Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Аңсап келдім, атажұрт...

16.06.2023 1307

Аңсап келдім, атажұрт 14+

Аңсап келдім, атажұрт - adebiportal.kz

Бұл кітапқа қаламгер Қалиакбар Үсемханұлының соңғы жылдары жарық көрген мақалалары топтастырылған. «Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық» «Тілдестірмек тілшіден» сынды үш бөлімнен құралған еңбекте автордың соңғы жылдары ұлт тағдырына, ел жағдайына, тіл мәселесіне қатысты жазған мақалалары мен ғалым, зерттеуші, жазушы, мамандармен әр тақырыпта өткізген сұхбаттары, сондай-ақ ұлттық дүние таным тұрғысынан жазылған еңбектері енгізілген. Ел тарихы мен жер тарихына қатысты шағын зерттеулері де кітап мазмұнынан көрініс тапқан.

Тілге тиек етіп отырған бұл кітап – «Аңсап келдім атажұрт» деп аталады. Авторы - «Астана ақшамы» газетінің журналисті Қалиакбар Үсемханұлы. 15 шілде күні Астана қаласы №5 қалалық балалар кітапханасында, аталған кітаптың тұсауы кесіліп, әдеби таныстырылымы жасалып, оқырманға жол тартқан болатын. Кешті «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков жүргізді. Қаламгердің кешіне тарихшы, ғалым-жазушы Қойшығара Салғараұлы, түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, газеттің шеф-редакторы Төлен Тілеубай, ақын, журналист Қуаныш Ілиясұлы, жазушы Ұларбек Нрғалымұлы, Ықылас Оразбай, Талапбек Тынысбекұлы қтарлы қаламдас-әріптестері қатысты. Кешке жиналған ғалымдар мен қаламгерлер Қалиакбар Үсемханұлының шығармашылығы, журналистік ізденісі туралы кеңінен толғап, ұтымды, орынды пікір айтты. Сөз соңында «Аңсап келдім атажұрт» кітабының алғысөзін жазған белгілі жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлының пікірін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Себебі, осы алғысөз арқылы автордың жасампаздық жолынан, кітаптың маңызы мен мазмұнынан толыққанды мағұлымат ала аларсыздар деген ниеттеміз. 

Күнделікті  жұмысымды бастамас бұрын әуелі кешегі жазғандарымды қайта қарап, әр сөйлем арқылы оқырманға жеткізілер ойдың көмескіленіп, екіұшты болмай,  барынша түсінікті болуын тексеріп шығу – мен үшін қалыптасқан әдет. Бүгін де сол әдет бойынша кешегі жазғандарымды  қайыра тексеріп болып, енді сондағы айтылған ойды одан әрі жалғастыруға қамданғаным сол еді, телефон қоңыраулатып, безек қақты. Лып етіп ойнап шыға келген: «қап, өшіріп қоймағаным-ай» деген  өкінішті ойды сондай жылдамдықпен кері шегеріп, телефонды іске қостым. 

Қалиакбар екен. Қысқа қайырым амандық-саулықтан кейін шаруасын айтты. Өзі қызмет еткен газеттерде («Шыңжаң» газеті, «Астана ақшамы» газеттерінде соңғы екі-үш жыл ішінде жарияланған дүниелерінің  басын біріктіріп, жеке кітап етіп шығармақ екен. Соны оқып шығып, мүмкіндік болса, өзімдік пікірімді білдіруімді өтінді. Өзімнің онсыз да қапылып, үлгіре алмай жатқаныма қарамастан, келісімімді бердім. Оның да өзіндік себебі бар еді.

Қалиакбар - Қытайдағы  қандастар арасынан елге  кейінірек келген жастардың бірі. Танысқанымызға да көп болған жоқ. Бірақ алғашқы кездесудің өзінде-ақ жас та болса, жасамыстың өмір тәжірибесі бар, жібі түзу, көшелі азамат екенін танытып, ықыласымды өзіне аударған еді. Ой орамы, сөйлеу мәнері таным-түсінігі дұрыс қалыптасқан ересек жанның естілігін танытқан. Жанындағыларға жасаған қарапайым ілтипаты мен  кісілікті ізет-құрметі де ерекше көрінген. Дастархан басындағы азды-көпті пікір алмасуда қазақы ортаның қалыбында қалыптасқанын танытып, ел ертеңіне алаңдаушылығын білдірер орнықты ойларын өзіне тән үйлесімді  иіріммен қиыстыра жеткізуі де кәдімгідей сүйсінткен. Барлы-жоғы екі-үш кездесудегі қарапайым ауызекі әңгіме барысындағы оның сөз саптау ерекшелігі, айтар ойын көркем сөзбен кестелеп, жұрт   назарын өзіне аударып, ұстай білуі, бейне «айтар сөзіңнің суретін көретіндей етіп сөйле» деген ХІІ ғасырда өмір сүрген Шығыстың жеті алыбының бірі – парсының ұлы ақыны Сағдидің талабын орындаушы шәкіртіндей көрінген. Осындай азаматтың өзіме арнайы ниет танытып, баспаға ұсынбақ жинағына  өзімдік пікірімді білдіруімді өтінуі – жасы үлкеннің ағалық парызының сыртында, ұлттық тәрбиенің уызымен ауызданған жас жігіттің қалам қарымының қуатын тануға деген шығармашылық қызығушылдығымды да оятып жібергендей еді. 

Қолжазбаның электрондық нұсқасы қолға тиісімен, оқуға кірістім. Алғашқыда Қалиакбардың өзі «газетте жарияланған материалдарымның басын біріктіріп» деген соң, болашақ жинақты күнделікті ел тірлігінің өзекті мәселелеріне арналған, ақпараттық деректерге негізделген тілші жазбалары ғой деген ойда болғам. Бірақ олай болмай шықты. Жинақтың «Аңсап келдім, Атажұрт» деген аты да, ондағы материалдардырдың үш тарауға бөлініп, әр тараудың  «Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық», «Тілдестірмек тілшіден» деген тақырыптар төңірегіне топтастырылып берілуінің өзі-ақ, оқығалы отырған дүниемнің күнделікті ел тірлігінің жетістігі мен кемшілігінен хабардар етер әдеттегі газет мақаласынан гөрі өзге елде туып, сонда дүниетанымын қалыптастырған; бір кезде бүкіл ата-бабасының кіндік қаны тамған киелі жерді, ондағы бірнеше ғасыр бойы орыс империясының  құрамында, бодандықтың бұғауында жүріп, ақыры азаттықа  қол жеткізіп, келешегін кемелдендіріп жатқан бүгінгі қандас бауырларын бір көруді  аңсап, армандаумен күн өткізген  есті  азаматтың бағы жанып, атажұртына келгеннен кейінгі көргені мен білгендерінен алған әсерлерін арқау ететінін аңғартып тұрғандай еді. Түйсігім алдамапты. Солай болып шықты. 

Өз басым үш тарауға топтастырылып, елу түрлі тақырыпты қамтыған қолжазбаны түгел оқып шыққанда  әр түрлі оқиғалардан құралған үзік-ұзік шағын әңгімелерді емес,  қазақ халқы бастан кешірген тірліктің белгілі бір кезеңінің бар болмысын көз алдыңа әкелер «бас-аяғы бүтін», толық қанды тұтас бір көркем шығарманы оқығандай күй кештім. Жинаққа енген еңбектердің қай-қайсысының да ақпараттық мағлұматынан танымдық тағылымы басым. Осыған орай бұларды газет мақалалары дегеннен гөрі «этнографиялық танымдық шағын әңгімелер жинағы» деп қабылдасақ та артық болмайтын секілді.   

Мұндағы  тағы бір ерекшелік – әр әңгіме қозғалған тақырыбына қатысты қорытылған жеке адамның өзіндік пайымдауының түйіні болғанымен, сол түйіндеулердің қай-қайсысының да  автордың өзінің Қытай мен Қазақстанда  көргені мен білгеніндерін өзара салыстыру арқылы пайымдалып, нақты тұжырым жасалынатындығында, басқаша айтқанда, тұрмыс тіршілігі, таным-түсінігі, салт-дәстүрі бір-біріне ұқсамайтын екі елде қазіргі таңда өмір сүріп жатқан қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының  елдік тірлігіндегі жетістігі мен кемшілігін салыстыра саралап көрсету арқылы жастардың ойласуына, іштей өзіндік бір байламға келуіне, бастан кешіп жатқан жағдайларының мән-мазмұнын жете түсінуіне  мүмкіндік жасауы. 

Осы орайда шығарма тілінің шұрайлылығын да  ерекше атай кеткен жөн. Әр әңгімені оқи отырып, өткен замандарда өмір сүрген ата-бабаларымыздың ой орамымен, сөйлеу мәнерімен қайыра ұшырасқандай күй кешесіз. Бодандық бұғауында ғасырлар бойы отарлаушылар жиынының қаулы-қарарларын, пленумдары мен сиездерінің материалдарын аудару арқылы өзінің бұрынғы көркемдік келбетінен, әуезді үнділігінен айырылып, калькалық аударма өмірге әкелген жасанды сөз тіркестерін қалыптастырып үлгерген қазақ тілінің қазіргі ахуалын да анық аңғарғандай боласың. Өкініш өзекті өртейді. Осы аударма тілдің  салдарынан қолданысқа енбей, қазақтың  қаншама құнарлы сөздері ұмытылып, бүгінгі ұрпаққа жетпей қалды. Бір қуанарлығы - Қалиакбар осы еңбегінде сондай сөздердің біразын қайта тірілтіп, үйіріне қосыпты. Әр әңгімеден осындай сөздерді кездестірген сайын, бейне бөтен елде жүргенде ойда жоқта ескі танысыңды кездестіргіндей қуанып, ерекше бір сезімге бөленесің. Бұл сөздерді қазіргі баспасөз бетінен шырақ алып іздесең де таба алмайсың, баяғыда ұмыт болған. Әр сөз – кезінде ата-бабаларымыз өмірге әкеп, орнықтырған жеке бір ұғымның аты ғой. Қазіргі таңда сөздік қорымызда әуелде болған сондай бір сөзді  ұмыт қалдыру арқылы қазақы бір ұғымды өз қолымызбен «өлтіріп», ардақты ана тіліміздің аясын өзіміз тарылтып жатқанымызды сезбейтініміз  қандай өкінішті... 

Ұсақ халықтардың тілдерін жою арқылы  халықтық қасиетінен айырып, оларды қалай тексіздендіріп жібергенін кешегі ССРО мен қазіргі Қытайдың тарихын оқу барысында даналар айтқан «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген қағиданың шынайылығына өзінің де талай көз жеткізгендігінен болар, автор жинағына топтастырған елу тақырыптың қай-қайсысында да орайын тауып, тіл мәселесіне қатысты үнемі ой бөлісіп отырады. Аса маңызды  дегеніне арнайы тоқтап, жеке сөз етеді. Жинаққа енген, тақырыбының өзі-ақ талай жайды аңғартатын: «Құжат қашан қазақыланады?», «Көженің атын да көршіден көшіреміз бе?», «Тілді айтса, тілім қышиды», «Өзгертіп жазып тегіңді, әдепсіз қылды келінді», «Бабыр тілімізден жоғалып кетпесін», «Қазақтың сөзі де, өзі де өзгерді», «Төле би тілден жаңылса», «Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы» деген материалдар осы айтқанымыздың толық айғағы. Осындайда  «барын бағалай білгенге бақ дариды, құндылығын құнтай білгенге құт дариды» деген халық даналығын  дер кезінде ескермей, әлемде теңдесі жоқ бай тіліміздің бағасын кетіріп алып, кейін «алтынның қолда бар да қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деген бейқам пенденің дәрменсіздігін қайталап жұрмейміз бе деген қауіп те ойға оралады.

Тақырыбының әртүрлілігіне қарамастан, жинаққа енген шығармалардың қай-қайсысынан да сыртта жүріп, атажұртқа жетуді ұзақ жылдар бойы армандап өскен азаматтың елге, жерге деген сартап сағынышының жылы лебі сезіліп тұрады. Тіпті аңсаған еліне жетіп, мұндағы жасалып жатқан тірліктің бәрі бірдей баяғы өзінің қиялындағыдай ғажап емес екенін көріп, соның ішінде  көңіл қалдырар кейбір кеселді кемшіліктер туралы ашына жазғанының өзінен де  біреулерді айыптаудан  гөрі соған өзінің де кінәсі бардай сезініп, соның  тез жойылып, енді қайталанбауына тиімді үлес қосуды өзінің перзенттік парызы санайтыны аңғарылады. Мұның бәрі ата-бабасының кіндік қаны тамған жеріне, өркен жайып, өскен еліне деген зор махаббаттан тамыр тартқан тектіліктің белгісі болса керек. Тек тектілер ғана кездескен қандай қиындықтарға да қарамай, атамекенінде алшаң басып, еркін жүргенін бар бақытымның бастауы деп біледі. Мұндай сезім тексіздерге бұйырмаған. Мұның солай екенін автордың «Кері бұрылған көштің кесірі көп» деген әңгімесінде баяндалған, кезінде Қытайдан атажұртқа көшкен жұрттың дүрмегіне ілесіп келіп, мұндағы алғашқы кездескен аз қиындыққа шыдай алмай кері қайтқан  бір қазақтың жан күйзелтер тексіз тірлігінен айқын көруге болады. Бұл жайды автор былайша баяндайды: «2000 жылдардан кейін Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғандардың саны күрт көбейді. Бірақ солардың арасында қызды-қыздымен көшіп келіп, алды бірер айда, арты бірер жылда қайта көшіп барғандары да болды. Әне, сол кері көшіп барғандар тыныш бармай, «ойбай, босқа қаңғымаңдар, орыс боп кеткен ел екен, дін жоқ, адам қайтыс болса, ішін жарып, бүйрек-жүрегін алып сатып жібереді екен. Егін салсаң, түнде келіп өртеп жібереді. Байысаң, көре алмай өлтіріп кетеді екен…» деген сияқты пәле-жаланы үйіп-төгіп барды. Мұны естіген талай отбасының Қазақстанға көшу ойынан қайтып, Қытайда қалып қойғанын көзіміз көрді. Ұмытпасам, 2010 жылы ғой деймін, біздің ауылда бір әулеттің 30 түтіні Қазақстанға көшу үшін мал-мүлкін сатып, жүгін буып, ертең кетеміз деп отырғанда, бір жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған бір ауылдасымыз қайта көшіп барды. Барды да, көшкелі отырғандарды азғырды. «Тілімді алсаңдар бармай-ақ қойыңдар, Қазақстан ел болмайды, елі бірақ орыс боп кеткен, шошқаның етін жей береді…» деп бар пәлені қаптатып, көшкелі отырған жұрттың көзін шарадай қылды. Содан не керек, әлгі 30 отбасы көшпей қалды, олардың соңынан көшеміз деп отырған көрші ауылдың тұрғындары да Қазақстаннан біржола үмітін үзді. Ал жергілікті билік болса әлгі тексізді өз қажетіне пайдаланды. «Пәленбай Қазақстанға көшіп барып еді, жан баға алмай қайтып келді, енді сендер де қаңғымаңдар» деп көшем деген елге кері кеңес береді... Нәтижесінде  көшіп келгендер Қазақстанға құт болса, кері көшкендер көшке кедергі жасайтын «жұт» болды»,- деп түйіндейді. Атажұрттың қадір-қасиетін қанына сіңіріп,  жанына дарыта алмаған осындай кейбір тексіз пенделердің тірлігіне кезінде еріксіз айдалып кетіп, барған жерін жерсінбей, сан мыңдаған шақырымды артқа тастап, жолда кездескен небір тосқауылдардың бәрін жеңіп, туған топырағына қайыра қашып келген  жануарлардың тектілігін  екінші бір әңгімесінде қарсы қояды. Осы арқылы ғылымда дәлелденген әлемнің тартылыс заңына бағынбайтын туған жердің тартылыс құдіретін жас ұрпақтың өздерінің сезінуіне, содан өзіндік ой түюіне мүмкіндік туғызады. Жылқы малының тектілігін еріксіз мойындатар «Жер аңсаған жылқыдай» деген мақаласында  бірінен бірі өтетін үш оқиғаның бірінде: «Вьетнамдықтар 1960 жылы Моңғолиядан жылқы тасыпты. Әне, сол жылқылардың арасынан арбайхер (қазақша кері ат) деген ат Вьетнам елінен қашып, арада екі жыл өткенде қу сүйегін сүйретіп, Моңғолияға жеткен екен. Туған жеріне жеткеннен кейін бір төбенің басында тұмсығымен жер тіреп, тік тұрып өлген деседі. Ал енді есептей беріңіз, Вьетнам қайда, Моңғолия қайда?! Ортада кең көсілген қытай елі жатыр. Асқар тау, асау өзен, құба шөл де аз емес» дей келіп, мынандай бір ғажап деректі алға тартады. Жақын жерге емес, айшылық алыс жолға айдалып кеткен (ішінде вагонға тиеліп кеткендері де бар) жылқы барған жерінен туған жеріне  қашқанда адам көзіне түспес үшін күндіз  таса жерде демалып, тек түнде ғана  жортады   екен еліне қарай. Сонда үнемі жұлдызға қарап бағдар түзейтін көрінеді. Малшы ауылда өскен, малшының баласы болғандықтан, түнгі жүрісте адамдардың жұлдызға қарап барар жеріне жолсызбен төтелеп тура тартатын білуші едім.  Бесінші класты бітірген жылы  әкем белгіліп берген жұлдызды бағытқа алып, жиырма шақырымдай қашықтықтағы бөлімше орталығына өзімнің де түнде жолсызбен адаспай тура барғаным бар. Қайран қаларлығы сол, тек адамдар ғана емес, далада өскен жан-жануарлардың бәрінің де аспан денелеріне қарап барар бағдарын, ауа райын, уақыт мерзімін анықтайтын қасиетке ие болғаны ғой. Ғажап!.. Мұның  да адамзат баласы әлі күнге  танып үлгермеген  Жаратылыстың көп құпияларының  бірі екенін мойындап, еріксіз таңқаласың. Бұл да біздің сөз басындағы  жинақты:  «этнографиялық танымдық шағын әңгімелер жинағы» деп  атаса да артық болмас еді деуіміздің негізсіз еместігін  дәлелдей түседі. Оқырманның ұлттық дүниетанымын байыта түсер танымдық деректердің бұлармен шектелмейтіні және бар. 

Иә, қолжазбада оқырманға ой салар мұндай танымдық деректер баршылық. Бірақ бұл арада оның бәріне арнайы тоқтап, саралап жату-  басы артық шаруа. Оны оқырмандардың өздерінің оқып, білуіне қалдырып, жолашар сөзімізді  атажұртын аңсап келген азаматтың мұндағы бауырларымен жанашырлықпен ой бөліскен осы бір сапалы еңбегінің саналы оқырмандарымен қауышып, баршасының игілігіне асуына  сәттілік тілеумен түйіндеуді жөн көрдік.

Қалиакбар Үсемханұлы 1979 жылы 18 қыркүйекте ҚХР Шыңжаң өлкесінің Боғыда баурайындағы Шонжы ауданында дүниеге келген. 1999-2004 жылдары Шыңжаң университетінде «әлеуметтану» мамандығын оқыды. 2018 жылы атажұртқа оралған ол 2020-2021 жылдары «Тұран-Астана» университетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. 

Қалиакбар еңбек жолын Қытай қазақтары баспасөзінің қара шаңырағы – «Шыңжаң» газетінен бастады. Аталған газетте тілші, фототілші болып 14 жыл қызмет атқарған Қалиакбар Қытай қазақтарының журналистика саласында өзіндік із қалдырды. ҚХР Шыңжаң ақпарат сыйлығының І орнын 9 мәрте, ІІ орнын 8 мәрте, ІІІ орнын 14 мәрте алды. Қытай терістігіндегі бес өлкенің «Аз санды ұлттар ақпарат сыйлығымен» 8 мәрте марапатталды. «Көш» фотосы өлкелік фотобайқауда ІІ орын алды. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған студенттер мен магистранттар арасында өткен «Абай әлемі» ғылыми байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса; 2021 жылы «Нұр Сұңқар» республикалық байқауында «Ұшқыр қалам» номинациясын жеңіп алды. Қалиакбар Үсемханұлы қазір «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінде шолушы болып қызмет атқарады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар