Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әлібек Байбол: Басты объектым – үш қызым...

30.04.2021 4881

Әлібек Байбол: Басты объектым – үш қызым 12+

Әлібек Байбол: Басты объектым – үш қызым - adebiportal.kz

Биылғы жыл Мәдениет министрлігі тарапынан «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай Ұлттық академиялық кітапхана балалар жазушыларымен кездесулер және сұхбаттар ұйымдастырып келеді. Бүгінгі қонағымыз Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының және «Janr» Жетісу әдеби клубының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, Абай атындағы ҚазҰПУ-і Филология және көптілді білім беру институтының III курс докторанты Әлібек БАЙБОЛ.

– Өзің аңғарған, балаларға арналған шығарманың бірнеше сипатын атап өтсең. Балаларға арналған шығарма қандай болу керек?

Ә.Б.: – Қасиетті Рамазан айы құтты болсын. Тілеген дұға-тілектерімізді құдіреті шексіз Құдайым қабыл етсін, ел-жұртымыз, мұсылман қауымы, адамзат дін аман болғай.

Әсілі, бала – қатал, әрісі әділ сыншы, адал төреші. Ол атақ-дәрежеге, сыйлыққа, статусқа, қызметке, шен-шекпенге, тамыр-танысқа, аға-көкеге, регалияға қарамайды, көзге де ілмейді. Тек көңіл бұрған көркем туындыға ғана мән беретіні бар. Кітап ұнаса оқиды, ұнамаса шетке ысыра салады, бітті. Оған бір нәрсені күштеп оқыта алмайсың, күштеп көрсете алмайсың, күштеп тыңдата алмайсың, қатты күшке салсаң бір «механизмды» сындырып жіберуің мүмкін. Ересектермен салыстырғандағы ең негізгі ерекшелік – осында. Ал, үлкендер қайбір дүниені «ұят болады» деген уәжбен өздерін қинап, еркіне қарсы шыға отыра істеуі ықтимал. Бүгежектеуді білмейтін бүлдіршінге – бұндай қылық жат. Балаларға арналған көркем шығарма қызықты, тартымды, мазмұнды, тілі аса күрделі емес, қайта жеңілдеу, сүгіретке, уақиғаға бай, өзегі бар, заманымен үндес, әріптері үлкендеу, ақыл айтып діңкелетпейтін, тым данышпансымайтын да және ұғынықты болғаны дұрыс.

– Балаларға арналған шығарма жазу өте қиын, осы қадамға бару үшін қандай ізденістер қажет?

Ә.Б.: – Бала психологиясын жақсы білмек керек, зерттемек керек. Ол бірден ашыла қоймайды, басында жатырқайды, жатсынады, оның сөзі, әрекеті, қимылы, жестикуляциясы – тысқы қабаты. Бала – кішкентай ойшыл ғой, айтар ойыңды сезіп тұрады. Оның ғаламды қабылдауы, түйсінуі бөлекше. Сондықтан, сырттай бақылап қана қоймай, ішкі әлеміне де енген теріс емес, бірақ бұл – қиын шаруа. Бала оған кез келген кісіні кіргізе бермесі айқын. Олармен көп сөйлесем, пікірлесем, мектеп, балабақшаны аралаймын. Десек те, басты объектым – үш қызым: Іңкәр, Жасмин және Раяна. Бүгінгі баланың шынайы образы қандай? Ол нені қалайды? Болашақта қаншалықты өзгереді? Алдыменен, осы сұрақтарға жауап іздейікші, бәріміз.

– Қазақ әдебиетіндегі балаларды кейіпкер еткен немесе балалар мен жасөспірімдер әдебиеті деп аталып жүрген шығармалардың көбінде қасірет пен мұңға толы бақытсыз балалық суреттеліп жүргенін байқаймыз. Ол біздің авторлардың өз тағдырының көлеңкесі екені де анық. Сондықтан бұларды балаларға арналған дегеннен гөрі, балаларды кейіпкер еткен ересектерге арналған шығарма десе болғандай. Бүгінгі баланы өзі көрмеген, дәмін татпаған ауыр тағдырмен қорқытқандай болып күштеп оқытуға болмайтын шығар. Біз жалпы балаларға арнаймыз деп ересектерге арнап жазып жүрген секілдіміз. Бүгінгі балалар әдебиетінде не жетіспейді деп ойлайсың?

Ә.Б.: – Бір есептен, ойың – орынды, келісем. Алғашында көркем туындыға балалық шағындағы көрген-түйгендерін, қилы-қилы қиындықтарын, өмірдегі өзекті өртер жағдаяттарды арқау ету – қалыпты нәрсе, классикалық жол. Мұны бірінші баспалдақ-level десе де болар. Ал, кейде бұ кезеңге араға уақыт салып қайыра оралған, дүркін-дүркін оралған, соны шығармашылық кредосына айналдырған ақын-жазушылар да болды, біржақты айту да қиын. Қаламгер осы тақылетті тақырыптың аясы тарыла бастағанда «игерілмеген тың жерге» қарата ойысады. Биылғы 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» боп жарияланғаны қуантты, көптен бергі көкейде жүрген, асыға күткен тамаша бастама. Бұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, көзге көрінетіндей етіп жұмыс жасау қажет. Ересектер туралы дұрыс айттың, негізі туындыны баланың жас ерекшелігіне қарай лайықтап жазған жөн, белгілі бір аудиторияны қамтып. Ол үшін 3-5, 6-8, 9-11, 12-15 деген секілді арнайы классификация түзгенде ғана «нысанаға» дөп тиеміз. Сондай-ақ, аңыз-әңгіме, әпсана, ертекпен қатар, фэнтези, аниме, комикс, мангаға көбірек ден қойсақ екен, себебі қазіргі балалар қатқылдануда, әсіре реалист, прагматик, нәзік ойлау, қиялдау, арманшылдық сияқты қасиеттерден айырылып барады, бар мен жоқты ғана біледі. Бұл – ақпарат тасқынының, ақпараттық технологиялардың, вестернизацияның кесірі, балдырғанды саты-сатымен өсіретін әлеуметтік институттардың әлсіреуінен, ақпараттық қауіпсіздіктің жоқтығынан, немкеттіліктен туындаған кемшілік. Адамдар тіршілік деп, карьера деп, ақша деп тәрбие, руханиятты ұмыт қалдырды, ауыл қалаланып, ал қала батыстық өмір сүру салтына икемделіп барады. Бүгіндері ұлтқа қатысты мәселелер жекелеген жандарға еш қатыссыздай қабылданатын боп жүр, глобтроттерлер (globetrotter) мен глобалистер көбеюде. XX ғасырдың бас кезінде ашаршылық қолдан ұйымдастырылса, ендігі XXI ғасырда «рухани жұт» басталмақ, неврологиялық ауруларға шалдыққандар көлемі ұлғаймақ. Футуролог я көріпкел-сәуегей емеспін, алайда XXII ғасырдың ең үлкен қасіреті де осы болмақ. Сол себепті, әр дәуірдегі қателіктерді қайталамаған абзал. Әттеген-ай, қап деп санды соғатын өкініштерді санамалау – ретсіз, онсыз да белгілі жайт. Айтқаннан гөрі, істеген, соны көрсеткен қайырлы. Достыққа, адалдыққа, мейірімге, жанашырлыққа, ізгілікке, сабырға, төзімге, еңбекке, ерік-жігерге, намысқа, қайсарлыққа, ұлтшылдыққа, азамат болуға баулитын әдебиет қажет, бұл – антивирус, игілікті инъекция.

– Бүгінгі қазақ театры ән-би, жеңіл әзілмен ғана жұртты тартып, тек көңіл көтеру орнына айналып бара жатқан секілді. Бұның себебі неде? Автор жоқ па? Талғам төмен бе?

Ә.Б.: – Бір шолып шыққанда солай көрінуі заңдылық, әрине. Қазіргі қазақ театрлары аудармаға, түрлі сипаттағы композицияларға, комедияларға басымдық беріп жүргені рас. Десек те, соның қапталында назар аударуға тұрарлық қойылымдар да сахналанып жүр, оны жоққа шығаруға болмайды. Театр дирекциялары шетелден режиссерлер тартып, тренинг, семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, процессты жандандыруда. Бұған қуанбасақ, мұңаятындай жағдай емес. Театр – басшы, драматург, артист, режиссер, жарық түсіруші, костюмер, гример, суретші, дыбыстаушы, театрдың көркемдік жетекшісі, әдебиет бөлімінің меңгерушісі бас қосқан мәдени ошақ, кие қонған орын. Қазақ еліндегі әр театрдың бағыт-бағдары, алға қойған мақсаты, ұстанымы – айқын. Өңір-өңірдегі, шалғайдағы театрлар қолдауға аса зәру.

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Алмас қылыш» (инс: Ә. Бағдат, реж: А. Кәкішева), «Қорқыттың көрі», «Қазақтар», «Қилы заман», «Ай мен Айша» (авт: Ш. Мұртаза, инс: Е. Жуасбек, реж: Т. Әл-Тарази), «Қоштасқым келмейді...» (авт: А. Володин, реж. А. Маемиров), Елордадағы Жастар театрының «Моцарт» мюзиклі (реж: Н. Жақыпбай), Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрындағы «Шие» комедиясы (реж: С. Потапов), Алматы Мемлекеттік қуыршақтар театрындағы «Ана – Жер-Ана» (авт: Ш. Айтматов, реж: Д. Жұмабай), «Медея» (авт: Еврипид, реж: А. Салбан), «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж: А. Зайцев), Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық Қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Офис» (авт: И. Лаузунд, реж. Ф. Қанафин), Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрындағы «Калигула» (авт: А. Камю, реж: Г. Мерғалиева), Ж. Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрындағы «Король Лир» (авт: У. Шекспир, реж: Ә. Ақан), «Венециялық егіздер» (авт: К. Гольдони, реж: Б. Шамбетов), «The Last MAMONT» (авт: А. Ихсан, реж: Д. Базарқұлов), Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Шыңырау» (авт: М. Горький, ауд: Е. Оспанов, реж: Д. Базарқұлов), «Ол» (авт: Е. Аманшаев, реж: Е. Кәрібай), «Мұғалім» (авт: Қ. Мұрат, реж. Д. Базарқұлов), «StartDrama» театр лабораториясында сахналанған «Туған күніңізбен, анашым!» (авт: Ә. Айтуар, реж. Ф. Молдағали), т.б. қойылымдарды атап өтуге тиіспін.

Ең қуантатыны – қазақ театрларының Халықаралық байқауларға көптеп қатысуы. Мәселенки, «Бейбарыс сұлтан» драмасы Түркияның Кония шаһарында өткен фестивальде «Ең үздік спектакль» атанды, «Қорқыттың көрі» Қазандағы атақты «Наурыз» байқауында көрсетіліп, театр сыншыларының жоғары бағасын алса, Белорусиядағы «Белая Вежа» Халықаралық театр бәйгесінде «Бейбарыс сұлтан» ағылшын тілінде ойналды. Ал, Алматы Мемлекеттік қуыршақтар театры Халықаралық IB байқауына қатысқан Үндістан, Грекия, Германия, Түркіменстан, Гүржістан театрларын басып озып, режиссер К. Адылов сахналауындағы «Каштанка» қойылымы (авт: А. Чехов) Гран-При иеленсе, «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясы (авт: Ж. Ерғалиев, реж: Е. Нұрсұлтан) Қырғызстанның «Арт-Ордо» Халықаралық фестивалінде Бас жүлде алды, Мәскеудегі дәстүрлі «Подмосковные вечера» атты Халықаралық додаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалдының «28 THEATRE» неміс драматургы Георг Бюхнердің «Войцек» (реж: Д. Жұмабай) спектаклімен қатысып, «Ең үздік актерлік ансамбль» аталымы бойынша Бас жүлде қанжығалады, Луганск Халық Республикасындағы «Госпожа удача» деген Павел Луспекаев атындағы Халықаралық театр байқауында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры Нил Саймонның «Әумесерлер» комедиясымен қатысып (реж: Ф. Қанафин), дипломант атанды, Челябинсктегі Ресей Федерациясының Халық әртісі В. Милосердов атындағы VIII Халықаралық жеке актерлік жұмыстардың байқауында Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Жұмағұлова Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» трагедиясында («Ана мен ала» атауымен сахналанды) ойдағыдай ойнап шықты. Моноспектакльдің қоюшы-режиссері – Абай атындағы Семей драма театрының режиссері, драматург: Айдын Салбан. Сонда аталмыш ұжым «Ең үздік әйел рөлі», «Ең үздік спектакль» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Жуырда Салават Башқұрт театрында Барзу Абдураззаковтың «Сәлем мама, бұл мен» драмасы көрсетілді. Режиссері – Айдын Салбан. Бұл – қазақ театр тарихындағы онлайн жүйесінде жүзеге асқан алғашқы қойылым. Сондай-ақ, «Театр көктемі», «Еңлікгүл», «Алтын сақа» бәйгелері тың бастамаларға негіз боп, сол арқылы қазақ жұрты жаңа есімдерге қанығып, тасадағы таланттарды танып жатыр. Келешекте осынау байқаулар еларалық статусқа ие болады деген сенім бар.

«Жаңа драма» («новая драма») XX ғасырдың аяғында, XXI ғасырдың басында Ресейде қарқынды дами бастады. Айталық, М. Угаров, О. Михайлова, Е. Гремина, А, Образцов, О. Богаев, О. Мухина, С. Носов, О. Юрьев, М. Курочкин, Е. Гришковец, К. Драгунская, В. Сигарев, ағайынды Пресняковтар (Владимир мен Олег), И. Вырыпаев, ағайынды Дурненковтар (Вячеслав пен Михаил), В. Забалуев, А. Зензинов, Е. Нарши, В. Леванов, Н. Громова, И. Исаева, И. Савельев, А. Найденов, В. Ляпин, Н. Ворожбит, А. Вартанов, В. Тетерин, А. Валов, Ю. Клавдиев секілді драмашылар өнімді еңбек етіп жүргені рас. Қазақ театры сол бұрқ-сарқ қайнаған жаһандық үрдіске етене араласуда. Демек, драматургия трансформацияға ұшыраса, онда режиссура да, актерлік шеберлік те, сценография да жаңаша болуға тиіс. Авторлар неге жоқ? Бар. Қазіргі қазақ драматургиясы Сая Қасымбек, Мәлік Отарбаев, Нурайна Сатпаева, Мадина Омарова, Айнур Карим, Михаил Земсков, Абылай Маудан, Ақмоншақ Ахмет, Тоқтарәлі Таңжарық, Гүлжайнар Қалдина, Ольга Малышева, Әдина Жүсіп, Әннас Бағдат, Қолғанат Мұрат, Ықылас Шалғынбай, Айдана Аламан, Айдын Салбан, Қуат Ежембек, Хан Асанов, Жәнібек Әлікен, Әлішер Айтуар, Мерей Қосын, Ақжан Аманжол, Жақсылық Мұратбек, Жантас Еркіндермен толықты. Мәскеуде тұратын қазақ драматургы, сценарист, педагог Олжас Жанайдаров талапты жасқа жыл сайын 2 айға созылатын арнайы лекция оқып жүр. Осы шара жан-жақтағы жазуға бейім қаламгерлердің шыңдалуына айтарлықтай септігін тигізуде.

Талғам төмен деп айта алмас ем, керісінше эстетика күшейді, бәрі шетінен талапшыл, ізденімпаз, білімді. Кезіндегі сыншылардың әдебиеттегі, өнердегі көбіне 2-ақ түсті: ақ пен қараны ғана көретін жаттанды ғадеті, «жақсы» не «жаман» жіктелімі келмеске кетті, мұндай түсінік – ескіліктің нышаны.

2020 жылдың 13-ақпаны күні Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің («International Union of Theatre Critics) тұсауы кесілді. «Бұл ұйымның мұраты – театртанушылар мен Қазақстан театрларының байланысын нығайту, біріге жұмыс істеу. Шетелдерде театртанушылардың дәрежесі жоғары бағаланып, олар өз театрларын өзгелерге таныстыруға ықпал етеді. Біз де қазақ театрын шетелде таныстырғымыз келеді. Алдағы жоспарымызда халықаралық деңгейдегі түрлі жобалар бар. Ең басты мақсатымыз – бүгінгі қазақ театрының негізгі тенденцияларын анықтап, оның дамуы жолында жұмыс істеу», – дейді Бірлестіктің Қазақстандағы жетекшісі, өнертану кандидаты, театр сыншысы Анар Еркебай. Пандемия тұсында мониторинг жасайтын аталмыш Орталықтың мұрындық болуымен пьесалардың онлайн-оқылымы өткен еді. Бұл да өнерсүйер қауым үшін жақсы жаңалық болғаны сөзсіз. Қазіргі уақытта, «soundrama», докудрама, мюзикл жанрлары қарыштап дамуда, кең өркен жаюда. Мәселенки, саундрама рухында қойылым қойып жүрген Фархат Молдағалидың аяқалысы сүйсіндіреді. Бұған – «Қарагөз», «Құлагер», «Солдат күнделігінен» спектакльдері айғақ. Тағы да көп нәрсе айтуға болар еді, алайда көлем көтермейді, бір қайырғандағы ойым – осы.

– Әдебиеттің сын, проза, драма, аударма қатарлы барша жанрымен айналысып жүрсің. Кейінгі кезде абайтану, алаштану саласында да ізденісіңді байқадық. Бірін тастап біріне бет бұрудың мәнісі неде? Бұл өзін көрсету ме, әлде өзін таба алмау ма?

Ә.Б.: – Құрметті интервьюер, әңгімемді сәл арыдан бастасам деймін. Былай ғой...

Жаратушы Жаппар Иеміз адамды саналы етіп жаратты, оған ақыл берді, сезім берді, көңіл берді, нерв берді, ерік берді, еркіндік берді. Уақыт пен Сөз, Сөз бен Уақыт – тең.

Задында, бұндай персонаны әдебиетші деген бір ғана сөзбен атай салсақ та болар еді, әлбетте. Алайда, ғалымдар «сөз өнерін» жанрға бекерден-бекер бөлмесе керек. Яғни, арғы жағында мақсат бар, идея бар, ең бастысы – мән жатыр.

Қарым-қабілет, қауқар, мүмкіндік жетіп тұрса неге көсілмеске?! Неге талабымды, әдебиетке деген махаббатымды, ынта-ықыласымды, құштарлығымды күштеп ұстап, тұншықтыруым керек? Неге жалғыз жанр аясында ғана шектеліп қалуым керек? Алға қойған үлкен мұратым бар, соған жеткім келеді, Алламның жәрдемімен. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, неге оны мәнді етіп сүрмеске?! Адам – ғаламат жаратылыс, адам – Алланың редакциялауға келмес, оқып тауыса алмас ең ұлы «шығармасы», сол себепті ол тамыры тереңге кеткен бәйтеректей жан-жаққа жайылып, жайқалып өскені орынды. Өз философиямды біреуге тықпалаудан аулақпын, тек қойылған сұрақ-сауалға ғана жауап беріп отырмын. Өйткені, адаммын: саналымын, әр құбылысқа ойлана алам, жинақтай алам, қорыта алам. «Айтылмаған сөз жетім» деген. Сөз іште қалмай – айтылғаны жөн. Сөз әлемді өзгертеді, сөз адамды өзгертеді, сөз сөз иесін өзгертеді, сөз әлеуметті өзгертеді, сөз жүйені өзгертеді, сөз сөзді өзгертеді. Біреуге еліктеп-солықтағым келмейді, ұқсағым да жоқ. Әдебиет шектеу, шекарадан ада. Өнердің кереметі де – осында. Әр қалам иесі қолайына жаққан тақырыпқа барсын, жазғысы келген дүниені жазсын, олар біреуге есеп беруге міндетті емес, ал ел-жұрт қажеттісін алар, іріктер, саралар, оқырманның орнына шешім қабылдаудың қажеті шамалы, ол өзіне не керек екенін бізден жақсы біледі. Оқырман дегеніміз – жиынтық атау, әлеуметтің әдебиленген, өнерді сүйетін, құрметтейтін нұсқасы. Қаламгер, әдебиетші әуелі Аллаға, содан соң өзіне есеп берсін, не бітірдім, не істемекпін, ендігі жоспарым қандай деген сықылды. Өйткені, жазу – автор мен Алла арасындағы сыр, құпия. Оны орынды-орынсыз, болсын-болмасын айта берудің керексіз іс деген ұстанымдамын, уақыты келгенде көреді, естиді, оқиды.

Дін мен өнер, дін мен ғылым арасындағы айырмашылық, кей жағдайда қарама-қайшылық – әдеби жанрлардың табиғатына ұқсас. Әрқайсының өз міндеті, өз миссиясы, өз ерекшелігі, өз функциясы бар: дінде – норма, ғылымда – жүйе, әдебиетте – еркіндік, тәуелсіздік.

Аз қамтылған жанрлардың жандануына автор ретіндегі үлесімді қосқанымның ешбір айыбы жоқ-ау, осы. Басқалар да жазсын, жаза түссін, тынысын кеңейтсін, өзге бір кеңістікке шықсын, жол – ашық.

Әдебиет, жазу, өнер: ауа, аспан, басып жүрген жер секілді ғой, бәріне ортақ игілік. Ауа жұтпа, аспан астында, жер үстінде жүрме деп айта алмаймыз, оған моральдық та, заңи да құқымыз жоқ. Құдай, уақыт, тарих бәрін іріктеп алар, оған бас ауырту – артықтау қылық. Одан да жаза берейік. Әр авторды белгілі бір мәселе мазалайды, ол жанына жақын жанр іздейді. Кез келген қаламгердің өз шығармашылық кеңістігі болады деп ұғам. Оған «рұқсатсыз» кіруге, оған «рұқсатсыз» енуге ешкімнің қақысы жоқ, бұл – этика мәселесі. Мысалы, өз басым біреулерге қолдан келгенше бағыт-бағдар сілтегенім болмаса (пікір сұраған жағдайда ғана), былай істе, былай жаз, бүйт, сөйт деп айтып көрмеппін. Бұл нәрсе мен үшін ыңғайсыз көрінеді. Қазақта универсал тұлға көп, оған – тарих куә: өзі шешен, өзі би, өзі батыр, өзі қолбасшы, өзі әнші, өзі күйші... Мен әр жанрда еңбек еткенімнен пайдам тимесе, біреудің зиян шеккенін я денсаулығына қауіп төнгенін көргем жоқ.

Абай – меншіктеуге келмейтін, тек шағын топқа ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ тұлға. Мені Абай феномены, Абай поэтикасы, адам ретіндегі Абай қызықтырады. Бұл жерде абайтанушы боп кету міндет емес, бірақ ғұламаны зерттеу, үлкен ғалымдар бастап кеткен істі ары қарай жалғастыру – парыз. Бұл салаға жастардың көптеп тартылғанын құптаймын. Буын алмасу, өзіне шейінгі жазылған дүниелерге иек арта отыра жаңаша көзқараспен зерттеу – ғылымды ілгерілететін фактор. Ендігі мақсат – ғылымдағы монументалды Абайды, академиялық Абайды елдің тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру салтына жақындату, көркем шығармаларын көптеп насихаттау, қоғамға қолжетімді ету. Хакімнің 175 жылдығы мазмұнды өтті. Алға қойған басты мұрат – ары қарай іздену, зерделеу, дананың әлеміне дендеп ену. Сөз – энергия, энергия жинала берген сайын ішті кернеп, жарылыс болуы мүмкін, сондықтан жазушы жазған сайын жеңілдейді.

Алаштану да жат емес, маған. Бұл саланы зерделеуге бір адамның ғұмыры жетпейді. Себебі, ашылмаған, танылмаған, жалпақ жұртқа белгісіз, ғылыми айналымға еніп үлгермеген тұлғалар жетерлік. Архив аршу, жан-жақта шашылған тарихи деректерді жинастыру, оларды жүйелеу, салыстыру, тұлғатанудың шабысына шабыс қосу, тарихи тұлғалардың әдебиеттегі көркем бейнесін сомдау үшін адами ресурс, жас ғалымдар, тың күш қажет. Жоғарыда аталған жанрларға басқа да жастар араласуы керек. Өйткені, әлі жазылмаған, әлі зерттелмеген тың тақырыптар толып жатыр. Әркім бөліп-бөліп алып, зерттей берсін, бұған қуанбасақ, еш ренжімейміз, қызғанбаймыз да.

Бірінші Аллаға, екінші Анама, үшінші Ұстаздарыма қарыздармын. «Әдебиетке адал болуымыз керек, әдебиетке адал болуымыз керек, әдебиетке адал болуымыз керек...» деген сөздер кісіні мезі етеді екен, негізі. Бұл – айтпаса да белгілі, элементарный нәрсе, адал болмағанда қайтеміз?! Оны қайта-қайта айта берудің, сөз қадірін қашырудың қажеті жоқ деп ойлаймын, мұны іс-әрекет арқылы, нәтиже арқылы көрсеткен абзалырақ. Сырттан көрген адам бәрін сөзсіз, жазғаныңа қарап-ақ, болмыс-бітіміңе қарап-ақ түсіну керек, бітті. Бірінші жақтан: «Мен – үлгімін!» – деп дандайсығанша, үшінші жақтан: «Ол – үлгі!» – деген сөз әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда өтімді, әлдеқайда пайдалы, әлдеқайда қайырлы.

Юкио Мисима – тек әдебиетте ғана емес, басқа да салаларда бағын сынап көрген ұлы жазушы, драматург. Сүйікті тұлғаларымның бірі – Умберто Эко – ғалым, философ, семиотик, әдебиет сыншысы, жазушы, көсемсөзші, медиевист, мәдениет теоретигі. Балқандық суреткер, серб Эмир Кустурица – өзі кинорежиссер, өзі актер, өзі композитор, өзі прозашы, өзі продюсер, бұл аз десеңіз, фолк-рок жанрында ән салатын әнші. Әлемге әйгілі кинорежиссер, сценарист, кинопродюсер, монтажер, оператор Стэнли Кубрик шығармашылық жолын фотограф һәм шахматшы ретінде бастаған-ды. Классик Франсуа Трюффо – кинорежиссер, сценарист, артист, сыншы, продюсер, француз кинематографындағы «жаңа толқынның» ірі өкілі. Постимпрессионист Поль Гоген – суретші, сонымен қоса кескіндемеші, график, мүсінші-керамист. Ал, символист, академик Михаил Врубель – кескіндеме, графика, театр өнері, декоративты-қолданбалы өнер, мүсін, портрет салаларында да өнімді еңбек еткен алып, гигант. «Оскар», «Тони», «Эмми», «Грэмми» сыйлықтарының иегері Барбра Стрейзанд – әнші, актриса, композитор, кинорежиссер, продюсер, саясаткер, қоғам қайраткері. Алысқа шаппай-ақ, бір бойына нешелеген қасиеттерді жиған өзіміздің Шоқан Уәлихановты, Ұлт көсемі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханды қараңызшы, қандай мықты кісілер. Әбу Насыр әл-Фараби – ойшыл, математик, физик, астроном, логик, әлеуметтанушы, музыкатанушы, лингвист, этик, полиглот. Освальд Шпенглер – философ, тарихшы, көсемсөзші. Жан Бодрийяр – социолог, мәдениеттанушы, ойшыл, постмодернист, фотограф, ұстаз. Карлос Кастанеда – жазушы, антрополог, этнограф, философ, мистик, эзотерик, саяхатшы. Готфрид Лейбниц – ойшыл, математик, физик, тілші, логик. Ал, арғы тегі аустриялық культурист, спортшы, кәсіпкер, актер, продюсер, қоғам қайраткері, саясаткер, әскери борышын өтеу кезінде танк жүргізушісі-механик мамандығын игерген, Халықаралық «Олимпия мырза» додасының жеті дүркін жеңімпазы Арнольд Шварценеггер бала кезінде футболмен, содан соң бодибилдингпен шұғылданған. 2003 жылы Республикандық партия атынан сайлауға түсіп, Калифорния губернаторы дәрежесіне шейін көтерілген еді. Мэтр Сальвадор Дали – кескіндемеші, график, мүсінші, режиссер, жазушы, эссеист, дизайнер, сюрреализмның аса ірі өкілі. Бұлар – уникум, оларға жету қайда-а-а-а, мұндай адамдардың ерік-жігері, қайсарлығы, құлшынысы тамсандырады. Олар тіршіліктегі, өмірдегі былайғы жұрт үшін қалыпты көрінген штамп-шаблондарды мойындамайды. Қазір мені авторлық кино, философия және фото өнері қатты қызықтырып жүр. Бұл да шығармашылығыма оң әсерін тигізеді деп сенем. Поэзияны сүйіп оқимын, бірақ ақын емеспін, сурет өнерін ерекше қадір тұтам, бірақ суретші емеспін, театр мен киноны құрметтеймін, бірақ артист я режиссер емеспін, скульптураларға қарап сүйсінем, бірақ мүсінші емеспін, балет эстетикасы, пластикасы таңғалдырады, бірақ биші емеспін, күйді тыңдаған ұнайды, бірақ күйші емеспін, әнді жақсы көрем, бірақ әнші емеспін. Әдебиетті жақсы көрем...

Біз егеменді елде өмір сүріп жатырмыз, Аллаға шүкір. БҰҰ-ның Халықаралық конвенциясына сәйкес, еркін елдің басты қағидасы – адамзатқа қызмет ету, адамдар талантының ашылуына жағдай жасау, олардың мүмкіндігін адамзатты, әлемді өркендету жолында жұмсау. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Түсінбеймін, қолдан іс кеп тұрса, тартынудың не қажеті бар? Жоғарыдағы тұлғаларды өзіммен теңестіріп тұрғам жоқ. Алайда, хакім айтпақшы: «...Болмасаң да ұқсап бақ / Бір ғалымды көрсеңіз / Ондай болмақ қайда деп / Айтпа ғылым сүйсеңіз / Сізге ғылым кім берер / Жанбай жатып сөнсеңіз?». Күшен, өзіңді қина деп тұрған жоқ қой, оптимист Абай. Талаптан, үйрен, үйренуден жалықпа, бір орында тұрма, дамы, ілгеріле деп тұр, ойшыл. Мұндай құбылыс – әлем үшін жаңалық емес, бірақ біз үшін форматқа сәйкес келмейтіндей қабылданатын таңсық нәрсе. Әуелгіде, балалар жазушысы ретінде бастағам, кейін балалар драматургиясына ойыстым, екі ертегім республикалық театрларда сахналанып келеді. Енді, тағы да екі пьеса жазу үстіндемін. Көрдіңіз бе, жанрлардың өзі жазушыны мүмкіндігіне, потенциалына, жиған ілім-біліміне, тәжірибесіне қарай жетелеп отырады, бұл – өшудің емес, өсудің, ілгерілеудің белгісі. Тегінде, автор әдеби процесспен қапталдаса дамып, өзгеріп, түрленіп отыруға тиіс. «Сен жазушылықпен ғана айналыс», әлде «сен аудармашылықты азық ет» деген қатал заң, қатып қалған қағида бірде-бір манифестте я хартияда көрсетілмеген. Онда бұл «Прокруст төсегі» іспеттес әпенделік, үстірттік болар еді. Егер мұқият мән берсек, мен «бірін тастап біріне бет бұрып» тұрғам жоқ, проза, драматургия, әдебиеттану, сын, аударма жанрларына қайта-қайта оралып, сол арқылы циркуляция жасап отырмын. Біріншісінде бар қасиет екіншісінде жоқ, екіншісіндегі ерекшелікті үшіншісінен кезіктіре алмайсың. Бұларға қатар бару арқылы көп дүние үйренудемін. Басқасын айтпағанда аударманың өзі – бір мектеп. Бес жанрды қатар алып жүру әрі қиын, әрі қызықты, автордан тұрақты ізденісті, тұрақты жазуды, тұрақты түрде еңбектенуді талап етеді. Бірақ, бұдан күшеймесем, әлсірегем жоқ. Бұл «өзімді көрсету де, әлде өзімді таба алмау да» емес. Бұл – әдебиетке деген махаббат, бұл – жазуға деген құштарлық, бұл – еңбекке деген құрмет, бұл – бос орынды, вакуумды толтыру, бұл – оқырманға жақсы, сапалы дүние ұсынсам деген ниет, бұл – тоқтамау, көп жазу, мол жазу, күнде үйрену, уақытымды қадірлеу. Алаш қайраткерлеріне, орыс әдебиетіндегі «күміс ғасыр» өкілдеріне, француз символистеріне, «Исламның алтын ғасыры» саналған Араб халифаты тұсындағы ғалымдарға, Нобель сыйлығының лауреаттарына қарасақ, бәрі – жан-жақты, сан-салалы екенін байқар едік. Жастарға үлгі ма? Үлгі. Қоғамды өзгертерліктей қауқары, білімі бар кейбір кісілер ашылмаған кітап күйінде өмірден өтіп жатыр, өкінішті ғой. Мен де салыстырмалы түрде алғанда жаспын, жазар дүние көп, әлі. Өзді-өзіме «өле-өлгенше ізденем, өле-өлгенше жазып өтем» деп серт бергем, содан айнымаймын. Бұзып-жардым, талқандадым, тауыстым, түгестім деуден де аулақпын. Алайда, Аллам күш-қуат берсе, тоқтамайтыным анық. Жан-жақты болудан қорықпаған дұрыс. Тіл үйреніп, ел ісіне араласып, екі-үш мамандықты қатар игерсең де артық емес. Бұл – уақыт талабы. Бір сәтке айнала-маңға көз тастасақ, көп нәрсені байқар ек. Өйткені, әлем бір орында тұрған жоқ, күнде өзгереді, күнде түрленеді, бүгін сатып алған техника ертең ескіріп жатыр.

– «Көк көлік» атты әңгімеңде бүгінгі қазақ қоғамының үлкен ауқымдағы символикалық бейнесін бергенсің. Алайда, шағын дүние. Бүгінгі қазақ әдебиетіне қарап отырар болсақ, тұтас қоғамның қоясын қопарған, дәуірге өз анықтамасын берген іргелі шығарма әлі жоқ екен, тіпті 90-жылдардың суреті толық кестеленіп болмапты. Қазақ әдебиетінде сондай романдар жазылуы мүмкін бе? Әлде бұл керексіз нәрсе ме? Роман оқыла ма?

Ә.Б.: – «Көк көлік» – «Тұрмыс парадокстары» циклы аясында жазылған, ой-санамда ұзақ қорытқан, сюжеты түсіме қайта-қайта еніп, естен кетпей қойған әңгіме. Әдебиеттанушы, сыншы Нұрлайым Батыр ол туралы сапалы рецензия жазған еді. Мені көп мәселе мазалайды. Қашан ел боламыз? Жастардың жағдайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі қашан түзеледі? Ұлтты қалай ұйыстырамыз? Жемқорлықты қашан және қалай жеңеміз? Ұлттық өнімді қашан шығарамыз? Шетелге қай қырымызбен таныламыз? Іргелі ғылыми еңбектер, жұртты елең еткізер кесек-кесек көркем туындылар, ғылыми жаңалықтар қашан туады? Қазақ тілінің аясын қалай кеңітеміз? Толып жатқан сұрақтар. Сондай бір толғаныстан туған нәрсе ғой. Онда әлеуметке, бей-берекетсіздікке көңіл толмау бар.

Әлі үлкен дүниелер жазылады. Сенем. Романның керек болмаған кезі жоқ. Оқырман қысқа-қысқа дүниелерден де шаршайды. Сонда романды іздейді. Себебі, оның орнын ешбір жанр баса алмайды, алмастыра алмайды, оқығанда шөлің қанады ғой, ләззаты бөлек, ешбіріне ұқсамайды. Жанрды таңдайтын, талғайтын оқырман бар. Бұл бір жағынан көлем, ал екінші жағынан кісінің мұң-мұқтажына, ахуалына, қыжылына, сол сәттегі көңіл-күйіне, сұранысына да байланысты. Мөлтек романдар да (микро-романдар) жазылып жатыр. Бұл да – уақыт талабы. Қазір жаһанданудың қарқыны қатты. Адами құндылықтарды тәрк ететін, сезім, көңілді ұмытыңқыраған, қатал технократтық қоғам орнауда.

Егемендік алғанымызға, міне 30 жыл болды. Не істелді, енді не істелуге тиіс? Бәріміздің алдымызда осы екі-ақ сауал тұр. Ұлттың өзін-өзі тану үрдісі жүріп жатыр, бейсаналы деңгейде. Өзімді романға дайындап жүрмін. Әзірге, іште қордаланған көп дүниені пісіру үстіндемін.

– Кешегі совет жазушыларын сол кезеңнің идеологиясы мінсіз етіп көрсетті. Бүгінгі ашық қоғамда тұлға жоғалып құрдымға кетті десек те болады. Мен жазушыны пір тұту керек дегенге қарсымын, әрине. Бірақ, жазушы өзі қандай болу керек? Кімді жазушы дейміз?

Ә.Б.: – Егер сол дәуір туралы айтар болсақ, қаламгерді идол деңгейіне көтеру, әуелі билікке қажет еді. Ал, қазіргі жағдай басқаша. Біз құндылықтар құлдыраған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі қазақ қоғамы алдында таңдау көп, ерік – өзінде. Біз тоталитарлық жүйеден шығып, «ашық қоғамға», бәсекеге негізделген қоғамға бет алдық, енді соған бейімделу керек. Егер оқырман жазушыны пір тұтам десе, бұл – жақсылықтың нышаны. Әгәрәки, мұны қолдан жасаса, онда бұл қауіпті үрдіс жасандылыққа, баяғы науқаншылдыққа ұласады, бәрі табиғи, ерікті түрде жүзеге асқаны абзал. Қолдан тұлға жасауға қарсымын, шын мықты іріктеліп, сұрыпталып шықсын. Ол кезеңнен өткенбіз, қайта оралу – орынсыз. Бүгінгі жазушы – қоғамға ашық, кез келген уақиғалардың бел ортасында жүретін, елдегі, жердегі жағдайларға бей-жай қарамайтын, өзін сергек ұстайтын, әлеуметтен оқшауламайтын, басқа сала мамандарымен интеграцияға түсетін, белсенді, жаһандық жаңалықтардан құр қалмайтын тұлға болуы тиіс. Мына індет 1918-1920 жылдар аралығын қамтыған «испан тұмауы» секілді өрттей өршіп тұр, қаншама адам ажал құшты. Алладан адамзаттың осы қиын уақыттан аман шығуын, арты «рухани індетке» айналып кетпеуін тілейік, жұрт боп, халық боп.

- Мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар