Азаттық дәуірдің ақ тұма жырларын оқығанда
(ақын өлеңдері жайлы бір ауыз сөз)
Көкшетау – жер шоқтығы Арқа аралы. Қазақ әлеміндегі ән мен жыр өнеріндегі Арқа аралының бәсі қай заманда да төмендеген кезі болмаған екен. Тың игеру науқаны мен тәуелсіздікке қол жеткізу аралығындағы ұлт руханиятындағы өлара тұрпатты кезеңнің өзінде Көкшелік қаламгерлер әдебиетімізге аз олжа салмапты. Ал азаттық дәуірде Көкше топырағында тамыр жайған бірнеше буын қаламгерлердің есімі жалпақ елге танылып үлгергені әмбеге аян. Әрі Көкшетау – шалғай түкпір де емес.
Себебі, ақпараттық байланыс баяу заманда «шалғай өлкелік», «астаналық әдебиет» (бұл жердегі астана – Алматы) деген ұғымдар болған еді ғой. Ауыл алыс, жер шалғай, әдеби орта жоқ т.б. деген сияқты. Қазіргі күні байланыс, қарым-қатынастың түрі қарыштап дамығаны соншама, Астанамен астасып жатқан Көкшетау түгілі, алыс Америкадан жолданған рухани өнім сиясы кеуіп үлгергенше оқырманның көз алдына жетіп отыр емес пе!
Көкшедегі қазіргі әдебиеттің жай-күйі, қалыптасқан буын мен жас талапкерлердің шығармашылығына өзге өңірден гөрі етенелік тұрғыда, әдебиетсүйер қауым өкілі ретінде назар салып, қадағалай оқып жүруге тырысатынымыз бар. Білетініміз – Арқа аралы Көкшеде тәп-тәуір қалыптасқан әдеби орта, талантты жас ақындар шоғыры бар. «Жас ақындар» деген түсініктің өзі де жасарып кеткен қазіргі заман ғой, азаттықтан бері қарай өмірге келген буынды ғана осы санатқа қоссақ бола ма деп ойлаймыз. Себебі, мұндағы кешегі жас ақын атанып жүрген Мерген Тоқсанбай, Қуаныш Оспановтардың өзі бұл күндері кейінгіге ағалық ақыл айтар дәуренге аяқ басқан екен.
Көкшедегі Құлагер дүбірлі жыр аламанын қыздырып, олжа салудан дәмелі көп жастардың бірі – Серғазы Қайырболды. Жас ақынның өмірдерегіне қарап отырсақ, Алаш ардақтылары Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды бесігінде тербеткен құнарлы топырақ – Үлкен, Кіші Қараойдың шұрайлы алабында дүниеге келген екен. Серғазы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін филолог мамандығымен тәмамдап, еңбек жолына қадам басқалы отырған көрінеді. Қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, болашақ мамандық бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері атаныпты. Үшінші жақпен жазып отырғанымыз – желіден алынған ақпарат болмаса, жүзбе-жүз таныс еместігімізден. Жас талаптың қадамына сәттілік тілей отырып, өлең өріміне аз-кем тоқталуды жөн көрдік.
Ақынның өлеңі – өскен ортасынан, дүниетаным көкжиегінен, мінезінен, арман-мақсатынан айпарадай ақпарат беріп тұратын, Абайша айтқанда» өсекші» ғой. Осы тұрғыда қарасақ, Серғазы – қазақы тірліктің қаймағын қалқып ішіп, әжесінің жаулығына оралып, ертегісін тыңдап өскен азамат. Сондықтан болар, өлеңдерінде жасандылығы жоқ ұлттық табиғи таным бұрқырап тұрады екен:
Құйрығы айыр қарлығаш жайлы ертегі тыңдап көз ілгем,
Ұйықтап жатып ауыл сыртында жезтырнақ барын сезінгем.
Тау жатыр әне – қаймаққа малған бауырсақтайын дүңкиіп,
Анау бір қырда мәңгіге шөкті аңыздан келген бозінген.
Тәуелсіздіктің поэзияға берген тәтті жемісі – ойлау еркіндігі ғой. Таптаурын пішін мен қадағаланбалы сұрықсыздау мазмұнның, жаттанды идеяның тар бұғауында бұлқынған кешегі дәуірге қарағанда, қазіргі ақындардыкі – «әйт шу, қарақұйрық!» қой. Тек, маң далаға маңып немесе шексіздіктің шегін қуалай-қуалай өкпесі өшпесе болғаны.
Қазіргі қазақ өлеңінің құнан шабыстан аламанына дейінгі бәйге дүрмегін қыздырып жүрген барша ақындардың аяқ тастасын, яғни қалам сілтесін барлап-бажайлап қарасаңыз – бірнеше тау тұлға ақынның асқар биігіне жүлгелесе, тараптаса келетінін байқар едіңіз. Тау тұлға ақындардың анық әсер-ықпалын жыр тұлпардың аяғына енді ғана «құр-құрлай» отырып, немесе жалына жармасып жүргендер жастар түгілі, басына жүген-ноқта іліп, арқасына ер-тоқым салып, үзеңгіге табанын нық тіреген тастақымдардың сыңайынан ойлы да сезімтал оқырман аңдап жатса, бұл дәстүр жалғастығы ма, көлеңкеден аса алмаушылық па, тап басып айту қиын.
Әрине, алдыңғыға еліктеусіз, үлгілеусіз өсу, өрлеу жетілу жоқ. Серғазы өлеңдерінен де қазіргі күндері тау тұлғаның сұлбасы немесе сұлбасының сұлбасы андағайласа, әзірге әбестік жоқ. Мына бір өлеңді оқып көрелік:
Мен
Сен жүрген көшемен жүріп,
Адасып кетсем ғой,
Өзім өзімді таба алмайтындай.
Жоқ болып кетсем ғой,
Қайтып жаралмайтындай.
Пейіш жүрегіңнің
тұтқыны болу үшін,
Қандай қылмыс жасайын.
Тамұқ мүңкіген мына тірлікке
оралмайтындай.
Амал не?!
Уақыт – тұтанған темекі,
Өмірдің сасық аузында бықсыған.
Дегенмен, бүгінгі қазақ поэзиясы еркін игерген постмодерндік сарын, экзистенциалдық көңіл-күй ақын поэзиясына жат емес. Тек ұлттық бояудың түсін оңдырмау керек болар. Ең бастысы – құлшыныс бар. Қазіргі буын қаттаулы буын, жаттаулы бунақ, таптаурын ұйқастан гөрі еркіндікке ұмтылады. Олардың жетістігі де, кемшілігі де осы жерде, бәлкім...
Балауыз шырағы бұлқынды,
Күз тағы жөтелді сыртта.
Кәусәрлық татыған бұл түнді,
Екеуміз отырмыз ұрттап.
Ақын оқырманның жүрегіне жылы тиер тәп тәуір суретті көңіл күймен астастыра бере білуге талпынады. Дегенмен, осылай сәтті басталған өлеңнің арасында Серғазы ақын:
Мына аула ешқандай түс көрмейді,
Мына үйлер бізді өзіне жерлейді,
Мына әткеншек бізді мәңгі тербейді,
Мына әткеншек ойламайды ештеңе, -
деген сияқты қарабайыр жалаң баяндауға түсіп кететін кездері де жоқ емес. Мұны әрине, жаңа талап жас ақынның үнемі ескеріп отыруы тиіс деп білеміз. Жалпы, «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шықпаса» қанша пішін пышырап кетпек, негізгі күшті ойға бағындырып, ұйқас пен ырғақты еркін жібергенімен, түпкі нәтижесінде шашырандылыққа ұрынып қалмаса екен дейміз:
Тағы да ұйқымды бұзды,
Беймаза ойлар ызыңдап.
Ояу жатсам да,
Түс көрем:
Ескі қыстауға қарай,
Домалап барады
Сақалсыз басым.
Таңертең
Төбемнен тыраулап ұшады
Үркіген ғасыр.
О, неге таңғы шық
Ажалдай суық?
Бейтаныс жолдармен барамын,
Кебін сүйретіп,
Көкжиектегі өзімді қуып,
Құлпытасқа айналғанымша
Ныспысыз.
Серғазы ақынның өлеңдері қазіргі көптеген жас ақындарға тән өңшең бір күйректік пен торығудан ған тұрмайды. Жастық жалынмен әдіптелген жарқын өмірдің нанымды суреттері бар:
Шомылды нұрға қыраттар тобылғы торы,
Қозыдай күрең бөктердің сөгілді тоңы,
Үрия қыздай қайыңдар дүрия белде
Құсни әнмен жалғады көңілді хорын.
Жас ақынның шығармашылығына оқырмандық барлау жасап пікір білдіру барысында біз кемшілігін қазып, жасытуды емес, жылт еткен жақсылығын көрсек, шоқтай үрлеуді мақсат еттік. Шынтуайтында, өлең немесе кез келген рухани өнімді кім қалай жазады, қандай дәрежеде жазады, кімге еліктеп немесе еліктемей жазады – ол өндірушінің жеке шаруасы ғой. Тұтынушының талғамы да сол тәрізді. Біз өз призмамыздан қарап, бір-екі ауыз пікір білдірген болармыз.
...мен өмірдің дәмін таттым,
Қара шайға матырып, -
деп ақынның өзі айтқанындай, қара табадан ауқат, қара шайды қорек көрген қара өзек шақпен әне-міне қоштасқалы отырған арманшыл студенттің болашақ шығармашылғы баянды болғай дейміз.
Асылбек Байтанұлы
Жас ақын Серғазы Қайырболдының өлеңдерінен
Бүгін түнде көше кезер бір елес,
Аруағы ұмыт болған өлеңнің.
Жанарынан бақытсыздық тілемес,
Мөлдіреген көрем мұң.
Әне!
Әне!
Көше кезіп жүр елес,
Періштесі солып қалған гүлдердің.
Жанарынан бақытсыздық тілемес,
Дидарыңды тек мен көріп үлгердім...
ПЕЙІШТЕ
Жұпарлы бақтар...
Сайрайды пейіш бұлбұлы...
Жұпарлы бақтың періштелерін көрермін.
Аппақ түсіңе ақ өлең оқып бір күні,
Ақ періштедей кейпіммен күліп енермін.
Жұпарлы бақтар...
Сайрайды пейіш бұлбұлы...
Жұпарлы бақта естілер сенің күлгенің.
Аппақ түсіңе ұрланып кіріп бір күні,
Ұсынам саған алқызыл пейіш гүлдерін...
***
Тағы да ұйқымды бұзды,
Беймаза ойлар ызыңдап.
Ояу жатсам да,
Түс көрем:
Ескі қыстауға қарай,
Домалап барады
Сақалсыз басым.
Таңертең
Төбемнен тыраулап ұшады
Үріккен ғасыр.
О, неге таңғы шық
Ажалдай суық?
Бейтаныс жолдармен барамын,
Кебін сүйретіп,
Көкжиектегі өзімді қуып,
Құлпытасқа айналғанымша
Ныспысыз.
АҚИҚАТ
Ең ұлық Тәңір орныққан сәттен ғаршыға,
Ең ұлы сөздер айналған сәттен тамшыға.
Ең ұлы тамшы айналған сәттен ғаламға,
Ең ұлы бұйрық берілген сәттен қаламға.
Ең ұлы сезім бүр жарған сәттен Жұмақта,
Ең ұлы сертпен бұрқ еткен сәттен бұлақтар.
Ең ұлы Кәусар мөлт еткен сәттен түн болып,
Ең ұлы Аңсар жарқ еткен сәттен Күн болып,
Ең ұлы қайғы сайтанның сұлу көзінде,
Ең ұлы бақыт момынның Ару сөзінде,
Ең ұлы ұйқы айналғанынша азапқа,
Ең ұлы Жалын оянғанынша тозақта,
Аспаннан мынау ең соңғы Жұлдыз аққанша,
Соңғы көбелек соңғы рет қанат қаққанша,
О, неткен таусылмас
Ең ұлы Сағыныш!
ӘЖЕ
Құйрығы айыр қарлығаш жайлы ертегі тыңдап көз ілгем,
Ұйықтап жатып ауыл сыртында жезтырнақ барын сезінгем.
Тау жатыр әне қаймаққа малған бауырсақтайын дүңкиіп,
Анау бір қырда мәңгіге шөкті аңыздан келген бозінген.
Анау бір сайда бастаңғы жасап дию мен пері топталып,
Анау бір құзды төпелеп жатыр Төбекөз дәудің тоқпағы.
Анау бір қоста Тазша мен Алдар өтірік соғып жатқанда,
Қобыздың үні өшті де қалды, Қорқыттың күйі тоқтады.
Саумалдай көлдің жағалауында бір жетім құлын кісінеп,
Қайран әжемнің торы биесі, сол түні кірді түсіме.
Ай ұқсап сүтке түбінде қалған түн деген қара шелектің,
Құс болып ұшқан ақ жаулық көрдім уыздай бұлттар ішінен.
***
Жұлдыздар оянған Түндерде,
Түнгі ызғар тоңдырды бізді.
Біз дұға оқыдық гүлдерге,
Қанатын жамылған күздің.
Бөлмеде қап-қара тыныштық,
Талықсып балауыз әні.
Еске сап күндерді тым ыстық,
Санамнан өшпеген әлі.
Балауыз шырағы бұлқынды,
Күз тағы жөтелді сыртта.
Кәусарлық татыған бұл түнді,
Екеуміз отырмыз ұрттап.
Мына қала ғажайыпқа сенбейді,
Мына көше бізді мұңнан емдейді,
Мына шамдар түніменен сөнбейді,
Мына шамдар сағынбайды ешкімді.
Мына аула ешқандай түс көрмейді,
Мына үйлер бізді өзіне жерлейді,
Мына әткеншек бізді мәңгі тербейді,
Мына әткеншек ойламайды ештеңе.
Мына көктем түсімізге кірмейді,
Мына ағаштар таңда қайта гүлдейді,
Мына жүрек ештеңе де білмейді,
Мына жүрек сүйе алмайды ешкімді.
***
Ештеңе
Шатырында үйімнің
Көгершіндер уілі
Мен ешкімді сағынбаймын,
Күтпеймін.
Мылқау сәуір демінен
Мұнар шалған терезе
Ештеңені ойлағым да келмейді.
Іңір өлген бөлменің
Өшірем де жарығын
Бүгін түнде ештеңеге айналам
Серғазы Қайырболды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.