Қазақ поэзиясында бір ғана кейіпкердің тағдыры арқылы тұтас ұлттың тағдырын жеткізетін шығармалар сиректеу кездеседі. Сол сиректердің бірі – Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы. Бұл шығарма тек майдандағы бір сарбаздың ерлігін суреттейтін деректі дастан ғана емес, ол — азаттыққа ұмтылған рух пен ұлттық намыстың поэтикалық шежіресін қабыстыра суреттейтін көркем дүние. Ақын поэмасын майданда жау қоршауында қалып, опат болған жауынгер ақын Абдолла Жұмағалиевтің бейнесіне арнаған.
Әдебиет тарихында кей шығармалар уақыттың тар шеңберінде өз уақытын таңбалап жатқанымен, сол дәуірдің айшықты үнін анық жеткізетін құдіреті болады. Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы – сондай туындылардың бірі. Мұнда өмір мен өлім аясында жекпе-жекке шыққан, ерлік пен жауыздықтың алма кезек шарпысқан суреттеулер мен жалынды теңеулер бар поэма соғыстың от шарпыған көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Ал поэманың жалғыз да, бас кейіпкері – Абдолла шайқаста күштің емес, ерлік рухтың жеңіске жетуінің көркем нұсқасы ретінде санамызда еріксіз қатталып қалады. Жалпы поэма бойында Қ.Аманжолов жауынгер ақынның өлімін жоқтап жыламайды, геройды отқа орап тұрып өлеңге айналдырып, есімін мәңгілікке қашап қалдырады.
Поэма басталған сәттен-ақ оқырманды майдан даласына, сүреңсіз ортаға жетелейді. Оқ пен от, қирау мен жарылыстан күрсінген жер ананың күрсінісі – поэтикалық образға айналып, табиғат пен адамның біртұтас күйзелісін бейнелейді. Ақынның:
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар‑ ұятты,‑
Келе жатты сұм жендеттер!
Жиіркеніп,
Жиырылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзеңдер –
деу арқылы өлім себуші қара күштердің қару мен күшіне сенген дойырлығына табиғаттың да иен-тегін байлығынан татырғысы келмейтін етіп өзенге жан бітіріп, жерге мінез дарытып образды түрде суреттейді.
«Шаштан сүйреп махаббатты. Найзаға іліп ар‑ұятты.», - дейді ақын. Бұлар шындығында ғажайып теңеулер! Махаббаттың да шашы бола ма, шашы болса ол қалай сүйреледі? Қасым ақынның осы поэмасы бойында бұндай бейнелі теңеулер өте көп. Шаштан сүйреу деген бұл екі сөзден түсінеріміз, әйел затының нәзік тәнінің өктемдіктен, қара күштен зорлыққа ұшырап, еркінен тыс қорлыққа түскен бұла денесі шашынан сүйреліп бара жатқан бейнесі елестейді. Ал, махаббат ше? Бұл жерде махаббат деп отырғаны, күллі адамзат бойындағы аяушылық, мейірім делінген ізгілік ұғымының шашынан сүйрелгенін, адамшылықтың тапталғанын ақын осы үш-ақ сөзбен түйіндей салған. «Найзаға ілінген ар‑ұяты да» сол. Басқыншыға ар да, ұят та керек емес. Басқыншыға қай-қашанда адам қанымен суарылған «құнарлы» топырақ пен бос жер керек. Өзгенің де, өзінің де жұмыр басты пенде екенін ұмыта беретін пенде баласының, бір-біріне жауыздық, әділетсіздік жасаудан асқан қиянат жоқ екен. Поэма басталуының өзі тығыны атылған шөлмектей, сарқырай аққан жыр екпінін сылқылдатып жұта бересің, жұта бересің. Ақынның поэзиясына тән поэтикалық қуаттың жоғары вольттық фазасына соғылғанда, санаңды найзағай оты тіліп өткендей болады. Поэма бойында табиғатты персонаж ету арқылы ақын оқырманға жеткізгісі келетін ойының трагедиясы мен салмағын арттырып отырады. Сұм соғыстың салмағын тек адам жан дүниесі ғана емес, жер ананың да түршігіп, сезініп жатқанын айтқысы келеді.
Жалпы поэма біткенше кейіпкердің аты аталмайды. Тақырыбына қарап ақынның кім туралы толғап отырғанын білмесең, былай жұмбақ күйінде кейіпкердің толғанысына өткенше, табиғаттың кілтең тұстары арқылы жау мен батыр арасындағы бітіспес екі позицияға табиғаттың мінез-құлқы, ауырсынуы, жек көруі сынды пейзаждарды көптеп кездестіре бересіз.
«...Қойып айды қараулыға,
Күн де шомды ұлы ұйқыға.
Қонды орманға қорғасын бұлт
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұқсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт
Ойшыл орман мүлгіп, қалғып,
Төңіректің сырын аңдып.
Жайлап қана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай...
Қалай-қалай теңеулер таба салады ә, дерсің! Және әр тармағы жай сөздердің тізбегі емес, «Қонды орманға қорғасын бұлт..» секілді қазақ санасындағы ауырлық өлшемін беретін қорғасын металын әкеліп бұлтқа қосақтайды. Бұл сол уақыттың, ауыр шақтың еңсені басар мезеттің тұсында, жерге ризық-несібе себетін, тіршілік-нұр құятын деп ұғатын бұлттың масыл басқандай қандай ауырлық сезімін беретінін оқырманның санасына бейсаналы таңбалайды.
Ауыр да, зіл басқан сәтті көз алдыңа әкелетін поэманың дәл осы тұсын үлкен арпалыс алдындағы сәл ғана тыныштықты, қиянкескі күрес алдындағы мамыражай бір күй дерсің. Ақын бір қарағанда еркін, өлі тыныштықты айдың, күннің, орманның мүлгіуі, ұйықтауымен бергендей болады. Соның өзінде де таңдайыңа малта салып алғандай тамсана беретін тіркестер мен теңеулерге кездесіп жатасың.
...Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр –сұтыр.
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр,
Сол бір оттан ыршып бір шоқ
Түсті ме ер кеудесіне?...
Біздің геройдың кеудесіне шоқ түсіп, намыс отын тұтататын кезі басталады. Бұл шығарманы толық оқып шығар болсаңыз, қолыңызға лаулап жанып тұрған от парақ ұстап отырғандай боласыз. Поэманың негізгі арқау жібін автор отқа байлайды. От арқылы күллі шығарманың кульминациясын құлпыртып, батырдың өлімін де от арқылы әрлейді. Бұл жерде от батырды жалынға орап, күлге айналдырған құртушы фактор емес, оның ерлігін асқақтатушы, батырмен бір тұтас денеге айналатын фактор ретінде суреттеледі.
Қасымның тілі — жалаң пафос емес, жүрек отының жалыны, шын шабыттан туған тасып-төгіліп жататын жөңкіле аққан өзендей, еркін соққан самалдай.
Оның:
...Күллі әлемнің ашу‑кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
бомба бол да жарыл жүрек!... -
деген жолдары бір оқығанда ұран іспетті көрінгенімен, шын мәнінде жанын шүберекке түйіп, кеудесінде соққан жүрегін де ажалға да, аждаһаға да қарсы ата алатын мәрттігін, жанқиярлығын паш етеді. Ақын осы жерде кейіпкерінің от пен оқтың, махаббат пен ажалдың ортасында тұрса да, ерлік пен адалдықты бойтұмар етеді. Ерлік – герой үшін ұран емес, тағдыры, таңдауы дейді ақын.
2024 жылғы 11 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген музей ардагері Нұржан Төлеповтің «Аты оның еді Абдолла...» атты мақаласында мынадай дерекке кездесеміз.
Абдолланың рота командирі В.Григорьевтің 1942 жылғы 6 желтоқсанда «Советская гвардия» газетінде жарық көрген «Писатель – герой!» атты мақаласы бізді сонау соғыстың бір сұрапыл күніне қайта оралтады. Деревня шетіндегі жалғыз үй жау құрсауында қалған. «Одинокий дом был окружен со всех сторон»... Қазақша сөйлетсек: «Немістер Жұмағалиевтің көзін құрту үшін бар күшін салды. Жан-жақтан шабуылдаған неміс әскеріне жалғыз да болса Жұмағалиев оңайлықпен берілмейтінін байқатты. Сол кезде немістер үйге от қойды. Біз ауылды алыстан бақылап тұрдық. Өртке оранған үйден автомат даусы әлі шығып жатты. Ұрыста біз көп дүниеге үйрендік. Ерлікке, қайсарлыққа. Алайда, біз жападан жалғыз жау құрсауында қалған, сонда да өліспей беріспеген Абдолланы еске алғанда, оның жасағаны жай ерлік емес екенін сөзсіз ұғындық. Ол өртеніп жатқан үйден тірі шыға алмасын сезсе де, ажалды қасқайып тұрып қарсы алды. Оның бар ойы отансүйгіштік сезіммен, намыспен астасып жатты. Абдолла батырлар туралы жиі жазатын, енді өзі де қаһармандық танытты», - деп жазады.
Қасым ақынға «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэманы жазғызғаны да батыр ақын Абдолла Жұмағалиевтің осы ерлігінен хабардар болып, қарулас, тағдырлас ақын бауырының көзсіз ерлігіне тебіреністен туғанын несін жасырайық. Ал Қасым ақынның Абдолла рухына бағыштаған бұл дастан арқылы жауынгер батырға мәңгілік ескерткіш орнатып кеткенін білді ме, білмеді ме, ол жағы белгісіз.
Осы жерден ары қарай поэмамызға оралайық.
...Қанды пышақ‑жау күлкісі
Қақ жарғандай түн жүрегін,
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін...
...Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар,
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар....
Тағы да табиғатты адам кейпінде бейнелеу. Оны ақынның үйреншікті тәсілі десек те, өлікті қабірінен жұлып алардай зеңбіректің қорқынышты күрсілі мен снарядтың жарылысы, тамұқтан да өткен қорқыныштың «музасы» болғанын ақын жүрегімен сезіне жырлайды. «Көрден ытқып шықты өліктер» ұғымы біздің қазақы түсінікте болсын, басқа халықтар түсінігінде болсын: «Кебін киген қайтып келмейтінін» жақсы білеміз. Бұл тармақ қазіргі замандағы неше түрлі зомбилар мен түрлі жын-шайтандардың киносын көріп алған 21 ғасыр адамы түгіл Youtube көрерменіне айналған бесіктегі бала үшін де таң қаларлық сөз орамы болмасы анық. Бірақ, 20 ғасырдың санасы түрлі картиналар мен сюжеттен ада адамдар үшін бұл тармақтың өте ауыр болары сөзсіз. Мысалға атақты поп королы Майкл Джексонның 1982 жылы шыққан Thriller деген бейнебаяны бар. Бұл әнге түсірілген бейнебаян дегені болмаса, нағыз көрден шыққан аруақтар дейміз бе, қайта тірілген өліктер дейміз бе, солардың әншімен қатарласа билейтін бейнебаяны. Әлемдік деңгейдегі алғашқы клиптер 1970 жылдары түсіріле басталды десек те, Майклдың бұл клипі сол кезде өте үлкен резонанс тудырғаны шын. Себебі, бейнебаян кейіпкерлері негізінен көрден шыққан қозғала алатын өліктер еді. Көптеген көрерменнің өліктің қабірінде жата алмай шығуы дегенді алғаш көргені осы клип болса керек. Сатылым мен танымалдықтың шыңына шығарған осы клипі Майклдің жұлдызын одан ары асырған еді. өтірік айтпасақ сексенші жылдан кейінгі жын-шайтан, қансорғыш, зомбиларды тақырып еткен түрлі кинолардың көптен түсірілуіне осы Майкл Джексонның клипінің тез танымал болғандығы ықпал еткен секілді. Не керек, Қасым ақынның қатал да ұшқыр қиялы соғыстың ауырлығын, қанқұйлылығын қорқынышты да шынайы ететін осы жерінде оқырманды да аямаған.
«Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар», - дейді тағы. Жар дегеніміз өзен, көл жағасын сан жылдар бойы судың ағысы, ағынның шайуынан қалыптасқан қабақ емес пе еді. Тыныш тұрған жардың тасқын кезінде күшті судың екпінімен құламаса, өзінен-өзі құламасы анық. Шабыты шарықтаған ақын осы жерде де бейнелі теңеуге келгенде сөз табудан еш қиналмаған.
Жоғарыдағы біз мысалға келтіріп отырған екі шумақ қорытындысын айта кетсек, оң мен терістің, жер үстіне шығу мен суға бату сынды кері пропорцияналды екі ұғым бірін-бірі терістегендей болады. Біреуі тыныш жатқан қабірінен қашса, бірі мызғымай тұрған жағасын тастап су түбіне сүңгиді. Алғаш оқыған шақта бәрі табиғи болып жатқандай боласыз. Бірақ, ақын осы жерде оқырман санасын жадылап алатын теңеулер айтады. Сыдыртып оқып келе жатып, қайта қайталап неге оқып отырғаныңды өзіңіз түсінбейсіз. Себебі, о заман да, бұ заман қабырын тастап қашқан өлікті кім көрген. Мына жарық жалғанның біздің санамыз үшін қаншалықты қымбат екенін жар арқылы, жарды құлату арқылы өзімізге ыстық жалғанның жарығын қиғызып жарды құрдымға жібереді. Осы жерде іштей неге екені, өліктің көрден қашқаны жаныңды түршіктірсе, жардың құлағаны өзегіңді өртеп, жаныңды құлазытады.
Осылай тауды, тасты, орманды, өлікті қорқытып болған жаумен батыр ұлан, қаһарман ұлдың жалғыздан жалғыз айқасы басталады. Поэма басындағы мүлгіген орман, ұйықтаған күн емес, теңселген тау, жаңғырған көкке ұласқан. Шығарма темпі жоғарлап, тынысың жиілеп, көңілің қобалжи оқитын тұсқа да келесің.
Енді осы жерде табиғаттың бейнелі тілінен адамзат арасындағы, тірі адамдардың арпалысындағы диалогқа ауысады.
-Ала алмайсың!‑ деді ер ұлан,
‑алмай қойман!‑деді жауы.
Табиғатты жауға қарсы қойып болған ақын, енді қаһарманды ортаға шығарады. Жоғарыдағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген материалдың өлеңмен өрілген көргем әдеби нұсқасына осы жерде кез боламыз. Жалғыз үйде оқшау қалған, оғы таусылған, беріл десе де берілмеген батырды жау үйін жау өртеу арқылы сыртқа шығарып ұстамақ болады. Бірақ:
...Қызыл, жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Желпіп жалын желектерін,
Келе жатты от сұлулар.
Ашып отқа омырауын,
Естісін,‑ деп, қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарағым‑ауын»...
...Толқын шашты оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге... –
деп ағылған жыр ағынынан батырдың отқа оранған бейнесінен өлімнен қорқып, қиналған кейіпкерді көрмейсіз. Керісінше біздің геройымызға от ішінде той-тойлатып, от сұлулармен қауыштырады. Оны аз десеңіз, су топанын кешкен Нұх пайғамбар секілді от топанын кештіртсе, Афина құдайы Прометей секілді отты қолына уыстап ұстатады. Ал, логика тауып көр! Әдебиеттің құдіреті де осы жерде. Әдебиеттің көркем шындығы өз дегенін жасап, оқырманын қалай сендіргісі келеді солай сендіреді. Бір теңеудің тасасында қопара берсең таусылмас хикая жатса, бір қимылдың астында аша білсең сала құлаш мәлімет, құпия жатады.
Ары кеттік:
‑Жау жанында сен сүйкімді,
Кел бері өлім, күйіңді шерт!
Менің адал жүрегімді,
Жау алмасын, сен алшы өрт!
Тыныш уақытта, мамыржай күнде денеңді өрт шалмақ түгіл, етіңе тікен қадалса да жаның шығып кете жаздайды. Ал, Қасым ақынның тебірене жырлаған кейіпкері жалаңдаған қызыл жалынды, тірі пенде аты жау адам баласынан жақын көреді, тәнін күйдіргенмен жанын қорламайтын өртті қолында қаруы бар, беті қатты дұшпаннан артық санайды. Осылайша герой өзінің өмірінің кесімін өзі шығарады, өз өлімін өзің таңдайды. Еш ойланбай, еш екіленбейді.
Осы-ақ болды келген қолдан,
Осы-ақ болды-ау, әттең, шіркін!
дегізеді. Ерлікпен өліп бара жатқан өлімінің өзін ішкі меніне аз етіп көрсетеді. Мәрттік пе, мәрттік!
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте - бұлт, жерде - желмін гулеген,
Жер еркесі - желдің еркін кім сұрар? –
деп жырлайтын Мағжан Жұмабаевтың «Мен кім» өлеңіндегі желді Қасым Аманжоловта сәтті пайдаланады. Жаудың қоршаудағы батыр ұланды өртегені аз еді, оның өртенген денесін де қорлатпау, соңына дейін берілмеу позициясын ақын осы жерде жақсы сақтаған. Жер еркесі желдің көмегімен күлге айналған батырдың денесін дұшпанының табанына таптатпай ұшырып алып кетеді. Осылайша өзі қорғаған кең даланың аспанында тозаң болып ұшқан батыр, елдің түкпір-түкпіріне рухы іспетті денесінің бөлшегі де жетті деген ишарамен ақын поэманы тәмамдайды.
Жалпы әдебиет теориясында лириканың үш-төрт түрі бар деп жіктесек, Қасым Аманжолов бұл поэмасында азаматтық лирика мен табиғат лирикасының мүмкіндігін мейілінше еркін пайдалана отырып қабыстыра баяндаған. Адам көңіл күйін табиғат суреттері арқылы беру, табиғаттың құбылыстарын адам мінездері мен адами таным-түсінікпен кейіптеу арқылы поэманың тақырыбын құлпыртып ашқан. Бұндай тәсіл әдебиетіміздегі көптеген ақындарда кездесетін үйреншікті тәсіл. Бірақ, ақынның ақыннан айырмашылығы – өлең өнерінде тың теңеулер, соны тармақтар, ойшыл өрнектер құрумен ақын болып қалады. Бұл поэмадан ондай шебер қиыстырған тіркестер мен ұйқастарды талайына кез болғанымызды жоғарыда шамамыз жеткенше айтып өткен болдық. Қалай десек де, Қасым өлеңдеріндегі шоқтығы биік шығарма болып «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы қала берері сөзсіз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.