Астаналық журналист

Берілген «Астаналық журналист» шығармасы – адамның ішкі психологиялық күйзелісін, жалғыздығын, қоғамдық қысым мен шындық арасындағы арпалысты терең метафоралар арқылы суреттейтін тылсым әрі күрделі туынды. Шығарма 2023 жылы халықаралық тәуелсіз «Apofenie»  әдеби және көркемөнер интернет-журналында «My Skin Drifts Away» деген атаумен жарияланған. 

117

Астаналық журналист - adebiportal.kz
Фото: ЖИ

Дәрігер: Тыңдап тұрмын сізді.

Күлімдеген көздер қарады. Бұл күлімдеген көздер оның ішіне тағы кіріп алды. 

Ол: Мен сізге...бұл

Дәрігер: Мен сізге айттым ғой, сіз сап-саусыз, анализді біз бірге көрген жоқпыз ба?

Ол: Иә, білем ғой, бірақ қазір сіздің алдыңызда сау көрінгеніммен жұмыста тағы да ауырып отырдым. Барлығы сол кеңседе жұмысқа отырғанымда басталады. Бұл маған қатты кедергі жасайды.

Дәрігер: Онда жұмыс орныңызды ауыстырыңыз!

Ол: Олай істей алмаймын.   

Дәрігер: Сіз кеше осылай жауап бердіңіз, алдыңғы күні де солай дегенсіз, Сіз мені өзі түсінесіз бе, сіз сап-саусыз деймін. Менің сізден де басқа қабылдайтын адамдарым бар ғой. 

Ол: Бірақ...

Дәрігер: Келесі! 

Оның көздері тағы да дәрігердің артындағы қабырғада ілулі тұрған портреттегі адамға түсіп кетті. Дәрігер өзінің күлімдеген көздерін осы портретке апарып салып қойғандай -ақ, екеуін ажырату қиын еді. Қабырғадағы көзге бір, алдындағы көзге бір қараған ол тағы да тұншығып қалды. Енді жерге қараса сол көздер, терезеден далаға қараса да сол көздер, ол тағы да бұл күлімдеген көздерден басқа ештеңе көре алмай қалды. Күлімдеген көздер оның жанарына келіп жабысып алған еді. Ол есік тұтқасына қарағанда күлімдеген көздер тұрды, ол есікті ашып сыртқа шыққанда ауырухана қабырғалары, едені, оның көзі түскен барлық заттар күлімдеген көздермен көмкеріліп кеткен. Күлімдеген көздерден басқа ештеңе көре алмай қалды. Ол жұмыс орнына жеткенше сол күлімдеген көздермен соғысып барды.  

Әдеттегідей шаңын бұрқыратып топырақ жер үстінде жүріп келеді.  Көшенің екі шетінде тізіліп, аспанға асылып тұрған ғажайып көгілдір ғимараттар бұл қаланың топырақ көшелерінен ешқандайда зардап шекпейтін, қашанда айнадай жарқырап тұратын. Қала тұрғындары көкпен астасып, сән-салтанат құрған бұндай қаланың ішінде тіпті өздерінің топырақ үстінде жүретіндеріне мән бермейтін немесе мүлде байқамайтын. Топырақ үстінде оның аяқ киімінің іздері қалып барады. Сондай бір тәртіппен орналасып жатқан бұл іздерде көзге түсер ерекше ештеңе жоқ сияқты. Бұл іздер көк автобустан түсіп, кеңсеге қарай беттеді. 

Тарсылдап түсіп жатқан әріптер ертең таңертеңмен баспаға жіберілуге тиіс газеттің келесі санын дайындауда. Ол өзіне ыңғайлы бұрышқа барып жайғасып алды да, жазуды бастады. Зәресін алар қай-қайдағы сұрақтар туып, мазасы кетпес үшін әдеттегідей қара шайдан бір ұрттады да, рокпен құлағын жауып алды. Мәнсіздікті жасырғысы келген әріптер роктың ырғағына билеп, қағаз бетіне түсіп жатты: «Бүгін бүкіл ел болып қала күнін тойлады...» Ол нүкте қойған кезде арқасынан қара тер жүріп өтті. Осы сәтте ғана ол сүйектерінің сырқырап, терге малшынған арқасы құрысып, денесінің қатты ауырсынып тұрғанын сезіне бастады. Әрі қарай тағы бірер сөйлем жазып мәтінді аяқтауға шамасы келмеді. Орындығының артына қарай сүйеніп сәл шалқайған еді, шаршағаннан қызарып кеткен көздері төбеге қадалды. Демін терең ала бергенде оның миын тағы да неше түрлі сұрақтар қажай бастады. Бірақ тыныштығы тез бұзылды. Бұл басылымның ерекшелігі сол баспаханасы  кеңсенің келесі бөлмесінде орналасқан. Сондықтанда қағаздардың басылып жатқандағы дыбыстары бұл жерге анық тіпті неге екені әдеттегі баспа машиналарының дыбысынан гөрі қаттырақ шығатыны бар. Бірақ бұл үнге құлағы әбден үйреніп кеткен ол тіпті жаңағыдай қайдағы сұрақтарды қаптатып жіберетін сәл ғана тыныштықтың өзінен мазасы кете бастайтын. Қабырғаның ар жағындағы бұл дыбысқа кеңседегі тарсылдаған пернетақталардың дыбысы қосылып алып бір керемет әуен ойнап тұратын. Оның зәре құтын ұшырып, бойын қалтырататын да осы керемет әуен еді. Қолдарын зорлықпен пернетақтаның үстіне қоя бергенде оның көздері қарсы жақта тұрған жұмыс үстеліне түсті. Орнында әлі жоқ. Үш күн өтті. Барлығы түнеріп жүретін бұл кеңседе тек сол жанның ғана жүзі жылы көрінетін еді. Оның көңілі құлази бастады. 

Қараңғы басқан қаланы, қараңғы басқан оның бөлмесінде. Ол ноутбук үстінде әріптерді тоқылдатып отыр. Бұндай сәттерде бөлменің жұтаң жарығын өшіріп тастайтын. Жазғандарын жарықтан тығатын. Ол бұл уақытта күні бойы рокпен басып тұмшалаған сұрақтарымен арпалысатын. «Мен тағы сол топырақ қаланың тұрғындары туралы жаздым, олардың қандай бақытты екендігі туралы.» Бұл кезекті жариялауға болмайтын ойларын ол күнделік ретінде қолданатын жеке вебсайтына жазды да, тек өзіне көрінетіндей етіп құлыптап қойды. Интернеттен шығып, жұмыс үстеліндегі «топырақ қала» деген папканың үстінен басты. Көп құжаттар ішінен «деректер» деген файлды ашты. Аша салғанда бірден көзге түсетін полиция формасын киген жас жігіттің фотосы тұрған бірінші беттен ол әдеттегідей тез өтіп кетуге тырысты. Өз-өзіне қол жұмсаған бұл адамның бейнесін алғаш рет көргенде ол суреттен дәл өзін көріп тұрғандай  бойы дір ете қалған. Сол шошынғаннан бұл іспен айналысуды мүлде тоқтатуды да ойлаған еді. Бірақ бұл жұмбақ өлім оның миын қажайтын сұрақтарына жауап берердей көрінді де тұрды. Соңғы бірнеше ай бойы түнделетіп зерттеп жатқан бұл оқиға туралы материалдар толық жеткілікті сияқты. Енді мақаланы жазып шығуға іштей дайын екенін сезсе де, қайтыс болған азаматтың соңғы уақытындағы айналысқан жұмысына қатысты туыстары мен қызмет орны берген деректердегі қайшылықтар бұл істі күрделендіріп жіберді. Бұл оны тіпті қызықтыра түсті. Мақаласының алғашқы сөйлемдері жазылған келесі файлды ашты: «соңғы уақыттағы бұл қалада көбейіп кеткен қорғаныс және сот қызметкерлерінің өз-өзіне қол жұмсау мәселесінің бұл іспен қандай байланысы бар?» деген сұрақты жазып отырып, ол өзінің бұл өлімнің негізгі себебін әлі түсінбегенін ұқты. Осы іске байланысты алынған сұхбаттарды қайта оқып отырып, қатты шаршаған оның басы алдындағы әріптердің үстіне құлап түсті. 

Бұл қаланың топырақ көшелерінде қалып жатқан оның іздері әдеттегідей тәртіппен келеді. Аспанмен астасқан көгілдір ғимарат ішіне кірді де, өзіне ыңғайлы бұрышқа қарай ұшты. Кеңседегі керемет әуен әлдеқашан ойнап кеткен екен. Жол бойы ол тағы бос орын туралы ойлап келген еді. Бүгін де ол жердің әлі бос тұрғанын көрді. Оның құлазыған көңілі енді өкси берді. Жаңа ғана ширақ тұрған қолдары компьютерге тие сала дірілдей бастады. Айналасына қарады. Бәрі әдеттегідей әркім өз орындарында еш алаңсыз пернетақталарды тарсылдатып отыр. Олардың жүздерінде қандайда бір сезімнің не көңіл-күйдің де нышаны жоқ. Ол бұған дейін де бұл кеңсе ішінде кейбір адамдардың із-түссіз жоғалып кеткенін білетін. Бірақ ешкім бұл жайлы әңгіме қозғамайтын. Сол бір адам ешқашан бұл жерде болмағандай, тіпті қаланың топырақ көшелерінде ешқашан ізі түспегендей. Ол қолдарын әріптерге апара бергенде денесін тағы от шарпи бастады. Бар күшін салып миында әлдеқашан өрнектеліп, әбден мүжіліп, жатталып кеткен сөздерді есіне түсіріп жазуға тырысты. Сол бір жылы жүзді көргенде жаны елжіреп, бойындағы барлық зілден құтылғандай болатын еді. Кейде бұл кеңістіктің керемет әуенінің тұңғиығына тұншығып ауа жетпей кететін сәттерде сол бір жылы жүз оған күш беріп тұратын. Оны бұл орында ұстап тұрған да сол бір жылы жүз еді. Бірақ енді оны ешқашан көрмейтінін түсінгенде ішінен тасып келген ыстық су көзінің алдын басып алды. Бұл ыстық су сыртқа төгіле алмай зорлықпен ішке қарай қайта құйылды да, оның бүкіл ет-бауырын күйдіріп жіберді. Ол қанша тырысса да әріптерді бір-біріне қоса алмай, біраз уақыт қиналып отырып қалды. Миындағы өрнектелген тіркестерді бұндай уақытта тек таныс роктің ырғағы ғана қайта есіне түсірткізетін. Құлағындағы ұрғылаған әуен мен экранға түсіп жатқан сөздер бір-бірімен сыбайласып алғандай. Сөздер ырғақпен орын-орнына түсіп жатқан сияқты. Бірақ ол кенеттен бір түрлі үйлесімсіздікті сезе бастады, әріптердің не сөздердің орындары ауысып ретсіз жазылып жатқандай көрінді. Оның көңілін ешқашан бұндай күдік күй кернемеген еді. Ойын аяқтамастан өзінің жазғандарын қайта тексеруге асықты. Көз алдында ретсіз орналасқан сөздер қаптап кетті. Мағыналары да құлпырып. Ол бұндай қателіктер жасауға мұнда мүлде болмайтындығын жақсы білетін. Ол бәрін жылдамдатып түзетіп шығуға тырысты. Бір рет тексерді, екі рет тексерді, тағы тексерді. Қайта-қайта қарап отырып, уақыт таяғанда қабылдаушының поштасына саусақтары қашқақтап жүріп әрең жіберді. Соңғы кездесулерінде жылы жүз оған өзінің соңғы уақытта материалдарындағы қателіктері үшін ескерту алып жүргенін айтып қалған. 

Оның іздері керемет әуеннен алыстап бара жатты. Далаға шығып алды да топырақ көшелермен ауруханаға қарай беттеді.  

Дәрігер: Тыңдап тұрмын сізді.

Күлімдеген көздер қарады. Бұл күлімдеген көздер оның ішіне тағы кіріп алды. 

Ол: Мен және...

Дәрігер: Мен сізге жүз рет айтқан жоқпын ба, сіз сап-саусыз деп. 

Ол: Бірақ бұл менің жұмысыма қатты кедергі жасап жатыр. Мен сөздерді қате жаза бастадым. 

Дәрігер орнынан тұрды да шығып кетті. 

Топырақ жол үстінде қалып жатқан оның іздері әдеттегідей тәртіппен келеді.  

Көп қабатты ескі үйдің ішіне қарай кірді. Бірінші қабаттағы әлсіз жарық бірнеше баспалдақтан кейін көмектеспейтін. Ол әрі қарай телефонының жарығымен көтеріліп келеді. Пәтер есігінің құлпына қолын соза бергенде тұтқасында ақ конверттің қыстырылып тұрғанын байқады. Асығыс жыртты да ішіндегі қағазды алып шықты. Ақ парақ бетінде қызыл түспен қоршалған бірнеше сөздерді көрді. Ол өзінің мақаласын бірден таныды. Қоршалған сөздер қате жазылған болатын.  

Қараңғы басқан қаланы, қараңғы басқан оның бөлмесінде. Ноутбук үстінде әріптерді тоқылдатуға отырды. Әдеттегідей бөлменің қызыл сары жұтаң жарығын өшіріп тастады. Жазғандарын жарықтан тығатын. Бүгін саусақтарынан ойлар тама алмады. Алдында жатқан қате сөздерге қарап қояды. Бірақ көз алдында жылы жүзді жанның бейнесі көлбеңдеп, ештеңе ойлана алар емес. Қолдарынан ұстауға да батпай жүретін еді. Құлазыған көңілінің енді ешқашан баяғыдай суынып-ысынып, алып ұшпайтынын түсінді.  

Түнерген аспан астындағы бұл қаланың топырақ көшелерінде басы салбыраған адамдар. Асығыс. Топырақ жол үстінде қалып жатқан оның іздері әдеттегідей тәртіппен келеді. 

Тарсылдап түсіп жатқан әріптер ертең таңертеңмен баспаға жіберілуге тиіс газеттің келесі санын дайындауда. Ол өзіне ыңғайлы бұрышқа барып жайғасып алды да, жазуды бастады. Өзін ерекше сергек ұстады. Әр бір сөйлемін қайталап тексерумен ғана отырды. Арқасынан төгілген терге тіпті назар аудармады да. 

Топырақ жол үстінде қалып жатқан оның іздері әдеттегідей тәртіппен келеді. 

Есік тұтқасында бүгін оны тағы да ақ конверт күтіп тұрды. Бұл жолғы парақта қызыл түспен қоршалған сөздер кешегіден де көп болды. 

Қараңғы басқан қаланы, қараңғы басқан оның бөлмесінде. Ноутбук үстінде әріптерді тоқылдатуға отырды. Әдеттегідей бөлменің қызыл-сары жұтаң жарығын өшіріп тастады. Жазғандарын жарықтан тығатын. Бірақ бүгін тағы саусақтарынан ойлар тама алмады. Тек алдында жатқан қате сөздерге қараумен отырды. Полиция қызметкерінің өлімі туралы мақаласын жариялауға асыққан ол материалды аяқтауға қанша тырысса да конверт туралы ойлар оған еш мүмкіндік берер емес. Ол қайдағы ойлардан тар бөлмесіне сыймай тыпыршыды. Жұмыс үстелінің шетінде жаңа ғана шірік көк алманың қабығын аршыған жүзі өткір суық затқа көзі түсіп кетті. 

Оның іздері тозған үйді қалдырып барады. Ол далаға шыққанда айнала жап-жарық болып дүние қозғалыста тұрды. Ол өзінің түнде не күндізгі уақытта жүргенін түсіне алмай кетті. Ол енді ғана айналасына бейімделе бастаған еді, топырақ көшелерде адамдардың әдеттегіден көп екендігін және олардың аяқтары жерге тимей, топырақтан сән ғана көтеріліп жүріп бара жатқандығын байқады. Автобустар мен көліктердің де дөңгелектері жерге тимей жүріп барады. Ал оның іздері әдеттегідей топырақ үстінде қалып жатыр. «Олар мені ертең ізімнен тауып алады ғой» деген қорқыныш оны мазалай бастады.  Топырақ жол үстінде қалып жатқан оның іздері әдеттегідей тәртіпті емес. Бұл тәртіпті емес іздер үйреншікті аурухананың ішіне қарай беттеді. Дәлізде адамдардың соншалықты сиректігі оның жүрісін жылдамдатты. Ол өз дәрігерінің отыратын бөлмесінің есігіне жақындай бере, жанында бірге келген жүзі өткір суық затты қолымен ұстады. Суынған қолымен есік тұтқасын тартып қалғанда барып, бөлменің жабық тұрғандығын білді. Оның сол жақ құлағының тұсына «бүгін он алтыншы желтоқсан, жұмыс жасамайды» деген сөздер жетті.  Қасынан өтіп бара жатқан аппақ дәрігердің үстінде қандай киім барын көре алмады, ал өзінің жаздың ортасында жүргенін анық білетін. Ол тағы да уақыт ішінде адасып қалды.   

Ол далаға шықты, тірі жан жоқ топырақ бетінде. Жаңа ғана топырлап жүрген адамдар енді оның ішіне кіріп алғандай. Бос жатқан көшелердің барлық шуы оның кеудесіне түсіп кеткен. Басы оның бұл шудан даңғырлап, ауруы туралы да, күлімдеген көздер туралы да ойлануға мұршасы жетпей кетті. Бойынан шығып жатқан адамдардың түсініксіз дауыстарынан шошынған оның іздері жол үстінде ерекше тәртіпсіздікпен қалып жатты. Басын қысып келесі көшеден айнала бергенде ол өзінің орталық алаңнан бірақ шыққанын байқады. Алаң ортасында жиналған қалың адамды көргенде барып оның ішінен жаңағы шулаған дауыстар сыртқа төгілді. Ішіндегі дауысты құсып жібергендей. Ол өзінен шыққан шуды көз алдында көргенде барып, терең тыныстады. Ештеңе түсінбей орнында тұрып қалды. Бірақ бұл дауыстар оны өзіне тартты. Ол алаң ортасына қарай жетуге ұмтылған еді, кенет оның кеудесінен бір адам келіп итерді. Арнайы форма киген полиция қызметкері оны алдыға қарай қимылдатар емес. Оның көз алдында күлімдеген көздер пайда болды. Бұл күлімдеген көздер енді арнайы формадағы адамның бетіне барып жабысып алған. Қытығына тиген бұл күлімдеген көздер оны жаңа ғана орындай алмай қалған әрекетіне итерді. Жанында бірге келген жүзі өткір суық затты ол формадағы адамның ішіне қарай бағыттады. Полиция қызметкері жерге құлады. Аяғының астындағы топырақ үстінде жатқан бұл адамды ол енді ғана анық көре бастады. Оның көз алдында «Деректер» файлындағы бірінші бетінде тұратын сол бір адам жатты. Бірақ бұл тіпті оның өзі сияқты көрінді оған. Осы уақытқа дейін жер бетіндегі айналар арқылы өзінің түрі деп қалыптастырып алған бейнемен бетпе-бет келіп тұр. Сол бейне енді аяғының астында жатты. Жерде жатқан бас та, шаш та, қасы да, бетіндегі әрбір дақ та сөз жоқ өзінікі. Ол өзін-өзі жоғалтып алудан қорқып, айналасына жалтақтай бастады. Бірақ бұл қылмысқа ешкім назар аудара қоймады, тіпті тізіліп тұрған өзге полиция қызметкерлері де. Шу оған тіпті де жақындай берді. Бірақ ешкімнің де оған қарауға мұршасы жоқ, соншалықты әбігер. Өзін естімей, байқамай өтіп жатқан адамдар да, аспан да соншалықты түнеріп кеткен. Жерде жатқан өзіне жалтақтай берді. Бірақ бұл дене оған үн қатпады. Ол мақаласын жариялау үшін үйіне қарай асықты. Бүгін оның – өзінсіз – қызыл іздері топырақ үстінде ерекше тәртіпсіздікпен қалып жатты. 

Мерей Қосын,

жазушы, драматург.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

2262

Taza Qazaqstan