Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
ЖҰМАТ ШАНИН және «АРҚАЛЫҚ БАТЫР»...

25.08.2017 9831

ЖҰМАТ ШАНИН және «АРҚАЛЫҚ БАТЫР»

ЖҰМАТ ШАНИН және «АРҚАЛЫҚ БАТЫР» - adebiportal.kz

Сылдырай аққан бұлақтың бастаудан басталатыны сияқты, «Театр» өнері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Жұмат Шанинге соқпай өтпейтіні шындық. Қазақ сахарасында «театр» өнерінің қиелі дәнін егіліп, қадалған жас шыбығы – бәйтерекке айналып, көрерменін бірде күлдірсе, бірде мұңайтып, ішіндегі шерін шығартатын бекзат өнердің бастауы қалай басталған еді? Қандай жолдардар өтіп, қандай асулардан асты? Міне, бүгінгі ойтолғау, осы төңіректен өрбімек.

Жұмат Шанин

Кейде, талант иелерінің шығармашылығына көз жүгірте қарағанда, өнер майталманының «төлқұжатына» айналатын туындылары болатыны белгілі. Қазақ театр өнерінің алғашқы кәсіби режиссері Жұмат Шанин шығармашылығының «төлқұжаты» - «Арқалық батыр» тарихи драмасы.

«Театр» сөзінің қазақ санасына бойлай еніп, қалыпқа сіңісуі оңайға түскен жоқ. Сол кезеңде өнерімен ел ауызына іліге бастаған Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қажымұқан сынды майталмандардың басы бірігіп, Ақмешітке жиналды.

«...Қазақтан артист табыла ма, пайдасы бар ма, шамамыз келіп алып жүре аламыз ба?» деген сияқты қауіптерді екінің бірі айтқан еді...» - деп, Ж.Шанин өзінің «Қазақстан мемлекет театрының жайы» деген мақаласында жұмбағы мол, шешімі күрделі театр жолы жайлы жазған болатын.

Күмәндана қараған көрерменнің ықыласын бұру – майдан қыл суырғандай қазабат екенін біле тұра, бел шеше кіріскен майталмандардың қатарын Серке Қожамқұлов, Жұмат Шаниндер толықтырды.

Басталған істің басында, белгілі талантқа мойынсұнып, тізгін берілетіні секілді, сан-алуан өнер түрін меңгерген Жұмат Шанинге – театр басшылығымен қоса режиссерлікті сеніп тапсырады.

Ресей театр реформаторы Станиславскийдің ілімін мүмкіндігінше зерттеуді қолға алған Ж.Шанин, актерлік шеберлік мектебін өтпеген өнерпаздарды үйретумен қатар, ойнап көрсетіп, жетелеп отырды. Оған, Амантай Сатаевтың «Өрелі өнер өрісі» мақаласында актриса Әйнеш Ержанованың өз басынан кешкен кездесулерімен қатар, ел арасынан шыққан талантты өнерпаз Бісміллә Балабековтен жазып алған; Жұматтың «Арқалық батыр» пьесасында Әміре екеуміз Қияқ пен Тұяқ болып ойнаймыз. Сол тұста Жұматтың Әміреге: «Он жасар дөненқара бұқадай» деген сөздерді әнмен айтқанда, бұқаша күжірейіп, жұртқа қарап, аузыңды толтырып айт», деп үйреткені әлі есімде. Кезекті репетициядан Әміре, Иса үшеуміз клубтан бірге қайтамыз. Сонда Иса: «Осы Жұмат ағамызға таң қаламын. Өзі бір жақтан ойын кітаптарын сахнаға қалай қоюды меңгеріп, тағы бір жақтан адамның қимыл-қаракеттерін айна-қатесіз қолмен қойғандай етіп қалай үйретеді?» деп таңданатын. Оған Әміре басын изеп қоятын...» деген естелігінен Ж.Шанинның Омбы қаласында оқып жүрген кезінен-ақ театр әлемімен таныс болғаны көрініп тұр.

Бүгінгі талап көзімен қарасақ, «Арқалық батыр» драматургиялық құрылымымен сай да болмас. Әңгіме ол жайында емемс. Әңгіме – «Арқалық батыр» драмасының, қазақ көрерменіне жол тартуында. Ол жайында Есенгелді Жақыпов былай деп еске алады: «Драматург Жұмат Шанинның қаламынан шыққан пьесалардың күрделісі «Арқалық батыр», театрымыздың балаң шағында қойылған өте ірі спектакльдердің бірі екендігін атап айтамыз. Ол уақытта спектакльдердің көркемдік кедейлігіне, театрдағы сахна техникасының жұпынылығына және шығарманың драматургиялық босаңдығына қарамастан, «Арқалық батыр» сол жылдардағы көрерменнің жалықпай көретін пьесаларының бірі болды. Сахнада үш жүз ретке жуық қойылған...» деп жазды.

Ел құлағы «театр» сөзіне үйренбеген, санасына сіңбеген тұста «Театр» тізгінін ұстау – Ж.Шанинге оңайға түспеді. Жарғақ құлағы жастық көрмей, жаңа қоғам қалыптастыру жолында, арпалыс кезеңін басынан кешіп жатты. «Драматургия» сөзі әдебиет әлеміне еніп үлгермеген кезеңде сахнаға қойылым қою – өзгеше өлермендікті, ізденісті қажет етті.

«...Бізде театр кітабы тапшы. Бар іліп аларын жылына бірнеше қоямыз. Сахна кітабының тапшылығы көзге көрініп отыр...» деп, Жұмат Шанин, театрдың шығармашылық қажеттілігін басшылыққа, әдебиет майталмандарына күйінішпен айтып, орталай білек сала, жандандыруға үлес қосуға шақырды.

«Арқалық батыр» пьесасын жазумен шектелмей, сахналаған режиссері де Ж.Шанинның өзі болды. Өзі Арқалық батырды сомдай отырып, кәсіби сахнаның дәмін татпаған, ел ішінен жиналған актерлермен жұмыс істеу – инемен құдық қазғандай тірлік еді. Таиғатынан мінезі жұмсақ, артистердің жетіспей жатқан кемшілігін дауыс көтермей-ақ сыпайы дәлелдеп беріп, «мынаны был етсе қайтеді?» деп, ақылдаса отырып актердің өзіне салатын режиссерлығы, үзеңгілестерін өзіне жақындастыра түсті.

Кезінде, іздемпаз, талантты режиссер жайында біртуар ғалым Қаныш Сәтпаев; «Қазірде ұлт труппасының басында Жұмат сияқты театр жұмысын шын сүйетін, қалам өнеріне де шебер, қажырлы азаматымыз отыр. Бұл да ұлт театрының келешекте түзу жолмен жүріп, тез өркендеуіне сенім болуға жарайды...» деп жазған болатын.

Декорациясы жоқты қасы кезеңде, артистердің жансебіл еңбегінің арқасында «театр» жойылып кетпей, қазақ сахнасында тұрақтап қалды.

«Әр қойғанда бір түрлі декорациямен қойғандықтан, артистер қанша құлпыртып ойнаса да, кейбір кітаптардың жалпы әсерін жойып алған күндері де болды. Жалғыз артист қана емес, театрымыздың жасау-жабдық, үй жиһаздарына да тапшы. Бірін алсақ, біріне жетпейді. Әлі күнге бір тымақты екі айналдырып киюмен келеміз...» деп, жаңа ғасырдың жаңаша өнерін қазақ сахнасына сіңіру жолында жанталасқан Жұмат Шанинның күрес жолы, бүгінгі ұрпаққа өнегелі жол болып жалғасын табуда.

Бүгінде, Оңтүстіктің шырайлы Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин есімі берілген академиялық қазақ драма театры, талантты режиссер, драматург, ҚазАССР-нің халық артисі Ж.Шанинның 125 жасқа толған мерей жылын, түбі бір түркі әлемінің мәдениетін біріктірген - Халықаралық Түркісойдың Түркістан қаласында өткелі отырған бас қосуында, 7 мемлекеттің театрлары қатысқалы отырған фестивалі - «Ж.Шанинның 125 жасқа толған күнімен» атап өткізгелі отырғаны, қазақ театр өнері үшін үлкен абырой, қуаныш болмақ.

Сая Қасымбек, драматург, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар