Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады...

16.01.2024 2327

Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады

Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады - adebiportal.kz

Оқулық сапасына көңіл тола ма?

Әдебиетке деген құштарлық әдетте мектептен басталады. Мұғалімнің өзі пәнін жақсы көріп сабақ берсе, соған сай әдебиет оқулығы қызықты, мазмұнды болса, екеуі бірігіп бала танымына әсер етіп, қиялын байытып, тілін ұстарта алса, ол баланың әдебиетке құштар болмауы, әдеби шығарманы оқымауы, кейін өскенде адамгершілік мәселелеріне сергек қарайтын азамат болып қалыптаспауы мүмкін еместей. Ал бірақ қазіргі балалар арасында, әсіресе, қалаларда қазақ әдебиеті сабағының ондай құрметке ие болмай отырғаны неден? Әрине, бұл алдымен тіл мәселесіне қатысты, қазақ тілін дұрыс білмей жүріп, әдебиетін қайдан оқиды дерсіз? Шынымен де қазақша сөйлемейтін, сөйлесе қойыртпақ қылатын қазақ балаларының әдебиет оқулығындағы мәтіннің жартысын да жеткілікті түсінбейтіндігін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен бірге басқа да факторлар болуы мүмкін ғой, мысалы, әдебиет оқулығының мазмұнына, сапасына, мұғалімнің деңгейіне байланысты, т.б. 

Осыған қатысты әдебиетші мұғалімдердің өздері не дейді екен? Соны білгіміз келді. Айтпақшы, біздің сауалымызға жауап берген адамдардың  өздері әдебиетті сүйетін, бала бойына әдебиет арқылы ізгілік пен мейірім дарытуға болады деп есептейтін,  білім беруде талай жылдық тәжірибесі бар республикаға белгілі әдебиетші-мұғалімдер екендігін ескерте кетейік (арасында ақын-жазушылары бар). 

  Біз мұғалімдерге мынадай сауал тастадық:

Тәжірибелі мұғалім ретінде бүгінгі күні мектепте оқытылып жүрген әдебиет оқулығының мазмұнына көңіліңіз тола ма? Қазіргі балалардың әдебиетке қызығушылығына қандай баға бересіз? Оқулыққа енгізілген авторлар мен шығармалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтіндері немесе бала танымына ауыр немесе қызықсыздары бар ма? Егер өзіңіз сияқты мұғалімдердің пікір-көзқарасымен санасатын болса,  әдебиет оқулығына қандай өзгерістер енгізген болар едіңіз?

Кей тақырыптарды тарқатарда ұнжырғаң түсетіні бар

 

 Самал Шаймерденова, Алматы қаласы, №152 мектеп-гимназия мұғалімі, жазушы:

–       Мектеп бағдарламасының жүйесіздігі мен жөнсіздігін айтып шаршаған мұғалімдердің даты  – жұрттың бәріне мәлім. Сол өкініш-өкпеден әдебиет пәні де шет емес. Әуелі, сорақылықтың көкесі осында.  “Әдебиет – өзіңсің! Ол сенің тілің, ділің, дәстүрің!” – деймін шәкірттерге. Екпіндеп сөйлеп, екіленіп барып кей-кей тақырыптарды тарқатарда ұнжырғаң түсетіні бар. 

     Ең алдымен айтарым, кей мектептердегі  параллель сыныптардың әр түрлі баспалардың оқулығын оқытып жатқаны – бүгінгі өрескел қателік. Екі сыныптың баласы өзара сөйлесе қалса: “Сендер бүгін қандай тақырып өттіңдер?” деп сұрай алмайтыны да болымсыз іс. Бала тұрмақ параллель сыныптарға кіретін мұғалімнің әр сыныпқа әр түрлі тақырып өтіп, шаршап жүретіні жасырын емес. Жоғары сыныптар екі бағыт бойынша оқытылады. Жаратылыстану бағыты мен гуманитарлық бағыттағы сыныптар екі түрлі оқулық оқиды. Қазақ тілі сағаты қысқарып, тылтиып қалды. Оқулықты ашып қарасаңыз, есіңіз ауады. “Физика, химия, информатика пәндерінде шошқа тағаламайтын шығар?” дегің келеді. Неге дейсіз бе? Өйткені,  балаларға ұсынған кітабы – қойыртпақ. Көп ғылымның басын бір шалып, былығып тұр. Бұл былық қазақ тілі мен әдебиетке ғана емес, барлық пәнге тән. 

“Отбасылық дәрігер” деген дәрігерлер де сән болды ғой жаңашыл заманымызда. Яғни бір дәрігер іш құрылысың мен сүйек-саяғыңды түгел емдей алуы керек. Сол сияқты, бір оқулық әр ғылымды бір шоқып, тақырыбына мәтіні келмей, мәтініне тапсырмасы үйлеспей үйелеп қалады. 

   Жалпы, қазіргі сабақ өту әдіс-тәсілдері мен талаптары дәстүрлі сабақ формасынан көп өзгерген. Функционалды сауаттылық – бүгінгі бағдарламаның басты сұранысы. Дәстүрлі сабақ тәсілінде оқу, жазу, санау  дағдылары қажетті, жеткілікті саналса, функционалдық сауаттылықтың негізгі құраушы бөліктері ретінде креативті ойлай білу дағдысы; оқу сауаттылығы; жаратылыстану; ғылыми жаратылыстану ғылымдарына қатысты сұрақтарда белсенді азаматтық ұстаным иесі болу; сауатты болу; қаржылық тұрғыдан сауаттылық; жаһандық құзыреттілік сауаттылығы сынды талаптарды қажет етеді. Оқулықтардың бірімен-бірі араласып, тақырып пен тапсырмалардың аражігі алшақтап, үйлеспей жатуы да осының салдары. 

Құп! Жаңа бағдарламаның  жақсы да жағы бар. Ал енді сабағыңды жаңаша өтуге жағдай жоқ. Ол үшін мектеп жаңа технологиямен жабдықталып, әр кабинет компьютерленуі керек. АКТ бар-жоғы 5-6 кабинеттің еншісінде. Директорымыз шапқылағанымен, кезекпен келетін жаңа кабинеттер жуық арада бүкіл мектепті жаңалап болмасы анық. 

    Тағы, оқушыларға жүктемені шектен тыс артуға рұқсат жоқ. Апыл-ғұпыл өтіп жатқан тақырыптарды май шайқағандай білемей, желдіріп өте шығасың. Үй тапсырмасына берген күннің өзінде қазақтың бүгінгі жайы белгілі… Жазып, жаттап, оқып келуден өңгеге тағы жағдайы жәутік. 

      Сөзіме тұздық болсын, қазақ әдебиеті оқулықтарының жай-жапсарын қысқаша баяндап көрейін. “Арман” баспасынан шыққан 5-сыныптың әдебиет оқулығының көлемінен бастасақ, жалпақ кітаптың сырты сәнді, мұқабасы қатты. Біздің кезімізде бүкіл оқулық бір формада болатын. Мүмкін, ескіні көксейтін шығармын. Қолақпандай кітап көзге тиімді де болар. Десе де, ішіндегі презентациялық тапсырмалар мен сызбалар бір сабаққа сыйымсыз, баланың жүйкесіне жүк. 

    Беташары “Халық ауыз әдебиеті” бөлімінен басталады. Ауыз әдебиеті жайлы шолақ мәтіннің айналасында топырлаған тапсырмалар былай өрбиді: Естеріңе түсіріңдер; Меңгерілетін білім; Зергер сөз; СD диск тыңда; Түйін; Артық болмас білгенің; Білу; Түсіну; Талдау; Жинақтау; Қолдану; Баға беру; Диалог құру; Ал осы “Қолдану”; “Түсіну”; “Білу” тапсырмалары арасындағы сұрақтар жиынтығы - 21. Бекітілген сағат саны - 1. Әрі қарай ертегілерге аттап кете бересің. Ал енді айтыңызшы, ұлттық құндылығымыздың қазынасы – халық ауыз әдебиетін таныту, түсіндіру, ұқтыру үшін бір сағат жеткілікті ме? Ал анау шұбырған тапсырмаларды орындату бір сағатқа сыйымды ма? Кімге жүк? Мұғалімге ме, оқушыға ма? Желіп өте шыққан сабақта баланың жады жаңағы тапсырмалардың жүгін көтере ме? Жүйкесі шыдай ма? 

СD дискінің ішіндегі сәл тәуір аудионы сыныпта тыңдатып, талқыласаң сабақ тәмәм. 5- сыныпта ғұламалар отырған жоқ қой. Диалог құрсын, түсінгенін айтсын, зергер сөз тапсын. Талдауға ерте һәм шикі деп ойлаймын. 

Презентациялық схемамен көрсетілген халық ауыз әдебиетінің жанрлары: мақал-мәтел, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, эпостық, лиро эпостық жырлар, аңыз әңгімелер т.б. жайлы азды-көпті түсінік беру қалай десең де жалқы сағаттың еншісіне тар. Келесі, ертегінің түрлеріне бір сағат беріліп, “Керқұла атты Кендебайға” бес сағат бұйырыпты. Тәубе дейік! Онда: “Power Point программасын пайдаланып, ертегінің қиял-ғажайыптық сипаттағы оқиғаларының суреттерін салыңдар” деген тапсырма бар. Жалпы, баланың қиялы нені қалай сипаттайтынын білу үшін “сурет салдыру әдісін” өзім де ұнатамын. Алайда, кітаптағы тапсырманы орындатуға қауқарсызбыз. Әй, осы бізде бүкіл сыныбы компьютермен жабдықталған бірде-бір мектеп жоқ-ау?! Қалалық, үлкен мектебімнің өзінде 3-4 информатика кабинеті ғана компьютерленген. Әр кабинетте мұғалімге тиесілі жалғыз компьютер бар. 

    Тағы бір тапсырманы айта кетейін. Осындағы “талдау” тапсырмасында “Венн диаграммасы арқылы Кендебай мен Ер Төстікті; Олардың аттары Керқұла мен Шалқұйрықты салыстырыңдар” дейді де, жақша ішіне “Ер төстік” ертегісі хрестоматияда берілген деп қояды. “Ер Төстік” бастауыш сыныптың оқу бағдарламасында бар ма екен деген ойға қалып, бастауыш сынып мұғалімдерімен байланысқа шықтым. Жоқ екен. Сонда қалай? “Ер Төстік” шағын ертегі емес. Асықпай-аптықпай, аттап-бұттамай ең болмаса осы екі ертегіні неге қатар енгізбеген 5 - сыныпқа? Онсыз да “Керқұла атты Кендебай” ертегісін өте салып, батырлар жырына секіріп кетеміз. Батырлар жырын үш сағатпен тәмамдап, аңызға ауыз саламыз. Сонымен тоқсан бітті. Оқулықтың жақсы жағын айтсам, “Сөзмаржан” әдіс-топтамалары ұнамды. Мұнда текстегі архаизмдер мен фразеологизмдерге түсінік береді. Өте пайдалы. 

Қорытындылау-бөлім бойынша жиынтық бағалаумен аяқталады. БЖБ; ТЖБ да мұғалімдердің наразылығын тудырып отырған дүние. Ешкім селт етпейді. Мазмұндама, шығарма, диктант жаздыру арман болды. Салдары  сансыратты. Каллиграфия былай тұрсын, баланың жады төмендеп, сөйлеу, сөз саптау стилі құлдырап, қиқы-жиқы сөздерге тойдық. Айтқанын жаза алмайды, жазғанын оқи алмайды. Білгенін есіне сақтай алмайды. Асығыс-үсігіс, ретсіз, жүйесіз тақырыптар мен сала-құлаш тапсырмалар талықсытып тастайды. Мен де аттап-пұттап, 9-сыныпқа бір-ақ секірейін. Қайсыбірін айтып бітермін? “Мектеп” баспасында басылған оқулықтың 1-бөлімінің беташары  оқулықтың “Атадан қалған асыл сөз” тақырыбымен ұсынылған. Тақырып тамаша! Ежелгі дәуір әдебиетінен басталатын кітап, Жүсіп Баласағұниды ғана таныстырып, шешендік өнерге бір-ақ аттап кетеді де, билерге табан тірейді. Бір қызығы, Майқы би, Мөңке биді бір өтіп алып, Әнет бабаны арасына салып, “Қазақ билері” деген тараумен Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би деп үш биді бөліп алады. Бәлкім, ғасырлық хронолониясына қарай бөлді ме дейін десең… Неге Майқы би мен Мөңке би “қазақ билері” деп таратқан тараудан тыс қалған? Әлде, ұлы жүздің Майқы биі мен Әбілқайыр ханның кеңесшісі болған жырау, Мөңке би “би” дәрежесінен түсіп қалған ба?!…

Төмендегі тақырыптар да жүйесіз тізіледі. Оқу жылының соңына таман берілген 5-бөлім: “Мәңгілік ел – мәңгілік мұрат” тақырыбында бұйырған. Мен ғана емес, мұғалімнің дерлігі аттап кететін Несіпбек Айтұлының “Бәйтерек” поэмасының астына “Тар кезең” романы, одан төмен “Сырым би – Сырым батыр” тақырыбы қыстырылған. Шамасы, билер тарауында ұмытып кетіп, соңыра қыстыра салған болуы керек…

    10- сыныптың да әдебиет оқулығы осы тақылеттес. Абайды оқытып, таныта алмай жүрген балаларға бір тоқсан түгел Қаныш Сәтбаев оқытылады. Оқу бағдарламасы заң!

     Шіркін, орта буынға мазмұндама, жоғарғы сыныптарға шығарма қосса-шы… Оқыта бересің, оқыта бересің. Бәрі ауызша. Әр пән жарысып жаздырып жататын БЖБ, ТЖБ – бізде “эссе жаз” тапсырмасымен түйінделеді.

     Жазушы ретінде айтарым, 5-сыныптан бастап “эссе жаз” деу – зор қателік. Эссе жанры оңай жанр емес, оңай жарылатын жаңғақ емес. Кей мұғалімдердің өзіне ауыр. 3, 4-сынып аралығында мазмұндама жаздырып, жадын жаттықтырып, 5, 9-сынып аралығында шығарма жаздырып, сөздік қорын байытып, ойын жинақы, нақ, көркем жазуға тәрбиелесек, ұтар едік. Эссе жазу 10, 11 сыныпта үйретілсе де кеш емес. Жалпы, эссе колледж студенттерінен бастап, жоғары оқу орындарына тиесілі һәм дұрыс деп ойлаймын. Мазмұндама мен шығарма жазуға шыңдалмаған бала эссемен ғана кетсе, болашақтан жазушы, ақындарды күтпек тұрмақ, көркем шығарма оқырмандарынан мақұрым болмақпыз. Әлде, болашаққа жазушылар керек емес пе? 

 

Жаңартылғаннан жоғалтқанымыз көп...

 

Динара Қыдырбайқызы, Орал қалалық №42 "Ақ ниет" гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-сарапшы:

Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша әдебиетті оқыту сырттай қарағанда оңай көрінуі әбден мүмкін:  1 тоқсан бойы (24 сабақ) әдебиеттен бір-екі шығарманы ғана шыр көбелек айналдыра береміз.  Мысалы,  9-сынып оқушысы 4-тоқсан бойы Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы мен Қ.Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңін» ғана  оқиды. Жалпы алғанда, 5-пен 11-ші сыныптарда әдебиетке бөлінген алты жүзден аса сағатта 5-сынып оқушылары  жыл бойына 14 шығарма, 8-сынып жыл бойына 16 шығарма, 11-сынып жыл бойына 8 шығармамен ғана жұмыстанады екен. Қандай керім шығарма да күнде қырық құбылтқанмен, қайталана берген соң, оқушыны жалықтырмай қоймайды. Бұлай жалғаса беретін болса, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын тудырудың орнына, әдебиеттен безіндіріп алмаймыз ба? 

Сөз реті келгенде айта кетейін,  қазіргі әдебиетте  қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ тіл білімінің реформаторы  Ахмет Байтұрсыновтың 2 өлеңі ғана оқытылады. Бұған да шүкір дейтін шығармыз, себебі жаңартылған бағдарлама мемлекеттік әнұранның авторы  Ж.Нәжімеденовтің шығармашылығын керек қылмады.  «Күлпаш» әңгімесін аузын ашып, көзін жұмып тыңдаған балалар бақытты, қазіргі әдебиеттен Бейімбеттің шығармаларын емге таппайсың. Мынандай шектеулерден соң, «қазақ әдебиеті бай әдебиет» деп көкірегімізді соққанымыз бен «балалар кітап оқымайды» деп жастарды сөккеніміз жөн бе өзі?  Әдебиет кітабын ашса, көретіні үзік-үзік үзінділер ғана, мұнымен «ар іліміне» бойлау мүмкін бе?

 Бұрын өзіміз оқыған оқулықтар (тіпті ұстаздықтың алғашқы жылдарында оқушыларды осы кітаптармен оқытқанбыз да) жоғары сыныптарда халық ауыз әдебиетінен бастап бүгінге, қазіргі қазақ әдебиетіне қарай бірте-бірте жылжитын еді, қазір  әр сыныпта әдебиет тарихының ана кезеңінен бір, мына кезеңінен бір беріледі. Өкінішке қарай, мұндай  жүйесіздік әдебиеттің кезеңмен берілуінде ғана емес...

Қазіргі әдебиет оқулықтары көркем шығармалардың оқушылардың жас ерекшелігіне сай келуі тұрғысынан да ақсайды. Мысалы, 6-сынып оқулығындағы «Прописка» әңгімесі мен  «Менің атым – Тәуелсіздік» өлеңін талдау барысында оқушылар қиналып қалып жатады. Бұл шығармалардың авторлары Асқар Алтай мен Ерлан Жүністің әдебиетіміздің көрнекі өкілдері екеніне дауым жоқ, бірақ өз басым жоғарыда аталған шығармалардың  сәл жоғарылау сыныптарға енгенін құп көрер едім. 

Р.S. Бастауыштан ортаңғыға аяқ басқан баланы «Әжемнің әңгімесімен» (М.Әуезов. «Абай жолы» роман-эпопеясынан  алынған үзінді) әдебиет әлеміне жетелеп,  «Зытып келем,зытып келем.  Артыма қарай-қарай зытып келем» деп әндете еліктіре жөнелетін бала Қайроштың басынан кешкендерін (Ғ. Мүсірепов. «Қазақ солдаты» романынан үзінді) баяндайтын әдебиет сабақтарын сағындым...

 

Шығарма қызық емес десе, ауыстыра аламыз 

Айгүл Батырханова, NIS Астана қалалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, әдістемелік құралдардың авторы:

–       Халықаралық мектеп болғандықтан, бізде бағдарлама жасауда, мазмұнды өзгертуде еркіндік бар, кітаптар жеке мұғалімдердің көзқарасымен таңдалған. Ерекшелік сол – кейде шығармаларды алып не салып жату құзіреттілігімізге кіреді, ондайда оқушылар пікірімен санасамыз, шығарма ауыр, қызық емес десе ауыстырып тастай аламыз. Таңдаған тақырыптарды уақытымызды жұмсап, дәлелдеп, талқылаймыз, кейде бес жыл оқып барып, талдауға баланың ой-өрісі дайын емес деп алып тастаған кітаптар болды. Юнит, тарау деген бар, өз тарауымызға шығарма таңдағанда аударма, өлең, проза жағынан тепе-теңдік сақталуы керек. Балалардың қызығып оқуына байланысты. Бұрын шыны керек, алдымызға келген оқушылардың бірен-сараны ойын қазақша әрең жеткізіп, грамматикалық қателер жіберіп отыратын, соңғы кезде балаларда жақсы өзгерістер бар, бұған не әсер етіп отыр деп өзім де ойланамын, тіпті ойындағысын жеткізуге қиналып отырған болса да сыни ойлауы терең, сөздік қорын пайдаланып ойын жеткізеді. Қазақ әдебиетінен төмен балл алатындар азайды. «Жүз кітап» жобасы деген бар, мұғалімдер кітапхана қорында бар кітаптарды іріктейді, қолжетімді қылуға мүмкіндік жасаймыз. Соңғы кездері оқушылардың өз сұраныстарына байланысты подкаст технологиясын қолданып жүрмін, бағдарламаға жұмыс түрінде енгізілген, ендігі жерде шығарманы талдаған кезде оқушыларды қызықтыру үшін баяғыдай теориялық білім, тәжірибе жекіліксіз болып қалды, ол тек баға алуға, бағдарлама талаптарын жабуға ғана көмектеседі, ендігі жерде мұғалімнің психологиялық білім алуы керек болып тұр, өйткені ол адамның ішкі жан-дүниесін түсінуі керек. Адамның өзін тануына мүмкіндік беретін, адамның әр жаста қалай өзгеретіні туралы кітаптарды оқып, осындай өзгерістерді біліп отырсақ, кейіпкерлердің сөзіне, әрекеттеріне жан-жақты баға бере аламыз. Шаблоннан қашуға тырысамыз. Өйткені ендігі жерде тек «дұрыс», «бұрыс» деген көзқарас қызықтырмайды, адамның ерекшелігін, түсінігін ескеріп, шығармаға жан-жақты келу керек. Оқушылар оқыған дүниесін басқа нәрсемен салыстырады, көрген картиналарымен байланыстырады. Және байқағаным, осы күні сол оқушылардың үйінде, әйтеуір, бір адам психологияны оқитын болып шығады. Яғни адами қатынастар мәселесі үйде талқыланатыны көрінеді. Осылай терең талдауға итермелегенде бала да ашылады. Мысалы, бақытты өмір сүрудің қағидалары жайлы жапон әдебиеттерін балалар бұрыннан біледі екен. Яғни эмоционалдық тұрақтылық, әр жағдайда қалай шешім қабылдау керек дегенге ойланады. Егер мұғалімнің бұл жақтан хабары болмаса баламен бірдей талдау қиынға түседі. Кейде сабақ аяқталды десе де оқушылардың кеткісі келмейтіні бар, шығарманы шынайы өмірмен байланысты талдау деген бар, балалар концептілерді байланыстырып талдауға ынталы, «сабақтан кейін де талдайықшы, сыныптан тыс оқиықшы», - дейді. Балаларға «мынау бізге қызық, мынау ішімізді пыстырады» деп таңдау жасауына мүмкіндік берілгендіктен шығар, бірде стратегияларымды ұсынып, кесте берсем, олар шығарманы өзара талдап, қызу талқылап жатыр, «бір шешімге келе алмай жатырмыз» дейді. «Сұрақтан сұрақ туғызып, талдауға неге қызығасыңдар?» дегенде подкасттарды көп  тыңдайтындарын айтты. Әртүрлі көзқараспен келеді. Ойларын әрі қарай дамытқысы келеді, содан идея туындап, подкаст түрлерін зерттеп, шығарма алып, оны талдап көрдік. Мысалы, Қ.Жұмаділовтің «Тіленшісін» жұмыссыздық деген тарауда оқығанбыз, кейіпкер түптің-түбінде мақсатына жетеді. Джон Голсуорсидің «Үміт» деген шығармасын алдық, Теңізші денсаулығы жоқ, сөйтіп жүріп таңертеңнен кешке дейін жұмысқа барады, гүл тұқымдарын сатады, жұмысты тоқтатпайды. Біз әруақытта шығарманың шешіміне қараймыз, әрине, барлық шығарма кейіпкер арман-мақсатына жетіпті деп аяқталмайды ғой деп ойлайсың, өмірде әртүрлі жағдай болады. Бірақ, ойлап тұрсаң, баланың психологиясы сазбалшық секілді, әлі қалыптаспаған, кез келген нәрседен сабақ алып кетуі мүмкін, оның қасында ересек адамдар да қате шешім қабылдап жатады, өзін сабырға шақыру қиын болады, ал бала не естісе, не оқыса, қандай модельді көрсе соны қайталауы мүмкін. Мысалы, «Бройлер» деген әңгімеде Радик деген бала отбасында тіл табыса алмайды, үйде оған қарайтын ешкімнің уақыты жоқ, бала тек көрші ағаймен сөйлеседі. Шығарма соңында көрші ағаймен кетіп қалды дейді. Сол кезде бұны бағдарламадан алып тастайық деп шештік. Пандемия кезі болатын, қаншама отбасында тұрмыстық кикілжің болды, әртүрлі жағдайлар болды ғой. Ал біз баланың ойында не бар екенін, неге күйзеліп жүргенін, ішкі мәселелері қандай екенін білмейміз , шығарманы  талдап, шешімнің дұрыс еместігіне көз жеткізсек те бала үшін ол бәрібір модель болып тұрады. IB халықаралық мектептің ерекшелігі – шығармадағы шындықты сол күйінде жеткізу, мәдениетаралық түсінік, әртүрлі жағдайларға түсіністікпен қарауға мән береді. Әр шығарманың соңында  балаларға өмірдегі қиындықтардың адамды мықты ететініні жайында түйін айтылады. Баланың қай шешімді таңдайтынын білмейтіндіктен де біз мұғалім ретінде бәрібір іштей уайымдаймыз. Шығарманың шешімін беру жазушыларға қалай қиын болса, мұғалімге де солай. 

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар