Бүгінгі әдеби процестерді зерделеуші ғалымдардың ой-пікірін біліп отырудың да маңызы зор. Осы ниетпен әдебиеттанушы Әлмира Қалимен сұқбатымызды ұсынамыз.
- Қазіргі мистикалық прозаның көркемдік ерекшеліктері туралы айтсаңыз. Мысалы, Тоқтарәлі Таңжарықтың «Бұлыңғыр түн хикаясы», Қанат Әбілқайырдың «Жылан кегі», Нұрлан Қабдайдың «Сайтан» хикаялары туралы не айтар едіңіз?
- Көркем мәдениеттегі мистиканың түпкі мәні болмысты танып-білуге деген метафизикалық ізденістерден бастау алады. Мистика осы тұрғыда көзбен көруге болатын шындықтың масштабын кеңейте түсетін қуатқа ие. Қаламгер реалды әлемнен тысқары шыға отырып, уақыт пен кеңістік өлшемдерін өзгеше игереді. Мистикалық туындыдағы ақиқат өлшемдерін әдетте рационалды болмыс шеңберінде дүниәуи зердемен бағалайтындықтан, одан тыс /жоғары/ төмен немесе параллель әлемдер мифопоэтика жемісі ретінде пайымдалады. Сіз атаған Қанат Әбілқайырдың «Жылан кегі» хикаяты мен Тоқтарәлі Таңжарықтың «Бұлыңғыр түн хикаясы», Нұрлан Қабдайдың «Сайтан» әңгімелерінің мистикалық сипаты әрқилы. «Жыланның кегі» хикаятындағы мистикалық мазмұн фантастикамен ұштасып, әлем әдебиетіндегі магиялық реализмге жуықтаса, «Бұлыңғыр түн хикаясындағы» реалистік әлем шекарасы барынша сақталған; мистицизмның мұндағы көркемдік рөлін рационалды интерпретация аясында да тәпсірлеуге болады. Бұлардың әрқайсына аз-кем тоқталып көрелік.
Қанат Әбілқайырдың «Жылан кегі» хикаятындағы жыланмен арбасу сюжеті фольклорлық арбау өлеңдерінен тамыр тартады. Нақтырақ айтсақ, Қытай қазақтары арасында таралған аңыздың ізін байқадық. Хтоникалық тіршілік иелерінің адамзат әлемімен арақатынасы жайлы бұдан бөлек Асқар Алтайдың «Алтай новелласы», Ербол Алшынбайдың «Тарымшы», Думан Рамазанның «Жалғас» сынды туындылары да еске түсіп отыр. Бұлардың бәріне ортақ мотив – кие (жылан киесінен қорқу, уәдеге берік болу, қарғыс).
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қанат Әбілқайыр «Жылан кегі»
Қанат Әбілқайырдың туындысындағы Бала молданың қайғылы тағдыры жыландар патшасының қарғысына ұшырауымен байланыстырылады. Үш әйелінен туған он бес баласының мылқау болып туып, бірінен кейін бірі шетінеп кетуі молданың «жылан аузын буу» рәсімі үшін қайтарылған кек еді. «Киіз кітабынан» өз болашағын өзі болжап қойған молданың жылан кейпіне ену процесі поэтикалық жағынан Франс Кафканың «Құбылу» атты хикаятындағы Грегор Замзаны да есімізге түсіреді. Екі туындыдағы метаморфозалық құбылыстарды суреттеуде поэтикалық ұқсастық болғанымен, олардың түпкі себебі таным мен құндылықтар аясында әрқилы пайымдалады. Кафка кейіпкерінің шарасыз кейіпке түсуінде әлеуметтік астар басымырақ. Отбасын асыраушы «мал табардан» жиіркенішті масылға айналу сюжетінің өзгеше балама шешімдері де болуы мүмкін еді (мысалы, кейіпкердің ауыр сырқатқа ұшырауы, сал ауруына шалдығуы, т.б.). Бірақ қаламгер адамның жәндікке айналуы арқылы шығармашылық эксперименттің эффектін күшейте түсіп, жалпы қоғамдағы және қарапайым отбасындағы адамның қадір-қасиетін таразылайды. Ал «Жыланның кегіндегі» Бала молданың арагідік жыланға айналып кете беруінің басты себебі кие мен кек туралы тотемдік наным-сенімдерге байланысты. Көтерілген мәселенің масштабы да сәйкесінше қоғамдық-әлеуметтік аңғардан асып, Адамзат пен Табиғат диалектикасына ұласады. Жын шығару, жылан уын қайтару, жылан арбау сынды бақсылық рәсімдерді бейнелеудегі авторлық байламның антропоцентристік бағдарға қарсылығы осыны айғақтайды.
Енді Тоқтарәлі Таңжарықтың «Бұлыңғыр түн хикаясындағы» келейік. Эпизодтар алмасымындағы шекаралардың саналы түрде «шайылып» кетуі, баяндау стиліндегі меланхолиялық көңіл күй, тұтас көркемдік атмосферадағы бұлыңғыр бояулар әңгімеге мистикалық сипат дарытады. Шығармадағы мистицизмді он жыл бұрынғы іздеусіз кеткен махаббат киесімен ғана байланыстырсақ, тым жадағай болары анық. Иә, көкірегін өкініш оты өртеп Алматыға жеткен кейіпкердің барлық әрекеттерінің қозғаушы күші – сағыныш. Қонақ үйдегі №7 бөлме мен жалдамалы №17 пәтердің, «Панда» мен «Нигара» кафелерінің ортасында циклдық айналымда табанын тоздырған жігіт өткен өмірдің бедерін іздейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тоқтарәлі Таңжарық «Бұлыңғыр түн хикаясы»
Кейіпкер студенттік шағындағы сүйікті қызының ұмыт бола бастаған бейнесін жадында қайта тірілткісі келеді. Шын мәнінде, географиялық нақты кеңістікте әбден сергелдеңге түскен жігіттің іздегені оның ішкі әлемінде. Тумысынан сезімтал (балалық шақ туралы мұңды естеліктер), өзі әдебиетке жақын (кафедегі әдебиет төңірегіндегі фондық әңгімелер) кейіпкердің бір түнде басынан кешкен оқиғалары айрықша үлгіде баяндалады. Алма-кезек ауысып отыратын өткен өмір мен бүгіннің эпизодтары арасында мистикалық мәнге ие символдық детальдар баршылық. Бала кезіндегі ақ мысықтың өлімі мен көшедегі жол апаты (елес мысықтар), тағы сол бала күніндегі қара күшіктің өлімі мен көшеде бейтаныс қыздың талып құлауы (елес иттің қауып алуы), көрші №16 пәтердегі әйелдің өлімі мен қонақ үйде №7 бөлмеде ваннаның толып қалуы, ақылы кіресілі-шығасылы әйелді бұрынғы сүйгеніне ұқсата суреттеу емеуріні сынды параллельдер оқырманды кие туралы ойға еріксіз жетелеп әкетеді. Кейіпкерлерге көрініп, бейнетаспаға түспейтін ит-мысықтар мен қалың адам қарасының түпкі мәнін логикаға салып түйсіну мүмкін емес. Бұл шығарманың мистикалық түп-тамырын анықтайтын тұсы да – осы. Ішімдікке қызып, Бетховеннің әлдебір мұңды әуеніне елтіп, түні бойы бір маршрутты жаяу айналдыра берген кейіпкер мен полиция қызметкерлерінің әлем сезіну жағдайлары бір-біріне кереғар. Бірі өң мен түс, ақиқат әлем мен сезім кеңістігін шарлаған меланхолик болса, екінші тарап (полицейлер) – өмірдің жалаңаш шындығын сюрреалистік деңгейде қабылдайтын салқын қанды жандар.
Сонау жастық шағында қалған сүйіктісі мен көрші 16-пәтердегі бейбақ келіншектің тұлғалық идентификациясын жазушының оқырман еншісіне қалдыруында үлкен мән бар дер едім. Осылайша, автор жас қыздың ары қарайғы тағдырына көп нүкте қойып кетеді. Осы тұстағы бос кеңістікті қандай оймен толтыратыныңызды сынап тұрғандай әсер қалдырады автор.
Ал Нұрлан Қабдайдың «Сайтан» әңгімесін мистикалық аспектіде қарау орынсыз деп ойлаймын. Суреттелген оқиғаның басым бөлігі небары түсі болып шығатын кейіпкердің күдік пен күмән аралас сезім иірімдері психологиялық тұрғыда терең. Дегенмен нақты теория аясында зерделесек, бұл – тек онейрикалық мәтін. Шығарма атауының астарында метафораланған ой жатыр. Яғни, сайтан сөзі қаламгерлік қолданыста діни-мифологиялық персонаж емес, ол бар болғаны кейіпкерді іштей кемірген күдік пен қызғаныш қана. Бұл шығармадағы көркемдік ауанды мистицизмнен гөрі көшпенді қазақ санасының урбандалу үрдісіне наразылығы тұрғысында бағамдаған орынды болар. Қаланың қу тіршілігінен жабыққан жанның қоршаған әлемді сұрықсыз кейіпте қабылдауы ерекше бедер тапқан.
- Заманауи қазақ прозасындағы мифтің поэтикалық қызметі қаншалықты сараланып жатыр?
- Мифопоэтика бүгінгі таңда ұлттық прозаның түпқазығына айналды десек, артық болмас. Соңғы отыз жылдағы қазақ прозасының дені төл мәдениет пен салт-санаға оралу үрдісін бастан кешуде. Тарихи жанрдағы шығармашылық белсенділік, фольклорлық сарындар мен архаикалық сюжеттерге деген қызығушылық осыны айғақтайды. Тарих желісіндегі көне дәуірлер туралы ұлттық жад мифпен көмкерілген. Әлем жаратылысы, этнос бастауы туралы ежелгі наным-сенімдер мифпен біте қайнасып кеткен. Сондықтан тұтастай көркем мәдениеттегі ілкі тарихқа бойлау немесе ұлттық негізге оралу идеяларының қастерлі мифтерді айналып өтуі мүмкін емес.
Мифтің әдеби шығармадағы көркемдік қызметін поэтикалық тұрғыда түрліше саралауға болады. Кейде миф көркем шығарма жанрын анықтаушы әлеуетке ие. Мысалы, бүгінгі прозадағы роман-миф ұғымының қалыптасуында мифтің жанр түзушілік рөлі айрықша. Асқар Алтайдың «Алтай балладасы» осы жанрлық жіктемеде қарастырылады. Реалистік туындыда мифологиялық мазмұндағы интермәтіндердің кірістірілуі – кеңінен таралған көркемдік дәстүр. Ұлттық таным парадигмасы, тарихи зерде негізі, айрықша колорит деңгейінде пайдаланылған мифологиялық иллюстрациялар Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, т.б. қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Жалпы әдебиеттегі мифологизм, неомифологизм, мифтік поэтика мәселелері әдеби даму үрдістері, модернистік және постмодернистік бағдар сынды аспектілерде Темірғали Есембеков, Асылан Жақсылықов, Жансая Жарылғапов, Жанат Аймұхамбет, Гауһар Балтабаева, Құралай Жанұзақова, Сәуле Алтыбаева, т.б. зерттеушілер қарастырып келеді. Бұл мәселе Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының назарынан да тыс қалған жоқ. Фольклортанушы мамандар фольклорлық, мифтік сарындар мен кейіпкерлердің бүгінгі әдебиеттегі көркемдік сипатын 2007-2009 жылдары ғылыми жоба аясында арнайы зерделеп, монографиялық еңбек те шығарды.
- Қазіргі қазақ прозасында модернизмнің бәсі жоғары ма, постмодернизм маңызды ма?
- Қазіргі қазақ әдебиетіндегі модернизм мен постмодернизм көріністерінің әлем әдебиетінен біршама айырмашылықтары бар. Кез келген жаңашыл бағыт-бағдар өкілдерінің өздеріне дейінгі әдеби әлемге сыни көзқарасы мен наразылығы менмұндалап тұратыны бар ғой. Сол тұрғыдан келгенде, социалистік реализмге реакция ретінде өткен ғасырдың 60-80-жылдарында модернизм бағыты қалыптаса бастады. Бұл құбылыс тарихи поэтиканың даму заңдылықтары аясында әдебиеттің табиғи эволюциясы түрінде шүбәсіз қабылданды десек те болады. Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков прозасын (ондағы жаңа пәлсапа, өзгеше көркемдік таным, оқшау кейіпкерлер галереясы) классикалық модернизмге тән канондық мәтіннің жарқын үлгілері деуге болады. Бүгінгі туындыгерлер тобындағы Тұрысбек Сәукетаев, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Таласбек Әсемқұлов, Айгүл Кемелбай, Дидар Амантай, Мадина Омарова, т.б. прозасынан модернизм мен постмодернизм ұшқындарын қатар ұшырастыратынымыз қызық.
Ұлттық кеңістіктен тысқары әдеби әлемде өз дамуының шарықтау шегіне жеткен, тіпті постмодерндік дәуірге кезек беріп үлгерген модернистік бағдар қазақ мәдениетінде өзгеше сипатта тамыр жібере бастады. Қазақ өнерінің қай саласын алып қарасақ та, модернизм мен постмодернизмнің симбиоз деңгейіндегі үйлесімін аңғаруға болады. Бүгінгі проза мен поэзиямыз да модернистік пәлсапаға құрылғанымен, постмодерн стилінде «киінген» туындылар баршылық. Былайша айтқанда, модерн мазмұнды, постмодерн пішінді синтездер. Дегенмен, бұл да – әдеби әлемде органикалық үйлесім тапқан табиғи құбылыс. Тіпті кейбірін көркемдік эксперимент деңгейінде қабылдасақ та, өзінше бір тың шығармашылық ізденіс.
- Егер модернизм рухани құндылықтарға ревизия жасауға қауқарлы болса, Әлішер Рахаттың «Параллелін» модернизм ағымына жатқыза аламыз ба?
- Махаббат тақырыбына осымен екінші романын арнаған жас қаламгер Әлішер Рахаттың жазу стиліне психологизм тән. «Махаббатым константта» да, «Параллельде» де өз персонажының тысқы келбет-мүсінінен гөрі, ішкі логикалық, психологиялық, психофизиологиялық тіршілік процестеріне дейін бойлайтын авторлық зерде байқалады.
Иә, иерархия мен заңдылықтарды, жүйе мен тәртіпті мойындайтын модернистік философия классикалық құндылықтарға ерекше мән береді. Модернизмде рухани миссия жайлы ой қалың. Сондықтан қазіргі мәдениеттің Джокер синдромынан айыға бастағандығын байсалды стильдегі хэппи энд шешімдерден немесе соның қадіріне жетуге ұмтылыстардан көруге болады.
- Неліктен постмодернистік шығармалар көбейіп жатыр? Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме?
- Шындығында, постмодернизмдегі рухани құндылықты жоқтау байбаламының өзі соларды шарқ ұрып іздеу, оларды адамзаттың ұдайы назарында ұстау ғой. Әлемді хаос етіп суреттеуде әсіре фарсқа дейін бой алдыратын постмодернистердің стиліндегі шексіз ирония солқылдақ идеялардан түңілуден бастау алды. Экспрессия басым. Суреттелетін сезім шкалаларында сайқымазақ карнавализациядан депрессивті апатияға дейінгі көңіл күй реңктері орын алады. Жалпы әдебиеттегі еш қоспасыз, таза күйіндегі постмодернизмді жеке шығармашылық тұлғаның және сол тұлғамен ниеттес, пікірлес қауымның/қоғамның рухани ізденіс сапарындағы уақытша көңіл күйі деп есептеймін. Мұхит бетіндегі қандай дүлей дауыл болса да, бір кезде басылып, тыныштық орнайтыны секілді постмодернистік кезеңді мәдениеттегі өтпелі шақ деп қабылдаған жөн.
- Бүгінгі заманның уақыты мен кеңістігін айқын сипаттайтын шығармаларға нені жатқызар едіңіз?
- Бүгінгі өмір көп қабатты: әр тұлғаның өз шындығы, өз әлемі бар; діни нанымдар да әрқилы; оған виртуалды өмірді қосыңыз. Осының барлығы бір адамның бірнеше өлшемде қатар өмір сүріп жатқанындай әсер қалдырады. Бейне бір матрица дерсіз. Алуан түрлі өмір ағыстарын бейнелейтін нағыз бүгіннің авторлары қатарында Тұрысбек Сәукетаев, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан, Дәурен Қуат, Дидар Амантай, Рысбек Дәбейұлы, Қойшыбек Мүбәрәк, Мадина Омарова, Қанат Әбілқайыр, Лира Қоныс, Қанат Тілеухан, Тоқтарәлі Таңжарық, Бақытбек Қадыр, Әлішер Рахат, Әлібек Байбол, Ерболат Әбікенұлы, Нұрлан Қабдай, Әсем Қоспағарова, Жадыра Шамұратова, т.б. көптеген прозашылар легін атар едік.
- Бүгінгі таңда көркем әдебиет адам санасына қаншалықты әсер етуде?
- Көркем әдебиетті бүкіл қоғам бас алмай оқиды деп айта алмаймыз. Баяғыдағы қонышына кітап салып жүретін қойшы, тракторшылар қазір жоқ шығар, бар болса, бірен-саран. Көлікте отырып газет-журналға көз жүгіртетін жастар да аз. Кітап дүкендерінде байлыққа кенелу, көшбасшы болу, өзгеден үстем болу, сауатты опалану мен арықтауды үйрететін кітаптар көбірек сатылады. Біздің қоғам аз ғана уақытта кітап оқу мәдениетінен ажырап қалды. Әдебиет шағын бір ортаның (жазушылардың өзі, зерттеушілер, студенттер мен оқытушылар) қызығушылығы ғана болып қалды.
Қазір жастар арасында кітап алмасып оқу трендтері қайта жаңғырып келеді. Смартфонға шұқсиса да, көркем дүние оқуға талпынатындар жоқ емес. Дегенмен ондайлар аз. Осы тұрғыдан келгенде, балалар кітапханасын қайта қалпына келтіру, кітап баспасын жолға қою, міндетті оқылатын шығармалар тізбесін бекіту секілді мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан шараларды оң қабылдаймыз. Кей қаламгерлер «Әдебиет қоғамды тәрбиелеуге міндетті емес» деп қанша қарсыласса да, сөз өнерінің, жалпы мәдениеттің өзіндік рухани миссиясы анық.
- Жалпы алғанда қазіргі әдебиетте ауызекі тілде берілетін шығармалар азайды. Жоқтың қасы. Санаулы жыр кештері, поэзия мүшайраларын санамағанда. Бұдан ұлттың жадысы өшіп қалуы мүмкін бе? Прозаны оқу, оны тыңдау дәстүрі неге жоқ?
- Әдеби оқулар шынымен аз. Бола қалса да, олардың аудиториясы шағын. Көшпелі өркениеттің мирасқоры ретіндегі біздің мәдениетімізге тән сана мен жад трансформацияға ұшырауда. Ол – даусыз факт. Техногенді дәуірдің оңды өзгерістерімен қоса, қатерлері де баршылық. Бұл – бір ұлт шеңберінде ғана емес, тұтас адамзат дамуындағы жағымсыз жайт. Осы тұста дәстүрлі айтыстың төңірегіндегі даулардың өзі жетіп жатыр. Дүйім жұртты аузына қарата ұйытып, таңды таңға ұластыра жырлаған дәстүрлі жыршылар азайды.
- Діни тақырыпта жазылып жатқан прозалық шығармалардың маңызы қаншалықты жоғары?
- Жалпы діни тақырыпта жазылған туынды арқылы жазушы қандайда бір идеяны (мейлі оң, мейлі теріс) қоғамдық санаға сіңіруге, өз позициясын мойындатуға тырысады. Діни ағым астарында өзге халықтардың мәдени экспансиясы да жоқ емес. Жаһандану үрдісі осының бәріне айқара жол ашып берді. Сондықтан дәстүрлі дінді, ұлттық сананы таза қалпында сақтау үшін жастарға жол сілтеп, бағдар беретін салиқалы әдебиет керек.
- Әңгімеңізге көптен көп рақмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.