Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Зәкір Асабаев. Сәкеннен жауап алған тергеуші...

18.02.2019 8191

Зәкір Асабаев. Сәкеннен жауап алған тергеуші

Зәкір Асабаев. Сәкеннен жауап алған тергеуші - adebiportal.kz

Қызыл империя құлағалы бері оны жерден алып, жерге сала бай-баламдау кейде «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» секілді боп та көрінетіні рас. Сол кезді аңсап, көкірегі қарс айырылатын-дар жоқ емес және аз да емес. Кеңестік идеологияға құлай беріліп, құдайдай сенгендер ішінде туған ағасы не әкесі халық жауы деп атылып-айдалғанына қайғырмақ түгіл, ондай нәрсе түсіне кірмейтін міскіндер де болған. Заңгерлік салада қырық жыл жұмыстанған бір бейбақтың: «Әкеңіздің қалай ұсталып, айдалғаны туралы айтатын кез келді емес пе?» – дегенде: «Қайтесің, ол кезде солай болуы тиіс еді», – дегеніне таңданғанбыз да қойғанбыз. 1937 жылдың қанды қақпанына іліккен грузиннің бір мемлекет қайраткерінің баласының да: «Сталинге тағар кінәм жоқ», – дегенін оқығанбыз. Тағы бір (әкесі халық жауы болған) грузиннің өз үйінде Сталинге музей ашқаны жайлы да дерек білгенбіз (ол музей әлі бар болу керек).

Қазақтың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин жау деп ұсталғанда өзі туып-өскен жеріндегі шолақ белсенділер қарт әкесін түрмеге жауып, үй-жайы, қора-қопсысын өртеп жібергені немесе Сәкен мен Ілияс ұстала сала күні кеше екеуін пір санап жүрген ізбасарларының іле-шала олардың тұрған үйлерін басып алып, жаңа қоныс қожасы бола қалғандары ше? Жазықсыз жайсаңдар «халық жауы» атанғанда іштей егіліп, өкінгендер болса болған шығар, бірақ, сол сүргінге шынымен иланып, жан-тәнімен бас изегендер де болғаны белгілі. Орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде ондайдың шет пұшпағын өзіміз де көріп-білгенбіз. Астанадан оқу бітіріп келген жас маман-педагогтар 1937-38 жылғы атылып-асылғандар тұрмақ, сол 1950 жылдардың бас кезінде түрмеге жабылған зиялылардың «жау» екеніне зәредей күмәнданбайтын. Солардың ашуға булығып, тепсіне айтатын сөздеріне қарап, Е. Бекмаханов, Ы. Ысмайлов, Б. Сүлейменов т.б. ғалымдардың атын атауға оқушылар – біздің де дәтіміз бармайтын. Қорыққаннан емес, иланғаннан, солай екеніне күдік-күмән жоқтықтан.

Ташкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінде дәріс беретін базбір пенделер де – олар әлі ақталмай тұрғанда – Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды көп ауызға алмайтын. Алса да өң-түстерінен пәлендей өкініш-нала білінбей, табалағандай түр көрсетіп, мысқылдап сөйлейтін. «Сәкенді осы Ташкентте көргенбіз, өте паң, менмен, тәкаппар, кесір болатын» не «Ілиястың тілі жаман еді, фельетондары тіліп түсетін», – десетін. «Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтарға обал жоқ», – деп көсілетін.

Заман өзгерген соң, бәрі өзгерді. Жұрттың бәрі білгіш, бәрі өкінгіш. Әлі-ақ уақыт қателіктерді түзеп, бәрін орнына қояр, жаладан құтылып, ақталар деген қаперлеріне кірмейтін дәйістер бүгінде шетінен өткенді қаралағыш болып алды. Жо-жоқ, тым олай емес, кеңестік кездің идеологиясы еттен өтіп, сүйегіне жеткен, одан өлсе айнымайтын өжеттер де болды (қазір де ұшырасады). Көбінің шыққан тегі – кеңес өкіметі «жарылқаған» кедей-кепшік. Төменде сондайлардың бірі, ата-анадан тұл жетім қап, балалар үйінде өскен, Сәкен Сейфуллин түрмеге түскенде тергеу амалдарына қатысқан, өмір бақи өз ісін жөн деп өткен бір бейбақ жөнінде аз-кем сөз қозғамақпыз.

Жасы егде тартқанда дүние салды. Кемпірі сәл бұрын кетті. Бір қарағанда, жайдары, ақкөңіл, қарапайым боп көрінетін оның бұрын не істеп, не қойғанын ешкім білмейтін. Көп жұрт Целиноградта адвокат болған деп санайтын, ал, мен оның шын мәнінде кім болғанын ептеп білетінмін.

Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың орта шенінде Целиноград облысына іссапарға баратынымды білген бір жасы үлкен жанашыр: «Ол жақта (қаланы айтады) қонақүй жағы қиындау. Қиналсаң мына үйге бар, менің атымды айтсаң болды», – деп бір танысының мекен жайын берді.

Ұшақ таңертең қонған бойда Шортанды, Алексеев аудандарына жүріп кеттім де, қайтарда бірер күн Целиноградта аялдауға тура келді. Ұшаққа билет алып, қонақүйге барсам, айтқандай-ақ, маңына жолатпайды. Дұрыстап тыңдамайды да. Амал жоқ, танысым берген мекен жай бойынша сонда бардым. Толықтау денелі, орта бойлы, орта жастағы ер адам мен жасы өзі қатарлы сымбатты, ашаң жүзді ақ сары әйел жылы қарсы алды. Үй иесі:

– Келгенің дұрыс болды, қысылма, өз үйіңдей көр, – деп жалпылдап жатыр.

Ол кезде азық-түлік қайда да қат, содан ба, отағасы мен отырар-отырмастан үйден шығып кетті де, ұзамай алып келген, мұздатқышта қатып қақиған үйректі жоғары көтеріп:

– Мінеки, анда бардым да атып әкелдім, – деп қарқылдай күлді. Жайғасып отырған соң:

– Туған жерім − Қарқаралы, – деді өзі жайлы. – Біраз жылдан бері осы қалада адвокат боп істеймін. Оған дейін... – деп сәл іркілгендей болды. Мән бергенім жоқ.

– Ә, қоя бер, – деп сөзін әрі қарай жалғады. – Пенсияға шығатын кез жақындап келеді. Бәлкім, сонан соң Алматыға көшеміз бе, көреміз. Балалар келіңдер деп қоймайды. Барсақ барамыз, Алматы бөтен емес, жастық шағымыз өткен қала, мына апайың екеуміз сонда үйленгенбіз. Апаңның туған ағасы Алматыда тұрады, жауапты қызмет атқарады. Жағдай осылай... Ал сен...

Өзімді таныстырған мен де үй иесінің бір мақала жазып, поштамен салып жіберемін деген уәдесін алған соң қона жатып, таңертең аэропортқа тарттым.

Арадан он шақты жыл өткенде – оған дейін анда-санда хат арқылы хабарласып тұратын – целиноградтық адвокат Алматыға қоныс аударды. Жиі болмаса да, кездесіп, көрісіп жүрдік.

Сөзін әскерилер сияқты нық, кесіп сөйлейтін ол бір жолы паркте әңгімелесіп жүргенде:

– Кеңес өкіметі біздің обалымызға қалды, – деп қалды көздері от шашып.

Күмістей жалт-жұлт еткен қысқа шаштары тікірейіп, үрпиіп кеткендей болды. Аяқ-қолдары қалтырап, өңі қуарып, иегі дір-дір етті де, тез қалпына келді. Келді де:

– Балалар үйінде өскен бір топ жетім бала зооветинститутта оқитынбыз. Үшінші курсты бітірер алдында ойда жоқта сау етіп келген түсі суық біреулер алты студентті құлақтан сүйреп алып барсын да, ОГПУ-ден бір-ақ шығарсын. Онда солай аталады. Оның не екенін білесің бе? Қазіргі КГБ. Оның алдында ОГПУ, НКВД болған. Ай-шай жоқ, «сендер комсомолсыңдар, айтқанымызды орындайсыңдар, бір жылдан бері сырттарыңнан бақылап, тексеріп жүрдік. Енді осында тергеуші боласыңдар», – деп мәселені төтеден қойды.

– Не істейміз, айтқандарына көндік, айдауларына жүрдік. Қысқа курста оқытып, иығымызға лейтенант, аға лейтенант деген погондар тақты. Баспана берді, айлық жаман емес. Бірақ, жұмыс шектен тыс ауыр, қауырт. Тез үйреніп, көндігіп кеттік. Жастыққа бәрі сыйымды, асып-тасып шыға келдік. Кеңес өкіметінің қолдаушысы да, қорғаушысы да біз боп, шаш ал десе бас алу түк еместей боп жүрдік. Ұзамай 1937 жылдың алапат күндері келді. Ол 1936 жылы-ақ басталған ғой, бірақ нағыз ушығып, құтырған кез

– 1937. Одан соң біртіндеп саябырлады. Саябырлағанын қайтейік, өз ішімізден де, органды айтамын, турасын айтқан талайлардың басы жұтылды. Біздің тұсымыздағы қазақстандық ОГПУ-дың талай бастығы атылып кетті. Мәскеудегі Ежовтың қасында олар кім? Өзінің алдында атылған Ягоданың орынтағына отырған сол бірінші чекистің өзі де (Ежовты айтамын) миллиондарға жасаған зұлымдығының зауалын тартпады ма? Әй, ол кезде бізді чекист дейтін. Қазір көп айтпайды. Сөйтіп, бұл ағаң дүрілдеген чекист болған, білдің бе? Анау-мынау емес, Отанға «адал», табанды чекист. Анау-мынау емес, Сәкен Сейфуллинді тергеп, кылмы сын мойындата алмай пұшайман болған чекист, білдің бе? Саған сеніп, өзімсініп айтып жатқаным да. Әйтпесе нем бар, бұл туралы ешкімге тіс жарма, мақұл ма?

– Сәкен Сейфуллинді тергедім дейсіз бе?

– Иә! – деп елп етті өткір көздері ежірейе. – Не жазығымыз бар, терге деді, тергедік, міндетімізді атқардық, атқармасаң, бас кетеді дедім ғой. Қызметтің аты – қызмет. Ант бергенбіз, оны бұзуға болмайды. Неғыл дейсіңдер енді?!

– Жазығыңыз жоқ, білеміз. Енді соны былай ептеп... кеңірек айтсаңыз... қайтеді?..

– Кеңірек айт дейсің бе? Қорқып-үркетін дәнеңе жоқ. Тағы бірде болсын, жарай ма?

Аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңілдігі де бар, жаны жайсаң осынау адамнан басқаны күтсем де, мұндайды күтпеген басым біраз уақыт бей-жай күйде, нанар-нанбасымды білмей жүрдім. Қызығу шексіз. Басқасында шаруам жоқ, бірақ Сәкенді қалай тергеп-тексеріп, жауап алғанын естісем деймін. Өзі қызмет еткен қоғамға қалтқысыз берілгені әр сөз, жүріс-тұрысынан көрініп тұратын жан ол туралы ағынан жарылып айтар ма екен. Қалай тергеді, не тексерді. Сәкен не деді, ол не деді екен. Сәкеннің кім екенін білді ме, байыбына барды ма? Бүйрегі бұрды ма? Әлде, сыңаржақ кетті ме? Қысқасы, түйткіл көп. 1958 жылы Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық милиция бөлімін басқарған подполковник Иванов кішіпейіл, адамгершілігі мол адам сияқты көрінетін, паспортымды есепке тұрғызу керек кезде туындаған қиындықтан құтқарып, көмек жасап еді. Кейін оны Сәкенді тергегенде қатыгездік жасады, жазалау керек дегендей сөздер естіліп жүрді. Соңы немен біткенін білмеймін.

Міне, Целиноградтан Алматыға қоныс аударған адвокатпен тағы да паркте серуендеп жүрміз. Ананы бір, мынаны бір сөз етіп, Сәкен жайлы әңгімеге бұрылар емес. Ақыры өзім бастап:

– Өткен жолғы уәдеңіз... – деп шетін шығардым.

– Ә, Сәкен Сейфуллин бе? Не білгің келеді, айта бер! – деді көздері күлім қаға езу тартып.

– Қалай тексердіңіз? Онда кім болып істеуші едіңіз? Қай жерде? – деймін сыздықтатып.

– Қалай тексереміз, кәдімгідей тексердік. Осы Алматыда. Дзержинский көшесіндегі сұр үйді білесің бе, сонда. Онда бізді қызметіміз үлкен болсын, кіші болсын, бір-ақ сөзбен тергеуші немесе чекист дейтін еді дедім ғой.

– Сәкеннен қалай жауап алдыңыз, соны ғана айтыңызшы.

– Менің алдымда екі тергеуші түк шығара алмаған соң, бір күні кезек бір серігім мен маған келді. Екеуміз кезектесіп тергейтін болдық. Ендігісін өзім жайлы айтайын. Бастықтар егер Сәкеннің қылмысын мойындатсаң, өйтеміз, бүйтеміз, шенің жоғарылайды деді. Селт етпеймін. Маған бас керек. Әуелі бұл жерден аман шығу керек. Мүлт кетсең, аяғың көктен келеді.

Сәкенді тергегенде серігім екеуміз бастықтар не істе деді, соны істедік.

Камерадан шықпай жұмыс істедік. Аз-кем көрші бөлмеде кезек-кезек көз шырымын аламыз да, қайта тергейміз. Солайша екі апта өтті. Сәкен ештеңе мойындамады, кессең, бас, міне, деп міз бақпады.

Күндіз де, түнде де аузы көпіріп сөйлейтін, қара терге түсіп шаршайтын екі тергеуші – біз болдық.

– Сәкен шаршаушы ма еді?

– Не дем алмай, не тамақ ішпей, тергеушінің алдында тәулік бойы тік тұратын адам қалай шаршамайды? Бірақ, біздің онда жұмысымыз қанша. Екі адым жерде бізді де аңдып отыратындар барын білеміз.

– Сонда не тергедіңіз? Не білу керек еді?

– Толып жатыр, көбі естен шығып кетті. Құп көрсең, біреуін айтайын. Анау әлгі Сәкеннің «Қызыл ат» деген өлеңі бар емес пе, оқып па едің?

– Оқығанмын, ол − өлең емес, поэма, – деймін бұрынғы тергеушіні шамдандырып алмау үшін жұмсақ сөйлеп.

– Болса болар, әйтеуір, ащы ішектей шұбатылған бірдеңе еді ғой. Сәкеннің қателігі сонда. Олай жазбау керек еді, абайлау керек еді.

– Қателігі не, қалай жазу керек еді?

– Қызыл ат – баптауы, күтімі келіскен бұрынғы байдың аты. Кеңес өкіметі кезінде неше түрлі қара жұмысқа жегіліп, көрмегенін көрген, азап шеккен, жадап-жүдеген. Сәкен осы жағын ойламаған.

– Ағатай-ау, поэмада дәл олай емес қой. Әлде, сіз солай қабылдап па едіңіз!

– Солай, солай. Қазір үйіңе барып, қайта оқы, сонда білесің.

– Ой, ағатай-ау!

– Қой, бала, – деп адвокат қарқ-қарқ күлді. – Сәкеннің қателігі көп болды. «Кызыл ат» біреуі ғана. Байдың қыздарынан тартып алған қанша қатыны болғанын білесің бе? «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабында Кеңес өкіметінің қас жауларын мақтағанын білесің бе? Мейлі, өтті-кетті, енді пайда жоқ.

– Сіздіңше, Сәкенді ақтамау керек пе еді?

– Мен олай деген жоқпын. Ақтағаны дұрыс, әрине.

– Қайдан білейін, Сәкенді әлі де жау көретін сияқтысыз ба, қалай деп жатқаным да.

– Айттым ғой, жау көрмеймін, ол саяси қатесі үшін жазаланды. Сәкендей ақылды адам олай етпеу керек еді...

– Онда, сіздіңше, Сәкенді атып тастағаны дұрыс болған ба?

– Дұрыс емес. Одан гөрі жеңілдеу жаза берсе де болар еді.

– Мәселен, кандай?

– Оны айта алмаймын. Мен сот емеспін.

– Сот болмасаңыз, адвокатсыз ғой.

– Онда адвокат емес, тергеуші едім. Адвокат болғаным кейін. Жалпы, халық жауларын соттағанда адвокат деген болмайтын. Менің білуімде солай. Қателессем, Құдай кешірсін.

– Тағы бір сұрақ. Жоғарыдағы бір сөзіңізге қарағанда, Сәкеннің Кеңес өкіметі алдындағы «қылмыстарын» сіз де мойындата алмапсыз. Әрі қарай не болды? Іс басқа тергеушілерге өтті ме?

– Бастықтар солай шешкен соң, солай болады да.

– Ол кім деген тергеуші еді? Құпия болмаса...

– Құпия түгі жоқ, бізден кейін Иванов деген тергеді. Қазір қайда екенін білмеймін. Оның қасында ұлты татар тағы біреу бар еді, аты-жөні есіме түспей тұр. Қазір... Ә, иә, Харисов, әлде, Хафизов па, сол екеуінің бірі.

Ал, мен оған «Иванов осында» дегенім жоқ. Иванов жөнінде айтылып-жазылып жүргендерге сын көзбен қараған жөн. Ақиқатты айқындау қажет. Кім білсін, ол да бар болғаны «өз борышын адал атқарған» пақыр шығар. Мына біздің адвокат ағамыз құсап. Әйтпесе, бәлкім, бүгін екеуі де жер басып жүрмес пе еді, кім білсін.

Тергеушіге тағы да бір-екі сауал қойдым. «Сәкенге ептеп жылы қабақ таныттыңыз ба? Көмек қолын соза алдыңыз ба? Ұрып-соққан жоқсыз ба?» – деп.

Түсі қуқыл тартқан тергеуші «жоқ» деп бір-ақ қайырды. «Олай ету мүмкін емес еді» дейтінін айтпаса да ұқтым.

– Репрессия жылдары ОГПУ-да тергеуші боп, Сәкенді екі апта қинағаныңызға өкінесіз бе?

– Қинады деп қайтесің? Мен үкімет жүктеген міндетімді атқардым. Неге өкінуім керек? Мен болмасам, басқа біреу жауап алар еді. Сәкен бәрібір аман қалмас еді. Оны мен де, басқалар да білетінбіз. Ал, болдың ба? Өзің Сәкеншіл екенсің ғой...

– Сәкен қазақтың мақтанышы емес пе?

– Мақтаныш болса, мақтаныш шығар, бірақ қателеспеу керек еді.

– Қателеспейтін адам бола ма?

– Болмайды, бірақ, Сәкендікі мемлекеттік қате! Сен, бала, мені ештеңе түсінбейтін тасжүрек, рақымсыз біреу деп тұрсың ба? Біз де адамбыз. Мәселен, өткенде Кеңес өкіметіне менің де өкпем бар деп ем ғой саған, есіңде ме? Егер мені зооветинститутты бітіруге бір жыл қалғанда еркімнен тыс басқа салаға бұрып әкетпегенде, бәлкім, кейін обком не райком хатшысы, құрығанда, бір совхоздың директоры боларым бек мүмкін еді. Амал қанша, тағдырымды тәлкекке салды. Репрессия тұсында Сәкен сияқты талайларды тергеп, жүйкеден жүйке қалмады, содан тапқан қайыр шамалы. Бірақ, қоғамға, халыққа адал болдым. Міндетіме кір жұқтырған жоқпын. Соған шүкірлік етемін. Басқа арттырған түгім жоқ.

Тым ағынан жарылып ақтарылмаса да, біраз жайды бүкпесіз айтып әрі ол қызметтен пәлендей опа таппағанын да жасырмай пұшайман хал кешіп тұрғандай көрінген бұрынғы чекисті іштей аяп, жаным ашығандай болды. Сонда да өзінің рұқсатымен оған тағы бір соңғы сұрақ қоюға тура келді: «Сол жылдарда сіз сияқты бір тергеуші Сәкенді осы қазір сіз екеуміз тұрған паркке алып келіп, орындыққа отырғызып қойып жауап алғанда, қорлыққа шыдамаған ақын тұра келіп, астындағы орындықпен оны ұрып, басын жарыпты дегенді оқығанымыз бар. Сол жайлы білесіз бе, рас па?» – деп.

Бұл жолы да жауап қысқа, нақты болды: «Жоқ! Ондайды айтып жүрген өздерің сияқты жазғыштар болар. Сен әуелі саяси арестанттарды таза ауа жұту үшін он-он бес минут түрменің қорасына шығаратын ба еді деп сұрамайсың ба? Мейлі, дейтіндер дей берсін. Біреудің күнәсін көтеретін жайым жоқ! Мүмкін, рас шығар».

Оның әңгімелері әлдекімдерді еске түсіргендей болды. Мәселен, Қарасартов. Айтқандары содан аумайды. Шәкәрімді айдалада атып, құдыққа тастап кеткен Қарасартов та өз әрекетінің дұрыстығына шәк келтірмей өтті емес пе өмірден (сонау бір жылы ғұлама ғалым, профессор Евней Букетов таспаға жазып алып, баспасөзде жариялаған әңгіме-сұхбатта Қарасартов та осы құралпас уәждер айтқанын еске түсіріңіз).

Ал, менімен әңгімелескен, Сәкеннен екі апта жауап алған чекистің айтқандарына ендігі жерде ештеңе қосып-алмаса да болатынын өзіңіз де шамалап, сезіп-біліп отырсыз, ағайын. Осыдан соң әкесін бай-кұлаққа жатқызып, Көкаралға айдаған заңгердің оған селқос қарағаны, әкесін үштіктің үкімімен атып тастаған грузин азаматының өз үйінен Сталиннің музейін ашқанына таңданудың реті бар ма, жоқ па, пәлен деу қиын шығар...

Сонымен, бұл не?

Жанкештілік, қаныпезерлік пе, әлде... Мен өз басым кеңестік идеологияның миллиондар санасына сіңірген насихаттық құдірет-күші, имандай сенімі, темірдей тегеуріні деуге бейілмін. Сіз ше?

P.S. Сәкенді тергеген чекист кездейсоқ біреу емес. Бертінге дейін бұйырған жұмысты істеп, тоқсанға таяп бақиға озған Құдайдың көп құлдарының бірі. Аруағы кешірсін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар