Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы: Сөз патшасы

10.05.2017 3609

Амангелді Кеңшілікұлы: Сөз патшасы

Ал, Дүние

Жабығыңды аштым,

Жұпарымды шаштым:

Кез-келген үлкен ақынға заманның жылы шырай қабақ танытпайтыны бар. Жүз рет дәлелденіп, мың мәрте айтылғанымен, қай кезеңде болса да ақындық жүрек туғызған туындының өз уақытында бағаланбай, шын таланттардың бағынан гөрі, маңдайының сорының бес елі болатыны неліктен? Егер сіз осы шындықты қазақ топырағына ғана теліп, ұлтты кінәлай сөйлесеңіз, қатты қателесесіз. Мемлекетіндегі сайқал саясатты әшкерелеп, патшаның тойымсыздығын, зиялының залымдығын жырлағаны үшін қудаланып шет елде қаңғырып өлген Италияның ұлы ақыны Дантені, адамзат баласы көксеген ұлы армандарды кітабына арқау еткеніне бола діннен безген азғын ретінде, шіркеу иелері азаптап өлтірген Англияның ұлы перзенті Томас Морды.., сайтанға айналған қоғамға қарсы шыққандықтан тірідей көмілген орыс әдебиетінің пайғамбары Гогольді.., есіңізге түсіріп көріңіз. Кейде пендешілікке салынып, осы ақындар биліктің айтқанына көніп, айдағанына жүріп, «неге ел қатарлы өмір сүрмеді?» деп те ойлайтынымыз бар-ау. Алайда, дүние-жалғанды жұмаққа айналдырғысы келген ақындар болмаса екі аяқты саналы тіршілік иесінің жыртқыштық сезімі қайта оянып, ұлы құндылықтардың бәрін тәрк етіп, хайуанға айналып кетпес пе еді. Адамды тәубасына түсіретін Алла болса, ақын- сол ұлы Тәңірдің сезімінен жаратылған ең сүйікті перзенті. Ақынның заманнан озық туып, өзгеше ойлайтыны, шеңберге симай, ноқтаға басының маталып жататындығы да сондықтан.

Бір туатын ғасырда рабайда,

Мен ешкімді теңемен ұлы Абайға

Тұрғызбасақ бәріміз бір Абайды,

Поэзия шаңырағы құламай ма?

Қарлы шыңнан ағатын, басын құрап,

Әр жас ақын аптыққан асыл бұлақ.

Барша бұлақ бір өзен құрамаса,

Дала шөлдеп қалмай ма, ғасыр жылап.

Пейіліңнен нұр-шуақ, таппаса арай,

Тарих шенін төсіңе тақпас оңай.

Бір мұрагер қалдырған шығар, бәлки,

Аруақты арқалы, ақбас Абай!

Ақын Иран-Ғайып! Көңіл көктеміндегі сезімдері енді ғана бүршік атып, бар-жоғы он алты жастан асқан шағында жазған жыр жампозының осы өлең жолдарын оқыған сайын, ылғи да менің есіме қолыма қалам алып, шығарма жазуды бастаған шағымда Абайдан да ұлы ақын, Әуезовтен де асқан кемеңгер жазушы болуды армандаған, балалық күндерім есіме түседі. Жасырмайықшы, мен ғана емес, бәріміз де әдебиетке осындай тәтті қиялдың жетегіне еріп келдік емес пе! Уақыт өте келе, кеудемізде толқыған ұлы армандарымыз суалып, жанартаудай жарылыстары бар ақындардың жүрегіндегі оты сөніп қалып жатады. Неге?!

Әдебиеттің есігін аттамай тұрғанымызда-ақ біздің ұстаздарымыз жан-тәнін салып, поэзияда – ұлы Абайдан, прозада – кемеңгер Әуезовтен артық жазудың мүмкін емес екенін санамызға сыналап кіргізді. Басқаша сөзбен айтқанда, біз дүниеге келмей жатып-ақ қай межеге шейін жететіндігіміз шамаланып, өнердегі тағдырымыз алдын-ала шешіліп қойылыпты. Өгей шешенің жет перзентке иімеген тас емшегін еміп өскен ұл секілді, әдебиетке келген сары ауыз балапандардың ұзақ адасып, жан-дүниесімен егіз жаратылған сезімдерден қашқалақтап, өз жүрегінің шырағын жаға алмай жүретін себебі де, мүмкін содан шығар. Асқар тауға көз сүзе бергеннен гөрі, сол ұлы таудың биігіне көтеріліп, дүниеге қарағанда ғана адамның жаны тыныштық табушы еді ғой. Біз бағындыратын ұлы биіктер қалмаса, әдебиетке келуде не мағына бар? Көп жазарманның қарасын көбейткеннен өнер өрге баса ма?

Жасыратын несі бар, дүние-жалғанды өз жүрегінің дірілімен сезінгісі келген ақын Иран-Ғайыптың, өмірді өзгеше жырлауға құмартқан, мизан-таразысымен өлшеуге талпынған өнердегі мінезіне бәріміз де алғашқыда үрке қарадық емес пе.. Сол себептен де ақынның:

Жүрек-қазы

Күткеніммен кесімін,

Өнер-отау,

Ашқанымен есігін

Ене-ене ержеткенмен есімім,

Жұпар жырдың тербеткенмен бесігін-

Сан сұрақтың таба алмадым жауабын,

Таба алмадым сан жұмбақтың шешімін.

Жазу керек! –

Қазу керек! –

Ұққаным!

Жазған, қазған Абайым да, Мұхтарым!

Абайға ұқсап «мыңға» тізе бүктіріп,

Мұхтарға ұқсап шың-тұғырға шықпадым-

Кіл итжығыс!-

Уақыт атты алыптан

Жығылмадым,

Не әлі күн жықпадым

деп, ағынан жарылуын, табиғаттың заңдылығы деп қабылдаған жоқпыз.

Ақындық жүрек сезе-дүр. Өтірік алдап қол бұлғайтын сағым шыңдарды бағындыру үшін әлі талай қасірет шегу керек. Уақыттың ыңғайына жығылғысы келмеген жыр сүлейінің маңдайы әлі талай тасқа соғылып, ақындық жүрек әлі талай таяқ жейді-ау.

Пушкин..

Дуэль...

Дантес...

Қан...

Сабақ маған,

Дуэль – жоқ,

Қан жоқ па деп қарап бағам.

Қайда барсам қалмайды қыр соңымнан,

Ақ киімді боз атты алақтаған.

Қош! Ақындарды аңғал халық деп жүргеніміз бекершілік екен. Мына жарық дүниеде ақындық жүрек сезбейтін, ақындық түйсік білмейтін ештеңе жоқ болып шықты. Дуэльдің заманы өтті дегенімізбен, көзіңді ала беріп ту сыртыңнан атып, қаныңды шығармай, жаныңды шырқыратып өлтіретін Дантестер толып жатыр. Осы шындықты білетіндігін өзге емес, ақынның өзі мойындапты. Ендеше неге ақынға заман билігіне бағынып, жұрт қатарлы өмір сүрмеске? Дүниені ұршықша үйіріп, екі аяқты пенденің зәре-құтын ұшырған алапат заманға қарсы шықса, қанатының қырқылатынын ақын сезбей ме? Жо, жо, жоқ. Олай ойласаңыз, мықтап қателесесіз.

Білмек керек. Ақын ең алдымен - сөз патшасы. Міне сондықтан да ол дүние-жалғанға өз әмірін жүргізгісі келеді. «Сөз - Құдай» (Інжіл) болғандықтан, ақын билікке де, қоғамға да, заманға да бағынбай, Алланың нұрынан жаратылған сөз құдіретінің алдында ғана басын иеді. Ақынның Құдай деп таныған тәңірі – Сөз. Сенбейсіз бе, онда ақын жырларына кезек берелік:

Сөз патшасы,

Тәңір тұттым,

Табындым,

Табындым да мұң алқасын тағындым.

Жұртқа жүрмес әміріңді жүргізіп,

Күн-түн құрақ ұшырардай не қылдым?!

Қаршадайын қадырыңа жетем деп,

Төрт құбылаң түгел болса екен деп,

Қажып біттім алаң алтын балықтай,

Ауыр ойдың астын атамекендеп.

Қанша жұтса толмас өлім-өңеші –

Уақыт – менен – аласы,

Мен – бересі.

Қиямет-қайым-

Қыл көпірден құлатпай

Өткізердей мәңгіліктің елесі..

Ақын жырлаған сөз құдіретінің басынан бағы тайғанда, ақырзаман орнайды. Жыр әлемі жетімсіреп, күні кеше ғана өтпейтіндей көрінген Дүние жан-алқымға келіп, жалғыздық қинайды, ақындық жүрек ауға түскен балықтай тулайды. Қайтпек керек?! Өлмек пе, өмір сүрмек пе?!

Көрер құқай аз ба әлі

Тамұғында қақтаған?!

Арымады, азбады

Желжуандар қаптаған!

Күдікке үрей қосылып,

Артым – құзар,

Алдым – жар.

Бүгінімнен шошынып,

Кешегіме болдым зар.

Алға басқан аяғым

Кейіс тартып,

Кер кетті.

Тағдыр әңгіртаяғын

Ойнатты да еңіретті.

Кім көрінген басынып,

Қорлығы өтті –

Қажыдым:

Тәннен қуат қашырып,

Таусып жанның азығын,

- деп, жырлайды ақын енді. Ұлы Жаратушының өзінің ең сүйікті құлын сынап тексеретіні рас болса, апырмай, мұның арты бір ұлы қайғыға әкелмесе игі еді.

***

Біз әдетте орыстың ұлы жазушысы Достоевскийдің «әлемді сұлулық құтқарып» қалады» деген, пікірін жиі қайталайтынымыз бар. Ұлы жазушының аруағына бас иіп, оның жазған дүниелеріне үлкен құрметпен қарағаныммен, Достоевскийдің осы бір пікіріне қосыла алмаймын. Шындығында әлемді сұлулық емес, шынайы адамгершілік қана сақтап қалады. Адамгершіліктен ада қоғамда сұлулық та құрақ ұшып, сайтанға қызмет етеді. Жылуы жоқ дүниеде сұлулық сіздің көзіңізге шайтан болып елестейді. Ал, жылу шуағы мол шынайы адамгершілік, тек ақындық жүректе ғана өмір сүреді. Оның мына опасыз дүниеде өмір сүретін басқа мекені жоқ. Бәлкім, адамгершілік дегеніміздің өзі - ақындық шығар. Кім біледі, мүмкін тозақ дегеніміз - сөз патшасын тағынан түсіріп, ақындарын құлға айналдырған қоғам да, жұмақ дегеніміз - жыр-дастанға айналған өмір емес пе екен?

Міне, осы ретте Достоевскийден гөрі, ағылшын ақыны, әрі сыншысы Мэтью Арнольдтың «Әлемді поэзия құтқарып қалады» деген қанатты сөзі, менің жаныма әлдеқайда жақын. Поэзия Құдайлық сананың бір көрінісі болғандықтан, ұлы Жаратушы өзінің бар екенін сездіру және адамзат баласының сана-сезімі суалып, қу-тақыр шөлге айналып кетпеуі үшін ақындық құдіретті жаратты. Жұмыр басты пенденің ақындық жүректен ең алдымен кіршіксіз тазалық пен адамгершілік сезімді іздейтінінің себебі де сол.

Әрине, ақынның жырлары уақыт өткеннен соң мәңгіліктің қазынасына айналатыны даусыз. Дей тұрсақ та, оның бәрі жүрегінде иманы, ақылында сәулесі бар ақынның мына жалғаннан қызық көре алмаған өмірінің өтеуі бола ала ма? Жалпы ақынның бақытты болуы мүмкін бе өзі. Әй, қайдам! Басқасын айтпағанда Құнанбайдай әкесі, бір басын асырауға молынан жететін байлығы бола тұра Абай атам «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деп, «мыңмен жалғыз алысып», мына дүниеден налып өткен жоқ па. Адамдардың бойынан кісілік мінез әлі кете қоймаған дәуірде өмір сүріп, не ішіп, не киерін ойламаған Абай атамның өзі ақындықтың от-жалынына өртеніп өлгенде, жыршылары байлардың бағланын бағып қана жан сақтайын «соқыр, мылқау, таскерең» қоғамға тап келген, мына біздің ақындыққа ұмтылуымыз, сау адамның тірлігі емес, сірә!

Тіпті, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» да ақын бақытты ғұмыр кеше алмаған емес пе?! Ұлы жаратушының жердегі елесіндей, жүрегінде қайғының құйған уы мен қуаныштың жиған балы бар ақын - өзі өмір сүріп отырған дәуірдің төл перзенті болғанымен, сол ортаның жалған болмысы мен жасанды мінезін басқалардан бұрынырақ сезіп қояды. Хайуандыққа бет алған қара тобырдың айдағанына көнгісі жоқ ақындық құдірет:

Менің тегім маймыл емес,

Арыстан!

Арыстаннан шықса лазым данышпан!

Бәлки аю?

Жаралғаным барыстан?

Текежәуміт ауыздықпен алысқан?!

Менің тегім маймыл емес, әйтеуір,

Құр алақан ұят пенен намыстан!

Бәлки арлан қанды кегін бүркемес,

Тағдырым да, таланым да білтелес!

Қулығымды көргенім жоқ асырып,

Менің тегім маймыл да емес, түлкі емес,

- деп, адамды былай қойғанда, қоғамдық санаға айбат шегеді. Бүкіл қоғам сайтанның айтқанына көніп, екі қолын төбесіне қойып, маймылдан жаратылғанына шүбәсіз сеніп отырған заманда ақынның дәл бұлай еркінсуі – тым астамсу емес пе?! Неге ақын қоғамдық сананы менсінбей, өз өмірін қолдан қиындатады? Қоғамды жеңемін деп ойлай ма? Ақынға не жетпейді өзі?!

Жан алқымға тіреліп,

Кім көрінген басынды.

Ақын-Шындық – Тірі Өлік,

Тұшына алмай ашынды.

Насыр шауып ісіміз,

Тірлік мәнін жоғалтты.

Көсем көрген кісіміз-

Көлденеңді көк атты?!

Осыншама ауыр азапты арқалаған ақынға енді тағдыр жылы қабақ танытуы керек еді ғой. Бірақ бәрі басқаша болды. Уақытқа иілгісі келмеген ақынды Құдай аямай сынады. Алдымен ақын досынан айырылды. Мына арсыз тіршілікте тай құлындай тебісіп бірге өскен досыңнан айырылу, туған бауырыңды жоғалтқаннан да ауыр қайғы, орны толмас қасірет. Шын қайғының кермек дәмін ақын енді сезіне бастағандай. Ақын досына арнап жазған қазанамасына енді Иран-Ғайып былайша күңіренді:

«Бәрі – заңдылық. Адам туады – заңдылық. Адам өледі – заңдылық. Жаратылыс заңы – Ұлы заң- ең қатал, қайырымсыз, қатыгез, қаділ заң. Тумауыңа қалай шараң жоқ болса, өлмеуіңе де солай дәрменсізсің. «Адамның басы – Алланың добы»! Хақ бұйрығына – қарсы тұра алмайсың!. Амалдың да, айланың да қолынан түк келмейді. Жалынуың да, жалбарынуың да – далбаса!» ( Ақын Иран-Ғайып, 13 томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 13 том, 102 ші бет)

Асылы, тай-құлындай тебісіп бірге өскен ақын досының қазасында сөйлеген азалы сөзін, Иран-Ғайыптың өз тағдырына бағыштап айтса да артық емес. Алайда «Адамның басы –Алланың добы» екенін біле тұра, ақынның тыныштық таппай аласұруы несі! Ақын кіміне, несіне сеніп кердеңдейді?!

Адамды алақанына салып уатып жіберетін замана талқысына түссе де, ақын ешкімге бағынғысы келмей, онан сайын өршеленді. . Өнерге өзгеше көзбен қарау керектігін түсінген ақын – жүрегі сезген шындықтан аттап кете алмады. Осылайша Иран-Ғайыптың Абайдың ұлылығын оның тағдыры арқылы танытқан «Мен ішпеген у бар ма?!» атты драмалық дастаны дүниеге келді. Кемеңгер Әуезовтен кейін ешкім түрен салмаған тақырыпқа батыл барған ақын өз замандастарынан мадақ естуге тиіс-тін. Бірақ бәрі керісінше болды. Ақынға қарсы бораған ызғарлы айыптаулар Иран-Ғайыптың жан-дүниесін күйзелтті. Поэзия пайғамбары Абайдың ұлылығын асқақтатқан жыр сүлейінің драмалық туындысына жала жабылып жатқанда ақын жауап бермеді. Өнерді өзімнің меншігім деп түсінетін ергежейлілердің танымына басын да имеді. Ештеңенің байыбына бармаған дарақылардың айғай-шуы басылғанда ақын «Пайғамбар» деген мақала жазып, аш қасқырша алақтаған, қара тобырдың аузына құм құйылды.

«Ақынды шын жақсы көру – оны дәйімі түйе үстінен дәрет алдырып- жерге аяғын тигізбей – құр мақтай беру деп түсіну – барып тұрған надандық! Біз Абай дегенде алдымен оның сыртқы тұлғасы – тірлік-тұрмысын, мінез-тұрқын емес, ішкі жан-дүниесін - өлең-жырларын, ғақлия қара сөздерін дәріптейтіндігімізді ұғынуға тиіспіз. Абай бізге, ең дұрысы, өмірімен емес, өнерімен қымбат. Әйтпесе, Абай сүрген өмірді кім сүрмеді?! Абай туған әкеден кімдер тумады! Абай бізге қашанда, сана қуатының астамдығымен, ақыл-ойының үстемдігімен – Абай. Абайдың айбынын асыра түсеміз деп, оны рухани ортасының табиғатынан бөліп қарап, сол кезгі ел билеген төбел топпен қиғаш келіп- кеңірдегін созып, кеудесін соққылаған кей пасыққа жексұрын көрінгенін, бұ дүниенің тәтті әуесінің бірі - өз кезеңінің ресми ғұрпы – көп қатын алуға құштар жүректің иесі болғандығын, ретті жерінде, шектен шыққан үлкеннің бетін қайырып, жүгенсіз кеткен кішінің әдеп-ноқтасын ықтиярсыз кигізгенін, біле-тұра жөгі жасырғанымыздан ұтатынымыз - өкініш» деді, ақын Абай туралы сөзінде. ( Ақын Иран-Ғайып, 13 томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 13 том, 20 бет)

Ақынға, һәм сөз патшасына қарсы дау айтатын адам табылмады. Дәлірек айтсақ дауласуға біліктілігі жетпеді. Біліктілігі артып, шамасы жетсе, Иран-Ғайыптың жүрегінен жыр болып төгіліп, поэзия пайғамбары Абайдың ұлылығын аспандатқан ақынның мына бір өлеңіне қарсы уәж айтып көрсін!

Абай десем –есіме ер түседі,

Қалың елім – құнарым – жер түседі.

Абай десем – есіме қазақ түсер-

күрмелген ғажап түсер,

күңіренген азап түсер-

Абай десем!

Абай десем – есіме тегім түсер,

Есем кеткен ескіге кегім түсер.

Абай десем – қараңғы халық деймін,

қайғыны алып деймін,

қамаулы жарық деймін-

Абай десем!

Абай десем – есіме жар түседі,

Жүрек қаны- көз жасы- зар түседі.

Абай десем –қаралы дала дедім,

Қасіретті нала дедім,

жандағы жара дедім –

Абай десем!

Абай десем – сарғайған сана деймін

Абай десем –данышпан, дана деймін.

Абай десем –осылай күй дегенім,

есіңді жи дегенім,

еліңді сүй дегенім-

Абай десем!

Ақын жеңді! Алайда ақынның шын қайғыны сезінетін күндері әлі алда еді. Алда тағдыр ақынға бұдан да ауыр сыбаға дайындап отыр екен.

***

Өмір барда -өлім бар. Дегенмен, сол өлім оғының алдымен кімді сұлататыны Аллаға ғана аян. Пенде болғандықтан, алдымен Ажал -кәріні алып, о дүниеге адамдар жас кезегімен кетсе екен деп, армандаймыз. Өтірік пе? Бірақ өмірдегінің бәрі екі аяқты пенденің жүрек қалауымен шешіліп жатса, адам баласы күндердің-күнінде Құдайды ұмытар еді. Алла ешқашан да өзі ғана шешетін шаруаға адамды араластырмайды. Кімнің жанын алу – Алланың құзырындағы ғана құдірет.

Ақын - Алланың ең сүйікті құлы болғандықтан, ұлы Жаратушы оны ең ауыр сыннан өткізеді. Не ақынның жанын алады, не оны ыстық табаға салып шыжғырып, қайғының уын ішкізеді.

Ақын ұлынан айырылды. Жүрекке тиген тағдырдың оғы ақынды қан қақсатып, зар еңіретті. Жаны қарайып, сезімі мұз құрсанды. Өмір өкпесі қабынып, дүние есігі жабылғандай күйге түскен ақын, қобыздай күңіреніп, қурайдай сарнады. Кең дүниеге симаған ақын, әлемнің бүкіл қызығының Мұнарының басқан ізіне де татымайтынын түсінді. Тал-Бесіктен белі шықпастан шейіт болған періште-бейнені ақын амалсыздан қара жердің қойнына тапсырды. Көзінен ыстық жас емес, қан сорғалаған, жүрегіндегі жазылмас жараны қалай емдерін білмеген ақын қайрымсыз тіршіліктен көңілі суып, ұлы Жаратушыға мұңын шақты:

Бәрі –

Өзіңнің әмірің:

Тууы мен өлуі,

Қолыңда тұр,

Тәңірім,

Алудың да беруі.

Бір мен емес шығармын,

Қабыл хайыр кесесі.

Мыңға татыр Мұнардың,

Кіммен толар есесі?!

Жылап тұрып сұрадым,

Тілегімді бер-сана?!

Сұрап тұрып жыладым,

Көз жасымды көр-сана!

Сай сүйегіңді сырқырататын ақынның зарлы-жоқтауын естісе, адам түгіл, Құдайдың да көзінен жас сорғалайтын секілді көрінеді маған. Қыл бұрауын тақымға салған тағдыр, дүние жарығы сөніп, көрге тірі енгендей болған ғаріп ақынды аяса етті. Амалы таусылып, заманы тарылған ақынға, демі біткен ауаның үрпінен у тамды. Жұмыр жердің ауыр салмағы, ақынның жүрегіне түсіп, жаншып жіберді. Жалғыз ұлдың күйігі жүрек қабын тоздырып, қанын ұйытып, сүйек дертін қоздырды. Түп-тамыры кесілген ақын ажал-сұмға өшініп, өксіп-өксіп жылады. Ұлының басына орнатылған меңіреу құлпытасқа қарап, ақын Мұнарынан айырылғанын мойындағысы келмей, періште перзентінің әтірдей бұрқыраған иісін аңсап, ботадай боздады:

Сен – Мұнарбек емессің,

Қара тассың!

Мен жүрегін шер қапқан жара таспын!

Махаббат жоқ,

Мейір жоқ,

Рахым жоқ-

Жер мен көктің арасы –нала-тасқын!

Сен – Мұнарбек емессің!

Тұр – құр елес...

Сенсіз өткен өмір –тұл,

Күн-күн емес!

Қыр басында зар құшқан сорлы әкеңнің

Танымауы жалғызын – мүмкін емес!

Сен – Мұнарбек емессің!

Ұлы қайғым,

Тастан ауыр зілмауыр – нұры да Айдың!

Қасқа алдырған күшігін көкжалдайын-

Қан жұтпаймын,

Қалайша ұлымаймын?!

Аңсап келіп,

Армансыз аймалаған,

Арда кезім алаңсыз қайда, балам?!

Сен – Мұнарбек емессің...

Емессің сен-

Бұлбұлымнан шошындым сайрамаған!

Ұлына құлпытас орнатқан кездегі ақынның құлынын жоқтаған азалы дауысы қандай мұңлы, әрі аянышты еді. Енді ақын онсыз да қор болып жүрген тағдырын еңіреткен Тәңірден ұлынан гөрі неге өзінің жанын алмағандығының себебін сұрап, зар қақсап, етегі жасқа толды:

....Табан асты салғаны-ай зобалаңға,

Бар билігі жүрмейді жоқ адамға.

Кетіп қалған жағыңды айтшы, Мұнар,

Тартып кетсем тап қазір-

Таба алам ба?!

деп, ақын әділетсіз тағдырды қарғап, о дүниеге кетіп қалмақ та болады...

... Дегенмен, дәл осы арада сәл шегініс жасауға рұқсат етіңіз. Әрине, ұлынан айырылған ақын қайғысының ауыр екені айтпаса да түсінікті. Бірақ Иран-Ғайыптың өмірге келгендегі Жаратушыдан сұрағаны ақындық емес пе? Ендеше қасірет шегіп, қайғы жұтпаған адамнан нағыз ақын шықпайтынын неге ұмытамыз?!.

Бәрі бар менде!-

Адамға тәннің - бәрі бар!-

Болмыс кенімнен не іздесең соның табылар:

Қанымда менің – қайғының құйған уы бар,

Жанымда менің –қуаныштың жиған балы бар!

Жүрек бар менде,

Бауыр бар,

Бүтін өкпем бар.

Өкпең қарайса - өзегіңдегі өрттен шоқ тамар!

Адамға тәннің маған да тәнін жария ғып.

Сайраған тілдің жазығы, сірә, жоқ болар?!

Шөл де бар менде,

Көл де бар менде,

Орман бар..

Орманы күйген армансыз ғой деп қалмаңдар!-

Күлемін сырттай,

Жылаймын іштей-

Таңданба?!

Боламын кеще,

Боламын кейде пайғамбар!..

Жаз да бар менде,

Күз де бар,

Қыс та,

Көктем де,

Бар болған жақсы-

Бар, тегі, көптік еткен бе?..

Көрінгеннің көзсіз жетегіне ере беретін,

Тек, хайуанның хайуандығы ғана жоқ менде!

Бәрі бар менде! –

Адамға тәннің бәрі бар! –

Болмыс-кенімнен не іздесең соның табылар..

Ақын осы жыр-бәйітін отыздан асқан шағында жазыпты. Дәлірек айтсақ., Құдай аузына салды ма білмеймін, ақындық-жүрек алдағы өмірінің қалай болатынын сезініп үлгіріпті. Зар жылатса да ақынның Аллаға өкпелеуге еш қақысы жоқ! Алла ақынның о баста аңғалдықпен сұраған өтінішін орындады. Егер ауыр қасіретті жүрегінен өткізіп, қайғының уын ішпесе – Иран-Ғайып ақын болмас еді. Сөз патшасының жүрегін езген зілдей қасіретті, еш адам баласының басына бере көрмегей, Аллам!

Ия, расында да қазір ақында бәрі бар! Мұнардан айрылғанымен, мейірімі мол ұлы Жаратушы ақынға Жайын-Шахты сыйлады. Енді құдіретті күшті Алла ақынға – Құдайдан жылап жүріп сұрап алған жалғыз ұлының қызығын көруге жазғай! Одан кейін:

Ал,

Дүние....

... Ашығыңды-

Жаптым,

Топырағымды-

Қаптым....


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар