Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой-толғауы» к...

05.04.2025 813

«Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой-толғауы» кітаптарының тұсауы кесілді 12+

«Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой-толғауы» кітаптарының тұсауы кесілді - adebiportal.kz

Кеше, 4 сәуір Астана қаласы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қуаныш Сұлтановтың «Қазақтың Қонаевы» және Гүлсім Еңсеповамен бірлескен «Отыз жылдың ой-толғауы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер, оқырмандар қатысты.  

«Қазақтың Қонаевы» кітабы ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың  ұзақ жылдар ұлт мүддесінде атқарған мемлекеттік қайраткерлік еңбегіне арналады. Қуаныш Сұлтановтың естеліктерінде өзі куә болған кейбір оқиға, сәттер баяндалып,  одақтық үстемдік жағдайындағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар да сарапталып, жеңіл, қарапайым тілмен баяндалып, оқушы назарына ұсынылады.

«Отыз жылдың ой-толғауы» кітабы тәуелсіздік алғаннан кейінгі мемлекетіміздің саяси-экономикалық ахуалындағы актуалды мәселелерді журналист Гүлсім Еңсепова мен автор арасындағы сұхбаттар негізінде өрбіп,  мазмұнын сұрақ-жауап арқылы ашады.

Шарада сөз алған спикерлер кітаптардың тарихи кейбір шындықты ашудағы және ұлтымыздың тәуелсіздік жолындағы басып өткен жолын бағамдауда маңызы ерекше екенін атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Мен екі кітапты да мұқият оқыдым, әсіресе “Қазақтың Қонаевы” туындысын сызып отырып зерделедім. Димекең өмірінің соңындағы Мәскеудің тегеуірінді тексеруінен өтсе де, қара нардай шыдап, халыққа қызмет етті», – деп Қонаевты жоғары бағалады. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Махмұд Қасымбеков: «1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан кейін біз, ұлттық қызметкерлер, өте қиын жағдайға қызмет атқардық. Орталық біздің үкімет пен ұлттық қызметкерлерге күдікпен қарап, соңымызға шырақ алып түскен кезең болды», – деп, сол кездегі саяси жүйенің темірдей қатты қысымын еске ала отырып, сол естеліктер кітап оқу барысында қайтадан еске түскенін айта кетті.

Қоғам және саяси қайраткер Мирболат Жақыпов: «Бұл кітап – нағыз ақиқатты айтқан жерлері көп, тәуелсіздік тарихына керемет қосымша. 1993 жылы Целиноградта славяндардың съезі өткенде Қуаныш Сұлтанов Президенттің тапсырмасымен мәселені ақылмен, сабырлықпен шешті. Бұл ресми тарихта жоқ», – деп, автордың тарихи оқиғалардағы ерлігін талдады.

Мемлекет қайраткері Ералы Тоғжанов: «1986 жылы ызғарлы кезеңде Қарағанды университетіне келген Қуаныш Сұлтанов ұлттық мәселелерді тереңінен талдап, керемет ойлар айтты», – деп, автордың ұлттық мүдде жолындағы күресін атап өтті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов: «Тәуелсіздіктен артық идеология жоқ. Ұлттық идеология дегеніміз – тәуелсіздік, бірлік және ынтымақ. Осы арқылы ұлтымызды көтереміз», – деп сөз алған автор кеш соңында өзін қолдап келген қонақтар мен қатысушы БАҚ өкілдеріне рақметін айтып, өмір деректерінен құралған еңбектерінің халқының игілігіне айналар дерекнама болатынына сенім білдіре сөзін аяқтады.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар