Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айзат Рақыш. Келіншек гүлі солғанда...

27.12.2022 5411

Айзат Рақыш. Келіншек гүлі солғанда 16+

Айзат Рақыш. Келіншек гүлі солғанда - adebiportal.kz

- Тұмауға қарсы кәріқыз тікенектері ем деседі. Сен халық медицинасына сенесің бе? - Жүзін қалта телефонынан алып, бұған қамқорси көз тастаған Райгүлге қарап Дариға мырс етті.

- Мен үшін ең бір сүйкімсіз саналатын сөзді айттың ғой. Сол кәріқыз тікенектерін бала кезімнен білемін. Бірақ түрлі ауруға ем екенін бірінші рет естіп отырмын. Әкеміз егістіктен келгенде, балағына жабысқан кәріқыз тікенектерін тазалаушы едік таласып. Ол да бір дәурен болатын. - Бала кезін аңсай күрсінген Дариға орнынан шапшаң түрегеліп, дүкендегі жаңа тауарларын реттей бастады.

- Кәріқыз ем екен, алайда оны қалада отырып қайдан табамыз? - Райгүл әлі де бар назары телефонда. Дариғаға құрбы болған соң ба, жұмысына да, жеке өміріне де тым еркін араласады.

- Сәл тұмауратқанға дәрі ішпеймін, - деді Дариға қолындағы сәнді көйлекті манекенге кигізіп жатып. - Бұдан да жас кезімде суық тигенді ауру деп есептемейтінмін. Жастық шақ ешкінің құйрығындай тым келте. Он беске толып, қызғалдақтай қылтия бастағаныңда он сегізіңнен хабар келеді. Одан оқу-тоқу деп, арман қуамын деп жүріп жиырма бесімді өткізіп алдым. Тиынға қызмет істемеймін деп отызымда дүкен аштым. Содан бері он жылдай уақыт зыр ете қалыпты. Жастықтың жалынын маздатып, күйіп-жанып ғашық болып та көрмедім.

 -Қырықтағы махаббат қиын болады деседі. - Райгүлдің бұл сөзі Дариғаға ашық кекесін болып естілсе де, анау-мынауға бас көтермейтін ашу тұлпарына міне қоймады. «Жер қозғалса қозғалмайтын мінезіңді-ай осы! Тура нағашы әжеңнен аумайсың. Ол кісі ер мінезді еді, қайсыбір азаматты қайыстырып жіберетін өмір сынына төтеп беретін қайраты қандай еді!» - деп шешесі өз анасы туралы сыр айтар еді қызына. Сол нағашы әжесінің салмақты мінезі дарығаннан ба, әйел болып жеңіл сөздің құйрығына жабысып, шап ете қалуды білмейтін. 

- Менің сыныптасым Санду есіңде ме? Естуімше, сол экоорталыққа барып, бала көтеріп алыпты. Қырыққа келсе де, бала тумақ ойы бар. 

Райгүлдің бұл әңгімесінің беталысын түсіне қойған Дариға оң шырай танытпай, сөздің құйрығын шорт үзді. 

- Жұмыс істейік, - деді де есеп-қисаптарын тексеріп, үнсіз отырып қалды. «Томырық мінезіңмен сені бұл өмірде бай алмас!» - деп елең еткізер әңгімесін кілт үзгеніне ренжіген Райгүл құрбысын іштей бір сыбап алып, жұмысын қамдай бастады. Қағаздарынан басын көтерген Дариға әлден уақытта сыртқа жиналды. Райгүлге белгісіз жоспары бардай. «Әлде жігіт тауып алды ма?» - деген қызғанышты ой лап ете түскенде, Райгүлдің іші алай-дүлей болып кетті. Өз жайы өзіне белгілі болғандықтан, бұл жан ахуалы Райгүлге сөкет көрінбейтін. Түзелуге де тырыспайтын. Бұл сезім арпалысына қойған аты – «әйел қызғанышы.» Ол әрбір әйелдің жүрек түкпірінде жүреді емес пе? Құрбысын, тіпті туған сіңлісін күндейтін әйел тек Райгүл ғана ма екен? Осындай ойлармен өзін ақтап алатын келіншек бұл жолы да күншілдігін бидай өңіне жасырып қалды. 

- Кейін айтам, - деп шыға жөнелген Дариғаның соңынан қарап едәуір тұрған Райгүл оның сымбатты мүсініне сұқтана қалды. Бірер жылда қырықтың қақпасын қағамын-ау деп тұрған құрбысы жоқ. Талдырмаш денелі, жылдар жылжыса да кейбір әйелдердей денесіне май жинамады. Ортадан жоғары бойына кез келген киім жараса кетеді. Аққұба өңін қара шашы барынша ашатынын қайтерсің! Мүсінімді жөндеймін деп, сұлулық салонына да бармайды, спортпен де айналыспайды. Құдайы Дариғаны көрік пен ажардан кенде етпеген. «Сылаңдап қанша жүрер екенсің. Бәрібір жас келе уақыт өз дегенін істейді. Жүзіңді әжім шырмайды, олақтың қолынан шыққан мүсіндей олпы-солпың боларсың әлі», - деген Райгүл өзіне шай құйып алып, аты-жөні жоқ ашуын баспаққа кірісті. Ыстық шай ішіндегі белгісіз өртті сөндіре алмай, Райгүл екіұдай күйде қалды.

- Дариға сенің неңді алды? - деді ішінен бір нәзік үн талмаусырап.

- Менің қызғанышымды оятқан өзі. Әдемі киініп, сырбаз сөйлеп, елдің алдында құрметке бөленеді. Кәсібін де шыр айналдырып отыр. 

- Сен күйеуіңнен ажырасып, далаға қуылғанда кім қамқор болды? Айлар бойы пәтерақыңды кім төлеп тұрды? 

Ішкі үні енді атойлай бастады. Сұрақпен бастырмалатып мұны састырмақ. Кез келген уәжге қарсы сөз тауып, шайпаулана кету Райгүлге түк емес еді.

- Құрбы болып, «неге ажырастың?» - деп сұраған да жоқ. Пәтерақымды төлесе, кейін мені жұмысқа алғанда айлығымнан бөлшектеп ұстап қалмады ма?

- Ажырасқан соң жұмыс таппай сенделіп қалғаныңда, бір сөзге келмей, сені сатушысы еткені үшін жазғырасың ба? 

Жүрек үні енді Райгүлдің ақылының аңысын аңдып, сырғақтай сұрақ қойды.

- Өйткені, оның еркек мінезіне мен ғана шыдаймын. Сол үшін мені жұмысқа алды.

Райгүлдің ақылы қайтарған бұл жауаптан соң жүрек қайтып дау көтермеді. Ақылды билей алмағанына кейігендей, нәзік үні талып барып, біржолата тынды.

Бұл кезде Дариға өзінің екінші дүкенін ашу қамымен қарбаласып жүрген. Жаңа дүкені қаланың қақ ортасында, бай-қуатты ауданда орналасқан. Құжат мәселелерін бірыңғайлап, дүмін басқанда барып, қарны ашқанын бір-ақ білді. Тапсырыспен тамақ алдырмақ болып, телефонына жармасты. Түскі асын күтіп, телміріп ұзақ отырмады. Лезде жетіп келген жігіттен тапсырысын қабылдап тұрып, Дариға аң-таң болды. Мұнша жылдам келуінің себебі, тапсырысты қабылдап алған дәмхана тура дүкеннің артындағы көшеде екен.

- Асыңыз дәмді болсын! - деді тамақ тасушы жігіт ізет білдіріп.

- Рақмет, Алла ісіңізге береке берсін! - деп Дариға басын сәл иді. Бұның ілтипатына риза болғанын жасырмаған жігіт жүзі күлімдеп:

- Әрі сұлу, әрі сыпайы көршіме жеткізу ақысын төлетпеймін, - деді.

- Бұлай мәрттік жасай берсеңіз, жалақысыз қалып жүрерсіз, - деп жымиған Дариға толық соманы ұсынды.

- Қырық жылда бір мәрттік жасасам, одан табысым кеми қоймас, - деген жігіт жеткізу ақысын қайтарып берді. Жігіттің ұсынған ақшасын кері қайтарудың ретін таппаған Дариға тағы басын иді.

- Айтпақшы, атыңыз кім? - деді жігіт кетуге ыңғайланып.

- Дариға.

- Заман.

Екеуі қол алысты. Дариғаның нәзік саусақтарын сәл қысқан жігіт қош айтысып шыға берді. «Өзінің жасы менен кіші тәрізді. Бірақ менің замандастарымның ішінде сүр бойдағы қалды дейсің бе?» - деп ойлаған Дариға дәмге шүйлікті. Асқазанындағы аждаһаны тояттатып барып, өзге ісін тиянақтамақ. 

Заман басқа клиенттерінің ас-суларын жеткізіп беріп жүріп те Дариғаны ойынан шығара алмады. Ажарлы әйелге сұқтана қалу – бөріктінің заңы емес пе? Бояудан мүлде ада, өңі қандай сүйкімді, жылы еді! Адамға салмақпен қарайтын ойлы, отты жанарын жақұт дерсің. Жасандылықтан аулақ болған соң ба, бет-әлпеті тіпті шырайлы. Иығынан төмен түскен қара шашы көркін асырып тұр. Оқтай түзу аяғын қадап басқан қалпы қандай әдемі! Жүріс-тұрысында паңдық жоқ, табиғи болмыс бар. «Әй, бірақ қалталы кәсіпкер әйел мендей тамақ тасушыға қайрыла қояр ма екен? Өзіндей дөкейлермен ғана қолтықтасатын шығар. Тіпті күйеуі болуы да ғажап емес...», - деп бір ойы бір ойына қарсы келген Заман төрт жігіт бірігіп жалдап тұратын пәтеріне қарай келе жатты. «Мен білсем, Дариға әлі тұрмыс құрмаған. Жүрегім сезеді. Әрі көркем арудың жүрегі болмауы мүмкін емес, ол жүректе жылу болмауы тағы мүмкін емес», - деген оймен бір бөлмелі аядай пәтердің есігін аша берді. Ас үй жақтан Досан көрінді.

- Елдің қарнын тойдырып, өзі аш келеді ғой деп, саған тамақ істеп жүрмін, -деді айғайға жақын даусымен.

- Ниетіңе рақмет.

Заман жуынып-шайынып, дайын асқа қасығын әзірлеп отыра қалды.

- Картоп қуыру машығым күннен-күнге артып келеді. Сен соны байқайсың ба? - деген Досан бір мақтанып қойды.

- Тұзы аз екен.

Тұз салынған кішкентай кесеге қарай созған бұның қолын Досан қағып жіберді.

- Бұл қант қой. Тұз бен қантты шатастыратындай ғашықсың ба, әлде ақымақсың ба?

Досының әзіліне езу тартқан Заман тұз бен қантты ажырата алмай қалғанына өзі де күліп жіберді.

- Ғашықтық дейсің-ау. Айтпақшы, бүгін бір қызбен таныстым.

Досан құлағын түре қалды. 

- Мен жұмыс істейтін дәмхананың тұсынан дүкен ашыпты.

-Өзі бай, төрт түлігі сай сылқым де!-Досан әңгіменің көрігін қыздыра түсті. Тапсырыс берушінің мәліметтерінен есімін білген шығарсың.

- Жоқ, қол алысып таныстық.

Досанның қыжыртпасын ұнатпағандай, Заман ендігі сөзді төтесінен үзді.

- Көңілі тоқ адамдар семіз келеді. Төңкерілген біреу шығар.

Досының бұл болжамын жоққа шығарған Заман қасығына қарап ойланып қалды. Қалайы қасықта көмескі жылтыраған өз бейнесіне қарап, Заман іштей «тәуекел» деді. «Бай әйел болса, айналдырып ал», - деген досының ақылына құлақ аспаған ол «өмірлік махаббатымды бұйыртшы» деп Жаратушысынан кезекті рет тілек етті де, ақ таңына апарар ұйқы әлеміне кіріп кетті. Өмірде қолы жетпеген биігіне түсінде жайғасатын. Өңінде көре алмаған кереметін елестердің арасынан кездестіретін. Әлдебір жақсылықтан дәмелі көңілі алабұртып, бүгін де сондай таңғажайып түстің оқиғасына бар жанымен елтіп жатыр. Қанат бітіп, Алматының аспанында жалғыз өзі қалықтап жүр. Кенет тым биіктеп кетіп, төменге қарап еді, шаһар көз жетпес қиянда қалып қойғандай мұнартып тұр. «Аяқ астынан қанатым қырқылса, құлаймын ғой мына биіктен,»-деп қауіптене бергені сол еді, оң жағынан қанат сусылы естілді. Мойын бұрғанда Дариғаны көрді. «Құламайсың, қорықпа. Бірге самғаймыз», - деген әдемі даусы көк аспанды жаңғырықтырды. Тұла бойын белгісіз бал сезім билеп, қызға қарай ұмсына беріп еді, қатты шыққан бір дауыстан селк етіп көзін ашты. Тағы да Досан екен. Дарылдай сөйлеп, мұны кекеп-сықап мәз.

- Жас сәбидей былдырлап барып, төсенішіңнен аунап кеткеніңе күліп жатырмыз. Биік төсектен құласаң, мертігіп қалар едің-ау. Ана бай әйел түсіңе кіріп мазаңды алды ма?

Досанның таң атпай қораздай қақылдағанын ұнатпаған Заман ұйқыдан маза қашқанын біліп, тұрып кетті. Өзге бөлмелестері де Дариға жайына қанығып алыпты. Досан дос емес, өсекші қу аяқтың өзі дерсің. Сыр ғып айтқанын өзгелерге жыр етіпті. Содан ба, бөлмелес үш жігіт те Заманды әзіл-шыны аралас мысқылдап: «Ондай бай қатын кездессе, аянып қалмас едік», - десіп, өз жоқтарын әлдекімге түгендету ниеттері барын аңғартып қалды. «Сананы тұрмыс билеген заман», - деп басын бір шайқаған Заман жұмысына күндегісінен ерте шықты. Автобустан бір аялдама бұрын түсіп қалып, Дариғаның дүкені тұсынан өтті. «Жақында ашыламыз» деген жазудың астына ағылшынша аудармасын іліп қойыпты. Дүкен иесінің бұл әрекеті жігітке ұнап-ақ кетті. Біртілділікті арман етудің өзі артық. Қосмекенділерге ұқсап, екі тілде сайрасақ қане? Қазіргідей үш басты дәудей үштілділік шынжырынан азат болар едік. «Жә, Зәке, тіл саясатын қайтесің? Сенен сұрап жатқан кім бар? Дегенмен, мына Дариғаның азаматтық ұстанымы мықты болып тұр ғой», - деп ойын еркінен тыс тағы да шала таныс қыз турасынан түйіндеді. Өзінің тосын қалыбына таңданып қалған Заман енді жүрегінен жауап ала бастады:

- Бұл не? Мына күйгелек күйді қалай түсінем?

- Жүректегі көзіңе бұл Дариға жылы ұшырап көрінді. Содан да санаңнан шығара алмай жатырсың.

- Бәлкім, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сұлудың қалың қалтасы көзіңді байлады ма?

- Жоқ, Зәке, ақ махаббатпен қосылғанға не жетсін. Ұшпалы бақ, көшпелі дәулет аңсамаймын. Жүректің жоғы-ақ сезім.

Өзін ешқашан алдамайтын, арпалыста қалдырмайтын жүрек уәжі көңілін күңгірт ойлардан босатып алып, нұрлы сезімнен шашу шашты. Бұл күн Заманға күндегісінен жылдам, әдеттегіден мәнді өткендей көрінді. Әрбір жаңа тапсырысқа дегбірсіздене ұмтылып, Дариғаның есімін көруге асықты. Қас қылғанда, бүгін арудың қарны ашпаған сыңайлы. Бұрынғы дүкенін Райгүлге толықтай сеніп тапсырған Дариға дәл осы мезетте жаңа ғимараттың іші-сыртын безендіріп, болашақ сатып алушылардың көңілінен барынша шығуды мақсат етіп, қызу тірліктің толқынымен әуре еді. Қасына алған көмекшілері жас болса да, істің бабын білетін қыз-жігіттер екен, бірден үйіріп әкетті. Түс мезгілінде белін жазып, жан-жағына байыппен зер салған Дариғаның көңіліне көктем ұялады. Дүкені келушілерді қабылдауға сақадай сай. Ат шаптырым аумақты алып жатқан бірқабатты ғимаратттың іші тап-таза, сырты жарнама мәтіндерімен безендірілген. Бастаған ісін ұзаққа созбай берекесімен қабыстыру үшін, Дариға дүкенінің ашылу күнін ертерек белгіледі. Алақандай жарнама парақшаларын алдын-ала таратып, дүкені жайлы мейлінше көбірек жанды құлағдар еткісі келді. Өзі тағайындаған жаңа тобы әлекедей жаланған жастар. 

- Достар, бүгін түскі ас менен, - деген Дариға жанына серіктестерін шақырды. Әркім өзі сүйіп жейтін асын атап, Дариға кешегі дәмханаға тапсырыс берді.

- Дәмді әзірлейтін болды ғой, шамасы, - деді Сара жымиып.

- Өте дәмді. Таңдайыңда ериді, - деп Дариға езу тартты. Ішкі дәмесі басқа еді, кешегі жігітті бір көрмекке құмартты. Бас-аяғы жоқ бұл не жай екенін өзі де анық білместен, сол ортадан сәл жоғары бойы бар, шымыр денелі, қара торы жүзінен шынайылықтың лебі есіп тұрған, көзі жайнаған, шашы қалың жігітті тағы бір көруге аңсары ауды. Бірақ қалағаны орындала қоймады, тапсырысын жеткізген кекіл шашы көзін жапқан өзге бір жігіт еді. Сараның өне-бойын ашық тінте қараған жас жігіт тамақты ұсынды да, ләм-мим демей шығып кетті. «Көңілінде сайтаны бар желөкпе», -деп ойлаған Дариға асқа отырды. Көңілі қоңылтақсып, серттескен сүйгенін күткендей елегізи берді. Санасында жарқ еткен «Неге?» деген жалғыз сұрақты жауабымен жарастыруға мұршасы болмай, жоспарлы жұмысын тиянақтауға тақады. Күні бойғы тынымсыз тірліктен шаршаған Дариға кеш бата кең сарайдай салтанатты пәтеріне келді де, шайын ішер-ішпестен жантая кетті. «Сонша сілем құрып шаршағаным не? Шынымен қажырым кеми бастаған ба?» - деп ойлауға әрең мұршасы келді де, дел-сал етіп маужыратқан ұйқының қойнына сүңгіп кетті.

Жазғы таң сәулесі қаланың биік ғимараттары арасынан сығалап сәл байқастады да, мезгілі жете арқан бойы көтеріліп, алып шаһарды күйдіріп-жандыра бастады. Есерсоқ жел көше шаңын үйіріп әкеліп, тоғайлардың жапырақтарына шаша салды. Тозаңданып, бозаң күйге енген жапырақ біткен тәңірінен нөсер тілеп, қалтырап қала берді. Бұл сәтте Дариғаның жаңа дүкенінде дүбірлі мерекеге бергісіз ашылу салтанаты қызып жатыр еді. Әлі көпшілікке таныла қоймаған бір жас әншіні шақырғаны бекер болмапты. Жиналғандарды даңғаза әнімен де, лақша секірген биімен де баурап алды. Концерттің соңын ала алғашқы сатып алушыларға арналған сыйлықтар үлестірілді. Шараға шақырылғандар да мәз, келушілер де риза күйде дабырласып тұрғанда, Дариға ортағға шықты.

- Құрметті әріптестерім мен қонақтарым! Тек өздеріңізбен ғана бөлісетін бір тамаша жаңалығым бар. Мен енді тек Түркиядан киім тасымалдаумен ғана шұғылданбаймын. Жеке дизайнерлік фирмамды құрып, отандық сән әлемінде өзіндік орны бар кәсіпкерге айналғым келеді. Қазақстан аруларына арналған жаңа үлгідегі киімдерді тек менің дүкенімнен алатын боласыздар! Көп жылдан бергі әріптесім Мұрат мырзадан бата сұраймын.

Дыбыс зорайтқыштан тіптен сыңғырлай естілген қоңырау үннің соңын қошеметшіл топтың сарт-сұрт шапалағы көміп жіберді.

- Бата сұрайтының сценарийде жоқ еді. Қап, мына қыз мені састырды ғой, - деген Мұрат кәдімгідей қызарақтап, «бата бердім» деген нышанмен бетін сипады. Оған разылық көрсеткен Дариға болмады. 

- Жаңа іс бастарда ақ тілек, бата алғанға не жетсін! Қане, Мұрат, жаттап жүрген баталарыңды есіңе түсір, - деп дігерледі.

- Жаттағандарымның бәрі тойда, жас жұбайларға айтылатын бата. Саған енді не дейін? Сөзге кедеймін, - дей берген Мұраттың сөзінің соңын ала бір дауыс естілді.

- Дариға іс бастаса, жақсылар оны қостаса, неге бата бермейін? - деп есік жақтан қолында аппақ шоқ гүлі бар Заман келе жатты. Кешелі бері күткен, өзіне әлі бейтаныс жігітті көрген Дариға бөркін аспанға ата жаздады. Арғы төркінін өзі толық түсініп үлгермеген сол қуаныштың жетегінде жігіттің гүліне қолын соза берді. Аппақ гүлді бірден қоя салмай, иіскеп, құшағына қысты.

- Ау, Дариғаш, біз де гүл әкелдік. Бірақ оны иіскеген сен жоқсың. Бұл гүлдің бір артықшылығы болды-ау, сірә? - деп қалжыңдаған Мұрат бата беруден сытылып кетті. Заман бата беруге ыңғайланғанда, Дариға қолындағы гүлін оң қапталында тұрған Райгүлге ұстата беріп, оның өзіне ішіп-жеп қараған суық көзқарасымен ұшырассып қалды. Райгүл иесі ұрлығының үстінен түскен сумақы мысықтай, жүзінде жалған күлкі ойнап, Дариғаға қарап езу тартқансыды. Ал, Заман күнде ел алдында сөйлеп жүргендей, ағыл-тегіл батасын жаудырсын келіп.

Ау, Дариға замандас,

Мына бізге қарындас,

Қолыңды жай батама,

Оң дәстүрден аттама.

Басқан ізің құт болсын,

Дүкен толы шыт болсын,

Қала сенен киінсін,

Киінген жан сүйінсін!

Әумин!

Заманның қоңыр даусы ғимарат ішінде әуелегенде, Дариға: «Менің бағым жанар шағым таяу ма?» - деп жайған қолының қырымен қасын сипай берді. Бұл – қатты қысылғандағы әдеті. Соны көрген Райгүлдің ішіндегі қызғаншақ иті ұлып келіп, оның жүрегіндегі бар жақсыны жаншып өшірді. Әйелдің көз алдында алақан жайып, жігітке қарап жүзі алаулаған Дариғадан өткен сұмырай пенде қалмады. Өз қызғанышын тежей алмаған Райгүл батаның соңын іле-шала шиқылдап-қиқылдап, ерепейсіз айғайға басты. Сырт қарағанда бұнысы құрбысын қолпаштау болып көрінсе де, айғайы тым ерсі шықты. Дүйім жұрт «әумин» десіп бет сипасқанда, Райгүл сыңар қолымен жүзін шала-шарпы сипай салды. Содан соң батасын беріп, тыныш кетіп қалмай, Дариғаның жанында ежелгі танысындай емін-еркін әзілдесіп тұрған Заманға көзінің бар өткірлігімен қарады. Қарады емес, көзқарасы жігіттің тұла бойын рентген сәулесіндей толық тінтіп өтті. Бұл білсе, мына жігіт қарабайыр біреу, бар қалауы байшыкеш кәрі қызды құрығына түсіру. Сол мақсатпен жылпылдап келіп тұр, бір шоқ гүл алу қиын болып па алаяққа? «Қалай тауып айттың, Райгүл?» - деп әйел өз ойын өзі құптай жөнелді. Иә, кәдімгі алаяқ. Әне, езуі жайылып күлгендегі түрі нағыз жылпостығын білдіріп тұр. Бірақ ондай арам ниетті еркекті байқайтындай Дариғада терең пайым жоқ қой. Дереу құрбысын сақтандыруы керек. Иә, ақымақ құрбысын бір қатерден құтқарып қалуы қажет-ақ. Осы ойына нық бекіген Райгүл іштей жоспар құра бастады. 

Кісі аяғы сирегенде Дариғашын «құтқармақ» ниетпен жанына барып еді, ол Заманның кешкі асқа шақырғанын айтып шыға жөнелді. Мұның ақылына еш зәру еместей, көңілі тасып кетіп бара жатқан құрбысының ту сыртынан алая қараған Райгүл: «Түбі маған баянсыз махаббатыңды айтып зар шегіп келерсің. Ол күн де алыс болмағай!» - деп, кімге екені белгісіз, кәдімгідей кіжінді. Райгүлдің соңғы кездері көңілінің құсы бір қонақтамай, ұшып-қона беретін болған. Жанын жеген не дерт екенін нақты аңдамаса да, сырқатының Дариғамен байланысты меңдеп бара жатқанын сезетін. Бұрын бір лап етіп басылатын қызғаныш оты енді бет қаратпас жалынға айналды. Тек оны сөндіруге Райгүл дәрменсіз еді.

Елден оңаша кетіп, баяу әуен ойнаған шағын дәмханаға келген Заман мен Дариға қарама-қарсы жайғасты. Екеуінің де жүзінде қуаныш жалыны лаулайды. Бірін-бірі бұрыннан білетіндей әзілдері тіпті таусылар емес. Тамаққа тапсырыс берген соң, аз-кем үнсіздік орнады. Кенет Дариғаның ойына бір күдікті ой сап ете қалды. Қазір телеарналардан күнде алаяқтар туралы қақсайды да жатады. Олардың қалталы, отырып қалған қыздарды оп-оңай тұзағына түсіріп, үптеп кететіндерін де талай естіген. Мына қарсы алдында отырған жайнаң көз қара жігіттің алаяқ болмасына кім кепіл? Тым жылы сөйлеп, мейірімі арнасынан асып тұр. Осы күмән бұлты тосыннан пайда болып, жуық арада тарқамастай қоюлана бастап еді. Сөзді жігіттің өзі бастады.

- «Тамақ әкеліп, ақыры кенеше жабысқан бұл кім болды?» - деп отырған шығарсың. Шынымды айтсам, күніне қаншама адамдарды көрем, бірақ дәл сендей ойымнан шығара алмағаным болған емес. Сені көргім келді, арнайы гүл сатып алдым, қызға құр қол баруға ұялдым. Бірақ дүкеніңнің ашылу салтанаты екенін тіпті білген де жоқпын. Есік көзінде кідіріп тұрғанымда, анау қортықтың бата білмей әлек-шәлегі шығып тұрғанда, не де болса ақ тілегімді айтып кетейін деп шештім. Бары сол, - деп жайма-шуақ дауыспен сөзін бітірді.

Дариға таңдайын қағып отыр. Мына жігіт елдің ішіндегісін оқитын көріпкел ме, әлде ойыңды қабағыңнан танитын сәуегей ме? Ішкі күдігінен сыр беріп алдым ба деп сасқалақтаған қыз не дерін білмей, ақыры жігітке былай деп салды:

- Өзің ақын екенсің. Ана батаң өз туындың сияқты.

Заман жанындағы өзге адамдардың тыныштығын қашырмайын деп, үнсіз күлді. Көзі күлімдеп, бет-жүзінде сүйкімді рең пайда болды. Қысылып-қымтырылған қызды одан ары ұялтпайын деді ме, күлкісін доғарып, сөзін жалғады.

- Әу демейтін қазақ жоқ. Сол шақта айтқым келген тілегім тақпақпен шықты.

- Өлеңмен де.

- Өлең менің не теңім.Тақпақ қой әншейін.

- Мейлі, тақпақ болса да, мағыналы. Батаңды менің телефоныма жазып берші. Сақтап қояйын.

Дариға ұсынған қалта телефонына Заман өз нөмірін жазып, кері ұсынды. Заманның қулығын асырғанына Дариға қарсылық танытпады. Ешқандай бақай есепсіз бір дастархан басында ұзақ шүйіркелескен екеуге бұл кеш ішкен шайлары шәрбаттай сезілді.

Көңіліне шаттық құсы ұя салған Дариға ертеңіне бұрынғы дүкенін тексеруге үйінен ертерек шықты. Пәтерінде көптен бері тұратын қос студент сіңлісіне де күндегідей тапсырма беріп, сабақтан мезгілінде қайту туралы қатаң ескерту жасамады. Дүкеніне келсе, Райгүл ыстық шайын сораптап отыр. Атып тұрып, мұның бетінен сүйіп амандасты.

- Көптен көрмеген қимасың келгендей, бетімнен сүйгеніңе жол болсын, - деп күлімдеді Дариға тоқ көңілмен.

- Ат ізін салуды қойдың. Орталықтан бақыт тапқансың ба? Шет жаққа да бір қарап қой.

Райгүл сөйлей жүріп, шай құйды.

- Тігін цехының ісі бір жүйеге түспейінше, осылай аз көрінем көзіңе. 

- Айтпақшы, цех ашатыныңды маған мүлде айтпадың. Құрбымсың ба өзі? - Райгүл томпақ бетіне аса жараспайтын жасанды көкпеңбек қасын керіп, қабағын кіржитті.

- Бәріңе тосын сый болсын дедім. Арық сөйлеп, семіз шыққым келді. Ұрандатып, дабыралап, ақыр соңында ештеңе өнбесе, ұят емес пе?

Дариға ыстық шайын асықпай ұрттап, жан-жағын шола қарады. Өзі бір апта бұрын ілген киімдері сол қалпы тұр. Еш өзгермеген. Сатып алушылар сиреген бе, қалай өзі? Бұрын өзі жүргенде маникендегі киім үлгілері күніне өзгеріп, құбылып тұратын. Сөрелерде де көйлектер ауысып, алмасып жататын.

- Келуші аз. Бағаң қымбат. Амал жоқ. Қара кешке дейін сарғайып бекер отырамын, - деп Райгүл құрбысының алдына есеп-қисап дәптерін тастады, - Одан да кешегі күйеу жігіттің жайын айтсаңшы.

- Қайдағы күйеу жігіт? Енді танысып, білісіп жатырмыз. Әзірге достық кезеңдеміз.

Дариға дәптерге назар салмай, Райгүлге тіктеп қарады. Бес жылдан бері суысып көрмеген құрбысының көңілі неге назалы екенін білмекке құлағын түрді.

- Кеше ол жігіттің анау Сараға үздіге қарағанын байқап қалдым. Өзі алаяқ емес пе? Абайла. Қазір байшыкеш кәрі қыздарды төңіректейтін жалаңаяқтар көбейді ғой.

Сүйегінен өтетін «кәрі қыз» деген сөзді бетіне басқан Райгүлге Дариға жалт бұрылды.

- Көрінген жәукемдеп кететіндей ақымақ емеспін.

- Мен сияқты сұңғыла емессің. Анау сабындай жылпылдаған жігітіңнің көздегені – ақша. Ойнақшыған көзі соны айтып тұр.

- Оның жұмысы бар, тамақ тасушы болып істейді, - деді Дариға тура бір туғанын жақтағандай сөзге киліге кетіп. Онысы Райгүлге тым ерсі көрінді ме, ол өзінің сауысқан күлкісіне басты. Иіліп-бүгіліп, шықылықтап ұзақ күлді. Дариға оның күлкіден қыртыстанып, әжімденіп кеткен жүзіне үңіліп, иығын қомдады.

- Уһ, ішім! Аңқау құрбым-ау, сол да жұмыс болып па? «Заман депутат» дегендей мақтанышпен айттың ғой. Ал, үйі бар ма?

- Білмеймін, сұрамадым.

- Жоқ екенін ішім сезіп тұр. Көлігі бар ма? Жоқ. Құдай біледі, кеше үйіне мәшинеңмен өзің апарып салған шығарсың.

Райгүл тағы да шықылықтай бастап еді, Дариға зілді үнмен тыйып тастады.

- Жігітті шығарып салған ештеңем жоқ. Жә, жетер, Райка! Телефонға шұқшиып, өз-өзіңнен күліп отырушы едің бұрын. Ендігі телефоның мен болдым ба?

- Жай, құрбың ретінде сені сақтандырғым келді. Оның алаяқ екені көзге ұрып тұр ғой. Сенің көзіңді шел басқан.

Райгүл Дариғаның бір ашуланса, шекесі ұзақ тырысатынын білетін, сондықтан қамқор достың кейпіне ене қалды. Бірақ актерлік өнерімен Дариғаны иландыра алды ма, ол жағын білмеді.

- Сақтандыру полюсім бар, - деген Дариға дүкеннен шыға жөнелді. Райгүл жүзіне сайтан күлкі жиып, масаттанып қалып қойды. Күмәннің бір дәнін септі, дегеніне жетті. Дариғаның көңілінде кеше сейілген күдік жыланы ысқырына бас көтерді. Көлігіне міне беріп еді, телефоны шыр етті. Заман екен. Бейнеқоңырау шалып тұр.

- Қайырлы таң, Дариғаш!

Жігіттің қоңыр үні саңқылдап, құлағына жағымды естілсе де, Дариға сүлесоқ амандасты.

- Қабағың кіртиіп тұр ғой, ауырып қалдың ба, әлде...

- Әлде?

Дариға Заманның сөзін аяқтатқысы келіп, кірпігі қысқа үлкен көзін бақырайта қойды.

- Кешегі күдік тұманына қайта бүркенген сияқтысың. Бұлайша жаныңнан өткен жігіттің бәрін қалтаңа түсетін қарақшы деп ойлай берсең...

- Өмірден жалғыз өтем бе? - деп Дариға шарт ете қалды. Өзі де байқамастан сабырынан айырылып, өзінің тағдырын кесіп-пішетіндерді жақтырмайтын мінезімен жігіттітң сөзін өзге арнаға бұрып жіберді. Байыпты ой кешетін Дариғаның орнына күйгелек біреу келген. Қашаннан бері мұндай алас ұрма халге түскен? 

- Дариға, жарайды, уақытыңды алмайын. Ісіңе сәттілік тілеймін! - деген Заман бейнеқоңырауын өшірді. «Бар бол!» - деп күңк еткен Дариға цехқа келді. Мұнда әлі бір ізге түсе қоймаған істерінің қиюы одан бетер қашты. Ісін бастамай жатып, тұралатып алам ба деп алаңдаған әйел енді ақылмен ойлауға көшті. Көңілінің қошы болмаған соң, бар ісі кері кетіп тұр. Қайратын мұқалтып, ақылы дағдарды. Ендігі жайды жүректен сұрады.

- Маза жоқ жанда, жүрегім,

Тауып бер мұның бір емін.

- Күдік құртынан арылғын,

Орында жүректің жарлығын!

Жүрек әмірінен соң күйгелектіктен де арылды. Жоспар бойынша дизайнерімен де кездесті, таразы басы теңесті. Дүкен мен тігін цехы кәсіпкер әйелдің бірлікте қарайтын маңызды нүктелеріне айналуға таяу қалды. Шаршап-шалдығып үйіне келген соң, сіңлілерінің амандығын бір сұрап, ауылмен және сырласып, ұйқыға жатар алдында ұзақ ойланды. Сағат тілі түнгі екіні соққанда да Дариғаның кірпігі айқаспады. Телефонын қолына алып еді, Заман ештеңе жазбапты. Телефонының хабарлама бетін ашты да, «тәуекел» деп жаза бастады: «Заман, күндіз дөрекілік көрсеткеніме кешірім сұраймын.» Жалғыз сөйлемді үмітінің ақ көгершініндей ұшырмай сәл отырды да, жолдау батырмасын басты. Бірден келген жауап жүрегіне шат-шадыман қуаныш гүлін шашты, көңілінің сырғасын бақыт нұрымен безендірді. Заман «Жанбай жатып сөнбейікші! Жұрт сөзіне сенбейікші!» - деп көне қазақ ауылының серісіндей өлеңдете жауап қайырыпты. Бұл қос тармақ қыз жүрегінде бұққан бұла сезімнің құйынын көтерді. Оянар сәтін күтіп, жүректе тұншыққан махаббат тасқынын бұрқ еткізді. Қыз жүрегі алақайлап, болашақ махаббатының берік қазығын қақты.

Күн көтерілмей оянған Заман қалың шашын қарсы тарап, дұшпанкөз киімін киді. Бүгін жұмыс күні екені есінен шығып, Досанның иіссуын аямай септі. Мысықша аңдап басып жүріп, жүрек жалғады. Елестей дыбысы білінбей үйден шыға берді. Таңғы ауаның жұпарына жетер не бар? Жан сарайың ашылып қалады екен. Қыры пышақтай қара шалбары мен сүттей ақ жейдесін бір сыныптасының тойына кигені бар. Одан бері бұл «асыл киімдерін» ұмытып кеткендей еді. Отыздың екісіне келіп, серіліктен қол үзгелі бері, тым сәндене киінуді қойған. Десе де бүгін сол ұмытқаны есіне түсіп, барын киіп, бақанын таянып келе жатыр. Үш-төрт аялдама жаяу жүріп барып, гүл сататын дүңгіршектің тұсына келіп кідірді. Таң атпай ашылмасы анық, жақын маңдағы аялдамаға жайғасып, Дариғаға гүл алар сәтін күтті. Гүлін де алды. Уәде бойынша жаңа дүкенінде отыруға тиіс Дариғаға гүл алып бармақ. Сөйтті де ақырында.

- Тағы да аппақ гүл ме? - деді Дариға амандықтан соң тыныштықта үні толқи шығып.

- Иә, келіншек гүлін өзіңе тарту етемін. 

Жігіттің бұл сөзі Дариғаның тілін тіптен күрмеді.

- Ке-келіншек гүлі? - деді кекештеніп.

- Иә, ырымын түсіндің деп ойлаймын. Болашақта жарым болсаң, «келіншек» деп аталатын дәл осы гүлді күнде сыйлар едім.

Заманның даусы жарқын-жарқын шығып, Дариғадан көз алар емес. Тұтқиылдан Дариғаның құлағына: «Алаяқ жігіттер өте мәдениетті, жұмсақ сөйлеп, майдай ерітеді. Жиі сыйлықтар тарту етеді. Салмақты өмірлік тақырыптарға сөз қозғап, сенімге кіреді», - деген өзі ғаламтордан көрген бір психологтың кеңесі сап ете қалды. Дәл осы сәтте жүрек шіркін бұлқынып, күдік шырмауына түспеуге қайран қылып жұлқынып, әмірін сансыз қайталай берді. Жүрек жарлығын екі етпей орындауға күш салған ақылы дірілдеген буынын ұстап, қайратын жанып бақты. Гүл шоғын мұрнына тақаған Дариға мыстан күдіктің торына түсіп қалмауға тырысып, тездете сөз бастады. Заманмен пікірлессе, сұрқия ойлары құмға сіңіп кетердей көрінді.

- Заман, таңғы шайыңды іштің бе? - деді қамқор үнмен.

- Тым ерте тамақтанғаннан ба, қарным шұрылдай бастады.

Жігіттің бұл сөзінен соң Дариға шай демдеді. Аядай ас бөлмесінде жанға керектінің бәрі бар. Қызметкерлері қаланың қақ ортасында қымбат түскі асқа шығынданбасын деп, осы ас бөлмені өзі арнайы жасатып еді. Енді, міне, игілігін өзі де көріп отыр. Сырласына шай құйып беру де бір ғанибет екен.

- Сен ата-анаңның тұңғышы сияқтысың, - деді Заман дәмге қолын соза беріп. 

- Қайдан біліп қойдың? - деді Дариға енді толқудан мүлде арылып, күлкі ойнаған көзін Заманға қадап.

- Әр қимылың, әрбір сөзің тұңғыш екеніңді аңғартады. Ал, мен үйімнің кенжесімін.

- Міне, қызық. Мен сені тұңғыш деп жорыған едім.

Дариға өз жорамалының теріске шыққанына күліп діберді.

- Мен туралы қателесе бердің ғой, - деп әзілге сүйей жігіт те жайраңдады.

- Өзге ретте жаңылған жоқпын. Сен сөзге шешенсің, серілігің де бар. Өте сезімталсың. Әнді де жақсы айтатын тәріздісің, сөйлегенде даусың сондай жағымды.

Таңдану кезегі енді Заманға келді. Ол қыздың әр сөзін мақұлдай, басын изеумен отыр. 

- Үш-төрт күнде мені кәдімгідей танып қалыпсың ғой, - деп Заман риза бола жымиды.

- Қырық жыл өмірім мені адам тануға үйретті.

- Қазақтың қырық жыл деген сөзін қолданып отырсың ғой. Әйтпесе, қырықтың ауылы қырқаның астында емес пе саған?!

- Екі жылдан соң қырықтың табалдырығын аттаймын.

- Мен сегіз жылдан соң қырық деген қамалды бағындырам! 

Жігіттің мына сөзінен соң Дариға шайына шашалып қалды. Сырлас тұтып жүрген жігіті өзінен әлденеше жас кіші болып шықты. Ақылына салса, қазір-ақ ақ гүлін қолына ұстатып, Заманды есікке дейін шығарып салғысы бар. Жүрегіне ерік берсе, жасы кіші жігітпен болашаққа жоспар құрып, сағаттап отыра беруге ынтызар. 

- Жас алшақтығымыз арамызға жік салмас, - деген Заманның даусынан бойын тіктеді. Жігіттің жан айнасына, жанарына үңіліп, одан бір сыр ұшығын қармауға тырысты. Ұзын кірпігі майысқан мөлдір көз айтылған сөздің шындығын әйгіледі. Қыз жүрегі шаттанып, ақылына хабаршы жіберді. Ақиқаттан хабардар болған ақыл енді жүректі тұманды ойлармен алқымнан алмауға уәде берді. 

Сырға толы таңғы шайлар жиілей берді. Жаздың жайдары күндерін күз ұрлады. Күз де ұзақ патшалық құрмады. Жаздан тонаған жайдарлысын қаһарлы қысқа тонатты. Алматыны үлпілдек қар басқанда, саябақта тұрып Заман сүйіктісіне сөз салды. Дариғаның құшағын келіншек гүліне толтырды. 

- Менің жауабым өзіңе белгілі, - деп назданды Дариға. 

- Сонда да өз аузыңнан естігім келеді, - деп ынтықты ғашық жігіт.

- Иә, иә, иә! - Дариғаның сөзінің соңын ала, Заман оны тұрған орнынан іліп алып, шыр көбелек айналдырды. Екеудің бақыттан енші алуға асыққан, аптыққан қалыптары бірлі-жарым жүргіншінің назарын аударды. Бірақ, бұлар өздерінен басқа ешкімді көрмеді.

- Анаңды қайтесің қырын қарап жүрген?

Дариға аса сезімтал әйел табиғатына басып, енді мәселеге ойысты.

- Анама саған үйленбесем, ешқашан отау құрмай, қу тіземді құшақтап өтетінімді айттым. Нәтижесінде бірден келісті. «Еркің білсін», - деді.

- Анаңның келісімін алған бойда маған хабарласпадың ба? - деп бұртия қалды еркесі. Бұрын құрбылары еркек шора деп білетін Дариға Заманмен көңіл жарастырғалы бері әйел болып наздануды да, жарасымды еркелеуді де әбден үйренген. Үйреткен жүрегіне қайтып көшпестей болып мекен еткен махаббат сезімі еді.

- Саған жүзік аламын деп жүріп, айтуды ұмытып кетіппін. Жүр, анам ауылдан келгелі үш күн болды. Ақыры келісімін берген екен, келінін көріп қайтсын. Жүр, анама жібек жүзіңді көрсет!

Жігітінің әзіліне еркелей күлген Дариға оған ілесе берді. Ақ құба өңді, нәзік бітімді қызды ертіп, ұлы кіріп келгенде, Айғаным өзінің бір ай бойы кенжесінің құлағын бекер қажағанын сезді. Ұлының бақыт шамы осы қызбен ғана жанатынын сұңғыла ана жүрегі қалтқысыз сезді. Ана батасынан соң той қамы жеделдеді. Дариғаның аулына құдалар аттанды. Барлығы қазақ жоралғысымен орындалып жатты. Жалғыз Райгүл құрбысына: «Қырыққа таяғанда ұзатылып масқара болма. Одан да жай ғана некеге отыра салыңдар», - деп ызыңдаумен болды. Қос ғашықтың көзіне осылай деп бадырайтып айта салған Райгүлдің сөзіне Заман тулап шықты: «Адамның жасы – оның кемшілігі емес. Әрі қалыңдық көйлегін кимейтіндей менің Дариғашымның не жазығы бар? Әлемдегі ең сұлу қалыңдық сен ғанасың, келіншегім!» - деп Райгүлдің көзінше ардақтысын маңдайынан өпті. 

Бұл махаббат мейрамына төзе алмаған күншіл әйелдің жүзі қабарып кетті. Сонда да сөзден жаңылмады.

- Үйің жоқ, көлігің жоқ, тіпті тұрақты жұмысың жоқ. Сүйіктіңе не бересің? - деп салды.

- Өмірімді, «Дариғаш» деп соғатын жүрегімді, оттан ыстық көңілімді беремін!

Заманның бұл сөзіне мәз-мейрам болған Дариға құрбысының өзіне дұшпан көзімен қарап тұрғанын тіпті де сезбеді.

«Боладысымен» қызықтырған той да өтті. Заңды некелері де қиылды. Тойдан соң бір апта қайын жұртында қалып, келіндік парызын атқарған Дариға Заманымен қол ұстасып Алматыға оралды. Сүйгенінің ауылына «ибалы келін», «жақсы келін» деген мақтаулы атын қалдырды. 

«Жақсы келін» атына арада жарты жыл өтпей жатып қылау түсті. Елдің қаңқу сөзі Дариғаны отырса опақ, тұрса сопақ етті. Қайын жұртынан кім келсе де, қолбаладай құрақ ұшқанмен, «бедеу» деген жаман ат жабысқалы алты айдан асты. Заман мұндайда сабырлы. «Жел сөзге арандамайық», - деп, ақылға шақыратын. Бірақ, бүгін ауылдан қоңырау шалған абысыны Алқа Дариғаның шыдамын тауысып тынды. 

- Менің ортаншы інімнің әйелі құрсақ көтерді. Кішкентай отырыс жасадық. Кешелі бері соған шапқылап шаршап қалыппын, - деп ауылдың жаңалығын айтқансыды.

- Құтты болсын! - дей берген Дариғаның сөзін кілт үзген Алқаның келесі ауыз ашқаны аждаһаның ысылындай естілді.

- Заман өзін әлі тым жас сезінеді, қазір әке болуды ойламауы да мүмкін. Десе де сенің жасың кетіп барады ғой. Жарты жыл дегеннен қорқу керек. Менің келінім екі ай болмай жатып аяғы ауырлады.

Мына табалау, қорлау, мысқыл, әжуадан құлағы шыңылдап кеткен Дариға телефон тұтқасын қоя салды. Өзін қайраттылар қатарына қосып жүргені бекер екен. Іші удай ашып, көзіне жас толды. Кімге не деп шағынарын білмей, үйінен ата жөнелді. Бағыты жеке меншік клиника еді. Алты айдан бергі «сәби сүйсем» деген үмітін осы жерде тірілтпек еді. Ұзақ тексерістен соң дәрігер Әсия сөз сабақтады:

- Барлық талдауларды алдым. Ертең дайын болады. Қорытындысын...

- Өзім келіп, сіздің кеңесіңізді естимін, - деп әлі ішкі өксігін баса алмаған келіншек алқына сөйледі. Абысыны жүрегіне байлап жіберген шерлі түйін тарқар емес.

- Жақсы, ертең күтемін, келіңіз, - деп Әсия орнынан көтеріліп, емделушісіне ізет білдірді.

Үміт пен күдік айқасқанда уақыттың өтпей қоятыны бар. Іштей арпалысып жүріп, қолы тиген шаруасына береке таптырмады. Не зат қармаса да, уысынан сусып түсе берді. Цехта ызы-қиқы жұмыс шуының тасасында отырып та, құлағынан Алқаның ысылы кетпей қойды. «Жасың келген, содан қорқуың керек», - деді-ау. Дизайнердің жаңа үлгілерін қарап отырып, тым еуропаландырып жібергенін байқады. Әйелдер көйлегінің сызбадағы сықпыты тым келте, иығы жалаңаш. Тұрмысқа шыққалы бері жұмысқа емес, «бақыттымын» деген бір ойдың аясынан шыға алмай, тек сол шаттық аулында қалып қойғысы келген Дариғаның соңғы сызбаларды қарамағаны рас. Киім үлгілері келіншекке ұнай қоймаса да, тауарлардың сатылымы жоғары деңгейде. Сонда бүгінгі қазақ әйелдері мынадай олпы-солпы, жеңі жұлынған, бәдені ашылған көйлектерге оң көзбен қарайтын болған ба? Ой жұтатқан әйел енді немен айналысарын білмей, орталықтағы дүкеніне жиналды. Көлігіне жақындай бергенде, Заман қоңырау соқты:

- Бүгін қандай күн, жаным?

- Сәрсенбі.

- Дұрыс емес.

- Шілденің жиырма сегізі.

- Таппадың.

- Түу, өзің айтшы.

- Танысқанымызға бір жыл толды. Мен саған тамақ жеткізіп беріп, екеуміздің алғаш қол алысқан күніміз. Қалай ұмыттың?

Ештеңеден алаңсыз саңқылдаған күйеуінің көңілі сонау көктен де биікте тәрізденді. Ол бұрынғыдай тамақ тасушы емес, Дариғаның дүкендерінің бас менеджері. Барлық есеп-қисапты өз қолынан өткізіп, шаруаны тасқаяқтай қағыстырады. Жарының кәсіпкерлік қабілеті барын Дариға іштей мақтан тұтатын. Заманға иек артып, дүкендеріне жоламай кеткені де содан еді. Ал, бүгін Алқаның бір ауыз қорлығынан емханаға жүгіремін деп, танысқан күндерін қапелімде есінен шығарыпты. Айыбын не деп жуарын білмеген Дариға:

- Қалай атап өтеміз? - деді.

- Бәрі дайын. Үйге келсең, ары қарай менің жоспарым бойынша жүреміз.

Үйіне қарай ызғытып келе жатып, Дариға Алқаның: «Заман әлі жас, әке болуды ойламауы да мүмкін», - деген сөзін құлағында еркінен тыс ойнатты. Жастығынан ба, Заман сәби туралы көп айтпайды. Бұл сияқты күйіп-жанып, Жаратушысына іштей жалбарынып, сәби тілемейді. «Сенен аумайтын қызым болса», - деп бірер рет айтқаны бар. Әйтпесе аһ ұрып Алласынан перзент сұрамайды. Әлде аһ ұруға ерте деп ойлай ма екен? Ойларының шырмауында жүріп үйіне де жетті. Бұрын бұл үйде сіңлілерімен тұрған еді. Қос сіңлісі жезделерімен тұрғысы келмеген соң, оларға жеке пәтер жалдап берген. Қазір тек Заман екеуі ғана осы қымбат пәтердің жеке қожайындары. Қаздаңдай басып, кіреберістен пәтеріне келе беріп еді, есігі ашық тұр. Табалдырықтан аттағанда, алдында аппақ шоқ гүл тұрды. Тағы да келіншек гүлі. Бағанағы сарсаңды ойлар, тағатынан айырған албасты ойлар, Алқаның әжуасы, бәрі қас-қағым сәтте ұмытылып, Дариға махаббаты маздаған шуақты әлемге ене берді.

Көп күттірген ертеңі туды. Кешегі екеуара тойдан кейін арқа-басын кеңге салып отыратын заман Дариғадан кеткен. Бір ебін тауып, Заманнан сытылып, Әсия дәрігеріне құстай ұшты. Аяғы жерге тимей, дәрігердің кабинетіне бір-ақ жетті. Іштегі әйелдің шығуын шыдамсыздана күтті. Ақыры ол сағыздай созылған он бес минутта шыққанда, шипагеріне атыла кірді.

- Бұлай жаныңызды жемеңіз, денсаулығыңызға зиян, - деді Әсия жайдары жүзбен қамқорлық танытып.

- Талдауларымның қорытындысын білгім келеді, жүрегім алып-ұшып тұр.

- Күйеуіңіз тексерілгеніңізді біле ме?

- Жоқ, оған айтар жағымсыз хабарыңыз бар ма?

-Сізге қатысты жаңалығымның бәрі жағымды. Сәби сүюге сіздің денсаулығыңызда еш кедергі жоқ. Дәрігер ретінде айтарым – жарыңызбен бірге қайта тексеріліңіз. Екеуара талдауларыңыздан соң неге бала көтермей жүргеніңіз белгілі болады.

Әсияның күлімдеп тұратын жылы жүзі мен мейірімді сөзінен соң Дариға бір күннен бері ішкенін ірің, жегенін желім еткен уайым қыспағынан қалқып шықты. Талдау нәтижелерін сөмкесіне сала салды да, қаздай қалқыған әдемі жүрісіне салып, емханадан шықты. Дені сау болса, елдің қауесетіне құлағын түріп қайтсін! Заман екеуі түскі астарын мейрамханадан ішті де, күнделікті қарбалас жұмыстарына оралды. Жан құрбысы Райгүл бұл күндері іштей жұдырық түйгені болмаса, Дариғаның мазасын алмайды. Тек оңтайлы сәтін күтумен жүр. Бүгін тергеушіден бетер тықылдап Заман кіріп келгенде, Райгүлдің желкесі құрыса қалды. Өзі ажырасқанына екі жыл өтсе де, күйеу таппады. Ал, бұрынғы күйеуі, мұның естуінше, үйленіп үлгеріпті. Құрбысымен қараптан-қарап бақталасқан әйелдің жанында тыныштық жоқ.

- Жеңілдікпен сатылатын көйлектердің бағасы өзгертілмепті ғой, - деді Заман қысқа амандықтан соң бірден іске көшіп. Әйелі сияқты бұл да томырық мінезді, ашылып, арқа-жарқа болып әңгімелескенді мүлде білмейді.

- Уақытым болмады, - деді Райгүл оның бастық екенін мойындамайтындай қатқыл дауыспен. 

- Қасыңа көмекші етіп алған сіңлің бар емес пе, соған тапсыр. Айтпақшы, өзі қайда?

Жұмысшысының атын білмесе де, түрін танитын Заман енді сұрақты көбейтті. Ішкі жақтағы кішкентай қоймаға кіріп, тауарларды тексере бастады.

- Мұнда көйлектер неге ретсіз жатыр? Сөреде тұрған киімдердің басқа өлшемдерін сұратса, қалай тез тауып бере қоясың?

- Мен қай заттың қайда жатқанын бес саусағымдай білемін, - деп Райгүл Заманға жақындай түсті. Қымбат әтірдің иісі мұрнын жарып, біртүрлі өзіне шақырып тұрғандай әсер алды.

- Реттеп қою керек. Бұлай шашылып жатқаны жарамайды, - деп кері бұрылған Заман ту сыртында тұрған әйелге соқтысығып қалды. Ол бұның құшағында қалды, бірақ алшақ тұруға асығар емес.

- Сен әйеліңнен өткен қазымырсың. Бір уақ жұмысты ұмытып, сейілдесең қайтеді.

Райгүлдің быртық қолы жігіттің жағасын сипай беріп еді, ол жылан көргендей қағып жіберді.

- Сен мен үшін тек қана Дариғаның құрбысысың. Бұл жерде жұмыста жүргенің де сол құрбыңның арқасы. Жолымнан былай тұр, - деп ашу кернеген жігіт тосын қылық көрсеткен әйелге зығырданы қайнап, оны итеріп жіберді. Ол жайраған киімдердің үстіне құлап түсіп, аузынан көбік шаша түрегелді.

- Бедеу қатыныңа осыншама адал екеніңді білмеппін. Әрі мен екі бала тапқан «тәжірибелі» әйелмін. Менен жамандық көрмес едің, жігітім!

- Құры! Арсыздың нағыз өзі екенсің! - деп ызаға булығып қалшылдаған жігіт қоймадан шықпақ еді, Райгүл жеңіне жармасты. Долы ашу қысып, Заман оны сілкіп лақтырды. Толық әйел бар салмағымен ретсіз тұрған жәшіктердің үстіне топ ете қалды. Құр құламай, азынаған айғайға басты. 

- Көмектесіңдер! Ойбай! Құтқарыңдар!

Райгүлдің мына айғайынан оның не сұмдықты бастағанын сезе қойған Заман жерге бір түкірді де, адымдап шыға жөнелді. Көрші дүңгіршектерден сатушы әйелдер Райгүлге көмекке тұра ұмтылысты. 

Дәрігердің қорытындысы көңілін жай еткен Дариға ас үйде бар өнерін салып, түрлендіріп тамақ пісірді. Білмегенін ғаламтордан қарап әлек болды. Заманын кешкі асқа күткен түрі. Күйеуі түздегі ренішін жайдары жүзіне жасырып, дастарханға отыра бергенде, есік қоңырауы шылдыр етті.

- Ашыңыз. Полиция! - деген сөзден Дариғаның құты қашып кетті. Полицейлердің күйеуіне таққан айбыны естігенде есінен тана жаздады. Тағы да күдігі жыланы бас көтерді. Кімді жүрегінде аялап келген? Кімді өмірлік жар тұтып, көңілінің төрінен орын берді? Буынын билей алмай, Заманға қарады. Ол түк болмағанадй салмақты раймен бұған бұрылды да:

- Жаным, маған сенесің бе? - деді.

- Иә, - деген өз даусы Дариғаға алыстан құмығып әрең естілді.

- Сен маған сенсең, мені қолдасаң, содан-ақ күш аламын. Түсініктеме беріп, тез-ақ ораламын.

Тарс жабылған темір есік зілді бұйрыққа соғылған мөрдей сезіліп, келіншек бүрісіп отыра кетті. Осы күдік дегеннің еш себепсіз атылатын жыландай басын қақшита қоятыны несі екен? Әйтпесе бұл Заманның өзінен басқаға көз қырын салғанан байқаған да, аңдыған да емес. Енді көңілінде күдігі мен сенімі қатар көлбеідеп, өаара тайталасқа түсті.

- Жоқ, - деді орнынан тұра беріп. - Заман әйел көрсе, тұра шабатын айуан емес. 

- Алтын көрсе, періште жолдан таяды.

Күдігі әбден оянған екен, азғыра бастады жүрегін.

- Жоқ, - деді жүрегі жиі соғып, -жоқ, Райгүл алтын емес, бірақ Заман оған бола шайтан жолға түспейді.

Заманның басына төнген пәлекет туралы туыс-туғанның ешқайсысына тіс жарып ештеңе айтпаған Дариға күйеуін үйінде күтті. Соңынан қорғаушымен баруға жүрегі дауаламады. Міне, есік қоңырауы сылдырлады. 

- Заман, - деді есікті айқара ашқан әйел өңі қашқан күйі күйеуінің бауырына тығылып.

- Райгүлдің үстінен шағым түсірдім. Оның жаласына қарсы дәлелім бар еді. Тәртіп сақшыларына соны көрсетіп, түсініктеме бердім де, үйге асықтым.

- Райгүлдің не ойлағаны бар?

- Бауырыңа жылан басқансың. Құрбым дегенің – кәнігі дұшпан.

- Райгүлдің қақ-соқ мінезін білемін. Бірақ екі баласын жалғыз өзі асырап отыр, жүмыстан қуа алмаған себебім сол.

- Екі баласы ауылдағы шешесінде. Өзі сыбай-салтаң өмір сүреді. Өткенде дүкенге кешқұрым уақытта бір шаруамен барсам: «Жеткізіп салшы», - деп қиылсын. Қаланың шеткі ауданында пәтер жалдап тұрады екен. Сонда үйіне шайға шақырды. Бас тартып едім, балаларының көптен бері ауылда екенін, өзі айтты.

- Шығарып салып, үміт берген өзің екенсің ғой.

Дариғаның көңіліндегі жылан күдігі енді бір сылтау тапқанына қуанып, атылуға оңтайланды.

- Жай ғана үйіне көлігіммен апарып салдым. Онда тұрған не бар? 

- Райгүлдің үстінен расымен шағым түсірдің бе?

- Иә. Несіне аянайын. Менің қоймаға екі жерге орнатқан жасырын бақылау камераларым оның шынайы бейнесін әшкерелеуге жетіп жатыр.

- Бақылау камерасын неге орнаттың? Адамға жай ғана сенсең болмай ма?

- Қалай есептесем де, тауарлардың саны шықпайды. Ақша да кем түсіп жатты. Тек сол дүкенде ғана табыс азайды. Содан күдіктендім де, бақылау орнаттым.

- Сенен қорқу керек екен. 

- Қорқудың қажеті жоқ. Үлгі алу керек. Ас бөлмеге бақылау орнатпасам да, сенің шебер аспаз екеніңді білем ғой, - деп келіншегін құшақтаған Заман жаюлы қалған дастарқанды меңзеді. Ал, Дариға Райгүлге өкпесі қара қазандай болса да, оған не шешім қабылдарын білмей дағдарды. Екі баласы ауылда болса да, оларды асырау ананың, Райгүлдің міндеті емес пе? Даудың соңы Райгүлдің дүйім дүкен иелерінің алдында Заманнан кешірім сұрауымен аяқталды. Заман да заң орындарына берген шағымын қайтып алып, тыныштық орнағандай еді. Құрбысының сатқындығын кешірсе де, арамдығын, зымияндығын ұмыта алмаған Дариға ақыры онымен ат құйрығын кесісті. Жұмыстан қуылған Райгүл кәріне мініп, бар білетін қарғысын үйіп-төкті. «Құдайдың қаһарына ұшыра!» - деп еді. Арамзаларда құдай болса, одан келген зұлматты Дариға қасқайып қарсы ала алады.

Бір айдың өкшесін бір ай басып, арада уақыт зымырай түсті. «Перзент сүйсем», - деген Дариғаның арманы әр ай сайын көмескілене берді. Өлімші үміті сөнбей, келесі айдан сүйінші күтеді. Сөйтіп жүріп тағы бір жарты жылды оздырып алды. Өмірінің отыз тоғызыншы қысын қарсы алған келіншек енді күтуден қайран жоғын мойындады. Сөйтті де, Заманды ашық әңгімеге шақырды.

- Заман, сөйлесейікші, - деді байыпты дауыспен. Әйелінің ұсақ-түйекке бола бұлай сөз бастамайтынынан сыралғы болып қалған Заман назарын теледидардан аударып, әйеліне шұқшиды. 

- Бір жыл болды, нәрестемізден хабар жоқ, - деп бастай беріп еді, әйелінің сөзін Заман белінен басты.

- Онда тұрған не бар? Бес жылдан кейін де көтеріп жатқандар бар ғой. Оның жанында он екі ай өтті деп қамығуға ерте емес пе?

- Заман, бір жыл бойы сәті түспесе, алдағы бес жылда да оңғарылмауы мүмкін бұл шаруаның. Одан да кеш болмай тұрғанда, екеуміз бірге барып, тиісті емханалардан тексерістен өтейік. 

- Менің денім сау, - деп шырт ете қалды еркегі. 

- Менің де денім сау, - деп Дариға жазда өзі тапсырған талдау қорытындыларын күйеуіне ұстата қойды. Заманның лажы құрып, тексерістен өтуге келісті. Онда да өзін сырқат санағандықтан емес, әйелінің көңілін тыныштандыру үшін ғана. 

Алғашқы тексерістен соң Заманның маңдайы тасқа тиді. Белсіздік дерті ағзасын меңдепті, әрі емі жоқ түрі көрінеді. Бұл хабарға сенгілері келмеген ерлі-зайыптылар өзге бір клиникадан тағы тексерілді. Үміттерін үлбіретіп жетіп барғанда естігендері бірінші дәрігердің қорытындысымен толық сәйкес келді. Бұл жолы үміттері желге ұшып, Дариға еріне қарады, ері жерге қарады.

- Дәрігер мырза, қазіргі медицина нендей кереметтер жасайды. Кемпірді жасартады, жігітті қызға айналдырады. Ал, ағзадағы мына сырқатты жоя алмауы мүмкін емес, - деп жалбарынды Дариға дәрігеріне.

- Белсіздіктң бұл түрі емдеуге көнбейді. Ол жүре келе пайда болса жазылар еді, бұл жағдайда...

Шипагердің сөзінің соңы Заманның құлағын тұндырып жіберді, ол тәлтіректеп тұрып шыға жөнелді. Соңынан жүгіре шыққан Дариғасын көрген де жоқ. Қасірет қақпасы Заманға сықырлай ашылды. Ол қақпадан жігіт жалғыз аттамақ еді, әйелі қосамжарланып бірге енді.

- Сенің жоғың – менің жоғым. Неге жалғыз қайғырасың? Менің балаларымның әкесі тек сен ғана боласың. Өзге ойға дәтің бармасын, - деп өксіген келіншек емхана алдында толассыз кіріп-шыққан сырт көзден жасқанбай-ақ, күйеуін сүйемелдеп алып кетті. Ел ішіндегі емханалардан күдер үзіп, шетел ауруханаларына сұрау салды. Германиядан бір емхана тауып, тездетіп сонда аттанды. Жазмыштарынан оза алмады, мұнда да сол сұрқия диагнозды қайта естіді.

Сүлесоқ күйден арыла алмай, тірлік кешкенсіп тыпырлап жүрген бір күндерінде ауылдан Айғаным келді. Бір жылда келінін жамандыққа қиып үлгерген ене бұл жолы жақсылықпен жетпеп еді. Заман шығып кеткенде, ас үйде күйбеңдеп жүрген Дариғаға аюдай ақырды. Жетім қызға жекігендей, зілдене сөйлеп, келінін ұлынан бездіріп жібермек еді. Ауылдағы ағайын сөздің реті келсе, «Айғанымның ұл-келіні әлі бала сүймепті», - десіп өсекке таңып бітті. Ендігі әрекет Айғанымнан болуы заңды емес пе?

- Сен қырқылжың тартқан қырқыңда отыздан енді асқан жап-жас ұлымның сорына бола жолықтың. Қараңды батыр. Ұлыма сенің ақшаң керек емес. Құрылыста істесе де, өзіінің теңін тауып, бала сүйсін.

Енесіне басы жерге жеткенше иіліп, расымен сый тұтатын Дариға мына сөзге күйіп кетті. Сөз жұптауға қамдана беріп еді, енесі атой салды. 

- Ұлымның басын босат! Бала табатын жас қыз әперем. Ауылда көздеген адамым бар!

- Апа! 

Желке тұсынна шыққан Заманның даусына шешесі селт етпеді. Оның ойынша, ұлын мына Дариға деген албастының тұзағынан құтқаруы орынды. Неге екені белгісіз, келіні ұлына қарай ұмтылды. Әлдебір сыры аян болатындай жанталасып, күйеуінің сөзін шорт кесті.

- Заман, анаң ғой, ештеңе деме. Ертең өз басыңа таяқ болып тиеді сыр ашсаң.

- Қандай сыр? Айт, қане!

- Апа, мен...

Заманның аузын алақанымен жапқан Дариға шыр етті.

- Айтпа! Ауыл білсе, сені бұл маңнан жүре алмастай етеді. Айта көрме!

Келінінің бұл шыр-пырын бедеулігін жасырған сыңайы деп түсінген ене аулына суыт аттанып кетті. Енді күллі қайын жұрты Дариғаны «шын бедеу, бір азаматтың басын қор қылып жүрген мыстан» деп пайымдады.

Дариға қайратты еді. Бұл өсекке қалған жалалы халін анасына да, сіңлілеріне де сыр қылып айтпады. Өз ішінде сақтап, өз ақиқатымен өмір сүре берді. Тек Заман тынши алмады. Анасы көз алдында Дариғасын бедеу деп қорлады, ертең өзге жұрт не демейді? Мұның бір жолы болу керек. Тығырықтан шығар саңылау табу қажет!Осы ой сандалтқан Заман өздері қаралған дәрігерге салып ұрып жетіп барды. Сонда шипагеріне қойғаны бір-ақ сұрақ:

- Менің әйелім бала көтере алады ғой, иә?

- Иә, ана болу мүмкіндігі жоғары.

- Онда экоорталықтың көмегіне жүгінсем не болады?

- Заман інішек, сен түсінші. Сенің белсіздігіңнен экоорталықта сенен еркек материалын ала алмайды. 

- Менің әйелім қалай да ана атануы тиіс.

- Бөгде еркектің материалынан, яғни донордан Дариға жүкті бола алады. Физикалық тұрғыда бұл әбден мүмкін. Тек оған әйелің көне қояр ма екен?

- Шешімін таптым мәселенің! - деп түнерген Заман әйеліне қарай зымырай жөнелді. Айтары оның көңіліне жақпаса да, қолқалауы буынсыз жерге пышақ ұрғаннан бетер болса да, алған бетінен қайтпады. Дариға ашуланды, қорланды. «Шешімің өлім жазасынан да ауыр екен!» - деп айғайды салды. Еңіреп жылады, ботадай боздады. Заманның құшағына тығылды. Күйеуі сол баяғы Құдайдың бермеген баласын Адамға жасатып алу ойынан танбай, міз бақпай тұра берді. Жарынан жанына жәрдем болмаған соң, Дариға жасын жұтып тұрып:

- Мен де бұл қасіреттің түйінін таптым. Ажырасайық!  -деді жалын атып.

- Жоқ! Не сенімен бірге өмір сүрем, не диуана болып қаңғып кетем!

Заман әйелінің ұсынысын бірден тойтарып тастады. Дариғаның қолынан бар келгені Құдайына зарын төгіп, көз жасына тұншығып ұйықтау ғана болды. «Бөтен, белгісіз біреудің баласын қалай көтермекпін?» - деген өзінің жан даусы көзі жұмулы болса да, санасы ояу келіншектің құлағында жаңғырығып тұрды.

Ерте оянған Заман әйелін жанынан таба алмады. Бөлмелерде де жоқ. Үрейлі ой санасында жылт еткен жігіт шошынып, терезеден сыртқа қарады. Әйелі қапалақтап жауған қардың астында қимылсыз қатып тұр. Бейнебір жансыз мүсінді қар астына қадап кеткендей. Заман шала-шарпы киіне сала, далаға атылды. Әйелі халатының сыртынан жұқа күртешесін іле салған, алақанын жауған қарға жайып, қыбырсыз, көкке қарап тұр. Қар ұлпалары азалы келіншектің ыстық жүзіне тамып, еріп жатыр. Бұлай тұрғанына біршама уақыт өткенге ұқсайды, Дариғаның шашын, иығын қар басып қалыпты.

- Тура осындай қарға бөккен бір күні сен маған сөз салған едің. Сол күні «Жоқ», - дегенімде: «Донордан бала көтер», - деген лағнет сөзді естімей-ақ өмірден өтер ме едім? Сенімен бас қоспай тұрғанымда Райгүл маған: «Жасанды ұрықтандыру орталығынан бала туып ал», - деген арсыз ақылын арагідік айтып қалатын. «Жалғыз жүре бермей, экоорталыққа барып, өзің үшін туып ал», - дейтін. Сонда сол сөзден зәрем қалмайтын. Енді тағы соңымнан қуып келіп, мені мазақ етті сол сөз. Тағдыр ма, әлде...

Жанына келген күйеуіне көз салмастан, наласын қарлы аспанға ақтарып Дариға байыппен сөйледі.

- Жүр, Дариғаш, үйге кір! Жаурап қаласың. 

Әйелін иығынан тартып еді, ол қозғала қоймады.

- Енді жаурамаймын. Кешегі кеште тоңғаным ғұмырыма жетеді. 

Келіншек үстіндегі қарын сілкіп тазалап, нық басып, үйіне беттеді. Заман оның бір шешімге келгенін іші сезсе де, ол әрекеттерінің соңын болжай алмады.

Адам тағдырын қақпақыл етуден бір тынбаған күндер кідірмеді, айлар аялдамады. Жазмыштан озмыш тапқысы келген қос ғашық экоорталықтың табалдырығын тоздырумен жүр. Заман бұл жерде де өзінің бұрынғы дауасыз диагнозын естіп, енді қайтып үміттенбестей түңілген. Бар алданышы – жүрегі қалап қосылған Дариғашынан бала сүйсе, мына тозақтың қақпасы жабылар. Осы ойды алданыш етіп жүріп, әйелінің құрсақ көтергеніне қуанды. Ел-жұртқа жар салып, сүйінші сұрады. Дәрігер тексеруінен соң болашақ сәбидің егіз екенін біліп тағы шаттанды. Ағайын-туыс: «Бекер жазғырыппыз. Артық сөйлеп күнәлі болдық», - десіп тілдерін тыйды. Аяғы ауырлағалы бері Дариғаның жағасы жайлауда. Күн сайын бір қылық шығарып, күйеуіне еркелейді де отырады. Пенделер осылай жасап алған бақыттарын таяныш етіп, тырбыңдап жүріп жатты. Айы-күні таяған әйелін ерекше күтімге алған Заман кәсіпті толық өзі жүргізуге айналды. Әйткенмен, Заман оңаша қалудан қорқатынды шығарды. Жалғыз қалса болғаны, «бұл бақыт сенікі емес» деген дегбірін алатын албасты үн көңілінде құйын көтеретін. 

- Іңгә! Іңгә! Іңгә! «Тағдырдан мықтымын» деген адамның «тапсырысымен» дүниеге келген екі жаңа адам осылай деп ән салды. Дариғаның жүзіне мейірім тұнып, ана бақытына бөленді. Ауыл-аймақ жарыс қазан, құрсақ той жасап, у да шу. Заман егіз ұлын қолына алғанда, әйеліне қарап, ыржиған болды. «Сенікі емес!» - деген азалы дауыс бұл күні қалың елдің ортасында отырса да құлағында кекесін ысқырығын ойнатып тұратын болған. 

«Сенікі емес!» Балалар іңгәлаған сайын бұл дауыс та зорая берді. Әйелінен жасырып, психологқа да барып көрді. Олардың айтқан сандырағынан одан бетер жынданып кете жаздады. Психолог Заманға құпиясын әулеті алдында жайып салып, жүрегін босатуға кеңес берген еді. Сәбилердің іңгәлары уілге айналды, уіл былдырға ұласты. Ай сайын қос нәресте қарақұлақтанып өсіп келе жатты. Дариға екі ұлын сәт сайын қызықтап, минут санап суретке түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеп, ана бақытына шомып мәз. Тіпті қайсыбір кезде Заманмен ісі жоқтай көрінетін. Енесі екеуі үйіріліп балалардың жанынан шықпайды. Өзі ерекше жақсы көретін кенже ұлынан көрген немерелері болған соң ба, Айғаным шақалақтарға тым бауырмал. Ауылдан ай құрғатпай келе беретіні де содан.

- Екеуі де сенен аумайды, - дейді балаларды қызықтап отырып бір күні анасы келініне.

- Бұртиған еріндері әкелеріне тартқан, - деп Дариға сырғақтатады.

- Жоқ, Заманның бала кезі есімде, аузы салбырап сілекейі ағып жүретін. Бұл құлыншақтарым ондай салпы ерін емес, жай ғана томпақ ерін. Тфә! Тфә!

Анасы осылай деуі мұң екен, бесікке жақын отырған Заманның құлағында әлгі бір құбыжық дауыс қайта оянды. Қаһарланып, атой салып, жігітті бір орында тұрғызбады. Әйелі мен анасына сылтау да айтпастан, Заман тайып тұрды. «Таза ауа мына антұрған үннен құтқарар», - деп үміттеніп еді, бекер екен. Көліктері қиқулаған көшенің шетінде келе жатса да, дауыс өкшелеп қалар емес. Әлденеше көше қиылысын жаяу жүріп барып, ентігіп тоқтаған жігіттің көзі шекесіне «бар» деп жазылған аласа ғимаратқа ауды. Ойланбастан сыдыртып сонда кірді. Ішіндегі әлгі әзірейіл дауысты ішімдікпен тапамақ болып, өңешіне отты судан құйып-құйып жіберді. Жынды су буынын алған Заман тәлтіректеп тұрып, ішкі даусына құлақ түріп еді, тамұқта шыжғырылған күнәһарлардай аласапыран, азан-қазан кейіп алыпты. «Құтылмадым», -деп күңіренген зарлы жан сүрініп-қабынып, такси ұстауға көшеге шықты. Қалай жетті? Көлік жүргізушіге мекенжайын қалай айтты? Білмейді. Күндіз бе, түн бе, оны да ажырата алмады. Тағдырынан теперіш көргелі бері күннің нұрын түннің қара шымылдығымен шатастырып ала беретін болған. Аяғы-аяғына шалынысып жүріп, пәтеріне әупіріммен жетті. Удай мас күйеуін көріп, Дариға сілейді де қалды. Ішін тартып таңданған анасы болды. Ұлы ешқашан үйіне мас болып келіп көрмеген. Анасы ұлын отты судан алпыс қадам алыс жүреді деп ойлайтын. Сол үлгілі ұлы жиіркенішті иіс мүңкіп, ырсың-ырсың күледі. 

- Дариғаш және құрметті анам! - деді Заман жиналыста тұрғандай қолын сермей сөйлеп. - Біз Ұлы Даланы мекен еткен ұлы елміз ғой, иә!

- Иә, ұлы елміз. Ішке кір. Айғайлама, балаларды оятасың.

- Ендеше, біліп қойыңдар, ұлы елдің ұлы қасіреті бар. Хи-хи-хи!

Өз сөзіне өзі иығы селкілдей, түкірігі шашырай күлген Заман қонақбөлмеге беттеді. Аяғын әрең басса да, тілі мен жағына сүйеніп қояр емес. Дариғаның зәресі зәр түбіне кетті. Егер мас күйінде бар шындықты әшкере қылса, Заманның ертеңгі күні не болмақ? Балалар ше? Екпіндеп қонақбөлмеге күйеуімен бірге кірген келіншек есікті жауып үлгерді. Енесі есік көзінде состиды да қалды. Бұл келіннің не жасырғаны бар? Қалай да анықтауы керек. Ішке құлақ тосып еді, баласының даусы еміс-еміс естілді.

- Ой, шіркін, біз Ұлы даланың ұлы еліміз. Мен сол Ұлы даланың бір ұлымын. Ұлы даланың улы қасіреті бар. Улы, иә, жаным?!.

- Иә, дұрыс айтасың. Ұйықта, ертең сөйлесеміз. Теледидардан жиі айтылатын сөздерді мұнша жаттағаныңды білмеппін.

Дариға күйеуін шешіндірмек еді, ол сұқ саусағын білеп сес көрсетті. «Жолама» дегені.

- Сен білесің бе, біз Мәңгілік Елміз. Мәңгілік елдің мәңгілік мәселесі бар. Ол мәселе ешқашан шешілмейді. Екі мәселе ана бөлмеде, - деп балалар ұйықтап жатқан жатын бөлмені нұсқады. Дариғаның іші ұлып қоя берді. Заманның өз дертін мойындамағаны былай тұрсын, балаларға деген әкелік сезімнің орнына қайдағы бір жексұрын сззімдер иектеп алғанын келіншек бар жанымен түйсінді. Түйсінді де, солқылдап жылап отыра кетті. Ертеңіне түс ауа мастығы тарқап, кешірім сұраған күйеуінің жүзіне де қарамады. Айғаным болса бір шикілікті біліп қаламын ба деп ұлының аузынан шыққан әр сөзді бағып отыр. Кілтипанның кілтін тапса, ұлын мына шырмауықтан құтқарып алар қауқарға ие боларына ана көңілі сенді. Бір гәп болмаса, айдың-күннің аманында ішіп кететіндей Заман азғын емес, оны аздырып жүрген бір жағдай бары анық.

Күрсінумен кеш батты. Торығумен түнін қарсы алды. Бар қолынан келгені – егіз ұлын емізікпен емізу, алдарқатып дүкеннің езбе тамағын беру. Қанат пен Жанаттың дендері сау, күн санап көз сүйсінердей өсіп келеді. Тек жандарында ресми әкелері жоқ. Ол алыста, өзін көзге көрінбес тормен шырмап тастап, жүрегіндегі қапасқа тірі жанды бастырмай, өзі ғана жапа шегіп жүр. Өзі сұрап, қалап алған тағдырынан айнып жүр. Мұны ойлаған сайын Дариға қан құсады. Қылар қайраны, жасар дәрмені қалмай бара жатқандай тынысы тарылады. Енесі басым ауырдысын көбейтіп, жатып қалған еді. Жатын бөлмесіне кірген Дариға қос ұлының бесігінің жанында қалшиып тұрған Заманды көрді. Ол ұлдарға қадалып қалыпты. Елжіремейді, жай көз салады. Мейірленбейді, бар болғаны кқызықтай көз жүгіртеді. 

- Сен ұлдарды бауырыңа баса алмайды екенсің. Мына көзқарасың соны байқатып тұр, - деді Дариға қолындағы қоспа сүт толы бөтелкелерді бесіктң бас жағына қойып жатып.

- Сүйікті әйелімнен туған балаларды жақсы көріп кетем деп ойлап едім. Қиын екен. Жаным қиналып жүр. Балаларға қараған сайын белсіздігім, еркек ретіндегі дәрменсіздігім есіме түседі. Сосын құлағымда: «Сенікі емес. Бұның бәрі сенікі емес!» - деген албасты дауыс зар илей бастайды. 

- Писхологқа бар.

- Бардым. Сандырақтап қоя берді.

Күйеуінің айтып отырған жан дерті осыншалықты терең екенін мына сөзден соң барып аңғарған Дариға Заманның иығынан қатты қысты. Келіншекке ой тұралатқан күйеуі жүдеп кеткендей көрінді.

- Ол сенің ішкі даусың ғой. Таразы басында мен қос ұлыммен тұрмын. Келесі басында әлгі оңбаған дауыс. Кім жеңсе, тағдырың сол жаққа қарай тартпақ.

- Мен жалғыз жеңе алмаймын. Әрі сендерді тағдыр толқыны түйреп кеткенін де көтере алмаймын. Менің қолымнан ештеңе келмейді.

Заман жас балаша бет-ауызы тыржиып, жыларман болып, әйелінің құшағына өзі енді. Дариға оны құшақтап, жұбатып тұрып, өзінің төрт тағдырға бірдей жауапты екенін айқын сезінді. Бұл жауапкершілік келіншекке әлдебір күш тарту етті. Көтере алмас шоқпарды беліне байлаған, ішкі үнімен тайталасып, жүні жығылған жарын еркелете ұйықтатты да, алаңсыз пысылдаған егіз ұлына қарады. Олардың осы титтей де уайымы жоқ бірқалыпты ұйқысы әйелге құдіретті күш берді. Ол ұлдарына: «Әкелерің кім?» - деген сұрақпен жүздеріне қарай алмайтын. Сол сауалдың жауабы өзіне де шешімі қиын жұмбақ екенін білетін. 

Заман күйзеліске түскелі бері титықтап кеткен кәсібін Дариға қайта дөңгелетуге бекінді. Тігін цехтың жұмысын жандандыруды да жоспарлай бастады. Сезімге беріліп, қолдағы барынан айырылып қалуға әсте болмайды. Түс ауа үйіне келген Дариға бүгін жұмысын бастаған бала күтушісі Құндызға сұрағын жаудырды.

- Балалар қалай тамақтанды? Тәбеттері жақсы ма? Мезгілімен ұйықтады ма?

- Иә, Дариға әпке. Жолдасыңыз түске таяу шығып кеткен, содан бері оралмады. Апа ауылына кетті ме, білмеймін. 

- Балаларға жалғыз өзің қараған екенсің ғой. Көп рахмет!

Қонақбөлмеге қалың төселген көрпеде жыбырлаған егізін кезек-кезек сүйген Дариға Құндызды шайға шақырды. 

- Апаңыз: «Мен отырып, бала күтушісін жалдағаны несі?» - деп ренжіп кетті. Соған ыңғайсызданып отырмын, - деді Құндыз жасқаншақ үнмен.

- Несіне ренжиді? Мен кәсібіммен айналысу үшін, балаларға қарайтын сенімді адам керек. Ал, енем кез келген уақытта ауылына қайтып кетуі мүмкін.

Тоң-торыс отырып шай ішілді. Құндыз қаланың шетіндегі үйіне жетуге асықты. Дариға күйеуін ойлап сабыры қашты. Таныстарына қоңырау шалып, Заманның жайын сұрауға намысы жібермеді. Түннің бір уағына дейін көз ілмей күтті. Ақыры таң сілем бере еңбектегендей болып Заман жетті. Үйді қалай тауып келетініне таңы бар. 

- О, менің ұлы қасіретім! - деді есіктен кіре тілі күрмеліп. Арақ жеңейін деген бе, ішсе болды, тілі күрмелетінді шығарыпты.

- Ызбарланба, бәйбіше. Бұл – менің өз жолым. Арақты суша сіміріп едім, құлағымдағы анау білгіштен құтылдым. Тып-тыныш. Қандай тамаша!

Кірген бойда аяғын созып, жалаңаш еденге жатуға ыңғайланды.

- Менің ұлы қасіретім мына сенсің. Бұл жолға бірге түскеніміз қайда? Бәрін жоспарлап, ойға алғаның жүзеге асқанда, бұл қайдан шыққан күйзеліс? -Сыбырға жақын үнмен зәрлене шыққан әйелдің сөзінен Заман ыққандай болды. Жуаси қарап сәл отырды да:

- Сенің жазығың жоқ, - деп міңгірледі.

- Өзің түскен отқа мені де шыжғырып жатырсың. Мені ғана емес, екі баланы, анаңды да аямадың.

- Біреуді аяйтын шама менде жоқ. Мен өзімді өзім мүсіркеймін. Бүгін...

- Жетер! Аулыңа кет!Миыңды тынықтыр!

Әйелінен мұндай өктем пәрмен күтпеген Заман отырған жерінен қалбалақтап әзер тұрды.

- Жоқ, сен қайда болсаң, мен де сондамын. Басқаны айтпа!

Буынын ұстай алмай, тұрған жеріне сылқ құлаған Заман қорылдап ұйқыға басты. Дариға бұл жолы жыламады. Құдайына да жалбарынбады. Өйткені, бұл қасірет құрығын мойындарына байлап берген Құдай емес, адамдардың өздері ғой. Сол үшін не деп жалынсын?!Заман бір есін жиып, аунақшыған кезде сүйрелеп әкеліп, диванға жатқызды да, өзі жатын бөлмедегі ұлдарының жанына келіп отырды. Түбі, таусылар шегі жоқ ойға кетті. Бұрынғы бедеу атанып жүрген кезі жақсырақ па? Әлде қазіргі белгісіздік тұқымын өрбіткен шағы сәулелі ме? Екеуі де таразы басын тең тартатын тәрізді. Қазір қос сәбиі үшін жан беруге даяр ана келбеті сүйкімді көрінді әйелге.

- Матриархатты мына адамзат қайта тірілтіп алды. Мен де сол матриархат қоғамның бір мүшесімін! - деп өзін ащы кекеткен келіншек көз шырымын алуға тырысты. 

Сәбилер қыңқылдағанда бір-ақ оянған Дариға орнынан әзер көтерілді. Денесі дел-сал. Құндызға телефон шалып, келмеуін өтінді.. Езу тартуға жарап қалған қос ұлын емірене маңдайларынан сүйді. Тамақтандырып, жөргектерін ауыстырды. Асығыс далаға шығып, дүкеннен екі бөтелке арақ әкелді. Өмірінде тұңғыш рет ішімдік сатып алғаны осы. Әйелінің ау-жайын бақылап, көзін бір ашып, бір жұмып жатқан Заманды сілкіледі.

- Арақ әкеп қойдым. Кел, ұлы қасіретімізді бірге тойлайық. Қашанғы жалғыз атай бермексің? Сннің құлағыңа келген пері дауыс менің ішімде де бар. «Ұлдарыңның әкесі кім?» - деп ақырып жатыр әне. Жүр, жүр, тұр, тұр!

Заман көзін кең ашып, Дариғаны бірінші рет көріп тұрғанадй аңыра қарады. Бұл әйеліне не болған?

- Арағы несі?

- Сынықтан өзгенің бәрі жұғады. Жарты жыл арақтың иісіне үйреніп қалыппын. Бүгін дәмін татсам, сонда бөтелкелес дос боламыз. Бол, тұр.

Заман ас бөлмеге барса, әйелі шынында да қос бөтелкені үстелге қойып, қасына үлкен стақан қосыпты. Стақан жалғыз емес, екеу. 

- Сенің мәтелдеріңнің бәрін жаттап алдым. Мақамдатып тұрып айта аламын. Ұлы Дала елінің ұлы қасіреті бар. Мәңгілік елдің мәңгілік мәселесі бар. Бар! Бар! Мен ұлы қасіретімді тойлаймын!

Созақтай сөйлеген әйелін Заман тыйып тастады.

- Жетер! Ішпей мас болып не көрінді?

- Маған қарағанда шиша ашудан тәжірибең бар ғой. Ашып жібер, қылғытып салайын. 

Дігерлеген Дариғасын тани алмай сәл тұрды да, Заман өз маңдайын өз салып қалды. Бұл жынды суға тойып келгенде, үйге бөтелке бөктеріп келгенде, әйелі тура қазіргі өзіндей қиналады екен ғой. Соны сөзбен айтып ұқтыра алмаған соң ақылды жары мұның әрекетін қайталаумен шегелеп тұр. 

- Сен белін баса алмайтын, белден кеткен керең қоғамның мүшесісің. Ал, мен матриархат қоғамның өкілімін. Кел, тойлайықшы бірге.

Әйелі ұсынған қылқа мойын бөтелкені Заман жерге атып ұрды. Оған айылын жиған Дариға көрінбеді. Қойылымын үдете түсті.

- Білесің бе, ғаламтордан кездейсоқ бір жазба оқыдым. Бір еркектің ұрығынан елу-алпыс балаға дейін жасапты. Сонда егіздердің әлі елу-алпыс бауыры бар деген сөз. Бір тайпалы елмен тең. Ха-ха-за. Ішейікші сол беймәлім көпбалалы әке үшін!-Жанары жасқа толып жарқылдап кеткен Дариға улы мысқылын әлі де жалғастыра берер еді, Заман келіншегін айқара құшақтады. Тұншықтырып жіберердей тым қатты қысты. Қысып тұрып, шашынан сүйді. Бір сәттік тыныштық құшағында тербетілген екеу құшақтарын зорға жазды. Шалт қимылдаған Заман оқыс бұрылып, есік көзіндегі сөреде жатқан әмиянын алып, сыртқа ұмтылды.

- Өзі арақ әкеліп ішпекші ме? Кері психология жаттығуы оң әсер етті ме, әлде теріске кетті ме? - деп Дариға көз жасын сүртіп, ұлдарының жанына келіп отырды.

Заман аяғы-аяғына жұқпай, бұрын өзі келіншек гүлін сатып алып жүрген дүңгіршекке қарай жүгіріп келе жатты. Сәл кешіксе, сүйікті әйелінен, мына жалған жарық дүниеден көз жазып қалардай безілдеп келеді. Келе жатып өз-өзімен дауласып та үлгереді. «Зәке, сен оңбайсың! Белсіз екеніңді білгенде жарың сенен теріс айналды ма? Жоқ! Егер дені сау бола тұра, бедеу атына таңылдым деп, сені талақ тастағанда, сонда ақырзаман орнатсаң жарар еді. Ендігің не? Белсіздігіңді жасыру үшін Дариғаны сүйрелегендей етіп жасанды ұрықтандыру орталығына апардың ба? Иә! Белгісіз еркектің тұқымы екенін біліп тұрып, әйеліңе: «Сенен туған баланы өз балам деп қабылдаймын», - деп уәде бердің бе? Иә! Орындадың ба? Жоқ! Ішкі даусың көтерген құйынға шыдас бермей, психолог іздеп әлжуаздандың ба? Иә! Әлсіздігіңді арақпен шайдың ба? Иә! Жалғыз сен қиналдың ба? Жоқ! Сен түскен тамұқта Дариғаш та бірге жүрді. Анаң да! Оларды аяп жарыттың ба? Жоқ! Егіз ұлды бауырыңа бастың ба? Жоқ! Әйелің ажырасу жолын ұсынғанда келістің бе? Жоқ! Онда, бәлкім, әркім өз қотырын қаситын еді. Дариғаға бала таптырмадың, жасанды жолмен тапқан баласын жақтырмадың. Заман, сенің құдай сүйер қылығың жоқ!» Өзін-өзі оймен қамшылап, дүңгіршекке ентіге кірген Заманға сатушы әйел бастан-аяқ бажайлай қарады да, таңдайын қақты. Қуықтай дүңгіршектің ішін арақ иісі жайлап алды.

- Маған бір шоқ келіншек гүлін беріңіз, - деді Заман әмиянын ақтарып.

- Әйеліңе жазықты болдың ба? Ғашықтар гүлін алмайсың ба? 

Мырс еткен сатушы гүлді орап ұстата қойды.

- Жоқ, керегі тек келіншек гүлі.

Шапшаң төлем жасаған жігіт келген жолына түсіп, кері қарай зымырады. Есіктен ақырын ішке кіре беріп, Дариғаның ап-анық етіп айтқан сөзін естіді:

- Кейін өсе келе: «Бізді неге қолдан жасап алдың?» - деп мені сөгесіңдер ме? «Шын әкеміз кім?» - деп дала кезесіңдер ме? Биологиялық әкелерің туралы ешқашан біле алмайсыңдар, балапандарым. Ол – медициналық құпия. Бауырларыңды іздеп алас ұрар ма едіңдер? Мына бүрі жоқ, байлауы жоқ жалған өмірде менен басқа туғандарың табылмайды. Мен үшін де солай. Сендерден басқа менің кімім бар?

- Мен үшін де солай! - деді Заман даусы тарғылданып, әйеліне жақын келіп. Ол селк етіп атып тұрды да, гүл құшақтаған күйеуін көріп, тұрған жеріне байланды да қалды. Бір шоқ аппақ келіншек гүлі оған алыста қалған, бақыттың шырқау биігіне самғаған күлім күндерін көз алдында тізбелетті. 

- Жаным, - деп үздікті Заман. - Біз бұл жолға бірге түстік. Қиыс кеткен мен ақымақпын. Сен кінәлі емессің! Айымның батқанына, күнімнің шықпағанына сен мүлде айыпты емессің!

- Менің жаным ауырмайды деймісің? - деді келіншек ерні ғана жыбырлап. 

- Дариғаш, құлағымдағы ызың сап тыйылды. Соған мәзбін. Өмір біздікі, Жасап алған тағдыр да біздікі. Егіздер де екеумізге ортақ. 

- Олар сенің идеяңнан туған, - деп Дариға тағы ащы мысқылдады.

- Балалардың жанында олай деме. Олар әлі кішкентай болса да, көп жайды жүректеріне қабылдайды екен. Сенің жүкті кезіңде ғаламтордан оқығаным бар. 

Дариға жылап тұрып күлді. Күліп тұрып көз жасын көлдетті.

- Өмір онсыз да жалған. Оны шынайы етеміз деп етегімізді жасқа толтырып не керек? Мына нағыз гүлді, оған жасырылған шынайы махабббатымды қайтадан қабыл алшы!

Заманның ұсынған гүлін баяғыдағыдай бауырына қысып, құшырлана иіскеген келіншектің кенет түсі бұзылып кетті.

- Қарашы, мына гүл солып қалыпты ғой, - деді құбыжық көргендей үрейленіп.

- Солмаған, тірі кезінде сатып алдым ғой. Мен кеудеме қысып жүгіргенде мыжылып қалған ғой. 

- Сен Қанат шығарсың, - деді Заман еңкейіп шеттеу отырған баланы көтеріп алып. Өзін аспандата көтерген бейтаныс еркекке балақай мәз бола қарады. 

- Жоқ, бұл Жанат, Қанат міне! - деп Дариға гүл толы құшағына баласын да сыйдырды. Екеуі де сақылдай күлді. Бір қолында мыжылған келіншек гүлі, екінші қолында Алладан емес, Адамнан сұрап алған ұлы, Дариға Заманның иығына басын сүйеді. Құдайдың бермесін тартып алып, Құдайдан да ары болмаққа бекінген пенделер жасанды бақыттарына тағы да сапар шекті.

Бір шоқ келіншек гүлі әрі бақытты, әрі бақытсыз әйелдің қолында дір-дір етіп тұрды...

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар