Той-қазына

Оның бұл елге енді қайтып соқпағаны айтылады. Ал ауылда әлі күнге дейін бір үміт бар екен: жердің астында тағы бір қазына жатқан шығар-мыс. Өйткені жерді қазу қиын емес екен. Қиыны – өз бойыңнан өзгеріске деген ерік-жігер табу екен.

14

Той-қазына - adebiportal.kz

Баяғыда бір шеті тауға тіреліп, екінші шеті шөлге сіңіп жатқан, жолаушының жолы көп түсе бермейтін, қиырдағы ел болыпты.

Елдің жері жұпыны болғанымен, тарихы бай екен. Ата-бабалары ат жалында күн кешіп, найзаның ұшымен ел қорғаған батырлар деседі. Ұрпақтары сол батырлардың ерлігін жырлауға келгенде алдына жан салмайды екен. Тек бабалардың батырлығын мақтан етуге жұмсалған күштің жартысын сол күнгі тірлікке жұмсауға келгенде, бәрінің белі ауырып қалатын көрінеді.

Заман өзгеріпті. Оқығандары өзге жұрттан орын тауыпты, ойланғандары ойға батыпты, қалғандары бір-бірінің тірлігін бақылап, кімнің жағдайы өзінен тәуір екенін есептеумен күн өткізіпті.

Бұл елде еңбек еткеннен гөрі еңбек туралы сөйлеген абыройлырақ, іс бітіргеннен гөрі мін іздеген қауіпсіздеу, ал ортақ іске үлес қосқаннан гөрі ортақ олжадан үлес сұраған тиімдірек болыпты.

Бір күні елдің аумағынан жер қазып жүрген жұрттың алдынан мол қазына шыға келіпті.

Қазына дегенде көздері жайнап, бұрын-соңды көрмеген байлықтың буына мас болған елдің иелері сырттан саудагерлерді шақырыпты. Саудагерлер қазынаны көріп, бір-біріне көз қысыпты. Олар елдің байлығы көп екеніне емес, оның иелерінің байлықтың бағасын білмейтініне қуанғанға ұқсайды.

Ақыры қазына арзанға сатылыпты.

Саудагерлер керуендеріне тиеп алып, өз еліне қарай жол тартыпты. Ал жергілікті жұрт қолындағы ақшаны санап отырып:

– Әйтеуір, олжа түсті! - деп мәз болыпты.

Қазына ортақ болғандықтан, оны сатудан түскен ақша да ортақ деп жарияланыпты. Ауыл ортасына үлкен жиын шақырылыпты.

Ел басшысы жұртқа қарап:

– Ағайын, бұл – ата-бабамыздан қалған жердің несібесі. Енді осы байлықты елдің ертеңіне айналдырайық. Әркім өз ұсынысын айтсын, - депті.

Сонда елдің азын-аулақ білімді азаматы орнынан тұрыпты.

– Жеріміз бар, суымыз бар. Ақшаның бір бөлігіне техника, өгіз, соқа, тұқым алып, егіншілікке кірісейік. Қалғанына суару жүйесін жасап, жастарды кәсіпке үйретейік. Қазір аздап бейнет көрсек, ертең балаларымыздың несібесі артады. Қазына бір күнде табылды, бірақ оны қайта табамыз деп отыра беруге болмайды, - депті.

Жұрт бір сәт үнсіз қалыпты.

Сосын көпшіліктің арасынан бір дауыс шығыпты:

– Сонда біз өмір бойы жұмыс істейміз бе? Қазына не үшін табылды? Адамды бейнеттен құтқару үшін емес пе?!

Басқалары да қостап қоя беріпті.

Әйелдер арасынан біреуі орнынан тұрып:

– Жерді жыртуға болмайды! Табиғаттың тепе-теңдігін бұзамыз! - депті.

– Онда жерді қалай пайдаланамыз? - деп сұрапты әлгі білімді азамат.

– Оны мамандар зерттесін! - депті әйел.

– Қай мамандар?

– Оны да бір комиссия шешер!

Комиссия құру туралы ұсыныс қызу қолдау тауыпты. Бірақ комиссияға кім кіретініне келгенде, жұрттың табиғатқа деген жанашырлығы бір сәтке ұмытылып, әркім өзінің жақынын ұсына бастапты.

Егіншілік мәселесі осылайша табиғатты қорғау жөніндегі алғашқы баяндаманың ішінде көміліп қалыпты.

Келесі кезекте ауылдың ең еңбекқор азаматы сөз алыпты.

– Ендеше, асыл тұқымды мал сатып алайық. Сүт, ет өндіріп, артығын сатайық. Шағын өңдеу орнын ашсақ, ауылда жұмыс орындары пайда болады. Жастарымыз сыртқа кетпейді, - депті.

Бұл жолы ер азаматтар жағы дүр ете қалыпты.

– Мал бағатын кім? Қора салатын кім? Сүт таситын кім? Таңнан кешке дейін біреудің сиырына қарап жүреміз бе? Ақшаның қызығын көрмей жатып, өзімізді жұмысқа жегіп қоямыз ба?!

Біреуі тіпті:

– Мал сатып алсақ, жем-шөп керек. Жем-шөп алсақ, жер керек. Жер керек болса, тағы да жұмыс керек. Мына ұсыныстың аяғы жұмысқа тіреліп тұр ғой! - депті.

Бұл сөз көпшіліктің көңілінен шығыпты. Ел басшысы жұрттың қабағына қарап отырғанда бұл сәтті өзінің беделін көтеруге пайдаланбақшы бір жылпос ақыры:

– Жарайды. Онда ақшаны тең бөліп берейік пе? - деп сұрапты.

Осы сөзді күткендей, жұрттың үні бірден көтеріліпті.

– Міне, демократия деген осы!

– Әділдік деген осы!

– Ортақ байлық ортақ игілік болуы керек!

– Ешкім ешкімнен артық болмауы керек!

Соңғы сөзді айтқан кісі ауылда өзінен артық ешкім болмағанын қалайтын адам екен.

Бәрі тең болуға келісіпті. Бірақ біреудің үлесі артық болып кетсе, оны қалай тексеретіні жөнінде де ұзақ талқылау болыпты. Ақыры ақшаны тең бөлуге келіскенімен, оны ел игілігіне айналдыруға келгенде, бұрынғыдай ортақ пікірге келе алмапты.

Ел басшысы түн ұйқысынан айырылыпты. Ақшаны таратып жіберсе, базардағы баға көтеріліп, жұрттың қолындағы ақша тауарға айналып үлгермей құнсыздануы мүмкін. Кейбірі қарызын жабады, кейбірі дүние алады, кейбірі бірнеше күнде-ақ тауысуы мүмкін. Ал ақша біткен соң, бәрі бұрынғы қалпына оралады. Тек бұрынғы кедейлікке қоса, босап қалған қалта мен өкініш қосылады.

Басшы ақыры елдің ең көп жасаған ақсақалына барыпты.

Шал елдің ескі тарихымен ғана мақтанатыны болмаса, көзі ашық көкірегі ояу, жан емес болса керек. Әсіресе, қай кезде кімнің көңілін табу керектігін, қай сөзді қай жерде айту керектігін, қай істі кейінге қалдырса, бүгінге тыныштық болатынын жетік меңгеріпті.

Басшы мән-жайды түгел баяндапты.

Ақсақал біраз ойланып отырып:

– Егін ексек, өнімін бірнеше ай күтеміз. Мал өсірсек, күтімін күн сайын жасаймыз. Кәсіп ашсақ, есебін сұрайды. Одан да жаздай ананың, мынаның пәленбай жылы деп той жасайық. Ал той жасасақ, пайдасын сол күні көреміз. Оның үстіне тойға бәрі қатысады. Әркім өзіне тиесілі қуанышын алады. Ешкімнен еңбек сұралмайды, ешкімге есеп берілмейді. Қаражат жұмсалады, жұрт риза болады. Бұдан артық тиімді шешім бар ма?

Басшы біраз үнсіз қалыпты да:

– Бірақ той біткен соң ше? - деп сұрапты.

Ақсақал жымиыпты.

– Тойдың біткенімен, оның даңқы бітпейді. Ертең де айтып жүреміз.

Басшының жүзі жадырап сала беріпті. Кеңес осылай аяқталыпты.

Көп ұзамай елде бұрын-соңды болмаған ұлан-асыр той басталыпты. Тойдың атауы ұзақ, бағдарламасы бай, ұраны асқақ болыпты. Алғашқы күні ел бірлігі дәріптеліпті, екінші күні бабалар ерлігі еске алыныпты, үшінші күні болашақ ұрпаққа арналған ізгі тілектер айтылып ата-бабаларына ескерткіш орнатыпты. Төртінші күні қазынаның арқасында елдің қандай жетістікке жеткені жөнінде баяндама жасалыпты.

Баяндамада қазына табылғаны – тарихи жетістік, оны сатқанымыз – экономикалық шешім, ал той ұйымдастырғанымыз – халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған кешенді бағдарлама деп көрсетіліпті.

Баяндама соңында жұрт ұзақ қол соғыпты. Тойды ұйымдастырушыларға алғыс жарияланып, алғыс жариялағандарға алғыс айтылыпты. Тойға жауапты адамдардың жұмысы жоғары бағаланып, жұмысты жоғары бағалағандардың еңбегі ескеріліпті.

Бір сөзбен айтқанда, бәрі бір-біріне риза болыпты.

Тек қазынаның ақшасын есептейтін адам ғана күн сайын жүдеп бара жатыпты.

Ол бір күні басшыға кіріп:

– Мырза, ақшаның жартысы таусылды. Егін де егілген жоқ, мал да алынған жоқ. Тойға жұмсалған қаражаттың есебін сұрап жатқандар бар, - депті.

Басшы қабағын түйіп:

– Қандай есеп? Халықтың бәрі көріп отыр ғой! Той өтті ме? Өтті. Халық қуанды ма? Қуанды. Сауда жасалды ма? Жасалды. Ақша ел ішінде айналды ма? Айналды. Ендеше, қаражаттың халыққа қызмет еткеніне күмән келтіруге бола ма? - депті.

Есепші үндемей қалыпты.

Өйткені есептің де шегі бар екен. Әсіресе, жауаптың алдын ала дайындалған жерінде.

Жаз өтіпті. Той аяқталыпты. Бәйге аттары қорасына қайтыпты, палуандар белбеуін шешіпті, әншілер басқа ауылға жол тартыпты. Шеттен келген саудагерлер пайдасын санап, келген жолымен кері қайтыпты.

Ал ауылда қазынадан қалған ақша таусылыпты.

Егін егілмеген. Мал алынбаған. Кәсіп ашылмаған. Жастардың шетелге кетуі тоқтамаған. Жұмыссыздық азаймаған.

Бірақ елдің қолында мақтанатын естелік тойдың суреттері мен бейнебаяндары қалыпты.

Бір күні жұрт тағы да жиналыпты.

– Енді не істейміз? - деп сұрапты біреу.

– Қалай не істейміз? Енді жұмыс істеу керек, - депті әлгі білімді азамат.

Жұрт оған таңырқай қарапты.

– Қандай жұмыс?

– Егін егу керек. Мал өсіру керек. Кәсіп ашу керек.

– Оны неге бұрын айтпадың?

Білімді азаматтың тілі байланып қалыпты.

Ол айтқан сөзін есіне түсіріпті. Егін егу туралы да айтқан. Мал өсіру туралы да айтқан. Болашақты ойлау керектігін де түсіндірген. Бірақ елдің есінде оның сөзі емес, сол сөзге қарсы айтылған сылтаулар қалыпты.

Сол кезде біреу ортаға шығып:

– Қазына тағы табылса, бұл жолы басқаша пайдаланармыз! - депті.

Жұрттың көңілі қайта көтеріліпті.

– Дұрыс!

– Келесі жолы қателеспейміз!

– Ең бастысы, мүмкіндік болса болды!

Сол күні елдің ең беделді адамдары келесі қазынаны қалай қарсы алу керектігін талқылапты. Бірі арнайы комиссия құруды ұсынса, бірі мерекелік бағдарламаны алдын ала әзірлеуді жөн көріпті. Тағы бірі қазына табылған жерге ескерткіш орнату керектігін айтыпты.

Ешкім қазына табылмай қалса не істейтіндерін сұрамапты.

Сұраған адам да болмапты.

Себебі ол сұрақтың жауабы көпшіліктің көңіліне жақпайтын еді.

Арада жылдар өтіпті. Ел баяғы жұпыны қалпында қалыпты. Тек бір өзгеріс болыпты: бұрын олардың ата-бабалары батыр болғанын айтатын еді, енді бір кезде қазына тапқандарын да мақтан ететін болыпты.

Жас ұрпаққа сол қазынаның тарихын үйретіпті. «Біздің елге бір заманда мол байлық бұйырған. Бабаларымыздың рухы қолдап, елдің несібесі артқан. Халқымыз сол байлықтың қызығын бірге көрген», - деп жазыпты оқулыққа.

Ал байлықтың неге елді байытпағаны туралы тарау енгізілмепті. Оған орын жетпеген көрінеді.

Бір күні сырттан келген жолаушы осы әңгімені естіп, ауылдың шетіндегі бір қарттан сұрапты:

– Сонда сіздер қазына тапқанда неге байып кетпедіңіздер?

Қарт ойланып отырып:

– Біз қазынаны таптық. Бірақ оны қалай пайдалануды үйренбеппіз, - депті.

– Ал енді үйрендіңіздер ме?

Қарт ауылға көз тастапты.

Сосын баяу ғана:

– Жоқ. Бірақ енді бізде қазынаның қандай болғанын айтып беретін тәжірибелі адамдар көп, - депті.

Жолаушы біраз үнсіз қалыпты.

Содан кейін:

– Ал келесі жолы қазына тапсаңыздар ше? - деп сұрапты.

Қарттың жүзіне қуаныш ұялапты.

– Онда бұл жолы тойды бұдан да жақсы өткіземіз!

Жолаушы басын шайқап, үнсіз кетіпті.

Оның бұл елге енді қайтып соқпағаны айтылады. Ал ауылда әлі күнге дейін бір үміт бар екен: жердің астында тағы бір қазына жатқан шығар-мыс. Өйткені жерді қазу қиын емес екен. Қиыны – өз бойыңнан өзгеріске деген ерік-жігер табу екен.

Елдің ең үлкен қасіреті – қазынасының таусылғаны емес, қазына таусылған соң да одан сабақ алмағаны екен.

Ал ең қызығы – мұны түсінгендер аз болғанымен, түсінгенін айтып беретіндер өте көп болыпты.

Тілек Қайырдынұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan