Жаңа ашылған «Портрет» айдарына Тынымбай Нұрмағамбетовты алғашқы кейіпкер етіп алғанымыздың өз себебі бар. Өмірдің мағынасына, адам жанының нәзік қалтарыстарына терең үңілу оның прозасына тән сипат берді. Оған жазушының шығармаларына ерекше көрік беретін юморын қосыңыз. Оны басқа қазақ жазушыларынан айырықша ерекшелей алмайтынымыз сияқты, ұқсастығын да көп деп айта алмаймыз. Бірақ олардың бәрі дәл осы жазушы сияқты оқырман ықыласына ие бола алмады. Оның артықшылығының бірі – оқырман махаббатына бөленгені.
Жолдастарымның көбі құрылыс мамандары болғаннан кейін олармен әдебиет төңірегінде көп шүйіркелесе қоймаймыз. Кітап оқу, жазу оларға жеңіл, рахат жұмыс боп көрінетіндіктен де: «сенің жұмысың жақсы осы», – деп жиі айтады. Әкімдіктегідей таңғы сегізде келіп, кешкі алтыда шығатын қатаң жүйенің өкілі болмағаннан кейін де мен солар айтқан «жақсысының» мәнін түсіне қоймаймын. Сірә, таңғы сағат он шамасында жұмысқа келіп, мақала жазу үшін берілетін уақыт еркіндігін кейде шамадан тыс, асыра пайдаланып жүрген «еркелігімізді» жақсылық деп ұқса керек. Әйтпесе, жазуын кәсіп етіп жүрген адам үшін мақала жазудан қиын дүние болсын ба?! Маған салса, солардың жұмысы – рахат.
Оларға жазудың қиындығын, кітап оқудың ләззатын да түсіндіріп әуре болмаймын. Дегенмен, олар ара-тұра «оқитын кітап айтшы, кітап оқымағалы көп болды», – деп қиғылық салады. Тура сол сәтте қай жазушыны, ақынды айтарыңды білмей абдырап қаласың. Құдды бір, кітап оқитын адам секілді салмақтана сұрағанда, өзіңнің де көп ештеңе оқи қоймағаныңды аңғарасың-ау. Солай кітап сұраған бір инженер досыма Тынымбай Нұрмағамбетовтың кітабын бергенмін. «Соғысқа кеткен балалары оралмай, ағаштарға мұңын айтқан ана туралы әңгімесін оқып жыладым», – деді.
Тынымбай Нұрмағамбетов прозасы оқырман таңдамайды. Оның жазушылығы көпке ортақ. Бәріне түсінікті тілмен, жалпығы ортақ оймен, қазақтың жаны дейтін құндылықпен оқырмандарын ізгілікке шақырады. Оны эпикалық жазушы деп айта алмаймыз. Романистерге тән үлкен жазушылық тынысын да осы уақытқа дейін көрсеткен емес. Оның жанры: повесть пен әңгіме.
«Жалын» журналының жабық бәйгесінде жүлдегер болғаннан бүгінге дейін жазушы шығармашылығын тамсана оқымаған адам аз. Бердібек Соқпақбаевтың бір ғана жылы сөзі тек жазушылық сапарына ақ жол тілеген аға пейілі емес еді. Жас қаламгерге өзі де үлгі болды. Бар шығармашылық, адами болмысымен де. Қарапайым тұрмыстың иелерін, олардың өмірі мен мінезін, ауыл тағдырын, сондағы қазақ хәлін жазуды өзінің басты тақырыбы етіп алған Тынымбай Нұрмағамбетов тек қана шынайы жазуды мақсат етті. Оны оқырмандары сол нәзік сезімі мен шынайылығы үшін жақсы көреді десек те болатындай. Осы уақытқа дейін жазушыға деген оқырмандарының махаббаты бір кеміген жоқ. Қайта керісінше, жылдан-жылға артып келе жатқанына оның прозасынан артық ештеңе жауап бере алмас еді. Ол туралы мақтау сөздер тек қана жазылып қойған жоқ. Халық (оқырман) ішінде ауызша да айтылып келеді. Көбіне мақтауды оқып үйренген біз үшін ауызша айтылған мақтау бағалырақ көрінеді. Өйткені, оған ешкім тура сол сәтте айт деп тапсырыс бере алмайды. Адам көңіліне жаққан дүниесін жүрек сөзімен айтады. Және ол көпшілік ортасында емес, әр жерде жиылып алып, өлең, роман, әңгіме туралы сұхбаттасатын шағын мәжілістерде сөз болады. Сондай қаншама мәжілісте Тынымбай аты мақталды десеңші. Дәлелді, дәлелсізі бар бұрқырап жатқан сөздерден аңғаратын бір нәрсеміз – олардың Нұрмағамбетовке деген шексіз сүйіспеншіліктері еді.
Асылы, оқырмандардың жақсы көретін өз қаламгерлері болады. Біріне ұнаған жазушы, я ақын екіншісінің талабына жауап бере алмай жататын. Жазушылардың ұстанған ағымы мен стиліне байланысты бөлінетіні сияқты оқырмандардың да түр-түрі болатынын сан рет оқығанбыз. Соны ескерсек Тынымбайдың прозасын ұнатпайтын оқырмандар да болуы керек. Бірақ біз әзірге ол туралы бір теріс пікірді естідік десек, жалған болар еді.
Өмірдің өзін жазуды дағдысына айналдырған жазушы үшін адам жанының көрінісі бірінші орында. Оның қай кейіпкері болса да, бар жан дүниесімен сіздің алдыңызға келеді. Тіпті, иті, аты, қодығы, сиыры, бұзауы да адам тілін түсініп, иесімен бірге қуанып, қайғырады. Бұл әдістің шығармаларына қаншалықты өң, әр, жан беріп тұрғанын оқығанда ғана сезінесіз.
Тынымбай кейіпкерлері жиналып келіп бірін-бірі толықтарады. Кей жазушылардың әр кейіпкерін өзінше талдап, әрқайсысының өз айтары бар болып шығады. Шығарманы толықтай алғанда әр кейіпкер тесік сөмкенің әр жерінен салақтап тұрған сәбіз сияқты тақырыптың шеңберін бұзып тұратын. Ал Тынымбайдың кейіпкерлері брезент қапқа нығыздалғандай, шашаусыз, жұмыр.
«Айқай» повесіндегі Мехмедтің өлімі мен Жалаңаштауда алапес адамдардың ішінде қалған Сұлтанның «аталап» жүгірген айғайының арасындағы жан азабы – өмір мен ажалдың ортасындағы бақыт пен шаттықтың, дүниелік мәннің жауабы. Өкініштермен көмкерілген ғұмырдың бір өрескел қатені түзетуге шамасы жетпейтінін айтқысы келген автордың бұл шығармасы адамзат ғұмырынан ғибрат айтатын мөлтек аңыз сияқты. Түрік пен грек соғысы кезінде Аркисалай шалдың немересі Дионисті өлтірмей қалған «мейірімі» оның тағдырына қателік болып жазылғанын ол кезде Мехмед қайдан білсін. Бір жақсылық істедім деп, өз ішінен рахат тапқан түрік жауынгерінің өмірі қасіретпен аяқталар тұста өз баласының алдындағы кінәсы үшін азап шегіп, елсіз далада сол бір қорқыныштан ажал құшқан кейпі сорлылықтан гөрі өз қатесін жуып-шайған адамгершілікке толы еді. «Ең әуелі кәсіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші көрінуге тиіс қой» деген Ахмет Байтұрсынұлының қағидасын Тынымбай берік ұстанады. Кітап аннотациясында жазылғандай бұл шығарма соғыс туралы емес еді. Немесе соғыс тудырған қасіреттің емі жайындағы әфсана да емес. Бұл адам жаны туралы дастан болатын. Әркім өз қателігі үшін жауап береді. «Қанға қан, жанға жан» деген ереже тек соғыс үшін деп кім айтыпты. «Егер бір жамандық қылсаң, ол өзіңе немесе ұрпағыңа қайтады» деген өмірлік тәжірибеден туған моральдік акті бірінші планда.
Жазушының осы повесінен басқа шығармалары қазақ тұрмысының, жанының жоғын іздейді. Оның кейіпкерлері бар болмысымен көз алдыңа келгенде өзгерген, азған қазақ пен бұрынғы қазақты салыстырып көрсетеді. Екі жақты, жақсы мен жаманды пропорционалды түрде тең ұстап отырады. Ал «Айқай» (әлде, «Айғай») бүкіл адамзаттың ортақ проблемасына қол созады. Соғыс қай ұлттың басынан өтпепті? Қай пенде өмірінде өзі кешірмейтін қателік жасамапты? Кім өз қатесін түзеуге, кінәсін шаюға талпынбапты? Жан атаулының өзі өлердей қорқатын үреймен бетпе-бет келгенде жолығуға дәті шыдап па? Жоқ. Бұның бәрі адамның өз әлсіздігі. Және артықшылығы да. Мехмедтің Айшенің алдындағы серті жапанда қалған Сұлтанға бір бару болатын. Қанша қашса да, осы бір уәделі сөзді орындамауға оның ары шыдамайды. Орындайын десе, Сұлтанның алдындағы жазығы бар. Осы екі оттың арасында қалған Мехмедтің жайы тым аянышты. Хиос аралындағы сол баланы неге өлтіре салмады екем деген ойы тура осы сәтте өкінішке айналарын ол кезде білген жоқ. Ешқандай пенде өзі жасап отырған жақсылығының да, жамандығының да кейін зор өкінішке айналарын білмейді. Адамның осындай шектеулі болмысымен шындық іздеуге талпынған жазушының әрекеті тым сәтсіз де емес. Кейіпкермен бірге шарқ ұра іздеген жұмбақ сезімнің шешуі – қорқынышты жеңу. Алдыға мақсат қою. Сол мақсаттың жолында жан құрбан болса да, аянбау. Адамның бүкіл өмірі жеке басының қуаныш-қайғысымен, отбасымен, оның қиындықтарымен көрікті екен. Осы компоненттер жоқ болса, кісі ғұмыры мәнсіздене түспек. Тіпті, өлімнің өзі өміріңнің мағыналы не мағынасыз болғанын әшкерелейді.
Сол әшкере болған кезге дейін осы дүниедегі уақытша сапарыңды барынша әділетті, адал, адамгершілік жолымен әсемдеуге талпын дейді. Бұл повестегі айғай тек қана Жалаңаштаудан Тороға дейін естілген Сұлтанның даусы ғана емес, бұл өмірден мән іздеген адам жанының айғайы болатын. Ары кеткенде «өмірді мағыналы сүріңдер» деген ескерту дабылы еді.
«Сіз не нәрсені кескіндесеңіз де, ол өзінің шынайы жағдайындағыдан әлсіздеу болып шығады» деген орыс жазушысының сөзі рас-ау. Повестегі Жалаңаштау мен Тороны суреттеген жазушы нақты пейзаждан гөрі өз қиялына көп жүгінеді. Кейіпкерінің тамсануы арқылы берілетін тау суретіне кейіпкермен бірге ғашық болсаңыз да, көре алмайсыз.
Тынымбайдың әдебиетке келген кезі қазақ прозасының мықтылары иық тіресіп тұрған уақытпен сәйкес келеді. Ол замандарда бүгін көзі кеткен жазушылардың көбі тірі. Солардың арасында жазушы болып танылу үшін зор шығармашылық қуат керек еді. Олардың мойындау сөзіне ие болуы мәртебе-тұғын. Бүгін жазған адамның бәрі ақын, жазушы атанып жүрсе, ол кез үшін бұндай құбылыс жат саналатын. Талап күшті, талғам жоғары тұрды. Сол талапқа жауап беріп, талғам үдесінен шығу үшін де жазушының ізденуіне тура келетін. Сол ізденіс қаламгерді өзінің соқпағын қалыптастыруына көп ықпал етті. Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтында білімін жетілдірді. М.Горький атындағы Бүкілодақтық жастар сыйлығына ие болған қазақ жазушысының басты ерекшелігі не еді? Ауыл тақырыбын жазатындығы ғана ма?
Тынымбай Нұрмағамбетовке дейін де, оның қатарластарында да ауыл тақырыбын жазған жазушы аз болған жоқ. Бейімбет Майлиннен бастап, «Ауыл хикаяларын» жазған Оралханға дейінгі аралықта қаншама жазушы бар еді. Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік те сол тақырыпты қаузады. Өйткені, ауылдан шыққан қазақ жазушысы үшін одан артық шикізат жоқ болатын. Ауылдағы қазақ өмірі, ауылдан қалаға келген қазақ тұрмысы, қаладан ауылға өзгеріп барған қазақ мінезі де осы жазушылардың шығармаларынан көрініп жатты. Ал Тынымбай осы көріністі басқа бір ракруста берді. Ол урбанизация басталған кездегі қазақ психологиясы еді. Сол бір аралықтағы өзгерген мінез ғана емес, сол болмыс қалай өзгерді, баяғы қалыптан не қалды, не жоғалды деген сұрақтарға өзінше жауап берді. Әкесі өскен, өзі қалада тұратын баланың көп ұрпақ алмаспай-ақ оңай жаңа заманның өкілі болып шыға келгенін суреттеу арқылы жазушы тез өзгергіш, еліктегіш қазақ мінезін әшкерелейді.
«Мешкей» повесіндегі Алыпхан мен Бифатыма сол аралық кезеңдегі қазақта пайда болған бір мінездің иелері болатын. Кәмпеске кезінде бар байлығынан айырылған, ата-бабасынан бері дәулет үзілмеген отбасының тақырға отырып қалғаны мен байлардың есебінде дүниеге ие бола қалған кедейдің психологиясы қалай өзгергенін көресіз. Оңай олжа мен қолындағы табанақы, маңдай терімен тапқан мүліктен айырылу мінезді, тұрмысты өзгерткенімен болмысты қопара алмайды екен. Сол сияқты, тоқсаныншы жылдардың басында, жекешелендіру мен коммерсанттық арқылы көп кедей байып қалған. Әкесінің ескі суретін көруге намыстанатын Пістегүлдің мінезі «жаңа заманның» балаларының бәріне тән болды. Әлеуметтік иерархияның ең төмен сатысында тұрған Алыпхан аз уақыттың ішінде байып шыға келді. Кедей кезінде де отбасының оны-мұны шаруасына көп араласа қоймайтын отағасы мұнша байлық қайдан келді деп те бас қатырмады. Жаңа өмірге тез үйренді. Сәбиіне тамақ берсе де, өзі бір тістеп барып ұсынатын мешкейлігі одар ары асқындағаны, шырай бітпеген денесіне май жинап, қоңды бола бастағаны болмаса, оған мына дүние соншалықты өзгермеген сияқты еді. Ақыры сол мешкейлігінен қарыны тесіліп, қаза табады. Тойымсыздық ақыры қашан да – апат.
Тынымбайдың бүкіл әңгімелері мен повестерін екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы мына дүниедегі бар жақсылыққа іңкәр адамның аңсары. Ол зұлымдық атаулыға қарсы, бейбітшілік пен мейірбандықты насихаттайтын, адамгершілік пен құдайшылықты жақсы көретін жазушының сөзі. Екіншісі тек жазушының өте жатық машығымен жазылған юморға толы шығармалары. Олар алғашқы топтағы шығармалары сияқты ауыр жүк арқаламайды. Тек кейіпкерлерінің мінезіне, әпенделігіне оқырманы еш күмәнсіз сеніп, рахаттанып, демалып оқитын юморлы шығармалары. Бірақ осы екі топқа ортақ басқа жазушыларға көп ұқсамайтын тынымбайлық бір ерекшелік бар. Ол шын қазақы болмысты аңсау. Мұңлы сезімге толы «Атақонысын», «Бәйтеректерін» айтыңыз. Тіпті, түрік жауынгері туралы «Айқайын» алыңыз. Соның бәрінде әйтеуір қазаққа жақын, осы ізгі қасиет қазақта болса екен деген ой менмұндалайтындай. Юморға құрылған «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» пен «Сушысын» айтыңыз. Күле отырып, демаласыз. Өзіңіз Бөрібаймен замандас болғандай, я туған күннің қашан болғанын әңгіме еткен ақсақалдармен бір дастарханда отырғандай боласыз. Бірақ сол бір әңгімелердегі қазақ дәстүрі, салты ұмытылып бара жатқанын еске салып тұрғанын да аңғарасыз.
Өз қазағын қанша сынаса да, жаман мінезін қанша жек көрсе де, қартайған шағында ешкімге сұхбат бермей, оқырмандарымен жүздеспей тығылып отырса, оның бар шығармашылық қуатын, талантын ашқан сол өзі жек көретін, әрі жақсы көретін қазақ мінездері еді.
«Бір күні бір қоғамдық ортада Стендальға бір буржуа келіп, жұмсақ та жағымды үнмен оның қандай қызмет атқаратындығын сұрайды. Сол сәтте тентек мінезді оның бетіне жүгіріп шыққан мысқыл күлкіден өңі бұзылып кетіп, кішкене көздері ашудан жылтырай қалып, қалжың араласқан ызалы байсалдықпен: «мен адам жүрегінің бақылаушысымен» деп жауап қатыпты. Бұл, әрине, шымшыма сұрақ қойған және жауабынан сілейіп тұрып қалған әлгі адамның бетіне найзағайдай жарқ еткізіп лақтырылған жауап-ирония еді. Дегенмен, осы ызалы қалжың араласқан сөз-жасырынбақ ойынында шындық та бар еді...», – дейді Цвейг. «Адам жүрегінің бақылаушысы!». Осы бір анықтама белгілі дәрежеде Тынымбайға да келеді. Оның көп шығармаларына ортақ қасиет кейіпкерлерінің өзімен өзі мұңдасуы, сырласуы. Монолог, жартылай монолог әдісі оның бүкіл дерлік шығармаларында бар. Және сол жазушының сүйікті әдісі екеніне де күмәнданбайсыз. Әлгі досым оқығаннан кейін жылаған ананың зары монолог арқылы беріледі. «Атақонысындағы» шал мен жұртта жалғыз қалған кемпірдің мұңы, Мехмедтің жан азабы да осы әдіспен жазылған. Кейіпкерінің жан дүниесіне еніп кететін жазушы оның тап болған ситуиациясын өзі бастан кешіріп отырғандай жазады және оқырманын иландырады. Оның кейіпкерлері рухани күрестің қаһармандарына айналады. Шығарманы біткеннен кейін сюжет те емес, мазмұнда емес, әуелі санаңда тұрақтап қалып, ойыңа түсе беретін сол монолог болады. Адам жүрегін езетін сөз оқырманды мұңлы бір тұңғиық әлемге жетелеп бара жатады. Әбіш Кекілбаевтың «...біздің көкірегімізде Гамлет рухы әлі тірі» дегеніндей, Тынымбай кейіпкерінің рухы біздің көкірегімізде қайта бір тіріледі.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.