай суға май бітпес қой өткенге» (1895) өлеңінде ойшыл:
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі.
...Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын –
деп аса құнды дерек береді.
Сөйтіп, бес жыл (1894-1898 жж.) бойы Абай ойшылдыққа салынды. Кемеңгер ойшыл Алла мен адам болмысы көрінетін рухани сатыға шықты. Бұл Абай – қазақ теологиясының атасы деген сөзіміз. Оған дәлел-дәйектер көп, біз қысқаша ғана тоқталдық. Енді Абай әлемдік ойдың алыбы болған соңғы сатыны қарастыру қалып отыр.
Данышпан хакім, ой алыбы болған кезеңі (1899-1904)
Асқар таудың етегінен не пайда, тұтас панорама көрінбеген соң. Кімде кім таудың ең ұшар биігіне шығар болса, сол кісі ғана бүкіл аймақты алақанға салғандай тамашалай алмақшы. Міне, руханият әлемі туралы да осыны айтамыз. Қос ғұлама Абай, Шәкәрімнің Рух шыңына көтеріле алды. Оған дәлел – иманы түгел, өсиет сөздері мінсіз, ой-танымдары кемел. Екеуі де толық адам деңгейін, дәлдісі Абай данышпан хакім, Шәкәрім әулие биігін бағындырды. Асыл мұралары жалпыадамзаттық құндылық екенін ғұламалар өздері де жақсы білген.
Мәселен, Шәкәрім әулие болғандығы туралы:
Шын асықтың әрбірі,
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына, -
десе, ұстазы һәм ағасы Абайдың бағасын былайша берді: «Ол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. ... Тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, ол данышпан хакім философ кісі еді».
Осы айтылған данышпан хакім, әлемдік ойдың алыбы деуіміздің анық ғылыми негізі – Абайдың «Тасдиқ» трактаты мен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі (бұл екі туындыға алдағы уақытта арнайы тоқталмақпыз).
«Абай Құнанбайұлы» атты монографиялық еңбегінде Мұхаң: «Абай ойының, ізденулерінің... саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады» деп келешек ұрпақ ізденісіне адастырмас бағыт-бағдар сілтеген болатын.
Міне, біздікі ғұламаның осы аманатын орындауға талпыныс. Тексеріс нәтижесінде, оған өздеріңіз де куәсіздер, Абай ойының, ізденулерінің, рухани-шығармашылық эволюциясының айшықты үш сатысы анықталып отыр. Дәрістің жалғасы Абайдың басты еңбегі – «Тасдиқ» атты даналық трактаты жайында. Соны сарапқа салу арқылы ойшылдың соңғы хакімдік сатысын толығырақ танытпақ ниеттеміз.
«Ғақлиат-тасдиқат» – даналық трактат
«Абай – әлемдік ойдың алыбы және түркі дүниесінің абызы» дейміз. Оған нақты ғылыми негіз бар. Ол – ойшылдың «Ғақлиат-тасдиқат» («Хақиқатқа жету ілімі» деген мағынаны білдіреді) трактаты. Оны көшірген молдалар қысқа түрде «Китаб Тасдиқ» («Тасдиқ кітабы») деп атап кетеді. Өкініштісі, трактат әлі күнге «38-ші қарасөз» делініп келеді. Абай қойған атауын қайтару өте маңызды, ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселеміз! Тегінде, Абайда қолжазба кітап екеу: біріншісі «Ғақлия» (қырық қара сөз жинағы) және сөз болып отырған «Тасдиқ» кітабы. Екі еңбектің айырымы үлкен. «Ғақлия» қалың елі қазағына арналған. Халқының тұрмыс-тіршілігін талқыға сала отырып, сана-сезімін оятуды, адам болмысын жан құмары және тән құмары арқылы түсіндіре отырып, ұлт мінезін түзетуді мақсат тұтқан.
«Тасдиқ» мақсаты өзгерек, алар орны да айырықша. Төменде даналық трактатты жан-жақты екшеп, тексеріп, күрделі еңбекті жұртшылыққа қарапайым тілменен түсіндіруге ниет қылдық.
«Тасдиқ» қашан, қалай жазылған?
Абайдың барлық жинақтарында қарасөздердің жазылу мерзімі «1891-1898 жылдар» делінеді. Бірақ «Тасдиқтың» жазылу мерзімі басқа, онікі – 1899-1902 жылдар. Бұлай деу жаңаша көзқарас болғандықтан байыппен тоқталайық.
1898 жыл Абай өміріне күтпеген тосын «сыйлық» әкелді. Олай болмағы, аты-шулы Мұқыр сайлауында ұлы ақынға қамшы сілтен-ді. «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жүрегім менің – қырық жамау» деген өлеңдері осы оқиға жаңғырығы екені сөзсіз. Осы жылы пайда болған жүрек дерті – жоғары қан қысымы (гипертония) ұлы ақынды өле-өлгенше мазалағанын да айта отырайық.
Құдайдың көзі әділ, тосын оқиға ойшылға «қорытынды еңбегіңді қолға ал, оның уақыты жетті!» деп белгі бергендей әсер еткен. Сөйтіп, 1899-1902 жылдар аралығын Абай мүмкіндігінше оңашаланып (осы төрт жыл жайлы естеліктің азырақ болуы содан) өткізеді. Осы тыныштық тапқан уақыттың керемет жемісі – барлық кемел ой, іргелі ілімдері жинақталған, солардың квинтэссенциясы даналық трактаты. Оның ойшылдың басты еңбегі екені хақ.
«Тасдиқ» қалай жазылды? Енді осыған келейік. Жасы елуді еңсерген Абай нәтижесіз нәрселерден аулақтап, ықыласы біржола ғылымға ауады. Әсіресе, 1898 жылдан соң, ел жұмысы, сауда-саттық, дүниелік іс-шаруа бәрі-бәрі екінші мәртабада қалғаны анық. Қымбат уақытын жаны қалаған, сүйікті ісі – ой еңбегіне арнады. Бірақ, ұлы ақын қолында өскен Уәсила, Әрхам сөзінше, Абай күндіз оңашалана алмаған. «Бір көрсек, сәлем берсек» деп алыстан іздеп келетін қонақтар, кей-кейде шаруасы бар адамдар, сондай-ақ, үй шаруасын істейтін әйел, еркек немесе көршілері, балалары, келіндері кіріп-шығып жатады емес пе (көптің арасында әзілдеп, күліп, дуылдасып отыруды Абайдың өзі де ұнатқан). Сондықтан ойшыл көбіне түнгі уақытта пайдаланған. «Абай кей түнде ұйықтамайды, – дейді Әрхам Кәкітайұлы, – шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта қайта жағып, кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. ...Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейді» (Абай туралы естеліктер. –Алматы, 2018. -163-бет). Әрхам ақсақал бұл жерде Жидебай мекенін, 1899-1902 жылдары көргендерін айтып отыр.
Сөйтіп, данышпанның жайлы, өзін бақытты сезінетін шағы – шығармашылықпен айналысу болған. Жазу үстінде жан ләззатына, рахаты мен қуанышына бөленген. Хакімдер туралы: «Бұлар ...адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады» дегені өзіне де қатысты, жеке басының тәжірибесі деп қабылдасақ дұрыстық.
Қорыта айтқанда, «Тасдиқ» трактаты – аян секілді ғайыптан келген, илаһи шабытпен (көктен түскен деген мағынада) жазылған шығарма. Оның стилі тезистік, егер әрбір тезис-сөйлемге түсініктеме берілсе, бір қалың кітапқа жүк болары сөзсіз. Мәтіні екінің бірі ұға алмайтын аса күрделі болуы, автордың ешбір кітапқа я ғалымға сілтеме жасамауы, тек аят-хадисті ғана арқа тірек қылуы соның айғақтары.
«Тасдиқтың» мақсаты мен мазмұны
Даналық шығармада «қазақ» деген сөз де, қазаққа ұғымды болсыншы деген ой-ниет те жоқ. Берісі мұсылман, әрісі адамзат мүддесін көздегенін Абай жасырмаған. Мәселен сөзін: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш) қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастаған. Сондай-ақ, араб, парсы сөздері жиі қолданылуы, лингвист ғалымдар анықтағандай, еңбектің сол дәуірде ғылым тілі болған шағатай диалектісінде жазылуы да көп жайды аңғартқандай.
Трактат мақсаты – ең асыл хақиқаттарды жеткізу. Оларды түсінудің өзіндік шарты бар, оны Абай: «Хақиқатты сүйіп, шынды білмекке құмарың болсын» деп білдіреді. Ол хақиқаттар қайсы? Әр пенде Құдайға қайтады, демек, мінезін түзеп, рухани жағынан кемелденуі керек, бір. Адам әлемнің зәредей бір бөлшегі, демек, үйлесімділік заңын бұзбай ғана, дүние кетігіне бір кірпіш болып қалануы керек, екі. Міне, Абай жеткізбек болған басты екі хақиқат осылар. Ықыласпенен оқып, ұғып алсаңыз «оның үшін махаббатың толады» деуі және трактатқа «Хақиқатқа жету ілімі» деп ат қоюы осымен өз түсінігін табады.
Енді «Тасдиқ» мазмұнына өтейік. Оны да Абай өзі былайша анықтап береді: «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы мен залалдыны айырмақлық». Міне, бұл тезисте – ғылым классификациясы, оның басты тағандары аталған:
Алла тағаланы танымақтық (теология ғылымы).
Өзін танымақтық (адамтану, психология ғылымы).
Дүниені танымақтық (барлық сыртқы ғылымдар).
Пайдалы мен залалдыны айырмақлық (мұсылманша ахлақ, еуропалық лексикада мораль, этика ілімі).
Алдыңғы үш танымақтық Аристотель мен әл-Фараби сөзінше «теориялық философия», ал соңғыны «практикалық философия». Тылсым – Жаратушының бір жағы, ал материалдық дүние – екінші жағы болуы себепті әл-Фараби теориялық философия аясына «дүниені танымақтықты» да кіргізген екен.
Сонымен, келтірілген жүйе дүниенің көрінбеген һәм көрінген сыры, ғылым тілінде, метафизика мен физика тұтас қамтылуымен ерекше. Сырт қалған ештеңе де жоқ. Олай болса, бұдан асқан ғылым классификациясы болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сондықтан төрткүл жүйенің аты – «Болмыс бірлігі». Әлемді сақтаушы күш – бірлік, онсыз ұлт, қауым, мейлі, отбасы дейік, құрдымға кетеді. Қазақ: «Төртеу бір болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, өз кезегінде бірліктің іргетасы – үйлесім, келісім. Болмыс бірлігі деген – Алла, Адам, Дүние бірлігі. Исламда оны «Әл-ахад уә әл-ужуд» теориясы десе, еуропа жұрты «Ұлы үшкіл» («Великая триада») дейді. Болмыс бірлігі үйлесімділік заңымен сақталып тұрғаны киелі жазбалардан аян ақиқат.
Енді мынаған назар аударайық: даналық трактат мазмұны мен сөз болып отырған төрткүл жүйе толық сәйкес! Ғаламның бүтіндігі мен үйлесімділігі идеясы бұрыннан, бірақ оның мән-мағынасына жеткен данышпаның қайсы? Қазақ ойшылы Абай жаңағы төрткүл жүйе ақиқаттығын трактатын жазу арқылы анықтап, дәлелдеп береді. Бұл, сөз жоқ, әлемдік ой-санаға қосқан зор үлесі!
«Тасдиқтың» мақсаты мен мазмұны жайлы сөзіміз осымен тәмам. Енді қарапайымнан біртіндеп күрделіге аяқ басайық.
Абай – ғаламдық ақыл-ойды жаңғыртқан хакім
«Тасдиқ» – қатардағы қарасөз емес, онда ғаламдық ақыл-ес, ой-сана жаңғыртылған. Әрине, бұл пайымның: «Үш танымақтық әлімсақтан аян, оны Американы ашқандық санау артық кеткендік» деген күмән-күдік туғызуы әбден мүмкін.
Гәп мынада: «Болмыс бірлігі», екінші түрде Үйлесімділік заңы (Махаббат заңы деп оқыңыз) уақыт тозаңына көміліп, ұмыт қалған құндылық. «Барлық бәленің басы – бір» демекші, адамзат көшінің түзу жолдан адасқан жайы сол. Тарихқа қысқа ғана шолу жасайық. Ғылымның қызығына түсіп, заттық прогресске байланған ортағасырлық Еуропа Құдайды ұмытты. Оны танудан бас тартты. Қазіргі күнгі Батыс жұрты да тылсым әлемінен «бұл мистика мен эзотерия ғой» деп ат-тонын ала қашады. Вакуумды толтыру үшін «Психология» дейтін сананы зерттейтін ғылымды тықпалап әуре. Бұлары Жаратушы Иеміз сүйетін қылықтар ма?! Әрине, жоқ. Сыңарезу прогрестен экологиялық апат тақады, адамзат арбасы аударылуға шақ қалды. Құдайдың есті алғаны сол, есіл қаржы жойқын қару-жарақ жасауға құйылып, озбырлық асқынып тұр. Сөйтіп, Батыс әлемі әділетті Хақ жолында деуге ауыз бармайды.
Біздің сенген «қойымыз» мұсылмандық Шығыс десеңіз, оның да оңғаны шамалы болып тұр. «Болмыс бірлігі» доктринасының кепілі болуға тиісті ислам әлемі ә баста сүннит және шиит болып қақ жарылды. Қазіргі «Таза ислам» дегенді ту еткен мұсылман жұртының түрлі ағымдарға бөлініп, «байтал түгіл, бас қайғы» болып жүрген жайы бесенеден белгілі. Ең жаманы: Ғылымды –һаммаға харекет беретұғын нәрсе деп білмеді, бәлки ескермеді. Сонан дін түнек, дін соқырлық деген ұғым пайда болды.
Жасалған шағын шолудан «Алла-Адам-Жаратылыс», яғни «Болмыс бірлігі» заңдылығы бұзылғанына көз жеткіздік. Яғни, адамзат көшінің адасу себебі осы арада деген ой тастадық.
Енді Абайдың адамның ғылымын жүйелеуі – әлемдік ой-сананы жаңғыртқаны дегенді бірер мысалмен бекіте отырайық.
Ежелгі грек және мұсылмандық Шығыс ойшылдары Ғылымды тұңғыш рет жүйеге салды. Аристотель ғылым-білімді үш үлкен топқа жіктеген: теориялық, практикалық және шығармашылық деп. Бірінші топ – философия, математика және физика, екінші топ – этика (мораль) мен саясат, ал, үшінші топ – өнер, кәсіп және қолданбалы ғылымдар дейді. Философияны: «Ол барлық ғылымның басы» деп ең үстіге қояды (Метафизика. М., Мысль, 1976, т. 1. 68-бет). Бұл әуелгі сана, кейінгі тұрмыс деген сөз.
«Шығыстың Аристотелі» әл-Фараби бабамыз «Ғылымды классификациялау туралы сөз» атты еңбегін жазып, ғылымды бес түрге бөледі: 1) тіл туралы ғылым; 2) логика (арабша-мантық); 3) математика; 4) физика және метафизика; 5) азаматтық ғылымдар және заң ілімдері. Әрі қарай осы бес түрге кіретін ғылым тармақтарын анықтап береді. Мәселен, математика ғылымы арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка, жиыны жеті саланы қамтиды дейді. Сөйтіп, әл-Фараби адамның ғылымын жан-жақты қамтуға талпынған. Келтірілген екі жүйені Абай жүйесімен салыстыра қарасақ, алдыңғы екеуі «Болмыс бірлігі» идеясын ұстануды мақсат тұтпағанын аңдау қиынға соқпайды.
Сонымен, Абай жүйесі – адамның ғылымын жүйеге салудың озық үлгісі, ол қасиетті Құранға негізделген. Ең басты құндылығы – сол арқылы данышпан Абай болмыс бүтіндігі мен үйлесімділігі заңын жаңғыртып отыр.
Шыны сол, бүгінгі таңда адамзат көші рухани кризиске тірелді. Прогресс жолынан шеткері, Шыңғыстау бөктерінде ғұмыр кешкен хакім, міне, осыны көре білді. «Тасдиқ» трактатын жазуға жетелеген сыртқы жағдаят осы арада деген ойдамын.
Айта өтері, адамның ғылымын жүйелеу мен философиялық жүйе жасау екі басқа. Оларды шатастырмаған жөн. Платондікі, Гегельдікі, Фейербахтікі, Канттікі дегендей жүйе жасаушылық Шығыста жоқ. Неге? Өйткені, кез келген жүйе – шектеу, жасанды қалып. Руханият шексіз, кәне, оны қалыпқа салып, сыйдырып көр. Қанша ақылды болса да, философиялық жүйе адасуға әкелетіні сол.
Абай: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп білмесе айта ма. Егер хакім соңына ерер болсақ, Жер-Анада махаббат-мейірім бұлағы ағып, жұмаққа айналары еді. «Абай – ғаламдық ой-сананы жаңғыртқан хакім» дегенге айтар сөз осы. Енді руханиятта Абай ашқан жаңалықтарға келейік.
Абай ашқан жаңалықтар
«Тасдиқ» трактаты кіріспеден және төрт бөлімнен (үш танымақтық, бір айырмақлық) тұрады. Кіріспеде Абай адамды бала жастан ғылым-білімге махаббаттандырмақ маңызды дейді. Рухани ғылым-білімсіз ақылға сәуле қонбайды. Оны үйренсе, білсе «сонда ғана оның аты адам болатынын» ескертеді.
Трактаттың әуелгі «Алла тағаланы танымақтық» бөлімі күрделі де қилы ізденістерге толы. Академик Ғарифолла Есім былай деп мәлімдейді: «Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған. «Неліктен Алла бір?» деп мәселе нақтылы қойылмаған» («Абай» энциклопедиясы. – Алматы, 1995. -80-бет). Шыны сол, аталмыш мәселе шешімін тапқан ойшыл әлем бойынша да жоқ. Ғажабы сол, Жаратушы Иенің үш ұлық сипатын қазақ данышпаны Абай әлемде тұңғыш рет анықтап береді. Бұрын-соңды болмаған жаңалықты кез-кезімен жеткізейік.
Алланың сегіз сүбутия (тұрақты) сипатын сарапқа сала отырып, сол сипаттардың: «Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх (көмекші)» деп Ғылым мен Құдіретті даралап көрсетеді. Міне, бұл – Абай жаңалығы! Өйткені: «Һаммаға харекет беретұғын осылар» дейді. Бірақ бір Иеде екі қозғаушы болуы жарамайды. Демек: «Алланың ғылымы мен құдіреті арасында айырым жоқ, олар бір ұғым» деген бәтуаға келеді Абай.
Келесі жаңалық мынау: Абай Алланың Ғылымнан кейінгі ұлық сипаты – Рақым деп анықтап береді. Қалай, қайтіп? Алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд (Сүйікті), Хафиз (Қорғаушы) бастатқан көркем есімдерін «бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды» деп тұжырады. Оған нақлия және ғақлия дәлелдерін келтіреді. «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты» дейді ғұлама. Кәне, екінші ұлық сипат Рақым екендігі бұрыннан белгілі деп кім таласар екен.
Алланың үшінші ұлық сипаты – Ғадаләт дейді Абай. Мұны дәлелдеуге трактатында көлемді орын берілген. Дәлел-дәйектерін Абай: «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар» деп бастап, адам баласының пайдасына жасалған сан алуан заһири көріністі, яки табиғат құбылыстарын әсерлі қаламмен төгілтеді. Соңын: «Жә, бұл хикметтерінің һәммасында һәм мархамат һәм ғадаләт заһир тұр екен. Біз өз ортамызда бұл мархамат, ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, ...Алла тағалаға тәслим болып, Оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы?» деген сауалмен аяқтаған.
Осымен, Абай үшінші ұлық сипат – Ғадаләт екендігін тағрифлап береді. Ол – Болмыс қасиеті, Алланың барша істері әділетті. Оған ұқсап бағу пендеге қарыз. Ғадаләт бар жерде ғана мархамат, махаббат бар және керісінше. Сондықтан Абай: «Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр» деуімен өз ашқан жаңалықты бекіте түседі.
Абайдың «Өзін танымақтық» ғақлиатына өтейік. Бұл бөлімін: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша Құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті-құдіретті еді» деп бастаған. «Біздің бастағы тағриф бойынша» дегені, жоғарыдағы өз ізденістерін айтқаны. Әрі қарай ойшыл: «Сенде бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: иждиһатты шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады» дейді. Зер сала оқиық, осы тезисте Абай өзінің «толық адам» концепциясын тұңғыш рет негіздеп отыр! Бұрын поэзиясында «толық боласың» дегені өзгерек, бұл жолғы үш қасиет желісін үш ұлық сипаттан тартады. Әлемдік жаңалықтың көкесі осы! Мұсылмандық әйгілі «кәміл адам» («әл-инсан әл-камил) идеалы мен «толық адам» бейнесі айырымын да осы арадан іздеген дұрыстық. Сонымен, Абай жаңалықтары кітаптан оқыған я болмаса естіген дүниелер емес, өзінің айлап, жылдап ой ойлауымен ашқан хақиқаттар болып табылады.
Абайдың Шығысы дегенге айтарым әзірге осы. Онан шығар қорытынды: «Тасдиқ» трактаты – Абайдың барлық ізденістерінің, ойларының Эверест секілді шыңы. Ол қазақ дүниетанымына етене жақын, сондай-ақ, Құран мазмұнына сәйкес. Сондықтан болашақта қазақ философиясының іргетасына қалануы мемлекеттік маңызға ие шаруа. Алдағы уақытта Абайдың тәрбие, ғылым, иман, дін, пенделіктің кәмәлаты, Хақ жолына деген таным, көзқарастарын жеке-жеке сөз қылмақ, екшемек ниетіндеміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.