Қасиет пен өсиет

«Қасиет пен өсиет» әңгімесі — адам болмысы мен отбасылық құндылықтардың, таңдау мен жауапкершіліктің аражігін ашып көрсететін терең психологиялық шығарма. Ондағы қуаң дала мен аптап ыстық кейіпкердің ішкі күйзелісімен, рухани шөліркеуімен үндесетіндей…. Түс пен өңнің, арман мен ащы шындықтың тоғысында өрбитін әңгіме әр адамға: «Өз болмысыңды, қасиетіңді сақтай алдың ба?» деген сауал тастайды. 

42

Қасиет пен өсиет - adebiportal.kz
фото: ЖИ

Жырым-жырымы шығып, қаңсыған тулақтай қақ жарылып жатқан жер бедері «су, су...» деп, өлім аузындағы үзілгелі тұрған қариядай үнсіз күбірлейді. Жыл бойы жаңбыр жаумай, тамшы тамбағандықтан, айналадағы тіршілік атаулының бәрі жан-жаққа босып, бытырап кеткен тәрізді. Шақырайған күннің көзі де мейірімсіз өгей ананың өктем әлпетіндей төбеңнен төніп, күйдіріп барады. Қанат кеше түнімен ұзақ жол жүріп, шаршаңқырап қалғандықтан, бүгін осында, иен таудың баурайында тыныстап алғанды жөн деп санады. Сөйтті де, астындағы мініс көлігінің айылын босатып, күміспен қапталған ағаш ерді жерге түсірді. Ақ көбіктенген көкқасқаның аузына қоржынынан бірер тілім жас қозының құйрық майын алып асатып жіберіп, артынан іле-шала алақанындағысын бір өзі қылғыта салды.Жан шақырып, тыныстап алғаннан соң ғана ол бәз-баяғысындай томаға-тұйық қалыпқа түсті.

«Неге? — дейді іштей. — Неге, Тәңір-тағаланың рақымы түсіп, жаңбыр жаумайды? Неге, ел-жұрт болып Аюсай аспанына тасаттық беріп, тілеу тілесек те, көк аспаннан бір түйір болсын тамшы тамбайды? Неге, неге?» — деп ой орманына үңілген сайын ұсқыны қаша бастады.

Қанша ойланса да, байыбына жетіп, жан дүниесі тыныштық таппады. Тіпті ел-жұрттың арасынан суырылып шығып, халыққа ауызсу тауып беремін дегенде де, айналасындағылардың біразы бұл шіркінді келеке етіп, мазаққа айналдырды.

«Сен бе, мына дүйім елді дүрліктіріп жүрген? Ха-ха-ха! Бейшара-ау, алдымен өз бала-шағаңның жайын ойламайсың ба? Жасаған жақсылығың бір өзіңнен артылмай тұрып, айналаңдағы жұртқа ауызсу тауып беремін дегенің қай сасқаның?» — деп қарқылдап кеп күлді.

Күлгенде де, езулері-езулеріне тимей, өте өрескел, ерапайсыз қылық жасады. Қанаттың шымбайына батып, жанын шыжғырып бара жатса да,  аса салқынқандылықпен «Сендер-ақ солай оттай беріңдер» дегендей, жел сөзді елеусіз өткере салды.

Бұрыннан бөгежектігі жоқ, байсалдылау, ұқыпты азамат болғандықтан, әркімге бір ауыз ауыртып, сөз шығындап отырғанды ежелден қыртысы сүймейтін еді. Сол жолы да байырғы сабырлы қалпынан бір танбады.

Асқазанына ел қонып, айнала алакөлеңке шаққа таяған уақытта Қанат ер-тоқымды астына жайып, ағаш ерді басына жастанды. Мөлдіреген көк аспаннан ыстық күннің жылымшы лебі толық айыға қойған жоқ болатын. Анда-санда үп ете қалған самал желдің дәрменсіздігі тіршілік атаулының күре тамырына қан жүгірткісі келгендей, баяу ғана күш қылады. Болар-болмас тербеліс жасап, қурап қалған шөп қиқымдарының өзі түбектеп әзер қозғалады. Осыншама үзіліп бара жатқан өмір тынысынан оқшауланғысы келгендей, иектен еңкейіп, іздиіп, батып бара жатқан күннің көзі де қараңғылыққа сіңіп, ғайып болғалы қашан! Міне, түн жарымынан ауып барады, әліге дейін салқын ауаның сәруәр лебі білінген жоқ. Тек қана тымырсық түннің тыныштықты бұзған тілсіз тентектігі демесеңіз, бәрі де баяғысындағыдай ғана...

— Қанат, әй, Қанат деймін, тұрсаңшы енді! Кешігетін болдың ғой. Қызды тездетіп балабақшаға апару керек, Қанат! — деп қатты айғай салғанда барып, Қаракөз оны қара басқан ұйқысынан қарғытып тұрғызды.

Қанат тұра сала қара терге малшынған маңдайындағы ащы суды бас жағындағы құрғақ орамалымен жалма-жан сүртіп жатып, кеудесін кере ауыр күрсінді.

«Құдайға шүкір! — деді ол. — Құдайға шүкір! Түсім екен ғой...» — деп айналасына абыржыған кісідей жалтақ-жалтақ қарап алды да, жылы орнына қайтадан қисая кетті. Шалқасынан жатқан беті шым-шытырық тұманды ойдан арыла алмай, еріксіз басын шұлғыды.

«Апыр-ай, не болар екен?..» - деді ішінен. «Не балаға сөзім өтпесе, не басқаға сөзім өтпесе, менің сонда кім болғаным?» — деп өзін-өзі жегідей жеп барады.

Күні кеше ғана орыс мектебіне оқуға берген үлкен ұлы Тұрардың бүгінгі бет-бейнесін ойласа болды, жылағысы келеді. Әу баста осы баланы қазақ мектебіне берейік деп зар қақсағанда, Қаракөз оған көне қойған жоқ еді. Ал  не болды? Тұңғыштары бәдәуи біреуге ұқсап шыға келді. Не айтқанға көнбейді, не ақылға келмейді. Әйтеуір, кісі түсініп болмайтын робот сияқты. Енді келіп мына жалғыз қызын да жалпы беттік орыс оқуына бергелі отыр. Сонда оның не ойлағаны бар? Еш түсініксіз.

Жатқан орнынан жиналып, енді қозғала бергенде ғана, арғы бөлмеден ашуға булығып Қаракөз шыға келді. Бет-аузын қан жауып кеткен кісідей, екі көзі қанталап кетіпті.

— Божы мой! Сен әлі осындамысың? Жаңағыдан бері не деп отырмын саған? Кешігетін болдың ғой, тездетсеңші! — деп, терісіне сыймай, тістене тыжырынып, даусын көтере сөйледі.

— Осы сен-ақ сөйтіп жүреді екенсің... Қашан елдің еркегі секілді ерте тұрып үйренесің? Тапқан ақшаңның не тайыны жоқ, неменеңе жетісіп жатасың сен? Қит етсе болды, балаларды орыс мектебіне бекер бердің, тіліме көнбейсің деп байбалам саласың. Қазақша мектепті бітірген мына сен бізді жетістіріп жүрмісің? Болды, осы қырсыққаның да жетеді. Жылдамдатып қызды балабақшасына апар да, сосын тездетіп үйге орал. Жұмыс бар! — деп асыға оған бұйрық берді де, зәулім екі қабатты үйдің темір есігін сарт еткізіп жапқан күйі ол сыртқа шығып кетті.

Малынып киінген түр-тұлғасынан қызметке баратын адамның сиқы білінбейді. Керісінше, әлдебір лауазымды азаматтармен жүздесетін кісідей жұтынып тұр. Қанат терезеден түйіле қарап, түйнеле отырған беті өз-өзін тежей алмай, жылап жіберді.

Анығында, ол айтқанынан қайтпайтын алғанының ақылсыздығына жылаған жоқ. Көзі тірісінде әке-шешесінің ақ батасын алмағанына жылады. Бәрі де сол өзінің ақымақтығынан. Осы қызға үйленемін деп қасарыспағанда, мұндай күйге ұшырамайтын еді. Ақыр аяғы не соқты? Сырты жылтырауық, іші қалтырауық бөтен біреуге айналып шыға келді. 

Кішкентай ғана тар көшеден өте беріп, қыз-қыз қайнаған үлкен мейрамхананың алдындағы тас жолға іліне бергенде, Қанат әлдебір бейтаныс еркекпен оңаша отырған Қаракөзді көрді. Екеуі ауаша әңгімелесіп отырғанымен, іс жүзінде өте өрескел, ерсі қылықтарымен көзге түскен еді. Бірін-бірі сиқырлап қойғандай жабыса қалыпты. Тура өліп-өшіп көріскен жандардай-ақ, ішек-бауырлары езіліп барады.

Қанат тісін тісіне қайрап, ызаланған беті әй-шәйға қарамай әлгілердің қасына жетіп барды. Жетіп барды да, Қаракөзді қан құстырардай келсаптай шапалақпен салып-салып кеп жіберді. Не істерін білмей абдырап қалған қасындағысы өз басын ала қашуға ұмтыла беріп еді, оны да шап беріп ұстаған беті аузы-мұрнын аймаңдай етіп, қан жоса қылды.

— Сен, сен... бұл не қылғаның? — деп қара қатын оған қарсы ұмтылып еді.

— Бұл сенің менімен некеленгеннен бері қарай маған көрсеткен қорлығыңның қарымтасы, — деп Қанат оған қаһарлана қарады.

— Қарымтасы... ха-ха-ха! Қай қарымтаны айтасың? Сен қарымта қайтарарлық халге жетіп пе ең өзі? Қарымта дейді ғой сорлы! — деп аузына келгенін ақтара салды.

Едәуір ішімдікке қызып алған екен, не айтып, не қойғанын өзі де білген жоқ. Көмейіне келгенін көпіре берді.

— Білесің бе? — деді содан соң ол безірейген беті.

— Сенің «қызым, қызым» деп жүрген Айнамкөзді мен мына кісіден тапқам, — деп қасында отырған жуан қара дәуді нұсқаған күйі татымсыз әңгімені ортаға тастай салды.

Қанат осы тұста не істерін білмей, ашуланғаннан жарылып кете жаздады. Қайғы аралас тұншыққан тұла бойын тежей алмай, тысқа шықты да, у-шуы көп, берекесіз үлкен көшенің бойымен алысқа ұзады. Кетіп бара жатып, кеңірсегі ашыды. Өткен-кеткені ойға оралып, жан дүниесі әбден азапқа түсті. «Ұл болсаң, шоқ бол, шоқ болмасаң, жоқ бол!» деп көзі тірісінде әкесі марқұмның үнемі айтып отыратын әлгі әңгімесін еріксіз есіне алды. «Әулие екен ғой, жарықтық!» — деп ауыр күрсінді ол.

«Осы қызға некеленемін» деп нілдей бұзылмағанда, бұл күннің де қасіретті қамытын кимейтін едім», — деп қынжыла күбірледі.

Алда — күрмеуі қиын ұзақ жол, артта — аяусыз күннің ащы табы қалды.

                                                                                  Жақсылық Мұратбек,

                                                                                   жазушы.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan