Заңғар оқымысты

Тәуелсіздік жалпы халықтың, әсіресе, ұлт зиялыларының жаңа тынысын ашты. Мұндай жағдай, біздің ойымызша, ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы тұсында да болды деп толық айта аламыз. Иә, тарих қайталанады десек, ұлттың еркін тыныстауы осындай азаттық идеялары тараған, көтерілген һәм асқақтаған дәуірде болады дейміз. Алаш қозғалысы тұсындағы ұлттық пікірдің дамуы мен жандануы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған саяси, рухани көсемдердің, қайраткерлердің есімдерімен және еңбектерімен тікелей байланысты болса, жаңа тәуелсіздік дәуіріндегі ұлттық сананың жаңғыруы қаламгерлер мен тарихшылардың еңбектерімен сабақтасады.

16

Заңғар оқымысты - adebiportal.kz

Егемендік кезеңі тарихымызды түгендеуге, бағалауға және көмескіленген өткенімізді тануға кең жол ашты. Осы ұлттық жаңғыру үдерісінде тарихи санамыздың қалыптасуы мен тереңдеуіне зор үлес қосқан ғалымдардың шоғыры қалыптасты. Солардың ішінде тұлғасы ерек және ғылыми дарыны айрықша оқымыстылардың бірегейі – Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев.

Бұл есім бүгінде жалпы қазақ баласына мәшһүр. Алаш қозғалысының тарихы мен Мәмбет Құлжабайұлының есімі тұтасып, Алаш қозғалысы дегенде барша жұртшылықтың ойына осы ғалымның есімі оралады. Еңбектері арқылы өзінің дара келбетін қалыптастыру шығармашылық тұлға үшін аса үлкен олжа деп ойлаймыз. Бұл дегеніңіз, тарихшының еңбектерін туған жұрты оқиды, өзін тыңдайды және айрықша құрметтейді деген сөз. Әлбетте, жалпы жұртшылықтың осындай зор бағасына ие болу – ғалым үшін марапаттың марапаты, алғыстың алғысы болса керек. Мәмбет Құлжабайұлының осындай жоғары халықтық бағаға ие болуының, біздің ойымызша, бірнеше сыры бар.

Ғылым мен тарихқа азаматтық адалдық

Қай істің де мәні мен сапасы – оған деген риясыз адалдықта. Бұл, әсіресе, дегдар таным мен шынайы деректерге сүйенетін ғылым үшін аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Мәмбет Қойгелдиевтің мақалаларынан бастап монографияларына дейін тарихи деректер шынайы жүйеленіп беріледі, ол  тарихшы ғалым ретіндегі тұлғасын биіктетеді. Шыны керек, қазақ тарихын жазуға әуесқойлар, ғылымның әдіснамасын меңгермегендер араласты, әлі де араласуда. Қарапайым оқырман, біздің ойымызша, шынайы тарихи зерттеулер мен патетикалық пікірлердің арасын ажыратуда әлі де қиындыққа тап болып жатады. Дегенмен, тарихи деректерге сын көзбен қарайтын зерделі оқырман ғылыми еңбектің құндылығын бағалай біледі.

Тәуелсіздік таңында жазылған Мәмбет Құлжабайұлының «Алаш қозғалысы» монографиясы баршамызға азаттық күресін шынайы танытатын еңбектердің бастауында тұр. Көбіміз осы ғылыми еңбек арқылы Алаш қозғалысын таныдық және қазақ халқы барда әлі талай буын осы монографияның игілігін көретініне сеніміміз мол. Әрине, бұл ретте академик Кеңес Нұрпейістің ғылыми бәсі биік «Алаш һәм Алашорда» монографиясын, Ғалым Ахмедовтің «Алаш «Алаш» болғанда» атты дерекке толы еңбегін қатар атауға тиіспіз.

Алаш қозғалысы қалыптасуы мен дамуының негізгі алғышарттары, өрістеу үдерісі және азаттық күрескерлерінің тарихи еңбегі объективті бағаланған бұл іргелі зерттеу ең алдымен әдіснамалық салмағымен және деректерді ғылыми түрде қорытуымен аса қымбат деп ойлаймыз. Ғылыми әдіснама – шынайы ғылымның басты тұғыры. Осындай берік әдіснамалық ұстаным академик ғалымның барлық еңбектеріне тән. Оның тарихшы ретіндегі кәсібилігі де тарихи деректердің шынайылығын сақтап, оларды ғылыми тұрғыдан қорыта білуінен айқын көрінеді.

Бүгін де, әсіресе қоғамдық ғылымдарда, ғылыми-әдіснамалық арқауы босаң еңбектер кездеседі. Осыдан шынайы ғылыми зерттеуден гөрі болжамға немесе публицистикалық пайымға негізделген еңбектерге жол берілетінін айтуға тиіспіз. Әлбетте, қай кезде де кәсіпқойлар мен әуесқойлардың еңбектері қатар жүрген және жүре беретін де сияқты. Бұл ғылымға да, әдебиетке де, жалпы адамның ой еңбегінің барлық түріне де тән құбылыс. Бірақ түптің түбінде шынайы дарындылардың еңбектері ғана тарихтың ұзын-сонар көшіне ілеспек. Тарих ғылымы үшін басты нәрсе – деректердің шынайылығы және оларды ғылыми тұрғыдан қорыту десек, осы қос қасиетті Мәмбет Қойгелдиевтің еңбектерінен молынан табамыз. Біздің ойымызша, бұл – тарихшының ғылымға адалдығын айғақтайтын басты ерекшелік.

Алашты тану – ұлттың рухы мен жанын тану

Қай халықтың болсын шынайы тарихын тану – сол халықтың рухы мен жанын танумен тікелей барабар. Себебі халықты дербес халық ететін – оның рухы. Ол – халықты небір сынақтардан алып шығатын асқақ қасиет, берік мінез және тынымсыз күрес. Тарих рухты не жасытады, не шыңдайды. Ғасырлар дауылынан шыңдалған ұлттың ғана болашағы жарқын.

Алаш қозғалысы – халқымыздың осындай шыңдалу сәті, ширығу мектебі. Жалпы халық басынан кешкен отаршылдық ауыртпалықты Алаш қайраткерлері мен күрескерлері көтере білді. Күрес барысында олардың өздері де шыңдалып, тұтас халықтың ұлттық санасының оянуына ықпал етті. Сөйтіп, замана қойған сұрақтарға жауап беріп, дәуірдің беталысын танып, «қазақ» деген халықтың асқақ айбынын, намысын биіктетті һәм қайрады.

Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің Алаш қозғалысының тарихына арнаған барлық еңбектері – осылардың шынайы сараланған ғылыми баяны. Сол себепті де біз оның еңбектеріне жиі оралып тұрамыз. Сол арқылы өткен тарихты танимыз, кешегіні бағамдаймыз. Бұл – академик ғалымның еңбектерінен бізге даритын үлкен тағылым.

Сонымен қоса бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін тағы бір аса маңызды тағылым бар. Ол – ұлттық қадіріңді ұғыну, қасиетіңді тану. Сондықтан ғалымның еңбегі бізді рухты, намысты ұрпақ болуға да үндейді. Тәуелсіздігін бекемдеп, жаһанданудың мұхитына кемесін салған біз сияқты ұлт үшін бұл тағылымның мәні зор. Академиктің сұхбаттары, мақалалары және кітаптарындағы тарих сабақтарының осындай өнегелілік мақсаты мен міндеті аса маңызды екенін айрықша айтуға тиіспіз.

Мәмбет Қойгелдиевтің зерттеулерінен қазақ халқының асқақ рухымен қатар, ғасырлар көшінде сан рет жараланған жан дүниесін де аңғарамыз. Ол тарихшы әрі ұлтжанды азамат ретінде осыны көрсетуді саналы түрде мақсат етіп, қалың оқырман қауымға туған халқының басынан кешкен ауыр кезеңдерін тарихшы көзімен, шынайы деректердің тілімен жеткізді. «Қорғансыздың күні» жинағы – тарихшының туған халқына деген жанашыр, гуманистік көзқарасын танытатын еңбек. Әділетсіздік бар жерде қорғансыздардың жапа шегетінін тарихи деректер негізінде баяндаған бұл кітап бүгін де әділетті мемлекет құруға бет алған халық үшін аса бағалы деп пайымдаймыз.

Тарихи деректер қаншалықты құрғақ болса да, оның ар жағында адамдардың, тұтас халықтың тағдыры тұратыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, тарихшының гуманистік көзқарасы туған халқының өткенін тануға, оған перзенттік құрметпен қарауға шақыратын азаматтық ұстаным деп бағалауға тиіспіз. Біз сияқты сан ғасырлардың өкпегі мен суығына шалынған халыққа өз тарихын танумен бірге төл шежіресін сезіну түйсігі де аса қажет.

Көркем әдебиет – қазақтың басты жанашыры мен айнасы

Академик Мәмбет Қойгелдиев – қазақ тарихшыларының ішінде әдеби материалдарға мейлінше көбірек жүгінген оқымыстылардың бірі. Осындай ерекшелікті этнограф, археолог, атақты академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның мұрасынан да байқаған болатынбыз. Біздің ойымызша, оның негізгі себебі – қазақ жырауларының, ақындары мен жазушыларының шығармаларында ұлт тарихына қатысты көптеген маңызды деректердің сақталуы. Сондай-ақ әдебиет өкілдері ұлттық тарихымыздың қай кезеңінде де халықты сақтаудың, халық үшін күресудің алдыңғы шебінде болды. Сондықтан да Мәмбет Құлжабайұлының зерттеулерінде әдебиеттің орнына айрықша.

Алаш қозғалысына келсек, ол Әлихан Бөкейханның әдеби аудармаларын, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтің көркем шығармаларын жиі мысалға алады. Оларға Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай», Асқар Сүлейменовтің «Бесін» шығармаларын қосыңыз. Ілгеріде аталған кітабының атауына Мұхаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесінің тақырыбын алуы да тегін болмаса керек.

Академик ғалымның Абай туралы пікірлерінде абайтану ғылымы үшін құнды әдіснамалық тұжырымдар бар. Мысалы, «Біз тани алмаған Абай» мақаласында: 

«...Абайдың өзі де ағартушылықтан асып, нақты іс-әрекетке бара алған жоқ. Ол үшін біз ұлы ойшылды кінәлай алмаймыз. Өйткені, ондай өмірдің ағымын өзгертуге сүйеніш боларлық алғышарттар қалыптаса қойған жоқ-тын. Бірақ, Абай феноменінің бір ғажап қыры сол, ол өзі қабылдай алмаған, өзі жараса алмаған ортаны өзгертуге қажет алғышартты даярлауға өзі басты роль атқарды. Жаратушы ием жұмыр басты пендесінің бәріне бірдей жаза бермейтін мұндай үлкен де абыройлы міндетті Абай өзінің сын мектебін жасау арқылы орындап шықты», – деп жазады. 

Бұл – ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан маңызды тұжырым. Себебі ғалым Абайдың өзі өмір сүрген кезеңде қалыптаспаған қоғамдық өзгерістердің алғышарттарын кейінгі Алаш дәуірі, тіпті бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін де даярлауға ықпал еткенін дәл көрсетіп отыр. Бұл пікірді зерттеушілер әлі де дәйектей түсері сөзсіз.

Академиктің ойшыл ақынға қатысты тағы бір әдіснамалық мәні бар пікірін келтіре кеткен жөн.  «Абай тұлғасы мен мұрасының қазақ тарихындағы орны» мақаласында: 

«Абайдың тұлғалық қалыптасуын баяндауға келгенде зерттеушілердің көпшілігі (аса құрметті Мұхаңнан, Мұхтар Омарханұлынан бастап), неге екені белгісіз, Батыс пен Шығыстың қайнар көздеріне басымдылық беретіндігі байқалады. Ұлы ойшылдың жастық шағында Шығыс классиктерінің, ал кемел шағында Батыс ақындарының ықпалында болғандығы айтылады. Бұл мүмкіндік заман ауанынан туындаған ғылыми әдіс те болар. Абай сияқты тарихи тұлға Батыс пен Шығысты тел емген деген пікір басым алған сәтте бүгін, яғни Абайды жаңаша түсінуге мүмкіндік туған жағдайда, «ойшылды өмірге әкелген топырақ пен ортаның жазығы қандай еді?» деген сауал көңілге орала береді», – дейді. 

Біздің ойымызша, Мәмбет Құлжабайұлы абайтанудағы осы мәселеге жаңаша назар аударып, оны тарихи тұрғыдан тереңірек зерделеудің маңызын көрсетті. Шынына келсек, академик ғалым атап көрсеткендей, Абай шығармашылығын Батыс пен Шығыс ықпалымен байланыстыра қарастыру сол кезеңдегі «заман ауанынан» туындаған ғылыми ұстаным болуы мүмкін. Ал қазіргі уақытта ойшыл ақын шығармашылығының генезисін оның қалыптасқан ұлттық ортасымен байланыстыра зерттеу – әдебиеттанушылар назар аударуға тиіс іргелі мәселе. Тарихшы осыны дәл танып, бізге әдіснамалық бағдар нұсқаған. Бұл орайда ойшыл ақынның шығармашылық қайнарларын тану үшін оның діни, географиялық, әлеуметтік, санаткерлік, жаһандық, мәдени кеңістіктерін зерделегеніміз дұрыс.

Алаш ұранды әдебиеттегі үлкен құбылыс – «Алқа» бағдарламасы. Академик ғалым осы бағдарламаның ерекшелігін тарихи-деректік тұрғыдан мейлінше толық ашып талдағанын айтуға тиіспіз.

Көркем әдебиет ұлттың тарихи жадын сақтайтын рухани мұра болғандықтан, халық өміріндегі маңызды құбылыстар мен үдерістер оның сөз өнерінен де көрініс табады. Әсіресе, сан ғасырлар бойы өзінің саяси мінбері болмаған ұлт үшін оның сөзін сөйлейтін негізгі топ, әлбетте, ақындар мен жазушылар болмақ. Осыны терең түсінген Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев тарих пен әдебиетті өз зерттеулерінде тығыз сабақтастыра қарастырады.

Мәмбет Құлжабайұлының ғалымдық тұлғасы тек ғылыми еңбектерімен ғана емес, тарихи танымды көпшілікке жеткізе білу шеберлігімен де ерекшеленеді. Академиктің баспасөз беттеріндегі және бейне форматтағы сұхбаттарының өзі тағылымға толы. Мұнда ол шешендік қырымен де танылады. Ғалымның сөздеріндегі үйлесімді қисын, ойды жеткізудегі шеберлік пен тереңдік оқырманды да, тыңдаушыны да, көрерменді де бірден баурайды. Идея бар да, оны жеткізу бар. Бүгінгідей оқығаннан гөрі бейнебаяндарды тыңдау мен көруге бейім тұратын көпшілік үшін Мәмбет Құлжабайұлының бұл сұхбаттарының орны ерекше. Кейде академиялық еңбектердегі күрделі баяндаулар, тарихи деректердің молдығы оқырманды жалықтырса да, осындай форматтағы дүниелер он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған адамды қызықтырады. Бұл да төл тарихымызды, тарихи тұлғаларымызды танытудың заманауи, кең таралған тәсілі.

Тәуелсіздік кезеңі қазақ елінің талай ірі тұлғасын танытты. Мұндай тұлғалар ғылым мен әдебиет үшін ғана емес, жалпы ұлттық сананың қалыптасуы мен мемлекеттіліктің нығаюы үшін де аса қажет. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев – халқымыз бен мемлекетіміз үшін, ең бастысы, бүгінгі һәм келешек ұрпақ үшін еңбектері аса бағалы, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған заңғар оқымысты.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ағамызды аса құрметпен құттықтай келе, өзіне есендік, ұрпағына амандық және ғылыми бастамаларына толайым табыстар тілеп, мақаламызды Мәмбет ағаның өз сөздерімен тұжырымдағымыз келеді: 

«Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген - ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті».

Ербол Тілешов, 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Тіл саясаты комитетінің төрағасы, 

филология ғылымдарының кандидаты. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan