Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Жезтырнақ

Қазақ фольклорында көп кездесетін, фольклорлық мұралардың көпшілігінде әйел кейпінде суреттелетін, бойында жойқын күші бар, адамға қас кейіпкердің бірі - жезтырнақ. Ол - мифтік бейне. Жағымды кейіпкерге қарсы, оның қас дұшпаны ретінде сипатталатын жезтырнақ халықтан шыққан батырлардан жеңіліп қалып отырады. Ертегілерінде, аңшылар туралы аңыз-әңгімелерде жезтырнақ бейнесі жан-жақты сомдалады. Ертегілердің көпшілігінде жезтырнақ бейнесін ұзын бойлы, тырнақтары пышақтай өткір, жапандағы жалғыз әйел түрінде суреттейді. Алайда аңшы аңыздарында жезтырнақтар адам тәрізді жұптасып өмір сүреді, олардың балалары болады деп баяндалады.

««... Бір күні Төлебай батыр бір баласын ертіп, аң аулау үшін тауға шығады. Олар тау аралап жүріп, осы тауда мал жайып жүрген жат адамдарға жолығады, бірақ бұлар Төлебайларға жылы жүз көрсетпейді. Осы кезде Төлебай сол маңда тұрған тастан қаланған үйлерді көреді де, соған қарай тартады. Шеткі үйге жақындай бергенде ішінен жезтырнақ шығып, Төлебайға жылы шыраймен сәлем беріп, батырға: «Аттан түсіп, үйге кіріп шай ішіп кетіңіз» - дейді...» - деген үзіндіден жезтырнақтардың адамзат қауымы тәрізді күн кешетіндігін байқаймыз.

Ал келесі мәтінде жезтырнақ бейнесі жан-жақты суреттеледі:

 «Өте ертеде өзі батыр, ақылды Арық мерген деген болыпты. Құла түзден аң аулап, от жағып, атқан елік етін қақтап, алдыға алған шақта, бір сұлу қыз бұлғалақтап жетіпті:

«Үстінде асыл киім, теңге таққан,

Аяғын басқан сайын сылдыр қаққан.

Қылмиып бір тізелеп бұраң қағып,

Қыз келіп орын алды еңіс жақтан.

Қыз отыр бір шөп алып шұқыланып,

Мергеннің бар қылығын көзбен бағып.

Кезіккен елсіз жерде сұлу қызға,

Мерген де таңданады қайран қалып».

Жоғарыдағы үзіндіні, басқа да фольклорлық үлгілерді зерделей келе, бұл бейне туралы мынадай суреттемені бере аламыз:

Жезтырнақ – имек жез мұрынды, үлкен жез тырнақты, сұлу жас әйел кейпіндегі жын-пері тектес мақұлық.  Жезтырнақ - ғаламат зор қара күш иесі. Оның ащы даусы жер жаңғырықтырады. Өзінің айқайымен ол құстар мен ұсақ хайуанаттарды өлтіре береді.

Көрнекті ғалым С.Қасқабасов:

«Жезтырнақ туралы хикаялар албасты, жалғыз көзді дәу жайындағы әңгімелерге қарағанда біршама көркемделген, тіпті шежірелік (генеалогиялық) циклге де түсе бастаған, яғни ертегі жанрына ойыса түскен.

Мұнда құр адамның жезтырнақпен кездескен оқиғасы ғана айтылмайды. Оқиға әрлене баяндалады, жезтырнақ келер алдындағы адамның жай-күйі, маңайдағы табиғат, түн сипатталады, тіпті жезтырнақтың сыртқы киімі, кескіні суреттеледі.

«...Жезтырнақтың келер мезгілі – түн, адам әр дыбыстан сескенетін уақыт. Оның үстіне маңайда тірі жан да жоқ, айдала. Бұның бәрі тындаушыға үрей туғызары сөзсіз. Демек, жезтырнақ жайындағы хикаяларда тек оқиғаны айтуға ғана мән беріліп қоймайды. Мұнда тындаушыға қажетті дәрежеде әсер ету керектігі де ескеріледі, ал бұл – көркем фольклордың белгісі. Демек, хикая жанрында көркемделудің алғашқы нышаны елес бере бастайды, - деп қорытады [18, 79б.].

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде «Жезтырнақ персонажы түркі халықтары ішінде қазақтарға ең көп танымал. Қырғыздар «жезтырнақты» сондай-ақ «джез тумшук» деп атайды. Яғни, оның тырнақтары ғана емес, сондай-ақ мұрны да жез не темірден жасалғанының белгісі болып табылады» деген пікірін білдіреді.

Кейбір мифтік ертегілерде жолы болғыш аңшылар жезтырнақтарды айламен жеңеді. Сондай аңыздардың бірінде іңір қараңғысында бір жас келіншектің алаулатып от жағып отырған аңшының қасына келгені баяндалады. Аңшы оны дәмге шақырады. Ол үнемі, тіпті тамақ жеп отырғанда да мұрнын жеңімен көлегейлей бергеніне қарап әйелдің пері екенін аңғарады. Әйел кеткеннен кейін аңшы оттың қасына бөрене тастап, оны өз киімімен жабады да, мылтығын оқтап, ағаш басына шығады. Түнде жезтырнақ қайтып келіп, бөренені тарпа бас салады, тырнағы ағашқа бойлай кіріп кетеді. Сол кезде аңшы әзәзілді дәл көздеп атып өлтіреді.

Мамай батырдың жезтырнақпен қалай кездескені туралы хикаяда жезтырнақ айқынырақ сипатталады:

«Қарасам, ұзын бойлы, қара сұр әйел. Екі қолы қусырулы, екі көзімен ішіп-жеп бара жатыр. Келіп, асулы тұрған еттің қасына отырды.

... Ет пісті. Бір жіліктің басын алып, ұсынып ем, аузын ашты. Аузына сүйек-мүйегімен асатып едім, ол бір-ақ толғап, сүйегімен жұта салды.

... Екі қолын кесіп алдым. Қолы пістедей темір, жезтырнақ екен» деген үзінділерден Жезтырнақты ерекше жылдамдықпен қозғалатын, ұзын бойлы, әйел сипатты, қара сұр түсті, көздері өткір, аузы үлкен, сұсты бейне түрінде көз-алдымызға елестетуге болады. Келесі аңызды қарайық. Онда:

«...Арық мерген күркенің ішіне бір томар тастапты да үстіне өзінің киімін жауып қойыпты. Өзі бір қурайдың тасасына барып отырыпты. Бір мезгіл өткеннен кейін үстінде тоқсан қабат торғыны бар жезтырнақ көрінеді» деген жолдар бар.

«Құламерген» ертегісінде де жезтырнақ бейнесі былайша сомдалған:

«Мерген: «Бұл немененің дыбысы, бұл жерде адам жоқ еді?», – деп, қайран болып тұрса, бір көк көйлекті қатын кіріп келіпті, ешбір жауап қылмай, бір тізелеп отырыпты. Қараса, түсі сары, көзі ала және екі көзін мергеннен айырмайды.

...Адамнан ешбір бөтен жері көрінбейді. «Бұл қалай? Қолын көрейінші!» деп қараса, екі қолының алақаны пышақтың жүзіндей көк темір екен, саусақтарының ұшы найзадай өткір, тасқа кіріп кетеді...»

«Есекмерген» ертегісіндегі жезтырнақ бейнесі де осыған ұқсас. Айдалада оттың басында отырған Есекмергенге жезтырнақ келіп жолығады.

«... Қанша батыр болса да, осыдан қорқады. Жеп отырған тамағынан ет береді жезтырнаққа, бірақ жезтырнақ дәрменсіз болады, тырнағы икемге келмей жей алмайды. Есекмерген аузына қасығымен ет салады. Ақырында жезтырнақ шыдамы жетпей, кетіп қалады». Бұл сарын Арық мерген, Шора мерген ертегілерінде де кездеседі. Қай шығарманы алмайық, жезтырнақ адамға көрген беттен бас салмайды. Ол алдымен адаммен кездесіп, оның ұсынған дәмін татып, кетіп қалады. Бірақ қараңғы түсе, жолаушы ұйықтады деген кезде қайта оралып, жез тырнақтарын қадап, оны өлтіруге ұмтылады. Жезтырнақ туралы шығармалардың барлығында оның тырнақтарының ұзын, өткір екендігі айтылады. Жезтырнақтар өздерінің өткір тырнақтарын қару етіп жұмсайды. Кейде осы тырнақтарымен кісінің қарнын жарып, денесін паршалап, өлтіріп те тастайды.

Ал  «Боран есімді батыр» және «Шора батыр» аңыздарында «Жезтырнақтардың киімдері басынан аяғына дейін теңгелермен,  моншақтармен,  алтын және күміс түймелермен, жапсырма-ілгектермен әшекейленген. Олар жүргенде осының бәрі сыңғырлап, тіпті қаңғырлап кетеді. Жезтырнақтар мойнына моншақтардан жасалған алқа, аяқ-қолдарына жүзік-білезіктер таққан» деп суреттеледі.

«Ертеде бір бала жүріп келе жатып, қоналқалыққа бір қалың тоғайға жетеді. Күрке тігіп, от жағып, тамақ пісіріп отыр екен, есіктен салдырлатып бір адам кіреді...

Баланың ұзатайын деп жүрген бір қарындасы бар екен. Соның сәукелесі жоқ екен. Соған жезтырнақтың нәрсесінен бір ғана әшекейлі сәукелені алады...» деген үзіндіні немесе «Боз атты Боран батыр» туралы аңыздан алынған:

«...Күндердің күнінде Боран батырдың қызы ұзатылатын болады. Қыз ұзатыларда әкесінен жезтырнақтың теңге-моншақтары мен жез тырнақтарын қалайды...» деген жолдарды сөзіміз дәлелді болу үшін келтіруге болады.

Ал «Шора батыр» ертегісінде «кіндігі кәдімгідей, осы екі-үш қарыс болат болады екен, тырнағының бәрі болат болады екен. Үстіне салған өңкей сөлкебай - алтын менен күміс шашбауы» деп сипаттайды. «Арық мерген» ертегісінде де жезтырнақты  үстінде тоқсан қабат торғыны бар, алтын-күміске малынған, жез тырнақты әйел кейпінде суреттейді.

Ш.Уәлиханов: «Жезтырнақ» – әйел кейпіндегі жын (дух). Ол орманда өмір сүреді. Жезтырнақ туралы аңыздар көп» – деп жазса, профессор С.Қасқабасов: «Жезтырнақтың әу бастағы түпкі мифологиялық қызметі қамысты даланың, ну орманның қожайыны (рух-иесі) болуы ықтимал. Кейіннен әлемдік дін ығыстырғанда оның бейнесі хикая жанрына ауысып, өзгеріске ұшырап, енді зияндас кейіпкерге айналып кеткен» [18]  деген пікір білдіреді.

Ғалым С.Қондыбай «жезтырнақ – тұрақты сюжеті бар келіншек сипатындағы мифтік бейне. Оның атрибуты – алтыны бар шилан, күміс шашбау. Үңгірлерінде мол қазынасы бар жезтырнақ – ежелгі аңшылардың пірі, аңдардың қамқоршысы болған «Арғы - Әженің» эволюцияға ұшыраған параллелі» [12] деп түсіндіреді.

Ал зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде жоғарыдағы ғалымның пікірін нақтылай келіп: Бұл тұжырым аңшы мен аңдар қамқоршысының арасындағы антагонистік қатынастың себебін ашары сөзсіз. Сондай-ақ жезтырнақтың арғы тегі аңшылардың да құдайы екенін оның аңшымен табақтас болуынан тануға болады. Аңшы түйсік тұрғысында онымен өз олжасынан ет бөлісіп отыр. Алайда аңшы жезтырнақ мекенінің бір заңдылығын бұзғаны байқалады. Хикаяларда бұл ашық айтылмайды, бірақ «Жезтырнақ» деген мәтінге көңіл бөлейік: « – Мә, мына етті же! – деп жезтырнаққа береді. Сөйтсе, жеңінен саусақтарын көрсетпей, жезтырнақ етті алады да аузына салып, қайтадан жеңімен қолын жабады. Сөйтсе, Шора батыр жаңағы пышақтың ұшына шаншып берген майын шөпке сүртетін көрінеді. Сөйтсе, жезтырнақ айтады:

– Ие, сіз майды шөпке неге сүртесіз? – дейді де, сонымен теріс айналып жөнеледі». Үзіндіден байқағанымыздай, жезтырнақ Шора батырдың майды шөпке сүрткеніне реніш білдірді. Яғни, Шора аңшыларға аң қамқоршысы тыйым салған нәрсені істеп, жезтырнақ алдында жазықты болды. Мұндай жезтырнаққа қатысты аңшы тарапынан болған әбестік «Мерген мен баласы» мәтінінде де байқалады: «Мерген жеп отырған етінен беріп еді, келіншек қолын көрсетпей, жеңімен алып жеді. Бұдан соң мерген еттің сүйегін мүжіп отырғанда: – Асылды асылға салдың-ау, – деп, келіншек кетіп қалды».  

Бұдан байқайтынымыз, жезтырнақ аңдар қамқоршысы ретінде аңшыларға өз мекеніне кіруге, аң аулауға рұқсат береді, мұны оның аңшыға жасырынбай келіншек кейпінде келуінен, берген етінен бас тартпай жегенінен білеміз. Бірақ аңшылыққа немесе аңдарға қатысты тыйым салынған нәрселер істелінсе, ол аңшыны өлтіруге барын салады.

Хикаяда жезтырнақтың ұрланып, аңшыға бетпе-бет келмей түн ішінде өлтірмек актісі оның құдайлық статусынан айырылып қалғанының белгісі болып табылады. Хикаяларда жезтырнақ өлімі үшін кек алушылардың бір текті болмай, жалғыз көзді дәу (немесе төбекөз), таутайлақ, айдаһар сияқты персонаждардың орын алуы оның құдайлық мәртебесі жоғары болғанын растай түседі [11, 89б.], - деп қорытады.

Бұл пікірді туваның «чес дыргак» туралы бір мифі растай түспек. Мифте: «Менің әкемнің аты – Донгак Сульде. Ол бала кезінде бір байдың қойын баққан. Оның қыстауы Қызыл-чурек тауының қасынан ағатын Дагыр-Шеми өзенінің маңында болған. Ол қой жайып жүріп бір ақ боз ат мінген сұлу қызға кездеседі. Оның жез тұмсығы, жез тырнағы, басына киген бұлғын бөркі, ал үстінде жеңі құндызбен жұрындалған тоны бар еді. Ол қайдан пайда болды, мұны әкем біле алмайды. Дәл сол күні бір қозы туады да, аяз күшейгендіктен үсіп өлген екен. Бұған шопан алаңдап, қайғырып жүреді. «Неге жылайсың, балақай?» – дейді салт атты жолаушы. «Жаңа туған қозы өлді, соған жылаймын», – дейді көз жасы мөлтілдеп. «Сен жылама, саған өмір тұмарын берем», – деп жұбатады оны бейтаныс жез тұмсықты, жез тырнақты сұлу. Жұбатады да оған қоржынынан ақ талқан секілді аппақ ұнтақты ұсынады. «Мен қорқам», – дейді бала. «Неден?» «Байдың қамшысынан». «Сен осы ақ талқанды іше сал, ештеңеден қорқушы болма, сенің өмірің ұзақ және бақ-дәулетті боласың, ешкімге бағынышты болмайсың. Бірақ менімен кездескенің туралы ешкімге тіс жарып айтпа, егер айтатын болсаң, сол сәтте дереу өлетін боласың», – деп ескертеді.

Шопан бала дуалы ақ ұнтақты ішіп жібергенде ақ боз атты сұлу қыз да дереу ғайып болады. Расында менің әкем тоқсан тоғыз жасқа келіп, көп ұрпақ сүйіп, жақсы өмір сүрді. Әкей өлерінде мені оңаша шақырып алып, өзінің жезтырнақты сұлуға кездескені туралы хикаяны айтып берді де жантәсілім етті».

Көріп отырғанымыздай, Тува фольклорында сақталған бұл сюжетте «чес дыргак» жауыз емес, керісінше қамқоршы бейне міндетін атқарушы әрі өзіне кездескен жанға құпиялықты сақтау жөнінде шарт қоюшы ретінде сомдалады. Біз кездестірген мәтіндерде жезтырнақ кездескен адамын қапияда бас салатын зұлым бейне ретінде сомдалған. Сол себепті де қазақ фольклорындағы жезтырнақ тек қана жағымсыз сипатқа ие қаскөй күш дей аламыз.

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы жезтырнақ - тау мен тасты, болмаса орманды мекендейтін, жұптасып өмір сүретін, адамнан өткір тырнақтарымен ерекшеленетін, бар күш-қуаты өткір тырнақтарына жиналған сұлу келіншек сипатындағы қаскөй күш.

 

Бижомарт Қапалбек Сейсенбекұлы

Көп оқылғандар