Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 1...

19.02.2019 12454

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 1 16+

Рымғали Нұрғали. «Еңлiк – Кебек» трагедиясы - 1 - adebiportal.kz

I

Халық қиялы оқшау жәйттердi, ерекше iстердi уақыт өткен соң басқа бiр қырынан көрiп, жаңаша тiрiлтiп, жаңғыртып, ұмытпай жадына сақтайды, есiне тұтады. Солай кете бередi ұрпақтан ұрпаққа.

Жиырма жасар Мұхтар Әуезовтiң қиялын қозғап, қолына қалам алдырған Еңлiк пен Кебек жайлы халық аңызы болатын.

Дүние жүзi әдебиетiндегi бiрталай ұлы шығармалар халық аңызы негiзiнде туғандығы белгiлi. Жерiне жеткен шеберлiкпен, асқан ақындық күш-қуатпен ғаламат философиялық шындықтарды поэтикалық суретпен берген Гетенiң «Фауст» трагедиясының сюжеттiк желiсi халық әдебиетiнде жатыр. Немiс Клингер «Фаустың өмiрi, қызметi, өлiмi» деген роман, ағылшын Марло «Доктор Фаустың қайғылы тарихы» атты трагедия жазды. Тақырыпты әр түрлi пайымдағанмен бұлардың бәрi де көркемдiгi, тереңдiгi жағынан Гете трагедиясынан көш кейiн. Мұндай фактiлер арқылы аңыз бен көркем әдебиеттiң байланысы, әр жазушы аңызды өз творчествосында қалай пайдаланды деген мәселелердi айқындауға болады. «Еңлiк–Кебек» аңызының нұсқаларына тоқталғанда, осы мақсат көзделедi.

Алғашқы нұсқа «Қазақтардың естерiнен кетпей жүрген бiр сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаяты» газетiнiң 31-39 сандарында жарияланды. Әңгiме былай болады:

Тобықты рулары мекендеп отырған таудың аты Шыңғыс Хан есiмiмен байланысты деседi. Үй тiгiп, бауырына қонып, содан бiр таудың атын Орда қойған екен. Басына шыққан соң екiншiсiн Хан атаған. Доғалаң, Шонай – бұлар да жаужүрек батырлар есiмi. Соның бәрi – моңғол шапқыншылығы дәуiрiндегi тарих жаңғырығы.

Шамасы бұдан жүз елу жыл бұрын Жуантаяқта Кебек деген батыр болған. Жиырмаға келгенде жас батырдың күш–қайраты бойына сыймай, алыс атыраптарға асыққандай жүрегi аттай тулайды. Ел-жұртқа дуалы деген, аты жайылған Нысан Абыздың мекенi Шыңғыстаудың құз-қия бiр қуысында. Ол мiнезi тұйық, көп сөйлемейтiн, түсi суық жан. Бет-аузын жыбырлатып, денесiн алас ұра қозғалтып, сөйлеп, ыңылдап бал аша бастаған кезде, анау- мынау адамның құты қашып зәресi ұшады. Болашақты болжаймын деп тесiле қадалып, қобызын сарната жөнелгенде, тыңдаушының көзiне ерiксiз жас үйiрiледi.

Кебек атын ақырын аяңдатып, Нысан Абыздың жадау киiз үйiне келедi. Қобыздың адам жүрегiн елжiрете зарлаған, сызылған, мұңайған, қайғы төккен сазы құйылып, жiгiт көңiлiн оп–оңай баурап алды.

«– Кебек батыр, неге тұрып қалдың? – деген қатқыл дауыс естiледi. – Әлде келген шаруаңды ұмыттың ба?

Түсi суық шал жiгiт сәлемiн алып болмай жатып, оның көзiне көзiн қадап:

– Мен келетiнiңдi, Кебек батыр, бiлiп отыр едiм, – дедi. Жындарым ашқан маған – сенiң тағдырың үрейлi де қауiптi. Шыдармысың тыңдарға?

– Сол үшiн келдiм ғой. Болжап бершi, болжа. Болашақтан қорқатын қоян жүрек мен емес. Өлiм бiреу ақыры.

– А, солай ма? Тыңда. Өтер, жылдар кетер. Бiлегiңнiң күшi де, ептi пысық iсiң де жаяр даңқыңды алысқа. Сенi руыңның тiрек қазығы деп таныр, сыйлар. Бiрақ күнiң қысқа. Тiршiлiктiң бал қызығын ендi татып, өмiр құнын ендi түсiне бастағаныңда, бақыт құшқан шағыңда туыстарыңның да, жауларыңның да қарғысын алып өлесiң.

Кебек қорқынышты шалдан көзiн алмай тыңдап қалған.

– Алдамаймын мен. Келедi ол уақыт. Тау арасындағы ағынды өзен жағасында қызбен кезiгесiң. Қазiр–ақ көрiп тұрмын. Жындарым көрсетiп тұр: ұзын бойлы, елiктей сымбатты, шашы қарғаның қанатындай қап–қара, маңдайы биiк, көзi күзгi түндей тұңғиық, теңiз түбiндей терең. Осы қыз әйелiң болады, соның жолында қаза табасың сен».

Осыны естiп Кебек үйiне қайтады. Арада бiрнеше жыл өткен. Кебек даңқы алысқа жайылған батыр болады. Бiр күнi бүркiтiн алып, түлкiге шығады. Қызды-қыздымен, аңшылық әсермен жүрiп Хан тауынан асып, қарсы ру, жауласып жүрген ел матайлардың жерiне қалай өтiп кеткенiн өзi де байқамай қалады. Ол кезде қас қарайып кеткен. Үйге қайтпай, қоналқыға таяудағы ауылға беттегенде, бiр қызға жолығады. Сұлу. Кебек оны бұрыннан бiлетiн сияқты. Еңлiк. Жалын сезiм екеуiнiң де бойын шарпып, махаббат құштарлығы алау атады.

Еңлiктi әкесi Керей руындағы бiр бай шалға атастырып қойған болатын. Қалың малдың да жартысы алынған. Қос ғашықтың ыстық құшақтарына еш нәрсе де тосқауыл емес, сүйiспеншiлiктiң жалын толқыны ұмар–жұмар тартып әкеткен. Кебек келуi жиi. Бiр түнде Еңлiктi алып, өз аулына тартып бередi.

Намыстары күйгендей болған қыздың елi Кебек ауылының малын барымталап айдап әкетедi. Пәле басталды. Елдi ел шабады. Барымта. Соғыс. Өлiм. Екi жыл итжығыспен, жұлқысумен шаршап, шалдығып барып орта биге жүгiнедi.

Қорқау би Кеңгiрбай төрт айлық балалары бар Кебек пен Еңлiктi Тоқтамыс жоқта қолға түсiредi. Жүз кiсiнi Кеңгiрбай бастап, сонша қарсы елден ерiп Еңлiк пен Кебектi жазалау үшiн Ақшоқы биiгiнiң басына жиналады. Қеңгiрбай сырт көзге Кебектi арашаламақшы боп жалған қабақ бiлдiргенiмен, iштей оның өлiмiн тiлейдi.

Үйткенi Кебек бел алып, беделi өсiп, ел iшiндегi өзiмен иықтас адам болып бара жатыр едi. Билiктi ешкiммен де бөлiскiсi келмейдi Кеңгiрбайдың.

Ақыры Кебек пен Еңлiктi тасбауыр жандар ат құйрығына байлап өлтiредi.

Кебек – жаудан қайтпас ер жүрек, жар сүйген жалынды жiгiт. Екi елдiң шоқпар сiлтесiп, қарсы шабысып тұрған жаугершiлiгiне қарап, қорқып бас сауғаламайды. Сүйген жарын алып қашады. Ескi әдетпен батыр махаббаты үшiн күреске түседi.

Абыз бейнесi бiр жағынан болашақты болжауды көксеген ел арманынан хабар берсе, екiншi жағынан халық нанымының балалық кезеңiн, тағдырға, талайға илануды көрсетедi. Әңгiмеде Еңлiктiң портретi берiлген. ұзатылғалы отырған бойжеткеннiң ұнатқан жiгiтiмен көңiл қосып, тұсау кесуi – оның азаттықты тiлеп, батыл басқан қайратты қадамы. Жазықсыз екi жасты аяусыз өлтiрген қатыгез әдет әңгiмеде жазғырылып отыр. Кеңгiрбайдың Кебектi бақталасым деп өлiмге итеруi ашық айтылады.

«Еңлiк – Кебектiң» қағаз бетiне түскен бұл бiрiншi нұсқасында халықтық сарын, халықтық идея басым. Тiлi, сюжетi, композициясы, стилi, образдары – барлық көркемдiк компоненттерi жiптiктей болып тұрмаса да бұл әңгiме осы қасиетiмен құнды.

«Дала уәлаяты» газетiнiң 1900 жылғы 46-санында жарияланған нұсқа «Қазақ тұрмысынан хикая» деп аталды. Алғашқы варианттан бiрнеше өзгешелiгi бар. Мұнда жiгiт Кебек емес, Серғали, Қыз аты – Қаңлық. Абыздың аты – Келдей. Тоқтамыс – Бесқабан, Кеңгiрбай – Шалпақ деп берiлген. Шыңғыс, Хан, Ақшоқы сияқты таулардан басқа Далаған, Бүркiттау деген жерлер де айтылады.

Абыз қобызын сарнатып, көк терге түсiп Серғали келешегiн болжайды. Жiгiттiң батырлық даңқы жайылатынын, «ұзын бойлы, елiктей сымбатты, шашы қарғаның қанатындай қап–қара, биiк қабақ, көзi күзгi түндей тұңғиық, теңiз түбiндей терең» сұлу қызбен ұшырасып, қосылатынын айтады. Көп өмiр сүре алмайтынын да жасырмайды. Батыр, абыз айтқандай, Қаңлық қызға жолығады, онымен қосылады. Екi ру бiрiгiп екеуiн ат құйрығына тағып өлтiредi. Бесiктегi бала шырылдап, иесiз тауда қалады. Бiрiншi нұсқадағы сюжет желiсi, образдар қалпы сол күйiнде сақталған. Серғалидың кейпi – Кебектiң кейпi. Абызбен кездескендегi айтылатын сөздер бiрiншi нұсқадағының дәл өзi. Сөзбе-сөз келедi. Жалпы 1900 жылғы нұсқада адам аттарындағы бiрер өзгерiс болмаса, ол 1892 жылғы әңгiменiң көшiрмесi. Еңлiктiң атастырылған адамының айтылуы, әңгiменiң Кебеков деген молланың аузынан берiлуi, ұсақ қосымша суреттеулер – 1900 жылы қосылған анахронизмдерден мынадай ойға келемiз: «Дала уалаяты» газетi жыл аяғында жаңа оқушылар тарту мақсатымен сегiз жыл бұрын басылған әңгiмедегi адам аттарын әдейi өзгертiп, қайтадан жариялаған секiлдi. «Еңлiк – Кебектiң» 1900 жылғы нұсқасы алғашқы вариантты қайталап шықты. Қажетсiз ұсақ бұрмалаулар аңыздың негiзгi сарынына нұқсан келтiре алған жоқ. Адал махаббатты дәрiптеп, қара жүректiлiктi айыптаған халықтық идея бұрынғы күйiнде қалды.

Үшiншi нұсқа – Мағауияның «Еңлiк – Кебек» поэмасы. Ол Қазақ ССР Ғылым Академиясы архивiнде сақталған қолжазба бойынша 1960 жылы «Дастандар» жинағында басылды. Мағауия «Еңлiк – Кебегiнiң» оқиғасы, сюжеттiк желiсi, композициялық құрылысы 1892 жылғы нұсқамен арналас. Ақын образдарды бiршама айқындап, бұрынғы идеяны өзiнше саралай түскен Руы Кебек ердiң Жуантаяқ, Елi үшiн жанын салған аянбай-ақ, Зор көкiрек, ер сөздi адам едi, Сол ерлiгi түбiне жеттi бiрақ, – деп жас батыр iш тарта суреттеледi. Абыздың келбетi, бал ашардағы жүзiнiң құбылуы, дене қимылдары бұрынғы нұсқалардағы қалыпта берiлген. Биiк қабақ сұлу қызбен кездесетiнi, ажалы жететiнi де бұрынғыша. Мағауия поэмасында Кебек пен Еңлiктiң тұңғыш кездесуi ұзағырақ суреттеледi. Әңгiме варианттарында Кебек пен Еңлiк екi қайырымға келмей көрген беттен ғашық болды деп келте қайырылса, поэмада қыздың кескiнi, жүрiс-тұрысы, киiмi кең сипатталып, махаббаттың оянуы, тағдыр жазмыштан емес, адам баласына тән сезiм екендiгi нанымды бейнеленедi.

Тiп–тiк жаурын, нәзiк бел, бұрымы ұзын,

Салмақпен салады қара көзiн.

Жауап берсе қалжыңға сондай ұста,

Ешкiм сөгер жан емес айтқан сөзiн, –

деген жолдар арқылы Мағауия психологиялық портрет жасауға ұмтылады, Кебек батырдың жас сұлуға ынтығуы оқушы жүрегiн қытықтайды, ақын өмiр шындығын дәл көрсетпек болып, реалистiк мәнермен Еңлiк бейнесiн табиғи қалыпта кескiндейдi.

Мен сiзге жар болып ере алмаймын,

Ел–жұрттың мазағына көне алмаймын.

Көңiлiм қанша елжiреп тұрса–дағы

Жар болам деп уәде бере алмаймын.

Мұнда қоспа жоқ. Өз дәуiрiнiң бел баласы, шыққан орта, өскен аймағының моралiнен қия басып, тая соқпайды. Махаббат деп ах ұрған жас жүректi ыстық сезiм тебiрентсе де, салқын сабыр басу айтады. Бiрақ жүректiң аты қашан да жүрек. Бабына түсiп, кезiне келсе, оған әмiр жүрмейдi. Адам жүрегi азаттық пен әдiлет құлы әмәнда.

Әуелде аяншақ, көрбала Еңлiк артынан Кебекпен көңiл қосып, асыл, ыстық махаббаттың бал күндерiн бастан кешедi. Поэмада Кебек Еңлiктi алып қашқаннан кейiнгi оқиға асығыс баяндалады. Бұрынғы нұсқалардағыдай бiр– бiрiне жасаған қоқан–лоққысы, барымта соғыстары суреттелмейдi, екi жастың романтикалық махаббатының трагедиялық финалы бейнеленедi. Алғашқы екi әңгiме де Тобықты биi Кеңгiрбайдың Кебектi ұстап беруi бақталастық, ертең өз орнымды басады деген қауiп болып көрсетiледi. Поэманың бiр жаңалығы Кеңгiрбай бейнесi жаңаша пайымдалған. Ол қыз қайнынан пара алады.

Кеңгiрбайдың зымияндық қулықпен әскер жиып, Кебек пен Еңлiктi алдап қолға түсiруiн жете баяндау, қандыауыз бидiң опасыздығын әшкерелеу Мағауия поэмасының сыншылдық күшiн, әлеуметтiк салмағын үстеп тұр. Кебек пен Кеңгiрбай диалогтарынан бiрiнiң өз мiнезi, қайраты, қайсарлығы көрiнсе, екiншiсiнiң мысық табан жымысқылығы, найза бойламас аярлығы аңғарылады. Кебек:

Бұл пәле бәрi сенен, Қеңгiрбайым,

Қызды берме бiтiмге малшы дайын,

Егер де сен қызды берiп қойсаң,

Өмiр бойы жау болам жасырмаймын,

деп өлiм тұзағы мойнына лақтырылған сәттiң өзiнде қайтпай соғады.

Кеңгiрбай Кебектi ат құйрығына байлатып өз қолымен өлтiредi де, Еңлiктi атастырылған жерiне бередi. Алғашқыда ата жолын кесе көлденең өтпейтiн жуас Еңлiк характерiндегi эволюцияны Мағауия жақсы көрсеткен. Кебектей батырды жар етiп, ыстық махаббат жолында күреске түскен жас сұлу азуы алты қарыс қабан биге лағынет жаудырады.

Кеңгiрбай ит екенсiң дiнiң қатты,

Жүрмiсiң көрмеймiн деп ғарасатты.

Не жауапты бересiң пара алғанға,

Би алдына барғанда әдiлеттi.

Мағауия поэмасы да екi жастың өлiмiмен, емшектегi нәрестенiң елсiзде қалуымен тәмам болады. Ақын аңыз оқиғасы мен сюжетiне күрделi өзгерiс енгiзбесе де, Кебек, Еңлiк, Кеңгiрбай образдарын бұрынғы қалпынан бiршама тереңдетiп, дамытып, сыншылдық рухтағы поэма тудыра алды.

Төртiншi нұсқа – 1912 жылы Семейде жеке кiтап болып басылған «Жолсыз жаза» поэмасы. Ескiлiктi жақсы бiлген шежiре ақын Еңлiк – Кебек оқиғасы 1780 жылдар шамасында болды деп дәл көрсетедi. Ақтабан шұбырындыдан кейiн қазақтардың Сырдан кетiп, Шуға, Арқаға қарай аууы, сөз болады. Бұл поэма да Кебектi таныстырудан басталған. Бұрынғы варианттарда жоқ ерекшелiк – жас батырдың портретi.

Он бесiнде Кебектiң аты шықты

Атты, жаяу бәрiне бiрдей мықты

Көзi өткiр, қара торы жiгiт екен

Орта бойлы, тапалдау кең иықты

Ел қамы үшiн өлуге жанын сайлап,

Соғыс десе тұрмайды қойса байлап,

Жауға батым, жақынға және әдептi

Кiшiнi – iнi, үлкендi – ағатайлап.

Оқиға белгiлi арнадан аумайды, сол iз. Алдағы өмiрiн болжатуға Кебектiң Нысан Абызға келген бетi. Ақын Абыздың динамикалық, жанды кескiнiн жасай алған. «Арнап-сарнап, бұлдырап-ұрлап, шымырлап-сыбырлап» тәрiздi етiстiк ұйқастар үйiлiп-төгiлiп, бiрiн-бiрi екшелеп, Абыз қимылының нақты картинасын көзге елестеткендей болады. Бұдан кейiн Кебектiң дәстүрлi аңға шығуы бар. Осы эпизодтан Абай өлеңiнiң игiлiктi әсерiн байқау қиын емес. Сылдыр сөзден қашып, сурет жасауға, образдылыққа мән беру жағы көзге түспей қоймайды.

Автор Кебек пен Еңлiктiң алғаш жолығысуын бұрынғы нұсқалардағы дәстүрмен шолақ қайырмай, мол, әрi қызықты суреттеген. Поэманың ең көркем тұсы – Кебек пен Еңлiктiң арасындағы сырласу эпизоды. Диалог ауқымынан шығып, ұзақ монологқа айналып кеткен жолдарда жастар сыры шертiледi. Образдардың iштей ашылуы, олардың сөздiк сипаттамалары арқылы бейнеленуi үлкен ақындық шеберлiктi көрсетедi.

Басқа варианттарда Еңлiктiң үй-жайы, әке-шешесi айтылмаса, «Жолсыз жазада» оның жалғыздығы, ерiксiз ұзатылып отырғандығы, әкесiнiң жас күнiнде батыр болғандығы, нағашысы Қабанбай екендiгi баяндалады. Тұрмыстық детальдар – қонақ күту әдетi, ат жайғау, дәм беру тәртiбi бейнеленедi.

Еңлiк образын пайымдауында да сонылық бар. Сөз айтушы жiгiт емес, қыз. Бұл жағынан алғанда Еңлiк Онегинге бiрiншi боп хат жолдаған Пушкин Татьянасының қылығын еске түсiредi. Батылдықты айтып отырмыз. Тұсау әдет, жөнсiз жоралғыны аттап өткен сүйiспеншiлiктен, сезiм азаттығына ұмтылудан туған еркiндiктi айтып отырмыз. Болмаса орыс қызы Татьяна мен қыр перзентi Еңлiктiң алған тәрбие, көрген орта, түйген байламдары да, мiнез-құлқы да, тағдыр-талайы да екi басқа екендiгi әркiмге түсiнiктi.

Еңлiк жас батыр Кебектi сезiм бөлiсер, қуаныш рахат, күйiк-қайғыға ортақтасар, бастас, қамау-қапастан алып шығар ер-азамат деп мұңын шағады. Онда да көз жасын көл дария ағызған төмен етек пұшаймандық емес, наз бен қылық аралас жан құпиясын ашу. Адал, ақ, ұзақ махаббатты тiрлiк медеуi, өмiр мақсұты көрген бейкүнә жастың толқыған мөлдiр сезiмi.

Махаббатты шу деп лау етiп, ақыл, сабырға жол бермей қаулай жөнелетiн стихиялы күй ретiнде суреттеу – романтикалық сарынға тән әдiс. «Жолсыз жаза» авторы бұл беттен бас тартқан. Еңлiк пен Кебек арасындағы ұзақ монологтар реалистiк арнада берiлген.

Нышан жоқ бет–ауызда, сақал мұрттан,

Бұрын да естушi едiм жайын сырттан,

Түн болса ұйқыдан бас көтермейдi,

Күндiз асық iздейдi ескi жұрттан.

Осындай аз штрихтан-ақ Еңлiктi айттырып отырған адамның сырт бейнесiнiң ұсқынсыздығын, жан сарайының татусыздығын аңғарамыз. Жас сұлудың одан бойын аулақ салып, Кебек ерге шерiн тарқатуы табиғи да заңды қадам, батыл қадам болып көрiнедi.

Еңлiк мiнезiнiң ұстамдылығы, аз күндiк қызықты аужал қылмас, баянды сүйiспеншiлiктi тiлеген жүрек дүрсiлi Кебекпен арадағы ұзақ диалогта жақсы ашылған. Кебектiң жiгiттiк, адамшылық қасиеттерi, ақылы, сыншылдығы Еңлiк сөзiне берiлген жауабынан көрiнедi. Әуелi ол жас сұлуды қоршаған әдiлетсiздiк тұманын нұсқап, қорқытпақ болады. Екi ел жаға жыртысып жүрген кез. Бiрi Матай қызы болса, екiншiсi – Тобықты ұлы. Қалың малын берiп, бүгiн-ертең алып кетем деп отырған күйеудi қайтпек. Ез де болса, қор да болса, оның артынан ерген руы, намысын күйттер ағайыны бар. Сонда Еңлiк пен Кебек арасында ұзақ тiрлiк, ерлi-зайыпты баянды өмiр мүмкiн бе?

Кiмнiң көзi жетедi күнi ертеңге,

Теңiн тапқан сенiмен жалғыз мен бе,

Ел шабысып кеттi ме соның бәрi,

Алып қашып алды ғой талай пенде.

Еңлiк басынан сезiм сұлулығын, бұғып қалмас өжеттiктi жiтi аңғарған жас батыр оны өмiрлiк досым болар, адал жар деп танып, ыстық құшағына алады.

Онсыз да атысып-шабысып жатқан ел арасына тағы да от түстi. Бүлiк от. Қыздарынан айрылған Матай жағының зiл батпан ашуы мен өрттей шапшыған кегi бар.

Аяздай суық сөзбен тұқырта келген, артында аткөпiр қалың қолы даяр Матайлар тiзесiне Тобықты жағы шыдай алмайды – Кеңгiрбай бастатқан, Көбей, Кенбайлар қостатқан билер тобы Еңлiк пен Кебектi өз қолдарымен ұстап бередi. Тағы да ат құйрығында кеткен қыршын өмiр. Тобықты билерiнiң Кебек пен Еңлiктi өлiмге байлауы Матайлардың көптiгiнен, шарасыздықтан, қорыққандықтан жасалған қадам деген сыңай танытылады.

«Еңлiк – Кебек» аңызының екi әңгiме, екi поэма түрiнде келген төрт нұсқасына жеке–жеке тоқталып, оларды өзара салыстырып шыққаннан соң, мынадай байламдар жасауға болады. Ұсақ ауытқуларды айтпағанда, барлық нұсқадағы оқиға, оның баяндалу ретi, аяқталуы, аты аталатын адамдар, негiзiнен, бiрдей. 1900 жылғы нұсқада өзгерiс бар. «Жолсыз жазада» жаңа есiмдер айтылады. Адам бейнелерiн кескiндеу де ұқсас. Кебек – батыр. Еңлiк – асқақ махаббат иесi, Кеңгiрбай – опасыз болып көрiнедi. Шыңғыстау, Орда, Хан, Доғалаң, Ащысу барлық нұсқада аталады. Қараменде, Көбей, Кенбайлар «Жолсыз жазада» қосылған адам аттары.

Нысан Абыздың бал ашқандағы сөзi, Еңлiк портретi, бүркiт салу суретi сөзбе-сөз дәл келiп отырады. Бiрталай тiркестер, жеке детальдар, жаулар үстерiнен түскендегi қашу моментi. Кебек мойнына арқан тасталуы, Еңлiктiң үш тiлегi, жөргекте зар қағып қалған бала өзгерiссiз қайталанады. Барлық нұсқа Еңлiк пен Кебектiң өлiмiмен тынады. Кеңгiрбайдың екi жүздiлiгi, Тобықты, Найман руларының тасбауырлығы, опаттың бас себебi тағдырдың бұйрығында, жазмыш күшiнде деген идея барлық нұсқада бар.

Драмалық шығармаға арқау болғанға дейiн аңыз қолдан-қолға өтiп, сараланып, оның тұрақты сюжеттiк желiсi тартылып, образдар қалпы айқындалып, Халықтық идея дәстүрлi арнаға түскен едi.

II

Әуезовтiң тырнақалды пьесасының образдар жүйесiн, драматургиялық, жанрлық табиғатын сөз қылу аз. Аса күрделi творчестволық тұлғаның эволюциясын, оның эстетикалық-философиялық сатыдағы өсу жолын көрсету қажет. Бiр жағы тұрпайы социологизмнiң ә дебиет шығармаларын объективтi бағалауға жасаған зияны, екiншi жағы жеке адамға табыну кезiндегi субъективтi себептер Әуезов творчествосының алғашқы дәуiрiн нақты, дәл топшылауға мүмкiндiк бермедi. Жас жазушының кемшiлiк-қайшылықтарының диалектикалық себептерi ашылмады. Кейбiр пiкiрлер көркем творчествоның күрделiлiгiн ұғынбай, құр дақпырттан шығып жатты, ол марксистiк-лениндiк эстетикаға жат, өткiншi құбылыс болатын.

Отызыншы жылдардағы белсендi сыншы Ғаббас Тоғжанов «Әдебиет және сын мәселелерi» (1929) деген кiтабының бiр бөлiмiн Мұхтар Әуезовке арнаған. Шығарма iшiне бойламай, нақты материалды талдамай, әйтеуiр Октябрь революциясынан бұрынғы қазақ тұрмысы суреттелдi деп сыншы Әуезовтi жазғырады. Бұл пiкiр бiрталай уақыт тұтас концепцияға айналып кеттi.

Осы ретте Мұхтар Әуезовтiң 1932 жылғы белгiлi хатын кесекөлденең тарта беру орынсыз сияқты. Ауыр кезең тудырған түрлi субъективтi жәйттердiң әсерiнен Әуезов өз қайшылықтарын тым асыра, дабырайта көрсетуге мәжбүр болды. «Еңлiк – Кебек», «Бәйбiше – тоқал», «Қаракөз» трагедияларынан, көптеген әңгiмелерiнен, повестерiнен безiнiп шығуын осымен ғана түсiндiрсек керек.

Автордың өзi бойын аулақ салып, ат-тонын ала қашқан сол шығармалардың кейiнгi тағдыры не болды. Рас, «Еңлiк – Кебектiң» алғашқы нұсқасы, «Қаракөздiң» алғашқы нұсқасы көп редакцияға ұшырады, екiншi рет 1960 жылы жарияланған «Бәйбiше – тоқалдан» бiр көрiнiс қысқартылды, өзге жерiне қалам тиген жоқ.

Қалың қауымды мол қуанышқа кенелтiп, әдебиетiмiз үшiн ерекше бағалы олжа болып, 1960 жылы шыққан әйгiлi «Қараш-Қараш» жинағының iшiне енген әңгiмелердi алып қарайық. Бұрын романнан үзiндi деп салынған «Заман еркесi» (1923-25) әңгiмесiнiң аты – «Сөнiп-жану», «Қазақ қызы» (1925) әңгiмесiнiң аты – «Кiнәмшiл бойжеткен» болып қайта қойылды. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесiнiң алғашқы эпизоды жаңадан қосылды. Көптеген әңгiмелер, повестер, кейiн болар-болмас стильдiк өзгерiстерге түскенмен, негiзiнен тұңғыш жарияланған қалыптарын сақтаған.

Жазушының 20-шы жылдардағы творчествосы мен кейiнгi творчествосы арасын кесiп-бөлу қателiк едi.

Филология ғылымдарының докторы Темiрғали Нұртазин былай деп жазды: «Түгелдей алғанда жазушы (М.Әуезов – Р.Н.) жиырмасыншы жылдарда өмiрдiң елеулi мәселелерiн көтердi, ескiлiгi әлi пәлендей ыдырай қоймаған ауыл тiршiлiгiнде сорақылықтар мол екенiн ашты, негiзiнде жанашыры қанаушы үстемдер емес, қорғансыздар, еңбеккер Жақсылықтар ар-намысын қорғаған Бақтығұлдар болды». (Жазушы және өмiр. А., 1960, 185).

«Алғашқы шығармаларында-ақ Мұхтар өзiнiң аса талантты, бiлiмдi, мәдениеттi болашағы үлкен жазушы екенiн байқатты», – деп көрсеттi профессор Бейсенбай Кенжебаев (Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиетi, А., 1961, 41–б.).

«М. Әуезовтiң творчествосының алғашқы кезеңi жазушының әр түрлi көңiл-күйiнде бола тұра, негiзiнен халық өмiрiнiң шындығын жырлағанын байқатады. Соның өзiнде оның суреткерлiк таланты реализмге опасыздық жасаған жоқ», – дедi филология ғылымдарының докторы Серiк Қирабаев (Сәкен Сейфуллин. А., 1962, 112–б.).

Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше корреспондентi Мұхамеджан Қаратаев М. Әуезовтiң жиырмасыншы жылдардың бас кезiнде әңгiмелерi «қазақ совет әдебиетiнiң тұңғыш реалистiк шығармаларына жатады», – дедi (Социалистiк реализмнiң қазақ прозасында қалыптасуы. А., 1965. 133–б.).

Бұл пiкiрлердiң барлығы бiр арнаға құйып жатыр:

Әуезов творчествосының күрделiлiгi жақсы айтылған.

Мұхтар Әуезов неге «Еңлiк – Кебектi» жазды? Көркем шығарма аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайды, бұл – эстетиканың белгiлi шындығы. Талант, тәжiрибе, бiлiммен қоса, ең басты ең негiзгi, ең шешушi фактор жазушының дүниетанымын, санасын қалыптастыратын өскен орта, әлеуметтiк қоршау. Тақырып беретiн де, образ ұсынатын да сол орта, сол қоршау.

Өнер мен өмiр арасындағы байланыстың бiр қырын осы заңдылық айқын көрсете алады.

«Еңлiк – Кебек» трагедиясы автордың әөткен өмiрдi аңсауынанә туған жоқ. Қаршадайынан құлағына сiңген, өзi жаттаған тамаша аңыз драмалық шығармаға жақсы материал болды. Горькийдiң: «Социалистiк реализм әдебиетте тек қана социалистiк творчествоның еңбек тәжiрибесi жемiстерiнiң көрiнiсi ретiнде ғана пайда болуы мүмкiн», – деген аталы сөзi Әуезов неге революциядан бұрынғы қазақ өмiрiн суреттеуге ден қойды дейтiн сұрауға жауап айтуға дәлел бередi. Жас Мұхтардың ең жақсы бiлетiнi өзi өскен орта, революция алдындағы қазақ аулының жай-күйi, тұрмысы, тарихы, адамдар психологиясы болса, оның сол туралы толғанбай тұруы мүмкiн емес едi.

Спектакльдi қоюшылардың бiрiнiң жазғанына қарағанда екi киiз үй қатарластырылып тiгiлген. Қазiргi ұғыммен айтқанда бiрi – сахна, екiншiсi – зал есептi болған. «Еңлiк – Кебектiң» 1917 жылы, май айында қан жайлауда қойылған тұңғыш постановкасына жиылған көрермен саны жүзден асыпты. Бiр қызық деталь – ойынға елу тиыннан билет сатылып, барлығы 54 сом 50 тиын жиылыпты. Бұл ақша Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың пайдасына жөнелтiледi.

Абыз болып Зiкәйiл, Кебек болып Ақкенже, Еңлiк болып Ахмет, Еңлiктiң шешесi Қалампыр болып Жағыфар, Жапал болып Жебiрейiл, Кеңгiрбай болып Ысмайылхан, Көбей болып Құтайба, Еңлiктiң әкесi Ақан болып Бастами деген жiгiттер ойнайды. Спектакльдi қоюшы режиссер де, ойнаушылардың ұмытқанын есiне салып жiберетiн суфлер де – Мұхтар Әуезовтiң өзi. Әуезовтiң творчествосында да, қазақ әдебиетi тарихында да айрықша орын алған «Еңлiк – Кебек» пьесасының тақырыбы, образдары, идеясы аса қызықты мәселе.

Тұңғыш вариант туралы сөйлегенде жүгiнерiмiз – 1922 жылы Орынборда басылған кiтап, автордың өз қолжазбасы сақталмаған, жоғалып кеткен.

«Еңлiк – Кебек» жәйлi алғашқы сын мақалалар шығарманың идеялық-көркемдiк қуатын сараптайтын профессионалдық биiк деңгейде емес, олар сахналық ойын туралы қысқа рецензия түрiнде келедi.

Пьесаның сахнада қойылуына арналып жазылып «Еңбекшi қазақ» газетiнiң бетiнде басылған үш мақала көңiл бөлерлiктей. «Кеше Қазақстан мемлекеттiк ұлт театрында Қазақстанның о жақ, бұ жағынан шақырылған сауыққойлар мен Қызылорда әуесқойлары тiзе қосып «Еңлiк – Кебектi» ойнады», – деп жазады газет.

Мақала авторы спектакльдi сөз ету үстiнде киiм жетiмсiздiгiн декорация жүдеулiгiн сынайды. Сахна жабдығының пьесадағы қалыпқа лайықты болуын, артистердiң образ бiтiмiне сай киiнуiн, декорацияның «Еңлiк – Кебек» оқиғасы өткен жерлердiң нақты суретiн бейнелеуiн талап етедi. Тарихи жағынан өте қажет нәрсе – артистердiң аты-жөнiн айтпаса да сыншы олардың ойындарындағы табысты, олқылықты бiрсыдырғы көрсетедi. «Кiтаптағы оқиға тарихи шын оқиға, жиналған жұртпен театр үйi лық толды. Қазақстан астанасының Орынбордағы кезi болсын, Қызылордаға келген соң болсын, қойылып жүрген ойындардың iшiндегi бiр өңдiсi болып шықты» деген сөйлемдермен рецензент пiкiрiн түйедi. Бұл мақала қазақ театры сынының драматургияны өкшелеп жаңа туып келе жатқан алғашқы кезеңiндегi бiр нұсқа секiлдi.

Екiншi мақалада Абыз, Көбей, Кебек, Еңлiк, Кеңгiрбай образдарының қалай ойналғандығы сөз болады. Мұнда да артистердiң аты-жөнi айтылмайды.

Үшiншi рецензент спектакль жайын сөз етумен қоса трагедияның кейбiр кемшiлiктерiн көрсетуге тырысады.

«Пьесаның құрылысы сахнаға ауырлық көрсетедi» деген байлам сол кездегi қазақ театры мүмкiндiктерiн ескергенде дау туғызбайды.

Мақалада «Еңлiк – Кебек» пьесасында ойнаушылардың аттары айтылады. Мұның iшiнде қазақ театры өнерi iргесiн қалаған, Халықтық топырақтан шыққан сом таланттар Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмiрзақовтар бар. Бұлбұл көмей ұлы әншi Әмiре Қашаубаев, таудан құлаған селдей тасқынды ақын Иса Байзақов «Еңлiк – Кебектi» алғаш орындаушылар қатарында. Абықай, Латиф, Батиха, Оразке сияқты тұңғыш артистер де аталады. Рецензент Еңлiк ролiндегi Жанбикенiң ойынын талдап орынды талап қояды. Артистердiң дауыс мәдениетiне, дикциясына қатысты ескертпелер де бар.

Осындай бағалы жақтарымен қоса, бұл мақалада ұшқалақ, орынсыз пiкiр де шаң бердi. Кейде автор диалогтарды жәй салғыласу деп ұғады. Қаһарман басындағы психологиялық аса шытырман халдi ескермегендiктен сыншы Еңлiктiң қоштасу өлеңiн қажетсiз дейдi. Әуезовтiң «ескiшiлдiгi, баяғыны жақтайтыны» деген дәлелсiз, жалған пiкiр де мақалада төбе көрсеттi.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар