Фараби феномені және жасанды интеллект
Бір нәрсенің басы ашық. Ерте дәуірлерде философия саласын айналымға енгізген де, қалыптастырған да, тіпті жан-жақты дамытқан да – негізінен ежелгі грек ойшылдары. Солардың арасынан әсіресе, Сократ, Платон және Аристотель үштігі аса жоғары мәртебе мен мәнге ие.
(Фарабитануға қайта оралу)
Төртінші мақала
ФАРАБИ - АРИСТОТЕЛЬДІҢ «ДОСЫ»
(Ұлы философ Аристотельге қатысты кейбір еңбектеріне орай)
Сан-салалы ғылымдардың ішінде философияның орны да, маңызы да ерекше екенін ертелі-кеш ғұлама ғалымдар айтып та, жазып та келеді. Бұл саланың көрнекті өкілдері әлемде ондап, тіпті жүздеп аналады. Алайда, солардың арасынан шоқтығы биігі, тарих сүзгісінен сүрінбей өткендері, сөйтіп ғасырдан ғасырға атақ-даңқы асқақтап жеткендері аса көп бола қоймаса керек. Бұл, әрине, шын философтың, нағыз ғалымның еншісіне бұйырған бақыт шығар, сірә!
Бір нәрсенің басы ашық. Ерте дәуірлерде философия саласын айналымға енгізген де, қалыптастырған да, тіпті жан-жақты дамытқан да – негізінен ежелгі грек ойшылдары. Солардың арасынан әсіресе, Сократ, Платон және Аристотель үштігі аса жоғары мәртебе мен мәнге ие. Жалпы, арғы-бергі тарихи жазбаларда «философия» деген атауды Пифагор айналымға қосты десек те, осы саланы ғылыми биік деңгейге көтеріп кеткен жаңағы біз атап көрсеткен үш тұлға. Тіпті, бірқатар жазба еңбектерінде Сократ, Платон, Аристотель үштігі шығыс (мұсылман әлемі) пен батыс (христиан әлемі) тарихында философия мен ғылымның тұғырын нықтаған ойшылдар есебінде аталады. Бұл үштіктің өзара ғылыми байланысы да өте тығыз: Сократ Платонға ұстаз болса, Платоннан Аристотель үйренді. Дегенмен, қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген қанатты сөз бар емес пе? Тап осы нақыл Аристотельге дөп келетіндей. Аристотель өзінің алдындағы екі ұстазының ең үздік те маңызды ой-тұжырымдарын бойына сіңіре отырып, қате тұстарын қайталамауға тырысып, ғылым жолында өзіндік соқпақ-сүрлеу қалыптастырды. Әлемдік ойшыл-ғалымдар Аристотельді «бірінші ұстаз» деп санауы тектен-тек болмаса керек.
Әлемдік деңгейде ой саралағанда, философия саласындағы ең озық тұлға, ақыл-парасатымен алдыңғы орынға ие болған және болып та келе жатқан ойшыл – ол Аристотель екені алғаусыз ақиқат! Аристотель өз заманында да, өзі өмірден өткен соң да философияның биік бәйтерегі сынды асқақтап тұр: оны замандастары да, кейінгі шәкірттері де мүлтіксіз мойындап, өзіне ұстаз санады. Айталық, ортағасырлық мұсылман философы, тегі араб, терең білімді ғалым Әбу Жүсіп әл-Кинди (801-873) былай деп жазыпты: «Ғылымдардың ішіндегі ең дәрежесі асқақ, шоқтығы биігі – философия. Бұл ғылым адамның ой-саналық мүмкіншілігіне қарай заттардың ақиқатын түсіндіреді. Шынайы философ ақиқатқа жету үшін тер төгіп, өзі де сол ақиқатқа амал етеді...». Әл-Кинди итальяндық өнерпаз, атақты модельер Пьер Карденнің бағалауынша, «әлемдегі ең үздік жиырма ойшылдың біріне» кіреді. Міне, осы әл-Кинди де өз заманында грек ғұламасы Аристотельді өзіне ұстаз санаған. Орта ғасыр ширегінде ерекше көзге түскен тек осы әл-Кинди ме? Бұл ретте шығыстан шыққан үздік ғалым-философтардың бір шоғыры сол уақыттарда өнімді еңбек етіп, жарқырай көрінгені ақиқат. Өз еңбектерін негізінен араб, парсы және түркі тілінде кестелеген нешелеген ғұламалар туралы, ашығын айту ләзім, әлі күнге жеріне жеткізе жаза алмай келе жатқанымыз тағы да шындық.
Айту керек, Аристотель ілімін әрі қарай жалғастырған мұсылман әлемінің көптеген ойшылдарының терең мағыналы еңбектері өз заманында батыс өркениетіне мейлінше зор ықпал ете алды. Тіпті, шығыс ғұламаларының барша ғылыми һәм теориялық жазба еңбектерін аттап өтіп, басқа ойшылдарды танып-білу мүмкін емес болып қалғаны да ақиқатқа жақын. Осы орайда фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев былай деп жазады: «...Француз философы Этьен Жильсонның айтуынша, орта ғасыр ислам философтары әл-Кинди, әл-Фараби, ибн Синаның еңбектерін оқып, танып - білмей, Акуинолық Томас, Дунс Скот және басқа да Еуропа философтарының еңбектерін түсіну мүмкін емес...» («Ана тілі», 17-23. 10. 2019).
Демек, бүкіл шығыс елдерінің ғалымдары үшін аса қымбат, мейлінше құдіретті, тіпті өз заманында «Азияның Аристотелі» немесе «Екінші ұстаз» деген атқа ие болған Фарабидің (осылай қысқартып жазуға келіскенбіз) орны мейлінше үлкейе түсері өзінен-өзі белгілі. Ағылшын елінің шығыстанушы ғалымы Роберт Хаммонд Фараби бабамыздың еңбектеріне көп көңіл аударып, оның мән-мағынасын терең аша түскен кісілердің бірі. Роберт Хаммонд Фараби туралы айта келіп, бабамыздың философия тарихында ерекше аталуының себептерін пайымдап баян қылады. Алдымен, Фараби эллиндік мұраны мұсылман әлеміне таныстырып, сосын мұсылман әлемін батысқа таныстырудың алтын көпірі болды. Екіншіден, Фараби орта ғасырда өмір сүрген схоласт ойшылдарына мейлінше зор ықпал етті. Мұның дәлелі – ұлы Альберттің өз жазбаларында Фарабиге сілтеме жасауы, егер трактаттарымен таныс болмаса, сілтеме жасар ма? Үшіншісі, ең негізгісі – Фараби Аристотельдің пайымдаулары мен теорияларын терең түйсіне отырып, оны өз дәуіріндегі замандастарына түсіндірді, күрмеулі мәселелерді шешуін тауып берді.
Атағы жер-жаһанға мәшһүр болған ғұлама баба, ірі философ Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби баба өзінің сексен жылдық ғұмырында ғылымның барлық салаларына барынша атсалысып, артына өлместей ұлы мұра қалдыра алды. Біз осы күні Фарабиді математиканың, химияның, астрономияның, медицинаның, т.б. ғылымдардың негізін қалаушы білімпаз ретінде құрметтейміз. Бұл – заңды да.
Өз ғұмырында 200-ге таяу (әртүрлі жазбаларда 150 мен 200 аралығы) трактаттар жазып қалдырған ғалымның рухани мұраларын мұқият талдап-таразылаған кісі әсіресе ұлы философ Аристотельге ерекше баға беріп, еңбектеріне аса құрметпен қарағанын аңғара алады. Алайда, біздің көптеген зерттеуші-ғалымдарымыз осы бағытты терең қаузап, мейлінше жеріне жеткізе жаза алды ма? Фараби мен Аристотель арасындағы тылсым күш – тығыз байланыстылықты дөп басып көрсете алды ма?
Кесіп айтып, кесімді пікір білдіруге батылдық жетпей жатады. Неге?.
* * *
Тұңғиық білімді ойшыл бабамыз қай кезең, қай уақытта өмір сүрді? Ол заман – қандай заман еді? Қай жағымен ерекшеленіп, қай қырынан дараланып, мен мұндалап тұра алады?
Тарих былай дейді: ақыл таразысына салып салмақтап көрсек, ғұлама ғалымның өмір сүріп, тіршілік еткен кезеңі түркі даласына ислам дінінің барынша еніп, түркі, араб және парсы мәдениетінің тоғысып, барынша араласуымен тұспа-тұс келеді екен. Ғылым мен мәдениеттің сол кезеңдегі аса танымал орталықтары – Бағдат, Шам, Мысыр, Алеппо елдеріне сапар шеккен өте алғыр жас ғалым араб, парсы, грек, латын, санскрит, т.б. тілдерді жетік меңгеріп, ғылымның қиын соқпағына батыл жол салған. Психология, философия, логика, математика, этика, эстетика, астрономия, тіл білімі, социология, т.б. салаларына арналған өте бағалы трактаттар жазыпты. Осыншама көп саланың басын біріктіріп, өз еңбектеріне өзек ету – әрине, үлкен ойлылық пен парасаттылықты талап етері хақ. Ал, салалап сөйлер болсақ, трактаттарының басым бөлігі сол замандарда есімдері барынша танымал болған Платон, Аристотель, Птоломей, әл – Кинди, т.б. еңбектерін талдауға, байыптап-бағалауға, сөйтіп кейінгі білімпаздар мен оқымыстыларға жіктеп – түсіндіруге арнапты.
Осылардың арасында әсіресе Аристотельге неліктен көбірек тоқталған? Оның басты себебі – философтың есімі сол кезде барынша аспандап, қол жетпес биікке шығандап тұрғандығы. Бұл заңды да еді. Аристотель өзіне дейінгі философиялық-психологиялық жазба еңбектердің бәріне де сын көзбен қарап, өз бетінше дамытып, жаңаша жазба түзе білді. Қалай десек те, сол кезең ішінде Аристотельді тым төмендетіп, шетке ығыстырып, көлеңкеде қалдырып қоя алатын әлде оқымысты, әлде философ болды ма екен?
Одан да тереңдетіп айтар болсақ – Аристотель еңбектерін оп-оңай айналып өтіп, басқа ілім-білім салалары жайлы толғамды ой қозғау еш мүмкін емес-ті. Мұны Әбу Насыр Мұхамед алғашқы кезден-ақ түсінген, сосын да ең алдымен осы атақты ғұламаның асыл мұрасымен толық сусындап алуды мұрат еткен еді. Былайша айтқанда, философияның қилы да қатпарлы мәселелерін Аристотель еңбектерімен тығыз бірлікте қарастыру мақсатын алға тартты. Міне, осындай бағытпен Фараби ең әуелі көне грек тілін үйренуге бар ынта-ықыласын аударды.
Бұл, әрине, өз кезегінде өте дұрыс әрі батыл қадам еді.
Ендігі міндет – сол ұлы философтың рухани мұраларын араб – парсы – түркі тілді білімпаздарға өз қалпында жеткізіп, асыл қазынаға айналдыру болатын-ды. Жасыратын жоқ, Аристотельдің бұған дейінгі аударма еңбектерінде (әсіресе, араб тіліне аударғанда) көптеген кемшіліктер байқалып қалып отырған. Тіпті бірқатар тәржіма жұмыстарында айтулы философтың тұнық ойлары бұрмаланып та көрсетілгені байқалып қалушы еді.
Бұл жайында ертелі-кеш зерттеушілер мен ғалымдар айтып та, жазып та қалдырған, бүгінгі күні де осы бір өзекті әңгіме жалғасын табуда.
Көрнекті шығыстанушы Е. Ә. Бертельс өз жазбаларының бірінде былай деп көрсетеді. «Аристотельдің араб тіліндегі алғашқы аудармалары мінсіз деуге келіңкіремейтін. Ғылыми терминологияның қалыптаспағандығы аудармашылар жұмысына едәуір бөгет жасады. Мәтінді игере алмағандықтан олар көбіне грек тіліндегі түпнұсқаның синтаксистік құрылымын сақтауға тырысып, аударманы араб оқырманы мүлде түсінбейтін жағдайға жеткізді. Тек Әбу Насыр әл – Фараби еңбектері ғана көне дәуір дүниелерін дұрыс түсінуге мүмкіндік берді. Ғалым Аристотельдің «Категориялар», «Герменевтика», «Бірінші және екінші Аналитика», «Топика», «Риторика», «Софистика», «Поэтика» секілді еңбектеріне түсіндірме жасады. Осы еңбектері әл-Фарабиді «Екінші ұстаз» атандырды» деп атап көрсетті. («Избранные труды», М., 1965)
Міне, мәтін мәселесінде орын алған осындай олқылықтар, елеулі кемшіліктер мен міндерді түзеу бағытында жұмыс істеген Отырарлық ғалым әсіресе, философия мен логиканы зерделеп-зерттеуде Аристотель ұстанған жолды жалғастырып, әртекті ой-тұжырымдарды реттеп-жүйелеп беруге күш жұмсап бақты. Соның нәтижесінде Фараби ұстазы Аристотельдің «Метафизика», «Риторика», «Поэтика», т.б. секілді ең елеулі әрі терең мағыналы еңбектеріне түсіндірме жазды, сөйтіп олардың маңызын ашып көрсетті. Тек бұл ғана емес, сонымен бірге «Екі дана – құдіретті Платон мен Аристотельдің көзқарас бірлігі туралы» да трактаты бар. Бұл аталған еңбектері тосын пікірлерге толы дүние еді.
Демек, Фараби Аристотельді жәй ұстаз ғана емес, ерекше білімді, құдіретті философ ретінде қабылдап, одан көп нәрсені үйренгенін де жоққа шығаруға болмайды.
* * *
Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабидің ғылым (әсіресе философияда) атты алып теңіздегі негізгі тірек еткен «достары» – Платон мен Аристотель болғаны ешқандай дау тудырмайды. Өйткені, ол қайсыбір трактаттарында болмасын, осы екі ғұламаға үнемі айналып соғып, еңбектеріне сілтеме жасап отырған.
Отырардан шыққан ғұлама алғашқы кезде «Екі дана - құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі туралы трактат» жазғанынан хабардар болып отырмыз. Бұл еңбегінде ең алдымен қос философ арасындағы болған пікір айырмашылығы жайынан сөз түзген. Сол замандарда екі ұлы философ екі бағыт ұстаныпты, бір-біріне кереғар пікірлер (негізінен философия мен дін арасындағы байланыс жайы) айтыпты деген сөз ушығып тұрған-ды. Міне, осы «теріс» сөздің түп-төркініне үңіле отырып, ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылыс жасап бақты. Бірі – ұстаз, екіншісі – шәкірт бола тұрып, олардың арасында осыншалық пікір алшақтығы орын алуы еш мүмкін еместігіне көз жеткізу үшін, ол екеуінің жазба еңбектеріне ықыласпен зейін қойды. Екі ойшыл да дін және философия туралы көп еңбектер жазғаны белгілі. Бірақ, бір нәрсеге келісе алмаған сыңайлы. Ол не? Ол – дін мен философия арасындағы байланыс, ұқсастық пен тамырластық. Екеуі де философияны көкке көтере отырып, дінді де өз биігінен төмендетпейді. Дін, керек болса, ол да философиялық ойдың бір саласына кіреді деп ойлайды. Бірақ, неге пікір қайшылығына ұрынды?
Фарабидің тәпсірлеуінше былай түсіндіріледі: алғашқы себеп - қос философтың бір-біріне ұқсамайтын өмір сүру салттарын ұстануы екендігі; соның салдарынан тілдің әртүрлі қолданылуы мен ой түю өзгешелігі; сосынғы себеп – олардың осы бағыттағы еңбектерінің басқа оқымыстыларға әртүрлі мағынада (тағы да тәржіма сапасы) жеткізілуі. Осыдан барып, екі ойшылдың философиялық көзқарастары мен ой-түйіндері, жалпы алғанда мәні жағынан ұқсас бола тұрып, екіұдай пікірге бастау жол салған еді.
Бұл түсініспеушіліктің түп-тарихы әріден бастау алып жатыр еді.
Бұның, сөз жоқ, бірнеше себептері бар, әрине. Қалай десек те, ғалымдар арасында бірінші кезекте қос ойшылдың еңбектерін түпнұсқадан оқып, толық түсіну жағы ақсап жатқандығы. Екіншіден, ол замандарда да қызғаныш пен көреалмаушылық (қасақана мәселені ушықтыру) болмады деуге негіз жоқ. Үшіншіден, расында да, Платон мен Аристотель философиясында бір қарағанда тез түсіне қоймайтын кейбір пікір алшақтары мен өзгеше түйіндемелер (трактовкалар) аз кездеспейтін, әркімнің өз жазу машығы мен ойлау деңгейі болуы, тағы да заңды құбылыс.
Міне, осындай қадау-қадау объективті және субъективті себептердің болуынан екі ғұлама-философ турасында көптеген тартыстар мен алыпқашпа әңгімелер болып жатқан-ды.
Екі ұлы философ өмірден озған соң, атағы жер жарған қос ғалымды бір-біріне қарсы қою тенденциясы байқалып, осындай шетін мәселе келе-келе үлкен салалы әңгімеге жол ашты. Алайда, Фарабидің тәпсірлеуінше, тап осы екі ойшылдың жазба еңбектерінде көзге ұрып тұрған кереғар алшақтық байқалмайтын еді. Сонда да айтыс-тартыс басылған жоқ, үдей түсіп, ғасырдан ғасырға жалғасып жатты.
Тарихқа үңіліп қарасақ, тап Платон мен Аристотель арасындағы «түсініспеушілікті» өз уақытында, яғни ІІІ-ғасырда, александриялық философия мектебін негіздеушілер – Аммоний (Александриялық) мен Порфирий (Римдік Сирия) де түсіндіріп байқап, «татуластыруға» күш салыпты. Екеуі бірлесіп, Платон мен Аристотель еңбектін талдаған, түсінік жазған, мәнін ашқан. Бұл да өз кезінде елеулі шаруа һәм үлкен жұмыс болып есте қалды. Жақсы ниет ретінде бағаланып, тарихқа енді.
Ал, біздің бабамыз Фараби болса осы ойды әрі қарай дамытып, ақиқат аулына біршама жақындата түскен болатын. Біз сөз еткелі отырған «Қос дана – құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі туралы трактат» қандай мәнге ие? Енді осыған тоқталалық.
Жасыратыны жоқ, Аристотель философиясында ислам дініне, оның дүниетанымына аздап болса да «қарсылық» сезіліп қалатын. Фараби осы тұсын қазбалай отырып, мұны Платон философиясының қайырымдарымен «жұмсартуға» күш салды. Және ол ойы өте сәтті іске асты да.
Құдай ұғымына қарсы тұрмайтын философияны негіздей отырып, Платон мен Аристотель еңбектеріне ашық та даңғыл жол ашты десе де болады.
Былай қарағанда, Әбу Насыр Мұхамед бабамыз тап осы тұста асқан байқампаз ғалым-философ болумен қабат өте білгір дипломат-мәмілегер қызметін де қоса атқарып отыр.
Алайда, өз заманында кейбір «исламтанушы-арабтанушылар» Фарабиді қолдау орнына, оның ұстанымы мен көзқарастарынан кемшілік іздеп бақты. Негізгі себеп – Фарабидің «Платоншы-Аристотельші бағытты» ұстануы мен ислам дінінен алшақтап, бірқатар жазба еңбектеріндегі ой-тұжырымдарын «басқа дінмен» араластырып жібергендігі. (Негізі бұны кең мағынада алып қарасақ – Отырарлық ғұлама ислам діні туралы түсінікті жалпыландырып, ауқымын кеңейтіп, араб «монополиясынан» аршып алуы деп топшылауға болады). Анығында, имам Әбу Хамид әл-Газалидің Фарабиді сынға алуы да осы жерден бастау алып жататыны байқалады. Әл-Газали «сыны» біршама уақыт Фарабидің ғалым-дінтанушы ретіндегі беделін түсіріп жіберуге тікелей ықпал еткенімен, екінші бір мұсылман ғалымы ибн Рушд өз дәлелдемелері арқылы асқан үздік ғалым-философты қайтадан «ақтап» шықты. (Анықтай кетер болсақ, ибн Рушд (Батыс елдерінде - Аверроэс) әл-Фарабиді өз ілімінің ұлы ұстаздарының бірі және рухани ізашары санағанын ашық жазады).
* * *
Отырарлық ғұлама өзінің « Философияны үйренуге дейінгі алғышарттар туралы трактат» еңбегінде философияны меңгеруге дейін тоғыз түрлі әрекет талап етілетінін жазады. Олар:
1.Философия ғылымындағы барлық мектептер атауын білу.
2.Аристотельдің әр кітабының негізгі мақсаттарын меңгеру.
3.Философияны үйренуге негіз болғанғылымды игеру.
4.Философияның негізгі мақсаттарын жетік білу.
5.Философияның кемеліне жету мақсатындағы тұлғаның соған жету жолдарын білу.
6.Аристотельдің әр кітабындағы тілдерді жетік меңгеру.
7.Аристотельдің өз кітаптарына түсініксіздіктерді қосу себебін білу.
8.Философияны меңгерген тұлғаның қандай жағдайда болатынын анықтау.
9.Аристотельдің әр кітабын үйренуге қажетті нәрселерді білу.
Міне, осында жазылған және басқа да ойлары біздің заманымызда да өзінің құндылығын жойған жоқ. Ал, өзінің ұстазы Аристотельге деген құрметі мен ықыласы осы жерден-ақ көрініп тұрғаны тағы да рас.
Фараби бұдан басқа да көптеген философиялық трактаттарында Платон мен Аристотельді айналып өткен емес. Ол, әсіресе, әдебиет, өнер, музыка туралы жазба еңбектерінде үнемі Аристотель ойларына сүйеніп, одан дәйексөз алып отырған. Содан да болар, Әбу Насыр Мұхамед ойлары мен тұжырымдары көп ретте грек философымен үндес шығып жатады. Бірақ, бұдан шығатын қорытынды – Фараби барлық уақытта Аристотельге еліктеуші болды деген ұғым тумауы керек.
Аристотель еңбектерін барынша бағалай тұра, Отырарлық ойшыл әлемдік философияда өз жолын, өз даңғылын сала білді. Оның терең де мазмұнды жазба еңбектерін оқыған кейінгі оқымысты-ғалымдар Фарабиді де өздеріне жақын санады, тіпті ұстаз тұтты. Олардың арасында, айталық, Әбу али Ибн Сина, ибн Рушд, Әбу Райхан әл-Бируни, т.б. бар.
Сөз түйіні – Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби өз заманында Аристотель секілді философияның алыбымен рухани «достасып», өмір бойы оның құнды мұраларымен сусындады. Тіпті көне грек тілін үйреніп, түпнұсқадан оқып-танысқаны жайлы да деректер бізге дейін жеткен.
Олай болса, «Фараби және Аристотель» тақырыбы алдағы уақытта да толымды еңбектердің тақырыбы бола береріне сенгіміз келеді.
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ
