Ар жолындағы арпалыс: Светқали Нұржанның «өткен күздің өксігі» топтамасындағы ар-ождан тартысы
Әдебиеттегі ар мәселесі – адам болмысының рухани негізін, оның ақиқат алдындағы ұстанымын және қоғам алдындағы жауапкершілігін танытатын күрделі тақырыптардың бірі. Ар адамның ішкі тазалығын білдіретін адамгершілік өлшем болумен қатар, оның әділетсіздікке көзқарасын, шындықты қорғау жолындағы табандылығын және қандай жағдайда да өз ұстанымына адал болу қабілетін айқындайтын рухани тірек. Осы тұрғыдан алғанда, ар тақырыбының көркем шығармадағы көрінісін зерттеу адам мен қоғам арасындағы моральдық қайшылықтардың табиғатын тануға мүмкіндік береді.
Светқали Нұржанның «Өткен күздің өксігі» топтамасы осы мәселені әртүрлі мазмұндық және көркемдік қырынан қарастыруға негіз болады. Топтамаға енген «Қарғалар», «Талғар тұтқыны», «Отыз нешінші жыл», «Күзгі той», «Медеудегі күз», «Біздік сынақ», «Әзірет Сұлтанды соттау» және «Қазақ азаттығы» шығармаларында рухани құндылықтардың күйреуі, ақиқат пен жалғанның қайшылығы, әділетсіздік, сенім, ұлттық намыс және Отан алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады. Бұл өз алдына дербес тақырыптар болғанымен, олардың арасынан адамдық ұстаным мен рухани жауапкершілікке қатысты ортақ желіні байқауға болады.
Топтамадағы лирикалық кейіпкердің болмысы сыртқы ортамен үйлесім табумен бірге, сол ортадағы қайшылықтарға жауап іздеуімен ерекшеленеді. Оның сөзі мен сезімінен әділетсіздікке қарсылық, рухани құндылықтарға алаңдаушылық және ақиқат жолындағы табандылық аңғарылады. Осы тұста ар мәселесі жай ғана моральдық ұғым шеңберінен шығып, адамның қысым мен жалғыздық жағдайында өз ұстанымын сақтап қалумен сабақтасады. Ал «Қазақ азаттығы» шығармасында бұл мәселе ұлттық намыс, тарихи жады және елге адалдық деңгейіне көтеріледі.
Мақаланың мақсаты – Светқали Нұржанның «Өткен күздің өксігі» топтамасындағы ар-ождан тартысының идеялық мазмұны мен көркемдік сипатын талдау, жеке адамның рухани қарсылығы мен ұлттық жауапкершілік арасындағы байланысты ашу. Осы мақсатқа жету үшін шығармалардағы ақиқат пен әділет мәселесі, лирикалық кейіпкердің моральдық ұстанымы, рухани сенімнің сыналуы және ұлттық намыс мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылады.
Зерттеудің негізгі болжамы бойынша, аталған топтамада ар – адамның ішкі қасиеті болумен қатар, ақиқат пен әділет жолындағы күресте сыналатын рухани ұстаным екені айқындалады. Бұл ұстаным жеке адамның басындағы қайшылықтардан басталып, қоғамдық жауапкершілік пен ұлттық болмыс мәселелеріне ұласады. Шығармалардың мазмұнына, бейнелер жүйесіне, лирикалық кейіпкердің үніне және көркемдік тәсілдеріне сүйене отырып талдау мақаланың негізгі міндеті болып табылады.
1. Ар мен ақиқаттың тартысы
Светқали Нұржанның «Өткен күздің өксігі» топтамасында ар-ождан мәселесі ақиқат пен жалғанның, әділет пен озбырлықтың арасындағы қайшылықтар арқылы ашылады. Бұл тартыс кейіпкердің жеке сезімі шеңберінде қалмайды. Ол қоғамдық ортадағы моральдық өлшемдердің бұзылуына, рухани құндылықтардың бағаланбауына және шындықты айту құқығының шектелуіне қатысты кеңірек мәселе көтереді. Ақынның лирикалық кейіпкері осындай қайшылықтарға сырттай бақылаушы болып қалмай, оларға өз ұстанымы арқылы жауап береді.
Бұл ерекшелік әсіресе «Талғар тұтқыны» мен «Отыз нешінші жыл» шығармаларында айқын көрінеді. Екі туындыда да қудалау, соттау, тұтқындалу сарындары бар. Алайда олардың көркемдік қызметі бірдей емес. «Талғар тұтқынында» ақиқат пен жалғанның тартысы ықшам лирикалық көрініс арқылы берілсе, «Отыз нешінші жылда» бұл қайшылық кеңейіп, қоғамдық айыптау мен моральдық жауапкершілік мәселесіне ұласады.
1.1. «Талғар тұтқыны»: ақиқатқа шығарылған үкім
«Талғар тұтқыны» өлеңінде табиғат көрінісі мен лирикалық кейіпкердің
ішкі күйі өзара сабақтасып жатады. Талғар шыңы, күздің суық демі, үнсіз қалған ағаштар мен құзғын бейнелері шығармадағы көңіл күйді қалыптастырады. Табиғат мұнда оқиға өтетін кеңістік болып қана қалмай, кейіпкердің рухани күйзелісін танытатын көркемдік орта қызметін атқарады.
Өлеңнің басында ақын:
«Құз құшар қолтығымда болмай қанат,
Тұрмын мен Талғыз шыңға талмай қарап», – деп жазады. Қанаттың болмауы мен шыңға қарап тұру бейнесі кейіпкердің ұмтылысы мен мүмкіндігінің арасындағы алшақтықты аңғартады. Ол биікке көз тігеді, бірақ сол биікке еркін самғауға қауқарсыз. Осы бейнені кейінгі жолдардағы тұтқындық пен дәрменсіздік сезімімен байланыстыра қарастыруға болады. Кейіпкердің күйзелісі жеке адамның мұңымен шектелмейді:
...Тұншығам тау ішінде,
Түстен шықпай
Тұтылған бауырларым абақтыға...
Мұндағы тұншығу бейнесі физикалық кеңістіктің тарылуымен бірге, рухани қысымды да сездіреді. Кейіпкердің ойы тұтқындалған бауырларына ауғандықтан, оның күйзелісі жеке басының жағдайынан кеңірек сипат алады. Өзгелердің тағдырына алаңдау – оның моральдық жауапкершілігін танытатын белгі.
Өлеңнің идеялық өзегін жинақтайтын жолдар:
Екінді.
Тұрмын қарап Талғар шыңға,
Сот жасап жатыр бүгін жалған – Шынға!..
Бұл жерде сот бейнесі қалыпты құқықтық әрекеттің мағынасынан шығып, ақиқат пен жалғанның орын алмастыруын білдіретін символдық сипатқа ие болады. Әдетте шындық жалғанды әшкерелеуге тиіс болса, өлеңде керісінше, жалғанның өзі шындыққа үкім шығарып тұр. Осылайша, әділет өлшемінің бұрмалануы көркем қарама-қарсылық арқылы бейнеленеді.
Дәл осы тұста ар мәселесі тікелей аталмаса да, оның негізі көрінеді. Егер жалған ақиқатқа үкім шығаратын жағдай қалыптасса, адам алдында моральдық таңдау пайда болады, ол сыртқы үкімге мойынсұну ма, әлде ішкі сеніміне адал болып қалу ма? Лирикалық кейіпкердің күйзелісі осы қайшылықты сезінуден туындайды. Сондықтан өлеңдегі ар-ождан тартысы ашық ұран түрінде емес, табиғат бейнелері, тұтқындық мотиві және ақиқаттың символдық сотталуы арқылы танылады.
Өлең соңындағы:
Мынау – күз.
Алда қыс бар...
Тұрмын тағы
Тауымның мәлғұндарын үркіте алмай!.. – деген жолдарда күзден қысқа ауысуы алдағы ауыр кезеңнің ишарасы ретінде бейнеленген. Алайда бұл жерде табиғат мезгілін бір ғана мағынаға байлап қоюға болмайды, оның көркемдік әсері кейіпкердің үмітсіздігі мен дәрменсіздік сезімін күшейтуінен көрінеді. Ол әділетсіздікті байқайды, оған іштей қарсы, бірақ жағдайды өзгертуге дәрменсіз. Осы қайшылық өлеңнің трагедиялық үнін қалыптастырады.
Демек, «Талғар тұтқынында» ар мәселесі – жалған үкім үстемдік еткен жағдайда ақиқатқа деген адалдықты жоғалтпау тұрғысынан көрініс табады. Ақын оны тікелей насихаттамай, кейіпкердің рухани күйзелісі мен символдық бейнелер жүйесі арқылы ашады.
1.2. «Отыз нешінші жыл»: арды айыптау және ақиқаттың қорғанысы
Егер «Талғар тұтқынында» ақиқат пен жалғанның тартысы символдық көріністер арқылы берілсе, «Отыз нешінші жыл» өлеңінде бұл қайшылық ашық қарсылыққа, айыптауға және лирикалық кейіпкердің өз ұстанымын қорғауына ұласады. Шығармада бақылау, жалған айып, тергеу, сот және түрмеге қамау бейнелері біртұтас қысым кеңістігін қалыптастырады. Осы ортада ар мәселесі адамның өзіне тағылған айыпқа берген жауабы және моральдық жауапкершіліктің кімге жүктелуге тиіс екені туралы сұрақтармен байланысады.
Өлеңнің алғашқы жолдары-ақ кейіпкердің қандай жағдайда қалғанын аңғартады:
«Басқан ізім бағулы,
телефоным тыңдаулы,
Бізді жау ғып шығарды тапсырмалы бір қаулы…» Мұнда бақылау мен аңду жеке адамның еркіндігіне төнген қауіп ретінде көрінеді. «Басқан ізім бағулы» және «телефоным тыңдаулы» деген тіркестер кейіпкердің күнделікті тіршілігінің өзі күдікке айналғанын білдіреді. Ал «Бізді жау ғып шығарды» деген жолда айыптың нақты әрекетке емес, алдын ала қалыптасқан шешімге сүйенетіні аңғарылады. Осылайша, шығармада кінә мен кінәсіздік мәселесі құқықтық үкімнің дұрыстығымен емес, сол үкімнің қандай негізде жасалғанымен де сабақтасады.
Ақын бұл ахуалды ақпараттық және қоғамдық қысым бейнелерімен толықтырады:
Телеарналар табалап,
интернеттер абалап,
«Жауы іздеген біз болып» жатыр тынбай жалалап.
Қоғамдық кеңістіктегі айыптау кейіпкердің жеке басына бағытталған әрекет болып қана қалмай, оның беделіне және сөзіне ықпал ететін күш ретінде суреттеледі. «Табалап», «абалап», «жалалап» деген етістіктердің дыбыстық үндестігі де өлеңнің ширыққан ырғағын күшейте түседі. Олардың мағыналық жақындығы үздіксіз қысым мен бірін-бірі қайталаған айыптаулардың әсерін танытады.
Ар мәселесінің тереңдей түсетін тұсы – кейіпкерге тағылған кінә мен өзінің ішкі сенімі арасындағы қайшылық. Өлеңде:
Не деп тұрсың, сот-тақсыр, дәлелің мен фактың жоқ?! –
Қатты адастың, сен маған:
«Отаныңды саттың деп!..» – деген жолдар бар. Кейіпкердің қарсылығы
жай ғана өзін ақтауға ұмтылу емес. Ол айыптаушыдан дәлел талап етіп, кінә тағудың моральдық және қисындық негізін сұрайды. Осы арқылы шығармада әділеттің маңызды шарты – адамның тағдырына қатысты үкімнің дәлелге сүйенуі деген ой белең алады.
Бұл тұста ақынның «Отанды сату» ұғымына қатысты жасаған қарама-қарсылығы да маңызды:
Шын отанын сатқандар төріңде отыр оталап,
«Тәуелсіздік тойымен» құттықтасып – бокал ап!
Кейіпкердің пайымдауынша, Отанға опасыздық жасағандар мен сол айыпты мойнына алған адамның қоғамдық орны бір-біріне қарама-қайшы. Осы қайшылық арқылы ақын ресми атақ пен жария ұстанымның адамгершілік өлшемге әрдайым сәйкес келе бермейтінін көрсетеді. Мұнда ар сыртқы мәртебемен емес, адамның шын мәніндегі іс-әрекетімен өлшенуге тиіс деген идея жатыр.
Алайда өлеңдегі ең маңызды тұстардың бірі – ардың тікелей аталуымен байланысты:
«Өлілерден ән ұрлап,
Тірілерден ар ұрлап…» Бұл жолдарда «ар ұрлау» тіркесі моральдық құндылыққа жасалған қиянатты білдіреді. «Ән ұрлау» мен «ар ұрлау» қатар қойылып, рухани мұраны иемдену мен тірі адамның адамдық қадірін аяққа таптау өзара сабақтастырылады. Осы бейнелі параллель арқылы ақынның сыны жеке бір адамның тағдырынан кеңейіп, мәдени және адамгершілік құндылықтарға жасалған қиянат мәселесіне ауысады.
Сонымен бірге, өлеңдегі «ар» ұғымын кейіпкердің өзін кінәсіз деп жариялауымен ғана шектеуге болмайды. Шығарманың көркемдік қуаты – кейіпкердің өзіне тағылған айыпқа қарсы шығуымен қатар, айыптаушы ортаның моральдық өлшеміне де сұрақ қоюында. Ол кімнің кінәлі екенін де, кімнің басқаға үкім шығаруға моральдық құқығы бар екенін де ашық айтады. Сөйтіп, сот бейнесі құқықтық мекеменің шегінен шығып, ар-ожданды бағалайтын қоғамдық өлшемнің символына айналады.
Өлеңнің соңына қарай кейіпкердің үні қарсылық пен табандылық сипатына ие болады:
Біз Тажалдың ешқашан
көне алмаймыз тезіне,
Қос уыс құм Сұмдықтың
құйылғанша көзіне!..
Мұндағы «біз» есімдігі лирикалық кейіпкердің жеке даусын ұжымдық қарсылық үніне айналдырады. Бұл – өлеңнің идеялық құрылымындағы маңызды өзгеріс. Бастапқыда бақылау мен жалған айыпқа ұшыраған адамның үні естілсе, соңында ол белгілі бір рухани ұстанымды бөлісетін топтың атынан сөйлейді. Демек, арды қорғау жеке адамның ішкі мәселесі күйінде қалмай, ортақ моральдық қарсылықтың негізіне айналады.
Осы тұрғыдан «Отыз нешінші жыл» өлеңінде ар – адамды сырттан бағалайтын қоғамдық үкімге қарсы қойылатын ішкі моральдық өлшем ретінде көрінеді. Бірақ ақынның идеясы айыптаушыны айыптаумен ғана аяқталмайды, шығарма оқырманды кінә, дәлел, әділет және жауапкершілік ұғымдарының арақатынасы туралы ойлануға жетелейді.
1.3. Екі өлеңдегі ортақ желі мен айырмашылық
«Талғар тұтқыны» мен «Отыз нешінші жыл» шығармаларын салыстыру
арқылы ар-ождан тартысының екі түрлі көркемдік деңгейін байқауға болады.
Бірінші, өлеңде ақиқаттың сотталуы табиғат көрінісі мен символдық бейнелер арқылы жеткізіледі. Кейіпкердің қарсылығы көбіне ішкі күйзеліс пен дәрменсіздік сезімінен танылады. Екінші, өлеңде осы қайшылық ашық сөзге, дәлел сұрауға және айыптаушы ортаның моральдық ұстанымын теріске шығаруға ұласады. Бірінде ақиқат пен жалғанның тартысы ықшам лирикалық көрініске сыйса, екіншісінде ол қоғамдық айыптау мен рухани қарсылықтың кең ауқымды суретіне айналады.
Осы айырмашылық олардың ортақ идеясын да айқындай түседі. Ардың сыналуы адамға сырттан үкім шығарылған сәтте басталады да, сол үкімнің әділеттілігіне күмән келтіріп, өз ұстанымын сақтауға мәжбүр болған кезде тереңдей түседі. Сондықтан бұл екі туындыны байланыстыратын негізгі мәселе – қысымға ұшыраған адамның күйзелісі ғана емес, ақиқат пен әділеттің өлшемін кім белгілейтіні туралы сұрақ.
Бұл жерде «ар жолындағы арпалыс» ұғымының алғашқы мазмұны ашылады. Арпалыс – тек сыртқы күшпен күресу емес, жалған үкімнің үстемдігі жағдайында шындыққа адал болып қалудың моральдық қиындығы. Ақынның көркемдік шешімі осы күресті бірде символдық табиғат суретімен, бірде ашық публицистикалық үнмен жеткізуінен көрінеді.
1.4. «Қарғалар»: ар тазалығы және шынайы сенім мәселесі
Светқали Нұржанның «Қарғалар» өлеңі топтамадағы ар-ождан мәселесін рухани-діни кеңістікке алып шығады. Алдыңғы өлеңдерде ақиқатқа сырттан үкім шығарылса, бұл туындыда рухани құндылықтың сыртқы белгіге айналуы, қасиетті ұғымдардың қоғамдық көрініс құралы ретінде пайдаланылуы сыналады. Ақын қарға бейнесін жай ғана табиғат құсы ретінде емес, белгілі бір мінез-құлықтың, рухани жалғандық мен ақиқаттың көркемдік нышаны ретінде қолданады.
Өлеңнің идеялық бағытын оның кіріспесіндегі қарға туралы мысқылды сипаттамадан-ақ аңғаруға болады:
Қарға деген азғын құс,
Жоқ ешқандай боқтан басқа қайғысы.
Үш жүз жасап бітірмеген мазмұнды іс,
Жаһандағы құс біткеннің байғұсы!» – Бұл жолдарда ақынның ирониялық үні анық естіледі. Қарғаның ұзақ жасауы мен мазмұнды іс атқармауының қарама-қарсылығы өмірдің ұзақтығы мен оның рухани мәні бір нәрсе еместігін аңғартады. Мұндағы негізгі өлшем – қанша өмір сүргенің немесе қандай атаққа ие болғаның емес, сол ғұмырдың мазмұны мен адамдық құндылығы. Осы тұрғыдан алғанда, қарға бейнесі сыртқы бедел мен ішкі мазмұнның алшақтығын әшкерелейтін сатиралық құралға айналады.
Өлеңдегі негізгі бұрылыс ақынның теледидардан қарғалардың «Алла-лап!» сайраған үнін естіген сәтінен басталады:
Өзің жайлы кеш, қарға,
Мен де ойлаушы ем дәл осындай жобада.
Кеше кешке теледидар қосқанда,
Үніңді естіп келді тілім тобаға!» Бұл тұстағы таңданыс – табиғат құбылысына ғана таңдану емес. Қарғаға бұрыннан телінген жағымсыз сипат пен оның Алланы еске алғандай көрінетін әрекеті арасындағы сәйкессіздік ақынның ойына түрткі болады. Көркемдік қайшылықтың мәні де осында: бұрын қадірсіз саналған бейне кенеттен қасиетті сөзді қайталайды. Бірақ қасиетті сөздің айтылуы сол сөздің рухани мазмұны шынайы қабылданды дегенді білдіре ме? Өлең осы сұрақты алға тартады.
Ақынның:
Жақсы атанып көрмеп едің ілкіден,
Дәріптеген жаннан Хақты – кім артық?! –
Кеше қарға ең – боқ пен зәрі мүңкіген,
Бүгін Сенен Хақ Жұпары тұр аңқып!.. – деген жолдарында сыртқы өзгерістің астарындағы рухани мәселе өткір сұраққа айналады. Қарғаның бейнесі арқылы ақын қасиетті ұғымдарды дәріптеу мен сол қасиеттерге шын берілу арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Мұнда «Хақ Жұпары» мен жағымсыз иіс бейнелерінің қарама-қарсылығы айрықша қызмет атқарады. Иіс – көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін белгі. Ақын осы сезімдік бейнені пайдаланып, адамның рухани болмысын сыртқы сөзімен бірге ішкі тазалығынан тану қажеттігін меңзейді.
Өлеңнің маңызды тұсы – сынның бір ғана құс бейнесімен шектелмеуі. Ақын адамға тән құбылысты қоғамның рухани ахуалымен байланыстырады:
Құс азғыны қарға құрлы тобасын
Қамдамаған –
жаһанның ең байғұсы -
Біздің НӘҺАН әрлеп әлек «қорасын»,
Боқтан басқа жоқ ешқандай қайғысы!..
Бұл жолдарда «құс азғыны» мен адам арасындағы азғындықты салыстыру арқылы моральдық өлшем бейнеленеді: ақыл-есі бар адам рухани тұрғыдан өзі төмен санаған құстан да кейін қалуы мүмкін. «Тобасын қамдамау» – өлеңнің діни-этикалық мағынасын тереңдететін тіркес. Ақын үшін мәселе діни сөзді айтуда емес, сол сөздің мәніне сай өмір сүруде. Демек, өлеңнің сыны діннің өзіне бағытталған деп біржақты тұжырымдау дұрыс болмас еді. Мәтіндегі негізгі нысана – қасиетті ұғымдардың шынайы рухани тәжірибеден ажырап, сыртқы көрініс деңгейінде қалуы.
Қарға бейнесінің қоғамдық кеңістікке ұласуы өлеңнің келесі жолдарынан байқалады:
Қала, дала баттасып ап кір-шаңға,
Еш үмітсіз жатыр өлі қорым боп.
Құс қылшы, Алла, мейлі, қарға қылсаң да,
Жерде Сені Еске Алуға орын жоқ!..
Мұндағы қала мен даланың кір-шаңға батуы тек табиғи немесе тұрмыстық көрініс емес, адамзат санасының ең төмен деңгейге дейін құлдырап, рухани апатқа ұшырауының ишарасы ретінде оқылуы тиіс. «Өлі қорым» метафорасы қоғамдық өмірдің жансыздануын, үміттің әлсіреуін аңғартады. Ал «Жерде Сені Еске Алуға орын жоқ» деген түйін сыртқы діни сөздің көптігі мен шынайы рухани кеңістіктің тарылуы арасындағы қайшылықты күшейтеді. Ақынның көркемдік әлемінде рухани дағдарыс қасиетті атаулардың айтылуымен емес, сол қасиеттің адам өмірінде орын алуымен өлшенеді.
Өлең соңындағы:
ХАҚҚА ЗІКІР жаудыртшы бір аспаннан,
Қара киіп қайғы ойлаған қарғалар!..
АЛЛА-ЖАР!
АЛЛА-ЖАР!!
АЛЛА-ЖАР!!! – деген қайталау екіұшты, күрделі әсер туғызады. Бір жағынан, мұнда ирониялық үн сақталады; екінші жағынан, рухани тазалыққа деген мұқтаждық пен зарлы тілек естіледі. Қайталаудың екпіні өлеңді жай мысқыл деңгейінде қалдырмай, қоғамдық-рухани күйзелісті білдіретін эмоционалдық кульминацияға жеткізеді.
Осылайша, «Қарғалар» өлеңінде ар мәселесі адамның өз сөзі мен ішкі болмысының сәйкестігі арқылы ашылады. Егер «Талғар тұтқынында» ақиқат жалған үкімнің көлеңкесінде қалса, «Отыз нешінші жылда» Арды айыптаушыларға сырттан жаза тағайындалады, ал «Қарғаларда» рухани құндылықтың өзі сыртқы көрініске ғана айналу қаупі сыналады. Үш өлеңді біріктіретін желі – шындық пен жалғандықтың ара-жігін ажырату қажеттігі. Алайда «Қарғаларда» бұл тартыс сот немесе саяси айыптау сипатынан гөрі, адамның рухани шынайылығы мен қоғамның моральдық ахуалына қатысты улы сарказмға толы толғаныс түрінде көрінеді.
Демек, топтамадағы ар ұғымы тек әділетсіздікке қарсы тұрумен шектелмейді. Ол адамның өзіне, сөзіне, сеніміне сын көзбен қарау талабын да қамтиды. Арды сақтау үшін ақиқатқа адал болу жеткіліксіз; қасиетті деп танылған құндылықтарды да жалғандықтың құралына айналдырмау қажет. Бұл – ақынның ар-ождан мәселесін жеке мінез шеңберінен шығарып, қоғамдық рухани жауапкершілік деңгейіне көтеруінің бір көрінісі.
2. Ардың рухани сынағы: жалғыздық, жауапкершілік және қасиетті құндылықтар
«Өткен күздің өксігі» топтамасындағы ар-ождан тартысы қоғамдық
әділетсіздікті әшкерелеумен ғана шектелмейді. Бірқатар өлеңдерде бұл
тартыс адамның ішкі дүниесіне тереңдеп, жалғыздық, рухани күйзеліс, сенім және жауапкершілік мәселелерімен сабақтасады. «Күзгі той», «Медеудегі күз», «Біздік сынақ», «Әзірет Сұлтанды соттау» шығармаларында лирикалық кейіпкердің сыртқы ортамен қайшылығы бірте-бірте ішкі рухани сынаққа айналады.
Бұл өлеңдерді өзара байланыстыратын ортақ сипат – құндылықтардың дағдарысқа ұшырауы. Алайда әр туындыда оның көріну тәсілі автордың парасат-пайымына байланысты өзгеріп отырады: «Күзгі тойда» рухани тұлғаның сотталуы мен жұрттың немқұрайлылығы алға шықса, «Медеудегі күзде» табиғат көрінісі мен адам әрекетінің арасындағы қайшылық күшейеді. «Біздік сынақта» ішкі сенім мен жалғыздық мәселесі басым орынға шығып, «Әзірет Сұлтанды соттауда» тарихи-рухани сабақтастықтың бұзылуы көркемдік тұрғыдан бейнеленеді.
2.1. «Күзгі той»: рухани тұлға және қоғамдық немқұрайдылық
«Күзгі той» өлеңіндегі негізгі қайшылық ақынның той мен сот ұғымдарын қарама-қарсы қоюынан көрінеді. Той, әдетте, қуаныштың, берекенің, қауымдастықтың белгісі болса, сот – айыптау мен үкім шығарудың кеңістігі. Ақын осы екі ұғымды бір көрініске біріктіріп, сырттай мерекеге ұқсайтын жағдайдың ішкі мазмұнын әшкерелейді:
Сот жасап жатыр –
Ақырғы Абызымызға!... «Ақырғы Абыз» тіркесі өлеңнің идеялық салмағын арттырады. Абыз бейнесі мұнда жай жеке адамды ғана білдірмей, рухани жадтың, дәстүрлі танымның, елдік сананың өкілі ретінде қабылданады. Сондықтан оған шығарылған үкім бір адамның тағдырымен шектелмейді: ол рухани мұраға, қоғамның өзіндік негізіне бағытталған әрекет ретінде көрінеді. Бұл – өлеңнің көркемдік әлемінен туындайтын интерпретация; Абыз бейнесінің нақты кімге қатысты екені жөніндегі тұжырым мәтіннен тыс деректермен жеке дәлелдеуді қажет етеді.
Өлеңдегі лирикалық кейіпкердің жалғыздығы мына жолдардан айқын аңғарылады:
Көп еді-ау менің достарым мына қалада,
Жан таппай, тасқа мұң шақсам, күнә бола ма?..
Бұл сұрақта ренішпен бірге, адамдық қатынастардың күйреуіне қатысты ащы толғаныс бар. «Көп еді-ау менің достарым» деген естелік пен «жан таппай» деген бүгінгі күйдің қарама-қарсылығы кейіпкердің қоғамнан рухани оқшаулануын танытады. Жайшылықта дос болғанымен қиын сәтте қара басының қамын ойлайтын майдансыздарды нысанаға алады. Сөйтіп, ақын адамды қоршаған ортаның көптігі мен шынайы рухани серіктің аздығы арасындағы алшақтықты көрсетеді.
Жалғыздықтың себебі жеке мінез ерекшелігімен ғана түсіндірілмейді. Ол әділетсіздікке үнсіз қараған орта мен рухани құндылықтарды қорғауға дәрменсіз қауымның жағдайымен сабақтасады. Кейіпкердің «тасқа мұң шағуы» – жансыз кеңістіктен жанашырлық іздеудің көркемдік бейнесі. Адамдар арасынан түсіністік таппаған жанның тасқа тіл қатуы қоғамдық қарым-қатынастардың адамдық жылуын жоғалта бастағанын аңғартады.
Өлеңде сот көрінісінің қайта оралуы да кездейсоқ емес:
«Құдайдың Тойы – мына сот!..» деген жолда ақын «той» мен «сот» ұғымдарын қарама-қарсы қойып, олардың арасындағы мағыналық қайшылықты өткірлендіреді. Той – қуаныштың, береке мен салтанаттың белгісі болса, сот – айыптау мен үкім шығару ұғымдарын білдіреді. Осы екі ұғымның біртұтас бейнеге бірігуі өлеңдегі қалыпты мағыналық үйлесімді бұзып, оқырманды терең ойға жетелейді. Құдайға қатысты қасиетті ұғымның сот көрінісімен астасуы рухани құндылықтар мен қоғамдық шындықтың арасындағы қайшылықты аңғартады. Осылайша, ақын сыртқы салтанаттың ар жағында әділетсіздік пен моральдық дағдарыс жатуы мүмкін екенін ишаралайды.
Өлең соңына қарай ақынның сыны рухани таным мен қоғамдық сауаттың арақатынасына бағытталады:
Табиғат тілін түсінбес «сауатты» нөпір,
Ұғатын Абыз, ал қазір абақтыда отыр...
«Сауатты» сөзінің тырнақша ішінде берілуі ақынның сыншыл ойын тереңдете түседі. Мұнда сын білімділікті сыртқы өлшеммен бағалап, рухани танымның тереңіне бойлай алмайтындарға бағытталған. Табиғат тілін түсінбейтін «сауатты» нөпір мен оны ұғына алатын Абыздың қарама-қарсы қойылуы қоғамдағы рухани қайшылықты айқындайды. Ақын осы бейнелер арқылы білім мен парасаттың, сыртқы сауаттылық пен ішкі танымның әрдайым үйлесе бермейтінін аңғартады. Тереңдікті таныған тұлғаның сөзіне құлақ асудың орнына, оны түсінбеу немесе шетке ысыру – қоғамның рухани кембағалдығын танытатын құбылыс. Абыз бен «сауатты» нөпірдің қарама-қарсылығы жеке адамдар арасындағы түсініспеушіліктен кеңірек мәнге ие болып, рухани танымды бағалай алмайтын қоғамдық ортаға сын ретінде көрінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Күзгі той» өлеңіндегі ар тартысы – рухани құндылықты танып, қорғау қабілетін жоғалта бастаған орта мен сол жоғалтуды ауыр қабылдайтын лирикалық кейіпкердің арасындағы қақтығыс. Кейіпкердің жалғыздығы жеке бастың қайғысынан, қоғамның рухани дағдарысын танытатын белгіге айналады.
2.2. «Медеудегі күз»: табиғат қасіреті және адам жауапкершілігі
«Медеудегі күз» өлеңінде табиғат көрінісі қоғамдық-моральдық ойдың көркемдік кеңістігі ретінде беріледі. Өлеңнің басындағы сұрақ пен одан кейінгі сурет бірден қасіретті ахуал қалыптастырады:
«Медеу сайын көктемде ұрып кеткен қай қаһар? –
Ағаш біткен тып-типыл – жалағандай айдаһар!»
Ағаштардың жойылуы «айдаһар» бейнесімен әсіреленеді. Бұл – табиғатқа келген залалды жай ғана сипаттау емес, оны сұрапыл күштің әрекетіне ұқсату арқылы оқырманға әсер етудің тәсілі. «Қай қаһар?» деген сұрақ та оқиғаның себебін іздеумен қатар, табиғатқа келген кесапатқа деген үрей мен наразылықты білдіреді.
Өлеңдегі табиғаттың жүдеуі адам әлеміндегі моральдық жүдеумен қатар қойылады. Мұндай байланысты төмендегі жолдар тереңдете түседі:
Істің бәрі – жария! –
Көк шымылдық-керме жоқ
Келген бұрын күнә мен бұзықтықты перделеп...» – дегендегі «Көк шымылдық» пен «перделеу» бейнелері жасырындық пен ашықтықтың арақатынасын білдіреді. Бұрын перделеніп келген күнә мен бұзықтықтың енді ашық көрінуі қоғамның моральдық шекаралары әлсірегенін меңзейді. Дегенмен бұл тұсты нақты бір оқиғаның тікелей дерегі ретінде емес, ақынның қоғамдық ахуалды бағалайтын көркемдік бейнелеуі ретінде қарастырған жөн.
Табиғаттың қасіреті өлеңде адамның жауапкершілігі туралы сұрақпен астасады. Кейіпкердің ашу-ызасы сыртқы көрініспен қатар, осы жағдайға ықпал еткен адамдық әрекеттерге де бағытталады. Өлеңдегі:
Кернеп ыза,
жүректі шашқалы тұр шөлмек қып:
«Өзді-өзімді соттатып,
қызымды жүр ермек қып!..» – деген жолдарда ішкі күйзеліс шегіне жетеді. «Өзді-өзімді соттатып» тіркесі адамның өзін де жауапкершіліктен тыс қоя алмайтынын аңғартады. Бұған дейінгі өлеңдерде кейіпкер көбіне сыртқы айыптауға қарсы тұрса, мұнда оның ашуы өзін де қамтитын ішкі сотқа ұласады. Осы ерекшелік ар мәселесін жаңа қырынан ашады: арлы адамға әділетсіздікті өзгеден ғана іздемей, өз қатынасын да таразылауға мәжбүрлейді.
«Қайрат қылар пәрмен жоқ» деген күйзеліс пен қасиетті топырақтың қор болғанына қатысты өкініш те жауапкершілік тақырыбын күшейтеді. Табиғат пен жер бұл өлеңде құтты мекен болумен қатар, адамға аманат етілген құндылықтар кеңістігі ретінде қабылданады. Оған келтірілген зиян лирикалық кейіпкердің рухани тыныштығын бұзады.
Сөйтіп, «Медеудегі күзде» ар тартысы сыртқы әділетсіздікке наразылықтан өзіндік жауапкершілікті сезінуге қарай тереңдейді. Табиғат көрінісі қоғамдық ахуалдың көркемдік баламасына айналып, адам мен қоршаған орта арасындағы байланысты моральдық өлшеммен бағалауға жетелейді.
2.3. «Біздік сынақ»: ішкі сенім және жалғыздық
«Біздік сынақ» өлеңінде ар мәселесі адамның өз болмысын сыртқы орта алдында қалай қорғайтыны және өзіне қандай өлшем қоятыны арқылы ашылады. Өлеңнің алғашқы жолдарындағы күй:
«Күле де алмаймын, – қылмысым қандай? –
Жүре де алмаймын жұрт құсап…» Кейіпкердің бұл сөзі оның қоғамдағы қалыпты тіршілік ырғағынан ажырағанын аңғартады. Күле алмау мен жұрт қатарлы жүре алмау – тек көңіл күйдің сипаттамасы емес, ішкі сенім мен сыртқы орта арасындағы үйлесімсіздіктің белгісі. Ол айналасындағы адамдардың тіршілік дағдысына қосыла алмайды, өйткені ішкі дүниесінде шешілмеген моральдық сұрақ бар. Осы тұста өлеңнің негізгі түйіндерінің бірі айтылады:
«Отан алдында қылмысым барын
Бере алмайды айтып бір адам!»
Бұл жолдарды ақынның Отанға қатысты нақты айыптауы немесе өмірбаяндық мәлімдемесі ретінде қабылдауға асықпау керек. Өлең ішіндегі кейіпкердің сөзі ретінде қарастырғанда, мұнда оның өзін айыптап тұрған қоғамдық пікірге қарсылығы байқалады. «Бере алмайды айтып бір адам» деген тұжырым айыптың дәлелденбеуіне, кінәнің сырттан таңылуына назар аударады. Бұл жағынан «Біздік сынақ» алдыңғы «Отыз нешінші жыл» өлеңіндегі жалған айыптау мәселесімен үндеседі.
Алайда «Біздік сынақта» сыртқы қарсыласумен қатар, рухани төзім мен ішкі өзгеріс те маңызды орын алады:
Мұншалық Хақтың түскен сынына,
Отыр деп қалма мұң шағып! –
Куә боп іште піскен сырыма,
Барады жүрек жұмсарып!..
«Іште піскен сыр» – кейіпкердің көпшілікке толық ашыла бермейтін рухани тәжірибесін білдіретін бейне. Ал «жүрек жұмсарып» деген тіркес сынақтың адамды тек қажытып қоймай, оның ішкі дүниесіне де әсер ететінін көрсетеді. Мұнда арды сақтау қаталдықпен немесе қарсыласумен ғана өлшенбейді; ауыр сынақ адамның сезімін тереңдетіп, мейірімге жол ашуы да мүмкін.
Өлеңнің соңындағы:
«Барлық жан безіп, жарайды маған:
«Бауырым!..» десе – Пайғамбар!» – деген жолдар рухани жалғыздық мәселесін қорытындылай түседі. Бұл жерде: «Ей, менің ақырда келетін бауырларым!..» деген Пайғамбар (с.ғ.с) хадисі өлең өзегіне айналса, кейіпкер үшін қиын сәтте шынайы бауырластықтың бір ауыз сөзі де аса қымбат. Бұл – қоғамдық ортадан қолдау таба алмаған адамның мейірімге деген мұқтаждығы. Өлеңнің эмоционалдық салмағы да осында: кейіпкер өзін ақтаумен қатар, тұлға ретінде танылу мен мейірімділікті де қалайды.
«Біздік сынақ» атауындағы «біздік» сөзі назар аударуға тұрарлық. Ол жеке адамның басындағы оқиғаны көптік сипатқа шығарады. Дегенмен бұл көптікті нақты бір топтың өмірбаяндық жағдайымен бірден теңестіруге болмайды. Көркемдік деңгейде ол жеке тәжірибенің ортақ адамдық сынаққа айналу мүмкіндігін білдіреді. Осылайша, өлеңде ар жеке адамның ішкі өлшемі ғана емес, әділетсіздікке қарсы тұрудың және қандай жағдайда да адамдық қасиетті сақтаудың рухани негізі ретінде танылады. Ақын көтерген мәселе жеке адамның тағдырымен шектелмей, қоғамның әділет пен адамдық құндылықтарға деген көзқарасын таразылауға ұласады.
2.4. «Әзірет Сұлтанды соттау»: қасиетті мұра және рухани сабақтастық
«Әзірет Сұлтанды соттау» өлеңінде ар мәселесі тарихи-рухани кеңістікке көшеді. Мұнда ақын Әзірет Сұлтан бейнесін қасиетті мұраның символы ретінде алып, сол мұраға кейінгі ұрпақтың қатынасын өткір сауалға айналдырады. Өлеңнің атауының өзінде парадокс бар: рухани беделі мен қасиеттілігі мойындалатын тұлға сотталушы кейпінде беріледі.
Туынды мынадай тосын жолдармен басталады:
«Әзірет Сұлтан, мен бүгін соттадым Сені! –
Пендені таппай Өзіңнен басқа ылайық!»
Бұл жерде лирикалық кейіпкердің өзі соттаушы рөлге енеді. Алдыңғы өлеңдерде сот әділетсіздіктің символы ретінде көрінсе, мұнда кейіпкердің «соттауы» қалыптасқан рухани қатынасты қайта қарауға бағытталған көркемдік әрекетке айналады. Ол қасиетті тұлғаны айыптауды мақсат ету арқылы, сол тұлғаның атымен байланысты рухани мұраның бүгінгі ахуалын сұраққа салады. Сондықтан бұл жолдарды өлеңнің ішкі парадоксы мен авторлық сарказмы аясында түсіндіру қажет.
Өлеңнің келесі жолдары осы парадоксты тереңдете түседі:
Сол ауыр –
Сотты қолыммен жасатқандары,
Жанықастардай өзіме-өзім қол салып!..
Мұнда «Өзіме-өзім қол салып» деген тіркес кейіпкердің рухани азабын білдіреді. Ол өзіне жат, ауыр әрекетті өзі атқаруға мәжбүр болғандай сезінеді. Осыдан өлеңдегі соттың нысанасы тек Әзірет Сұлтан бейнесі емес екені аңғарылады: кейіпкердің өзі де ар алдындағы жауапкершіліктен босамайды. Қасиетті мұраның тағдырына алаңдаған адам сол мұраға қатысты бүгінгі әрекеттерден өзін де тыс қалдыра алмайды. Өлеңдегі тарихи-рухани қайшылық ең өткір түрде мына жолдарда көрінеді:
Тоғыз жүз жасап, түнетіп мүрдеңе Құтты,
Оралғанда алыс сапардан –
Алдыңнан шығып ұрпағың –
Түрмеге тықты,
Жабысып жүріп сақалдан!..
Мұнда ұрпақ пен рухани негіздің арақатынасы кері айналғандай әсер туады. Әзірет Сұлтанның ұрпағы немесе оның атын иеленген кейінгі орта қасиетті мұраны жалғастырушы болуы керек еді. Алайда ақынның көркемдік әлемінде ұрпақтың әрекеті сол мұраны талқандаушыға ұқсайды. Бұл – сабақтастықтың сыртқы белгісі сақталғанымен, ішкі рухани мәні бұзылғандығын дәлелдейді. Осы арқылы ақын қасиетті есімді иелену мен сол есімнің рухани жүгіне лайық болудың екі бөлек ұғым екенін аңғартып, мұраға адалдықты адамдық ұстаным һәм рухани жауапкершілікпен өлшеуге шақырады.
Алайда мұны нақты тарихи оқиғаның дәлме-дәл сипаттамасы деп көрсетуге болмайды. Өлеңде берілген көрініс – ақынның тарихи-рухани сабақтастыққа қатысты бағасын танытатын поэтикалық образ. Оның тарихи астарын кеңірек ашу қажет болса, шығармадағы ишараларды тиісті тарихи деректермен салыстырып қарау керек. Кейіпкердің қайшылығы мына жолдарда одан әрі айқындалады:
Түрмеде – тәнің,
Рухыңды көкке алып кетті,
Ешкім жоқ қазір бейітіңде. –
Әзірет Сұлтан тағы да сотталып кетті –
Ұстодулла мақсым кейпінде!..
Тән мен рухтың қарама-қарсылығы бұл жерде еркіндік пен тұтқындықтың рухани өлшемін ашады. Тәнді қамап қоюға болғанымен, рухты толық бағындыру мүмкін емес деген ой аңғарылады. Сонымен бірге «тағы да сотталып кетті» деген қайталау қасиетті тұлғаға қатысты айыптаудың бір реттік оқиға емес, қайталанып отыратын рухани мәселе ретінде қабылданатынын көрсетеді.
Өлеңнің соңындағы сұрақтар да сыртқы құрмет пен ішкі жауапкершіліктің арақатынасын қозғайды:
Соттадық тағы – бұл неткен тиянақтылық?! –
Түркістан шәрі аумайды гүлсіз себеттен...
Келіп жүр дейді серкелер «зиярат қылып»,
Келеді кімге?..
Не бетпен?!
«Гүлсіз себет» бейнесі сыртқы пішіні бар да, ішкі мазмұны кеміген кеңістікті елестетеді. Ал зиярат пен ар алдындағы жауапкершіліктің қатар қойылуы өлеңнің негізгі моральдық сұрағын қалыптастырады: қасиетті орынға бару мен сол орынның рухани мәніне адал болу бірдей ме? Ақынның сыны зияраттың өзіне емес, сыртқы құрмет пен шынайы рухани ұстанымның арасындағы алшақтыққа бағытталған деп түсіндіруге негіз бар.
Осылайша, «Әзірет Сұлтанды соттау» өлеңінде ар тарихи жады мен рухани мұра алдындағы жауапкершілік түрінде көрінеді. Мұнда арды сақтау – өткенді құрметтеуді насихаттаумен бірге, сол өткеннен қалған құндылықтарға бүгінгі қатынасты таразылау. Өлеңнің өзекті сұрағы – қасиетті тұлғаның атын атау жеткілікті ме, әлде оның рухани мұратына адал болу қажет пе?
2-бөлім бойынша аралық тұжырым
«Күзгі той», «Медеудегі күз», «Біздік сынақ» және «Әзірет Сұлтанды соттау» өлеңдері ар-ождан тартысының бірнеше қырын ашады. Біріншісінде рухани тұлғаға жасалған қиянат пен қоғамдық немқұрайдылық алға шықса, екіншісінде табиғатқа келген қасірет адам әрекеті мен жауапкершілігі туралы ойға ұласады. Үшіншісінде арлы адамның ішкі сынағы, жалғыздығы және мейірімге мұқтаждығы көрінсе, төртіншісінде ар тарихи жады мен қасиетті мұра алдындағы жауапкершілік деңгейіне көтеріледі.
Бұл шығармалардан байқалатын маңызды ерекшелік – ардың бір ғана мағынамен шектелмеуі. Ол әділетсіздікке қарсы тұруды да, өз-өзіңе есеп беруді де, табиғат пен елдік мұраға жауапкершілікпен қарауды да қамтиды. Кейіпкердің сыртқы әлеммен тартысы біртіндеп ішкі рухани сынаққа айналып, жеке адамның ар алдындағы жауапкершілігін қоғамдық және тарихи өлшемдермен байланыстырады.
Осы желі топтамадағы «Қазақ азаттығы» өлеңіне алып келеді. Мұнда алдыңғы шығармаларда жеке-жеке көрінген ақиқат, ар, рухани мұра және жауапкершілік мәселелері ұлттық болмыс пен азаттық ұғымы аясында тоғысады. Сондықтан келесі бөлімде ардың жеке адамдық өлшемнен ұлттық жауапкершілік деңгейіне қалай көтерілетіні қарастырылады.
3. Жеке ардан ұлттық арға дейін: «Қазақ азаттығы» өлеңіндегі елдік жауапкершілік
«Өткен күздің өксігі» топтамасындағы «Қазақ азаттығы» өлеңі алдыңғы шығармаларда көтерілген ар-ождан мәселесін ұлттық болмыс, азаттық және Отан алдындағы жауапкершілік деңгейіне шығарады. Мұнда жеке адамның шындығы мен қоғамдық әділетсіздікке қатысты толғаныстар елдің рухани жағдайы туралы кең ауқымды пайымға ұласады. Ақынның көркемдік әлемінде азаттықтың мәні дербес мемлекет болу ұғымымен ғана шектелмейді: ол ұлттық арды сақтау, тарихи жадыны жоғалтпау және елдік құндылықтарға адал болу талаптарымен сабақтасады.
Өлеңдегі ұлттық ар мәселесі әйел абыройы мен ел абыройының өзара байланысы арқылы да беріледі:
«Қыздың арын – Елдің ары тұтпаушы ма ед Халық деген...» Бұл жолда жеке адамның ары мен тұтас халықтың ар-намысы бір-бірінен бөлінбейтін ұғымдар ретінде көрінеді. «Қыздың ары» деген тіркестің «Елдің ары» ұғымымен қатар қойылуы жеке адамға қатысты моральдық жауапкершіліктің қоғамдық өлшемін айқындайды. Ақынның пайымдауында ұлттың абыройы жалпылама ұранмен ғана өлшенбейді; ол адамдарға, олардың қадір-қасиетіне және ар-намысына деген нақты қатынастан танылады.
Бұл тұста өлеңді бір ғана әлеуметтік мәселенің аясында шектеу дұрыс болмас еді. Жеке адамның арын елдің арымен байланыстыру арқылы ақын ұлттық абыройдың адамдық құндылықтарға тәуелді екенін алға шығарады. Демек, елдік мұрат жеке адамның қадірін аяқасты ету арқылы жүзеге аспайды. Ұлттың рухани тұтастығы оның әр мүшесіне қатысты әділет пен жауапкершіліктен басталады.
«Қазақ азаттығы» өлеңінде азаттықтың сыртқы көрінісі мен ішкі мазмұнының арақатынасы да маңызды. Егер ел азаттығы туралы сөз айтылғанымен, ар-ождан, әділет, тарихи жады мен рухани жауапкершілік әлсіресе, онда азаттықтың мазмұны толық ашылмайды деген ой туындайды. Бұл тұжырымды өлеңдегі ұлттық мұрат пен жеке ардың қатар қойылуынан байқауға болады. Ақын үшін елдің еркіндігі мен адамның ар тазалығы бір-біріне қарсы қойылатын құндылықтар емес; керісінше, олардың өзара байланысы ұлттық болмыстың рухани негізін құрайды.
Өлеңнің эмоционалдық өзегін құрайтын жолдардың бірі:
Отан, саған арым таза! –
Дұға қылдым күнде өксіп мен!..
Мұндағы «Отан, саған арым таза!» деген үндеу алдыңғы шығармалардағы ар тақырыбын жинақтайтын сипатқа ие. «Талғар тұтқынында» ақиқаттың жалған үкім алдында қалуы, «Отыз нешінші жылда» адамның жалған айыптауға қарсы тұруы, «Біздік сынақта» кейіпкердің өз кінәсіздігін дәлелдей алмайтын жағдайы көрінсе, бұл өлеңде ардың тазалығы Отан алдындағы рухани есеп түрінде беріледі.
«Арым таза» деген сөз тіркесі кейіпкердің өзін мінсіз деп жариялауы ғана емес, Отан алдындағы адалдығын ең жоғарғы моральдық өлшем ретінде тануы деп түсіну қажет. Ал «күнде өксіп» деген тіркес осы адалдықтың жеңіл әрі жайбарақат күй емес екенін аңғартады. Отанға деген сезім мұнда салтанатты ұраннан гөрі, мұң мен ішкі күйзеліс арқылы жеткізіледі. Осылайша, өлеңдегі патриоттық сезімнің сипаты күрделене түседі: елге адалдық оның кемшіліктерін көрмеуді емес, сол кемшіліктерге бейжай қарай алмауды да қамтиды.
Ақынның:
«Нағыз түрме сол болады – қызыл тілін тұсаса ақын!..» – деген жолы сөз еркіндігі мен рухани азаттықтың байланысын көрсетеді. «Түрме» ұғымы мұнда физикалық кеңістіктен шығып, адамның ойын айту мүмкіндігі шектелген рухани ахуалды білдіреді. «Қызыл тіл» – ақындық сөздің, шындықты жеткізу қабілетінің бейнесі. Оның тұсалуы ақынның жеке еркіндігімен қатар, қоғамның өзін-өзі тану және сынау мүмкіндігіне де нұқсан келтіреді.
Бұл ой топтаманың алдыңғы өлеңдерімен тығыз байланысты. «Отыз нешінші жылда» жалған айыптау мен қоғамдық табалау бейнеленсе, «Қазақ азаттығында» сол тартыстың негізгі өлшемі сөз еркіндігі мен ұлттық жауапкершілікке ұласады. Алайда ақынның еркіндік туралы пайымы сөз сөйлеу құқығымен ғана шектелмейді. Сөздің рухани маңызы – шындықты айту, қоғамдағы қайшылықтарды ашу және ел алдындағы жауапкершілікті сезіндіру.
Өлеңнің соңындағы:
«Өлтірсең де,
өртесең де Сенен басқа ОТАНЫМ жоқ!..» – деген жолдарда Отанға деген берік байланыс барынша әсерлі беріледі. «Өлтірсең де, өртесең де» деген қатқыл құрылым кейіпкердің қандай ауыр қысым болса да, Отанынан рухани бас тартпайтынын білдіреді. Мұнда азаттыққа деген талап пен Отанға адалдық бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше, кейіпкердің ел тағдырына алаңдауы, ұлттық құндылықтарды жан сала қорғауы және қоғамдағы кемшіліктерге сын көзімен қарауы оның Отанға деген шынайы сүйіспеншілігін танытады. Өйткені елге адалдық ұлттық рухтың әлсіреуіне, әділетсіздік пен рухани құндылықтардың аяқасты болуына бейжай қарамаудан көрінеді.
«Қазақ азаттығы» өлеңінің топтамадағы орны да осы ерекшелікпен айқындалады. Бұған дейін ар мәселесі көбіне жеке адамның ақиқатпен, қоғаммен немесе рухани мұрамен қақтығысы арқылы ашылса, мұнда сол тартыстар ұлттық жауапкершілік аясында жинақталады. Ар – адамның жеке қасиеті болумен қатар, елдің еркіндігі мен абыройын бағалауға мүмкіндік беретін моральдық өлшем. Азаттықтың мәні де осы өлшемнен бөлек қарастырылмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ азаттығы» топтаманың идеялық қорытындысына жақын туынды ретінде көрінеді. Онда ақынның ар туралы толғаныстары ұлттық жад, Отанға адалдық, сөз еркіндігі және адам қадірін сақтау мәселелерімен сабақтасады. Жеке адамның ар тазалығы мен елдің рухани азаттығы арасындағы байланыс өлеңнің басты идеялық желісін құрайды.
Қорытынды
Светқали Нұржанның (Айт-Ман) «Өткен күздің өксігі» топтамасындағы сегіз өлеңді өзара сабақтастықта қарастыру ақын шығармашылығындағы ар-ождан мәселесінің бір ғана мағынамен шектелмейтінін көрсетеді. Бұл туындыларда ар ақиқатқа адалдық, жалған айыптауға қарсылық, рухани шынайылық, ішкі жауапкершілік, тарихи жады және ұлттық азаттық ұғымдарымен байланыста ашылады. Аталған ұғымдар әр өлеңде әртүрлі көркемдік тәсілдер арқылы берілгенімен, олардың арасындағы ортақ желі – адам мен қоғамның моральдық өлшемін таразылау.
«Талғар тұтқыны» мен «Отыз нешінші жыл» өлеңдерінде ақиқат пен жалғандықтың қақтығысы негізгі орын алады. Бірінші туындыда бұл қайшылық «Сот жасап жатыр бүгін жалған – Шынға!» деген символдық түйін арқылы берілсе, екіншісінде жалған айыптау, бақылау және қоғамдық көзқарас көріністері арқылы өрбиді. Екі өлеңдегі кейіпкердің қарсылығы арды сыртқы қысымнан сақтаудың жолы ретінде көрінеді. Ал «Қарғаларда» мәселе басқа арнаға ауысады: ақын қасиетті сөз бен шынайы сенімнің арақатынасын сынап, рухани құндылықты сыртқы көрініске айналдыру қаупін көрсетеді.
«Күзгі той», «Медеудегі күз», «Біздік сынақ» және «Әзірет Сұлтанды соттау» шығармаларында ар мәселесі рухани сынақтың әртүрлі қырларымен тереңдейді. «Күзгі тойда» рухани тұлғаның сотталуы мен қоғамдық немқұрайдылық алға шықса, «Медеудегі күзде» табиғаттың қасіреті адам әрекеті мен жауапкершілігі туралы толғанысқа ұласады. «Біздік сынақта» кейіпкердің ішкі күйзелісі, жалғыздығы және адамдық мейірімге мұқтаждығы ашылады. «Әзірет Сұлтанды соттау» өлеңінде осы мәселе тарихи-рухани сабақтастық деңгейіне көтеріліп, қасиетті мұраға деген құрметтің сыртқы көрініспен шектеліп қалмауы қажеттігі сөз болады.
Топтамадағы «Қазақ азаттығы» өлеңі алдыңғы туындыларда көрінген мәселелерді ұлттық жауапкершілік аясында жинақтайды. Мұнда ар адамның жеке қасиеті болумен бірге, Отанға адалдықты, елдік құндылықтарды және сөз еркіндігін бағалаудың моральдық өлшемі ретінде танылады. Ақынның «Отан, саған арым таза!» деген үні жеке сенім мен ұлттық мұраттың байланысын білдіреді. Осылайша, ар ұғымы жеке адамның ішкі дүниесінен басталып, қоғамдық қатынас, рухани мұра және ұлттық болмыс кеңістігіне қарай ұлғаяды.
Зерттеу барысында анықталған маңызды ерекшеліктің бірі – ақынның ар мәселесін дайын моральдық қағида түрінде ұсынбай, оны қайшылықты көркемдік жағдайлар арқылы ашуы. Сот бейнесі, түрме метафорасы, қарға символы, табиғаттың күйреуі, жалғыздық мотиві және өткір риторикалық сұрақтар кейіпкердің рухани ұстанымын сынақ үстінде танытады. Сондықтан топтамадағы ар – жай ғана ізгілік ұғымы емес; ол адамды таңдау жасауға, шындыққа адал болуға және өз жауапкершілігін сезінуге мәжбүр ететін ішкі өлшем.
Осы тұжырымдар зерттеудің негізгі сұрағына жауап береді: Светқали Нұржан поэзиясында ар үшін күрес жеке адамның рухани қарсылығынан басталып, қоғамдық әділеттілік, тарихи жады және ұлттық жауапкершілік мәселелеріне ұласады. Бірақ бұл қозғалысты бір бағыттағы қарапайым даму ретінде ғана түсінуге болмайды. Топтамадағы кейіпкер сыртқы қысымға қарсы тұрумен қатар, жалғыздықты бастан кешіреді, өзіне есеп береді, рухани құндылықтардың жағдайына алаңдайды. Демек, ар үшін арпалыс – әрі қоғаммен, әрі адамның өз ішкі дүниесімен жүретін күрделі тартыс.
Ақын поэзиясында арды сақтау – ақиқатқа адал болу, рухани құндылықтарды сыртқы көрініске айналдырмау, адам қадірін қорғау және Отан алдындағы жауапкершілікті сезіну. Осы мағыналар тоғысқанда, ар жеке адамның ішкі қасиетінен елдің рухани болмысын бағалайтын өлшемге айналады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен тұжырымдық нәтижесі
Зерттеудің ғылыми жаңалығы «Өткен күздің өксігі» топтамасындағы ар-ождан мәселесін жеке өлеңдердің оқшау идеясы ретінде емес, сегіз туындының тақырыптық және көркемдік сабақтастығы аясында қарастырудан көрінеді. Талдау негізінде мынадай тұжырымдар ұсынылады:
Біріншіден, топтамада ар ақиқатқа адалдық пен жалған айыптауға қарсылықтан басталып, рухани шынайылық, ішкі жауапкершілік және ұлттық мұрат мәселелеріне дейін кеңейеді.
Екіншіден, сот, түрме, қарға, табиғаттың күйреуі және жалғыздық тәрізді бейнелер ар-ождан тартысын әртүрлі көркемдік деңгейде танытады. Бұл образдар бір ғана мағынаға бағынбайды; олардың қызметі өлеңнің идеялық контексіне қарай өзгереді.
Үшіншіден, ақынның сыншыл үні сыртқы ортаны айыптаумен шектелмейді. Кейбір туындыларда кейіпкердің өзіне есеп беруі, рухани әлсіздікке алаңдауы және мейірімге мұқтаждығы ар мәселесінің ішкі психологиялық қырын ашады.
Төртіншіден, «Қазақ азаттығы» өлеңінде жеке ар мен ұлттық жауапкершілік өзара сабақтасады. Осы байланыс топтаманың идеялық ауқымын кеңейтіп, арды адамның жеке моральдық қасиеті болуымен қатар, елдік құндылықтарды бағалаудың да өлшемі ретінде тануға негіз береді.
Сонымен бірге бұл тұжырымдар топтаманың көркемдік мәтініне сүйенген әдеби талдау нәтижелері екенін атап өткен жөн. Өлеңдердегі тарихи ишаралар мен нақты тұлғаларға қатысты болжамдарды толық дәлелдеу үшін қосымша тарихи және әдеби деректер қажет болуы мүмкін.
Әбдіғани Бәзілханұлы
Ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
Заң ғылымдарының магистрі
