Ақын Абылай Маудановтың «Дайдидау» атты кітабы – бүгінгі қазақ әдебиетінің мәдени кеңістігіндегі бір жаңалық деуге болады. Бір қарағанда, бұл да – кезекті шыққан жаңа кітаптардың бірі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ зер салсақ, кітаптың қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде бірден жарық көруі, Мағжанға арналған поэманың «Дайдидау» аталуы және «Дайдидау» әнін әлемге танытқан Димашқа сыйға тартылуы – формалық ерекшелік қана емес, бұл – қазақ поэзиясының тұйық кеңістікте емес, ашық өрісте өмір сүре алатынының бір дәлелі де.
– Абылай, жақсылық құтты болсын! «Дайдидауды» білеміз ғой, бұл – ұлт жанының сырлы әуені, ертеден жеткен жүрек түкпіріндегі сағынышы... ақын Абылай Маудановтың ән атауын кездейсоқ таңдамағанын шамалаймыз. Мүмкін, автор ретінде сіз осы «Дайдидау» арқылы – баяғыда жоғалған нәрсенің ізін, аңсар әуенін іздеген шығарсыз? Осы атаумен кітап шығару идеясы қайдан келді?
– Мұндай ой Астанада «Дайдидау» ұлттық ресторанында болғанымда келді. Өйткені, «Дайдидау» брендімен мерчтар сатылады екен. «Орамал, зергерлік бұйым, жеміс-жидектердің қасында менің кітабым неге тұрмасқа?» деп ойладым. Бұл ниетімді Қанат Айтбаев мырзаға айттым, ол қарсы емес екендігін білдірді. Әуелдегі жоспарым бойынша «Дайдидау» мега-жоба болуы тиіс-тін. Бірақ оны жүзеге асыруға жалғыз өзімнің шамам жетпеді. БҰҰ алты тілінде, жетіншісін ырымдап қазақ тілі ғып, әлемнің назарын аударсам деп армандадым. Оған қаржылық мүмкіндігім болмады. Демеуші іздеп аяғым жеткен жерге бардым, сөзім жеткен жерге айттым. Нақты қолдайтын адам таппадым. Сөйтіп, төрт тілде ғана жарық көрді.

– Бүгінгі заманның жаһандық символы болып отырған Димаштың орындауындағы «Дайдидау» – қазақтың үні мен әлемдік эстетиканың тоғысы делік. Яғни Димаш Құдайбергенов осы әнмен әлемге танылса, Абылай осы атпен қазақ сөзін әлемдік поэзия кеңістігіне шығармақ болған мақсатын ұғамыз. Бұл тұрғыда Димашпен байланысуға мүмкіндік болды ма? Кітапты қалай шығардыңыз? Дизайнын кім жасады? Оқырман үшін осы жағы да қызық қой.
– Димаш БҰҰ Бейбітшілік елшісі ғой. Ән де – елші. Шәкәрім өлеңдерін «менің ғаскерім» десе, мен кітабымды елші дер едім. Әдебиет елшісі. Бәлкім сіздерге күлкілі көрінер, күні кеше Парижден келген этникалық қазақ арқылы Франция Президентіне қолтаңбаммен беріп жібердім. Негізі, кітап шығармас бұрын барлау жасадым. Әлеуметтік желілердегі Димаштың фан-клубтарымен аударма арқылы сөйлесіп көрдім. Бәрі де «ондай кітап қолымызға тисе қуанышты болар едік» деп жауап берді. Жақында ағылшын, орыс тіліне аудартып, жарнама жасап, ватсап нөмерімді жаздым. Сол-ақ екен бір сәтте әлемнің бірнеше елінен түрлі тілдегі адамдар хабарласып, жүктемеге шыдамай телефоным қосылмай қалды. Нөмерімді басқа телефонға ауыстырып едім, соңғы жазбалар сақталмағандықтан өшіріліп кетіпті. Мына қызықты айтайын, Мексикада Magda Linares атты бір жанкүйер Димаштың шығармашылығындағы қазақ әндері туралы кітапша жазыпты. Сол кезде «Дайдидау» туралы мәлімет таба алмай қиналған екен. «Міндетті түрде салып жібер» деп қолқалап отыр. Бүгін поштаға барып біліп едім, бір кітапты мұхиттың ар жағына жеткізу құны бес мың теңге шамасында тұрады екен. Кей адамдар мені Димаштың атағын пайдаланып, ақша тауып жүр деп ойлауы мүмкін. Жоқ, қайта мен миллиондап қарызға кіріп кеттім. Қазір өзім пәтер жалдап тұрамын. Үйімді биылғы қаңтарда сатқам. Аудармаға соның ақшасынан да пайдаландым. Ал иллюстрациясын Алмас Сырғабаев есімді талантты азаматқа «болашақ егіннен» деп қарызға жасаттым. Өте сәтті шықты. Ал кітапты басуға бірден келіскен азамат Шыңғыс Мұқанға алғысым шексіз.
– Поэма нәзік лиризм мен асқақ романтизмнің ақыны Мағжанға арналған екен. Бір жағынан «ән Мағжандыкі екен» деген де пікір бар. Оның қандай дерек-дәлелге сүйеніп айтылған қисын екенін білмедік. Мүмкін, «ән Мағжандікі екен» деген болжам – нақты тарихи дерекке емес, рухани үндестікке негізделген жорамал шығар, мүмкін, поэма авторы ретінде сіз әлдебір дерекке сүйене отырып емес, поэтикалық түйсікпен Мағжан мен бұл әнді жақындастырған шығарсыз. Қалай болғанда да «Дайдидау» Мағжан поэзиясындағы үміт пен қайғының, ерлік пен мұңның әуендік баламасы екендігі күмәнсіз.
– Ия, поэмамның басты кейіпкері – Мағжан. Дерекке құрылған тарихи туынды емес, көркем шығарма. Алғашқы атауы «Аманат» болатын. Өйткені, бұл бізге Ұлы даланың аманат еткен әні. Мағжан да, Димаш та сол даланың дара дарындары. Егер бүкіл жер жүзі қазақ тілінде сөйлесе, Мағжан да Димаштай танымал болар еді. Ол сондай қуатты ақын. Димаштың әні жеткен жерге әдебиетіміз жетсе, одан асқан мерей бар ма?! Ол кезде мен жиырма бір жаста едім. Кездейсоқ бір отырыста әнші жігіттер домбырамен «Дайдидау» әнін орындады. Ән де, сөзі де жүрегімді баурап алғаны сондай, әсерінен шыға алмай қалдым.
– Бұл әннің авторы кім? – деп қызыға сұрадым.
– Халық әні деп айтылып жүр. Алайда авторы Мағжан ақын деседі, – деді олар.
– Мағжан? Кәдімгі Мағжан Жұмабаев па? – дедім орнымнан ұшып тұрғанымды байқамай. Өйткені, әдебиет әлемінің табалдырығын енді аттаған шағымда Мағжанның отты жырларын оқып, ессіз ғашық болған едім.
– Бәсе, – дедім іштей күбірлеп, – мұндай мұңлы да сырлы, әуезді әнді тек Мағжандай поэзия падишасы ғана шығара алса керек-ті. Құдай-ау, не деген ән, неткен сезім, неткен махаббат... Сөздері қандай сұлу. Сұлу бола тұра мұңды. «Жүзің бар он төртінщі айдай көркем»... Демек айдай сұлу, ажарлы жан болды ғой ғашығы... «Қайтейін уәдеңнің жалғанын-ай» деп зарланады. Адамзаттың періштесі, ақын жүректі қалай ғана алдауға дәті барды екен ол арудың?». Санамды сансыз сұрақтар шабақтады. Шамасы, әнші жігіттердің мазасын ала берсем керек. Олар төменде баян етілетін оқиғаны айтып берді. Олардың аузынан шыққан әр сөз кеудеме өлең болып құйылып жатты. Енді мен осынау әннің тұтқынына айналдым. Миымнан күндіз-түні бір шықпайды. Ақыры, қайсы бір кеште ақ парақпен жекпе-жек қалдым. Таң атқан шақта туындымның нүктесін қойып барып төсегіме жаттым. Соншалықты тез жазылды. Тіпті оны өзім жазбаған сияқтымын. Құлағыма Мағжан атам сыбырлап тұрғандай. Мен тек оның айтқанын қағазға түсіруші қызметін атқарғандаймын... Шынында да, бұл туындым бұрынғы стиліме келмейді, өзге өлеңдеріме ұқсамайды... Поэма 2007 жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында облыстық «Қостанай таңы» газетіне басылды. Кейін бірнеше рет әлеуметтік желідегі парақшама салдым. Оқырманнан ешқандай реакция болды. Тек поэзияны түсінетін азғантай ғана топ жылы пікір білдірді. Мен енді шығармамның сапасына күдікпен қарай бастадым... Қытайда Singer 2017 байқауы өтіп жатқан кез. Теледидарымыз ескілеу еді. Бір күні 76 жастағы анам маған: «несиеге болса да интернетке қосылатын теледидар ал», – деді.
– Неге? – дедім таңғалып.
– Мен Димаштың концерттерін көргім келеді, – деді ол. Келесі күні теледидар сатып алып, ғаламторға қосып, ютубтан «Димаш» деп тердім. «Дайдидау» әні шыға келді. Әкем, анам үшеуміз тамсана тыңдадық. Сол сәтте менің санамда шағын поэмам кинотаспа боп жүріп жатты. Димаштың үні жүрегімнің қылын шертіп, тілмен айтып жеткізе алмас ләззатты хәлге бөлеп тастаған еді. Өзімді поэмамда айтылатындай, «сұлу әннің әсерінен шыға алмай, ауада байланып тұрған бозша торғай» сияқты сезіндім... Димаш «Дайдидаудың» бағын ашты. Ол әннің бойындағы құдіретті мінсіз етіп жеткізе білді. Бұл – Ұлы дала туғызған ән. Әнде тек ынтызар ғашықтардың өкініші ғана емес, басы бұғауға түскен халықтың мұң-зары, еркіндік аңсаған арманы жатқандай. Саясат адамдарды түрмеге қамайды, атып тастай алады. Алайда, Даланың, сол даланы мекен еткен халықтың құдіретін жоя алмайды. Дала феномені де сонда. Ол бәрін өз бойына сақтайды. Ұмытпайды. Кезегі келгенде рух болып қайта жарқылдайды. Димаш сол Ұлы даланың ән болып жарқылдаған рухы...

– Ал енді кітаптың сатылуы, өтуі қалай болды? Жалпы қандай да бір мәселемен бетпе-бет келдіңіз бе? Әлде елдің бәрі пышақ үсті талап әкетті ме?
– Кітапты Димаштың туған күніне сыйлық қылып беріп жібердім. Болашақта Димаштың өнеріне сүйсінген, «Дайдидаудың» тарихын білуге құмар әлі талай халықтың тіліне аударылады деген үмітім бар. Бұл менің жер бетіндегі Димаштың өнерін сыйлайтын, «Дайдидау» әнін жақсы көретін барша тыңдарман достарыма деген сыйлығым. 26 мамырда фан-кездесуі болатынын естіп, Алматы-Аренаға сатуға шығардық. Негізі, сату, өткізуді «Мазмұндама» өз мойнына алған. Тек жақсы сыйлас қарындасым «аға, өзіміз өткізіп көрейік. Бұған кеткен шығыныңызды өтеп, пайдаңызды көруіңіз керек қой» деп ұсыныс білдірді. Қуана келістім. Алайда ойлағанымыздай сауда болмады. Қуанатыным, жиырма шақты елдің өкілі қадалып тұрып қолтаңбаммен алып кетті. Олардың оқитыны анық. Оқыса, міндетті түрде Мауданов туралы емес, Мағжан жайлы мәлімет іздейді. Бұл – мақсатымның орындалғаны. Алайда мұндай іспен менен гөрі салмақты адамдар, мекемелер айналысса, нәтижесі де анағұрлым тез, өнімді болар еді ғой. Жер жүзінде Димаштың фанаттары көп. Олар Димашты әуелі «Дайдидау» әнімен таныды. Ән Димаштың, Димаш әннің бағын ашты. Бір елде мың болар, бір елде он мың болар, әйтеуір оқығысы келетін жанкүйер қай құрлықтан да табылады. Олар классикамызды керек етпеуі мүмкін, бірақ тап қазір сүйікті әншілеріне қатысты қай дүниені де қалт жібермейді. Сол үшін кітабымды жер жүзінде кемі жүз мың адам оқысы келеді деп топшылаймын. Қазір фб парақшама күніне бәлен шетелдіктен достық келеді. Орын шектеулі, қабылдап жатқан жоқпын. Біз сол сұраныс бар жерге өнімді жеткізіп бере алмай отырмыз. Әдебиет те – өнім. Экономикада экспортымыз аз деп жиі айтамыз. Неге біздің руханиятымыз экспортталмасқа? Үкімет айтып жүрген креативті идеяға бұл да жататын болар.
– Бұл негізі жиырма жыл бұрын жазылған, бір өзі екі бірдей жүлде алған шығарма екенінен оқырмандарыңыз хабардар. Жаңа өзіңіз де «жиырма шақты елдің өкілі қадалып тұрып қолтаңбаммен алып кетті. Олардың оқитыны анық. Оқыса, міндетті түрде Мауданов туралы емес, Мағжан жайлы мәлімет іздейді» дедіңіз. Кезінде бұл дүниеңізді оқып, пікір білдірген, талдаған адам болды ма? Әдебиетшілер, сыншылар назар аударды ма дегеніміз ғой.
– Туындым туралы жылы пікір білдіргендер көп. Бір жылда екі бірдей республикалық жүлде алғаны да рас. Нақты талдап жазғандарды көрмеппін. Қостанайлық ақын інім Жандос Жүсіпбек жиырма жыл бойы «басқа өлеңіңіз бір төбе, осы шығармаңыз бір басқа» деп үнемі айтатын. «Дайдидау» менің де бағымды ашты. Көп уақыт еленбей келген туындым «Аманат» деген атпен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығында екі бірдей республикалық жүлдені қанжығама байлап, мерейімді асырды. Әдеби ортаның назарына ілінді, көпшілік қауым жылы қабылдады. Мен өзімді Мағжан атамның рухына, осы бір тамаша әнге, оны тамсана тыңдаған, қосыла шырқаған барша тыңдарманға қарыздар сезіне бастадым. «Дайдидау» Димаштың орындауында үлкен сахналардан бөлек маңызды отырыстарда да шырқалып жүр. Демек, бұл ән ғана емес – елші. Бейбітшілік елшісі. Менің кітабымның көздегені де ізгілік, достық. Димаштың барша тыңдарманына «Дайдидау» сынды керемет әннің тарихын жеткізу. «Дайдидау» Димаш танытқан, Димаш арқылы қазақты танытқан ән. Ән ғана емес – бренд! Осы кітабымды төрт тілде шығара отырып, мен дара дарын Димаш арқылы қазақ әдебиеті насихатталып, Мағжан сынды тұлғаның есімі әлемге таралатынына қуандым. Поэмамды оқыған әлем оқырмандары «кейіпкер Мағжан кім?» деп қызығушылық танытып жатса, мақсат орындалғаны. Мағжанды таныған жан қазақтың, түркінің рухымен танысады емес пе?!

– Енді не жазып жүрсіз? Соңғы кездері прозаға бұрылды ма деп ойладық.
– Қазір өлең жазғым келмейді, жазсам да жарияламаймын. Өйткені, өлең жазатындар көп. Шетінен мықты. Өзіңнен асырып біреу жазып жатса, дарияның қасынан құдық қазып не көрініпті? Айтарыңды поэзиядан басқа жанрмен де жеткізуге болады. Сол үшін де сатирада қалам сілтеп, пародия жазамын. Былтыр алғаш сіздердің сайтта басылған «Чужой» деген әңгімеме көп адам жақсы пікір, мақтау айтты. Оның ішінде Төлен Әбдік, Ғабит Мүсіреп, Сәкен Сыбанбай сынды қаламгерлер де бар. Бірнеше классиканы қазақ тіліне тәржімеледім. Мен аударған спектакльдер, ертегілер жиі сахналанып жүр. Бүгінде кітап оқуды насихаттаумен белсенді айналысамын. Өйткені, қазір кітап оқитындардан кітап жазатындар көп. Ал оқымай озық ұлт болу қиын. Дегенмен лауазымды қызметімді тастап, «кітап сатып кеткенімді» ешкім қабылдай алмады. Қайтесің, табиғатым сондай, күңіреніп отырғаннан гөрі, күрек алып кірісіп кеткенді қалаймын. Сөйлейтін ауыз ғана емес, істейтін қол да керек шығар. «Дайдидаудың» да дүниеге келуі де сол, тәуекел етіп тас жұтқанның арқасы. Бұл әйтеуір бір қазақ істеуі тиіс жоба болатын. Түбі тағы бірнеше тілге тәржімаланып қалар деген ойдамын. Кезінде өзіңіз «Тұмар» журналына алған сұхбатта Димаш «арманым «Дайдидау» әнін әлемге таныту» деп еді. Байқасам, Димаштың арманын эстафетаға алған сияқтымын.
– Бізбен сұхбатыңызға рахмет, тағы да құтты болсын! Бұл «Дайдидау» да Димаш танытқан ән секілді – тек поэзия жинағы емес, ұлттық рух пен жаһандық таным арасындағы көпір іспетті рольде болсын!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.