Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Зейнолла Сәнік оқулары...

15.04.2025 501

Зейнолла Сәнік оқулары

Зейнолла Сәнік оқулары - adebiportal.kz

15 сәуір күні  танымал жазушы және этнограф-ғалым, баспагер Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай қаламгер тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақтаның  ашылу салтанаты өтті

Сонымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәстүрлі «Сәнік оқулары» аясында студенттер мен магистранттар арасында республикалық байқау ұйымдастырылды. Білім жарысы жазушының мұрасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мен жас ғалымдардың шығармашылық ойы мен жобаларын жүзеге асыруға ықпал етуді мақсат етеді.

Қатысушылар «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Дизайн өнерінің үздік туындысы», «Үздік деректі фильм» номинациялар бойынша бақ сынады. Үздіктер Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы иегері атанды. Әділқазылар алқасы құрамында ҚазҰУ оқытушы-профессорлары, танымал журналистер, белгілі редакторлар, қоғам қайраткерлері болды.

Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылдың 15 сәуірінде ҚХР, Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. «Халық баспасы», «Шыңжаң халық баспасы, «Шыңжаң жас өрендері» баспасында аға редактор, жетекші ретінде қызмет атқарды. 2000 жылы тарихи Отанына оралып, зерттеу жұмыстарын жалғастырған. 

Бейсенғали Садықанұлымен бірге Қабанбай туралы «Қабанбай батыр» тұңғыш жинағын құрастырды. Сонымен бірге қаламгердің «Хан батыр Қабанбай», «Тау жұлдызы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қайрақбай», «Басбай», «Сергелдең», «Із», «Тұғырыл хан – Демежан батыр», «Қазақ этнографиясы», «Сүлеймен би», т.б кітаптары жарық көрген. 15 томдық мұрасы басылып шыққан жазушы қазақ тарихы және мәдениетінің дамуына, қайта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосып кетті. 2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры ұлт руханияты, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына қолдау көрсетіп келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар