Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай Аймағамбет. Қызғаншақ кемпір (әңгіме)...

24.02.2019 3823

Абай Аймағамбет. Қызғаншақ кемпір (әңгіме)

Абай Аймағамбет. Қызғаншақ кемпір (әңгіме) - adebiportal.kz

Жәй ғана құран бағыштап, ас берудің соңы кішігірім дау-дамайға ұласып кетеді деп кім ойлаған... Жәмилә кемпір бүгін ұйқысынан ертерек оянып, қаптағы ұннан молырақ салып, жеті күлше пісіруге апыл-ғұпыл кірісіп кеткен. Кәрі шешесінің әр қимылы ұлы Рахымға жақсы таныс. Ұйқысынан сығырайып оянғанда, асүйден шығып жатқан шелпектің тәтті иісі мұрынын жарған. Сол сығырайған қалпы әлсін-әлсін есінеп, бөлмесінен шықты.

- Әкем келіп кетті ме? – деді күлкісін сол жақ езуіне құлатып.

- Бұл жолы жақынырақ келді, - деді Жәмилә жұқалап туралған қамырды табаға тастап тұрып. Қамыр шыжғырылып, көпіршік атып, сап-сары бауырсаққа айналып жатыр.

- Жақынырақ келгені несі?

- Кәдімгідей жақындады, - деді Жәмиләнің дауысы қаттырақ шығып, - Тура қарсы алдыма келіп, оң қолымен орамалымды түзеп, сол қолымен оң жақ иығымнан ұстап тұрды да, сосын тез-тез жүріп қалың тұман ішіне сіңіп кетті...

Сөзінің соңғы жағына қарай Жәмиләнің дауысы аздап жарықшақтанып, көңілі босаңқырап кетті. Шалы Дүйсенбайдың мына жалған дүниеден аттанып кеткеніне биыл үш жылға тақаған. Содан бері айына төрт-бес рет, кейде аптасына бірнеше рет «шалымды көрдім» деп жеті шелпек таратып, құран оқытып, көрші-көлемді шақырып ас береді де жатады. Кейде шәй үстінде баяғы жастық дәуренін кеңінен тарқатып, күйеуімен қалай танысқанын, қалай артынан жүгіртіп әуреге түсіріп қойғанын бейнелей баяндап, өткен күндер естелігімен көңілін жайлап, риза болып отырады. Содан соң Дүйсенбайдың қандай жақсы қылығы бар екеніне асықпай тоқталып, жас кезінде атақты көкпаршы атанып, кейін қартайғанда қой баққан шопан шалының бұ дүниедегі жақсылықтарын тізбелейді. Ақыр соңында көңілі алабұртып, кемсеңдеп, шәй жиналар тұста «Дүйсенбайым болғанда жағам жайлауда отырар едім ғой...», - деп мұрны пышылдап, еріні дірілдеп, әңгімесін аяқтайтын. Ондайда ұлы Рахым мен келіні Қайырша шешелерін жұбатқан болып «қойыңыз, жыламаңыз» деп қысқа қайырады.

Әйтеуір, кім келіп, не айтылса да Жәмила сөз арасына Дүйсенбайды қосып, ақыр аяғында бүкіл әңгіменің өн бойына шалының адамгершілігі мен ерліктерін әспеттейтін естеліктерін дарытып шыға келетін.

Сондықтан Рахым үшін анасының бүгінгі қылығы ә дегеннен түсінікті болған. Бұрын әкесі барда жеті шелпек тек жұма күні ғана пісірілетін. Ал қазір шешесі қ «Дүйсенбай үй жаққа келіпті», «Дүйсен екеуміз шәй ішіп отыр екенбіз», «Дүйсенбай Пірәнға ұрсып жатыр екен» деп құдайдың құтты күні қамыр илеп, иіс шығарады да жатады.

Пірән – үйдің үлкені. Қазір келіншегі, екі баласымен аудан орталығында тұрады. Гимназияда мұғалім. Анда-санда бірер мәрте, онда да әлдебір маңызды себеппен келіп-кететіні болмаса қара шаңыраққа онша жолай бермейді. Қашан көрсең «жұмысым қауырт, талап күшті» деп зар қағып отырады. Өзі кішкентайынан саяқтау жүретін. Студент болған жылдары да бірде жұмыс істеймін, бірде достарым шақырды деп үйден іргесін аулақ салғанды қолай көріп тұратын. Сонда сабырлы деген әкесі Дүйсенбайдың өзі шыр-пыры шығып ашуланып, үйдің бетін көрмейтін ұлына ренжіп қалатын. Үйленгеннен кейін де біржола ауданға қоныстанып, ауылды ұмытқан балаға деген әке реніші тарқай қоймаған. Өзі томаға-тұйық, әрі қаптаған қалың шаруаның ортасында көміліп жүретін Пірән әкесіне де, шешесіне де ләм деп жауап бере қоймайды. Шал мен кемпір дызақтап, ренжіп, ашуланып, ақыры түк шықпасын білген соң қоя салатын. Содан ба, әйтеуір Жәмилә түсінде шалын көрсе болды рас па, өтірік пе, өмірі оны Пірәнға ренжіткізіп қоятын. Әлде өзінің ренішін жанамалап, о дүниедегі шалы арқылы жеткізе ме... кім білсін...

Рахым түске дейін ақ Қиыпөткел ауылының ірі бастын шалдарын, көрші-көлемді кешкі дастарханға шауып барып шақырып келген. Жәмилә бір айқайлап, бір жылап, бір ұрсып, бір айналып-толғанып отырып Пірәнді де келіншегімен алдыртты.

Қыстың қысқа күні тез-ақ батып, кешкі сағат 7-8 шамасында даңғарадай зал тамның ішінде сақалын салалаған Кәдірбай қарттан бастап, құдайы көрші, кеше ғана қырыққа толғанын атап өтемін деп біраз қызыңқырап қалған Жұматайға дейін сыңсып отырған. Әдетте мұндай отырыс, әсіресе, шал-шауқандар үшін кәдімгі мейрам іспетті. Кездесіп, қауқылдасып, өткен-кеткенді айтысып, айран-асыр мәз болып қалады. Құран оқытып, ас берілді деген аты болмаса үлкендер жағы бір-бірін қажап, тістелеп, әзілдеп, тіпті біршама тізеге басып та алатын.

- Кәдеке, қалалық болған қалай екен? - деді шашы мен сақалы түгел ағарған Смайыл құр отырғанша қажай отырайын деген адамша. Оның сөзін Батырхан да қолдай кеткен.

- Иә, сізді қалада таксиші болып кетті дей ме...

- Ойпырмай, Кәдірбай рас па ей? Тұғыржандай айтулы бабаның ұрпағы деген атқа лайық болмақ керек емес пе? Қысы-жазы қос беті манаурап қызарып, ұрты бүлкілдеп отыратын көсе Момынжан да көзін сығырайта күлімдеп әңгімеге қосылды.

Кәдірбай әдеттегі әзіл-оспақ қой деді ме, Смайыл бастаған шалдардың қылжағын онша елең қылмай, бір жөткірініп алып сөйлеп кетті.

- Туһ, сендерге салса қиялдарыңа ерік бересіңдер ай келіп. Кәдірбай қарт болар-болмас жымиып қойды. – Бала – қызметте! Келін жас сәбиімен үйде отыр. Ал маған сейіл керек. Соны байқады ма, ұлым жеңіл көлік әперген. Әлгі көлікке мініп арагідік қала кеземін. Сол ғой мынаның айтып отырғаны, – деп өзінен бес жас шамасында кіші, алыс туыс жиені болып келетін Смайылды иегімен нұсқап қойды.

- Ой, пәлі деген... Алматыдай шаһарда көлікпен кез-келген адам еркін жүре алмайды. Алдыңғы жылы барып, қалың мәшинеден көзім сүрініп, жүрегім лоблып кетті емес пе. Ал Кәдекең болса ер ғой! – деп демеп қойды Жақып шал мейізді уыстап ауызына тоғытып шәй ішіп отырып.

Кәдірбай бірер жыл бұрын жалғыз ұлының қолпашымен қалаға көшіп кеткен. Көшті деген аты болмаса ай аралатпай ауылға тайып тұрады. Смайыл соны келекелеп қалмақшы болған.

Әрі қарай шалдар ауыл-аймақ мәселесі, жаңа құрылыс басталған бұл өлкеге әлі жөндеп жол төселмей жатқаны жайында кеңінен әңгімелеп кетті.

Смайыл екі білегін түрініп «Біздің ұл ауданда құрылыс бөлімінде ғой» деп жаңа әңгіменің шетін шығара беріп еді, бағанадан бері ауылдың ойдым-ойдым жолы жайында ренжи сөйлеп, жүйкесі жұқарып отырған Сейілжан кейіп кетті.

- Ондай ұлдың пайдасы тимесе несіне күмпиесің ай сен?

- Күмпиіп отырғам жоқ, ол шырылдап-ақ жүр ғой... біреулер секілді ауылда құр сенделмейді...

- Әй, Смайыл, тіліңді тартып сөйле!

- Сейілеке, сенімен дауласқалы отырғам жоқ, ұлымның жақсылығын айтайын дегем...

- Ойпырмай, сол ұлың айналдырған бес күн бұрын ғана келді емес пе? Не деді? Бетің бар, жүзің бар демей осы отырған бәрімізге «Арыз жаза бермеңдер! Әкім ренжиді» демеді ме? Сол ма жақсылығы?

- Енді дұрыс та... нан жеп отырған соң, - деп Смайыл бүгежектей түскен.

- Нан жегені дұрыс қой, бірақ қызмет үшін ауылын, намысын бір бүктеп атып ұрғаны қалай болмақ? Арыз жазсақ ауыл үшін жазамыз ғой, Смайылжан? – деп сөзге Кәдірбай араласқан.

- Әй, өзі кәдімгідей өсіп, дәп-дәу шенеунік болыпты ей, - деді бағанадан бері үнсіз отырған Жұматай.

- Дәулігін қойшы, үлкен демей, ақсақал демей туралап шапқаны ренжітті, - деп Сейілжан жастығын бүктеп, оң жақ шынтағына икемдеп бір қырындап жата түсті. Сосын қайта бағжаң еткізіп басын көтеріп «Әй, Смайыл менің баламның сенделгені сенің көзіңе сүйел болып шықты ма? Ол қайта үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай алады...» деп сөзін кілт доғарып, тағы біраз нәрсе айтсам ба екен дегендей бір ауық түксиіп отырды да, сосын қайта райынан қайтып оң шынтағына қарай жантайды.

Бастаған екі әңгімесінің екеуі де сәтсіз аяқталған соң ба, әлде темекісін құшырлана тартуға асықты ма, жұрттың алды болып Смайыл үн-түнсіз далаға беттеген. Іле өзгелер де тамаққа дейін таза ауа жұтып алайық деп есік алдында әжік-гүжік әңгіме құрып тұрды.

Аздан соң үлкендер шәйін басып, енді қарпып ет жеуге дайын отырған. Жәмилә «Ал үлкен тамақтан алдырыңдар» деп жатқан кезде Пірән мен Рахым табақ-табақ етті жер үстелге қойып, келіндер Бота мен Қайырша асүйден сорпа тасып жатты. Жиылған қонақтар қазы-қартамен көмкерілген жылқының сүр етін сүйсіне жеуге кіріскен.

- Төһ, дәмін ай, - деп Момынжан ынта-шынтасымен асайды, - Кәдеке, баяғыда, сонау 90 жылдары Сұмандәриядағы көкпардан жеңіп қайтқанымызда жолай Әдірбай байдың үйіне түскеніміз есіңізде ме? – деді сосын бес саусағын кезек сорғылап шығып.

- Ә-ә-ә, басқа, басқа ол ұмытылмас, - деп Кәдірбай жігіт дәурені есіне түсіп бір көтеріліп қалды. – Ееех, сонда күллі дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай шалқушы едік қой, - деп енді қайтіп оралмас жастық шағын ойлап лезде мұңая түсті.

- Әй, сондағы асылған еттің дәмін айтсаңшы, әлі күнге таңдайымда тұрғандай болады да қояды, - деп Батырхан аузын салп-салп еткізіп тамсап қойды.

- Е-е, сен соны меңзеп отырсың ба, - деп еттің дәмі Кәдірбайдың есіне енді түскен, - Балқия өзі байдың әйелімін деп менменсінбейтін, асты да тәтті етіп істейтін жан еді ғой. Әдірбай қандай кең еді десеңші.

- Әдірбайды қоя тұр, Әдірбайдың қыздарын айт, - деп Момынжан жымың-жымың етті, - Сұлулықтары бірінен бірі өтуші еді!

- Сол жолы Сұмандәрияның жігіттерімен ойнағанымызды ойласам, әлі күнге арқам құрысып, балтырым сырқырайды, - деп Кәдірбай табақтан қолын суырып, көзін адамдардан аулақтатып әкетіп, қабырғаға тесірейе қарап сөз бастай жөнелді.

- Момынжан, өзің білесің ғой, бұл өңірде бізді жеңгендер санаулы тұғын... Құдайдың қарасқаны ма, әйтеуір бет қаратпаушы едік...

- Айтпа..., - деп ұрты етке толған Момынжан басын шұлғып қостап қойды.

- Мынау бүгінгі асқа арқау болып отырған Дүйсенбай екеуміз қанаттасып қанша көкпарда бірге жүрдік. Ол бір өзі текті, өзі мықты, білегіне бес адамның күші дарыған жан еді ғой. Сол жолы Сұмандәрияда мен тіземді жаралап, балтырымды тілгізіп алғанымда Дүйсенбай бір өзі бүкіл топты көтеріп шығып еді...

Сұмандәриядағы қыр жағалап жайылған малының санын білмейтін екі бай болса, бірі – Жарқынғали де, бірі – Әдірбай еді. Сол екеуі 50 жылдардың соңында өзара бәстесіп, екі көкпар құрамасына демеушілік жасап, майданға түскен. Сонда Әдірбай қолдаған жігіттер – арасында Кәдірбай, Дүйсенбай, Момынжан, Батырхан, Жақып бар, әйгілі қарсыластарын бет қаратпай жеңіп кеткен. Соны Сұмандәрия да, Қиыпөткел де әлі күнге жыр ғып айтады. Әсіресе, шашын төбесіне түйіп, әлекедей жаланып, күші тасыған Дүйсенбайдың ерлігі елге аңыздай тараған. Онда Момынжан мен Батырхан команданың қаһарманы – Кәдірбай мен Дүйсенбайға еріп қана жүретін, әлі кемеліне келе қоймаған шақта тұғын. Өзгелері өңкей жас.

... Әрі қарай Кәдірбайды сол заманның көзкөрген куәгерлері Момынжан мен Батырхан қолдап, Жарқынғали деген шылқыған бай демеушілік жасаған Сұмандәрияның командасын үш ойынның үшеуінде де оңдырмай ұтқандарын айтып, біраз тамсанысты. Сосын сөз ауаны қайтадан Әдірбайдың дастарханына келіп тірелген.

- Ойпырмааай, сондағы Әдірбайдың сұлулығы бірінен бірі өткен үш қызының көзіміздің құрты болғаны ай, ә, - деп Батырхан жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарап, күліп алды.

- Ол қыздар бізді көзге іліп те отырған жоқ, бәрінің назары екеуінде, - деп Момынжан Кәдірбайға қарап иегін қағып қойды.

- Сол кезде қызға қарайтындай хәл болды дейсің бе, - деді Кәдірбай сабырлы қалпын бұзбай, - аяқтан шойырылып, күйіміз тайып шалқалаған күйі жаттық та қойдық қой, қараса Дүйсенбайға қараған шығар...

- Ә-ә-ә, дұрыс, дұрыс. Дүйсенбайға қарады, - деп Момынжан есіме енді түсті деген адамша қомағайлана асаған бір уыс етті асығыс жұтып, саусағын шошаңдатып сөйлеуге асықты.

- Бір команданы бір өзі қырып тастап, серкені тақымына басып құйғытып, қуса жетіп алып, қашса ұстатпай қойып, Сұмандәрия жігіттерінің әбден зықысын шығарып еді ғой, - деп кеңкілдей күліп, риза болып қойды. Оның бұлайша әбден бейнелей сөйлегеніне дастархан басындағы өзге жұрт тегіс таңданысып тыңдап отыр.

- Міне, қыздар сондай қаһарманға қарамағанда кімге қарайды дейсің. Кәдекең жөн айтады, - деп сөзін түйіндеді Момынжан.

- Кейін де талай ару Дүйсекеңнің соңынан жүгіріп, талай сұлудың ұйқысын ұрлады ғой, - деп Жақып та қызды-қыздымен қойып қалған.

- Сері Дүйсенбайдың түн жамылып Сұмандәрияны бетке алып бара жатқанын да талай көрдім емес пе! Бертінде де бірнеше рет Әдірбайдың ауылына желе-жалғыз жортып кететін, - деп Момынжан жеңгесін қызғандыра сөйлеп, дастарханның аяқ жағында көрші әйелдермен сыбырлай сөйлесіп отырған Жәмила жаққа қуақылана қарап қойған. Өзгелер де оның бұл сөзіне әр-әр жерден тегіс күлісіп, Момынжанның әзіл әңгімесін қолдағандай ниет таныта бастаған. Іс аяғын насырға шаптырып алармын деп қорықты ма, Момынжан «Ол кезде өзгелер топ болып ұйысып Әдірбай жаққа аяқ баса алмайды» деп өзінше тігісін жатқызған болып қойды.

- Сөздің шыны керек, - деп кеседегі сорпасын тауыса ішіп, беторамалымен аузын мұқият сүрткен Кәдірбай бір тоқтап алып, әрі қарай жалғастырып кетті. – Сол үш қыздың үлкеніне көңілім құлап, сөз салғаным бар, - деп жымиды.

- О-һо, әлгіден бері сөзді осыдан бастауыңыз керек еді, - деп әңгімеге араласпай отырған Жұматай орнынан бір ырғалып қойды.

- Ұмытпасам, есімі Гүлмәриям ба еді... дәрігердің оқуын бітіріп келген, нағыз тұрмысқа шығуға дер шағында отырған хас сұлудың өзі... Сұмандәрияның бар жігіті «менің жарым болса» деп жүрген. Батыл жетіп сол қызға тікесінен бардым. Онда да қолпаштап, қолдап жүрген осы Дүйсенбай. Әдірбай таныс-біліс, көзтаныс кісі. Әдейі ол шалдың Құбатан тауынан әрі асып жылдағы ғадетімен аң атуға кететін кезіне туралап жеттік. Сол жақтағы немере інім арқылы қызды да құлағдар еткем. «Жақсы, кездесуге шығайын» депті. Жүрегім өзімде жоқ. Өрекпігені бір басылар емес. Қас қарайып, кеш те түскен. Дүйсенбай ақ жол тілеп, немере інімнің үйінде қалды. Барымды киініп, бақанымды таянып кездесуге кете бардым. Ойпырмааай, әлгі қыздың сұлуын ай... көзіне тіке салуға дәт жетер ме... жанарымды өткір сәуле қарып түсердей тайсақтай беремін...

Кәдірбайдың хикаясына сілтідей тынған жұрт арагідік қызығушылықтарын тежей алмай қалады:

- Пай деген...

- Пәлі Кәдеке...

- Дүйсекең қалай ғана шыдап жатты десеңші...

- Әдірбайдың сұлуына әркімнің қолы жетер ме...

- Сұмандәрияға барудың өзі неге тұрад десейш...

- Туһ, Кәдеке-ай...

- Қыз не айтты?

Әркім әр тұстан осылай үн қосып, дегбірлері қашып барады.

- Ақыры не керек, әлгі қыз сөз ыңғайымен орағытып келіп, кетәрі емеспін деген қисынға бір-ақ тоқтаған. Жақсы жігіт екенсің дейді. Өзіміз айдалада, Сұмандәрияның кіре берісіндегі бақ секілді әлдебір тал-дарақтың ортасында тұрмыз. Тынысым жиілеп, кең дүние тарылып сала бергендей... Қыз үзіп-үзіп осы екі сөзді айтқан... ендігісі қорытынды сөзі болуы тиіс...

- Туһ, Кәдеке ай, соңын бір-ақ айтсаңшы, енді, - деп Жұматайдың да тынышы қашқан.

- Сен де қызықсың, қазіргі кемпірі – Әдірбайдың қызы емес қой. Қосылмаған боп тұр ғой... – деп Кәдірбайдың рулас інісі Жайрапберген бұрқылдай сыбырлап қояды.

- Әлгі қыз қылымсып біраз тұрды да, менің сүйгенім – сенің жан серігің Дүйсенбай. Көңіліме алмаймын, реніш тұтпаймын десең – сөзімді соған жеткіз десін.

Бағанадан бері жым-жырт болып отырған жұрт шуласып, дабырласып кеткен. Кәдірбай көпшіліктің дабырын баспақшы болып «Мінеее, Дүйсекең сондай сері еді» деп сөз аяғын барынша жуан дауысымен қорытпақшы болып еді, көп адамның шуылы онысын онша естіртпей тастады. Бір кезде абыр-сабырды пышақ кескендей тыйып, ауа ағынын қақ жарып өткен Жәмиләнің «Әй!» деген ащы дауысы саңқ ете қалсын. Бағанадан бері көкпар мен Дүйсенбайдың тақырыбына дендеп еніп, қызыққа батып отырған топ селт етіп, үдере жалт қарасқан.

- Кәдір, сен не деп тантып отырсың тегі? Анау қыз қарап еді, мынау қыз бүйтіп еді деп шалымның әруағын қорлай берме! – деді екпіндей түскен Жәмилә бет-аузы түтігіп.

- Ойпырмай, біз енді... жастық шақтың қызықтарын айтып отырмыз ғой... Бағанадан бері байыппен ас ішіп, баптана әңгіме айтып отырған Кәдірбай кәдімгідей абыржып қалған.

- Сабыр жеңеше, ағамызға қыздар ғана емес, бүкіл ауылдың махаббаты ерекше болған ғой, - деп Жұматай өзінше философия соққысы келіп еді, «Сен араласпа!» - деп Жәмилә оны да тыйып салды. Бағанадан бері ара-тұра «тамақ алдырсаңшы» деген сөзден аспай отырған кемпір енді тізерлей көтеріліп, жаулығын түзеп, Кәдірбай мен оның серіктеріне қарай тікесінен тартты.

- Немене, әдейі менің қытығыма тиіп, ашуымды ояту үшін келдіңдер ме?! Байдың қыздары қызығып еді, Әдірбайдың ауылына жиі кетуші еді деп жүдә қояр емессіңдер!

- Ойбай, сіз қызық екенсіз...

- Қызық болғанды қоя тұр сен, өмір бойы адалым деп сыйлап өткен шалымды нақақтан қаралап отырмысыңдар, әлде шындықтың шетін шығарып кетпексіңдер ме?

Дастархан жағалай отырған шалдар жағы не күлерін білмей, не ашуланарын білмей абдырап қалған. Кәдірбай бастап, өзгесі қостап басу айтпақшы болып еді, Жәмилә анау-мынауға басыла қоймайтын рай танытып, бағанағы қарқынына қарқын қоса түскен. Ақыры тоқтаусыз көсіліп, ренжіп, қонағым деп шақырғандарға біраз ұрсып алып барып бәсеңдеген.

- Бәсее.. өзім де біліп едім... – деді онда да кемсеңдегенін тежей алмай.

- Нені біліп едіңіз, жеңеше? – деді сақалына ақ түсе бастаған Батырхан жас жігіттерше бір тізесін көтеріп жинақыланып отырып.

- Бағана түсімде келіп кетіп еді... сонысы тегін емес екен ау...

- Дүйсекең түсіңізге кірді ме? Не айтты сонда?

- Айтқан жоқ!

- Енді не істеп жүр екен?

- Келді де орамалымды түзеп, оң иығымды қайта-қайта ұстап, ләм деместен қалың тұманға сіңіп кете барды. Енді белгілі болды, өзінше кешірім сұрағысы келген екен ғой! Кешіргенді көрсетермін.... Жәмилә аузы үшбұрыштанып, көзінің жасын тыя алатын емес.

Пірән мен Бота, Рахым мен Қайырша көздері жәудіреп, ашулы шешелеріне қайтіп жұбату айтарларын білмей үн-түнсіз бір бұрышта отырып қалған.

- Әлгінде... Әдірбайдың ауылына бертінде де қайта-қайта барғыштады дедіңдер ғой...

Жәмилә басын көтеріп, осы сөзді қайсың айтып едің дегендей көзімен іздеп, Момынжанға келгенде кілт тоқтаған.

- Сен айттың ғой, солай деп...!

- Айттым, бірақ қыз-қырқынға барып едім дегем жоқ қой...

Момынжан қапелімде тыныш үйдің шырқын бұздым ау дегендей шоршып түскен.

- Ал қызға сөз сала барған да шығар... бәлкім, сен жасырып отырған шығарсың?!

- Ойбай, жасырып қайтем, шын сөзім!

- Тірі күнінде де көп нәрсені жасырғандай болып, өзінше сыр түйіп, түксиіп жүруші еді...

- Қойыңыз, Дүйсекеңнің табиғаты әу бастан сондай ғой...

- Әдірбайдың ауылында бірнеше қатыны бар десеңдерші...

- Әй, жеңешем де қатырады ғой, - деп Момынжан енді тарқылдап күлді, - Қатындары болса талай бала бұл уақытқа дейін әкесін іздеп келер еді де, қораңыздағы малға таласар еді ғой, так что қорықпаңыз, - деп орысшалап әзілдеп те қойды.

Істің қапелімде насырға шабарын аңдаған Батырхан да басу айтқан болады:

- Дүйсекең барса көкпардың қамымен барады, жылқы қарап барады... басқа не ойы бар дейсіз...

- Сосын Дүйсекең соңғы уақытта отынды да Сұмандәрияның жағасынан шауып келіп жүрді ғой. Басқамыз барсақ ол жақтың жігіттері одыраңдап, ат ойнатып шыға келеді. Ал Дүйсенбайға ешкім бата алмайды. Сосын барады да! – деп бағанадан бері ауыл мәселесіне байланысты ғана сөзге кірісіп отырған Сейілжан да енді жағдайды оңалтуға тырысқан.

- Жәмиләжан, әлгі қыздың айтқанында бір жалғандық жоқ. Бірақ Дүйсенбай оған ләм деп жауап та қатпады. Ол өзі тік, бірбеткей жігіт еді. Өмірлік досым ғой, осы жалғанда Әдірбайдың бір қызымен сөз байласыпты, не жарасып жүріпті дегенді естімедім. Міне, Құдайлық сөзім! – деп Кәдірбай байыппен сөйлегенде барып Жәмиләнің жүрегі орнына түскендей болып, үндемей төмен қарап отырып қалған.

Сонда да біразға дейін жасын тыя алмай, орамалымен қайта-қайта көзін сүрткілеп, пышылдап отырған да қойған. Ауық-ауық шалдар жаққа көз салады да, қайта көз жасына ерік береді. Ондайда үлкендер қой-қойлап, әзіл сөз күлмекке жақсы деген, қайта Дүйсекең бір аунап түсіп жатқан шығар деп алдарқатып, қайтадан Дүйсекеңнің мырзалығын, ерліктерін тізбелеп, оған Жәмиләдан артық жар табылмаушы еді ау деп, біраз сабырға келтіреді.

- Жеңеше, ағам бүгін түсіңізге кіріп жатса, Әдірбайдың қыздарын айтып миын ашытпаңыз, тағы келмей қойып жүрер, - деген Жұматай әзілдеп.

- Жә, қалжыңға айналдыра бермеңдер, жетер, - деді Дүйсенбайдың немере қарындасы болып келетін, жасы 75-ке тақаған Сәлимә кемпір тоқтау айтып.

Бұл уақытта қонақтардың да алды сыртқа қарай аяңдай бастаған. Кәдірбай бастаған шалдар дәлізде аяқ киімдерін іздеп, абыр-сабыр боп жатыр екен.

Момынжан былғарыдан тігілген аяқ киімді ұстап алыпты: «Мынау су жаңа боп жатқан етік Смайылдыкі емес пе?»

- Әй, сол Смайыл қайда өзі?

Сырт киімдерін киісіп, Жәмиләнің келіндері салып беріп жатқан бір-бір қалташа сарқытты ұстаған қонақтар енді ғана өз араларында кезінде ауылдың бас агрономы болған Смайылдың жоқ екенін байқап, қарбаласып қалған.

- Ойбааай, ол қасқа бағана шәйден кейін тайып тұрды ау осы, - деп бетін шымшыды әйелдердің бірі.

- Шіріктің, баламды жамандады деп кетіп қалғаны ау, ә, - деген Сейілжан таяғына таянған қалпы. Ешкім қостай кетпесе де, Сейілжан аяқ киімінің сірісін басқан күйі сыртқа шығып бара жатып сөйлеп бара жатты:

- Кеше ғана алдымызда өскен жалаңбұт ұлы енді келіп өзімізге айғайлайды. Ауылдың жағдайын жасаудың орнына арыз жазба, әкімнен ұят болады дейді. Әкімі бізден ұялсын!

- Ее, қайтеміз... ал Жәмила, қош сау бол! Ас қабыл болсын! – деп Кәдірбай бағанағы сөзі үшін тағы да кешірім сұрағандай қалбалақтап аз тұрды да, Сейілжанның ізінен сыртқа шықты.

Қонақтар бірыңғай есік алдына үйіріліп тұрғанда ай сәулесі молынан тарап айналаның ойы мен қырын, төбесі мен беткейін ап-анық әйгілей бастаған. Шығыстан, Сұмандәрия жақтан салқын леп есетіндей. Соңғы бірер аптада аяз тұрып еді, кешелі бері оқыстан көктем кіріп келгендей болып, азынаған ақпанның ортасында жер-дүние былшырап сала берген. Үлкендер ойдым-ойдым жолдың шұрық-тесігіне жиналып қалған көлшіктерден аттап өтіп, қатқақ жермен таңдап жүріп үйді-үйге тарай бастады.

Жәмилә ауласының қос қапталын қоныстанған құдайы көрші Жайрапберген мен Жұматай қос-қостан темекі шегіп, іштерінен суырылып шыққан түтінді ауаға түп-түзу таратып бітіп, тұқылын табанмен езгілей бергенде құманын ұстаған Жәмилә да көрінді.

- Ал жеңеше сау боп тұрыңыз! – деп енді екеуі кетуге ыңғайланды.

- Жақсы қарақтарым...

- Ағамды көп қызғана бермеңіз

- Жүйкеңізді сақтаңыз, - деп Жайрапберген сөзге араласты.

- Мәселенің анық-қанығын кейі-і-і-і-ін, анау жаққа барғанда Дүйсекеңмен сөйлесіп шешіп аласыздар да, - деп Жұматай асығыс адымдап дарбазаға таяй түсті.

- Жә, қылжақты қойыңдар... қайтыңдар... – деді Жәмиләның сөзіне күлкі мен күрсініс қатар араласып.

Содан бері де қызғаншақ кемпір «Дүйсенбайды көрдім, дәметіп жүр ау» деп талай рет дастархан жайып, құран оқытқан. Келушілердің де құрамы өзгермейді. Шалдар баяғыдай жастық шақтарын, көкпар тартқанын айтады да, «тағы да көңілін босатып алармыз» дей ме қыз-қырқын, махаббат жағына келгенде аттап өтіп кетеді. Ондайда қонақтар жағы Жәмилә кемпірге қарап жымың-жымың етіп, күліп қояды.

18.08.2019


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар