Ар алдындағы сабақтастық: екі тұлға, бір мұрат

Осы зерттеуден кейін Светқали поэзиясындағы ар ұғымының ақынның бүкіл дүниетанымындағы орнын кеңірек қарастыру қажеттігі туындады. Сондықтан ақын туралы жазылған дүниелерге назар аудару оның поэзиясын өзге қырынан тануға мүмкіндік беретінін түсіндік.

28

Ар алдындағы сабақтастық: екі тұлға, бір мұрат - adebiportal.kz

«Тірліктегі бар бақытың – арманда,

Бас имейді тағдырға ақын жалғанда».

Александр Пушкин.

Ақынның болмысы көтерген тақырыптары мен көркемдік ізденістерінен, сөзге, адамға, ел мен тарихқа деген азаматтық ұстанымынан танылады. Осындай қасиеттер поэзиясының мазмұны мен рухани негізін айқындайды.

Әбіш Кекілбаевтың «Ақын еңбегінің жалғыз өлшемі – оның адам жүрегіне қанша жақындай алғаны» деген пікірі поэзияның қадірін оқырманға әсері арқылы бағалаудың мәнін аңғартады. Біздің зерттеу нысанымыздағы Светқали Нұржан шығармалары да ел тағдыры, адам жауапкершілігі, тарихи сана секілді іргелі ұғымдардың ақынның жеке танымымен астаса жырлануы осы өлшеммен сабақтасып жатыр. 

Бұған дейінгі «Ардың жалғыздығы: Светқали Нұржан поэзиясының рухани өзегі» атты зерттеу мақаламызда ақынның он сегіз бен жиырма жас аралығында жазған бес өлеңіне талдау жасап, оның поэзиясындағы ар концептіне  назар аударған едік. Сол еңбекте ақынның жастық шағындағы дүниетанымынан айқын көрінетін моральдық-этикалық ұстанымның мәнін ашуға тырысқанбыз.

Осы зерттеуден кейін Светқали поэзиясындағы ар ұғымының ақынның бүкіл дүниетанымындағы орнын кеңірек қарастыру қажеттігі туындады. Сондықтан ақын туралы жазылған дүниелерге назар аудару оның поэзиясын өзге қырынан тануға мүмкіндік беретінін түсіндік.

Светқали туралы жазылған еңбектерді іздестіру барысында Болат Қорғанбектің «Телегей жырдың тамшысы» атты мақаласы кейіпкеріміздің ақындығын оның жүріп өткен жолы, өмірлік таңдаулары және мінезімен сабақтастыра қарастырғаны біздің назарымызды ерекше аударды.

Болат Қорғанбектің «Светқали өлеңін зерделегенде, сөз жоқ, оны өзінің ақындық жаратылысынан бөлек қараудың мүмкіндігі жоқ» деген тұжырымы ақын мен өлеңді тұтастықта қарастыру қажеттігін аңғартады. Автор Светқали жырының табиғатын ақынның болмысымен сабақтастыра отырып, өлеңдегі ой мен сезімнің бастау көздеріне зер салады. Бұл ретте ақынның дүниені қабылдау ерекшелігі мен ішкі ұстанымдары оның поэзиясының рухани өзегін айқындайтын маңызды фактор ретінде танылады.

Өйткені Светқали поэзиясындағы әрбір ой иірімі мен сезім толқыны ақынның ішкі жан дүниесімен астасып, оның адам, ар, уақыт, тағдыр туралы толғаныстарын айшықтайды. Демек, ақынның жаратылысы мен оның поэзиясы бір-бірін толықтырып, біртұтас көркемдік-рухани жүйе ретінде танылады.

Светқали жырларын талдай отырып, Болат ақын поэзиясындағы ұлттық сана, тарихи жады, туған жер мен елдік ойдың өзара байланысына назар аударады. Бұл ұғымдар оның пайымында ақынның ел тағдыры мен адам болмысына қатысты толғаныстарымен сабақтасып, өлеңдердің мазмұндық аясын кеңейте түседі.

Болат, Светқали поэзиясындағы мінезді ақынның өмірлік болмысымен сабақтастыра қарастырады. Елдің қалыпты өлшеміне сыймайтын таңдаулар, көптің ығына жығылмайтын бірбеткейлік, тосын шешімдер Светқалидың дара болмысын айқындайды. Бұл қасиеттер оның жырларындағы қайсарлық пен ішкі қуаттың сырын тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.

Ақын төңірегінде қалыптасқан аңыздардың мәнін де осы болмыспен байланыстыра қарауға болады. Оның өзгеше мінезі мен өмірлік таңдаулары ел арасында түрлі әңгімелердің тарауына себеп болған. Болат Қорғанбектің «Мұндай арқалы ақынның шығармаларының беделі, бірінші кезекте, өзі жайлы аңыздардың себебінен дүр етіп көтерілетіні даусыз» деген пікірі осы құбылысты сипаттайды. Ел аузындағы мұндай әңгімелер Светқали тұлғасының халық жадында өзіндік сипатымен орныққанын көрсетеді.

Жас Светқалидың ішкі тазалық пен адамдық қасиет туралы толғаныстары уақыт өте келе кеңейіп, жеке адам әлемінен ел мен тарихқа қатысты ойларға ұласады.

Ата қоныс, ел тарихы, туған жер табиғаты, бабалар мекені, көне жәдігерлер, батырлар тағдыры, шежіре мен тіл секілді ұғымдар оның өлеңдерінде біртұтас көркемдік жүйе құрап, ұлттық жадының кеңістігін қалыптастырады.  Осылайша ақынның ел мен жер туралы танымы тарихи жадымен сабақтасып, ұлттық болмысқа қатысты тұтас пайымға айналады.

Болат Қорғанбектің байқауынша, Светқалидың ұлттық болмысы оның күнделікті әрекеті мен сөз саптасынан бастап, шығармашылық ұстанымдарына дейінгі барша қырынан танылады. «Маған Светқали өркениет топанында бірте-бірте жұтылып бара жатқан баба дәстүрдің, ата салттың жалғыз жоқшысындай көрінеді» деген пікірі ақынның ұлттық мұраны рухани тұрғыдан қорғаушы тұлға ретіндегі болмысын айқындай түседі. Бұл сипат Светқали поэзиясындағы ата қоныс, бабалар мекені, көне жәдігерлер мен тарихи тұлғалар тақырыптарының өзара сабақтастығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Светқали жырларындағы бабалар рухы осы арнаның нақты көріністерінің бірі. Құныскерей, Аманғали, Құрмаш, Ұзақбай секілді тұлғалардың тағдырын жырлау арқылы ақын өткен дәуірдің адамдық болмысын алға шығарады. Олардың өмір жолы мен таңдауларын адамдық және азаматтық өлшем тұрғысынан пайымдайды.

Болат Қорғанбек Светқалидың тарихи тұлғаларды жырлаудағы ішкі сенімділігін олардың дүниетанымымен рухани жақындығымен байланыстырады.  Зерттеушінің пікірінше, ақынның ұлт батырларының тағдырын терең сезінуі дүниеге көзқарасындағы ортақтықтан туындайды. Бұл ортақтастықтың рухани негізін Қожа Ахмет Ясауи ілімінен тарата отырып, Светқали жырларындағы ерлік, ар, парыз ұғымдарының өзара сабақтастығына назар аударады.

Елге, тарихқа деген көзқарас пен рухани құндылықтарға қатысты ұстаным – Светқали мен Болатты жақындастыратын ортақ сипаттардың бірі. Бұл жақындық олардың бір-бірінің өмірі мен еңбегіне берген бағаларынан да көрінеді.

Светқалидың «Телегей жырдың тамшысы» атты мақаласында Болаттың тұлғасы алпыс жылдық ғұмыр белесінде қалыптасқан дүниетанымы мен азаматтық ұстанымы арқылы танылады. Досы ретінде бірге жүрген жылдарын еске ала отырып, Светқали оның ізденістері мен ғылыми еңбектеріне тоқталып, тұлғалық болмысын аша түседі. Автор келтірген деректер Болаттың жастық шағында қалыптасқан көзқарастарының кейінгі қызметі мен шығармашылығында жалғасын тапқанын аңғартады.

Мақала мазмұнынан екі тұлғаның бір-бірін тану ерекшелігі де айқындалады. Болат Светқали поэзиясының ішкі өзегін оның өмірлік ұстанымдары мен адамдық қасиеттерінен таныса, Светқали Болаттың болмысын өмір жолындағы таңдаулары, ғылыми еңбектері мен руханият жолындағы қызметі арқылы ашады.  

Светқали Болаттың ақындық ізденістеріне тоқталып, оның жастық шағында жазылған «Кассандрамен тілдесу» өлеңін мысалға алады. Көне грек аңызындағы көріпкел Кассандра бейнесі арқылы халық тағдырын астарлап жырлауы Болаттың ел тағдырына ерте назар аударғанын көрсетеді. Өлеңдегі мифологиялық образ тарихи оқиғаларды көркем пайымдаудың тәсіліне айналып, ақынның сөз өнеріндегі ізденісін танытады.

 Бұл ұстанымның өмірдегі көрінісін Светқали Желтоқсан күндеріндегі оқиғалар арқылы көрсетеді. Қауіп-қатер төнген сол сәтте Болаттың досымен бірге жауапкершілікті мойнына алуы оның азаматтық табандылығын дәлелдейді. Сын сағаттағы осы әрекеттен оның адамдық қалпы мен азаматтық мінезі қатар көрінеді. 

Болаттың ұлттық мұраға ден қоюы оның ғылыми еңбектерінен де аңғарылады. Светқали «Шора батыр» эпосына арналған зерттеуін, Қожа Ахмет Ясауи мұрасына қатысты еңбектерін арнайы атап өтеді. Эпос, фольклор және Ясауи мұрасы Болаттың ұлттық жады мен түркілік рухани кеңістікті зерделеу аясын айқындайды. Осы еңбектері арқылы ол тарихи мұраның рухани мәнін ашады.

Бұл ізденістер Болаттың публицистикалық еңбектерінен де орын алады. Тарихи таным, ұлттық құндылықтар, рухани мәселелер, тарихи бұрмалаулар мен жасанды тұлғалар туралы мақалалары қоғамдық ойдағы берік ұстанымдарын танытады. Жиырма жылдан астам уақыт бойы ғылыми конференциялар, кездесулер мен семинарлар ұйымдастырып, ұлттық руханият мәселелерін көтеруі оның бұл саладағы қызметінің жүйелі сипатын көрсетеді. Ғылыми еңбегі мен қоғамдық қызметі бір-бірін толықтырған тұлға екені көрініп тұрады.

Светқалидың Болат бойындағы қайсарлықты оның атасы Қорғанбектен дарыған қасиетпен байланыстыруы да назар аударарлық. Атадан жалғасқан бұл мінез Болаттың бойында ғылымға, сөзге және азаматтық ұстанымға деген беріктігінен көрінеді. Мақаланың соңындағы «жәупер» мен «жалман» бейнелері осы болмысты көркем жинақтайды. Светқалидың «жайшылықта жұмсақ, қайшылықта қылпып шыға келетін мінез» деген сипаттамасы Болаттың осы қырын дәл көрсетеді. «Жәупер» мен «жалман» образдары оның қажет кезінде қайрат танытып, өз ұстанымынан таймайтын болмысын айқындайды.

Болат Светқали поэзиясынан арға адалдықты, елдік ойды және тарихи жадыны таныса, Светқали Болаттың өмір жолынан ақиқатқа беріктікті, ғылымға және руханиятқа қызмет ету жауапкершілігін көреді. Екі тұлғаның бір-біріне берген бағасынан олардың дүниетанымындағы ортақ арна – ар мен ақиқатқа адалдық екені білінеді.

Светқали поэзиясында ар адамның ішкі ұстанымынан ел мен тарих алдындағы жауапкершілікке қарай кеңейсе, Болаттың ғылыми және қоғамдық қызметінде ақиқатқа беріктік ұлттық мұраны зерттеу, сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу ісінен көрінеді. Осы сабақтастық олардың өмір жолындағы ортақ мұратты айқындайды. 

Әбдіғани Бәзілханұлы

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan